Қаллеки театрында – «Қараш-қараш» драмасы
Негізін классик жазушы Мұхтар Әуезов салған ұлттық театр қоржыны 100 жылға тақау мерзімде талай іргелі дүниелермен толықты. Жазушы қауым драматургия жанрын ақсүйек жанр санайды. Бұл жанр екінің біріне алдыра қоймайтын биік асумен тең. Сондықтан драматургияда реминисценция жасау театр өнерінің өркендеп дамуы үшін ғибратты, рухани жаңғырудан тумақ.
Классикаға қайтқан құстай оралу, текті мирасқорлықтың игі нышанын 5-6 қазанда Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры айқын көрсетті. Республикаға еңбегі сіңген өнер иелері – театрдың директоры Болат Ұзақов пен көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтің таңдауы бұл драмаға тегін түспеген.
Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» атты повесінің негізінде белгілі жазушы Қалихан Ысқақ әлеуметтік драма жазды. Пьесаның қоюшы-режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков, қоюшы суретшісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Юлдаш Нұрматов.
Драма екі құраммен сахналанған. Жарасбай рөлінде Нүркен Өтеуілов пен Сырым Қашқабаев, Бақтығұл рөлінде Қуандық Қыстықбаев пен Ержан Нұрымбет ойнады. Шығармашылық әлеуеті зор жас актерлер өз рөлдерін кәсіби деңгейде алып шығуымен залдағы көрермен жүрегін баурап алғанын премьера өткен екі күнде көз көрді.
Қырғыз кинорежиссері Болотбек Шамшиев 1968 жылы түсірген «Қараш-қараш» фильміндегі Бақтығұл – қырғыз киносының үлкен актері Сүйменқұл Чокмаровтың бейнесі көкейде бекіп қалған болатын. С.Чокмаровтан соң бұл образды сахнада ойнап шығу кімге болмасын оңайға соқпайды, ендеше киноактер ретінде жалпақ елге танылған дарынды қос актер – Қ.Қыстықбаев пен Е.Нұрымбет рөлдегі табиғи қалыбымен кем соқпағаны білінді.
Бақтығұл оқымағаны болмаса, арлы, қайратты ер, оның қарақшы-киллерге әсте айналғысы жоқ. Кейіпкер образын сомдауда жан қиналысын бере алу шеберліктен бөлек, актер табиғатынан бөгде қайғыны қылдай бөлісуді қалайды. Әттең, заманы басқа болғанда ғой, Бақтығұл нағыз азаматтығынан жаңылмас ер.
Бұл драмада басты рөлді ойнағандармен қатар эпизодтық рөлді игерген актерлердің кәсіби шеберлігі шаң жұқтырмайды. Актерлік қабілет Тәңір сыйы, жан-тәнге, жүрек лүпіліне қонады. Қилы жазмышты жанын салып, дөп бейнелеуге құштарлық көне Эсхил бағзы театр әлемдегі екінші актерді, Софокл үшінші актерді сахнаға шығарған, Еврипид бұл екеуге үн қосқан тылсым сәттен бергіде даму сатысынан ұдайы өтіп келеді, тегі бір толастар емес. Бұл таңшапақ мерзім жер жүзінде таралған көп тайпа ірі аңның жамбас сүйегін келдек қару қылып, қару һәм қорғаныс үшін қолға ұстап жүрген жабайы кез болғаны ғой. Содан бері жер бетінде қанша су ақты.
Философ, мәдениет теоретигі Алексей Федорович Лосев трагедияның атасы Эсхил оқиғаны баяндайтын ұзақ сонар бітпес хорларды пайдаланғанын жазса, антикалық әдебиеттің ірі зерттеушісі Роберт Грейвс ұлы Гомер «Илиада» атты поэмасында формальды сөз орамдарын жиі қайталап, оқырманды шаршатып жіберетініне назар аударды. Сөз өнерінің алтын белгісі Абайша айналасы еп-тегіс, жұп-жұмыр келсе керек.
Бұл нені білдіреді? Драматургияда әр сөз қасқалдақтың қанындай қат, қыздың жүгіндей жинақы, адамзаттың иірімге толы құпия жан әлемін астарлы ашатын, әр мінез, әр әрекет қисынымен дегдар болуын талап етері айдан анық.
Қазақ драматургиясында бар мін – сөзді артық шығындау кейде білініп жатады. Кино мен театр өнері басы артық дүниеге көнбейді, себебі, жұртшылық алдында әр мезет өлшеулі. Қазақ менталитетіне етене тән мақал-мәтелге тым құштарлық стилист үлкен жазушы Қалихан Ысқақтың драмасында да білініп қалды. Кесек-кесек, түйдек-түйдек, мақал аралас қою сөздерді ел алдында еш мүдірмей, жаңылмай айтуға тиіс актерлердің биік өнері расында бас июге татиды. Мұны айту, меніңше, драманың қасиетін кеміту емес.
Қалихан Ысқақтың суреткерлік табысы өте өзекті тақырыпты қайта жаңғыртып, азаматтық болмысымен, елсүйгіш ниетімен бұрынғы бар дүниені басқа қырынан ашып, реминисценциялық қадамға батыл баруы болып шығады. Жер мен ел тағдыры, отансүйгіштік рух – әр заманға сәйкес келе беретін ұлы тақырып. Марқұм Қалихан аға туған жері, алтын Алтайдың Катонқарағай ауданында ұлттық парк ашу үшін бес жылын сарп етіп, мемлекет тарапынан қолдау тауып, елге, жерге адалдығын, перзенттік парызын бұлжытпай орындап кеткенін айта кетсе артығы жоқ.
Жарасбай – болыс, бай, күрделі бейне, жағымсыз кейіпкер деген шектеулі тар шеңберге сыймайды. Оның «Өз жұртыма бұйырмады өз жерім» деп құсадан у жұтуы қазақ халқы низам заманына іліккенде әсіре ушығып кеткен. Алаш арыстары жер үшін алысты. Ертеңін ойламайтын қайран халық, ел іші толған партия, болыстыққа талас, түрме, жандарал, үкім, байлықтың құлы болу автор жанын қинайтыны пьесада терең ашылған. Жазушы Қалихан Ысқақ өз заманының шерін қоса берген сыңайлы.
Драмадағы ауық-ауық эпикалық толғау, жалпақ қазақтың намысын жыртқан бірі жоқ деп күңірену хакім Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» атты өлең сарынын ашып, «Еңлік-Кебектегі» Нысан абыздың зарын еске салады. Жарасбайдың жан азабымен әлеуметтік шиеленіс өршиді. «Қараш-Қараштың» лейтмотивінде жерұйықты аңсаған Асанқайғы абыздан бергіде Абайдың зары мен ғибраты бар.
Жерге талас, жер дауы – пьесадағы түп сарын. Бұл қазақ даласына темір торлы түрменің дүрліктірген кезі. Ата-бабадан қалған жайлау Қаратас, кіндік қаны тамған қасиетті жерді зорлап сатуға Жарасбай болысты мәжбүрлеу драманың кульминация-шарықтау шегі. Орыс кәсіпкері Николай Добродеевичтің тасасында тілмаштықтан пайда алып, делдалдықтан қулық асырған, интриган, жылпос, жаңа қоғамның буржуасына, былайша, жаңа қазаққа айналған Тойбаевтың философиясы: «Ақша – азбайтын қазына». Тілмаш Тойбаев – ұлықтың, ақ патша билігінің қолшоқпары, жандаралдың көзі мен құлағы, ел мен жер туралы ой оған жат. Адамзат қоғамында әр дәуір алмасып, заман құбылып өзгерген сайын жаңа буржуа өсіп шыға бермек. Бұл кептен Европа әбден өткен.
Тойбаев – зарзаман ақындары Мұрат Мөңкеұлы мен Дулат Бабатайұлының отаршылдыққа наразы жырларынан көрініс тапқан, шолақ сымпыс, «адыра қалғыр заманның» реңі бұзылған ұрпақ өкілі. Тойбаев бір шеті И.А.Гончаровтың классикалық романындағы иіні жұмсақ, дым бітірмес, арманшыл мырза Обломовты жүз орап алатын Андрей Штольц атты іскер кейіпкерін еске түсіретін әсіре пысық, хамелеон, еті тірі жан; пайда қуса ештеңеден шімірікпейді, бірді бірге соғады. Бұл драманың нар көтермес ауыр жүгін нақ Тойбаев образы көтергеніне дау жоқ. Тілмаш бейнесін мықты сомдаған жас актер Асылбек Қапаев өнеріне жұртшылық риза болғаны рас.
Сәлмен, Сәрсен, Бәйтен, Сарысақал – ауыл аймақтың ұсақ байлары, барымта, озбырлықтан аспаған. Бұлар Албан-Дулаттың жуандары болғанмен иісі қазақ байларының жиынтық образын ашады.
Сахнадағы төбелес сәтін бейнелеу, Тектіғұлды, Бақтығұлды жабылып ұрып жығатын сәттер қоюшы режиссердің үлкен шеберлігін айқындайды, өте шебер, шынайы қойылған. Аза, жоқтау, қара киім көрерменнің арқасын мұздай қариды. Қимыл-әрекет атаулы аядай сахнада қамшы арқылы берілуі сәттілік. Драмадағы екі-үш мәрте сырттай естілетін бесік жыры – ақ көз үміт тұспалы, өмір сарыны, тіршілік өзегін тану, қайрат қылу.
Сахнада ойнаған актерлер тобы: Болат Ыбыраев, Боранбай Молдабаев, Кеңес Нұрланов, Ерлан Малаев, Ақыш Омар, Қасымхан Бұғыбай, Мейрам Қасенов, Жанат Оспанов, Дастан Әлімов, Асқат Сұлтан, Самат Дайыров, Жәнібек Мұсаев, Аманжол Молдахметов, Нұрсұлтан Есен, Ботагөз Мақсұтова, Сая Тоқманғалиева, Жасұлан Ерболат, Айбар Өмірбек.
Айгүл Кемелбаева,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты.