«ӘКЕ, СЕНІ САҒЫНДЫМ»
21.11.2020
1752
0

(Нұрлан Қалқаның әңгімелер, новеллалар, эсселер жинағы хақында)

Баспалардан шыққан, оқушыларға жол тартқан әр кітапты саралап, әділ, дұрыс бағасын беріп, пікір айтатын мақалалар – әдебиет әлеміндегі бағыт-бағдар беретін, жол нұсқайтын компас сияқты, олар оқушыға да, қоғамымызға да қажет-ақ. Оқушыларды ойландыратын, өмірдің сан-алуан шиырлы иірімдерін шынайылықпен бейнелейтін, әр адамның бойындағы игілікті, ізгілікті сезімдерге қозғау салатын шынайы шығармалардың орны қашанда бөлек.

Жазушылар одағының мүшесі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты Нұрлан Қалқаның «Әке, сені сағындым» атты әңгімелер, новеллалар, эсселер жинағы жоғарыда сөз болған талаптарға толығынан жауап беретін, оқыған адамды бей-жай қалдырмайтын, өмірде кездесетін әртүрлі түйткілді мәселелердің адамгершілікке сай дұрыс шешімін іздеуге жетелейтін тұшымды туындылардан тұратынын айтқан жөн.

Жинақтың беташары іспетті «Әке, сені сағындым» атты әңгіме әкесі мен анасы ажырасып кеткен Әден есімді жас баланың сезім-күйлеріне құрылыпты. Бұрын олар Алматыда жатақханада отбасы болып бірге тұрған. Содан бір жолы әкесі мен шешесінің арасында жанжал шығып, әкесі анасын ұрып-соғады. Осыны білгеннен кейін анасының екі әпкесі үйге келіп, анасын әкесінен айырып әкетеді. Содан соң анасы ұлымен астанаға көшіп келіп, жалақысы аз балабақшаға жұмысқа орналасып, пәтерден пәтерге көшіп, қиыншылықпен күн кешуде. Екінші сыныпта оқитын бала пәтер иелерінің қабағына қарап, жаутаңдап, асыр салып ойнай алмайды, қатты жүгірсе ұрыс естиді. «Қашан өз үйіміз болар екен» деп армандайды. Үлкендердің арасындағы жанжал неден шықты, кінәлі кім, ол жанжалдың орайлы шешімін тауып, реттестіруге бола ма, ол арасы оған жұмбақ. Үлкендер бәрін өздері шешеді ғой. Ал бала әкем отбасымызға қайта оралса деп қиялдайды. Онда, үй алғанша жатақханада қайта тұра беруге болар еді. Мектеп те жақын. Сондағы бөлелерімен, достарымен ұзақ күнге доп қуалап, ойнар еді-ау. Әкесі де балажан. Бала оны сезеді. «Әкең мен анаң, бауырларың қасыңда болса, бір үйде тату-тәтті тұрсаң, денсаулығың жақсы болса – бақыт деген сол емес пе?! Қалған нәрсе – алдамшы дүние. Мен үшін нағыз бақыт – отбасының татулығы, әкең мен анаңның бар болып, жаныңда жүруі, әке ықыласы, ана мейірімі. Бақыт деген – отбасындағы береке-бірлік. Анам өз жылы ұясын, жұмысын тастап, астанада жалақысы аз жұмысқа тұрып, пәтер жалдап, жалғыз жүріп жатыр. Мен болсам, әкесіз өсіп келемін. Сонда бұған кім кінәлі? Менің ойымша, анам әкемді кешіре салса ғой, бәрі-бәрі орнына келетін еді. Біз бірге тұратын едік. Мен солай ойлаймын, ал анам мен әкем басқаша ойлайды. Сол себепті біз бөлек өмір сүріп келеміз. Өмір сондай қиын екен-ау. Бізге қиын тиіп тұр. Тіптен, әкесіз жүрген маған қиын…
Әке, сені сағындым, сондай қатты сағындым!»

Бұл – әңгімеден шағын үзінді. Осы үзіндіден-ақ әңгіме­нің ұзын-ырғасы, мазмұны көрініп тұр. Шығарма шынайы жазылғанымен баурайды.
«Отағасы» атты келесі әңгіме де балалар өмірінен. Айдалада, қыстауда бір отар қойға ие болып, мал бағып отырған шопанның мектеп-интернатта оқитын, ата-анасын сағынған екі баласы каникул басталарда тәрбиешінің «ертең машинамен жеткізіп саламыз» дегеніне қарамай, ешкімге айтпай, балалықпен жолға шығып кеткендері, артынша алай-дүлей боран басталып, түн болып, айдалада, қақаған суықта, үйлеріне жете алмай, екеуі бірдей қайғылы қазаға ұшырағандары баяндалады. Боямасы жоқ, шырғалаңы, қиындығы мол ауыл өмірі. Естіген адамның жанын түршіктірген аянышты өлім. Әке-шешені естен тандырып, есеңгіретіп кеткен, адам көтере алмастай ауыр қаза. Солай бола тұрса да тіршілік тоқтап қалған жоқ, өмір әрі қарай жалғасып жатыр. Тағдыр жүгі қаншалықты ауыр десек те, әңгіме көңілге нәр берердей үміт сәулесімен, оптимизммен аяқталады. Кештетіп отарын қыстауға айдап келген шопан өз үйінің мұржасынан будақтаған түтінді көреді. Аулада қараң-құраң еткен адамдар жүр. Не боп қалды? Ойына бірден аяғы ауыр келіншегі түседі. Үйіне жақындағанда іңгәлаған нәзік үн құлағына шалынады. «Нәресте ме? Шынымен-ақ… Одан ары ештеңе ойлап жатпады. Бойын әкелік көл-көсір қуаныш, нәрестеге деген сағыныш шымырлатып әкетті. Көзінен ыстық жас үйіріліп түсті. Танауына жөргектегі қызылшақа бөбектің иісі келгендей. Күнге тотыққан өңі нұрланып, адымдай басып отауға ене берген. Осы бір сәтте мынау жарық дүниедегі тіршілік иелерінің ішіндегі ең бақыттысы өзі екенін сезінген. Сүйінші сұраған бала-шаға тиын-тебенге кенеліп қалды», – деп жазады автор.

Жазушының қай әңгімесін оқысаңыз да жалықтырмайтыны, кейіпкерлерінің қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, асып-таспайтыны, оқиғаларының күнделікті өмірдің өзінен алынғандай табиғи әсер қалдыратыны өз алдына, сонымен бірге олар адамды еріксіз ойландыратынын, тағдырдың қандай тақсіреті кезіксе де боркемік боп езіліп, өмірден біржола түңіліп кетпей, одан шығатын жол іздеудің қажеттігін аңғартып, меңзеп тұратынын айту жөн.

Жинақтағы бозбалалар мен бойжеткендерге еріксіз ой салатын, махаббатқа, сүйгеніңе деген кіршіксіз адалдықты сақтау, өмірде кездейсоқ пысықайлар мен алаяқтың алдауына түсіп опық жеп қалмау сияқты жастық шаққа тән өзекті мәселені көтеретін «Кешірілген күнә» атты әңгіменің оқушыларға айтары мол. Әңгіме кейіпкері Айгүл сүйген жігіті әскерде жүргенде абайламай шоқ басып, өмірге жеңілтектікпен қарайтын әлдебір алаяқтың арбауына түсіп қалып, пәктігінен айрылады. Сол үшін өзін-өзі кешіре алмай, өзін шындап сүйетін, табиғаты таза, жаны жайсаң Қайсар атты жігітінен бас тартуға бел байлайды. Тосыннан жай түскендей суық хабар Қайсарды есеңгіретіп кеткенмен, ақыл-есінен айыра алмайды. Жаралы жаны жай таппай, қаншалықты азаптанса да, сол үшін өмірден баз кешіп, шыбын жанын пида етер, иә болмаса арақ ішіп, шылым шегіп, өзін-өзі жоғалтып тынатын жасықтық оның бойында жоқ. Қайта, керісінше ол өмірден де, өзінен де түңілген Айгүліне, аңдаусызда от басқан ағат ісіне өзін ғана кінәлап, жан күйзелісіне ұшыраған, өзге ешкімге қимайтын Айгүліне көмек қолын созуға талпынады. Ол әскерде жүргенде тұтқиылдан сап етіп, тұнығын лайлаған әлдекімнің адамгершілікке жатпайтын жат қылығына бола Айгүлдің де, өзінің де өмірлерін қор етіп, болашақтарына көлеңке түсіруге, соған дейінгі армандарынан бас тартуға жан дүниесімен қарсы.

Міне, таң да атып келеді… Өзінде бардың қадіріне жетпей, жанындағысының бақыт екенін сезінбей, адасуының ақыры жан күйзелісіне ұшыратқан Айгүл жанарынан жас тамшылап, төсегіне беттемей, терезе алдындағы үстелде отыр. Жанын қоярға жер таппай, түні бойы сенделген, көңілдегі азабын, өкпе-ренішін Айгүлді ақтау, оған деген қимастық сезімі, махаббаты жеңген Қайсар таң атуға таяғанда өзінің Айгүл терезесінің алдына қалай келгенін білмей де қалады. «Кенеттен жарығы сөне қоймаған терезеге көз тастап еді, бөлме ішінде отырған қызды көрді. Ол әлі жатпаған. Үстел басында қыбыр етпей отыр. Сыртта тұрса да анық көрді. Оның жанарынан үзілген жас моншақтары мөлт-мөлт етіп домалап түсіп жатты. Қыз жас жуған көзін сүртпестен басын көтеріп сыртқа қарағанда, терезе алдында тұрған Қайсарын көрді» – деп аяқталады әңгіме. Оқиғаның немен бітетінін «Кешірілген күнә» деген әңгіменің тақырыбы-ақ айтып тұр. Жинақтағы Қайсар бейнесін әдебиетіміздегі келісті кескінделген образдардың қатарына жатқызуға болар еді деп ойлаймыз. Оның бойындағы сезім тазалығы, махаббатқа адалдық, қиын-қысталаң кезеңде боркеміктікке салынбай күресе білу қабілеті оқушыны еріксіз тәнті етеді.

Кітаптағы новеллалар да, эсселер де, ой-толғамдар да лирикалық тебіреністерге құрылған. Автордың баяндауында жасандылық, жалғандық жоқ. Автор қай нәрсені айтса да тек шынайылық, шындық тұрғысынан сөз етеді. Көркемдік бітімімен, кейде хат, кейде естелік, кейде баяндау сияқты жазылу үлгісімен жинаққа енген үлкенді-кішілі мақала, этюдтердің бәрінен де елімізге, жерімізге, тарихымызға, ана тілімізге деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімі атойлап тұрады.

Егер біз кітап оқыған әрбір жас сол кітап кейіпкерлерінен үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алғаны ләзім деген ешкім таласпайтын шындыққа жүгінер болсақ, жазушы Нұрлан Қалқаның «Әке, сені сағындым» атты жинағының жастарымызға, әсіресе есею табалдырығын енді аттаған бозбалалар мен бойжеткендерге ой саларлық, өнеге шашарлық туынды екенін атап өтуді орынды деп білеміз. Мұндай жинақ, мұндай кітап мектеп кітапханасында болса ғой, оны өмір атты таңғажайып өлкенің табалдырығын енді аттаған, бойжетуге, ержетуге асыққан қыздарымыз бен бозбалаларымыз оқыса ғой деген тілек тіл ұшында тұрады. Жинақтың жастарымызды өмірге ашық көзбен қарауға, сезім пәктігіне, махаббат деген киелі ұғымға кір түсіріп алмауға, сезім тазалығына талпындыратыны шүбәсіз.

Болат БОДАУБАЙ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір