Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ. Жаназа мен жанбағыс
23.11.2020
1245
2

(Әңгіме)

 Тірісінде адам баласына жұғымы мол болған соң ба, Тұрлыбайды жоқтап, ат таралғысына кезек құлағандай «Ой, бауырымдап» келушілердің қарасы қалың. «Тұрлыбайдың дәм-тұзы таусылды», – деген естіртуді ауылдағылардың ғаламторға байланған қалта телефон ұстайтындары, алыстағы ағайын-туыс, жекжат-жұрат, көзкөргендердің дені уацап арқылы алған. Азалы үйдің қазасын ауылдың чатынан естігендері оқи сала онлайн  көңіл айтулар жазысуды бірінен-бірі іліп әкетіп, үдете түскен. Бірі мұңайған пішінді сурет жолдап, енді бірі иманына салауат айтып, жұмақтан орын тілеп, пейіште шалқып жүруін сұрап, жаманат хабарды жеткізушіге қайыра хат жолдаудың қамына қызу кіріскен. Марқұмның үлкен күйеу баласы «Атам қисайғанда бір қысырағыңа құрық салам», – деп жолдасының пәмдеп жүрген дөнежін жылқысын құрмалап әкеп, жарып тастап, өзімен істес, лыпып тұрған қанжары үнемі қынында жүретін үш-төрт жорасымен жіліктеп, қазанға асып, шаруаны тиянақтап қойғанда күн ұясына батпандай малынған.

– Қап, бағана екі-үш қойды қоса сойғанда, етің жетпей қалмаса болды, – деді биесін діттеген дәрежесінде саудалап, көңілі көлкіген саудагер Жақан. Сыртқа жанашыр кейіпте көрінгенімен, пендеуи пиғылы байлаудағы қойларынан да пайда көруге бастап тұр.

– Етіміз аздау болатындай ма? Расында кісі қарасы қалың болатын секілді, басып қалып, ет жетпей… – деп, үлкен күйеу бала қайын атасының қазасына қажетті керек-жарақты жазып, төрелігін айту мансабы тиген немере қайын апайы – Күләшті іздемекке оқталған.

– Тәк, Жақа, жылқыңды 430 мың дедің, иә?

– Өзің ертеректе айтып, келісім жасап қойған соң ғана. Әйтпесе өткенде көрші Көлтоғаннан келді, тойға сойғанға сұрап. 470-ке бер деп, көлігіне тиеп алып кетпек болған, Сәке, сенсең. Қысырақтың үйіріндегі ірісі осы болған соң ба, сұғын көп қадайды көргендер, әкең. «380-ге сұрағанын бұлар қайдан білсін, өз малымның бағасы өзіме мәлім».

– Ет жетпегені қалай?

Айналдырған қазыны дара асып, бір қазанға ие болған Болатбек тоңқаңдап көсеумен отты лықсыта тартып, қызуын бәсеңдетті. – Жарып алып, абыройдан жұрдай болмайық.  Бүгін кешкі қонағасына жиналатын көпшілікті шамалап байқайық, егер адам қарасы қалың болса, азанда тұрып сойсақ та үлгермейміз бе, жаназа оқылып, жерлеуден кейінгі асқа тартуға.

– Жоға, ертең сойғаныңмен пісіріп үлгермейсің, одан да бүгін жайғап қойсақ жан тыныш еді.

– Бүгін кешке қонағасына тартылатын табақты бағамдайық, қойды соям десең өрісте емес, қорамда тұр.

– Еее, осы қонағасы дегенде алыстан келген ағайынның алдына ас қоймай ма?

– Алла кешірсін,  арақ ішіп алып айттық, дінде де солай дейді өзі.

– Атам марқұмның баспаған жолы, шықпаған төбесі қалмаған секілді өзі. Мен танымайтын, көрмеген бейтаныс адамдар келіп кеткенінен, «Бауырымдап» дауыс шығара жеткендері де көп.

– Алыстағы ағайын ғана емес, ауылдағы жасы жеткен, сары тісті, ақ сақалды үлкендері де келеді емес пе? Бірақ қазір жастар да ойын көре ме, қызықтай ма, қонағасына шоғырлана жиналатын болған.

***

Имамның әйелі күйеуінің облыс орталығындағы жиыннан киіп келген шапаны мен сәлдесін жихаздан шығарып, сілкіп қағып, даярлап қойды. Имам облыстық жиыннан келген соң бір мәрте киген екен бұл шапанды.  «Өткендегі жаназа қызметіне төлеген ақшасынан қалып қоймады ма екен?» Жан қалтасына шынтағына дейін сүңгітіп, сүзе қарады: ештеңе ілінбеді.

Желтоқсанның жуанды да дірдек қаққызар ызғарынан ықтап, үюлі шөпті тауысуға үлгермей сілекейін соза қораның қабырғасын пана тұтқан екі сиырын жылы орнына байлап, дәретін ала кірген күйеуі диванға шалқая отыра кетті.

– Гүлеке, қайдасың? Қазір қонағасына шақырды. Марқұм Тікеңнің көңілі жайлы еді. Кісі қарасы мол.

– Ау, келдіңіз бе, отағасы? Шәй қайнап тұр. Демдеп жіберейін.

– Оқа емес, қонағасына құран оқып шығайын. Етке барам ғой, бәкім қайда?

– Онда мен отын-суды жөндейін, бәкіңіз шапаныңыздың қалтасында.

Әйелі ауызғы бөлменің сықырлауық есігін сызылта ашып, солқ еткізе жапқаны ойын бөліп жіберді.

Әтіркүл әженің бауыры мәрт екен. Өткендегі. Жаназа шығару ақысын қазалы үйдің қай туысынан сұраудың жайын реттей алмай қипақтаған.  Қорым басынан қатым түсіріп, үюлі топырақтан жырақтаған жұрттың арасынан жақындап өзін таныстырды. Қаладан келіпті. Ол жақтың имамдары  жаназаға өзі жетпестен бұрын еңбегіне алатынын айтып жіберетін көрінеді.  Ұзаса бес мың ұстатар деген түйсігі теріске шығып, көкжілтім түсі қою, көк қағазды бүктелген күйінде қолына ұстатты.

– Қысылмаңыз, әпкеме тие берсін,

Жерлеуден жеткен жұрттың алдыңғы легі тамаққа бас қойып,   сықасқан дастарқанды орталап болып көтерілгенше миындағы бір сауал қанды қуған масадай ызыңдап көлбеп алған. Асыға үйіне жетіп қалтасынан суырса – бүтін 20 мың теңге!

Бүгін қайтер екен? Тікеңнің иман таразылау туысы табыла кетсе,  жалғыз ұлы опа бере ме? Қайын жұртында жүр. Түнде жетіпті. Екі қызы, күйеу балалары. Кішісі мен оның күйеуін ара-тұра көргені болмаса, тереңдей танып-түстемейді. Байы да алақұйын әумесерлеу ме, қалай? Қызы кіндігі қалада кесіліп, балконда бойжеткендей тіпті. Үлкен қызына айтқызса. Ауылдың адамы, бірақ. Өлім жөнелткен үйдің имамға бір қап бидай мен көнтек қозы, болмаса тышқақ лақ жетектетіп жіберетінін көрмей-білмей жүрген жоқ. Десе де, ақшаның жайы әсте бөлек. Сырттағы суықты өзінен оздыра әйелі сөйлей кірді.

– Сізді шақырады, мырзам.

– Ііі, қазір.

– Қай шапанды киесіз?

– Палатканың іші суық екен, азынап тұр. Елтірі тонды кимесем, өңменімнен өтіп кетті бағана. Даңғарадай үйінің бір бөлмесіне дастарқан жаймай, бәрін тысқа, шатырға әзірлепті.

Қыстың алғашқы айының бітуіне көрінгендей аяз да қысып, ауыл тұрғындарының тіршілігінде күздегі керімсалдық сап тиылған. Құнысып, тонының жағасын қалқайта көтеріп алып малын ерте жайғап, түнемелге жұмсайтын отын көмірін көтере кіреді де, тарс бүркеніп тырс етпейді. Тек Тұрлыбайдың үйіндегі түтін ғана көп түннен бері тынбады. Үй төбесіндегі тесірейген қыштан қалқайған мұржадан көлбеген түтінге ілесуге тыраштанғандай ошақтың да басында қайнаулы қазанды жалаған жалын қызуынан ажырап, көкке қарай көлкиді. Ызғар буып, аязға арқандалған тұрғындардың ерінбегендері күртік қарды аямай жаншып, бөкен жүріспен қазалы үйге беттеген. Кешкі астарын қотарып тоқ басқан кейбірі темекісін қыстырып, тұтатып алған.

Тікеңе тіке туыс, жанама жамағайын, көрші-қолаңның қолы бостау келін-кепшігі ас түріне сықастыра әзірлеген дастарқанға жайғасқан жұрт қаужаңдасып, қара кесек ет сүйегінен кертіле-кертіле ажырап, түйдектеле туралғанша ыстық күрішті қарбыта асап-асап жібереді. Кейбіреуі қолындағы  жіліктің жуан басын өзіне қаратып алып, тістелеп әлек. Сүбелі мүше салынған сыйлы табақтағы туралған еттен шайнап, күрішті күштей тыққан  қауым байырқалағанда имам да тоят тауып, баппен өзінен төмен, етектей орын тигендерді шолып байқастап қарады. Оң иығын ала отырған, алынбалы тісіне сіңір сіресе тұтып қалып, қалай құтыларын білмей қаужаңдаған ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасына орайын құлатардай қисайып жақындады.

– Тікеңнің алыстан келген туыстарының ішінде салмақтылауы бар ма екен, аға?

– Ол неге керек, имеке? Әлде сөз береміз бе?

– Жоға, аға, әшейін білмейсіз бе дегенім ғой.

– Ііі, ааа.

«Біздің тамақтанып біткенімізді білмекке күбірлесіп отыр ма?» дегендей көпшілік кеседегі шәйін шалдыға ұрттап, қолының қарын соза бата тілесті.

Қонағасында қисынын келтіре алмаған имам ертеңіне жаназа оқуға ертелетіп келді. Тікеңмен тілеулес екенін байқатқандай ауыл үлкендері де үйлерінен асығыс аттанысып, жиналып-ақ қалыпты. Әр топты аралай, әркімге амандасып, теріс қарап тұрғанды ту сыртынан түрте өзіне бұра  жүріп, қолын қыса, жоқ іздегенін әйгілеген Бекқали шойнаңдай басып кеп молдаға қолын ұсынды. «Әркімге бір сүйкенбей тұрып алдымен маған амандаспай ма?», – деп паңданғандай маңғаз қолын қысты.

– Кімді іздеп кеп қалдыңыз, жездеке? – деп, имам балдызсынып, түйрей түскісі бар.

– Есенді таппай келем, үйіндегі келін Тікеңе топырақ салуға кетті деген соң, осылай тарттым. Көрмедің бе?

– Есенді іздеп емес, қайтыс болған қарияның жаназасына қатысып, сапты толтыруға ниеттеніп шықпай ма адам? Біреуге ісіңіз болмаса, өлімге келмейсіз бе?

– Келдік қой, енді… – деп, сөзінің соңын мыңқылы басқан Бекқали қора мен ошақ маңайындағы шоғырға беттеп кетті. Қазалы үйге көңіл айтып, марқұмға топырақ салуға қаладан түнделете шығып, таңғы ұйқыны сапарға айырбастап жеткендер көліктерін қаңтара асығыс түсіп, дауыс сала аулаға еніп жатыр. Айнала шолып, барлығын бақылап тұрған имам бейтаныс жандардың молайғанына іштей қызығып та, қуанып та қалды. «Осылардың арасынан қалайда мырза мінезділеу біреуі шығу керек-ей.» Ойынан арылмаққа әрекеттеніп жаураған кейіпте сілкініп алды.

Қазылған жердің жайын ұғысса, межелі мерзімде сүйекті жууға белгіленген кісілерді бастап үйге кірмек. Бар іске жауапты Саят түрулі жеңін білегіне түсіре, имамға қос қолдап амандасқан.

– Жер қазушылардан хабар алдыңыз ба?

– Иә, түнде кеш біттік деп, сүріне-қабына жетті. Бүгін азанда ерте барып, ақымның топырағын торқалауы тиіс. Қазір білейін.

Бұқаның жүрегіндей жұдырығына жұма ұстаған телефоны құлағына таяп, іле кейін қайтты. – Желінің аясынан тыс жерде. Көрге кіріп кетті ғой деймін. Ақымның ішіне кірсе, мүлде байланыс жоқ. Алаң болмаңыз, молдеке, жер қазғыштарға жауапты – Ермек. Жөн-жосықты жетік біледі. Жер қазып жүрген жан. Көрден шыққан соң өзі де қайыра хабарласады. Олардың әрқайсына 1500 теңгеден бердім түнде. Шалалық істей қоймас, – деп, имамның дегбірі кетпесін дегендей сөйлеп жатыр.

– Сол көрге түбі бәріміз кетеміз.

«Бүгін емес шығар» дегендей кейіген күйеу баласы қызметін атқаруға  бұрылғанда имам әр жерде иірулі тұрғандарды дауыс сала өзіне шақырды.  Дәрет алуды, дәретсіз жаназаға тұрғандардың қайтыс болған кісіге ауырлық артатынын, азабын еселейтінін буы бұрқырап жеткізді. Адамзаттың өмірге келгендегі тұтар бағдары, орындалар мақсаты қандай? Мәңгілік ештеңе жоқ. Қабірге тек орауға жететін кебінмен ғана кететініңді екі-үш сүремен сүйемелдей ел есіне салды. Жиған байлық, салған сарай, айдаған мал, жүргізген көліктің де итке жем болып қалатынын уағызына арқау етті.  Насихатын жүргізе тұрып көпшіліктің арасынан бейтаныс адамдарды да сүзіп шықты.  Әшіргүл апаның бауырындай кеңқолтық туыс-туғаны табылып қалар деген дәмесі әлі де зор күйінде.

Имамнан саржан бойы кейіндеп сап түзеген қауым «Қандай адам еді?» дегенге үш қайыра «Жақсы адам» деп жауап қатып, табытты арқалай қозғалған. Тікеңнен туған қыздары мен әйелі бастаған бауырларының азан-қазан жоқтауынан ұзап шыққан көптің соңында шойнаңдай басып Бекқали Есеннің жеңінен тарта ұстап, бейітті бетке алғанда Ермектің тобы күрек, қайласын, шотын қағып, сақадай-сай дайын болған. Марқұмның басына бас топырағын жастап, жоралғысын атқарғанша адамдар қорым аралап, туыс, танысының қоршауына артыла топырақ алуға кіріскен. Имам сүйекті жерлеуге келіп, бейіт аралауға болмайтынын, қорымдағы мүрдеге арнайы келіп құран оқытудың сауабы  мол екенін даусы жарықшақтана ескертті.

– Арнайы кел дейді, әке. Ит арқасы қияннан жеткеніміз осы емес пе? – Тұрлыбайдың жамағайын бауыры қары сірі төмпешікке саусағын сұғып еді, батпады.

«Тұрлыбай атамның тілегі еді» дегенді көлденең керген күйеу баласы ақым ішіне Айтқазы замандасын түсірді. Жетпіске қарай жасы ауған кісі  тымағын шешіп, аппақ қудай шашының ұйпасын алақанымен тарамдай  қаудырлақ тонын да қасындағысына ұстатып көрге түсті. Самдағай екі-үш жігіт көмекке келіп құдығына тұрып, саумалай сүйекті ақымға кіргізді.

– Өй, андағы табыттың үстіндегі кілемді керіп күннің көзін көлегейле.

– Иә, иә күн түспесін.

– Ұстаңдар жастар, құдықтың үстіне қарай көлеңкелеп.

– Күн түссе қайтеді екен? – Даусы зорайып шыққанын имам өзі байыптай алмай қалды. – Тұрлыбай ақсақалдың кебіндеулі жүзіне ақырғы рет түсетін күннің сәулесін қызғанбаңыздар. Одан гөрі пендеуи пиғылдан арылуды ойлау керек.

«Кім ойлап тапты екен осы тірлікті?», – деді имам ішінен. – Құрметті жамағат, шариғатта мәйітті күннен қорға деген аят жоқ. Ондай жалған ұғымға ере бермеңіздер. Бәріміз де аттанамыз бақилық өмірге. Қазір сіздер сүйекке қыймаған күннің сәулесі бәрімізден де қалады. Біздің пенделікпен, тіршіліктің соқпағымен сүрген өміріміз уақытша.

Есеннің етегінен тартып, нарау тұрысына қарай икемделіп,  Сарықамыстағы  тамырын су арсалап, желден жығылған тал, үйеңкі, шетенді жиыстырып, қыстық отынын жеткізудің есебімен өтінішін өткізіп әлектенген Бекқалиға көзі түсіп, даусына күш сала айтты.

– Қадірменді жамағат, иманға келіп, мұсылманның бес парызы намаз оқыңыздар. Жаназаға жанбағыстың қамымен емес, ана дүниенің жайын ойлап келу керек…     

– Беке, қазір астан кейін сөйлесейік.

– Бензин де дайын, үйде тұр. Артатын адамдар да әзір.

– Мақұл-мақұл, – «Жаналғыштай қалмайды екенсің» деген кейіспен Есен тышқанның тірсегіндей ғана қалған темекі тұқылының түтінін үдетпекке ерніне жеткізген. 

– Қабір басында қақырынып-түкірініп, темекі тістеп оғаш қылық көрсетпейік. Әруақтардың алдындағы құрметіміз қане?! Пайдасыз, ағзаңызға керісінше тек зиянды артатын темекіні қайтесіз? Сол ақшаны мешіттің садақа сандығына тастамайсыз ба? Бүгін – қасиетті жұма. Қазір астан кейін мешітке келіп, жұма намазының сабын толтырайық, – деп, имамның аязды өңешінен  өткізіп, ышқына айтқанына жамағаттың көбі ұйи қоймады.

Жер қазушыларды бастаушы Ермек сүйекті әкелген жамағаттан шеттеп, қалтасын жыбырлатқан телефонды түнере алып, амандықтан соң саудаласа бастады. «Үшеуміз, құрал-сайманымыз бар, әркімге екеуден болады.» Басын изей телефонының түймесін басты.

– Әрқайсымызға екі мыңнан келістім, көрші ауыл ғой, бізге де бағаны көтеру керек, бала-шағаның қамы.

Ызғар сорып, сұры қашқан қайлашы серігі құптап, нарау иегін қозғады.

Қатын-қалаштың сыпырып-сиырып кеткенінен соң қайыра сықасқан  дастарқанға асыққан жерлеушілер Тұрлыбайдың сүйегін басқан төмпешіктен  ауылды бетке ала құлағанда сойыс малдың ішек-қарнын аршыған үш әйел де   қолақыға алған дорбасы бүйірін соға орын суытқан.

Түндегі қонағасын қайырғандағыдай, тіпті жаназа оқығандағыдай шыққан жоқ үні. Асты бәсең қайырған имамды босағадан аттай бере көрші ауылдан келгендер қолтықтай жөнелді. «Өздерінде молданың болғаны жөн емес пе?», – дескен жалғаннан көшкен кезекті пенденің иман суын оқуға көлікке отырған имамның қызметін қызғанған кейбір ауылдасы.

Сол мезеттен сүт пісірім уақыт сырғығанда көр қазушылар да көрші ауылдың қорымында көліктерінен құрал-сайманын түсіріп жатты.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 08.03.2021 | 02:21

Мықты.

Аноним 17.03.2021 | 22:13

Тарихы тереңде жатқан Ғабекеңнің жетекшілігімен басталып, Шер ағаңның шекпенінен шыққан ұлттық руханияттың алтын қазығына айналған Қазақ әдебиеті газеті әрбір жазған әңгіме, прозаларыңыз өте әсерлі.
Осы сіздерге қалай мақала жіберуге болады?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір