АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ НАСИХАТТАУ
25.09.2020
574
0

Адамгершілік қағидаларын ұстану белгілі бір канондарға сүйенбейтіні мәлім. 

«Вайнах» шешен-ингуш ансамблінің көркемдік жетекшісі Ханифа Мациева халық биі арқылы жастардың бойына моральдық-этикалық құндылықтарды қалай сіңіруге болатынын айтып берді.

«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының құрылғанына биыл 30 жыл толады. Орталықтың жұмысы этносаралық келісімді нығайтуға, мәдениет пен тілді сақтауға және дамытуға негізделген. «Вайнах» ансамблі ән айтып, билеу арқылы өз халқының салт-дәстүрін дәріптейді. «Биыл біздің орталықтың ашылғанына 30 жыл болады. Коронавирус індеті болмағанда осы мерейтойға орай үлкен концерт ұйымдастыратын едік. Орталық құрылғаннан кейін арада бірнеше жыл өткенде біздің ансамбль ұйымдастырылды. Осы ансамбльде жұмыс істеп жатқаныма 7 жыл болды», — дейді Ханифа Мұратқызы.

Соңғы жылдары ансамбль құрамында 80 адам болған, қазір 50 адам ғана қалған. «50 адам – ансамбльдің негізгі бөлігі. Олармен бірге шығармашылықпен айналысуға, кез келген істі бастағанда сенім артуға болады», — дейді Ханифа ханым.

Балалар 18 жасқа дейін ансамбль құрамында билеп, ары қарай өмірдің әр саласынан өз жолдарын іздеп кетеді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі ансамбльдің жаңа мүшелерін қабылдап, тәрбиелеп шығарады.

«Біз ең алдымен балаларды мейірімге үйретеміз. Өзара түсіністік болған жерде ғана бастаған істі соңына дейін жеткізуге болады. Ансамбль құрамына келген балаларды бірлікке үйретеміз, себебі олар жеке дара емес, ұжым құрамында өнер көрсетеді. Олар қай жерде бір-біріне жол беріп, қай жерде иық тіресіп тұру керек екенін білмесе, жақсы би шықпайды. Біздің балалар ән салады, би де билейді және аккордеон секілді аспапта ойнай алады. Кейде өздері әңгіме-дүкен құрып, ингуш мәдениетін сіңіреді. Кез келген бала би машығын біле бермейді, бірақ бұл біздің орталыққа мүше болуға кедергі емес. Бұл жерден жақсы дос тауып, жақсы орта қалыптастыруға болады», — дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір