«БЕКТЕР КЕТЕДІ, ЕЛ ҚАЛАДЫ»
13.10.2020
1027
0

Көршіміз, туысқан халық Қырғызстанда саяси бұлғақ басталды. 4 қазанда өткен Парламент сайлауының нәтижесіне қанағаттанбай, сайлау әділетсіз өтті деген жұртшылық 5 қазанда алаңға шығып, өз талаптарын қойды. Арада ішкі қауіпсіздік күштерімен жанжалдасып, қақтығыс басталды. Бейресми деректер 70-тен астам адамның жараланғанын хабарлады. 19 жастағы жігіт майданда опат болған. Сол күні Президент сарайы – Ақ үйді басып алып, 11 жылға сотталған экс-президент Алмазбек Атамбаевты түрмеден босатты. Онымен бірге бұрынғы бірнеше шенеунік қамаудан шықты (Қазір А.Атамбаев қайтадан түрмеге қамалған).
Ала-Тооның ар жағындағы дүрбелең әлі де басыла қойған жоқ. Бауырлас халықтың басындағы бұл қиын жағдай Қазақстанды да ойландырмай тұрмайды. Қазақ билігі осымен үш рет революция жасаған халықтың тезірек ес жиып, заңға сай әділдік орнатуын қалайтынын мәлімдеді.
Біз ақын, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков пен жас ақын, аудармашы, қазақ-қырғыз арасындағы әдеби байланысты нығайтуға еңбек етіп жүрген Перизат Алмазқызынан осы оқиғаға байланысты аз-кем сұхбат алған едік.

Нұрлан ҚАЛЫБЕКОВ:
«БІЗГЕ КӨШЕ ДЕМОКРАТИЯСЫ КЕРЕК ЕМЕС»

– Нұрлан мырза, Қырғыз елінде болған үшінші революцияны бақылап отырмыз. Қазақ халқы да еліңіздің бұл тығырықтан тезірек шығуын, заңға сай тәртіптің орнауын тілейді. Бұл оқиғаның тууы Сізге қалай әсер етті?
– Оқиғаның тууына сайлаудағы әділетсіздік себеп болды. «Ұшқыннан жалын тұтанады» демекші, халықтың ішкі наразылығы, саяси топтардың амбициясы, биліктегі жүйесіздік, тәртіпсіздік кесірінен осы күнге тап болдық. Тау халқы ежелден еркіндік сүйгіш. Қызуқанды. Өзінің талабын орындатқысы келеді. Оның жолын таппағасын, көшеге шығады. Бізге демократия керек! Бірақ көше демократиясы емес!
Алдыңғы екі революциядан ештеңе ұтқан жоқпыз. Биліктегілердің орны ауысқанымен, мәні өзгерген жоқ. Соны түсінер уақыт жетті.
– Интеллигенция өкілдері, қаламгерлер қандай жолды ұсынып отыр?
– Интеллигенция мизам (заң) талабымен сөйлескісі келеді. Бәрі заң аясында реттелсе деп ойлайды. Барлық саяси топтар мен партиялардың өзара диалогқа келуін тілеп отыр. Топалаңның зардабын тартатын өзге емес, өзіміз. Черчилль: «Демократия – тәртіп пен жауапкершілік» демеп пе еді. Біздің халық та, билік те соны түсінсе екен деймін. Өз басым революциялық жолды емес, эволюциялық жолды дұрыс деп ойлаймын. Адам өзі өзгермей, қоғам өзгермейді.
– Бұл бұлғақтың себебін әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан деп түсінетіндер бар. Енді бір топ саяси кландардың тартысы дейді. Сіздіңше, бұл екі болжамның қайсысы ойға қонымды?
– Екеуінің де белгілі дәрежеде ықпалы болды. Қырғыз халқы аш-жалаңаш отыр деп біржақтылы қарауға болмайды. Кландардың да өзара қырқысы жоқ емес. Үшінші себеп, жастардың ішкі эгосы басым, қарсылыққа толы. Олар ештеңеге риза емес. Отыз жыл бойы көрген теңсіздіктердің есесін қайтарғысы келетіндей. Жаңа бет-бейне, жаңа тұлға іздейді. Осыған дейін билік ауысқанымен, бұрыннан саяси сахнада жүрген тағы бір топ билік басына келді. Одан ештеңе өзгермеді. Сол да халықты ашындырған сияқты.
– Бұл тығырықтан шығар қандай жол бар?
– Тәртіп пен жауапкершілік. Одан басқа жол көріп отырған жоқпын. Мизам талаптарын сақтай отырып, жаңа билікті жасақтауымыз керек. Біздегі саяси тұрақсыздықты сыртқы күштер пайдаланып кетпесе екен, елдің бейбітшілігі қалпына келсе екен деп отырмыз.

Перизат АЛМАЗҚЫЗЫ:
«ЕЛДЕ БОЛСАМ, АЛАҢҒА МЕН ДЕ ШЫҒАР ЕДІМ»

– Перизат, Қырғызстандағы жағдайға қазақ халқы да алаңдап отыр. Бұл оқиғаның тууына не түрткі болды?
– Қырғыздардың жақсылығына ең бірінші қазақ қуанады. Мұңына да бірінші қазақ мұңаяды. Алатаудың екі жағын мекендеген бауырлас елміз ғой. Отанымда болған оқиға менің жанымды жүдетті. Қатты қиналып жүрмін. 19 жастағы оғланымыз оққа ұшты. Қаншама азамат жараланып, аяқ-қолынан айырылды. Бұл – өкініш, әрине.
Өз басым еліміздегі 5 президентті де көрдім. Олардың билік басындағы уақытын санаммен сезініп өстім. Революцияның үш рет болғанына қатты қапаланамын. Осы төңкерістер кезінде менің де таныстарым мен туыстарым опат болды. Әр төңкеріс сайын елде әділет орнар, ертеңіміз жақсы болар деп үміт еткен халықтың тілегі орындалмады. Мен қазір Алматыдамын. Егер елде болсам, мен де алаңға шығар едім.
– Бұл жолғы бұлғақтың бұрынғы екі төңкерістен айырмашылығы қандай?
– Бұл жолы ереуілге негізінен жастар шықты. Жастар биліктің өзгерісін, әділетті қоғам орнатуды, әлеуметтік жағдайдың жақсаруын қалайды. Төңкерістің түпкі себебі – елдегі әлеуметтік жағдай. Ең бастысы, жұмыссыздық. Бізде жұмыссыз жүрген жастар өте көп. Ашынған жұрттың айғайын естір Үкімет болмады. Олар өз қамдарын ойлап, жеке басын күйттеуден ары аспады. Бұл жастарды ашындырды деп ойлаймын.Егер елде болсам, мен де алаңға шығар едім. Менің жаным алаңда жараланғандардан артық емес қой…
– Бұл оқиғаға зиялы қауым өкілдері, әдебиетші қауым қалай қарады? Өз ойларын білдіріп, халықты тығырықтан шығар жолды табуға үндеп жатыр ма?
– Әрине. Бұл жағдайға бәрі күйініп отыр. Кейбірі: «Перизат, біз жындыханаға түсіп қалдық», – деп қан жылап, хабарласып жатыр. Ерлан Жұмағазиев, Таштанбек Шакиев секілді қаламгерлер жастарға кеңесін беріп, елдікті сақтауды барынша дәріптеуде.
Бір нәрсе анық: қырғыз жастары бұл қадамға шарасыздықтан барды. Десе де, мен Ақ үйді өртеп, бүлдіргендерін дұрыс деп есептемеймін. Қырғызда: «Бетеге кетеді, бел қалады. Бектер кетеді, ел қалады» деген сөз бар.
Еліме тыныштық тілеймін. Тезірек ес жиып, әділетті сайлау өткізіп, билік басына халыққа шын жаны ашитын халықшыл перзенттердің келуін жүрегіммен қалаймын.

Т.Өскенбай

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір