Қос дарын
13.11.2015
2322
0

382037_80731063_KMS_0880

Бұл ауқымды мақаланы марқұм Әшірбек Сығай көзі тірісінде «Қазақ әдебиеті» газеті үшін арнайы жазыпты. Қос өнерпаздың сахнадағы мерейтойлары қарсаңында жазылған жүрек­жарды толғанысы, Әшекең көз жұмған соң да біраз уақыт театр сыншысы мұрағатында сақталып қалған екен. Сол материалды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Сыр бойы – Алаш жұртының көне де киелі мекені. Екі өлкенің де табиғаты тамылжып, әдемілік пен әсемдіктің не екен­дігін түсінгісі келген, сұлулықты аң­саған әрбір тіршілік иесіне ғажайып сырларды паш етері хақ. Сырдария жағалауларын қуа­лай өскен жиде ағаштарының хош иісіне елітіп өскен бұла оғлан Әбубәкір кердері, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Жиенбай, Рүстембек, Тұрмағанбет, Кө­ше­ней сынды жыр сүлейлерінің керемет әуен саздарына, мың құлпырар мақамдарына ежелден-ақ елең еткен, құлақ қойған. Өнерге, ойын-сауыққа әуес болған. Той-ду­ман­ға іңкәрлігімен даралана түскен. Тілі шығар-шықпаста қолдан шабылған титтей ға­на қалақ домбырасына үн қосып әйгілі Тасбергеннің «Маңырамасын» аңырата жөнелуге талап қылған. Шіңкілдеген ащы да әлсіз сәби дауысқа күрделі мақамның ішкі тегершіктері ырық бере қойсын ба? Орындауға оңай соқпас жыр жолдарынан көңілі қалып, беті қайтқан жас бүлдіршін қол тоқпақтай ғана қара домбырасын құ­шақ­таған күйі ұйқыға кетері үйреншікті кө­ріністер еді. Осы перзенттерінен бір нәр­се шығарына үміттенген ата-ана көңілі әр жолы өрекпіп-ақ қалатын.
Сонымен, өнер десе, өзегін өзгеге жұ­лып берер, алдындағы ішкелі отырған асын шет­ке ысыра салып, ән-күйдің сарыны шық­қан тұсқа тұра жүгіретін бадырақ көздеу қа­ра бала әйгілі Сыр елінің сиқырлы әуен­де­ріне әуестігін жасыра алмай, үміт-арман же­тегінде желкілдей өсіп келе жатты. Мектеп мезеттері артта қалды. Ішкі бір тылсым қуат­ты күш оны алға сүйреді. Қызық қиқуы көп, той-думаны, ойын-сауығы мол үлкен шә­һарларды көруге асықты. Барған-кел­гендерден естуінше, Алматы атты алып қа­лада әр түрлі өнер оқулары жеткілікті кө­рінеді. «Тәуекел» деп алыс жолға шығуды мұ­рат тұтты. Сыр бойының әуейі де әсершіл жет­кіншегі осылайша қиялдап жүре тұрсын де­лік.
Жер жаннаты Жетісу өлкесіне назар са­лыңыз. Мұнда да жағалауға өскен құ­рақ­тай желкілдеген тамаша бір қыз бала то­лықси бой жетіп келе жатты. Қайыңдай ыр­ғалып, гүлдей жайнаған сұлу жүзді, ақ­құ­ба қыз өз құрбыларынан ерек болды. Әні­мен, сәнімен, айрықша өнерімен тұс­тас­тарынан дара жүрді.
Қарасай, Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі сын­ды ақындар мен батырлардың ауылында туып-өсіп, бар балалық шағы сонда өт­кен осынау сүйкімді қыз аудан ауқымына аты шыққан өте белгілі шаңырақта бой тү­зеп, бұғана бекітті. Әкесі Ұлы Отан со­ғы­сы­ның ардагері, кеңес-партия қызметкері бол­ды. Әлеуетті, ауқатты отбасында тәр­биеленген жас жеткіншектің көргені-түйгені жақ­сы еді. Әртүрлі жауапты қызметтер ат­қар­ған абыройлы әкенің мол дастарханынан кезінде Ғ.Құрманғалиев, К.Байсейітова, Р.Бағланова, Р.Қойшыбаева, К.Қармысов, Ж.Ома­рова сынды дархан дарын иелері дәм-тұз татысқан. Олар егін даласында, қыр­ман басында әуелете ән шырқап, өнер тол­ғаған. Осылайша Алматы төңірегіндегі Жам­был ауданы, Қаракестек ауылы талай мәр­те ойын-сауық ордасына айналып, әуен-саздың мекені атанған.
Иә, сондай елгезек әкенің өзі де өнер­ден құралақан емес екенін жалпақ жұрт жақ­сы білді десек, онымыз асыра сіл­те­гендік болмас. Қарым-қабілет деген қасиет оның табиғатында болғанына ешкім де дау ту­ғыза алмасы тағы ақиқат. Төл аспабымыз дом­быраны арқалана шерткен кезде бүкіл төңірек тамсанғанына ел-жұрты куә. Сырнай тартып, ән салғанына барша қауым дуыл­дай қол соққаны әлі күнге дейін ұмы­тылмастай ел санасында сақталып келеді. Ол қашан да қалжыңын жанына серік етіп, әзілін аузынан тастамай, айналасындағы адам­дармен етене жақын жүруді мұрат тұт­ты. Және де солармен әдемі қарым-қа­ты­нас­та болуды қалады. Бұл жолда Ұлы Отан со­ғысының ардагері өзі көздеген мақсатына риясыз жете білді. Өмірде көп көргендігінен-түйгендігінен болар, әлдекімге жағым­паз­дану, жағынуды білмеді. Жұдырықтай жү­ре­гіне иек артып, соның қалауымен дұрыс ба­ғыт ұстанды. Морт кетуді білмеген қайсар әке басына қандай да бір қауіп-қатер төнсе де, оның барлығын ақыл-парасат, ұтымды ой­лармен жеңуге тырысты. Соның нәти­же­сінде ғана сан белестерді бағындырып, ха­лық тарапынан асқан ілтипатқа ие бол­ғаны тіпті де жасырын емес.
Сондай-ақ, ол арабша, латынша, орысша тіл игеріп, өзі өмір сүрген ортаның әр­қалай дамып, өсіп-өркендеуіне адами аза­мат­тық зор ықпалын тигізді. Оның ел үшін төккен те­рі ұшан-теңіз. Мәселен, жыр дүлдүлі Жам­былдың жүз жылдығына ар­нал­ған торқалы той­да ұйымдастыру қабілетімен жұрт ықы­ласына ие болып, «Каганович» ұжым­­ша­ры­ның жүлдесіне де ие болған кезінде.
Осынау жасаған абыройлы жұмыстары оның даңқын шарықтатып, туын асқақта-тып, есімін елге таныс етті. Ол үнемі Отан үшін от кешіп, жалын құшқан ерлігін мін­дет­сінбеген азамат. Көзі тірісінде қайран арда­гер «Соғысқа барғанда жеңілдік алуға емес, Отан қорғауға бардық. Елге аман орал­ға­нымыздың өзі үлкен олжа емес пе?», – деп, мар­дымды ойларын саналы ұрпағына әр­дайым айтып отырушы еді. Осы бір айтқан ұла­ғатты сөздері шынымен-ақ өскелең ұр­паққа үлгі-өнеге. Сертінен айнымайтын, ба­сына қандай қиындық туса да тайынбайтын ерлігі айбынды біз сөз етіп отырған Ра­хымберді Лебаев өр мінездігімен, жігіт­тігімен, қайсар шыншылдығымен барынша биік болды.
Кезінде қайғы жұтып, өмір мехнатын мо­лынан тартқан асыл ардагердің шырағы сөн­ген жоқ. Оны қазіргі таңда:
«Өмірдің көрген талай жол торабын,
Әкеден кім аяйды қолда барын?
Әкенің ақ тілеуін өтеу парыз,
Мен бүгін әкемді ойлап толғанамын», – деп соңында қалған перзенттері қалың мұңға малына еске алады. Анығында, әке де­ген асқар таудан айырылу кімге болса да қиын, әрі жанға сызат салары бәрімізге де бел­гілі. Оның кіндігінен тараған төл пер­зент­тері бүгінде өмірден өз орындарын та­уып, әр салада қызмет атқарып жүр. Ал кен­же қызы Жібек Лебаева өнер дейтін қа­сиетті жолдың жалынан мығым ұстады.
Иә, сөйтіп, Сыр перзенті мен Алатау ар­уы әсем Алматыда бас қосқан. Оларды тағ­дырлас еткен – ұлы өнер. Қазақ кон­сер­ваториясының театр факультеті! Бірін-бірі сонда таныды. Салған беттен бір-біріне жылы ұшырасқан. Жас жүректер дүрсілі жарыса соққан. Ән мен жырға ұшқыр, өткір көзді Сыр оғланы Алатау баурайының ақ­құба да әдемі бойжеткеніне елжірей, еміне қараған. Сымбатты ару да жағымды жігіттің жұмсақ та құпиялы көзқарастарын бірден-ақ құп алған-ды.
Ендеше, әдепкі сөз сол әдемі қыз Жібек жай­лы. Республиканың еңбек сіңірген ар­ти­сі Жібек Лебаева лирикалық, роман­ти­ка­лық ыңғайдағы нәзік сезімді өнерпаз. Оның кейіпкерлері ылғи да өмірге құштар, бей­бітшіл, адамзатқа тән ұнамды іс-әре­кеттерге құмбыл болып келеді. Соның нә­тижесінде, ол еліміздің атақты режис­сер­ле­рімен істес болды. Ә.Мәмбетов, М.Қам­­баров, Х.Әмір-Темір, Қ.Жетпісбаев, М.Байсеркенов, С.Асылханов, М.Ахманов тә­різді қиялдары желдей ескен режиссура майталмандарының қолтаңбаларын бай­қап-барлап көрді. Өз тұстастарын былай қойғанда, Н.Жантөрин, С.Рақышев, А.Ружева, О.Әбділманов сынды аға буын артистермен сахналас болды. Өнер адамына тән сыр мен сымбат, болмыс пен мінез тазалығы – сирек қасиет. Талант оттары ұшқын атып, та­биғатымен біте қайнасқан өнерге деген шы­найы ықылас қана өнерлі жанды шыңға шы­ғарар ізгі қасиет болмақ. Еңбекқорлық! Өйт­кені, еңбек – адамзаттың қалыптасуынан бас­тап, оның өмір өткелдерінде жоғары өр­леудің кепілі боп келе жатқандығына бар адам­зат баласы куә. Тынбай еңбек ету та­лант­ты актрисаның мерейін үстем етпей қой­­масы анық. Сан жылдар бойы сахна тө­рінде жанын сала ойнаған рөлдері көрермен көзайымына айналып, халық қо­шеметіне бөленгеннен артық бақыт жоқ шы­ғар, сірә?! Осындай ізденгіш, талантты акт­рисалардың бірі – бұл күнде Жібек Ра­хымбердіқызы Лебаева екенін тағы да мақ­таныш сезіммен айтуға мәжбүрміз.
Ол 1953 жылдың 5 тамызында, Алматы об­­лысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауы­лын­да дүниеге келген. 1975 жылы Құр­ман­ғазы атындағы мемлекеттік консервато­рия­ның актерлік бөлімін профессор Шолпан Жан­дарбекова мен доцент Татьяна Нау­рыз­баеваның ұстаздығымен үздік аяқтап, Тал­дықорған облыстық қазақ драма театрына қыз­метке орналасқан. Ол жүзге жуық қазақ театр тарихына енген ең таңдаулы рөлдерді ойнаған. Талдықорған облыстық драма теат­рында кескіндеген бейнелері: Ғ.Мү­сіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» тра­гедиясында – Баян, В.Ежовтың «Бұлбұлдар түнінде» – Нина, Инга, Ш.Айтматовтың «Ар­ма­ным – Әселімінде» – Хадиша, «Жәми­лә­сын­да» – Жәмила, М.Әуезовтің «Қарагөз» тра­гедиясында – Қарагөз, «Еңлік – Кебе­гін­де» – Еңлік, А.Чеховтың «Ваня ағайында» – Елена Андреевна, М.Әуезовтің «Абайында» – Ажар, Б.Майлиннің «Шұға» қойылы­мын­да – Шұға, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясында – Айгүл, Ғ.Мү­сіре­повтің «Ақан сері – Ақтоқты», «Ұлпан» шы­ғармаларында – Ақтоқты, Ұлпан, Д.Иса­бековтің «Әпке» драмасында – Әпке, У.Шек­спирдің «Асауға тұсауында» – Катарина, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» трагедиясында – Бұғы-ана, Бекей, т.б.
Аталмыш театрдағы алғаш рөлдерінің бірі – Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұ­лу» пьесасындағы – Баян рөлі болды. Акт­риса қазақ қыздарына тән инабаттылық пен ізеттіліктің жиынтық бейнесі іспетті көр­кем де нәзік Баян рөлін аса тартымды орындаған еді. Сахнадағы жүріс-тұрысы, Баян сұлуға тән батылдық, инабаттылық пен еркелік жақсы көрініс тапты.
М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымындағы – Қарагөз бейнесін жасауда да кейіпкердің характер табиғатын, трагедиялық келбеті мен ішкі психологиялық тебіреністерді жақ­сы меңгергендігі айқын көрінді. Қарагөздің есі­нен адасқан тұсындағы сан қилы көңіл тол­қыныстарын, сезім арпалыстарын сах­на­да нанымды келтіргені рас-ты. Жібектің кескіндеуіндегі Қарагөз трагедиясын се­зінбеу мүмкін емес еді. Қарагөз бойындағы іңкәр көңіл, таза махаббат, пәк сезімнің, ер­ке мінездің астарын терең түсініп, жүрек те­бірентер бейне жасап шыққанына қалың кө­рермен куә. Актрисаның осы рөлі жөнінде мен өзімнің 2006 жылы жарық көрген «Тал­дықорған театры» атты кітабымда бүй деппін: «Қарагөз рөліндегі Жібек Лебаева характер та­биғатын, кейіпкердің траге­дия­лық келбеті мен оның романтикалық көте­ріңкі рухын ак­­­терлық тұрғыда нанымды берген. Қарагөз – Жібектің жындану, есінен айырылу сахна­лары барынша шынайы шыққан. Таланттың талант екендігін айқындар тұс – осы Қа­ра­гөз тентек атанып, есінен танар тұсы. Бұл тұс­та жас өнерпаз Жібек Лебаева мүлт кет­пеген. Образ таби­ғатына өзіндік жа­ңар­тулар енгізіп, тәжіри­бесіздік жолына түсіп кет­пей, кері­сінше, қысылшаң кезеңді сал­қынқанды байсалды мінезбен, шыншыл көр­сеткен. Ақшыл жүзі мың құбыла те­бі­рен­ген аяулы ару Қарагөз пішіні сахнаның тө­менгі жағынан берілген түрлі-түсті жарық сәу­лесімен сан нұр­ланып, көрермен жан дү­ниесін өзгеше бір әсерге бөледі».
А.Фадеевтің «Жас гвардия» қойылы­мын­да неміс әскери өкілдерінің алдында өзін акт­рисамын деп таныстырған ол, шын мә­нісін­де ұйымның белді мүшесі болып жүр­ген Люба Шевцованың рөлін де сәтімен ат­қарған болатын. Жібек Лебаеваның ке­зекті сәтті жұмыстарының бірі – Шерхан Мұр­тазаның «Сталинге хат» пьесасындағы Ене бейнесін кескіндеуі еді. Сондай-ақ, Мұх­тар Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Ажар рөлін сахнада кейіптеу кезіндегі актрисаның тынбай ізденгенін айта кеткен де абзал. Адал махаббат жолында күрес­кер­лік танытып, зұлымдық пен әділетсіздік жо­лындағы жалынды күрес сахнада сан қы­рынан жарқылдады. Әлбетте, бұл
акт­рисаның жемісті еңбегінің жемісі.
Т.Ахтановтың «Әке мен бала» қойылы­мын­да Сәния рөліндегі Жібек Лебаева қойылым реңін аша түскендей. Сәния рө­лі­мен ол сахнаның сәнін келтірді десек, оны­мыз артық айтпағанымыз.
А.П.Чеховтың «Ваня ағай» қойы­лы­мын­дағы орталық тұлғалар қатарында Елена Андреевна бейнесінің орны бөлек. Бұл рөл­ді сәтті орындаған Жібек Лебаева кө­рер­мен көңілінен шығу үшін аз тер төкпеді. Еле­на Андреевна атақ-даңққа бола шалға ти­ген, «жас күйеуім болса екен» – деп, ала­сұра армандаған, қулығы мен айласы мол, бай әрі ерке әйел. Жібек Лебаева кейіпкер та­биғатын ашуда, бұл жолы да мүлт кет­педі.
Қ.Мұқашевтың «Дала дастаны» туындысында Жібек Лебаева Қазан көтерілісі ке­зеңіндегі бостандық пен азаттыққа, еркіндік пен махаббат жолына талпынған Мақпал бей­несін де сахнаға сәтті шығарды.
Жібек Лебаева, бүгінде, Алматы қал­а­сындағы Қазақтың мемлекеттік акаде­мия­лық Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында актрисалық жолын жалғастыруда. Актрисаның шығар­ма­шылық кезеңі шынымен де, жастықтың алау отына малынған бойындағы артистік талантын дүйім жұртқа паш етуден жалықпай то­лымды көрсете білген нағыз жарқын шақ­тың өзі болғаны шын. Оның осынау жылдар бойғы жемісті еңбегі, ел есінде қалар көр­кемдік ізденістері ескеріліп, оған 1991 жы­лы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың  Жарлығымен «Қа­зақстан Республикасының еңбек сіңір­ген артисі» құрметті атағы берілген еді. 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жа­с­өспірімдер театрына қызметке орна­ласқан шағынан бастап, өзінің шоқтықты рөлдер санын өсіре түсті. Д.Исабековтің «Ескерткіш операциясындағы» – Әштеннің әйелі, Б.Жәкиевтің «Әке тағдыры» драма­сын­дағы – Буырыл, С.Асылбекұлының «Жел­тоқсан же­ліндегі» – Талшын, И.Вов­нян­коның «Ст­рип­тизердің өлімі» атты қылмыс­тық хро­ни­касындағы – Прокурор, Т.Ахметжанның «Екі жүрек» драмасындағы – Зұлханова рөлдері, сондай-ақ, Иран-Ғайыптың қаламынан ту­ған «Естайдың Қорланы» деп аталатын жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мұрат Ахманов. Бұл қойылымдағы Ес­тай мен Қорлан рөлдерін ҚР еңбек сіңір­ген әртістері, ерлі-зайыпты – Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева жарыса ойнайды. Өнерде де, өмірде де қатар жүзген қос аққудай Жібек Рахымбердіқызы мен оның жары Сағат Жылгелдиевтің өнері де хал­қы­мыздың асыл мұраларының бірі – театр ат­ты киелі ордада көп жылдар бойы жалға­сын тауып келеді. Актриса театрдағы актер­лік рөлдерімен бірге, бірнеше көркем фи­льм­дерге де түскен. 1997 жылы «Са­ғыныш» фи­льмінде Кәдеш рөлі (реж. Ұлжан Қол­дауова), 2012-2014 жылдардағы «Бапкер» фильмінде Ана рөлі, «Жедел жәр­демдегі» – қа­лалық Ене рөлі, т.б. Талмай еңбек етудің үл­гі­сіне айналған Жібектің жалынды өнері ел-жұртының жүрегінен ешқашан өшпесі анық!
Өмір мен өнер – егіз ұғым. Олардың өза­­ра байланысын, айырмашылығын көре білу, бар жан-тәніңмен сезіне білу дара қа­сиет. Тағдырдың тосын сыйы мен өнердің сыр­шыл тұстары шексіз. Соқпағы мен сүр­леуі мол күрделі асуларда Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаева бір-біріне тірек, се­рік, сапарлас болып келеді.
Сағат Ермағамбетұлы да талантты актер, асқан әнші, сирек дарын иесі. Оның ак­терлік шеберлігі көпшілік көңілінен шы­ғып, өзіне лайық бағасын әлдеқашан алып үл­герген. Ол 1954 жылдың 12 желтоқ­са­нын­да Қызылорда облысы, Аққыр елді мекенінде дүниеге келгенінен жоғарыда аз-кем сыр тартқан едік. 1977 жылы Құр­ман­ғазы атындағы мемлекеттік консер­ва­торияның актерлік бөлімін КСРО халық ар­тисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, про­­фессор – Хадиша Бөкеевадан бітіріп, ол да еңбек жолын Талдықорған облыстық қа­зақ драма театрынан бастаған. 20 жыл бойы аталмыш театр шаңырағында тынбай еңбек етіп, жаңа белестерге көтерілгені та­­па рас. Сан түрлі кескін, әр алуан бейне­лер­ді сахнада жандандырып, қилы кейіп­кер­­лерге өмір сыйлады. Ол өзінің ізденім­паз­­дығының арқасында, жаттанды тап­­­­­­таурындылыққа, бірізділікке ұрынбай, бір-бірінен ерекше дараланар сан бей­не­лерді ұтымды кескіндеуге ұмтылды. Актер болу үшін тек қана сымбатты кескін-келбет қана емес, жоғары сергектік қасиеттер керегі де аян. Өз мамандығының хас шебері болуды көздеген сезімтал жан мұны назарынан титтей де тыс қалдырмады. Көптеген кейіпкерлерді кескіндеген Сағат Жылгелдиев өз бейнелерінің жан әлеміне, сезім, сана иірімдеріне терең үңіле білді. Әр об­раздың даралылығына, психологиялық ах­уалына баға беруге ұмтылыс жасауы ар­қылы ерекшеленді. Сөзіміздің айғағы ре­тінде, Сағат Ермағамбетұлы Жылгел­диев­тің қайсыбір шығармашылық еңбек­теріне тоқ­талып өтейік.
М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» Сырым бей­несін кейіптеді. Жиын-тойдың дүлдүлі, өлең-жырдың бұлбұлы Сырым өнерімен ға­на емес, өр мінезімен, мөлдір де таза се­­зімімен жұртшылықты таңқалдырып, там­сан­дырып жүрген серілердің серкесі Са­ғат­тың Сырым жан-дүниесіне бойлай отырып, оның өзіндік мінезін аша білуі, Қа­ра­гөзге деген аса сүйіспеншілігін, құлай ғашық бол­ған хал-күйін жеткізе білуі – актердің та­лант­тылығын аңғартса керек. Сырымның пси­хологиясына, эмоциясына зер салып, се­рінің есеңгірер, тебіренер сәттерін екі иы­ғы селкілдеп, еріндері кемсеңдей, қос жа­нары от шашып, шабытты толғайды. Жа­нарынан тоқтаусыз аққан жас тамшылары Сырымның өкінішін, ыза-ашуын, ғашық­ты­ғын сездірер айшықты сәттер. Сахна өне­рі­нің биігіне Сағат өзі бейнелеген Сырым жан әлеміне терең бойлау арқылы жетіп қана қоймай, кейіпкерінің ауанына бойлай бі­летін зерек дарын екенін дәлелдей түсті.
М.Әуезовтің «Абай» шығармасындағы Ай­дар кескіні де С.Ермағамбетұлына бұ­йыр­ды. Махаббат пен адалдық жолында жа­нын пида етуге даяр, арамдыққа жаны қас шәкірт келбеті оны өзге қырынан таныт­ты. Кіршіксіз көңіл, ыстық ықылас Айдардың өн бойынан шынайы көрініс тапты. Айдар мен Ажар махаббаты Сағат пен Жібек се­зімдерін одан әрі алаулата түскендей болды. Қос ғашықтың нағыз сүйіспеншілігі кәдуіл­гі өмірде жарасым тапқан қос та­ланттың өзара жүрек лүпілін ортаға салды. Сол себептен де болар, қойылым барысында шынайы өмір мен өнер көріністері салтанат құрды. Айдардың ақкөңілділігі, тір­ші­лікке деген құштарлығы оның көркем бей­несін одан сайын көріктендіре түскендей бол­ды. Сағаттың актерлік ізденісі, қажымас қай­раты, еңбексүйгіштік қасиеті Айдар бей­несін көрермен жүрегіне шын ұялата білгені рас.
Т.Қалилихановтың «Ақын Сара» драмасында бас кейіпкер Біржан салды жандандырды. Осы тұлғаны нұсқалау арқылы Сағат Жыл­гелдиев өнер бәйгесіне қамшы салдыр­мас жүйрік болып қалыптасқандығын, қай тақырыпқа үн қосса да, өзіндік өрнегі бар ай­шықты тұлға екенін байқатты. Жанрдың қай түрінде бой көрсетсе де қарым-қа­бі­леті, ой-өресі, қиял кеңістігі дараланып тұ­ратын бесаспап сахнагер атанды. Біржан сал рөлі актердің әншілік өнерінің сахнада шарықтай қанат қағуына мүмкіндік туғызды. Сахналық сөзді табиғи дауыс ырғағымен, жүрек дірілімен мың құбылтып, бойын сах­наға үйретіп қана қоймай, өз кейіпкерінің жан  дүниесін көрерменге нанымды жеткізе алды. Біржан бойынан көрініс тапқан сезім толқыныстарын әсем әнімен, жарасымды қимыл-қозғалысымен айшықты ете түсті. Сал Біржанның төкпе жырларын Сағат еш сүрінбей, кідірмей, шындығында хас шеберлерше орындаған еді. Бала кезінен домбырамен ән салу қабілеті оның саф өнерін ба­рынша өрлете түсті. Бозбала күнінде жиі-жиі қиялға берілген Сағат бертін келе сах­наның хас шебері атанды. Оның өн бойына дарыған ерен қасиеттерін қалың жұртшы­лық әділ бағалай білгендігі бек ақиқат.
Талдықорған театрында 20 жылға жуық еңбек етіп, алғаш сахнаға шыққан төңірегін ду­манға бөледі. Санамалап көрсе, аталған об­­лыстық өнер ордасында көптеген рөл­дер­ді қанжығасына байлап үлгеріпті. М.Әуезовтің «Қарагөзінде» Сырым, «Абайында» Айдар, «Хан Кенесінде» Ақпанбет, Ны­санбай, «Еңлік – Кебегінде» Есен, «Таңғы жаң­ғырығында» Бақтығұл, Ғ.Мүсіреповтің Ақан сері – Ақтоқтысында» Ақан, «Ұлпанын­да» Құнияз, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер – Анасында» Жайнақ, «Жә­ми­ла­сын­да» Данияр, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» Паж, Петручио, А.Фадеевтің «Жас гвардиясында» Сергей Тюленин, І.Жансүгіровтің «Исатай-Махамбетінде» Махамбет және т.б. көптеген бейнелерді айшықты, байыпты кейіптеп, отты өнерін көпшілік назарына ұсыныпты.
1997 жылы Сағат Жылгелдиев өзінің өмір­лік жары, өнердегі серігі Жібекпен бір­ге  Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек жолын жалғастыруға мүм­кіндік алды. Бұл театрда да әр түрлі кейіп­керлермен қауышты. Сахна дарабо­зы­ның бір ерекшелігі, ол  – кез келген рөлдерге жан бітіріп, әр жанрдың өзіне тән ерек­ше­лігін нә­зік сезіне білуі. Оның кейіпкерлерінің ара­сында жас шамалары, мінез-құлықтары, жүріс-тұрыстары, сөйлеу мәнерлері ерекше жандар жетерлік. Алайда, сезімтал актер өз шеберлігінің, актерлік ауқымы кеңдігінің ар­қасында әрқайсысының жан түкпірлеріне үңіле отырып, оған іштей баға беріп, өзінің шеберлік қиялымен ұштастырып, спек­такль­дің көркемдік бояу-нақышын құлпыр­тып жібереді. Көрерменді мезі етер жаттанды әрекеттерден бой тасалап, жаттанды сөз сөйлеу мәдениетіне көп мән беретін ұқып­ты сахнагер. Ол астарлы сөздегі ой маз­мұнын терең түсініп, үн ырғағына, дикция айқындылығына ден қоя қарайтын, ән-жырға жаны жақын әмбебап талант. Жа­ны жұмсақ, жүрегі нәзік отты да, өршіл әре­кеттерге етене жақын сахнагердің өнер­дегі орны ерекше. Ақынжанды актер, лирик әнші, әуелете әуен созар асқан жыршы. Сыр сүлейлерінің толассыз төгіліп жатар жыр-термелерін аса бір шеберлікпен, өзіне ға­на тән үн мақамымен келістіре шырқайтын Са­ғаттың өнері – мәдени, рухани мол мұра.
Оның орындауындағы тамаша жыр-тер­мелерді естісеңіз, таңқалмаңыз. Себебі, оған Сағаттың өзіне лайық кең де керімсал әсем мақамы, әуен-сазды нақышына кел­тіре отырып, шебер орындауы өзіңізді бір­ден-ақ баурап алары хақ. Сөз басында айтып өткеніміздей, Сырдың бойы ән мен жыр­ға, би мен күйге қашаннан-ақ жомарт. Сол әріден бастау алар салт-дәстүр , біз сөз етіп отырған бір кездергі қара бала, бертінгі сах­на шебері Сағатты да сырт айналып өт­пе­гені ақиқат.
Балқы Базар, Қаңлы Жүсіп, Кете Жү­сіп, Әбубәкір Кердері, Шораяқтың Омары, Қарасақал, Ерімбет, Жиенбай, Рүстембек, Көшеней, Тұрмағамбет Ізтілеуов сынды жыр­шы-жыраулар үрдістерінен нәр алып, Сыр мақамдарының сиқырына шомылып, ға­жап әуез ырғақтарынан молынан сусындап өскен қабілетті жаратылыс иесінің саз сыр­ларына құмар болмауы мүмкін де емес еді. Әсіресе, ол Тасберген жыраудың «Ма­ңы­рамасын» егіле тыңдаған сәттерінде ға­жап бір басқадай әлемге еніп кеткендей, беймәлім күй кешіп, өзгеше бір хал-күйді сезінгендей болатын.
Көмейлері бүлкілдеп, тамақтары ісініп кеп, таңды таңға ұра, ән мен жырдың бұла­ғын ағытар атақты Сыр сүлейлерінің салтын­да өмір сүруді армандағаны да жасырын емес. Әттең, заман басқа, заң бөлек. Уақыт өзгерген. Соған сай өмір сүріп, өнер қумаса ол да бекер. Бәрібір өнерге келді ғой. Сах­на­ны мұрат тұтты. Бірақ бір сәт те, ән-күйі­нен, терме толғауларынан көз жазбады. Дом­бырасы қолында, жыр жауһарлары жа­дында болды.
Әй бірақ, бірақ… Сахнаға не тең келер, тәйірі! Театр өнерінің жөні бөлек қой. Драма жан­рына деген сүйіспеншілігі өзгеше. Ұс­таз-бапкері марқұм Хадиша Бөкейқызы одан мол үміт күткен еді. Оның актерлігіне, оның жанр табиғатын түсіну түйсігіне тәнті болатын. Сондықтан да ол ән мен актерлік өнерді қатар алып жүруді мақсат тұтты. Му­зыкалық қабілетін драмалық шеберлігімен байланыстыра дамытуды жөн санады. Ақан, Сырым, Біржан, Естайларды көзге әнсіз елестету мүмкін емес. Ал Сағаттың пішім-порымы, кескін-келбеті осы кейіпкерлерге сұранып-ақ тұрған жоқ па?! Ендеше, ол үшін драма мен ән- жыр өнері бір-ақ ұғым. Екеуі – егіз. Сөйте жүріп айтулы әнші актер мен жа­сөспірімдер театры сахнасында Ш.Айт­матовтың «Қызыл орамалды Шынарымында» Аманжолов, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көр­пеш – Баян сұлуында» Қарабай, «Ақан сері – Ақтоқтысында» Қоңқай, Иран-Ғайып­тың «Естайдың Қорланында» Естайды және т.б. көптеген кейіпкерлер кескінін бей­не­леді. Соңғы спектакль өнер мен өмір теңі­зін­де 40 жыл бойы бірге жүзіп келе жатқан Сағат Жылгелдиев пен Жібек Лебаеваның 60 жасқа толу құрметіне орай сахналан­ға­нын айрықша атап өткен жөн шығар. Сағат бей­нелеген Естай көрермен тарапынан да, сыншылар жағынан да мақтауға тұрарлық дү­ние болды. Көп жылдан бергі Қорланмен кез­десулері сәтіндегі Естайдың толқынысы мен қуанышын, мұң-арманын актер өзінің жан қопарылысындай сезінді. Демек, оның өз мамандығына аса зор сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен, шығармашылық тұлға көзімен қарайтындығын айқындайтын тағы бір дәлелге тап болып отырмыз.
Киелі театр шаңырағында ғана емес, та­­лантты өнер иесі радиотолқындар мен кө­­гілдір экрандарда танымал. 2012 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасының жобасы ая­­сында түсірілген «Әке серті» телехикаясын­да басты бейне – Әкені нұсқалады. 2013 жы­лы көрерменге жол тартқан «Сырғалым» телехикаясында да басты кейіпкерлердің бі­рін кейіптеп, ыстық ықыласқа ие болған-ды. Саналы ғұмырын бүтіндей өнерге ар­на­­ған жан, әлі де биік асуларға қарай беттеп барады. Келісті сыр-сымбат, кескін-кел­­бет, ерекше дауыс ырғағы, аса се­­­­­зім­талдық қасиет оны басқа әріп­тес­тері­н­ен гөрі ерекшелендіре дараландыра түссе керек. Шынайы тебіреніс, жан қиналысы, көңіл толқынысы, бір образдан екінші кейіп­­ке өту сәттері актер шеберлігін шың­дауда едәуір рөл атқарады. Актер өз жү­ре­гіне кейіпкер жүрегінің лүпілін қосып, еке­уін сахнада бір арнаға тоғыстырмақ. Киелі де қасиетті өнер жолын таңдаған жандардың отбасында шынайы сүйіспеншілік, адал ең­бек, үлкен ынтымақ салтанат құрған. Тынбай еңбек­теніп, әркез ізденіс үстінде жү­ру­дің арқа­сында бір кездері мұнартқан ар­мандарына жете білді. Көп жылдар бойы оларды қанаттандырып, алға жетелеген үлкен махаббат күші мен өнерге деген шынайы құштарлық. Біреулер үшін өнер жолы еш қиындықсыз бағына қоятындай кө­рін­генімен, оның кедір-бұдырлы тұстары әб­ден жетерлік. Сезіміне берік, шыдамында шек жоқ жандар ғана бұл кедергілерді жеңе­­рі сөзсіз. Қиял әлемі мен өмір шын­дығын қатар ұстану, оны көпшілікке жет­кізе білу қашан да ғажап құбылыс.
Әріптестерінің арасында абыройлы, кө­­рермендері алдында құрметті қос дарын ие­лері Сағат пен Жібек жүріп өткен шы­ғар­ма­шылық тұрғыдағы жауапты жол аса жеңіл болды деп айта алмаймыз. Сан мәр­тебе өрледі, ерледі. Сүрінген, құлдыраған тұс­тары да жоқ емес. Сахнаның қат-қабат сыр­ларын ұғу сапарында көрмеген құ­қай­лары , сезіп-білмеген қуаныштары жетерлік десе де болғандай. Қысы-жазғы үздіксіз гастрольдік сапарлар, кішкене ұл-қыздарын та­мыр-таныс, ағайын-туыстарына қал­ды­рып, ұзақ жолдарға аттанып кетер артистік өмір-ай десеңізші! Олар баспаған топырақ кемде-кем шығар. Республика аумағын бы­лай қоя тұрыңыз, Өзбекстан, Қырғызстан, Тә­жікстан, Қарақалпақстан, Египет, Түркия се­­кілді, т.б. елдерді сан рет шарлады емес пе?!
Шүкір! Сондай аласапыранға толы ар­тистік өмірлерінде өздерінің аттарына кір кел­тірмес тәрбиелі де тәлімді ұл-қыздарын өсірді. Бұл күндерде олар ибалы ата-ана, бе­­рекелі отбасының үлгілі ақылшылары. Сәйгүлікше зулай шапқан уақытқа не шара? Екеуі де алпыс деген аталы да жоталы жас­қа жетіп, шығармашылық еңбектеріне де қырық жыл толып-ақ қалыпты. Күні кеше ға­на студенттік думанды жылдардың қы­зы­ғына тоймай жүрген өрімдей жастар еді. Шә­кірт Сағатқа менің де ұстаздық еткен сәт­­терім есіме түсіп, жастық жылдарының буал­­дыр елесіне елітіп отырған жайым бар.
Иә, олар саз қосылған. Нағыз шы­ғар­ма­шы­лық өнерпаздар отбасы. Серілер шаңы­ра­ғы десек те артықтығы жоқ. Сағат екі бас­тан сауыққой, думаншыл. Жібекте де анау-мынау жігітке бергісіз ірілік бар. «Затым әйел екен» деп, бүгжеңдеуге жаны қас. Еңлікше еңсеріп, Ұлпанша ұйытып кеткісі келіп тұрады. Кейде ер кісіше сөз бастап кетер ерліктен, өрліктен де құр емес.
Осындай екі бірдей дарын иелерінің елеу­лі мерейтойлары кезінде, аузымызға су толтырып алғандай үнсіз отыруға дәтіміз шы­дамады. Жас күндерінен жақсы білер қос шынардай жайқалған Сағат пен Жібек жө­нінде құрастырылған қолыңыздағы түрлі-түсті суретке толы кітап-альбомның әдепкі сөзін жазуды өзіме парыз санадым. Бұл алдағы уақытта олар туралы айтылар, жа­зылар сараптама-талдаулардың басы ғана. Ілгеріректе, Талдықорған театрының отыз жылдығына орай «Талдықорған театры» атты кітабымда Сағат пен Жібек туралы да жап-жақсы лебіздер білдіргенмін. Аман­дық болса, әлі де айта да, жаза да бе­реріміз хақ. Бар бітіргендерін таразылап шы­ғу – бір отырыстың мәселесі емес.
Қос дарын! Қос аққу! Қос шынар! Сағат пен Жібек осы айтылған эпитеттердің қай-қай­сысына да әбден лайық.
Қос алпыстарың құтты болсын, ұлы сах­на өнерінің шын берілген бейнетк­еш­тері!

Әшірбек Сығай,
ҚР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері,
театртану профессоры.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір