Қали СӘРСЕНБАЙ. ТҮНГІ ҚОЙЫЛЫМ
17.10.2020
1715
0

(әңгіме)

Бұл шаһарда жұмада жауған жауын жұмаға дейін төпейді. Сондай бұлыңғыр күндерде бұның ішіндегі көп ит те қыңсылап қояды. Кейде соның бәрі бір сәтте ұлығанда жанын қоярға жер таппай, күркіреп барып басылады.

Мұнда өзі секілді жалғыздықпен алысқан адамдар ғана тұратындай көрінеді.

Алмалық кезінде абыройы тасқан, салтанаты асқан жер еді. Кей күндерде оның аспанын жиі бұлт торлап, бір мұң иектеп жүреді де, түн ауа сол мұң бұның қасынан табылатын тәрізді. Қас қарая үй ішін келіні кетіп қалғандай бір салбыраған көңілсіздік басады. Даңғарадай үйдің әр бөлмесі оған үңгірдей үңірейіп үрей шақырып тұрады.

Мына пәниге ол жалғыздықтың өзін жалғызсыратпау үшін келген сыңайлы.

Күн ұзаққа көкжиекке тесіліп қараудан көз қарашығы бір талсайшы. Кеш түссе болды кеудесін бір түрлі қуаныш кернеп кетеді. Күні қысқа, түні ұзақ қысты жақсы көріп кеткелі қашан. Қараулықтың түсіндей айсыз, қап-қара түнді ұнатады.

Жарық жоқ жермен ақырын жүріп отырып, сол кафеге жетеді. Түкпірде теріс қарап отыратын бір орын бар. Моншаның шамындай жарығы бар алакөлеңке жер. Сол баяғы әбжілдігі әлі күнге қалмаған. Даяшы қыздармен күні бұрын келісіп, резерв деген жазуды қойдырады. Бүгінде сол әдетінен жаңылмай қара түнді жамылып, қара көзәйнегін, қара күртешесін киіп, қара таяқты ұстап «Тұңғиық» кафесіне келіп, әдепкі орнына жайғаса беріп еді, өмірден түңілген біреу отыр екен (бәлкім елес), екеуінің әңгімесі жараса кетті.

Біреумен шешіліп сөйлескісі, тіпті құшақтағысы келеді. Сонысына көріне ме екен, әлде бұл жалғызсырамасын деп Құдайдың өзі қараса ма, әлде елестер ме, айналасы аңқыған сөзге айналып жүре береді. Сүйегіне сөз сіңген суреткеріңнің өзі де мұндай сөзді тауып айта алмас-ау. Кіл бір диалог, монологтар мұны аш қасқырдай қаумалап алып, спектакль басталып кеткендей.

– Осы ағай кейінгі кезде өзімен өзі күбірлесіп сөйлесетін болып жүр.

Еліктің лағындай екі даяшы қыз бір-біріне үрке қарады.

– Ә, келдің бе, кел, төрлет. Сен де бөтен емессің, ескі доссың. «Достың ескісі, ақшаның жаңасы жақсы» деген. Бірақ сенің кешігіп жүргенің жақсы. Сенің бар екеніңді бұл шаһарда асып-тасығандар керек етпейтіні болмаса, қоңторғай тіршілік кешіп жүргендердің ойынан шықпайсың. Олар сені кейде жиі еске алады. Бұл өмірден өткен әкем мен шешемді, ата-бабамды ойлап отыр едім, сен де осы төңіректе жүр ме едің. Келсең кел, әзірге босағада тұра тұр. Төрге асықпа, түптің түбінде шығатын жерің ғой. Пақырың да оны сезсе керек, білсе керек. Адамдар ауру жанына қатты батқанда, басына іс түскенде сені еске алады, оны білемін. Бастарың қосыла бермейтін өмір екеуің оңаша бір кездесе қалғанда не айтқандарыңды да білемін. Бірақ өмір бұл жолы «әй, өлім, осы жұрт неге сені жек көреді?» – деп өзіне өзі аса сенімді сөйлегенімен, өлім: «сен тәттісің, оны білем, бірақ жұрттың бәрі сенің қадіріңді біле бермейді. Сондықтан жалғансың. Ал мен ащымын, сондықтан хақпын», – деп сөзден жеңгенін мойындау керек болар.

– Ақылың бар ей, сенің. Жан құрғыр тәтті ғой, әйтпесе мен баяғыда сендік болуым керек еді. Сені әлде сіз десем бе екен, шынында хақсың. Түптің түбінде бәрімізге бір келесің. Біреуге ерте, біреуге кеш. Пастернакта ма, Бальзак та ма екен «В конце концов умереть тоже не плохо» деген сөз бар еді. Сенің, жоқ, Сіздің кешігіп жүргеніңіз дұрыс. Бірақ Сіз осы қазаққа тіпті үйірсіз. Өмірі бейнеттен тұратын халықтың төңірегінде жүресіз, өзіңіз болмасаңыз да исіңіз жүреді. Бүгін Сіздің жолыңызды бөгеп, азырақ алдаусыратып, алдарқатсам деймін. Кейде әзілдесем, көңіліңізге ала көрмеңіз. Өйткені, қазір біздің қоғамда «қарағым», «шырағым» азайып, архаизмге айналып, қалжың қашып барады. Қалжыңдассаң сотқа беруі мүмкін, жердің қай түкпірінде жүрсең де сыртыңнан соттау деген шықты. Сондықтан көрпенің астында жатсақ та құйрығымызды қысып жататын болдық. Бұл шаһардан қазір қай қиырда жүргені беймәлім, ар-ұят алыстап кеткелі қашан. Өтірік, өсек, төсек дәурені жүріп тұр. Адамгершілік алжып қалды. Қысқасы, Сізден басқа шүйіркелесетін тірі пенде жоқ. Өйткені, өзіңіз айтпақшы, Сіз – хақсыз. Сондықтан өзіңізбен ептеп ойнап-күлуге мархабат етіңіз.

Көрмейсіз бе, күніміз Сізге қарап қалды. Сізді әзірге мендей күн сайын еркелететін ешкім жоқ. Сүйген құлдың аты көп. Сіздің де атыңыз көп. Тағдыр деген қиын, ол өз басымда жетеді. Әрі ол Сізбен күндес деп естимін. Ох, ажал бар екен ғой. «Ажал айтып келмейді» деген тағы бар. Айтпақшы, бейнетқор қазақтың Сіз жөнінде мақал-мәтелі көп. Өте көп. Сізді еске алмайтын халықтар да бар деп естимін, ал қазақтың жадынан шықпайсыз. Сізге деген құрмет, ілтипаты айрықша қазақтың мақал-мәтелінің бірін жоғарыда айттым ғой. Сонымен, қазекемнің айтуынша, Сіз айтып келмейді екенсіз, ұрын келетін көрінесіз. Сондайды қою керек қой. Алдын ала ескертіп қоюға болады ғой. Әсіресе, қамсыз, алаңсыз қазаққа. Өйткені, сіздің кодексіңізде «бардың малын шашып, жоқтың артын ашамын» деген бір қатаң бап та бар. Өлсек те дұрыстап өлейікші деп соны уайымдаймыз ғой, біз бейбақ. Өйткені, бұл елде бәсеке көп. Өлім де бәсеке.

Өзімен өзі күбірлеп, сырттай сотталып кететіндей тұлабойы мұздап, жаны түршікті. «Сіз» деп сызылып сөйлейтіндей жөні бар. Себебі, өмірі біреудің бетіне жел боп тимеген, өте мәдениетті, оқымысты адам. Тіпті әйелінің өзіне «қарағым, қатыным» деп сөйлейтін.

Сұп-суық терге малшынды. Тоңа­зытқыштағы мұз да мұндай болмас. Ішіп-жеп қойған ештеңесі жоқ. Қандай ірі лауазымды қызметтерде болса да, ондайдан қашып жүрді. Обалы нешік өз заманына адал болды. Қызметін ойлағанымен, қу дүниеге қызықпады. Бірақ рухани, моральдық жағынан жіберген кешірілмес қателіктері үшін баяғыда жазасын алу керек еді. Әзірге бұл елде мұндай статьямен, рухани қылмыспен ешкім, ешқашан сотталған емес. Тек экономикалық, саяси қылмыспен ғана күрескен болады. Енді қайтпек керек?

– Ей, міскін!

– Ей, малғұн!

– Ей, надан!

Төңірегі шуылдап, надандықтың исі аңқып кетті. Бұл елге мұндай иіс таңсық емес. Бүгін сол иіс осы кафеге дәл осыны іздеп келгендей, тынысы тарылып бара жатты. Кафе түгіл, моншаға галстук тағып баратын қарағым жандәрмен алқымын ажырата бастады. Әлгі кісі, ажалекеңнің еркінсіп кеткені сонша мұны кейде түсінде емес, өңінде де осылай қылқындырады. Жан құрғыр мұнша тәтті болар ма?

Сонда да өлгісі келмейді. Ғалымдар адам өмірін ұзартатын, бақиға бәсеке болатын дәріні он жылдан кейін ойлап табады деседі. Соған дейін шыдаса аттай шауып кететіндей. Қызық болғанда осыдан көп жыл бұрын бұл елден қашып кеткен ар-ұят туралы ойламасы бар ма? Ажалдан сол күнге дейін мұрсат беруін сұрады. Тазарамын деді. Қолы қалтырап, қан-қызыл шарапты төгіп алды.

– Көке, көзіңе қарасайшы.

Кісі аузынан көп жылдар өткен соң тұңғыш рет мейірге толы, жанашыр сөз естіді. Ана бір жылғы көтерілістің ызғарынан бері мұндай мейірбан сөз бұған жолаған емес. Оның ары сол жылы өліп қалған. Содан бері күндіз далаға шықпайды. Жарықпен жаны қас, түн баласына әбден бауыр басып кеткен. Жарқанат тәрізді. Күн шықпаса екен, таң атпаса екен дейді. Жарықты жақтырмайды.

«Кісі баласы түнде ғана шындықпен бетпе-бет келеді» дегенді білуші еді. Өте көп оқыды, көп білді. Содан ба екен, ақыл-ой азабын кешіп келеді. Осынысы сор боп жабысты. Әйтпесе уайымсыз, алаңсыз жүрер ме еді? Ешкімге, ештеңе айтпауға, тіс жармауға бір ұлық кісіге уәде бергені және бар. Тіпті «ешкімге сұхбат бермеймін» деп те ант-су ішті. Сұхбат демекші, сауысқаннан сақ бұл бірде оңбай сүрінді. Атышулы жастар газетінің бір тілшісі пәтеріне телефон шала қалмасы бар ма? Сол күні көңіл-күйі көтеріңкі еді. Бұның да әуелден адам деген аты бар. Әлгіге біраз мәселені айтып салмас па? Тілшінің өзі де жыланның аузындағы шөпті алып қана қоймай, соны алған жеріне қайта салып та қоятын ғажайып қабілеті бар, жанынан безген жанкешті біреу екен, телефонмен-ақ бұдан біраз мәліметті суырып алмас па? Содан сол сұхбат соншама өтінгеніне қарамай, бір күні бұрқ ете түсіп, ел іші шулап кетсін. Тіпті «уақыт асықпайды, кезі келгенде бар ақиқат айтылады» деген сөз де әлдебір дәулердің құлағына жетіп, содан бастап бұның жаймашуақ өмірі нілдей бұзылып еді. Содан бері журналист көрсе, құйрығын бұтына қысып қашады. Енді қайтсін?! Әлгі кісілер бар жағдайын жасап қойған. Тек аузын ашпаса, ақиқатты айтып қоймаса болды. Күтуші де бөлген. Бәрі де жетеді, ақшасы көп, бірақ жарлы адам. Соншалықты білімпаз бола тұра, салтанатын асыра алмады, біреудің көлеңкесі болғанын енді сезіп, түн баласына тұншығады. Көзінің нұры да тайған, жасаурай береді, кеудесі удай ашиды. Содан соң бұл өзімен өзі сөйлесетін жанр тауып алды. Түнгі монолог десе де болады. Азап арқалады. Өз шындығын өзімен алып кетуге дайындалғалы біраз болды. Бірақ өзі анда-санда әзілдесіп қоятын ана кісі келмей қойды. Ақыры өз шындығын өзімен өзі қызықтап, оны оңашада сәбидей аялап, мәпелеп отыратын жағдайға жетті.

Орысшасын еврей түзей алмайды. Білімі ұшан-теңіз. Оқымаған бәлесі жоқ. Талант. Бірақ қараниет, қаскөй талант. Білгенін ешқашан еліне, халқына жұмсамады, дұрысы жұмсатпады-ау. Өзінен де бар. Оқыған тоқығанын, бар білгенін де қызғанып, басқалар көп біліп қояды деп тарылды. Біреулердің айтуынша, әлгі уәде берген яки милләтіміздегі екінші кейде үшінші саналатын кісіден асып кетпеуді де ойлаған сыңайлы.

Кез-келген жерде, кез-келген тақырыпқа тауып сөз айтады. Бірде «өлімді еске алу – өміріңді ұзартады» деп еді, әлгі өзі уәде берген, екі сөзінің бірінде өлгісі келмейтінін айтатын кісі «сен мұны бұдан былай менің сөзім деп айтып жүр» депті. Содан бері солай дейді. Бүлдіргі бірдеңе айта қалса газетке шығып кететіндей дызылдап, тез түзету енгізіп, ана кісі осылай деп еді дейді. Талайлардың ғылыми диссертацияларын жазды. Қазір солардың көбі кісі. Жоғары мінберлерден желпініп сөйлейді. Сол баяғы өзінің сөзі. Өз сөзі өзіне бұйырмаған бейбақ осылай отыз жыл түн қамақта.

Кафеде кісі аяғы азая бастады. Арт жақта отырған, қызып алған біреу гүж ете қалды.

– Қалада қоянға ескерткіш қойыпты.

– Қасқырға қашан ескерткіш қояды? Бұл елге бір қасқыр керек еді.

– Қасқыр қайдан болсын. Болса да қасиеті қашып, «ешкіні апа, текені жезде» дейтіндер қалды ғой.

– Бізге нағыз қасқыр болмаса да қасқыршик, халтуршик қасқыр болса да жарар еді.

Екеудің бірі тарихшы шамасы.

– Әлгі сен айтқан қоянның ескерткіші тұрған жердің астында адам сүйектері жатыр, – деді ол.

Анау селк ете қалды.

– Қой, ей!

– Қой емес. Сәбетқазы ағамыздың бір орыс көршісі болыпты.

– Ақатаев па?

– Иә, көршісі бұрын комсомолдың көсемдерінің бірі болған екен. Бала күнінде арба айдаған. Сол арбакеш Сәбеңе сұмдық деректер айтқан. Сәбең кейіннен оны бір газетте жазды. Әлгі кісінің айтуынша, аштықтан өліп, қала орталығында тау боп үйілген адамдарды арбаға тиеп, осында әкеліп көмген көрінеді.

– Астапыралла, не дейді?

– Әлгі байғұс арақ ішкен сайын осы сұмдықты айтып, аңырайтын, – деп отыратын Сәбең.

– Онда бұл жерге сол әруақтарға ескерткіш белгі қойылуы керек қой. Бәсе осы тұста авария көп болады.

Мына сөзге жаны түршіккені сондай жалт қарағысы келіп еді, танып қоя ма деп үрейленіп, әлдебіреу «мұнда елге қарайтын бет бар ма өзі?» дейтіндей көрінді. Тауып айтатыны тағы еске түсті. Әншейінде аузымен орақ орып, жазуға келгенде бірауыз сөз таба алмайтындардың сөздерін күн-түн кірпік қақпай отырып түзеп, күзеп, құлпыртып жіберетіні есіне түсіп, еңсесі езіліп кетті. Соның көбі қазір елдің аузында жүр. Ал өзінен бір есті сөз қалмай барады.

Адамның тағдырымен ойнауға болмайды десе де, бұның әу баста маңдайына жазылған әжептәуір тағдырымен әлгі милләтіміздегі екінші не үшінші саналатын кісі ойнады. Ойнағанда да ақылмен, оймен емес, қуланып ойнады. Әбден пайдаланды. Қысқасы осы деңгейге жеткізді. Кісінің емес, құдайдың көлеңкесіндей-ақ болатын адам еді. Енді жаны қорланып отырысы мынау. Тұлабойы қайшылықтардан, тартыстардан тұратынына қарамастан, жаратылысы ерекше, өзгеше ойлайтын адам. Мәселен, өлең оқығысы келсе, домбыра тартылып тұрғанын, әуен ойнағанын қалайды. Әсіресе Бетховеннің «Айлы түн» сонатасын жанындай жақсы көреді. Соның әсері ме екен түн ауғанда рояльға отыратын болып жүр. Өзі араққа аса көп әуес емес, біртартары бар, бірақ іше алатындарды жақсы көреді. Үлкен қызметте жүргенде сондайлардың бірнешеуінің осал тұсына, көп кемшілігіне көз жұмып, кеңшілікпен қарады. Өйткені талантты адамдар еді. Өзі суықтау, сирек күлгенімен, адамдардың көңілді жүргенін қалап тұрады.

Өз еңбегімен жетті. Ағасыз болған жоқ. Бірақ олар бұны адам болған соң өздері іздеп тапты. Дейтұрғанмен де тамыр-таныспен өскендермен, өтірік қамқорситындармен, «аға» деген аурумен арпалысып өтті. Үлкен кісіге кіріп, шала бүлініп жүретін шатпақ шалдардың айтуымен қызметке өрлейтін, ағасын ерттеп мініп алғандарды иттің етінен жек көрді.

Отызында орда бұзған максималист, өр кезі ғой. Біріншіге қарсы есікте отырады, атынан ат үркетін қызметі бар, министрлер күнде алдына кіріп-шығып жатады. Ол кездің министрлері қандай тағы. Бір-бір бедел, тұлға. Түрлі шаруамен келеді. Адам тапсырады. Жас емес пе, бір күні жарылды. Жұрт көлеңкесінен корқатын бірінші хатшыға кіріп, айтып-айтып салды.

– Аға деген ауру дендеп барады. Бұдан қайтып құтыламыз? Анау аға да, мынау аға да келіп інісін тапсырады. Айтқанын істемесең сен туралы пікір қалыптастырады.

Мұндайды күтпеген бірінші хатшы бұған бажырайып қарады.

– Мәселен…

Бұл енді нақты біреудің атын атамай қулыққа көшті. Ең бастысы ойын білдіріп қалғысы келді, әкесіндей көрген әлгі кісіге сенген соң бір шешілді дейсің.

– Мәселен, бір айтулы ағаны алайық. Ол менің, сіздің жерлесіңіз, рулас, немесе жақсылығын көрген ағаңыз болуы әбден мүмкін. Ол кісінің кеше азды-көпті беделі болған, бүгіңде сол беделіне әжептәуір нұқсан келгенімен, әлі де сол дақпыртымен келе жатыр. Сондай көкесінің көшірмесіне айналғандар көбейіп барады.

Қазақ зиялыларына ел мұратын бірігіп көксеу емес, бір-бірін рулас аға-іні санап, бөрі-бөлтірік болып, бір-бірін «қыл­көпірлерден» жетелеп өткізіп, реті келсе анадан, «қызылкөз» пәледен (қазақ қазақтан) «кек» қайтарып, содан жаны рахат тауып, бір-бірінің көшірмесіне, бәтіңке бауға айналу өршіп тұр. Ұрысса да сол ағасы сияқты ұрысып, ағасы сияқты ойланып-толғанып, ағасы сияқты күрсініп, уһілеп, ағасы сияқ­ты ақыл айтып, ағасының ғана тапсырмасын орыңдап, сойып қаптап қойған ағасына айналу – арманы.

Осылай бір тоқтаусыз, қашағаншылап қағытып, ағылып сөйлегеніне, мұндай батылдық қайдан келгеніне күні бүгінге дейін есіне түссе таңқалады.

– Осындай өзінен өзі алыстап, жерініп бара жатқан ағашыл жастардың, жас шенеу­ніктердің дүниетанымында өзгеріс жасау үшін алдымен ағаларды тәрбиелеу керек шығар деп ойлаймын. Осы бағытта сіздің көмегіңіз керек. Жұмыс істеу мүмкін болмай барады, – деген.

Жарайды. Бара бер.

Отырғандағы бойы орта бойлы адамға бара бар өзі қара кісінің жүзі одан сайын қарақошқылданып кетті. Сол сәттен бастап оның бұдан ертерек құтылуды ойлағанын да сезді. Осылайша албырт кезінде аңдамай ақиқатқа жасаған бір қадамы сәтсіз аяқталды. Содан бері бұл ұстанымынан айнып, өз өмірінен алыстап кетті. Бас шұлғу басталды. Өтірік айтуды үйренді. Ағалар туралы ашынып айтқан сөзі ақыры бүгінгі пұшайман өміріне себеп болды. Тіпті ол тұста тілдік қолданыста кезікпейтін кландармен күресу керек дегенді де алғаш айтқан өзі болу керек.

Трамвай тәрізді бір жолмен жүретін, көз ашқаннан көргені тәртіп. Кісі есігінде өскендікі ме, кісі көңіліне қарағыш. Тұрмысқа, үй шаруасына өте бейім болды, ердің, әйелдің ісі демей істей беретін. Содан ба екен, әйелі де ерінің қабағына қарап жарытпады. Қазір де өз қызығы өзінде, тек күтуші қыз ғана қолғанатқа жарап тұр. Сол бала күнгі әдеті қалып қойған. Іш киіміне дейін өзі жуады. Шалдыққа бет бұрған адам киімге жұққан бірдеңеден күтуші қыз ұшынып қала ма деп те қауіптенеді. Басынан сөз асырмайтын. Бірақ әлгі кісі мұның өмірін өзгертті. Шындықты шідерлеп ұстау керек болды. Бұл соның тірі қоймасы еді, бірақ қойманың кілті сол кісіде. Бұл соған көнді. Олай болмаған күнде өміріне қауіп төнетінінін күні бұрын сезді де, осы тірлікке бейімделуге көшті.

Мұнда бауыр да, туыс та баршылық еді. Бірақ тамыр-таныстыққа жол бермеудің жалынды күрескері ретінде солардың бәрінен айырылған. Мен өлгенде қуанатын шығар деп ойлайтын. Бұл да пенде ғой. Таяуда бір сұмдық оқиға болды. Өзінен бір жас үлкен ағасы өтініш айтты. Баласының үлкен қызметке ілігуіне зор мүмкіндік туып тұр екен. Зейнетте отырған адамның сөзін кім тыңдасын. Десе де абырой мәселесін соңғы рет бір байқап көргісі келді ме, әлде бауырмалдық сезімі оянды ма, қай жағы басым түскені белгісіз, тәп-тәуір қызметте жүрген, өзіне күні бүгінге дейін адал болған шәкірті Алмасқа телефондап еді, мәселе табан асты шешілді. Содан бауыры бұған телефондап, «айналайын» десін. Мына сөзден аспан айналып жерге түскендей еді. Ойлап отырса, туған бауырынан әке-шешесінен кейін естіген сөзі екен. Етжүрегі елжіреп, өксігін баса алмай жатып қалды. Адамның тұлабойын тау қопарғандай қозғап кететін сөздің құдыретін бұл бұрын үлкен қызмет тұрғанда көп елең қылған емес. Енді міне бүгін ғой ормандай ойлармен күнде шарпысып, арпалысады. Ақымақ бопты, алжасыпты. Бұл әу баста мейірімді-ақ адам болатын. Соны қу қызмет жойды. Бұның қызмет тәртібі бойынша перзент сүймеуі керек еді. Соны да орындады ғой.

Жанын алып қалып жүрген осы «Тұңғиық» кафесі. Ол үшін бұл жер шағын зертханаға айналған. Қазіргі қазақтың деңгейін осы жерден байқап қайтады. Теледидар көрмейді, газет қарамайды, радио тыңдамайды, тек қана кітап оқиды. Әзелден солай.

– Қап, мына полицайдың қорлығын-ай!

– Погоны болмаса, жанын жаһаннамға жіберер едім.

– Әкесіндей адамның әукесіне қол салғанына күйіп кеттім.

– Әкем марқұм айтушы еді.

– Не деуші еді?

– Адамнан милиция жасау оңай, ал милициядан адам жасау қиын.

Қорланып отырған екі жігіт қарқылдап күлді. Бұлар митингіден қайтқандар еді.

– Байғұс балалар ана жылғыдай арандап қалады-ау, үкімет-зорлық деген жоқ па еді ұлы адам. Соны айтатын біреу бар ма бұларға, мына елде, – деп ойлады.

Бұл қалада қазір митингілер жиі өтетін болды. Жоғарыда болып жататын жойқын жоспарлардан бір кісідей хабардар бұл мына өңдірдей балаларға митинг мәдениеті туралы керемет дәріс оқығысы келді. Тұңғыш рет халқына деген жанашыр сезімі оянды. Ол дәрісті бұл елде бұдан басқа ешкім оқи алмас еді. Бірақ оның сөзін екі көзін шел басқан мына таскерең қоғамның керек етпесі белгілі. Айтпақшы бұл түнқамақта ғой. Ардан биік, жаннан тәтті ештеңе жоқ. Оның ары қайсыбір жылы өліп қалды десе де, соны жабылып жүріп өлтіргендер, авторлары бар. Ол соны айта алмайды. Шындықты айтса, күн көре алмай қалатынын біледі. Өз шындығымен өмір сүруге мәжбүр. Сол оймен бұл түн баласына көз ілмей күреседі. Әлгі милләтіміздегі екінші не үшінші кісінің көлеңкесіне айналған жалғыз бұл ғана емес, бар, бірақ олар қысқарып бара жатыр. Көкірегін удай ашытқан сол ойын әлгі көлеңкелердің біріне білдіріп, бірігуді айтайын деуге дәті жетпей, өзінен өзі шошып кетеді.

Күндіз кептелістен көзі ашылмайтын бұл қалада шындық түнде айтылады. Демократия­ның ошағы екі жерде. Бірі – саунада, бірі – ас үйде. Кейбіреулер шындықты ас үйде әйеліне сыбырлап айтады. Кедейшілік шегіне жетпегенде бұл сияқты элитаның ғажайып, ертегі өмірі елді соншалықты елеңдетпес пе еді.

Бұл үшін енді бәрібір. Бір-ақ мақсаты бар. Ол жалғыздықты жеңу. Соның жолында түрлі тәсілдерге бару. Жалғыздық жалғыз болмайды екен. Оны жалықтырмайтын жалмауыз серіктері де болады. Біреу баласынан, біреу әйелінен, біреу бауырынан, біреу бастығынан бақас көріп өмір сүріп, осы жолға амалсыз түсетін көрінеді. Оның ойынша бұл қала тұрғындарының тең жартысы жалғыздықпен күресіп жатыр. Бірақ оны жеңудің жолын әлі ешкім тапқан жоқ. Бұған салса аса қабілеті зор ол енді қалған ғұмырында сол пәлекетпен күрестің концепциясын жасап кетуді ойлайды. Қашан кезігіп қалса да өнебойынан бір қышқылтым иіс шығып тұратын ақын көршісі бар еді. Тәп-тәуір ақын. Ол да жалғыздықпен күресіп жүрген жауынгер. Бұл жалмауызды өлең жазумен жеңіп жүрмін деуші еді. Таяуда сол кітабын құшақтап жатып өліп қалыпты. Өмірдің осындай мыңдап саналатын мысалдары бұны үлкен еңбек жазуға итермеледі. Тіпті ол соңғы уақытта ел аумағынан шығып жаһандық жалғыздықтың себеп-салдарын ашатын айтулы трактат қалдыруды көп ойлап жүр. Ойынша, Маркесіңнің өзі мұның қасында маңып қалатын тәрізді.

Күн ұзаққа қысық көз көршінің әуені тұншығып ойнап тұратын «Тұңғиық» кафесін тастап, қашып шықты. «Айлы түн» сонатасын тыңдауға асықты. Дертіне дауа болатын сол. Онымен теңесе алатын Әбікеннің «Қоңыры» ғана. Жанын музыка алып қалып жүр.

Бұның бойында өнебойы сұрапыл күй кешіп жататын егіз ағыс бар. Бірі – музыка. Егер шенеунік болмағанда композитор болғандай екен. Жалғыздықпен жағаласқан осы бір күндерде өмірдің бар мән-мағынасын, бұған дейінгі бар беймәлімді музыкадан тапты. Музыка деген шексіздік екен ғой. Адамның бар арман-аңсары музыкада екен ғой. Равельдің жарты сағатқа дейін ойнайтын «Болеросын» тыңдаған сайын жан дүниесі рахат күй кешіп, демалады. Одан кейін «Махамбет». Әйгілі Әлқиссаның осы туындысын бірде өзіне талдап бергенде, «шенеунік боп қор болған құлыным-ай» деп құшағына алғаны бар. «Сөз біткен жерден саз басталады» деген Шопен бе еді. Осы құштарлық бейнелеу өнеріне келгенде де бұның бойынан табылды. Оның өзінде де тұла бойынан әуен, саз төгілетін картиналарды таңдайды. Көп жылдар күрделі Чюрлениспен ауырды. Кей кезде көңілі аса құлазыған сәттерде теңіздің тіліндей толқындары аласұрып жататын Айвазовскийдің «Тоғызыншы валына» қараса дүр сілкінеді. Айвазовскиймен ауырғаны сондай, орыстың бір орталық басылымына партиялық этикаға сай жасырын атпен толғанысы жарияланып еді, бәзбір өнертанушылардың ішіне пышақ айналмай қалды. Айвазовскийдің «Пушкиннің теңізбен қоштасуын» қайсыбір жылы қара базарда ішіп кеткен бір белгілі суретшіден сатып алған. Суретші Пушкин фонында жан досы Репинді бедерлеген ғой.

Өнер жөніндегі биік өресі оның өрісін де кеңейтті. Көп білетін бұл әлгі милләтіміздегі екінші не үшінші саналған кісіге де осы қырымен ұнап қалды. Әсіресе Франция сапарынан кейін қызметте тасы өрге домалап жүре берді. Қазақ делегациясы Луврға соққан. Бұл жөн-жөнекей ол кісіге әлемге әйгілі мұражайдың тарихын таратып тәпсірлегенде әлгінің аузының суы құрып тыңдаған. Луврдан шығып, қонақүйге екеуі бірге қайтты. Әншейінде суық көрінетін милләтіміздегі екінші не үшінші саналатын кісі тым көңілді еді, тіпті ырқ-ырқ күлгендей болды-ау. Күлкінің себебі, әлгі бір денесі буылтық-буылтық, бура сан сұлулар бейнеленген картина қатты ұнап қалса керек. Партиялық этикаңыз сандалып қалған.

– Қалай еді әлгі, жаңағы, – дей беріп еді, «Рубенстің «Үш үйлесімін» айтасыз ба? Ол ауру арулар ғой, – деді.

Әлгі милләтіміздегі екінші не үшінші кісі ине сұғып алғандай селк ете қалды.

– Ауруы несі?

– Ауру болғанда артрит қой. Бұл кесел кезінде Еуропада кең тараған. Онда сол кезең суреттеледі. Тарихи эпидемиология. Тіпті сол үшеудің бірі Рубенстің өзінің 16 жастағы екінші әйелі. Суретшінің өзі де бұл аурудан әбден азап шеккен.

Әдетте елде жүргенде мұндай әңгімеге деңгейлес серік табылмағасын ба, әлде қарайып қалмайын дей ме, әйтеуір, бір сәт шенеуніктігін ұмытып, шабандоз шабыттың пырағына мініп алып, тоқтай алсайшы. Әлгі екінші ия үшінші кісі ұға ма, ұқпай ма, онымен шаруасы болмады, біраз төпелеп келіп, Рембрандпен бір-ақ тоқтады.

– Жаңағы өзіңіз алдында біраз аялдаған Рембрандтың «Автопортреті» де осы оймен өзектес. Өзі де ерте қартайып кеткен кісі ғой. Бұл туындының адамдардың ерте қартаюының құпиясын ашқаны сондай, тіпті атышулы медицина орындарында арнайы курс ретінде оқылатынына дейін, содан кейін өз құлағын өзі кесіп алып шатырға лақтырып жіберетін Ван-Гог туралы, оның досы Поль Гогенмен көңілдес болғанын тәптіштеп айтты. Шамасы жарты сағаттай төпеді-ау деймін.

Бұдан кейін әлгі милләтіміздегі екінші не үшінші кісі бұдан айырылмады. Кез-келген тақырыпта кеңес сұраса көзі ашылып қалады. Бұл кісі енді кітап оқып та бас ауыртпайтын болды. Кейде сол естігенін кейбір ортада өзі оқығандай ойынан бірдеңелер қосып, қисындырып айтатыны бұған да жетіп жататын. Қысқасы, қасынан бір елі тастамайтын болды. Шет елдің қай тұсына барса да сол жердің тарихын айтып, сарнап тұрады.

Сұрқай кафеден қашып шыққан ол бүгінгі көрген-баққандарын шуақты сәттермен қанша көмкергісі келсе де, әлемтапырық күй кешіп келе жатты.

Үйге құр сүлдері жетті. Күтуші қыз ваннаны толтырып қойыпты. Су жып-жылы, жаңа сауған сүттей екен. Тұла бойы балбырап сала берді. Жастыққа қисайғаны сол еді, әлгі бір ажырамас жансерігі Елеске тіл бітті. Енді түн баласына сонымен сөйлеседі, зерікпейді. Тыңдаушысы кірпік қақпайтын күтуші қыз ғана.

Елес:

– Мен өлімге дайынмын.

– Сен емес, оны айтқан Мандельштам. Тұңғыш Сталинге қарсы өлең жазған адам.

Елес:

– Білем, білем. Ахматоваға түн ұйқысын бұзып «Мен өлімге дайынмын» деп айтқан атақты сөзі ғой.

Бұл енді қабырғадағы Врубельдің дүлей «Демонына» көзі түсіп еді, қуып кеткендей болды.

– Не деп тұрсың сен. Мен Демон емеспін. Мефистофель де емеспін, – деді.

Елес:

– Саған біреу бірдеңе деді ме, мен солай дедім бе?

Күндегі көрініс. Әжетханаға кіріп еді, не үшін келгенін есіне түсіре алмады. Ұзақ тұрды да суын ағызып шығып кетті. Осылай әбден қалжырап, керенау күйге енгенде барып, түнгі сарын, түнгі монологтар да саябырсиды. Оған сол кезде ғана сәл дамылдауға мүмкіндік туа­ды, әлгі серіктері де таңды күтпей, кісі көзіне түскісі келмей, түн қойнына сіңіп кетеді. Енді түнгі монолог түске айналады.

Көп жыл бұрын өмірден озған әкесі түсіне кірді. Нашарлап жатқан әкесіне «не айтасыз?» деп отыр екен. Әкесі марқұм «Мақаш-ау, жоғары жақтан бастап өтірік айтасыңдар, соны қойсаңдаршы» деді де жүріп кетті.

Түсіне сол баяғы «Тұңғиық» кафесінің қыздары кіреді. Еліктің лағындай екі қыз бұған үркесоқтап сұрақ қояды.

– Аға, бізге ренжіп қалмадыңыз ба, көрінбей кеттіңіз ғой, – дейді.

– Қазір ешкімге, ештеңеге ренжитін заман емес қой, қарғам, – дейді.

– Неге? – дейді екі қыздың алма кеудесі алқынып.

– Бұрынғының адамдары ренжуге тұратын еді. Қазіргілер ондай емес, ренжуге тұрмайды. Бұрынғылар ірі еді ғой, ірі.

Екі қыз бұны жабыла сүйеді. Құрғырлардың қылығына өліп-өшіп қарайды. Одан басқа қауқар жоқ. Сәл ұмтылыс жасайын десе, қытықтап өлтіре ме деп қорқады.

– Жасыңызда сұмдық ажарлы, сұлу болғаныңыз байқалып тұрады.

Екі қыздың сөзін тыңдап жатып, сұлу жаны қорланып, қор ете қалды.

Көп жақсылығын көрген күтуші жетім қыз дауыс салып жылады. Шәкірті Алмасқа жедел хабар жетті.

Ұзақ жылдарға созылған, Шекспирдің өзі тіріліп келсе де жаза алмайтын түнгі қойылым аяқталды, бәлки, бұдан соң да жалғасы болар. Ол енді шындықтың шаруасы.

Ертеңіне телеарналардың жүгіртпе жолынан бір ғана сөйлем жедел жүгіріп өтті.

Қырағы көздер бұл сөйлемді қалай жіберіп алды екен десті жұрт. Әлде біреулердің иманы оқыс оянды ма?..

Айтпақшы, коронавирустан қашып, бір түпкірде жанын күтіп жатқан әлгі милләтіміздегі екінші не үшінші кісі бұл қазаны естігенде ептеп күрсінген болыпты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір