ПЕРҒАУЫНДАР ЕЛІНДЕ
07.12.2020
1259
0

Бала кезде мектептегі тарих оқулығынан  көне Египет өркениеті туралы  оқығанымыз есімде. Сонда  адамзат қоғамының құл иеленушілік формациясы туралы оқығанда, осы елдің тарихына бойлағанбыз. Кейін Мысыр елі туралы түрлі танымдық фильмдерді теледидар экранынан көргенбіз.

 Адамзат тарихының сол көне бесігінің біріне сапар шегудің сәті түсті. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің жасақтаған ресми делегациясының құрамында Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор  Үмітхан Мұңалбаева, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының  директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корр.-мүшесі Кенжехан Матыжанов, Алматы қаласы  Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры  Роза Қабиева, Ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлері Зәуре Майшина, Сәуле Жүсіпова бар.

Бауыржан ЖАҚЫП, Қазақстан Жазушылар одағының

Басқарма Төрағасының  орынбасары, ақын.


Нұр-Сұлтан қаласынан шыққан ұшағымыз Шарм эль Шейх шаһарына келіп қонды. Бұл қала Синай түбегінде Қызыл теңіздің жағасында орналасқан екен. Құмның арасында үш қабаттан аспайтын курортты шаһар бой көтерген.  1 млн. халық тұрады.  Мұнда бір күн тұрақтағаннан кейін, ұшақпен 45 минут жол жүріп елдің астанасы – Каир қаласына келдік. Бір айта кетерлігі Мысырдың ішкі рейстерімен ұшақ ұшарда алдыңыздағы таблодан Құранның сапар сүресі оқылады екен. «Біздің еліміздегі ұшақтарда да ұшар алдында осы сүре бүкіл ұшақ салонында оқылып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді» – деген ой келді. Сонау бір жылдары өзіміздің Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи атындағы Қазақ-Түрік университетіне Мемлекеттік Емтихан Комиссиясының Төрағасы болып барғанмын. Сонда Алматыға қайтарда автобусқа отырдым. Түркістаннан Алматыға бірнеше автобус жолға шығады екен. Шаһардан шығарда барлық көлік жүргізушілері шыға берістегі мешітке тоқтады. Сол жерде жолаушылар түгел түсіп, мешітке бас сұғып, Алладан ақ жол тіледі, құран түсірді. Мешіт жәшігіне садақа тастады. Сонда еліміздегі барлық жүргізушілер мен жолаушылар сапарға шығарда Алладан оң сапар тілесе ғой деп ойлап едім. Египетте ішкі рейстегі  ұшақта  сапар сүресі оқылғанда, сол көне ой көңілде  көлбей берді.

          Қазақстаннан 200-ден астам кітаптар алып барғанбыз. Египет Араб Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің бірінші хатшысы Асылхан Әміров, елшіліктің кезекші коменданты Мұхаметжан Шоқабаев, вахтер-комендант Ислам Төлебаев сияқты азаматтар бізді құшақ жая қарсы алып, атақты Ніл өзенінің жағалауындағы қонақүйге орналастырды. Түс ауа Каир қаласының  орталығында орналасқан  үлкен саябаққа табан тіредік. Ол жерде бізді Қазақстанның ЕАР-дағы Төтенше және өкілетті Елшісі Қайрат Лама-Шариф қарсы алды. Саябаққа кіреберістегі оң қапталдан Абай атамыздың ескерткіші көзге оттай басылды. Бұл саябақта дүниежүзінің ұлы тұлғаларының  ескерткіштері қойылған екен. Мысалы,  Махатма Гандидің, Александр Пушкиннің, т.б. ескерткіштерімен иық тіресіп біздің Абай атамыз тұр. Ескерткіштің қасбетіне «қазақ халқының ұлы ойшылы және ақыны Абай Құнанбаев» деп жазылған.

Біздің делегация мүшелері Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойдық. Осы жерде Үмітхан Мұңалбаева, Кенжехан Матыжанов, Роза Қабиева, Қайрат Лама-Шариф және мен сөз сөйледік. Биыл  туғанына 175 жыл толып отырған данышпан бабамыздың шығармашылығы туралы сөз қозғалып, Египетте оқитын қазақ студенттері  Абай өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Біз де Абайға арнаған өлеңімізді оқыдық. Естелік суреттерге түстік. Кешкісін елшіліктің ұйымдастыруымен тарихтан белгілі, Африканың анасы атанған Ніл өзенінің үстінде кемемен түнгі Каирды тамашалап, саяхат жасадық. Бұл жерде бізді мысырлық жазушы, аудармашы Мұхаммед Рияд Халуаш күтіп алды. Ол 1963 жылы 28 желтоқсанда Каирде дүниеге келген екен. Туған жеріндегі шет тілдер университетінде орыс тілі мамандығы бойынша білім алған. Өзі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы мен Әкім Таразидің  «Жаза» романын араб тіліне аударған. Қазір Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын тәржімелеп жүр екен. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында  өткен  «Еуразия  Астаналары  қаламгерлері»  халықаралық форумына қатысып қайтыпты.   «Көшпенділер» романы Каирде араб тілінде басылып шығып, бес мың данамен таратылыпты.  Әңгімелесе келсек, қазақ әдебиетінің кешегісі мен бүгінгісі туралы біраз мәселелерді білетін болып шықты. «Сүйікті ақыным – қазақтың  Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы, ал сүйікті жазушым – Ілияс Есенберлин, – дейді Мұхаммед. Қазақстанда бір ғана мәрте болдым, бірақ соншалықты тамаша әсер алдым. Ғимараттар жаңа әрі сәулетті, көшелер  кең әрі таза екен. Жергілікті халық емен-жарқын қарсы алды. Айналаның бәрі әсем. Жердегі жұмақ дер едім. Жүрек түкпірімде Қазақстанды екінші Отаным сияқты сезіндім. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен  танысып, оның ақкөңіл азамат, аса талантты ақын екеніне көз жеткіздім. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылардың ішінде  маған бірінші етіп сөз берді. Алладан  Қазақ еліне  тағы да жолым түссе екен деп тілеп жүрмін. Мен әлі де талай ақын-жазушылардың шығармаларын   араб тіліне аударуды алдыма мақсат етіп қойдым. Қазақстан елшілігімен  тығыз байланыста жұмыс істеп жүрмін», – деп өз ойларын бөлісті. Елші мырза да қазақ-араб әдеби байланыстарын нығайтуға шын бейіл екен. Бұл ретте Египет және Қазақстан Жазушылар одағы арасында қол қойылған меморандумда  көрсетілген  жоспарлар жүзеге асуын тілейді. Келер жылы  наурыз айында қазақтың танымал ақын-жазушыларын Мысыр еліне сапарлап қайтуға шақырды. Өзіміздің елден руханият жанашырлары, демеушілер табылып жатса, бұл істі жүзеге асырармыз деп көкейге түйіп қойдық.

         Келесі күні  біз «Абай»  ақпараттық-мәдени орталығының ашылуына қатыстық. Мұнда елден әкелінген 200-ден астам кітаптар қойылған  көрменің ашылуы болды. Оған Абайдың әр жылдары шыққан кітаптары, «Абай» энциклопедиясы, Абай туралы зерттеу кітаптары, жақында ғана шыққан  Абайдың үш томдық академиялық жинағы, Абай шығармаларының шет тілдеріне аударылған кітаптары, сондай-ақ қазақ ақын-жазушыларының кітаптары қойылған. Сондай-ақ Абайдың портреттері, Абай туралы салынған суреттер де қойылған. Осы жерде Абайдың араб тіліне аударылған кітабының тұсаукесері өтті. Бұл рәсімге Египет Араб Республикасының Ақпарат министрі қатысты.

Елші Қ.Лама-Шариф шараның басында  ЕАР Парламент Сенатының Төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разикке, сол елдің Конститутциялық Сотының Төрағасы Саид Марейге, Конститутциялық Сот Төрағасының орынбасары Адэль аш-Шарифке «Қазақстан Республикасы Конституциясына  25 жыл»  мерейтойлық медальдарын  салтанатты түрде табыс етті. Мысыр елінің  жоғары лауазым иелері  Қазақстан туралы, Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы жылы лебіздерін білдіріп, ресми сөз сөйледі. Іс-шараға Египет Араб Республикасының  жоғары лауазымды 81 қайраткері, сол елдегі  Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Украина, Армения, Дания, Польша, Нидерланды, Португалия, Судан, Йемен, Алжир, Марокко, Тунис, Корея, Бангладеш,  Сауд Арабиясы, Ресей, Біріккен Араб Әмірлігі, Оман Елшілері қатысты. Бұдан кейін Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай және рухани мұра»  атты халықаралық конференция өткізілді. Онда Ү.Мұңалбаева, К. Матыжанов, Р.Қабиева және мен баяндама жасадық. Алматы  Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Қасымбекқызы Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атынан  Елшілікке  Алматының көрікті жерлері бейнеленген картинаны табыс етті. Біздің баяндамаларымызды Египетте оқитын студент Әйгерім Кенжеболатова араб тіліне тікелей аударып тұрды. Араб жастары Абай атамыздың өлеңдерін жатқа оқыды. Ал өзіміздің сонда оқитын студенттер Абай әндерін шырқап, қазақ күйлерін көпшілікке тарту етті. Сөйтіп, Абай бабамыздың 175 жылдығы Африка континентінің төрі Каир шаһарында жоғары деңгейде өтті.

         Сонан кейін Елші Қайрат Қайырбекұлы бізді Әз-Захир Бейбарыстың өзі салдырған мешітімен таныстырды. Бейбарыс бабамыз Мысырды билеген кезінде Крест жорығын жасаушыларға, ағылшын, француз, басқа да елдердің басқыншыларына қарсы ерлікпен күресіп, Мысыр елінің территориялық тұтастығын сақтап қалған. Елді гүлдендірген, халыққа қайырымдылық пен мейірімділік жасаған. Сол үшін де оның есімі әйгілі, әділ билеуші Сұлтан ретінде  ғасырлардан ғасырларға  сақталып келеді. Кейінірек ағылшындар мен француздар отаршылдық саясатын жүргізгенде, Сұлтан Бейбарыстың өзінен ала алмаған өшті ол тұрғызған мешіттен алған екен. Олар жаулап алғанда  алдымен  Бейбарыс мешітін  әскери казармаға, кейін мал соятын орынға, сонан кейін сабын қайнататын  зауытқа, ең ақырында  шошқа қораға айналдырған. Соншалықты өшпенділік пен қорлықты көрген мешіт үйі Египет тәуелсіздігін алғанда ғана өз қалпына келтіріле бастаған. Кейінгі жылдары  Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында  сырттағы  жәдігерлерімізді де қалпына келтіру қолға алына бастады. Соның негізінде Қазақстан  үкіметі тарапынан 4,5 млн. доллар, Египет тарапынан 10,5 млн. доллар қаражат бөлініп, екі жақты келісіммен Мысырлық құрылысшылар мен реставраторлар  Сұлтан Бейбарыс  мешітін жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Жаңғырту жұмыстарының  бас инженері  жөндеу ісі келер жылдың маусым айында аяқталатынын жеткізді. Барлық жаңғырту жүзеге асқаннан кейін бұл мешітте бір мезетте бес мың мұсылман баласының намазға жығылуына мүмкіндік ашылмақ. Жөндеу жүріп жатқан мешіттің бір бөлігінде Құдайға құлшылық жасап отырған имамдарға кезіктік. Сол жерде тізе бүгіп, Бейбарыс бабамыздың рухына құран бағыштадық. Елшіліктің бір қызметкері ұлды болып, соның атын  Бейбарыс қою рәсімі өтті. Баланың атын  профессор Кенжехан Матыжанов қойды. Осы жерде Елші мырза бір ойдың ұшығын шығарды. Мысыр елін  мәмлүктер 300 жыл билеген екен. Бейбарыстан кейінгі сұлтандар да Қыпшақ даласынан келген біздің бабаларымыз. Солардың ішінде  бірнешеуінің аты Қаллауын болған.

         Келесі күні  түске дейін  Елшінің Кеңесшісі Ерболат Жарқынбайұлы деген азаматтың бастауымен Каир қаласына жақын жердегі Гиза пирамидаларын,  әйгілі Сфинкс мүсінін көріп тамашаладық. Египет дегенде, бүкіл әлем бірден тарихы да, табиғаты да тылсым, әрі жұмбақ пирамидаларды еске түсіреді. Сол алып пирамидаларды  көріп, сыр тартудың сәті түсті. Мысырлық досымыз Мұхаммед  Рияд пирамидалар тарихынан сыр шертті.  Гиза пирамидаларының ішндегі ең үлкендері Хеопс, Менкора және Хефрен деп аталады екен. Бұдан басқа шағын пирамидалар тағы бар. Бұлар ежелгі Египет перғауындарының осыдан 5 мың жыл бұрын салынған сағанасы болып саналады.

Пирамидалардың салынуы туралы  сан алуан пікірлер айтылып келеді. Солардың ішіндегі ғылыми негізделгені – пирамидалардың адам күшімен салынғандығы. Аптапты Египет аспаны астында мыңдаған құл тас қарумен дәу тастарды бөліп алып, оны құрылыс орнына арқанмен сүйретіп жеткізген, пирамида биіктеген сайын тас блоктарды қолмен жоғары көтерген деген пікірлер басым. Әрқайсысы үйдей тастарды көргенде, солардан алып сағаналар тұрғызу дегеннің соншалықты қыруар ауыр еңбекті қажет ететіндігін сезінесің. Әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын алып құрылыстар әлі күнге дүниені таң қалдырып келеді.    Биіктігі 147 метр ең үлкен Хеопс перғауынның әмірімен тұрғызылған пирамиданың қабырғасына өрмелеп шығып, ескерткіш суретке түстік.

МАТЫЖАНОВПЕН ТҰРҒАН СУРЕТ

Бұл пирамида (яғни перғауын моласы) б.з.б. 2600 жылдардың шамасында Хеопс атты перғауынға арнап салынғаны жөнінде дерек бар. Ғалымдардың айтуынша, осы пирамиданың құрылысына 2 млн. 300 мың үлкен тас жұмсалған екен. Әлемдік пандемияның салқыны мұнда да байқалады. Негізінен туризм саласынан мол қаржы түсіретін Мысыр еліне де оңай соқпапты. Сақтық шаралары барлық жерде қолданылады. Көпшілік жерде  бетпердемен жүру міндеттелген. Бірақ 120 миллион халқы бар бұл елдің 1 пайызы ғана дертке шалдығыпты. Бұл әрине  басқа елдермен салыстырғанда оң көрсеткіш. Пирамидаға барушылар саны онша көп емес. Ал оның ішіне кіретін қақпасы уақытша жабулы тұр. Перғауындардың мәйіті жерленген алып құрылысты пирамидалар сол заманда көкпен таласып, «мен мұндалап» тұрғаны анық. Мұның үстіне, мәйітпен бірге түрлі қымбат заттар, құрал-саймандар бірге қойылғаны жайындағы аңыз-әңгімелер өте кең тараған. Сондықтан да пирамидадағы перғауынның мәйіті сақталған ішкі бөлмеге кіріп, оның қабірін ашқысы келгендердің саны аз болмаған. Біреулері байлыққа, оңай олжаға кенелуді ойласа, енді бір топ сол кездегі жағдайларды зерттеп білу, деректерді тарихи-археологиялық қазбалармен дәлелдеу мақсатын көздеген. Бұл екі топ та «Перғауындардың қабіріне қол тигізуге, қозғауға, ашуға, олардың әруақтарын мазалауға болмайды. Кімде-кім бұл істі жасаса, оны қарғыс атады» деген сияқты аңыз-әңгімелерге құлақ аспай тәуекелге барған. Арнайы экспедициялар ұйымдастырылған. Бұлардың ішінде алыс-жақын шетелдіктер де көп болған. Бірақ қабірді ашуға ниеттенген, мәйітті орнынан қозғағандардың бәрі дерлік белгісіз жағдайда қаза тауып отырған. Кейбірі есінен адасып, жынданып кеткен. Содан қайтып адам кейпіне келе алмағандары қаншама.

         Каирдегі, Шарм эль Шейхтағы музейлерден перғауындар  дәуірінен қалған қабірден қазылып алынған тас ескерткіштер, қанша ғасыр өтсе де мумие күйінде сақталған адам бейнелері, жан-жануарлар мүсіндері ерекше таңданыс тудырады. Бірқапталда ұзындығы 3 метрдей алып крокодилдің мумиемен сақталған тұрпаты қатқан қалпы әйнектің әр жағынан көрінеді. Тағы бір жерде сонау ерте ғасырлардағы құлдар ескегін ескен ағаш кемелер сол қалпында сақталған. Бір залдың кіре берісінде қасқыр басты арыстан денелі алып мүсінді көресін. Тағы бір жерлерде қошқардың алып басы, пұтқа табынғандар пір тұтқан сиырдың тас бейнесі, ежелгі мысырлықтар киелі санаған мысық бейнелері, тасқа айналған алып теңіз тасбақалары, қыран құстың алып тас бейнесі кездеседі.

Музейлерде «Құдайлар» атанған перғауындардың тас мүсіндері де кездеседі. Негізі, перғауындардың өз есімдері болған. Мысалы, Тутмос, Аменхотеп, Эхнатон, Хатшепсут, Тутанхамон, Нефертити, Хеопс, Клеопатра, Рамзес1, Рамзес2, Рамзес3 т.б. Және  олардың аттары өз мүсіндерінің астына ағылшын және араб тілдерінде жазылған. Кейбір тұста перғауын бейнесіндегі ер, әйел адамдардың тас мүсіндері жолығады. Олардың кейбірі сынған, қиратылған, бөлінген, жартылай, немесе бөлшегі қалған, бет-бейнесі, тұрпаты бүлінген қалпында  экспонат болып сақталып тұр.

         Египеттің 96 пайыз халқы атақты Ніл өзенінің бойында, сондай-ақ Қызыл теңізді жағалай орналасқан  Синай түбегінде  мекендейді екен. Ал  алып территорияның қалған бөлігі құла дүз, қу медиен құмды дала. Ол жерлерде адам баласы тіршілік етуі мүмкін емес. Синай түбегіндегі Шарм эль Шейх қаласына бардық. Бұл  курортты шаһар екен. Маржан рифтері бар тұзды сулы Қызыл теңіздің жағасында орналасқан. Мұндағы келгендердің көпшілігі зиярат ететін бір мекен Мұса пайғамбар тауы екен. Бұл тау тарихта Мұса тауы, Тұр тауы, Синай тауы деген аттармен белгілі. Құранда да бұл таудың ерекше мәртебесі айқын жазылған. Бұл таудың басында Мұса пайғамбар Алла Тағаламен тілдескендігі туралы тарихи әфсаналарда көп жазылады. Қарашаның 18-күні Кенжехан Матыжанов, Роза Қабиева және мен үшеуміз осы көне тарихи тауға сапарға шықтық.

 ТАУДАҒЫ ҮШ АДАМ

Мұса пайғамбар тауы біз орналасқан Шарм эль Шейх шаһарынан 255 шақырым қашықтықта екен. Қонақ үйіміздің қасынан көлік жалдап, кешкі сағат тоғыздар шамасында  жолға шықтық. Жол бойында әрқайсысында бір миллион тұрғын тұратын Дахаб, Санта Катрин қалаларының үстінен өттік. Тізгіншіміз Әли атты  мысырлық жігіт ағылшынша сөйлейді, аздап орысшасы да бар. Жол бойы құран сүрелерін көлік магнитофонынан қосып қойды. Түнгі сағат 12-ге таяу  діттеген жерімізге жеттік. Жол бойы бірнеше жерде полиция қызметкерлері, әскери адамдар төлқұжаттарды тексерді. Жүргізушінің: «Қасымда отырғандар – Қазақстан елінің азаматтары, мұсылмандар. Олар Мұса пайғамбардың тауына зиярат етуге бара жатыр», – деген сөздерін естіген тәртіп қорғау сақшылары кедергісіз жолымызды ашып отырды. Мұса тауының  төменгі  кіреберісінде тағы да құжат тексеретін сақшылар тұр екен. Бізді тексеруден өткізген соң, жүргізушіміз Әли Жабали есімді бәдәуи  жігітпен таныстырып, ары қарай тауға апаратын жолбасшымыз сол болатынын айтты. Таудың биіктігі 2282 метр екен. Ал оған жету үшін 7,5 шақырым жолды жүріп өтуіміз керек. Алдымен түнгі жолда жүру үшін қолшам алуымыз керектігі, әрі қарай тауға шыққанда суық болатындықтан жылы киімдер кию қажеттігі ескертілді. Сонымен  жаяулатып жолға шықтық. Осы жерде тұрып, күнелтетін жергілікті бәдәуилер жүргіншілерге  түйелерімен қызмет етіп жүр. Төңіректің түгелі тау, алып тастар мен жартастар, бір кездері пайғамбардың ізі қалған қасиетті жерлер. Шын мәнінде Алла Тағаламен Мұса пайғамбардың (а.с.) осы тауда тілдесуі туралы қасиетті Құранның көптеген сүрелерінде кездеседі. Кей жерлерінде ұзын-сонар баяндалса, кей жерлерінде қысқаша ғана тоқталған. Ол – үлкен бес пайғамбардың бірі. «Мәриям» сүресінде ол туралы Хақ тағала: «Кітапта Мұсаны есіңе ал! Расында, ол таңдаулы еді. Расул әрі нәби еді» [1], – дейді. Мұса пайғамбар Исрайыл ұрпағына кітаппен жіберілген елші болатын. Сол кезде Жақып пайғамбардың он екі баласынан тараған ұрпағы Мысырда өз алдына бір ел құрап отырды. Мысыр елін ол уақытта патшалар емес перғауындар басқаратын. Жүсіп пайғамбардан кейін Мысыр халқының жергілікті ұлтынан шыққан перғауын отбасы көтеріліс жасап, «амаликалық» арабтарды қуып шығып, қайта таққа отырған еді. Олар билікке келген соң, көп ұзамай өздерін «тәңір» деп жариялады. Сондай-ақ Ніл өзені жағасында жер жыртып, егін егіп, сонымен күн көріп жүрді. Жылдар өте келе, соқаға жеккен өгіздерді «тәңірге» теліп, соған да табынатын болды [2].

Олар Тұр тауына жақындаған кезде, тау басынан лапылдаған оттың жарығын көрді. Хазірет Мұса бала-шағасына: «Тұра тұрыңдаршы. Рас, бір от көріп тұрмын. Бәлкім, бір хабар яки оттан бір шоқ алып келермін. От жағып жылынарсыңдар» [14], – дейді. Ол асығыс адымдай басып, отқа қарай жақындай бастады. «Ол жерге келген сәтте, мүбәрак жердегі ойпаттың оң жағындағы ағаштың жанынан: «Ей, Мұса! Рас Мен – әлемдердің Раббы Аллаһпын». «Кебісіңді шеш» деп үн қатты» [15]. Хазірет Мұса дереу аяқ киімін шешіп үнсіз тыңдай қалды. Баяғы «жанған от» деп келгені от емес илаһи нұр екендігін аңғарып, бұл дауыстың Хақтан келгеніне көзі жетті. Илаһи дауыс әрі қарай жалғасты: «Сені таңдадым. Енді уахи етілгендерді тыңда. Рас, Мен Аллаһпын. Менен басқа тәңір жоқ. Сондықтан Маған құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алуың үшін намазды толық орында. Қиямет күні сөзсіз келеді. Қияметке сенбей, өзінің нәпсісіне ергендер саған кедергі жасап жүрмесін. Болмаса, сен де құрисың. Әй, Мұса! Оң қолыңдағы не нәрсе? (Мұса): «Бұл – менің таяғым. Оған таянамын. Онымен қойларыма жапырақ қағып беремін, әрі онымен басқалай істер де істеймін», – дейді.  Құранның тағы бір тұсында осы тау туралы мынандай мәлімет бар: Аспандағы Тұр тауы Исрайыл ұрпағы күн өткен сайын хазірет Мұсаға әр түрлі сылтаулар айтып, «бүйректен сирақ шығарып», сөздерінен тая берді. Хақ тағаланың әмірін орындаудың орнына, тіпті пайғамбарларын атын атап шақырып келемеждейтінді шығарды. Бір күні олар таңертең орнынан тұрып не болғанын өздері де білмей құттары қашты. Ұзақтан көрінетін Тұр тауы аспанда, тура төбелерінде қалықтап тұр еді. Олар тегіс «Ей, Мұса! Қайдасың?! Көмектессеңші!» – деп бәйек болып айқай салды. Бірінен соң бірі сәжедеге жығылып, біресе жерге, біресе көктегі тауға жалтақтап: «Айналайын Мұса! Бізді мына сұмдықтан құтқар. Жолыңда құрбан болайық, айтқаныңа көніп, айдағаныңа жүрейік. Бұдан былай саған толық мойынсұнамыз!» – деп ұлардай шулады. Сонда хазірет Мұса оларға әйгілі 10 шартын қойды: Аллаһтан өзгеге құлшылық етпейсіңдер. Ата-анаға бағынасыңдар. Туған-туыстарыңа жақсылық жасайсыңдар. Жетімдерге қамқорлық жасайсыңдар. Кедей-кепшікке көмектесесіңдер. Адамдарға жақсы сөз сөйлейсіңдер. Намазды дұрыстап оқисыңдар. Зекет бересіңдер. Бір-бірлеріңнің қандарыңды төкпейсіңдер. Бір-бірлеріңді отандарыңнан қумайсыңдар. Олардың бәрі жабыла ант-су ішіп, айтылғандарды бір ауыздан мақұлдады. Сол кезде аспандағы Тұр тауы бұрынғы орнына барып тұра қалды. Исрайыл ұрпақтары сенерін де, сенбесін де білмей аспанға бір, тауға бір қарап «уһ» деп терең дем алды. Мұса Пайғамбар жүз жастан асып, Синада қайтыс болады. Оның есімі Құранда 136 жерде кездеседі.

       Сонымен Пайғамбардың ізі қалған, Алламен  тілдескен киелі жерлерде келе жатқанымызды жан дүниемізбен сезінеміз. Жол ауыр, әрі түн тастай қараңғы. Тау басына шығатын жол айналма түрінде салынған екен. Ені 2-3 метрлік жолдың бір жағында биік құлама жартас тұрса, екінші жағы шыңырау құзға ұласады. Бізден басқа да ағылшындар, француздар, орыстар, еврейлер, украиндар, беларустар, арабтар мен парсылар, түріктер бар, барлығы 200 қаралы адам сол жолмен жүріп келеміз. Біреулер түйеге мініп, жол шексе, енді біреулер 10-20 адамдық топтармен кетіп барады. Жол бойында әр бір жарым шақырымда тоқтап тынығатын, сусын, ыстық шай ішетін тас дуалдан қаланған бекеттер бар. Қасиетті таудың басына шығар алдындағы соңғы бекетке таңғы сағат 4-тен аса жеттік.  Жол өте ауыр екен. Баспалдақтары да ебедейсіз, сол таудың тастарынан төселген жол. Соңғы бекетте  1 сағаттай дем алып, әрі қарай тағы 750 биік тас баспалдақты жүріп өтуіміз керек. Бәрімізге де сол соңғы айналым өте ауыр соқты. Таңғы сағат 6.15-те күн шығады екен. Сол таңғы шапаққа дейін тау басына шығып үлгердік. Сол жерде әр жерден келгендер Алладан тілек тілейді екен. Таудың басында тастан қаланған бір шіркеу және астында түнейтін қылуеті бар  мешіт үйі тұр. Мешіттің ішінде түрлі құран кітаптары қойылған, тас еденге кілем жайылған. Құбылаға бет бұрып  намаз оқуға мүмкіндік бар. Бір қызығы құбыла мұнда біздегі сияқты батысқа қарап тұрған жоқ. Өйткені Мекке біз тұрған Синай тауларының солтүстік – шығысына қарай орналасқан екен. Ал енді қызарып сонау бір төмен көкжиектен Күннің шыққаны, оның арайының жан-жаққа сәуле шаша тарауы ерекше әсер қалдырады. Бағанағы жүріп өткен аяқ талдырар қиын жол да артта қалып, ерекше бір рахат сезіміне, шын мәнінде Алланың рахымына бөленгендей ләззатты сәтті бастан кешірдік. Осы жерге келгеннен кейін мұсылмандар қасиетті Құраннан фатиха, ықылас, фәлақ, нас сүрелерін оқып, таң атар алдында тілеген тілектері қабыл болады деген жазылмаған ереже бар екен. Біз де  сол шарттарды орындап, Алладан елімізге амандық, Елбасымызға, Президентімізге таупиық, халқымызға береке-бірлік, отбасымызға, туған-туыстарымызға амандық, саулық тіледік! Зиярат жасап болғаннан кейін түнде жүріп өткен 7,5 шақырымды қайта өтіп, төменге түстік. Жарық кезде қарасақ, небір алып құздар мен жартастардың ортасынан өткен екенбіз. Біз шыққан биік шөп өспейтін, жалаңаш тасты алып Синай тауларының ең жоғары нүктелерінің бірі екен. Мұндай қасиетті зияратты пешенемізге жазған Аллаға мың да бір шүкіршілік етіп, төменге түскен соң, туған ел, өскен жер, байтақ Қазақстанымызға оралуға бет түзедік.

Алматы – Нұр-Сұлтан- Шарм эль Шейх– Каир –

Шарм эль Шейх – Нұр-Сұлтан – Алматы

 

 

 

        

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір