Қала күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар
24.09.2020
766
0

Санитарлық талаптарды сақтау мақсатында және коронавирус инфекциясының өршіп кетпеуі үшін Қала күніне арналған іс-шаралардың басым көпшілігі онлайн форматта өтеді.

Аталған мерекемен құттықтау бағдарламаларының аясында алпыстан аса іс-шара ұйымдастырылмақ. Онлайн концерттер мен оффлайн көрмелер, әртүрлі конкурстар мен акциялар думанды күннің көркін кіргізбек.
19 қыркүйекте Достық 44 даңғылында орналасқан «Алматы» галереясында Алима Хайдарова мен Бауыржан Сәбитовтың өзара үйлесімді, ұқсас фотосуреттері топтастырылған көрме ашылды. Көрме қазан айының төртіне дейін көрермен көзайымына айналмақ.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі әлеуметтік желілер арқылы сурет салудан «Алматы менің сүйікті қалам», «Таң қаламын келбетіңе, ару қала – Алматы!», «Мыңбояулы қала» тақырыптарына конкурстар ұйымдастырмақ. Сондай-ақ, «Әсем қала – Алматы» (20 қыркүйек), «Алматы қаласының тарихи орындарын білесің бе?» (25 қыркүйек) атты викториналық жарыстар өткізіледі. Бұл шараларға барлық алматылықтар қатыса алады. Кітапхана қызметкерлерінің кітапсүйер қауымға арнаған «Алматы – Тәуелсіз Қазақстанның мерейі», «Алматы – жүрегімде» кітап көрмелері де келушілерге рухани серпіліс сыйламақ.
Мереке күндері жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары Алматы зообақтарына бара алады. Әрі жолы түспегендер үшін аңдар әлеміне виртуалды саяхаттар ұйымдастырылып, «Хайуанаттар бағының білімпазы» викторинасы қызықты сұрақтарымен қатысушыларды сын тезіне алмақ. Кез келген адамның фейсбук әлеуметтік желісінде отырып, бағы мен бабын сынауына мүмкіндік бар.
Ескеретін дүние, барлық мәдени орындарда тазалық жұмыстары дембіл-дембіл жасалып, арақашықтық режимі қатаң түрде сақталады. Және әр мекемеде адам саны көп дегенде 15-20-дан аспауы тиіс.
19 қыркүйек күні сағат 11-де Қазақ мемлекеттік циркінің алаңында театр әртістері өнер көрсетіп, көрерменді мерекелік көңіл күйге бөледі.
20 қыркүйекте ел тұрғындары Youtube-тағы Alatau Theater каналы арқылы «Алматы – ару қалам» атты онлайн концерт тамашалады. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнерпаздары әсем әндерін әуелетіп, дәстүрлі әндерімен тың­даушылардың құлақ қүрышын қандырды.
20-21 қыркүйек күндері Youtube-тағы Almaty ayenderi арнасында эстрадалық-симфониялық оркестр және Алматы қаласы әкімінің концерттік опера әншілері онлайн кеш өткізіп, әннен шашу шашты.
26-27 қыркүйек күндері Almaty Film Days іскерлік алаңы құрылып, онлайн режимде әр қилы жиындар өткізеді. Ұлттық киноларды Мемлекеттік қолдау орталығының ұйтқы болуымен әлеуметтік желілер арқылы дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Отандық және ресейлік эксперттердің қатысуымен масстеркластар мен кинокөрсетілімдер көпшілік назарына жол тартады. Пікірталас стримингтік жобалар турасында сөз қозғалып, әңгіме ауаны теңіз қарақшылығымен күреске бағытталады. Бұған мемлекеттік құрылымдар мен телекоммуникациялық компаниялар, шығармашылық иелері қатысады деп күтілуде.
Кинокөрсетілімдер «Тикетон» кинотеатрында назарға ұсынылады. 25 қыркүйекте қала тұрғындары Шәкен Аймановтың аңызға айналған фильмі «Атаманның ақырын» және «Қыз Жібек» фильмін үлкен экраннан тамашалай алады.
27 қыркүйекте Алматы телеарнасы мен Almaty Creative Youtube каналында пандемиямен күресте алдыңғы шептен көрінген медицина қызметкерлерінің құрметіне онлайн концерт беріледі.
30 қыркүйекте вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арнап Мемлекеттік Қуыршақ театры «Өмір-Өзен» спектаклін ұсынады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір