Алғашқы қадамыңнан бастап-ақ қазақ прозасында өз даусыңды таныттың
20.11.2020
1021
0

Белгілі жазушы Тұрысбек Сәукетай таяуда мерейлі 70 жасқа толды. Қаламгер інісін мұхиттың арғы бетінен әдебиеттегі ақсақалдарымыздың бірі – Мұхтар Мағауин арнайы құттықтапты. Қабыл алыңыздар!

Тұрысбек, айналайын, жетпіске келіпсің. Ақсақал жасы. Сен үшін ағайын-туыс, ауыл арасындағы құрметті меже ғана емес, қазақтың биік дәрежелі әдебиетіндегі ақсақалдық мәртебе. Қайырлы, құтты болсын!

Сен алғашқы қадамыңнан бастап-ақ қазақ прозасында өз даусыңды таныттың. Үнемі бір қалыпты, сапалы еңбек үстінде келесің. Оның ішінде алпыс пен жетпістің арасы айрықша жемісті болған сияқты. Жаңа тақырыптар, жаңаша мәнері, ұлттың бүгіні мен болашағына қатысты мағыналы толғамдар. Енді шығармашылық ғұмырда жер ортасынан асқанмен, тұтастай алғанда ауқымды, бәлкім, бұрынғыға жете-қабыл, тіпті, асып-төгіліп жатуға тиіс жаңа бір кезеңнің қақпасын қағып тұрсың. Кұңфудзы: «Жетпіс жас – ойшылдың кемеліне келетін кезі» – деген. Хокусай: «Жетпіс жасымда көркемдіктің биігіне жаңа шықтым» – деген. Өзің білетіндей, үнемі алға ұмтылатын мен жетпіс пен сексеннің аралығында өзгеше тұрпатты толық жеті том жаздым. Сен де анау алыптар, мынау өз ағаң сияқты, тынымсыз және айрықша сапалы еңбек жолында болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, сексен – соңғы меже емес. Кнут Гамсун мен Бернард Шоу тоқсан жасында да көкірегі жырға толып тұрған. Саған да бұйыруға тиіс сара жол, әу бастағы тағдырың.

Күні кеше сияқты, 1984, желтоқсан, алғаш рет менің алдыма келгенің есімде. Жап-жас, әдемі аққұба бала. Мен өзіңді көрместен бұрын жазуыңды таныған едім. Енді осы баспада отырған кезімде сен және сен қатарлы жастардың жолын кеңінен ашуға тырыстым. Бұдан соң «Жұлдызда» біржола табысып едік. Жалғыз әдеби журналдың жоғары көркемдігі, ұлттық мазмұны мен рухани бағдары тарабында өзіммен бірдей еңбек еттің. Тіпті, жаңа мен жақсыны алға шығаруда тікелей нұсқаушы болдың.

Өмір деген – өте күрделі құбылыс. Қиындығы, қызығы мен игілігі өз алдына, оппасы мен бұдыры да мол. Айныма, ауыспа жағдайлар да ұшырасады. Сен үнемі бір қалыпты келесің. Ешқашан әуелгі жолыңнан тайған жоқсың, өнерге адал, ағаға сенімді, досқа мейірбан болдың. Сені өзгеше жазуың ғана емес, осы, бүкпесіз, тұрақты мінезің үшін де жақсы көрем. Орайында, екеуміздің ағалық-інілік қатынасымыз кейінгі буын арқылы сенің де басыңа келсін, деймін.

Әманда денің сау болсын. Қаламың мүдірмесін. Бала-шағаң, әулетің өсіп-өне берсін. Ақылды келініме менің ағалық құрметім мен тілектес сәлемімді жеткізерсің. Қосақтарыңмен қоса ағарыңдар.

Көңілде тұрған сөз көп. Қайсы бірін айтып бітерсің. Ең бастысы – ұзақ ғұмыр бұйырғай. Сексенге келген мен де бар жазуымды тауысқам жоқ. Тағы қаншама жаңа тақырып анталап тұр. Сен де дәп осындай жағдайға жетерсің. Оған нық сенем.
Құшақтап, бауырыма бастым.

Мұхтар ағаң МАҒАУИН,
Күміс Бұлақ кенті, Мэриленд, АҚШ,
9.ХІ.2020.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір