СОЛ БІР СӘРУАР СӘТТІҢ СӘУЛЕСІ ЖҮРЕГІМДЕ ҰЙЫП…
25.01.2021
1341
0

   Светқали НҰРЖАН

 

ЕСКІ КҮННІҢ ЕСТЕЛІГІ.

ЕР МӘДІНІ КҮТУ

Баллада

Ерте көктем-тін…

Жырақта қалған ескі жұрт,

Екі-үш әулет боп отырмыз қырда қос тігіп.

Сүр исі шығып «Ұзынсарыға» сақтаған,

Қиса мен ертек айтады Мамам кешкілік.

 

Ақ мамам айтқан кетемін шүміп дастанға,

Танауым – жылт-жылт,

жанарым – мөлт-мөлт…

Жас бар ма?

Әкеміз келген «орталықтан» оңбай таяқ жеп,

Жұт жұтқан малды «төлетем» депті Басқарма!

 

Жұтпен алысқан батырға депті: «Отқа атам!

Төлетіп алып, содан соң айдап соттатам!..»

Қызылкөзденіп жайнайды шоғы ошақтың,

Желі жақтағы қайрайды тісін қатпа атан.

 

Өлімші жарық төккенде майшам шишадан,

Жалғыз көз дию шығып кеткендей қисадан,

Бес жасар бала ем – басқармаға жатам жыным кеп,

Бір хабар күтіп Ер Мәді менен Исадан…

 

«Мазұлымдардың хақысын солар әперед!..»

Ақ мамам айтқан бір сөзде, сірә, қате жоқ…

Етегіне салған немересі оның болғанмен,

Ергізде біздің ертекке сенер әке жоқ…

 

Және жоқ бойда басқармаға қылар күш-қайрат,

Қатпа атан құсап отырады үнсіз тіс қайрап.

Ерте көктемнің шегеді желі тыста айбат,

Қара ошақтағы қара қазандай іш қайнап…

 

Іргелік жаққа сүйкейді тұмсық жел өкпек,

Қосты көтеріп әкететіндей кенет кеп.

Жадағайына тығылып алып Мамамның,

Сұраймын тынбай: «Ер Мәді қашан келед?» – деп.

 

«Күнәні жойып, тәрік қып көптің күмәнін,

Бәлен мың күнде шығады ол, шыда, шырағым…»

Мамамның үні талмаурап барып үзілді,

Кетіппін ұйықтап – сәулесіне ұйып шыраның…

 

Кетіппін ұйықтап, көрпемді қымтап Ақ мамам,

Ұйықтаған бойда қиса-әлемге өтем жаттаған…

Ер Мәдіге еріп алысып жүрем түсімде –

Жалғыз көз Тажал, қара қытай кеп қаптаған!..

 

Мен сол түннен бері қалыппын ұйықтап бәлен жыл,

Қосым да қирап… есімді жинап әрең бір.

Мамам жоқ қаста, панам жоқ баста… керең қыр…

Қалған тек жадта: қиса мен дастан, өлең-жыр.

 

Қара дауыл кеп қосымның жұлған қазығын,

Жұқанасын жалап жұтып қойыпты тазы-құм.

Хаққа да сенбес, таққа да сенбес боп алған

Жылаған өңшең, сұлаған өңшең мазұлым.

 

Долы дауыл боп соғады көктем желі де,

Атасыз жұрт көп: инси шайтан ба, пері ме?..

Тажал тұр таптап, қытай жүр қаптап!

О, сұмдық,

Көрген түстерім кетіпті айналып – өңіме!

 

Қамсаусыз басым, жарытам кімге пана боп?!

Үш бұты сынған ошақта әлсіз жанады от.

Түсте көргенім өріп жүр бәрі өңімде,

Ер Мәді менен Иса ғәлейһиссалам ғана жоқ!

 

Жүрегім менің, ошақтағы оттан ұшқын ал,

Шақыршы көктен хабаршы қылып құсты бар!

Мен осы, бәлкім, әлі ұйықтап жатқан шығармын,

Шынында, мынау көргенімнің бәрі түс шығар?..

 

Айдай алтынды сыйлаймын маған нанғанға,

Оянайыншы!

Өлі ұйқы, сірә, қанған ба?!

…Айдың астында шыңғырып тұрмын аспанға:

«Оятар мені кім бар екен, – деп, – Жалғанда?..»

 

    ӨМІР ОЗҒАН

Кіремін мен де бір күні қара жер атты сарайға,

Құтылар кім бар бұл күннен?!

Мен өлгенде: «Өмірден озды» демеші, жарай ма?

Өмірден озар кіммін мен?!

 

Аузымен құс сүйкеген тұлпар болсаң да,

Топшымен тасты үйкеген сұңқар болсаң да,

Жүрегің толы аңсар мен іңкәр болсаң да,

Таусылып тірлік сүргіні,

Өмір озады бір күні.

Кәусар мен зәмзам суынан татып-қансаң да,

Құздың басында құж болып қатып қалсаң да,

Айдың артына тығылып жатып қалсаң да,

Қарсы аларың хақ сынды ұлы! –

Жалғанның осы – шындығы…

 

Озады өмір, тозады темір, қозады көмір пешінде,

Жағада күтер қап-қара қайық – тұл табыт.

Мәреден өтіп, сөреге жетіп, тозағы өмір көшінде,

Жатарың анық топырағыңды қымтанып.

 

Ғажап бағымен, азат таңымен, азаптарымен – теңі мың,

Сүрдім мен ғұмыр серуендеп.

Жанжалдарымен, армандарымен, ормандарымен өмірім

Тұсымнан өтер керуен боп.

 

Кемді күн ойнап-күлгенмен,

Шығары хақ қой кірген дем.

Озалда сонау, өлімнің иісі шықпай тұрғанда мүрдемнен,

Осы бәйгіде Өмір озарын білгем мен!

 

Келер қара күн – тәнімді мола жасырып,

Айтайын тағы, бауырым, сөзді келесі:

Алдияр-Өмір алдында болар асылық,

Мен өлгенде: «Өмірден озды» демеші…

 

КӨНЕ АСТАНА ҚОРЫМЫНДА

Мына шаһар – қай шаһар? –

Жұлдыз-шаһар, Ай-шаһар:

Озған пайғамбар мен Мәді қаған

Көтерген жерден шаһар бұл,

Ісірібін* – нұрмен, қабырғасын гүлмен

өрген шаһар бұл,

Мұнзықұлы Еділді көрген шаһар-дүр,

Тоныкөк пен Күлтегін шатырын керген шаһар-дүр,

Есігінен Хан Шыңғыс еңкейіп енген шаһар-дүр,

Төрінен Берке мен Бату,

Өзбек пен Темір өрген шаһар-дүр,

Едіге мен Тоқтамыс келген шаһар-дүр…

Күмбезіне қонып сөнбейтін нұрлар,

Ай көзінен төгіп өлмейтін жырлар,

Әйнегінен еніп сембейтін сырлар,

Ерлер мен пірлер уыз ұйытқан түнінде…

Адыра қалып бүгінде –

Өлген шаһар бұл…

Мынау шаһар – қай шаһар? –

Кенересінен қазаны тулап,

Мұнарасынан азаны дулап,

Шілханасынан саз-әні «Һу-лап» –

Ауаға жұпар таратпап па еді Һай-сахар?!

——————

Ісіріп* – іргетас.

Іңкәрін төгіп – көктемде қанат жайса тал,

Жұпарын сеуіп – жауғанда қыста майса қар,

Қадыр түні жұлдыздар бүрлеп гүл боп көгінен,

Мұхаммед (сғс) үмбеттерінен

Сұрайтын тылсым үн боп сәріден –

Ибраһим, Жақып, Жүсіп пен Мұса, Ғайса хәл…

 

Әзірет Сұлтан, Хакім-Ата мен Құл-Шәріп

Оятатын жұртты сахарда құс боп үн салып.

Жырақта жүріп қанасы аязданғандар,

Шұратқа кіріп санасы саязданғандар

Шаһардың көркін баһарда көріп,

Жеті ғаршының жемісін сахарда теріп,

Жеті ғашықтың іңкәрін жаһанға төгіп,

Самарқанның көк тасы құсап,

Шах-Зинда Шахи Диннің қақпасы құсап,

Шомылып ересен нұрға мұншалық,

Кетуші ед осы шаһарға келіп –

Сүйегі бекіп,

жүрегі мүлде жұмсарып…

 

Жеті басты,

Қос мүйізді,

Жалғыз көзді жалмауыз

Қапияда салды ауыз!

Баһармен бірге,

Сахармен бірге,

Шаһармен бірге

Кетті сонда шілпара болып шағылып,

Күлпара болып жарылып –

Жүрек атты қан-қауыз!

Тізілген моншақ –

үзілген сол сәт ағылып,

Гүрс етті шаһар қап-қара көкке шаң ұрып –

Ұл бауыздалды,

Қыз қабыздалды,

Ер – мауыз…

Содан бері жел ұлып орынында,

бөрі ұлып қорымында тұл шаһардың,

тамсантқан баршаны

көшті бар сәні

«Үшінші Римге» бұл шаһардың…

Өлді аңыз…

Қаланы,

моланы

Талады,

тонады –

Ұрғыны – мол,

Ындыны – көр жауыз!

Кешегі арулар гүл сепкен,

Бүгінде күл шөккен

Сөнді үміттің көзіндей бар һәуіз…

 

Жақпайын бояуды бар,

Сен білемісің, аяулы жар,

Әфсана бұл желменен жеткен қиырдан:

Шығарған шақта көктеме ырғын гүлін,

Бұл шаһарда мың жыл бұрын

Екеуміздің некеміз қиылған…

Әзірет Сұлтан құтпасын оқып,

Біз сонда мәңгілікке жұптасып едік –

Тойымызға күллі мәләиктер

һәм ерендер түгел жиылған!

 

Сол бір сәруар сәттің сәулесі жүрегімде ұйып,

Келем қорым-шаһардың археологтар қазған көшесінде…

Көктеме жатыр, міне, гүл жиып…

Өлген кейін атыстан,

Сонда біздің тойымызға қатысқан

Мәйіттер қабырғадан күледі ыржиып –

Ішілмей қалған нұр-шарап кесесінде…

 

Солай, аяулы жар,

Өлген жоқ, ояу бұлар! –

Соны айтып сәуір самалы баяу жылар…

Қоштайды бас изеп майса көк:

«Тамырым бұтағын –

Сидратул-Мүнтаһаға дейін жайса» деп!

Шыным бар айтатын әлі:

Бұл шаһар ұзамай орынынан қайта тұрады,

Тізілген ілкіде өткенін,

Үзілген хикметтерін айта тұрады! –

Жұпарын жұлдыздар бүркіп, әтірін Ай себед…

Біздің тойымызды жалғастырады,

Төріңде малдас құрады –

Ер Мәді, Шахи Дин, Ғайса кеп!

 

Солай, аяулы жар,

Түн түсіп,

торлап келеді жаяу мұнар,

Көкжылтым сәуле жұлдыздан жүрекке таяу құлар…

Судағы алтын балыққа Ай ау құрар –

Бәрі аян – тың-тыңда:

Шыра жағып періштелер,

Пәруаналар оқыған жыр тыңда –

Жазылған ол жырлар шайыр бейітінің құлпында…

Аяулы жар, сен неден келесің қорқып? –

Мен сенің Елесіңді ертіп,

Жүрем кіл өлі шаһардың жұртында:

Жүректе – нұр-тұнба,

Тірі хикметтер бар – ұртымда…

 

   САРЫАЙШЫҚ. МАРАЛТАЙ

 Ей, Маралтай, есіңе алшы, бауырым,

Сол баяғы Алтын Орда дәуірін.

 

О, ол шақта Сарыайшық-тын Астана! –

Шекесінде Қос Айы бар қос бала

 

Жайық жақтан көтеріле жылы ауа,

Көшелерді кезуші ек қой түн ауа.

 

Екі бала, екеуі де бұйра бас,

Екеуі де әнге, жырға, күйге мас.

 

Күбір-күбір тіл қатса аспан көктеңбіл,

Көк күмбездің сары айшығы төккен нұр.

 

Көзімізде тылсым ғаршы бүр жарып,

«Аққукөлге» жетуші ек-ау ұрланып.

 

Аққукөлде жүрген сынды жүзіп үр,

Келетін-ді Әз Жәнібектің қызы бір.

 

Күллі ғалам сөйлеп сонда құс-тілде,

Қыз жүзетін алтын қайық үстінде.

 

Қайық та алтын!

Жайық та алтын!

Қыз да алтын,

Алтын аққу берердей-тін бізге Антын!

 

Алтын жалын орап алып көл үстін,

«Қоңыр салқын шығар-ды үні бейістің».

 

Алтын жарқыл… –

қажеті не шырақ ап,

Тал ішінен тұрушы едік сығалап.

 

Жан лүпілін жақын жерден естірсің,

Хан қызына ғашық болған қос қыршын!

 

Қос пәруана жүрек қылып қанатын,

Жалғыз отқа лүпілдетіп қағатын…

 

Көз жанатын орап алып қызды отқа,

Қыз жүзеді –

шаруасы жоқ біз жақта…

 

Ол сезімді ұмытуға еш хақым жоқ,

Содан бері кетіп ек біз ақын боп.

 

Сарыайшықты тауысқанша Жайық жеп,

Біздер содан үлгергенбіз шайыр боп.

 

Көп ұзамай қыз да кетті ғайыпқа,

Қайық та жоқ – қалды алтын Ай Жайықта.

 

Алтын қайық, Алтын Орда отын боп,

Жаңқалары жан-жаққа ұшты қоқым боп!

 

Ара-тұра елесі ұрад тек қана,

Жер әуірі шарпылғанда көкке ана…

 

Шәр көрінед – күмбездері көк тіреп,

«Алтынкүрек» жеткен шақта от күреп!..

 

Көл көрінед – шекер төккен, бал төккен,

Кездерде бір Ай сәулесі жалт еткен!..

 

Алтын қайық мінген қыздың Елесін,

Сәуірлі түн жарқылдаса, – көресің!

 

Сілкінеді кейде қорым күл басқан,

Сәтте ғана Шолпан мен Ай ымдасқан.

 

Сырды әшкертіп – жыртылар-ды көк перде,

Көктен күзде аққу сыңсып өткенде…

 

Біздік Сырды тек аққулар білген ед,

Ұшты олар да гүл-жүрегін күл бөлеп.

 

Екі шайыр есеңгіреп жүрген ед,

Өлі қала

мүрдесіне түрме боп.

 

Сарыайшықта көмілмеген мүрде көп,

Сол мүрделер арасынан Сүлде боп

 

Ай туғанда көтерілер Екі Елес –

Алтын қайық мінген қызбен некелес.

 

Өлі шаһар…

айналасы дөйдала,

Ақ Жайықта жүзер жалғыз Ай ғана.

 

Өлі Астана…

жыр оқиды Қос Сүлде,

Үні, жыры естілмейді ешкімге.

 

Жыры естілед – соғарда тек от-боран,

Алтын қайық, Ақ Шаһарын жоқтаған!

 

Ести қалсаң, –

нарлар салып ауытын,

Өлі Шаһар киер қайта сауытын!

 

Ал қос шайыр қыздың алтын табытын

Арқалап ап,

түзер тағы бағытын!

 

О, сол шақта (болған сәті ол Бақтың кез!)

Көрінеді сары айшықты Ақ Күмбез!

 

Ай астында Ақ Күмбезді құлатпа,

Қос пәруана, ғашық – жалғыз шыраққа!

 

Уай, сол сәтте Ғаршыға ұшар ақынды ап –

Алтын қайық – алтын шырақ лапылдап!

 

Көк төрінде –

ұстап қолға шан-шараф,

Ханның қызы қос шайырды қарсы алад!..

 

  АЛПАМЫС, ҚАШАН КЕЛЕСІҢ?

 

                            Ұшырадық зорлыққа,

                            Көніп жүрміз қорлыққа,

                            Тілекті Алла бермеді…

                            Ұлтан құл деген бек болды,

                            Болғанына көп болды.

                            Халыққа қорлық көрсетіп,

                            Қазына-малды жеп болды…

                                               «Алпамыс батыр» жырынан.

 

Ер Алпамыс, мен өзіңді көп күттім,

Өтіп жатыр шығыр-ғұмыр, ығыр таң.

Елең етер Ғаршы астында жоқ, тіпті, үн,

Бәз-баяғы тағында отыр Құл Ұлтан.

 

Құлтай-атаң тайлақ қуад «арай-лап»,

Байбөрі-әкең қой соңында «кіш-кіштеп».

«Құл Ұлтанға қонды сонша қалай бақ,

Осынша жыл ауызымен құс тістеп?..»

 

Осы сауал алжастырған есімді,

Санатқа еніп Бадамша атты сақау қар.

Төрге оздырған кесір менен не сұмды,

Өлі-тірі табиғатта ақау бар.

 

Шыңғырамын «Рағайып» түнінде:

«Ай астында қайғымды ұғар кім барсың?!.»

Ол да мені естімейді бүгінде,

Құл Ұлтанға тоқал болған Гүлбаршын…

 

Күллі қазынам құрсағында қиқым боп,

Қысқа күнде қырық құбылып құл анты,

Мен келемін көш көтінде итіңдеп,

Дүр-дарияда жүзіп ылғи бұралқы.

 

Ер Алпамыс, күттім хабар сенен көп,

Күлбеттеніп секпіл жүзді Ай шығар.

Ымырт түссе, отырамын елеңдеп,

Қыр астынан кісінердей Байшұбар.

 

Қап-қара бұлт аппақ Айдың жөргегі,

Бөбекке көп қарай берем өбектеп.

…Ей, көне жыр, неге алдайсың сен мені:

«Көкең келіп кегіңді алып беред!..» – деп?..

 

…Жұлдыз біткен оянуда бір-бірлеп,

Тым жырақтан үн жетеді тым жұмбақ:

Алпамыстың сауытындай күлдірлеп,

Жәдігердің кісеніндей сыңғырлап…

 

АЙҒЫР НАРДЫҢ АЗАНЫ

 Берік жырау Жүсіповке

 

«Кетпеуші ем қай жиыннан бәйгімді алмай,

Су емес, құм-толқынды айдын қалды-ай…»

Боздайды нарбас жырау ымырт төне,

Қамалған тас-қамауға айғыр нардай.

 

Енесі – зылт аруана, атасы – үлек,

Айғыр нар шығады үні қапас іреп.

Көп жұлдыз жыпылықтап,

Ай туады

Көп асық ішінде алтын сақасы боп.

 

Айғыр нар тас-қамауда боздағалы,

Түнімен ұйықтатпайды боз даланы.

Жұлдыздар қозданады күлді ошақта,

Әруақтар Ай астында қозғалады.

 

Уа, мен ұмыта алман сол түнді әлі,

Қан-толқын жүректі ұрып солқылдады.

Жетектеп салқар көшін шалқар құмның,

Аралдың жетеді ақжал толқындары.

 

Атының алынбаған сулығы әлі,

Ол көште нояндар жүр дулығалы.

Жиенбай, Төремұрат дабыл ұрса,

Нұртуған, Нұрмағамбет булығады.

 

Бебеулеп Бегім-Ана – жалқы мазар,

Шегеді шер иектеп халқына зар.

Жалаңтөс, Жанғожа мен Ер Сыздыққа

Тапсынып «дат» айтады Балқы Базар.

 

Дүр-р-р етіп атып тұрсын жатқан керуен,

Жырыңды, нарбас жырау, ақтар бермен.

Қаңқылдап Құсжолында Жібек көші,

Сал Сегіз сырнайлатсын Мақпалкөлден.

 

Тірілген түп тамырын қозғағанда,

Япырмай, сыр көп екен боз даламда.

Теңселед жұлдыз-шамдал,

Нарбас жырау

Аһы ұрып Айға қарап боздағанда.

 

Үнінен нарбас жырау аспан көшіп,

Жүзесің толқын-толқын дастан кешіп.

Тіріліп сала берер сірі-дала,

Дүбірлі бәз дәуренін бастан кешіп.

 

Бәз дәурен қалай біздің бастан ауды?

Бір белгі білдірмей ме аспан аулы?

Айғыр нар жетер қашан келе бастап,

Тіземен талқан қылып тас-қамауды?..

 

Содан соң жұлдыз сөніп, таң атады,

Күнге кеп Ай алтынын жалатады.

Көзінен көш те қашып, сес те жасып,

Айғыр нар тас-қамауға баратады…

 

Сендегі қайғыменен менікі егіз,

Тағы бір түнді күтпей, не күтеміз?..

Бұтына долы құмның басын тығып,

Жатады сесі шықпай өлі теңіз…

 

Айналып құндағына айдын зардың,

Төгемін теңізге кеп қайғымды әр күн.

…Ай туса, тулайды-ай кеп қан-толқыным,

Қалардай даусы естіліп айғыр нардың…

 

                                      Қошқар-Ата – Көздіойық қонысы

                                      Маңғыстау уәлаяты.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір