АБАЙ МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУДЕГІ КЕЙБІР ШАЛАҒАЙЛЫҚТАР ТУРАЛЫ
03.11.2020
1469
0

Қазақ әдебиеттану ғылымында Абай мұрасын зерттеуге қатысты көптеген айтыс-тартыстардың болғаны белгілі. Абай шығармаларының 1945 жылы жарық көрген академиялық басылымына араласқан Ә.Қоңыратбаевтың жеке мұрағатында әлі де жарық көрмеген дүниелері бар екен. Солардың бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мұнда автор 50-жылдардағы айтыстың ізімен абайтанудағы шешімін таппаған  өзекті мәселелерді тілге тиек еткен.

 Әуелбек ҚОҢЫРАТБАЕВ


 Абай ақынның мұрасын жинап, көпке тарату, оны зерттеу ретінен бізде аз жұмыс істелген жоқ. Бұрын Абайдың атын, еңбегін азшылық қана білетін болса, совет үкіметі тұсында оның тамаша шығармалары қалың көпшіліктің өз қолына барып тиді. Қазақ халқымен бірге оның бай қазынасын көршілес халықтардың бәрі де сүйіп оқиды. Олар халықтар арасындағы достық идеясының жаршысы болған Абайды ұмытпайды.

Абайға деген мұнша ықылас кездейсоқ нәрсе емес. Абай қазақтың ел болу жолын көрсетіп,  жаңа мәдениетінің желісін сызды. Ол өзінің әдеби тілі болмаған көшпелі қазақ ауылында өмір сүрсе де, орыстың Пушкин, Крылов, Гоголь, Лермонтов, Салтыков, Толстой, Белинский, Чернышевский сияқты көркем сөз бен азатшыл ой алыптарынан үйрене отырып, қазақтың жаңа әдебиетінің үлгісін пішті. Абайды біз дәл Пушкиннің қатарына қоймасақ та, оның өз халқының тағдыры, болашағы үшін істеген прогресті еңбегін жоғары бағалаймыз.

Абай жөнінде болған 1929, 1934 және 1950-1951 жылғы айтыстардың пайдалы жағына қарамастан, біз әлі де болса Абай мұрасын зерттеуді өзінің тиісті дәрежесіне жеткізе алғанымыз жоқ. Абай шығармаларының толығырақ басылуы 1945 жылғы жинақ десек, мұның да шалағайлығы аз емес. Сондай толық жинақ академиялық басылым аталса да, ақынның өмірбаянысыз жіберілді. Қай ақынның болса да өмірі, заманы, оның  шығармаларының идесы мен әдістері  дұрыс талданып, дұрыс топтастырылмайынша, оқырманның көпшілігі ол жайында толық ұғымдар ала алмайды. Абайдың өмірбаянын жасаудың өзінде осындай кемшілік боп отырғанда, оның мұрасын танудағы проблемаларды айтпаса да белгілі. Абай мұрасын зерттеуді өз дәрежесіне жеткізбей тұрып, қазақ әдебиеті тарихын жасауды да дұрыс шешіп шығу мүмкін емес. Сондықтан бұл тұстағы шабандық пен шалағайлықтарға төзуге болмайды.

Соңғы жылдары болған қызба айтыстар күрделі еңбектерге жолбасшы бола алмады. Оның себебі айтыс Абай шығармаларының  барлық буынын емес, соның 1-2 саласын, атап айтқанда, «Абайдың шәкірттері кім?», «Абайдың Шығыстан алғаны бар ма?» деген мәселе төңірегінде ғана жүрді де, шеңбері тар болды, қорытылмады. Аяғы саясатқа ұласып кетті. Бірақ айтыстың пайдасы аз болған жоқ. Мәселен, кейбіреулер өздерінің идеясы, әдеби әдісі жағынан Абай дәрежесіне жетпеген Көкбай, Мағауия, Ақылбайларды асыра дәріптеу Абайды құтқару емес, батыру, төмендету болады дегенді айтты. Көкбайдың Абай әдісінен алшақ ақын екенін жұртшылық  дұрыс көрсетті. Ақылбай мен Мағауия да Абайдың реализмін алмай, романтизмге көбірек салынды. Осы тұста Абай шәкірттерін оның туыс-тумаларынан ғана емес, кейінгі қазақ әдебиетінен іздеу керек деген пікірлер де бой көрсетті.

Бұдан келіп, әрине, Абай төңірегіндегінің бәрінен үрку, соның ішінде 1909 жылы ұлы ақынның өлеңдерін тұңғыш рет бастырып, оған Белинский үлгісімен баға беруге тырысқан Кәкітай Ысқақовқа да «ұлтшыл», «байшыл» деп қарғы тағу, безу керек деген сөз шықпайды. Абайдың айналасы ішінен оның шығармаларының идеясы мен әдісін дұрыс әрі терең түсінген Кәкітай болды десек артық емес. Мәселенің түйіні әдебиетшінің тегінде емес, ісінде, бағытында. Әйтпесе Абайдың өз басы кедей табынан шығып па? Мұндай дөкір социологияға негізделген «солақайшылдықтың» өзі авербаховщинамен ғана туысады демесек, ғылыми танымға  жанаспайды. Кәкітай — өз кезіндегі елеулі әдебиетшіміздің бірі. Абай «шәкірттері» жөніндегі айтыстың бір қорытындысы осы.

Абайдағы «шығыстық сарын» туралы айтыстың да жұртшылыққа ой салған жақтары бар. Бірақ сыңаржақтығы да болды. С.Нұрышев Абайдың алғашқы кезеңін дұрыс мәселе етіп сөз қылса да, соны өзі ғылыми тұрғыдан шешіп бере алмады. Абайдағы «шығыс әсері» мен шығыс идеологиясының  зиянды салдары деген мәселені шатастырып, ақынның «Юзи раушан», «Әлифби», «Шағатай ақындарына» деген 2-3 өлеңін төңіректеді.  Абайда ислам  идеологиясына байланысты қайшылық болды. Ақын діншілдерді сынаса да, деист, скептик болып қалды. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай дін қағидаларын кейде өзінің этикалық нормаларына да қосады. Исламның болмысын тани тұрса да, ол 1902 жылдан бастап өзінің «ғылым, әделет, махаббат» деген жаңа этикалық жобасын ұсынып, әделеттің тәңірден қалған жолы бар дейтін ұғымға жол береді.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп ғадалатты.

Бұл тұстағы Абайдың дүниетанымы Толстоймен сарындас.  Мұны бүркеу Абайға да, кеңестік әдебиеттану ғылымына да пайдасыз.  Нұрышев мәселенің осы жағын байқамады.

Сол сияқты М.Әуезов мақаласындағы Абайдың алғашқы кезеңі өзбек, тәжік ақындарына соқыр еліктеудің жемісі болды деген пікірдің де тиянақсыздығы бар. Біздіңше, Абай 1858-1870 жылғы өлеңдерінің өзін де өзбекше емес, қазақша бастаған және сол өлеңдерін түгелімен әзіл-сықақ арнасында жазған.  Бұлар болашақ Абай сатирасының тырнақалдысы. Мұны «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа» деген өлеңдері ғана емес,  «Юзи раушан», «Әлифби» өлеңдерінің өзі де дәлелдейді. Бұл өлеңдерде Абайды жетелеп бара жатқан ештеңе жоқ. Абай «сыйынатын» шығыс ақындарында реализм әлсіз болып, үздіксіз бір канонға айналғандық байқалатын. Сарай ақындары патшаларды мақтап, феодализм «жұмақ» деп білсе, Ясауиден басталатын Орта Азиядағы сопылық поэзия «Пайғамбарымыз  мығрашқа шығып дидар көрді, ол бірінші факир еді» деп, тәңірге қосылуды ғашықтық, сұлу қыз, шарап түрінде жырлады. Орыс әдебиетіндегі махаббат поэзиясы  адамның азаттық күресінің, гуманизмнің көрінісі болса, шығыс ақындарында кездесетін «махаббат» жыры адамның о дүниелік «азаттығын» аңсаған мистикалық сарын көрінісі болған.    Абай тұсында да дін романтикасына  салынғандар аз болмады. «Әлифби» өлеңіне Абай ислам поэзиясының  осы сипатын арқау етеді.  

Нұн, нала ғып қайғыңмен күйдірдің көп,

Уау, ойлана ғышқыңда уайым жеп.

Хи, еш пайдаң тимесе, өлді, ойлаңыз,

Лам, ла илаха иллалла деп,

 деген жолдардағы «ла илаханың» сүйіскен, азатшыл жастар үшін не қажеті бар? Мұндағы сарыала иек қыз-тәңрінің өзі, соның дидары. Абай осындай поэзияға қарсы «Айттым сәлем», «Қызарып, сұрланып», «Татьяна жыры» сияқты жастар азаттығын аңсайтын  өзінің нағыз өміршіл, мазмұнды, идеялы өлеңдерін жазған. Абайдың «алғашқы кезеңі» жайындағы мәселенің нәтижесі осылай болуға тиіс.

    Бізде Абай шығармаларын кезеңге бөліп, топтастыру мәселесі де шешілмеген. Әзірге Абай шығармаларын зерттеушілер оның барлық еңбегін «Жас Абай» (1858-1880), кәрі Абай (1880-1904) деп екі кезеңге бөледі де,  бірінші дәуірде ол үйреншік, екіншісінде – жетілген дей салады. Бұл  бөлістен Абай ештеңе ұтқан жоқ. Орыс әдебиетшілері қай жазушыны болса да зерттегенде, оның әдеби әдісі мен жанрларына көбірек мән береді, шығармаларын идеялық  өсу кезеңіне қарай топтастырады. Мысалы, Пушкин романтизмнен бастап, реализмге келген. Біздіңше, осы үлгіні Абай тұсында да қолдану қажет. Сонда оның мектебі де, әдеби әдісі де, өлеңдерінің жанрлары мен образдары да дұрысырақ талданбақ. Кейбіреулер «Абайда реализмнен басқа әдіс болмаса, неңді бөлесің?»  – деп, жеңсік бермеді. Расында өзінің әдісі жағынан Абайдың тұрғысы көп ақын. «Қансонарда», «Жыл мезгілдері» сияқты өлеңдерінде, Татьяна хаттарында ол Пушкин реализміне табан тіресе, Крылов тұсында сыншыл реализмге өтті. Ақынның сатирашылдығы да бай үлес. Ұлық пен Иудушкаларды, либералдардың неше түрлі типін сынайтын Толстой мен Салтыков әдісі Абайға көбірек ұнады. Лермонтовтан ол романтизм әдісін алған. Эстетикалық нормалары өзінше.

Абай бірнеше әдеби әдісті меңгерген ақын. Осыған сәйкес оның лирикасында да реалистік, сатиралық, романтикалық  арналар бар. Одан қашуға болмайды. Эпостық  жырлардан мысал, поэма, хат түрінде жазылған Татьяна романы бар. Абайдың «Ғақлиясы» да ситиралық және публицистикалық жанрларға  бөлінеді. Абайда тақырып бойынша талданатын нәрселер де көп. Қазіргі топтастырулардан біз осыны көргеніміз жоқ. Бұл түрінде біз Абайдың шығармаларына терең, өткір талдаулар бере алмай, бұрынғыша оның өлеңдерінен үзінді келтіріп, ақынды қайталаудан басқаға шамамыз келмейді. Шалағайлықтың бір үлкен үлесі осы тұста жатыр.

Абайдың әдіс байлығын мойындамаушылар ақынның аудармаларына авторлық мән бермейді, оны бір тілмаштық қызмет деп ұғады. Мойындай қалса, «Абай Лермонтовтың романтикалық поэзиясын да реализм рухында пайдаланды» деседі. Абай Лермонтов романтизміне тән лирикадан 28 өлең, Буниннен бір өлең аударған. Аңғарып қараған адам мұның бәрінің бірдей «реализм» үшін аударылмағанын түсінеді.  Әрбір романтикалық өлеңде сатира (сын) элементі болады. Кейбір әдебиетшілеріміздің «реализм» деп жүргені сол. Абайда ол кейде өсиет, ғибрат түрінде ұшырайды. Крылов мысалдары тұсындағы Абайдың сыншыл реализмге келгенін айтып жатудың да қажеті жоқ. Абай кімнен аударса да, тілмаш болған жоқ, өз санасынан өткізіп, еркін аударды. Бірақ соның әдеби әдісін қабылдап барып аударды. Мұны да түсінетін кез жетті.

Бұл түрдегі топтастырудан жұрттың қашатын себептері де жоқ емес. Абай шығармаларына қойылған даталар (жылдар) кейбір жағдайларда оның қай әдістен бастап, қай әдіске келіп тоқтағанын білдіре алмайтын сияқты. Оларша Пушкин бұрын, Салтыков соң шыққан. Сөйте тұрса да Абай  реализм салтындағы өлеңдерден кейде сатираны бұрын бастаған. Лермонтовке тән нәрселерді ол 1885-1898 жылдар арасында аударса, Крылов мысалдарын тек 1898 жылы жазған. Осылайша жұрт әдіс «қойыртпағынан» үркеді. Олардың айтатыны: «Абай нағыз әдіс қуған ақын болса», әуелі романтизм, содан соң реализм, сыншыл реализм, ең ақырында Салтыковтың сатирашылдығына  келіп неге тірелмеген?» деген уәж. Кейбіреулер бұл тұста Абай өлеңдеріне дата қойған Кәкітай мен Мұхтарды кіналайды. Әрине, даталардың бәріне бірдей күмәндану орынсыз. Бұл тұста ойланатын нәрселер баршылық. Осының бәрі тарихшы-әдебиетшілердің күш қосуымен сала-сала боп зерттелуге тиіс. Ғылыми мамандарымыздың қатары өсіп отырғанда, оған мүмкіндік бар.

Абай шығармаларын дұрыс жүйелемегеннің салдары жоғары, орта мектеп бағдарламалары  мен оқулықтарына да шалығын тигізді. Мәселен, 9-класс хрестоматиясына енгізілген Абай өлеңдері тарихи курс емес, әдебиеттік оқу бағытында берілген бірдеңе болып шықты. Мұнда реттеліп берілген не тақырып, не образ, не жанр тұтастығы жоқ. Әртүрлі әдіспен жазылған өлеңдер аралас-құралас берілген. Мұндай шытырманнан әдебиет тарихының желісін, принципін табу қиын. Осының бәріне манағы Абай шығармасындағы әдістік ерекшеліктерді елемегендік негізгі себеп болып отыр.

Абай өмірден де, орыс әдебиетінен де көп оқып, көп ізденген, терең ой мен терең сезімнің ақыны. Шығыс поэзиясынан да жақсы хабардар. Оның поэзиясы түр мен мазмұнның бірлігі мен байлығына құрылған. Оның заманы да қиын-қыстау бір кезең болды. Осының бәрін дұрыс танып, оның еңбектерін бүгінгі әдеби дамудың  құралы ету үшін ақын шығармаларын әдіс, жанр ізімен жіктеп, жаңаша зерттеу керек.

Мақаланы дайындап, газетке ұсынған

профессор Т.Қоңыратбай.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір