Төкен Әлжантегі. Сұршақыз
18.11.2020
2631
0

– Ишай-ей, ишай! Ишай-ей, ишай-ау-ей!..

Нағашымның үйіне келгелі құлқынсәріден құлаққа жететін осы дауыстан оянатын әдет тауып алдым. «Ишай-ей, ишай!..» Әуелгіде тым баяу басталып, артынан зарлы толқынды қанатына қондыра көтеріле беретін әуен көп ұзамай өксікке ұласып, артынан созалаңдай барып үзіліп тынады екен. Көтерілетіні – дауыс иесінің саған жақындағанын ұқтырса, үзіліп тынатыны – оның алған бағытынан жаңылыспай, мына маңнан ұзап кете барғанын аңғартатыны түсінікті жағдай. Бәрі сап тыйылғанда айнала қайтадан мүлгуге ден қойып, алыс-жақынға тыныштық орнайтыны табиғи заңдылықтан, әрине.

Таңданарлығы сонда, беймезгілде тәтті ұйқысын бұзған дыбыс иесіне былайғы жұрттың назасы байқалмайды. Бәрін қалыпты жағдайдай қабылдаған әйелдер қауымы ерлерін жұмысқа шығарып салуды ниет ете ертеңгілік ас-суларын дайындауға кіріссе, ер-азаматтар ендігі тірліктің қарекетін ойша саралап, соның нәтижесін көруге қам жасайтыны әдеттегі қарбалас.

«Ишай-ей, ишай!..»

Бас-аяғы нақталмаған, мән-мағынасын және түсініп болмайтын әуенге бара-бара етім үйренгенін, тіпті тыңдай түсуге ынтығым ауғанын бүгер жайым жоқ. Бәлкім, бұл ынтық анау жанның ішкі сырына қаныққым келгенінен, мүмкін, бейтаныстың беймәлім тағдырына қызығушылық танытқанымнан, әйтеуір, елең-алаңда елегізи оянып, құлағымды сыртқа тосар дағды тапқаныма біреу сенсе, енді біреу сенбес те. Әйткенмен, оқиғаның дәл осылай өрбігені ақиқат-ты.

Міне, ауылдың батыс тұсына жантайған төбе жақтан ескен жел алакөбеде тосын дауысты тағы да жеткізді: «Ишай-ей, ишай-ау-ей». Түсінбегенге жай ғана ауаға көтерілген ырғақ сынды. Бірақ оның түп тамырында зіл жатқанына шәк келтірмеймін. Шынтуайтында, бір тағдыр трагедиясы қалқадан қара қалқайтуы бек мүмкін ғой.

Бар пейіліммен қанығуға асыққан құпияның тартымдылығы сонда, тұрғындар арасынан осынау дауыс иесінің қашан ұйқыға жатып, қашан тұратынын тап басып айта алатын пенденің табылмағаны, тіпті ол туралы әңгіме сабақтаудан қашатыны қызығушылығымды одан әрмен күшейткен еді. Әгәраки, сөз қозғала қалса, көздері бақырайып, түкке түсінбегендей иық қушитысатындардың жасандылығы құштарлығымды тіптен аспандатып жіберген. Алайда сезіну мен көрудің ара алшақтығы жер мен көктей екенін түсінген шамада тоң астындағы шындықты әлі білмейтінімді мойындауға мәжбүр болдым. Тап осы тұстағы менің бар білетінім шығыс жақ бозаң тарта бастағаннан жұмбақ жанның талдың қисық бұтағынан қиылған ақжем таяғын шиыра көшеге шығатыны, сонсоң көше бойымен өзіне ғана түсінікті әуенін қайталай ауыл сыртына қарай ұзайтыны. Еңкіш тартқан жауырыны алға еміне, ескі калошты сүйреткен аяқтары бір-біріне шалыныса әлдеқайда асығып бара жатады.  

Өзін ауыл иттері де әбден танып алған-ау шамасы, жайшылықта бейсауат қара көрінсе, бірінен екіншісі іліп әкете шәуілдесіп, айналаны азан-қазан ететіндер тап мына бейбақ бой көрсеткенде жым. Үйшігі бары үйшігінің ішінде, жоғы қора-қопсы маңайындағы орындарынан көтерілуге еріне марғау жата береді.

Олар жатсын-ақ. Ал менің бұдан әрі тыныш жатуға төзімім жетпеді. Таңсықтық жеңіп, сирексігенімен әлі жарығын өшіре қоймаған жұлдыздары көзін сығырайтқан аспан түнгі қошқылдығын сәл басқан мезгілде үйреншікті дыбыс иесіне жолығып, ыңғайы келсе – әңгіме-дүкен құруға ниетім ауа үй сыртындағы жол жиегіне шықтым.

Әне, ол жақындап қалыпты. Ешкіммен шаруасы жоқ, ештеңеге және зауықсыз, тек көмейінен лоқ-лоқ төгілер ырғақтан жаңылыспауды ойлаған бір болмыс.

– Ишай-ей, ишай! Ишай-ей, ишай-ау-ей!..

Бойы ортадан сәл жоғары, сидаң, киімі жұпынылау, таңғы салқыннан қорғана жамылған шашақты үлкен орамалы тізесін қаққан әйел заты. Мына қалпында жас шамасын айыру мүмкін еместігін аңғарасың. Өйткені  маңдайына түскен орамал шашақтарының арасынан жүріс ырғағымен бірде сәл-пәл ашылып, енді бірде тасаға жасырынған беті нақтылыққа жүгіндірмейді. Оның үстіне, таңғы бозамықтық та айқындыққа қалқан шақта орынсызға бой алдырмағаның жөн сияқты.

Солай бола тұрса да батылдыққа барып:

– Сәлеметсіз бе? – дедім ол дәл жаныма жеткенде амандық-саулық сұрасуға ыңғай таныта.

Пысқырмады десе болғандай. Ең құрымаса, дауысымды естіген сыңай танытпады. Әлденені немесе әлдекімді жасқағандай қолындағы таяғын алдына қарата сермеп-сермеп қойып өте шықты.

–  Апай, сізді күтіп тұр едім…

Соңынан дауыстағаныма тағы қайырылмады. Құдды, жер бетінде өзінен басқа адам жоқтай тарпаң әрі паң. Әлде әлденеге алабұртқан, соған жетуге асыққан кейпі ме екен, мына жүрісі? Ол да мүмкін-ау…

Сөйткенмен, осы ұшырасу үстінде әуен иесінен үркудің реті жоқтығына көзім жетті. Шалықтаса – шалықтаған жан шығар, әйткенмен орынсыздыққа бастар тосындықтан адалығы көңіліме үміт ұялатты. Олай болса, несіне  өкпелеп, неден тартыншақтағандаймын? Осы көшемен кетті, осы көшемен оралары белгілі. Ендеше тап осы арада тосып аларым анық.

Ауылда көше дейтін көше де көп емес, айналасы үш-төрт қатарға тізіліп, үйлері жылымшылай ағатын өзен бойын қуалай сап түзген елді мекен. Яғни, еніне көңіл толмағанымен, ұзына бойына аяқ талатын жер. Батысына, жоғарыда айтқанымдай, биіктеу төбе жантайған. Өзен арнасы оны қақ жарып өтеді. Міне, осы жармада екі-үш қабатты үйдің биіктігіндей жар бар. Бала кезімізде, нағашы ауылына қонақтай келіп талай ойнағанбыз, жарқабақтың өзен жақ беті пышақ кесті болатын. Оған шығу түгілі түсудің өзі анау-мынаудың ебіне сынақ салатынын талай көргенмін. Бірақ оның мына әйел затына қатысы барына әлі қанықпаған кезім.

Иә, адамзат баласының өмір барысында бар мен жоққа қанығатын, немесе қанықпайтын, бір сөзбен айтқанда екіталайлықтың арасында сенделіске ұрынатын шақтары тым көп. Мұның барлығы уақыт деген кереметтің пәрменімен жүретініне таласа алмайсың. Уақыт – патша, уақыт – алдаспан. Әмірі күшті, жүзі өткір. Сәл шалыс бассаң, сілікпеге салуы, тіпті қидалап тастауы бек мүмкін. Керісінше, кейде қайырымдылығы да асып-төгіледі. Бұл енді өзіңнің бақталайыңа байланысты. Жол бойында тұрғанда мен де уақыттың қайырымдылығына, бақталайымның сәттілігіне сенгендей едім. Ақырында көшенің арғы басынан әлгіндегі әйелдің қарасы қайтадан қалқайғанда сенімімнің алдамағанына шүкіршілік еттім.

Ол аяңдап келеді. Бағанағыдай емес, әр басқан қадамында байсалдылық бар. Қолындағы таяғын орынды-орынсыз шошаңдата бермейді, жерге нық қадауға тырысады. Әуені жайына қалған. Қалың ойға шомып кеткендей.

– Сәлеметсіз бе, апай?

Жаныма жете бере кілт тоқтады. Өзіне бағытталған дауыстың шыққан-шықпағанына сенбегендей табан ізін баға біраз аялыс жасады. Сонсоң сөйлесер жанның табылғанына таңырқаған сыңайда:

– Аманбысың, шырақ? – деді немкеттілеу.

– Шүкір. Өзіңіз ше?

Жалт қарады. Шалт қимылдан ырғалған шашақ тасасынан жарқ еткен көзі талаурап тұр. Өңменіңнен өтердей өткір екен. Денем дір ете түсті.

– Е, мені Құдай алмаса, басқа кім алар дейсің, жүрміз ғой дәм-тұз таусылмаған соң далбасалап.

Біреу дігерлегендей асығыстау сөйледі. Дегенмен сау адамның сөзі. Кәдімгі ауыл әйелінің амандық-саулық сұрасқанға қайырар керенау жауабы.

– Айтпақшыдай… – Ойланғандай сәл бөгеліс жасады, – Осы сен әлгінде мені апай деп атадың ба?

Іш тартқанымды білдіре:

– Әлбетте. Жасыңыз үлкен болғаннан кейін айтқаным да, – дедім апырақтай  әрі анау жанның жауаптасқанына қуана.

– Жөн. Жасым үлкен екеніне таласпақ емеспін. Бірақ апайдан гөрі маған жеңге дегенің дұрыс шығар. Қанша айтқанмен, ағаларыңның шаңырағын бағып отырған жайым бар ғой.

– Жақсы.

– Әп, бәрекелді! Түсінігі бір басына жетерлік сендердей қайны берген Жаратқан ием мені кем қылмас.

Ол әжептәуір көтерілген күн көзінен бусана бастаған жермен бірге қызынғандай бүркенген орамалын иығына қарай ысырғанда беті ашыла қалды. Самай тұсын ақ шалған ақсұр өңді келіншек. Маңдайы мен көз айналасына әжім қонақтапты. Әсіресе маңдайындағы сызықтар қимыл-қозғалыс үстінде тереңдеп, мына жанды есейте түсетіні сөзсіз. Дәл сонда, жұрттан естігендей, қырықтың қырқасына жетер-жетпес емес, алпыстың жотасындағы жан көз алдыма келгенін жоққа шығармаймын.

– Әй, бірақ… қайын боп қайырымға келмедіңдер-ау. Ең құрымағанда отындығымды жарып бермегендерің жаныма батады. Мұсам болғанда кімге жалынғандай едім? Әттең… Әттең, маңдайыма сыймады ғой!..

Мұса дегені күйеуі болса керек, ол бір сәтте өзгеріп шыға келді.

– Таң атпай неге қорымға асығамын? Қара жерде жата-жата жамбасы тесілді ғой, байғұстың. Сыз өтуі де мүмкін. Сондықтан  қылаңнан барып бір мезгіл оны жылытқым келеді. Топырағын сипалаймын. Еркелетемін. Әрнені айтқанымда кәдімгідей жауап қатады. Жауап қатқаны сол емес пе, қос құлаш тұс дүр сілкініп қоя береді.

Ақсұр келіншек тәтті бір сезім құшағына енгендей қолын кеудесіне қойып жымиды.

– Бармасам, балаша өкпелеп қалатынын қайтерсің? Өткен қыста, теке бұрқыл кезінде, қатты боран соғып, содан екі-үш күн далаға шыға алмағаным бар. Ал боран басыла құстай ұшып жетсем, Мұсам бұлқан-талқан. Қардан аршып қабірін сыйпасам, илікпейді. Сұп-суық. Жалынып-жалпайып әзер дегенде райынан қайтардым. Солай, қайным, біздің жұбымыз жазылып көрген емес. Жазылмайды да. Түсіндің бе!?

Есіне әлдене түскендей қолдарын ербеңдете бастады да, кілт бөгелді.

– Білесің бе, көзі барда Мұсам менің атымды атап көрген емес. «Сұршақыз» дейтін еркелетіп. «Сұршамды миллиардтардың арасында жалғызсырамасын деп Құдайдың өзі маған бере салған. Олай болса, Құдайға қарсы шығар шамам жоқ. Сондықтан жерде де, аспанда да сен менің жалғызымсың. Мұны өмір бойы біліп жүргейсің», – дейтін. Міне, осыны айтқан адамды қалайша ұмытармын, қалайша сыйламасқа! –               Қолдары дірілдей, басы қалт-қалт ете қалды.

«Әндір, әндір, әндірдай,

Ішімді оттай жандырды-ай.

Сөйтіп жүрген Сұрша қыз,

Көкшетауда қалдың-ай.

А-а-а-а

Сұрша қыз,

Енді есен бол-ай».

Менің Мұсам үйде осылай әндетіп отыратын. Бірақ  қателесіпті. Мен Көкшетауда емес, осы ауылда қалдым ғой. Іздесе, бәлкім, тауып алар… – Есіне әлдене түскендей дүр сілкінді. – Шынында да, ол адасып жүргеннен сау ма өзі? Менің мұнда екенімді жадынан шығарып алған шығар, ә? Қой, ертең басына барғанымда жөнімді айтайын. Бәлкім, сонда бір-бірімізге жолымыз түсіп, қайтадан табысып қалармыз…

Ақсұр келіншек енді бөгелмеді, әлденеден үміттенгендей «Ишай-ей, ишай-ау, ей!» – деген үйреншікті әуенін жандандырған қалпы таяғын құлаштай сермеп ұзай берді. Жайдан-жай ұзамады, өз тағдырына қатысты тартылысымды одан әрмен емексіте елеске айналып кете барғанын білмеді де.

 

***

Жұмбақтың шешуіне қанықпастан қалаға қайтқанымның өкініші жанымды ұзаққа мазалағанын ұмытпақ емеспін. Тап сол күндерде ауылдан кете қояйын деген ой басыма мүлдем келмеген де. Алайда жоғарғы оқу орнын аяқтаған тұста жұмысқа тұруға жазған өтінішіме орай жеткен шақырту хабары алды-артыма қаратпады. Осылайша Сұршақыздың бұдан былайғы тағдыр-талайынан көз жазып қалғандай едім.

Әйткенмен…

Қыс ортасында қапшықтарын арқалаған нағашы атамның қалаға келуі жағдайды мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді.

– Әй, шырағым, дүниедегі ең ауыр наза кімдікі екенін білесің бе? – деді нағашым табалдырықты аттар-аттамаста шоқша сақалы селкілдей, қызылшырайлы беті суықтан келгенін байқата бөрте түскен қалпы өрекпи сөйлеп.

Иығымды қушитқан едім жанып түсті:

– Әне, бұлардікі осы, жөн-жосықтан мүлдем бейхабар. Қалай адам, қалай қазақ боласыңдар, ә!?

Нағашым сыртқы киімін ауылдағы әдетімен босағаға тастай сала, қабырғаға жанастыра орналастырылған аяқ киім қоятын сәкі үстіне отыра бере былғарыдан тігіліп, ішіне киіз байпақ сырылған етігін шеше қайта сөйлеп кетті:

– «Жиен – ел, желке – ас болмас» дегенді ертедегілер әзілге сайып айтқан ғой. Сайыған да, онысын жуып-шаю үшін «Жиен неге ел болмасын – жайлы болса, желке неге ас болмасын – майлы болса» деп, әзіл соңын сиырқұйымшақтатып, жөнге жығылған сыңай танытқан. Бұл – жұрағатты кемсіткенінен емес, керісінше жоғары қойғанынан, әрине. Қыздың баласына деген ерекше құрметтің нышанынан. Құрметінен ғой, жиен назасына қалмас үшін оның қолын ешқашан да қақпаған, еркелігін көтерудей көтеріп баққан. Нағашы әжең де, өзіңді жақсы көргенінен, әне бір қапшыққа бірдеңелерді бөлек тыққыштап жатқан. Жеке сыбағаң екені айна қатесіз. Ендеше, әжеңнің арнағанын әкең мен шешеңе жалтақтамай өзің же, білдің бе?

Ол кісінің жолдан келгенін ескере өз әлімше шай демдеп, дастархан басына шақырғанымда да тілден танбады.

– Біле-білсең, қала дегенің ауылдың арқасында күнін көрген. Ауыл болмасыншы аштан қататындарың анық. Анау әкең мен шешеңе анда-санда осыны ескертіп отыр. Сонда олар елге ат ізін салуды ұмытпайды. Әйтпесе, анау не еді… е-е, әквәрүм деуші ме едіңдер, сондағы балықтай жұмыс-үйді ғана біліп, қайран кеңшілікті естерінен шығарып алғандары жарамайды. Айтасың ғой, ә?

Атам қызы мен күйеу баласына арналған назын осылай жеткізіп тынған бойда қарап отырмай:

– Сұршақыз аман ба? – деп сұрадым түйеден түскендей тоқ еткізе.

Үлкен кісі аңтарыла қарады. Бадырақ қой көзі одан сайын үлкейіп таңданысын жайып салды.

– Оның Сұршақыз екенін қайдан білесің?

– Жұрт сияқты сыртынан күңкілдемей өзімен бір-екі ауыз тілге келгенім болғасын амандығын білейін дегенім ғой.

Ауызына апара берген кесесіне ерінін тигізбестен алдына қоя салды.

– Фатиманың жанама есімінің Сұршақыз екенін екінің бірі біле бермейтін еді, содан сұрағаным да… – Көзін төбеге қарата аудара бере қозғалақтап қойды. – Алла иманын берсін, ол байғұс бақилық болған.

Жүрегім шым ете түсті.

– Қалайша? Мен кеткенде «ишайын» айта қаздаңдап жүр еді ғой.

– Е-е, сен кеткелі жаз түгілі күз өтіп, қыс түскенін ұмытқансың-ау, айналайын.

Ішімді бір сұрапыл күш бүріп жіберді. Жанарыма жас тығылды. Бірақ жылай алмадым, ерінімді тістелеген күйі отырып қалдым.

Нағашым оқиғаны сыздықтатып баяндай бастады.

– Биылғы «Теке бұрқыл» «алам» деген пиғылмен-ау шамасы, ашулы кірді. Алай-түлей бораннан көз ашпағанымыз күні кеше ғана. Ара-арасында, бұрқасын сәл басылған шамада, табиғатта бұрын болмаған жағдай, сары аяздың сақылы апшымызды қуырып-ақ жіберген. Міне, осыдан кейін адамдардың бір-біріне қатынасы үзіліп, қора-қопсы маңынан ұзай алмай қалған тұста құлаққа жеткен тосын хабар баршамызды аяғымыздан тік тұрғызған еді. Фатима жоғалып кетіпті. Тәрізі, қорымға баруға шығып, адасып кетсе керек. Содан ауылдағы тайлы-таяқтымыз қалмай іздеуге жұмылдық. Адамдар біріне бірі ұзын арқанмен жалғаса із кессе, трактор біткен гүрілдеп-барылдап айдаланы азан-қазан етіп қоя берді. Таппадық. Тек, боран толас алған бір тұста ауыл иттерінің қорымның сырт жағына қарап үруі көбейіп, солай барғандар қар астында қалған оның денесін аршып алып шықты. Ауыл болып Мұсасының жанына жерледік. Алла қаласа, жаз шыға бейітін көтереміз деп отырмыз. Солай, шырағым.

Ентігін басқысы келген жолаушыдай сәл тыныс қайырған нағашым әріде әңгімесін жалғай түсті:

– Мұса мен Фатима біздің ауылға кейіннен қосылған отбасы. Әуелі Мұса келді. Прораб екен. Құрылыспен айналысты. Сонсын үлкен қаладағы оқуын аяқтаған Фатима қара көрсетті. Екеуі өте жарасымды жұп болатын. Жарасымдылықтарының арқасында елге сіңісті болды. Амал нешік, шамалы уақыт қана жұп құрды. Өздері қаламады ма, әлде Құдай жарылқамады ма, осы аралықта екеуіне ермек болар қызылшақа бұйырмады. Жаздың бір демалысында таза ауада серуендеп жүріп жар басына шыққан ғой. Кәдімгі өзен жағасындағы жарды айтамын. Оның жағалау тұсы пышақ кесті тік болғанымен, дала беті жадағай-ды, білерсің. Міне, сол жерде, жазуға не шара, бірін-бірі түртпектеп ойнап тұрып, қапияда Мұса жардан құлап кетіп, мерт болған еді.

Қаза арты үлкен дауға айналғаны жұрттың есінде. Бәріне кінәлі өзім деп түсінген Фатима кінәні мойнына алып, сотталып кетуге бел буса, қорғаушысы кездейсоқтықтан болған оқиға екенін дәлелдеп, оны қылмыстан арашалап қалған-ды.

Алайда мына соққыны көтере алмаған Сұршақызды шалық шалды. Өз ісіне есеп бермей, «ишай-ей, ишай» деп қорымға қарай қашуды әдетіне айналдырды. Туыстары жындыханаға жатқызды. Болмады. Елдеріне әкетуді ойлады. Көнбеді. Бір-екі рет күштеп әкеткендерінде қашып келді. Адаспағаны таң қалдырады. Ақыры жеңіп тынды. Содан бері Мұса екеуіне бұйырған баспанада жалғыз тұрып жатқан.

Рас, алғашында ауыл-ел болып кезек-кезек күзетіп жүрдік. Ал бөлек ниеті жоқ екенін білгенде көршілер сақтығын қожырата бастады. Дегенмен  көмірін түсіріп, отынмен қамтамасыз етіп, ас-суын алып беріп отырғанымызды ешкім жоққа шығармайды.

Оның бір ғана дағдысы болды: таң атар-атпастан бейітке қарай жөнеледі. Одан оралғаннан кейін ешкіммен шатағы жоқ, тып-тыныш, үй ішілік күйбеңмен айналысып жүре береді.

Қайтар күні де қорымға асыққан сыңайын байқаймыз. Тек, ақтүтек боранды ескермеген, жолынан адасып кеткен. Ақыры жан-тәнімен жетуге асыққан ерінің жанынан орын бұйырғаны ғана жұбаныш…

Мынаны ести отыра жаным күйзелді.

Бірақ тағдырға не дауа, басқа салғанға көнетінің сабырға шақырғандай.

«Мына дүниеде бұйырмаған бақытың ана дүниеде өзіңді тапсын, Сұршақыз!» – деуге ғана шамам жеткен еді.

 

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ, жазушы:

 

СҰРШАҚЫЗ – ЖИЫНТЫҚ ОБРАЗ

         – Аға, әңгімеңіз жұмбақ күйде басталып, оқырманды қызықтырып әкетеді екен. Дәстүрлі сұрағымыз: бұл шығармаңыздың идеясы қалай туды?

         – Менің шығармаларым көбіне қиялдан туады. Әңгіменің бастауы мен соңғы нүктесінің сұлбасы анықталғаннан кейін орта тұсын мида пісіріп аламын да, жазуға отырамын. Жастау кезімде ұшқыр аттай сөре сызығын тез қиып өтуге тырысушы едім, ал қазір мипаздап отырып алатын әдет тауып алдым. Қиналатын сәттерім көп. Сөз ырғағынан жаңылыспауды көздеймін. Сонсын, сөйлем құрылымына, тіл шұрайына қатты назар аударамын. Шығармашылығымның бастауында Ақселеу Сейдімбек, Қалихан Ысқақ ағаларым менің шығармаларымдағы тіл көркемдігіне  қызығушылықпен қараған еді. Сол кісілердің сенімінен төмендемеуді мақсат тұтамын. Сондықтан да болар, туындыларымды оқыған оқырмандарым тілдік қолданысымның жинақылығын, сөздік қорымды жиі тілге тиек етіп отырады.

         – «Сұршақыз» әңгімеңізден алғашында магиялық реализм элементтері байқалғандай болып, шығарма желісі соңына таман реалистік сипатқа ұласады.

         – Әңгімеде магиялық реализм элементтері болса болар. Әйткенмен,  бұл – нағыз өмірдің сипатын ашатын шығарма деп ойлаймын. Қазақ әйелін сомдаған қазақы  психология қалыптастырған шынайылық Сұршақызды осы күйге жеткізді деп ұғынған жөн. Қазақ әйелі сүйсе – шын сүйе алады, жыласа – басқалар сияқты өтірік қорсылдамай, шын жылай біледі. Олай болса, аңдаусызда қосағының жардан құлап өлуіне өзін кінәлі санауы Сұршақызды психикалық ауытқушылыққа алып келгені даусыз. Осы жағдайда да ол ерін – ер деп танып, оның шаңырағын құлатпауға барын салады. Шалықтаған сәттерінде бейітке баруы, содан көңіліне демеу іздеуі бұл әйелдің Мұсаға деген сезімінің кіршіксіздігін, махаббатының тазалығын көрсетсе керек.

         Иә, махаббат – мәңгілік тақырып дейміз. Ендеше, сол мәңгілік махаббатты жазудан жалықпайық.

         – «Түп тамырында зіл жатқан» тосын дауыс иесі өмірде болған адам ба?

         – Шалғай ауылдарда түрлі жағдайлардың болып тұратынына және әртүрлі оқиғалардың орын алғанына бала кезден қанықпыз. «Далада ұйықтап қалып, содан осындай болған», «Ай туғанда, өзен жағасында көзі ілініп кетіп шалық шалған» деген сияқты сөздерді естіген құлақта жазық жоқ. Тіпті, «Қыз құлаған» деген жартас атауын естігенде оның аңызын білуге құмартқанымыз кеше ғана сияқты-тын. Міне, осылардың барлығының соңында адам тағдыры тұрғаны талассыз. Жер бетінде қаншама адам болса соншама тағдыр барына ешкім күмән келтірмейді. Олай болса, осы тағдырларды шығармаға арқау ету арқылы қаламгерлер адамдарға рухани азық сыйлауға бар. Ол шығарманы кім қалай қабылдайды, ол екінші жақтың талғам-түсінігіне байланысты.

         Осы орайда мынаны айтқым келеді, өз басым қияли дүниелерден аулақ жазушылардың жазғандарын оқуға құмармын. Маған салса, кейінгі Эдгар Подан гөрі арғы замандағы Стендаль, Мопассан қаламынан туған дүниелер жаныма жақын. Ал қазақ жазушыларына келсек, өмірден өтіп кеткен ағаларымның бәрін оқуға уақыт табуға тырысамын. Өйткені олардан үйренерім бар. Ең құрымағанда сөздік қорымды жетілдіріп отыратынына сенімдімін.

         Ал  Сұршақызға оралсақ, ол – жиынтық образ.

         – Әдетте, осы тектес тосын оқиғаларды есту мен оның көркем туындыға айналуы ұзақ уақытты қамти ма?

         – Өмірде болып жатқандарды қағазға түсіру қиындық туғызбайтын шығар. Дегенмен, ол қалай түсті, оқырманға берері бар ма? Міне, осы жағына ой жіберсек, үлкен салмақты сезінетініміз анық.

Соңғы төрт-бес айдың көлемінде үш әңгіме жазыппын. «Пандемия сілікпесі» – әлемді тітіркендірген сырқатқа арна тартса, «Адасқан махаббат» әңгімесі – жалған дін шырмауына түскен қыздың тағдыры жайлы сөз қозғайды. Үшіншісі алдарыңызда тұрған – «Сұршақыз». Үшеуі де – өзекті тақырыптар. Осыны жадыға түйсек, «бүгінгі күн шындығын қамтитын шығармалар жоқ» деген пікірді айтатындар – көркем шығарма оқымайтындар немесе өз ортасынан ұзауға асықпайтындар деп түсінемін. Әйтпесе, осы заман өрнектелген шығармалар жоқ емес, бар ғой. Тек көретін көз, қабылдайтын сана бұйырсын кім-кімге де.

         Сонсын бір айтарым: «қазақ әдебиетінде поэзия алға шығып, проза кенжелеп қалған» деген ұшқары пікірге сенбегендеріңіз абзал. Жоқ, проза ешқашан кенжелемеген. Ол көтерер жүк ауыр. Міне, сол ауырлықты қайыспай көтеріп тұрған проза қазақ қаламгерлерін алда да ұшпаққа шығаратынына сенемін.

         – Сұршақыздың тағдыры арқылы қандай ой түйдіңіз немесе қандай ойды түйіндегіңіз келді?

         – Сұршақыздың тағдыры – аянышты тағдыр. Міне, осы тағдырдан оқырмандар ой түйсін деген ниет қой менікі. Әр адам өз өмірін қолжаулыққа айналдырмай, тек жақсылыққа жетуге тырысса – болашақ жарқын. Ендеше пендеуи дүниелерден арылып, адами болмысымызды жаңғырта берейік.

         Ләйім, бәрімізді жақсы да жарқын күндер жарылқасын!

         – Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір