АДАМДЫ АҚЫЛЫ МЕН ЕРКІ БАСҚАРАДЫ
17.10.2020
993
0

«Шәкәрімнің бес сауалы» vs «Қазақ әдебиеті»

Досым ОМАРОВ, абайшәкәрімтанушы, теолог

Шәкәрімнің өзі «Үш анық» шығармасында жазғандай, болмыс үш деңгейден құралады. Санасына байланысты адамды осы үш әлем құндылықтары басқарады. Біріншісі, көрінетін заттық әлем. Бұларды барлық жан иелеріне ортақ – ұйқы, тамақ, қорғаныс және ұрпақ қалдыру қажеттіліктері басқарады. Бұларсыз заттық әлем өмір сүре алмайды. Екіншісі, көрінбейтін нәзік әлем. Бұл деңгейдегілерді ой-өріс басқарып, олар ғарыштық санаға көтеріле алады. Үшіншісі, рухани әлем. Бұлар рухани болмысты сезініп, Абай көрсеткен өмірдің түпкі мақсатына жете алады. Толық адамға осылар жатады. Сана деңгейлері әртүрлі болғандықтан, бүкіл болмыстың негізгі сырларын қамтитын бұл бес сауалдың жауабы да әртүрлі. Олар бір-бірімен сәйкес келмейді, тіпті қарама-қарсы болуы да мүмкін.

 Шәкәрім – әулие қатарындағы адам, сондықтан ол қарапайым сауалдар қоймайды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл сауалдар бүкіл адамзатты ойландыру үшін болғанымен, негізгі мақсат – болмыстың түпкі мәні болса керек. Сондай оймен, теолог болғандықтан, Абай ілімі бойынша мен де бұл сауалдарға рухани тұрғыдан жауап іздедім.

 

  1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?

– Алла мақсұтсыз ештеңе жаратпайды. Жан иелері эволюция жолымен жетіліп, түбінде Алла Тағалаға қайтады. Бұл ақиқат қасиетті Құранда «Түбінде барлығы Маған қайтады» [Құран, 21-93] деген аятпен бекітілген. Хакім Абай басқа жан иелеріне қарағанда, адамға өзгеше артықшылықтар берілгенін жазады (38-сөз). Ол артықшылықтар: ерекше ақыл мен ерік. Басқа жан иелерінде бұлар жоқ, оларды табиғи инстинкт басқарады. Адамды ақылы мен еркі басқарады. Сондықтан әлемнің эволюциялық жолында адамның ерекше рөлі бар. Сопы ілімінде бүкіл болмыс өмірінің нәтижесі – Адам деп көрсетіледі. Себебі Адам ғана осы ерекшеліктерімен, өз еркімен Түп Иеге қайта алады. Түп Ие аса мейрімді және қамқор болғандықтан, Ол ешкімді ештеңеге зорлықпен ықтиярламайды. Егер адам баласы өмірдің негізгі мақсатын дұрыс түсіне алса, ол өз еркімен Түп Иеге қайтуға бет алады, ал түсіне алмаса, заттық әлем ықпалымен тән құмарына беріліп, эволюциялық жолмен төмен құлдырайды. Адамдар қоғамда бірі жоғары өрлеп, ал екіншілері төмен құлдырап бара жатады. Осылай өмірде бірі төмен, екіншісі жоғары бағытталған екі ағым пайда болады. Бірақ көбі бұл құбылысты білмейді де, байқамайды да. Жоғары бағытталғандар өз еріктерімен Түп Иеге қайтуға ұмтылып, бүкіл болмысты алға тартады.

         Міне, Алланың адамды жаратқандағы мақсұты осы – барлық жан иелеріне Түп Иеге қайтуға мүмкіндік тудыру.

  1. Адамға ең керек тіршілік?

– Адамға тіршіліктің ең керегіТүп Иеге қайтуға үйрену. «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі Абай көрсеткен Түп Иеге қайту жолын адам баласы рухани кемелдену барысында сезініп, түсіне алады. Бұл үшін әуелі рухани білім алу керек, сонан соң ол білімді тіршілікте пайдалана отырып, өзінің болмысына айналдыру керек. Сол кезден бастап адамға Түп Иеге жол ашылады. 

         Яғни, адамға тіршіліктің ең керегі – өмірді құрал ретінде пайдалана отырып, рухани жаңғыру арқылы Абай көрсеткен Түп Иеге қайту.

  1. Адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар ма?

– Болмыс өмірін әділет заңдылығы басқарады. Бұл заңдылық қарапайым сөзбен «Не ексең, соны орасың» дегенге саяды. Жақсылық үшін – жақсылық, жамандық үшін – жамандық аласың. Оған физикалық әлемдегі «затқа қандай күшпен әсер етсе, оған сондай қарсы күш әсер етеді» деген И.Ньютонның заңдылығы дәлел. Сондықтан өлгеннен кейін әркімнің өзінің қарымын, яғни іс-әрекетінің нәтижесін алу әділет заңдылығы. Бұл заңдылықты дұрыс түсініп, қабылдай білудің бүгінгі заманда қандай маңызы барын, әрине, әркім түсіне алады. Исламда бұл қағида «жұмақ» және «тозақ» деген ұғымдармен түсіндірілетіні белгілі.

Яғни, әділет заңдылығы болғандықтан, адамға өлген соң, мейлі, не жөнмен болсын, рахат-бейнет, сауап-азап бар.

  1. Ең жақсы адам не қылған кісі?

         – Жақсы адамның деңгейлері көп. Кедей-кепшіктерге дүние-мүлікпен жәрдем, ауру-сырқауды емдеу, кәрі адамдарға қамқорлық, өмірден түңілген адамдарға көмек, бұлардың барлығы да, әрине, керек – жақсы адам қасиеттері. Бірақ бұлардан да жоғары жақсылық бар. Ол – адамдарға рухани білім беріп, Құдай жолына салу. Сондықтан ең жақсы адам басқаларға өмірдің түпкі мақсатына жетуге көмектесетін адам болуы керек. Абайдың өзі бұл тұжырымды: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – Хақиқат, оған ғашықтық өзі де Хақлық һәм адамдық дүр» (38-сөз) деп бергені белгілі. Бұл арада «ғылым» сөзі рухани білімді білдіріп тұр. Рухани білім алған адам Алланың сипатын танып, өмірдің түпкі мақсатына жете алады.

         Яғни, ең жақсы адам – рухани білім тарату арқылы өмірдің түпкі мақсатына жол ашқан кісі.

  1. Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара ма?

         – Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы бұзылып бара жатыр. Абай өзінің қырық үшінші сөзінде: «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» деп адам рухани және заттық болмыстан құралатынын жазады. Адамның адамшылығы рухани болмыспен байланысты. Рухани болмыс көрінісі – мәңгілік, жоғары сана және ләззат болса, ал заттық әлем көріністері, керісінше, – уақытша (жалған), надандық және қорлық. Қарапайым адам заттық әлем заңдылығынан шыға алмайды.

Сөйтіп, заттық әлем ықпалымен заман өткен сайын адамдардың адамшылығы бұзылып бара жатыр.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір