ЫЗАЛЫ КҮЛКІНІҢ ӨЗІ ҚАЙҒЫ ШАҚЫРАДЫ
03.10.2020
1931
0

Қоғамға кесел болып жабысқан келеңсіздіктерді нысанасына алып, ой безбеніне салар қазіргі қазақ сатирасының сипаты көңіл көншітпей тұрғанын несіне жасырамыз?! Есесіне, бүгінгі қоғамның келбеті, адамдардың күнделікті тірлікте көрініс тауып жататын іс-әрекеті – тегіс сатираға сұранып-ақ тұр. Бірақ соның бәрін «майын тамызып» жазатын қандауыр қалам иесін таппай қиналып отырған жайымыз бар. Дәстүр бойынша, газетіміздің соңғы бетін сатираның садағын кере алады деген дәмелі әріптестерімізге үзбей беріп келеміз. Алайда, амал кем, әзірге аламан шыққан ешкім жоқ. Неге? Осы «Неге?» деген сауалдан өрбитін өзге де мәселелерді талқылау үшін «Қазақ әдебиеті» газетінің дәстүрлі «Алқа» отырысына көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғаббас Қабышұлын, Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері Көпен Әмірбекті, белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тамаша» тарландарының бірі Асқар Наймантаевты, сондай-ақ, әдебиет зерттеушісі, сыншы Құлбек Ергөбекті шақырдық.

Залда кейіпкері отырғанда, сатира жақсы атақ алмайды

Қ.Ә.: – Бүгінгі қазақ сатирасы­ның жай-күйі туралы не айтар едіңіз? Сатираның салмағы «жеңіл тартып кетті» деген сыңай­дағы пікірлермен келісесіз бе?

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: – Бүгінгі қоғами тірліктің көпе-көрінеу ырың-жырыңына жаны ауыра күлу азайып, көшекүлкі көбейіп тұрғанда жазықсыз сатираны сорттар, салмағын өлшер құлқым жоқ.

Көпен ӘМІРБЕК: – Егер  біздің ұстазымыз, профессор Темірбек Қожакеев тіріліп келсе, зар илер еді қазір. «Әй, сықақшылар қауымы, қалжыңдастар, қайдасыңдар? Бұл немене? Көр жер, көде-сөденің бәрін көжеқатық қылып кеттіңдер ғой» деп айтатын еді. Баяғыда студент кезімізде дәмді дәрісін оқығанда: «Бұл сатира деген не?  Сатира қоғамдық  дерттерді келемеж ететін немесе оны әшкерелеуді мақсат тұтатын әртүрлі жанрдағы әдеби шығармалар тобын құрайды. Мейлі ол  роман, әңгіме, фельетон, пародия болсын, күлдіре отырып ащы шындықты әшкере ететін туынды сатира боп сап түзейді», – дейтін. «Енді, қазір, тәуелсіздік алған кезде, Кеңес өкіметінің кезіндегідей кесіп түсетін цензура жоқ қой, енді қайда сол сатира? Неғып бей-жай отырсыңдар?» – дер еді бүгінде көзі тірі болса. Рас, Оспанхан Әубәкіров кеткеннен кейін, ұстазымыз Темірбек Қожакеев өмірден озғаннан кейін қазақ сатирасы иесіз қалғандай көрінеді маған. Жапондық ғалымдар аквариумдағы балықты зерттеп, оны теңізге жіберіп көрсе, балық алысқа жүзбепті. Оңға, солға, ары, бері бір метр ғана жүзіп, сол бір қашықтықтан аспайтын көрінеді. Өйткені тар жерде тіршілік етіп үйренген емес пе. Біздің сықақшылардың да құлашы кең емес. Әлемдік әзілдерге бой алдырмайды, қазақы шеңберден аспай қалды. Басқа елдерге қарасаңыз, әзіл-сықақтары тәржімаланып, «дүниені шарлап», дамып жатыр. Бізде қозғалыс жоқ, аквариумдағы балық секілдіміз, әйтеуір тіріміз. Ұсақ-түйек шабақпыз. Шортандар, акулалар жоқ. Тоқсанға таяған Мыңбай Рәш пен Ғаббас Қабышұлы ғана қалды бұрынғылардың көзіндей боп. «Соғыс және бейбітшілік» романын жазып біткеннен кейін Толстойдың айтқан сөзі бар екен: «Енді орыс әдебиеті менен кейін біраз жылға демалады», – деп. Кешегі Кеңес өкіметі кезіндегі, Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахметұлы, Қажытай Ілиясов, Бейсебай Кірісбаевтар жасарын жасап, жазарын жазып кеткеннен кейін, қазақ сатирасы дамылдап жатқан сияқты қазір.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ: – Бүгінгі қазақ сатирасының жай-күйі туралы не айтуға болады? Өзіне тән тіршілікпен жәйлап өмір сүріп жатыр. «Жеңіл тартып кетті» деген – сандырақ сөз. Ол сөз – сатираны театрдың ойынымен ғана өлшейтіндердің пікірі. Ал шын әдебиетке келсек, бұл пікірден айнитындардың көп болатыны даусыз. Сатираның салмағы туралы айтар болсақ, тек сахналық қойылымдар төңірегінде ғана сөз қозғасақ, әрине, аздап жеңіл тартып бара жатқаны ешкімге жасырын емес. Оны жеңілдету де, ауырлату да осы жанрда қалам тартып жүрген қаламгерлерге байланысты екені өтірік емес. Бұл жерде сұрақ сатиралық театрлар төңірегінде болғалы тұр-ау, шамасы?

Қ.Ә.: – Әңгіме ауанын жалпы сатира төңірегінде бастасақ дегенбіз. Дегенмен, сатиралық театрлар турасындағы ойыңызды өрбіте берсеңіз.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ: – Егер театрлар төңірегінде сөз жалғасақ, онда қазақ сатирасы деу тым ауқымдылау соғады. Қазіргі қазақ сатиралық театрлары туралы айтқанда, олардың сатираға да, театрға да түк қатысы жоқ, оны тек күлдібадам бірдеңе деп қорықпай айтуға болады. «Сатиралық емес» деуімнің себебіне тоқталсам, ондағы материалдарда қазіргі заман келбетін сөз етер ештеңе жоқ. «Ойнау білмейтін бала шешесінің етегін көтеріп ойнайды» дегенге саяды. Қалжыңдары тым дөрекі, шамадан тыс шынайылықтан алшақ, анайылығы басымдау. Әйел киімін киіп алған еркексымақтардың келемежі. Келемеждегенде қазіргі өмірді емес, өзін-өзі келемеждеп тұр. Сахналық қойылымдардың мақсаты – көрерменді күлдіру болса, бұл ойындардан ештеңеге күлетіндей нәрсе көріп тұрғаным жоқ. Сахнаны дарақылық пен оспадарлық басып барады. Дарақылық пен оспадарлық жүрген жерден шынайы күлкі табу, әй, мүмкін емес-ау.

Асқар НАЙМАНТАЕВ: – Біреудің сүрінгеніне күлмейді сатира, оны сүріндірген адамға күледі. Және залда кейіпкері отырған заманда сатира жақсы атақ алмайды. Мына қойылған сұрақ жыл сайын алдымыздан шыға беретін, не ескірмейтін, не жаңармайтын сұрақ. «Бүгінгі сатираның жай-күйі»… Бүгінгі сатира Сіз бен бізден ақыл сұрамайтын халде. Мен, әрине, тасқа басылып, хатқа түскен сатираны айтып отырмын. Сатира тілі сатирик емес қатардағы тілшінің де тіліне айналды. Сауатты айтатын болсақ, публицистика тіліне. Баспа бетінде сатира тілінде сөйлемейтін журналист кем де кем қазір. Тіпті әлеуметтік желідегі блогер деген жазғыштар да осы тілді қолданады. Жеңіл тарта ма, ауырлай ма, ол жазғыштың ой-өрісі мен сөздік қорына байланысты. Сатира – әзіл емес, қытық та емес, ол оқырманды оқи сала күлдірмейді. Сатира күңірентіп, күрсіндіруі де мүмкін. Сатирадан дарақы күлкі іздеп, езу тарта алмағандар «Көңіл көтере алмадым мынадан» деп, өкпе айтпағаны дұрыс. Сосын қазір күлкі шақырар дүниеге «сатира» деген шала сауатты айдар тағып, әзіл-қалжыңға да «сатира» деп қарайтын әдетті доғару керек. Күлкі әлемінің жанры көп, ажыратып алған дұрыс.

Цензура жоқ. тіліп түсер сатира да көзге шалынар емес…

Қ.Ә.: Жалпы, қазіргі сатиралық шығармалардың күлдірерлік күші аз ба, әлде халықтың күлерліктей «мұршасы» жоқ па?

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: – Бұл сұрағыңды «Қазақ әдебиетінің» редакциясына, яғни өздеріңе жолдайын: «Оу, Сатира, хал-ахуалың қалай?» деп мақала жариялағандарыңа неше жыл болды? Қазақ әдебиеті хақында жазылған мақалаларда, «Дөңгелек үстел» әңгімелеріңде (мұның таза қазақы аты – «Үстел басы әңгіме») сатира әдеби жанр құқында неге аталмайды, айтылмайды?

Көпен ӘМІРБЕК: – Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа, аярлыққа, ашкөздікке, қомағайлыққа қарсы күресіп жатқанымызға ширек ғасырдан асып барады. «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейтейік, соған бұқара болып дем берейік, ол әр азаматтың парызы», – деп жыл сайын жар саламыз. Сол күрестің ең үлкен құралы ретінде сатираны мемлекет қолға алу керек қой. «Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады» деген сөз бар. Мысалы, Болгарияда жыл сайын «Әлемді күлкі ғана сақтайды» атты конкурс ұйымдастырылып, оған бүкіл дүние жүзі қатысады. Түркияда жыл сайын «Қожанасыр күлкісі» күні аталып өтеді. Біздегі 1 сәуір – Күлкі күнін Еуропадан келді деп ойлаймыз, шындығында, оның түбі Шығыста жатыр. Бір-бірін алдарқатып, көңіл көтеру Үндістанда, Қытайда, Жапонияда арнайы мерекеленетін ежелде.

«Сатираның күші аз ба?» дейсіз. Баяғыда Түріктің әйгілі әзілкеші Әзиз Несин Мәскеуде Юрий Никулиннің концертін екі сағат тамашалағанда бір рет те езу тартпапты. Оның себебін сұрағанда былай депті: «Сіздердің қоғамдарыңыз – зиялы, тәрбиелі қоғам. Оның бойында біздің қоғамдағыдай мерез, сорақылық жоқ. Сіздер өз қоғамдарыңызға ризасыздар, оны құрметтейсіздер. Сіздер қасиетті қоғамдарыңызға лайық емес жекелеген кісілердің теріс қылықтарын әшкерелеп күлесіздер. Ал біз өзіміздегі, Түркиядағы капиталистік қоғамның бізге, кейінгі ұрпақтарымызға жасап отырған зұлымдықтарын, кесапаттарын әшкерелеп күлеміз. Сіздер өз қоғамдарыңыз үшін өмір сүресіздер. Ал біз өз қоғамымызды жою үшін өмір сүреміз. Сіздер күлгендеріңізде көздеріңізден жас ағады, ал біз күлгенімізде көзімізден қан ағады».

Қазір сатираның күшінің азайып кеткен себебі, күлгенде көзімізден қан ағатындай дүниелерді жазбаймыз ғой. Бос күлкі, бос әңгімелерге үйірміз. Әлеуметтік астары қалың әзілдерді «Шаншар» сахналап көрді әуелде, эфирден жібермеді алайда. Тұрсынбек Қабатов та қоғамдық мәселелерді қозғап көрді, ол түсірілімді де эфирден, тіпті әлеуметтік желілерден де алып тастады. Сондықтан сатираға ең әуелі мемлекеттің қамқорлығы ауадай қажет.

Тарихқа көз салсақ, сықақшы қауымның көбі жазаға тартылған. Мысалы, классик Вольтер сатиралық өлеңдері үшін екі рет түрмеге отырғызылып, қуғындалған. Тарас Шевченко «Түс» атты сатиралық поэмасы үшін біздің Маңғыстауға он жылға жер аударылған. Тіпті 1855 жылы II Александр патша Шевченконы кешірім берілгендердің тізімінен де алып тастаған. Неге? Сатира деген өткір ғой өйткені, өзін мазақ еткенін кешіре алмаған. Атақты Герсин сатиралық сыны үшін Ресейден қуылған. Салтыков Щедрин деген классигіміз жеті жыл бойы жер аударылып, қаңғытылған. Ең керемет кино-сатирик Чарлин Чаплин қоғамдағы кертартпалықты әжуалағаны үшін елінен қуылып, Швейцарияға барып паналап, сол жерде дүниеден өтті. Бәрін былай қойғанда, ер Махамбет «Хан емессің, қасқырсың!» деп, сол замандағы билеушілерді өткір шенегені үшін басынан айырылған жоқ па?! Ал қазір айтшы, қай сатирикті қамауға алып, тұтқындап жатыр? Мұндай желеумен бостандығынан айрылған сатирик жоқ қой бүгінде. Өйткені қамалып, қуғынға ұшырайтындай деңгейде жазылған сатира жоқ. «Қой да аман, қасқыр да тоқ». Цензура жоқ. Тіліп түсер сатира да көзге шалынар емес…

Асқар НАЙМАНТАЕВ: – «Сайқымазақ өксіп тұрып күлуді үйренгені жөн» деген қағида бар сахналық күлкі әлемінде. Кәсіби актерды оқытқанда комедияны «күлдіремін» деген мақсатпен ойнауды үйретпейміз. Ол көрермен күлген кейіпкерге сендіру керек. Ол үшін өзі сенуі керек. Өзің сенбеген нәрсеге көрермен де сенбейді. Кәсіби актер сахнаға «күлдіремін» деп шықпайды сондықтан. Ол кейіпкерінің күлкіге түскен кейпіне жан-дүниесімен оранады. Күлкі шақырса – көрермен мәз, актер емес. Сатира да күлдіру үшін жазылмайды. Әзіл, қалжың ғана табан астында күлкі тудырар, тек сатира емес. Сатира бір айдан кейін, тіпті бір замандардан кейін мырс еткізуі мүмкін. Дәл уақытында оны көптің түсінбей қалуы да ғажап емес. Күлдірушіден кінә іздей бермей, күлушінің де ой-өрісіне көңіл бөлейік кейде. Қытығы жоқ адамның бар екені рас болса, әзіл ұғар түйсігі кем адам да туады. Көркем әдебиетте Африканың әзіліне Азия күле қоймайды көбіне. Түріктің сатиригі Әзиз Несинді де түсінбеген, оның атын естісе, «Түрік емес ол!» деп намыстан жарылып кететін де қандастары бар. Темірбек Қожекеев ағамыз Ұлы Абайдың сатирасына күле білген, қазіргі кейбіреу Абайдан күлкі түгіл көсем сөз таба алмай дал болып жүр. Халықтың қашан болсын күлетін мұршасы бар. Өлім үстінде өкіре көрісіп тұрып та күледі қазақ. Дарақы күлкіге үйренген адам күнде күліп, екі езуі жиылмай жүр. Қазіргі орыстілді қазақ емес, өмірі орыс көрмесе де қазақша айтылған күрделі құрмалас сөйлемді ұқпайтын ұрпақ қытықтасаң ғана күлгенді біледі. Ол сөзұқпасың сөз астарының байыбына бармайды. Бәрі емес әрине, амал жоқ, ондай буын өкілі бар, өсіп келеді, әке болып үлгергені де бар.

Фельетон кім-кімді де қалтырататын…

Қ.Ә.: Жалпы, сатиралық туын­ды­лардың бойында қандай қасиет­тер­дің болғаны жөн? Оның қоғам­дық жүйені түзетудегі рөлі қандай?

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ:

– Сатира қайда, қашан болсын, халықтың биліктік жүйеге наразылығын дөп басып, өткір жазуымен көпшілікке көмекші болу парызынан жаңылған жоқ. Шынайы демократиялық елдерде бүгін де көмекші. Бүгінде қағынан жеріген кейбір «бәрінбілгіштер» кемсітіп жүрген Кеңес дәуірінде сатираның ат үстінде болғанына, мысалы, мен куәмін. Ол тұста сатираның Фельетон деген сарбазы жоғары-төменді тақта отырғандардың қайсысын болсын қалтырататын. Сол фельетон қайда? Біздің баспасөзде көрінбегелі неше жыл? Тәуелсіздіктің «ішіне жақпай» қалды емес пе? Бұрынғы екпінмен фельетон жазған екі сатириктің облыстық әкімдіктен таяқ жеп, еріксіз тынғаны бар, басқалары содан «сабақ алды».

Көпен ӘМІРБЕК: – Әр елдің дәстүрі, менталитеті әртүрлі болады. Мысалы, Францияда болатын нәрсе болады, Англияда болмайтын нәрсені болдырады, ал Германияда… Немістер ештеңеден шашау шығармайтын, артық нәрсеге аяқ баспайтын ұқыпты халық. Германияда болмайтын нәрсе болмайды. Біздің қазақтарда ше? Болайын деп тұрған нәрсені болдырмауға тырысамыз ғой. Міне, біздің кері кетіп жатқанымыздың себебі – осы.

Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдарда елімізде таршылық, жоқшылық кезеңдер өткені мәлім. Сол шақтарда ел ішінде мынадай әзіл тараған:

«Біреу атайын десе – мылтығы мен оғы жоқ, ақырында тұзақ құрып, тірі қоян ұстап әкеліпті. Үйге қуанып келіп:

«Бәйбіше, мен тірі қоян ұстадым. Мынаның терісін сыпыр да сорпа жаса», – десе, Бәйбішесі: «Тұз жоқ», – депті. «Әйтпесе қуырдақ жаса», – дейді. «Май жоқ», – дейді әйелі. Енді не істесін? «Тұз жоқ болса, май жоқ болса, қоянды қорламай қоя берейік», – дейді отағасы. Боз қоянды босатады. Сонда қоян: «Тәуелсіз Республика жасасын!» – депті қашып бара жатып.

Қазір, Құдайға шүкір, Тәуелсіз Республикамызда өз қолымыз өз аузымызға жететіндей жағдайдамыз. Май да бар, тұз да бар. Осындай кезеңде құлаштап дамуға кедергі келтіріп, қоғамның жегі құртына айналған бірден-бір дерт жемқорлық болып тұр. Қазақта «Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады» деген сөз бар. Қандай керемет айтылған?! Жемқорлықтың көшін бастап тұрған қай министрлік екенін білесіз бе? Ішкі Істер министрлігі екен. Жемқорлықпен күресетін министрліктің нақ өзі. Екінші орын – Қаржы министрлігінде. Нағыз жауапты, «қазанның басында отыратындар». Қай мекемені болмасын, тамыр-таныстық жайлап алды.

Баяғыда бір қазақ аңға шығайын десе, мылтығы бар да, оғы жоқ екен. Екі татар көршісінде оқ бар, бірақ мылтықтары жоқ. Қазақ көршілеріне: «Менде мылтық бар, сендерде патрон бар, давай, совместно охотаға барайық», – депті, «Хорошо, қазақ малай», – дейді екеуі. Үшеуі күні бойы жүріп, бір қоян атып алыпты. Қоян кімге тиесілі, кімге бұйыруы керек? Қазақ: «Менің мылтығым атып алды, қоян менде қалады», – дейді сонда. Татарлар: «Қоянға мылтық тиген жоқ, біздің бытырамыз тиді. Поэтому кролик біздікі. Наш кролик – наш кролик», – деп қасарысады. Әділін таразылауға үшеуі сотқа барыпты. Сот татар екен. «Шешімін айтыңыз» дегенде, ол: «Екі татар, екі татарға бір кролик те житәр. Бұ қазақтың ружиесі бар ғой, Тағы да атар», – депті, өз жағына бүйрегі бұрып. Бұл қанша жерден әзіл болғанымен де, ар жағында зіл бар. Ал манағы екі министрліктің бүйрегі қайда бұрады? Ешкімге бұрмайды, өз бүйрегі өздерінде. Ешкімнен оқдәрі де сұрамайды.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ: – Сатиралық дүниенің бойында мәдениетті күлкінің емеуріні байқалуы тиіс. Мәдениетті күлкі ғана – сатираның досы. Ал оспадарсыз, сан шапалақтап күлу сатираға тән емес. Осы емеурінмен ғана қоғамдағы, адам бойындағы кемшіліктерді түзетуге болады. Ал ашық-шашық күлкі мүлде сатираға қас. Мұндай қасиет қазіргі театрлардың түсінігінен мүлде алшақ жатыр. Төбеден түскендей оспадарсыз, тіпті ұятсыз әрекеттер де бой көрсетеді. Ондай жерде күлкің не, бетіңді басып, өзіңнің ұялуыңа тура келеді. Қылықты қыздың ғана жігітке жағатыны сияқты осындай қылықты, мінезді сатира ғана көрерменге ұнайды. Астарлы күлкі, емеурінмен тістеп алу секілді өзіне тән мінезімен ғана сатира жеңіске жетеді, туын желбіретеді. Төбеден түскендей ғып, басыңнан мұздай су құйып жібергендей ғып жеткізетін сатира – сатира емес. Ол әпербақан дүниенің көрінісі ғана!

Асқар НАЙМАНТАЕВ: – «Үкімет мойындаған сатириктің мемлекет тарапынан алатын ең жоғарғы бағасы – елінен қуылуы!» деген тәмсіл бар. Құдайға шүкір, бізде елден қуылған сатирик жоқ, әзірше. Сондықтан қоғам бізден қорықпай-ақ қойсын. Оны өзгерте қоймаспыз. Бір ойға түрткі болармыз, идеяның өрбуіне, өршуіне себепкер ғана болармыз. Сатираның қыршып алар тісі болмаса, тек жалағыш болады. Сондықтан Оспанхан ағамызша айтқанда, «Ақырын, ауыртпай тістеп алатын» тісі болмаса, оны сатира деуге келмейді. Талап осы ғана, меніңше.

Дарын дәрімен егілмейді, таяқпен қонбайды адамға

Қ.Ә.: Сатирик қаламгерді арнайы даярлау мүмкін бе?

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: – Мүмкін емес. Құдай бермегенді құдаңнан да сұрап алып жарымайсың.

Көпен ӘМІРБЕК: – Ғаббас аға дұрыс айтады. Мысалы, нағыз жезтаңдай әншілерді арнайы даярлау тіпті мүмкін емес. Құдай өзі тұла бойына тұндырып талант бермесе, оны қалай дарынды етіп шығаруға болады?! «Бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек керек» деген сөз бар. Бірақ дәл осы тәмсіл сықақшыларға жүрмейді. Сықақшы бойында тоқсан тоғыз пайыз талант болу керек. Сосын жүз пайыз еңбек қажет.

Жыңғыл мен сексеуіл де – ағаш. Бірақ олардан жақсы жиһаз жасай аласың ба? Жоқ. Адам да табиғат секілді, бойындағы қарым-қабілеті мен қасиетін бағамдай алмасаң, қанша сүйрегенмен, оның бағы ашыла қоя ма? «Жетектеп қосқан тазы түлкі алмайды» деп біздің қазақ бекер айтпаған. «Әне қашты қу түлкі, айтақ!», «Міне қашты қызыл түлкі, айтақ!» деп итіңді қашанғы айтақтайсың?! Өзі қуып жетпесе, оның несі құмай тазы? Белгілі сатирик Алпысбай Боранбаев Ауылшаруашылығы институтын оқып жүріп, Шона Смаханұлымен танысады. Шона ағасын ұстаз тұтады. Сол Алпысбай құрдасым Шона бапкері айтақтамай-ақ талай-талай айлалы түлкіні алған жоқ па? Одан кейінгі сықақшылардың көбісі от ауызды Оспанханға еліктеді. Осағаң – XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ сатирасында қопарылған жарылыс болған тұлға. Ал осы «Оспанхан кімге еліктеді?» десек, ол ешкімге еліктемеген. Тума талант. Табиғи сықақшы. Құбылыс. Жаратылысы ерекше. Оны ешкім тәрбиелеген жоқ. Түрік сатиригі Әзиз Несин мен Серб сықақшысы Бранислав Нушичтің әзіл әңгімелерін аударып, қазақ оқырмандарына ғажап таныстырды. Қытай сатиригі Лао Шэнің «Мысықтар шаһары» романын тәржімалап, әзілдің әлемдік үлгісін көрсетті. Неміс жазушысы Ерих Распэнің «Мюн Хаузэн» хикаяларын Осағаңның аударуымен оқығанда, мұны неміс емес, өзіміздің қазақ жазғандай сезінесің. «Қырық өтіріктен» бір де бір кем емес. Міне – шеберлік. Айтайын дегенім, Оспанхан ағамыз – әлемнің озық әзілдерінен арадай ұшып жүріп, нәр жинаған, бал жинаған адам.

Чарлин Чаплин бірде конкурс ұйымдастырып, дүние жүзінен түрі де, түсі де, қимылы мен сөзі де өзінен аумайтын әртістерді жинапты. Сөйтіп, он тоғыз актерге рөлін сомдатыпты. Бұл бәйгеге, қызық болғанда, ешкімге білдірмей, құпия түрде Чарлин Чаплиннің өзі де қатысқан. Және ол қаншасыншы орын алған дейсіз ғой? Екінші орын алыпты.

– Қ.Ә.: Сонда бір адам Чарлиннің өзінен де озып кеткен ғой?..

– Иә. Сол сияқты, көз тігер мықтыларымыздан озып кететіндерді біз де әлі күнге күтіп жүрміз.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ: Сатирикті арнайы дайындау малға арнайы жемшөп дайындаған сияқты бірдеңе ғой. Құдай берген бойындағы таланты болмай, талабы болмай, сатирик болу, әй, қиын-ау. Белгілі бір мөлшерге жеткенде бензині таусылған көліктей тұншығып қалуы әбден ықтимал. Сатирик болуды Құдай пешенеңе жазатын болса керек. Ол ана сүтімен, әке тәрбиесімен даритын және соған бейімді жанның ғана басына қонатын бақ. Сол бақты қолдан жасау, қолдан болдыру санаға сыймайды. Қазір театрлардың актерлері өздері жазатын болғандықтан сатирик атануды қалайды. Мен оны қызғанып тұрғаным жоқ, шамасы келсе, бола берсін, ал шамасы келмейді екен, «көтере алмайтын шоқпарды белге байлап, босқа әуре болмасын» дегім келеді.

Асқар НАЙМАНТАЕВ: – Қалам тартып жүрген кей азаматтардың өзі күлкіден мақрұм екенін көзім көріп жүр. Сатирикке тән қасиет Құдайдан беріледі, меніңше. Арнайы оқу сауаттылық үшін қажет болар, сатирик болу үшін емес. Станислав Ежи Лец деген кісі: «Қорқынышты дүние күлдірсе – әзіл, күлкілі дүние қорқытса – сатира» деген екен. Осы дарын дәрімен егілмейді, таяқпен қонбайды адамға. Менің оған көзім жеткен.

Қазақтың қалжың академиясы әлемде жоқ

қ.Ә.: Әлеуметтік астары қалың «сойып салар» шығармалардан бөлек, зілсіз, жүрекке жылы тие­тін қазақы қалжың да сағынышқа айналып бара жатқандай ма?

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: – Юмор мен сатира – әзіл мен сықақ – ағалы-інілілер. Әзіл тыңдаушысының қабағына қарағыштап жұмсақ «сөйлейді», ал сықақ: «Өз обалың – өзіңе!» деп теріс қарап отыра береді. Юмор жоқ емес, бар, гәзет-журналдардың «күлкі бұрыштарында» күлміңдеп жүр ғой. Осы орайда айта отырайын: осы гәзеттегі «Бұзаутістің» не екенін жастардың көбі білмейді. Қамшы екені көрінетін суреті жоқ, жалаң сөз күйінде. Меніңше, енді қамшының суретін салдырып әуре болмай, жаңадан «Күлеміз бе, қайтеміз?» деп әдемілеп ат қойса, беттің мән-мазмұнына әбден сай болар еді. «Күлесің бе, күлмейсің бе, – еркің» дегендей әзіл аңғартар да еді.

Көпен ӘМІРБЕК: – Ертеректе, жұрт бала кезден халық ауыз әдебиетін бойға сіңіріп, қазақ ертегілеріндегі Алдар көсе, Шибұт, Қылкеңірдек т.б. образдарды ойға дарытып, халық жырларымен сусындап өсті. Соған орай ойлары да, сөздері де, әзілдері мен қағытпа қалжыңдары да кесек-кесек болған.

Қазіргі езу тартқызар әңгімелерді Маңғыстау сықақшылары Сержан Шәкірат пен Ерекен Қорабаев жазып жүр. Әрқайсысы «Маңғыстау әзілдері» деген атаумен екі-үшеуден кітап шығарған. Маңғыстау тұнып тұрған тек күйдің ғана емес, сонымен қатар қилы-қилы әзілдердің де Отаны екен. Кітаптарын оқып, қатты риза болдым.

Асқар НАЙМАНТАЕВ: – Қазақтың қалжың академиясы әлемде жоқ! Бұл Ұлттық дәстүр, бұл Ұлттық тәрбие құралы. Қазақ қалжыңы көлденең көк атты кіріп кететін орта емес. Нағашы мен жиен қалжыңына, жезде мен балдыз, құда бала мен құдаша, құрдастар қалжыңына орта жолдан кіріп кететін құқың жоқ. Тек соларға ғана тән әлем ол. «Субординация» деп, «Бізге Батыстан сіңген мәдениет» деп, өзінше тантып жүргендер жетерлік. Қазақтың субординация мектебі осы жоғарыда аталған қалжыңдар. Анда-санда ауылға бара қалсаң, осы қалжың түрлерінің жігі бұзылмай тұрады. Кейде әлеуметтік желілерде де жезделерімізбен, құрдастарымызбен қағысып қаламыз. Ол араға жөн білгендер қыстырыла қоймайды. Тек, әдеп пен ұяттан кеш туған «ғаламторлық мәдениетті» қанына сіңірген көргенсіздер ғана күңк ете қалады. Ал енді, қазақтың сатирасын дамыту үшін құрылтай ашып, құрбақадай шулаудың керегі жоқ, дәстүр-салтымыз, әдеп, ізетіміз сақталу үшін, келешегіміздің қазақ әдебиетінен сауатты болуына тырысқанымыз жөн. Сонда бәрі орнында болады.

Саны көп сатиралық театрлар көлік жуатын салондар сияқты

Қ.Ә.: Сатира дегенде әзіл-оспақ театрлары турасында айтпай кету мүмкін емес. Мұндай ұйым­дар сын көтере ме? Заман сұранысына орай, сахнадағы сатира қандай бағдармен дамығаны жөн?

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: – Бұл сұрақтың қайырымы ретінде үшінші сауалға берген жауабымды айтар едім.

Әзіл-оспақ театрларды меңзей айтарым да – сол сөздер. Бір ғана қосарым: халықтың мүддесін құнттаған салмақты күлкі жоқтың қасы, «әй! өй! ойба-а-ай!..» секілді даурықпалы көбік күлкі басым.

Көпен ӘМІРБЕК: – Бүгінгі дерек бойынша, елімізде он сегіз әзіл-сықақ театры бар. Оның бәрі жекеменшік. Басында бәрінің атасындай боп «Тамаша» ойын-сауық отауы тұр, одан кейін тізім «Бауыржан шоу», «Шаншар», «Екі езу», «Алдараспан», «Өнер қырандары» т.б. театрларға ұласады. Осылардың қойылымдарын теледидардан көргенде, бір-бірінен аумайды ғой, аумайды. Бір ән, бір әзіл, баяғы «Тамашадан» басталған үрдіс. «Өнер қырандарының» балалары өзгешелеу арнамен пародияға жақындау бір нәрсе шығарып жүр, дами түскендерін тілейміз. Бір сөзбен айтқанда, қай-қайсысының да бір-бірінен оза шауып кеткені шамалы. Бәрінің илеп жүргені бір терінің пұшпағы. Ұқсас. Өте ұқсас. Ұқсастығы сондай, подшипниктің шаригі сияқты немесе лоторея ойынының шарларынан аумайды. Тек нөмірлері бөлек. Қалған сипаттары бірдей.

Басты айтатын нәрсе – дәл қазір Қазақстанға Мемлекеттік әзіл-сықақ театры аса қажет. Бізде опера театры, балет театры, драма театр мен музыкалық театр бар. Яғни, 54 мемлекеттік театр бар Қазақстанда. Соның 55-іншісі Мемлекеттік сатира театры болса бар ғой, халық ол жерден шықпас еді.

 Театр қойылымдары не болса, соны күлкіге айналдырмай, зал ішінде ғажап қыран-топан күлкі «орнар» еді, шіркін.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ: Қызығы сол, осы сахналық қойылымдардың сценарийін де сатирик жазбайды-ау. Оны сол қойылымдарда ойнап жүрген әртістердің өздері жазады. Жазады деймін-ау, олар да жазбайды, сол сахнада суырып салып ойнай береді. Олай дейтін себебім, ойындарынан барлығы көрініп тұрады: ойналып жатқан дүниенің қағазға түскен-түспегені бірден көзге ұрады. Қалай болса солай басталып, аяғы көрінбейді, өйткені аяғына жете алмайды, нүкте қоя алмайды. Сосын ол көп сериялы дарақы күлкінің жалғасы ретінде ойнала береді. Ол не бітпейді, не аяқталмайды, әйтеуір әртістер шаршаған жерден барып тізгінді бір-ақ тартады. Алдын-ала жазылмаған, оны жаттап, сіңірмеген дүниелер, сол кемшіліктер бірден көзге түседі. Сондықтан да қазіргі ойы­ндарда шынайылық жоқ, асыра ойнаудың арқасында жағымсыз кейіпкерлерге шамадан тыс көбірек қара бояу жағылады да тым жағымсыз образға айналып кетеді, шындық жоқ, бәрі қолдан жасалады. Барлығы еркек пен әйелдің арасындағы кикілжіңге келіп тіреле береді. Қоғамның басқа кемшіліктері жөнінде жақ ашпайды. Өйткені оны көретін сатирикте көз жоқ, дамытып ойнайтын сатиралық қауқар жоқ. «Сол баяғы-баяғы, Байғожаның таяғы» демекші, еркек пен әйелдің арасындағы жауыр болған тақырыпты қаузай береді. Ол ойындар шындыққа жанаспайды, оның өн бойынан жасандылық аңқып тұрады. Жасандылық бар жерде барлығының қолдан жасалғаны бірден аңғарылады. Шындығы жоқ жерге көрермен күле ме, күлмейді, күлсе де ызадан күледі. «Ызалы күлкінің өзі де қайғы» демей ме қанатты сөздердің бірінде. Яғни ызалы күлкінің өзі қайғы шақырады. Оны әлгі ойыншылар түсінбейді, біздің ойынымызға күліп жатыр деп ойлайды. Сондай кері түсінікке күлетін көрермендер әлгі ойыншыларды адастырады, одан сайын жолдан тайдырады. Әлгі қиыншылықтарға бой берген әртістер одан сайын дарақыланып, одан сайын құлшынып, ойындарына қара бояуды баттастырып жаға түседі. Сол қара бояуға малданған ойыншылар өздерін өздері алдап, шыңырауға құлай береді. Осындай ойындардан күлкі туа ма? Жоқ, әрине! Сосын қазіргі қазақтың күлкі театрларында әйел киімін киген еркектер көбейіп кетті. Олардың не әйел образын, не еркек образын қарық қылмайтыны белгілі. Адам өзінің табиғатынан артық нәрсені қанша жасаймын деп тыраштанса да, ол ойдағыдай болмайды. Сондықтан әйел киімін киген «ерлер» ешқашан жарытып әйел образын жасай алмайды. Сол ұнамсыз күйлерінде қала береді. Образ ашу былай тұрсын, өздері күлкінің обьектісіне айналады. Сондықтан «жолбарыс терісін жамылған батыр» секілді, әйелдің киімі мен мінезін өздеріне «жапсырған» актерсымақтар нағыз күлкінің обьектісіне айналары сөзсіз. Әйел жетпейді емес, баршылық, Құдайға шүкір, сол әйел образына еркектердің құмар болуына түсінбеймін, ақылым жетпейді. Еркек ойнаған әйел образы шынайы шықпайды. Себебі еркектер ойнағанда әйелдің қылығына қара бояуды баттастырып жаға береді, жаға береді. Қылықсыз еркектер қылығы көп қыз-келіншектің жағымсыз образын шығара алмайды. Ол үшін әйел болып дүниеге келу керек. Рас, Құдайберген Сұлтанбаев әйел образында қатырып ойнаушы еді. Ол күндер келмеске кетті ғой. Құдекең қайтып тумайды. Демек, оның ойыны енді қайталанбайды деген сөз бұл.

Тағы да айтарым, көркемдік кеңестерді қайта құру күн тәртібінде тұруы тиіс. Оның құрамына да әділ, айтқанынан қайтпайтын адамдарды тарту керек. Бұның төңірегінде Мәдениет министріне хат жазып, ұсыныс айту ойда бар мәселе. Сол көркемдік кеңестің құптауынан кейін ғана сахнаға жолдама алуға болатындай етіп жасау керек. Кім көрінген көлік жуатын салон ашқандай аша салатын сатиралық театрлардың санын азайту қажет. Қазіргі бар театрларға да сол көркемдік кеңестің құптауынан кейін ғана сахнаға шығуға рұқсат беру керек. Әйтпесе қазір көгілдір экранды арзан күлкі, мағынасыз театрлар басып кетті. Бұрынғыдай көркемдік кеңестің рұқсатынсыз бір де бір қойылым өмірге жолдама алуы тиіс емес. Сонда ғана біз қазақты арзан күлкі, орынсыз келемежден құтқарамыз. Әйел киімін киген «еркекшоралардан» қорғаймыз. Саны көп, сапасы төмен қаптаған сатиралық театрлардан арыламыз. Сонда ғана қазақ күлкісінің бетіне қан жүгіріп, қайта тіріледі. Әйтпесе, қазір беті бері қараудан үміті аз ренимацияда жатқан қазақ күлкісін жоғалтып алу қаупі тұр. Сол қауіпті әлгіндей жұмыстарды қолға алғанда ғана болдырмауға болады.

Асқар НАЙМАНТАЕВ: – Театр тек сатиралық бағытты ұстанса, өмір сүре алмай қалады. Ол үшін таразы басын тең ұстап, жеңіл әзіл, қағытпа қалжыңды да араластыра жүргені жөн. Осы орайда елдің бәрі айта беретін «арзан күлкі» алдыңнан шығады. Ол енді әр театрдың, оның құрамының, басшысының ар-ожданына, білім деңгейіне байланысты. «Ойын білмеген бала шешесінің етегін көтеріп ойнайдыға» салып жүрген де театрлар бар, өкінішке қарай, соларға ішегі түйіле күліп, ризашылықпен қол соғатын көрермен де бар. Демек, олардың да сұрушысы бар болғасын өмір сүре береді. Тек көрермені азайғанда ғана әлгі жеңіл әзілді жетегіне алған театрлардың базары тарқай бастайды. Бұл әлем театрларында бұрыннан бар құбылыс. Ол талғамның артуына бағынышты нәрсе. Арнайы бағдарлама жасағанмен пайда жоқ.

Патшалар сайқымазақтарды жазаламайтын болған

Қ.Ә.: Оқырманды күлдіріп көрсеңіз.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: – Күлдірмеймін, ал, қайтесің, не істейсің маған?

Көпен ӘМІРБЕК: – Баяғыда біздің ауылда аудан басшылары өз малдарын үкіметтің жем-шөбімен тегін азықтанатындай етіп малшылардың малына қосып қоятын. Сол «дәстүрге» бағып, ауданның прокуроры әлдебір қойшының бір отар малына жүз саулығын қосыпты. Табиғи өнім бойынша, жүз саулықтан ең кемі сексен, тоқсан, жүз қозы алу керек қой. Бірақ олай болмапты. Келесі жылы прокурор келсе, малшы айтыпты: «Прокурор жолдас, сіздің жүз қойыңыздан бір қозы да туған жоқ», – деп. Прокурор: «Себебі неде?» – деп сұраса, Малшы: «Қайдан білейін – депті, иығын қиқаң еткізіп. – Прокурордың қойы болған соң шығар».

Біздің ауылдағы сонау кездегі әңгіме бұл. Қазір мұндай бизнес жоқ. Бүгінгі бизнес «Қарға келіп қарқ етіп, қарпып ішіп ол кетті. Көбелек келіп көмп етіп, көлкіп ішіп ол кетті. Сауысқан келіп саңқ етіп, сарқып ішіп ол кетті» дегенге келеді. Прокурордан қорқатын «қошқар» жоқ қазір.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ: – «Күлдіретін таяғым үйде қалып кетіпті» дейтін Алдардың қалжыңын айтпай-ақ қояйын. Күлкі кереғар тіршіліктен туындайды. «Болайын деп тұрған нәрсенің табан асты болмай қалуы» (Т.Қожакеев) сияқты кереғар, оқыс оқиғадан туатын нәрсеге ілік болар ештеңені байқап тұрған жоқпын. Соған байланысты табан асты күлдіру мүмкіндігі дәл қазір менде болмай тұр. Табан асты күлдірем деу – әурешілік, ол оқыстан туындайды. Сол себепті табан асты күлдіруге жоқпын. Күлкі де дайындықпен келеді. Оңай ештеңе жоқ.

Асқар НАЙМАНТАЕВ: – Мен ду еткізіп күлкі шақыратын репертуардан аулақ ұстаймын өзімді. Кейде әлеуметтік желілерде сүйкей салған дүниеме біреулер риза болып жатса, біреулер «Дым күлкілі емес!» деп айыптап жатады. Сондықтан оқырман да бірден езу тарта қоймас. Дегенмен…

«Франция королі Генрих ІІІ-нің Шико деген сайқымазағы қуғыннан жан сақтаған ақсүйек болыпты. Оның тапқырлығы мен шымшымалары корольге қатты ұнағандықтан еркелігі де шектен асып кетсе керек. Бірде, қалың топтың алдында, сайқымазақ корольдің өзін артынан теуіп қалыпты. Король қанша ашуланса да, сайқымазақты өлімге бұйырса елге мазақ болады екен. Сондықтан сайқымазаққа:

– Осыдан да бетер мені кемсіте алатындай етіп кешірім сұра! депті.

Сайқымазақ ойланбастан:

– Кешіріңіз, мәртебелім! Мен Сізді королева екен деп қалдым, деген екен».

«Орыс патшасының сайқымазағы болып князь Голицын есептелген. Бірде патша одан:

– Ақымақ пен сен сияқты сайқымазақтың айырмасы бар ма? деп сұрапты.

– Әрине, ақымақ сұрайды, мен жауап беремін, – депті князь»

Сайқымазақтар туралы айтқанда есіме түсетіні – патшалар сайқымазақты жазаламайтын болған. Оны жазаға тарту өзін төмендеткенмен бірдей саналады екен. Сайқымазақты көзге ілмегендей, айтқанын елемегендей болғаны патшаның даналығын арттырады екен сол заманда.

Иә, сол заманда, біздің емес…

Қ.Ә.: Бұл күнде «Жанрлар арасындағы шекара жойылып барады» деген ойлар қылаң беріп жүргенімен, жиын барысында айтылғандай, сатираны саф күйінде қайта жандандыру – көркем әдебиеттің талабы. Осы ретте қазақ сатирасының кешегісі мен бүгініне шолу жасай келіп, қорытынды пікір айту үшін сөз түйінін әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек ағаға бергенді жөн көріп отырмыз.

Жылап жазатын, жылатып жазатын сатирик жоқ

Құлбек ЕРГӨБЕК: – Бүгінгі қазақ сатирасы деп сөз бастайын десем, ойыма оңды ештеңе түспей, ауызым құрғап отырғаны. Сатира туралы сөз саптау үшін, сатираның бұрынғы бапты кезеңі жайында сөз қозғап, сол кезеңге аздап саяхат жасаған жөн-ау, абзалы.

Бұрын әдебиетте қай жанрды да дамыту партия тарапынан күн тәртібіне қойылатын да, жазушылар жаппай әдебиеттің сол артта қалып қойған саласына лап қоятын. Жылдар өтеді. Талант бейімі бары сол жанрды иеленіп қалады. Қалғаны өз «ауылына» қайтады. «Одақтық» балалар әдебиеті осылай қатарға қосылған. Қазақ әдебиетіндегі жағдай да солай! «Одақтық» сатира да солай қатарға қосылған. Қазақ әдебиетіндегі жағдай да солай!

ХХ ғасырдың отызыншы жылдары. Газет оқшаусыз (фельетон) шықпауға тиіс. Әрбір газет бір фельетонист ұстауы шарт. Бұл Шерхан Мұртаза («Егемен Қазақстан») «дәуіріне» дейін келіп жетті. Нұри Мұфтах, Көпен Әмірбек газеттің соңғы дәуір фельетонистері. Оқшаудан өзге арнайы сатиралық мүйіс ұйымдастыру ол да үрдіс болды. «Лениншіл жаста» – «Сүзеген сөз», «Қазақ әдебиетінде» – «Бүйенбайдың пұшпағы»… Бірінде – Оспанхан Әубәкіров, келесісінде – Қалтай Мұхамеджанов. «Ара» журналы ұдайы шағады да жатады, шағады да жатады. Ағымдағы баспасөз басына күн туды. Қаржылық қиналыс. «Араның жабылғаны – қазақтың қара жамылғаны…» деп Қалтай жүрді. Сырттай солай дегенімен, орнына сатирада хұқ етпес Сайлаубек жиенін қалдырып, өзі «Заман-Қазақстан» газетін ашып жайына кетті. Түркиелік кәсіпкермен бірлесіп ашқан газеттен жарымады ма, әйтеуір «Түрік сауғаннан түлкі сауған дұрыс екен…» деп түңілді Қалекең. Жанр маманы ұйымдастырушы болмаған соң, «Ара» жабылды. Жабылғаны өз алдына, «прихватизация» заманында «Ара» басымен «қазықтай» Қазыхан Әшеновтің қанжығасында кетті… «Ара» болады, шаққан жері жара болады…» – деп Көпен жүрді биліктің босағасын жағалап… («Араны» қайта тірілту үшін). Ақыры «Арадан» айырылған ақырзаман сатиригі «КЗ» – ен-таңбасын қосып айла жасап шағымпаз журналды қайыра үйірге қосты. Бүгінде газет арасындағы журнал ма, әйтеуір әркімнің «етегінен» ұстап шығып жатады. «Егемен Қазақстан» – «Сөз сойылды» баптайды (Берік Садыр), «Қазақ әдебиеті» – «Бұзаутісті» (Еркін Жаппасұлы).

 Ағымдағы баспасөздегі сатира дәстүрін мұрнынан тізіп айтуда мән бар. Сатираны өсіретін, өркендететін – баспасөз. Сатира алдымен баспасөз жанры. Сатираның ішкі жанрлық үлгілері өз алдына. Бұрын сатира – күшті қару болды. Қазақта сатира ерекше дамыды. Б.Майлин, Қ.Мұхамеджановтай камедиографтар, Ілияс Жансүгіров, Асқар Тоқмағамбетовтей сатирик ақындар, С.Адамбеков, Е.Домбаев, Ғ.Қабыш, Ү.Уайдин, Оспанхан Әубәкіровтей прозашылар шықты. Түрік дүниесінде тұңғыш роман сатира (Садықбек Адамбеков «Атылған қыз туралы аңыз…») қазақ әдебиетінде жаратылды. А.Райкин, Е.Петросян, М.Жванецкий типінде сатиралық минатюралар сахнаға шықты… Бүгін осының оннан бірі жоқ… Бары әлеуметтік дерт арқаламайтын, сөздің шатасынан ғана туған арзан күлкіге құрылған арзымас дүниелер… Сатира өлді деуге болады… Себеп?

Заман – сатиралық! Оған гәп жоқ! Бірақ сатираны тыңдайтын құлақ жоқ. Саңырау Билік бір жақта, уытты сатиралық сөз бір жақта… «Ара» журналы тәуелсіз жаңа заманда жабылды. Қоғамды айдап сала ма деп қорықты билік! «Халық кеңесі» аталатын «Егеменге…» қарағанда ел жағдайын ойлайтын газет болды. Оны да жапты осы билік! Демек, ащы пікірді билік қажетсінбеді. Биліктің қулығы. Билік оны қоғам қажетсінбей отырған сияқты етіп, қаржы үнемдеу сылтауымен нанға май жаққандай қылып жүзеге асырды. Қайта ашылған «Ара» шағымпаз емес, жағымпаз журнал болып шықты. Журналда жанға батырып «Ұр, тоқпақ!» стилінде сойып салатын жалғыз сатирик болды. Ол – Кемелбек Шаматай! Бірде сатира сайыпқыранынан сұрадым: «Қоғам коррупцияға батып қалды. Сендер неге ащы жазып, соларды әшкерелемейсіңдер?». Ол айтады: «Ой, Құлбек, біз «Нұр Отан» жарған жұмыртқаны ғана қуырып жейміз ғой…» Демек, шағымпаз «Ара» жарыққа қайта шыққанымен биліктен аса алмады, өзге баспасөз секілді билікпен ауызжаласқан, уытсыз баспасөз болды. «Сөз сойыл» («Егемен…») – мимырт мүйіс. Ащы, ащылығымен тұшымды көп ештеңе көріне қоймайды.

Сатираға жөндем қараған бір газет – «Қазақ әдебиеті». «Ұр, тоқпақ!» сатирик Кемелбек Шаматайдың ашуға толы памфлет, ащы сатирасы жарыққа шыққан күні газет кәдімгідей көріктеніп жүрді. Шықпаған күні… Бүгінде, сол, жаужүрек сатира шайқысы Кемелбек Шаматай да марқұм!

Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде Ғаббас Қабышев, Балғабек Қыдырбекұлы, Қалтай Мұхамеджанов, Үмбетбай Уайдин секілді аға буын саяси газет шығару, саясатпен шұғылдану, мораль мақаласын жазуға ойысып кетті. Оспанхан Әубәкіровтен кейін қатарынан оза шыққан Көпен Әмірбек. Өкініштісі, Осағаңның өзі марқұм, Көпекеңнің қаламы «мақұрым»… Көпен Әмірбек жазып, сахнада оқып, орнықтырған «Па, шіркін, Пародия!», «Көпен келе жатыр…» секілді әдебиет пен театрға телқұбылыс – әдебиеттегі төлқұбылыс болған сатиралық жанр – «ПАРОДИЯ» да «сып-сипанский» бұл күнде…

Сонымен, бейшен ауыз бүгінгі қазақ сатирасын бар деуден гөрі, «жоқ» деуге бейім… Біз де осы пікірден алыс кете алмаймыз. Заман сатиралық! Жылап жазатын, жылатып жазатын сатирик жоқ. Сатираға өркен сыйлайтын қазақ баспасөзінің басында бостандық жоқ. Әйтпесе, бүгінгі қазақ қоғамы Лао Ше, Карел Чапек, Ярослав Гашек, Әзиз Несин секілді сатира сайыпқырандарын туғызуға сұранып тұрған – бар байлығын іштей сыбайласып жеп, сыртқа сыбайласып сатып, талабы таусылып, танабынан тартылып, тарап кетуге шақ тұрған қоғам…

«Алқа» отырысын жүргізген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір