ТОЛСТОЙДЫҢ ІЗГІЛІК ИДЕЯСЫН ӨЗ ХАЛҚЫ НЕГЕ ҰСТАНҒАН ЖОҚ?..
21.09.2020
2331
2

(Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» романэпопеясы хақында)

Лев Толстой

Адамзат тарихындағы ұлы шығармалардың бірі – орыс жазушысы Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігі». Қаламгер бұл туындысын 1863-1869 жылдар аралығында жазып, 1865-1869 жылдарда жариялаған. Аталған роман-эпопея 1805-1820 жылдардағы орыс өмірін суреттеп, Александр патша болған кезеңдегі тұтас бір дәуірді бейнелейді. Мұнда 559 кейіпкер болса, соның 200 шақтысы кәдімгі тарихта болған адамдар. Толстойдың жазушы ретінде кереметтігі сол – ол императорлар мен патшалардан бастап қатардағы жауынгерлерге дейін, губернаторлардан бастап қарапайым шаруаларға дейін, қариялардан бастап кішкентай балаларға дейін – қоғамның әртүрлі тап және әрқилы жастағы өкілдерінің психологиясын сипаттаған. Көлемі 2000 бетке жуық мұндай ұлы туындыны автор 8 рет қолмен қайта жазып шығып, ал жекелеген эпизодтарын 26 рет өңдеп, өзгерткен екен. Э.Е. Зайденшнур «Соғыс пен бейбітшіліктің» басталуының өзінің 15 нұсқасы бар екенін айтқан. Роман-эпопеяның көптеген тілге аударылғанын, шығарма желісімен әлемнің әр түкпірінде талай қойылым қойылып, талай кино түсірілгенін айтпағанда, «Соғыс пен бейбітшілік» жөнінде қызықты дерек көп. Мысалы, балаларға арналған шығармаларды есепке алмасақ, «Соғыс пен бейбітшілік» 1918-1986 жылдарда КСРО-да ең көп басып шығарылған кітап екен. Нақтырақ айтқанда, 312 рет қайтадан жарық көріп, жалпы 36 085 000 данамен оқырмандарға жол тартқан. Осы керемет туындыны жақында оқып бітіріп, әсерімді назарыңызға ұсынуды жөн көрдім.

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА, ақын, аудармашы

 * * *

Лев Толстой «Соғыс пен бейбітшілік» романының 1,2-кітаптарында бейбіт уақыттағы және майдан кезіндегі жағдайларды әр бөлімде кезектестіріп суреттейді. Мәселен, тыныш заманда орыс ақсүйектері би кештеріне, театр қойылымдарына, операға барып, қызықты думандар ұйымдастырады. Тазымен аңға шығып, қасқыр, түлкі, қоян аулап, шаттыққа толы көңілді ғұмыр кешеді. Мұндай сауық-сайранның әрқайсысына жазушы жеке-жеке кеңінен тоқталып, орыс өмірін бейнелегенде, сіз де кейіпкерлермен бірге жүргендей әсерде боласыз. Ал майдан кезіндегі оқиғаларды оқып отырып, мүлде өзгеше күй кешесіз. Жауынгерлердің шайқас алдындағы қобалжып, қорқуы; үстерінен зымыран (ядро) ұшып өткендегі үрейі; өлім алдында бүкіл өмірі көз алдына келіп, арман мен өкінішке толы «аһ» ұруы; жаралылардың қиналып, ыңырсуы; сарбаздардың ұзақ уақыт жөнді тамақ ішпей, ашығуы, ашынуы; ата-анасын, бауырларын, сүйгенін, туған жерін сағынуы, т.б. нәрселер сізге «соғыс» деген зұлматтың не екенін ұқтырады. Соғыс пен бейбітшілікті кезек-кезек сипаттауы арқылы автор бейбіт өмірдің қадірін білуге, тіпті, ушыққан мәселелердің өзін қантөгіссіз, бейбіт келіссөзбен шешуге шақырып тұрғандай. Орыс-француз соғысын жазғанмен, Лев Толстойдың романы әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ (классика осы себептен де классика болса керек). Өйткені арада бір ғасырдан артық уақыт өтсе де, адамзат баласы бір-бірімен тіл табысып, тыныш өмір сүруді әлі күнге дейін үйренген жоқ.

Л.Толстойдың бұл шығармасында нақты бір бас кейіпкер жоқ. Қаламгер әр қаһарманның бастан кешкендерін кезек-кезек жазады. Дегенмен, солардың ішіндегі жазушы ең көп тоқталғандары жөнінде айталық.

Князь Андрей Болконский – бейбіт замандағы бірсарынды өмірді жаны сүймейтін адам. Ол үлкен ерлік жасауды, атақ-даңққа бөленуді армандайды. Сол себепті, айналасындағы елдерді түгел жаулап, бірте-бірте орыс шекарасына жақындап келе жатқан Франция империясына төтеп беруге Аустрия жеріне соғысқа өз еркімен аттанады. Бас қолбасшының адъютанты болған Андрей, тіпті, аяғы ауыр, сұлу әйелі бар екенін де ескермей, оны қатал әкесі мен қарындасының жанына қалдырады. Аустрия аумағында Ресей және Аустрия әскерлері бірігіп, француздарға қарсы тұрады. Кішігірім қақтығыстарда біріккен әскер жеңгенмен, 1805 жылы Аустерлиц түбіндегі үлкен ұрыста 60 мың орыс пен 25 мың аустриялық жауынгер (жалпы 85 000 сарбаз) 73200 француз қолынан ойсырай жеңіледі. Осы шайқаста орыс әскерінің байрағын көтеріп келе жатқан әскері көз жұмып, ту жерге құлайды. Сол себепті, жауынгерлердің рухы түсіп, жапа-тармағай қаша бастайды. Осы кезде алапат ерлік пен жер жарған атақты аңсаған Андрей Болконский байрақты көтеріп, жауға қарсы жалғыз өзі жүгіреді. Тудың қайтадан желбірегенін көрген сарбаздардың рухы көтеріліп, кері бұрылып, дұшпанға лап қояды. Әйтсе де, ту көтерген Болконскийдің өзі ауыр жараланып, есінен танып, жерге құлайды. Біріккен Ресей-Аустрия әскері де дұрыс ұйымдаспағандықтан, шашыраңқылықтың кесірінен көп уақыт өтпей, жеңіледі. Шайқас даласында ыңырсып, ауырсынып, шалқасынан жатқан Андрей көкке қарап, аспанның осыншалықты биіктігіне, ұлылығына таңғалып, сүйсінеді. Осы уақытқа дейін мұны қалай байқамай келгенін түсіне алмай дал болады. Анау шетсіз-шексіз аспанның ұлылығымен салыстырсаң, жердегі пенделер түкке де тұрмайтын, соншалықты төмен нәрселер үшін қырқысып, бірін-бірі өлтіріп жүргенін жан-жүрегімен ұғынады осы сәтте. Адамзаттың пейілі қаншалықты тар, өресі қаншалықты төмен екенін түсінеді көкке қарап жатып. Осы сәтте шайқас даласын аралап жүрген француз императоры Наполеон елінің туын көтерем деп оққа ұшып, жерде жатқан Болконскийдің денесінің қасына келіп, «Не деген әдемі өлім!» дейді. Алайда ол өлмеген еді. Әлсіз ыңырсып, сәл ғана қимылдағанына қарап, мұны түсінген император қарамағындағыларға Андрейді көтеріп алып кетуге, көмек көрсетуге бұйрық береді. Өзге мыңдаған сарбазбен бірге тұтқынға түскен Болконскийдің жарасы тым ауыр болғандықтан, француздар оны жергілікті халыққа тастап кетеді. Әлі де көрер жарығы бар адъютант айығып, арада біраз уақыт өткен соң, үйіне қайтып келеді. Ол оралған түнде әйелі толғатып жатыр еді. Сол түні сұлу Лиза Болконская ұл босанады. Әйтсе де, көңілі кіршіксіз таза, баладай ақкөңіл әйелдің өзі қайтыс болады. Бұл ажал соғыста ауыр жараланып, аурушаң, дімкәс болып оралған Андрей Болконскийға өте ауыр соққы болады. Сөйтіп, ол дүниеден баз кешіп, түңіліп кетеді. Бұрын тым қатал, өр мінезді, тәкап­пар болған азаматтың болмысы жұмсарады. Тарихта қалатындай үлкен ерлік жасауды армандаған бұрынғы атаққұмарлығын тәрк етеді. Әскери қызметін доғарып, өз иелігін өркендетіп, тыныш қана ғұмыр кешуді, ұлына жақсы тәрбие беруді ұйғарады. Бір күні атарбасымен орманда келе жатқан князь кәрі еменді көзі шалады. Ағаштың діңі әбден қартайып, тозып кетіпті. Алып еменге ой көзімен қараған Андрей дүниенің соңы осылай қурау, тозу, шіру, құлдырау екеніне көзі жетіп, өмірден одан сайын түңіледі. Ол үшін ғұмырдың тіпті мәні жоқтай көрінеді. Алайда арада көп уақыт өтпей, сол жолмен жүріп келе жатып, қайтадан сол ағашты іздегенде, бастапқыда таба алмайды. Өйткені емен адам танымастай өзгерген еді. Жаңа бұтақтар шығып, жас жапырақтар қаулап өсіпті. Бұл көрініске қарап, таң-тамаша болған Болконский жан дүниесінде серпілуді сезініп, қайраттанып, ширығады. Оның өмірден алған соққысы әлі дүниенің ақыры емес екен. Әлі де үміт бар екен. Мына емен сияқты қайтадан бүршік жарып, гүлденуге, жасаруға болады екен. Табиғаттан тағылым алған азамат ерік-жігерін жинап, Петербург­ке барып, жаңа қызметке тұрады. Италияға сапар шегіп, ем-дом қабылдайды. Жасы 30-дан енді асқан азамат 16 жастағы Наташа есімді қызғалдақтай құлпырған қызға ғашық болып, екеуі сөз байласып, Андрей шетелден келген соң, үйленбек болады. Алайда ол оралмастан бұрын Наташа Анатоль Курагин есімді келбеті келісті, өте сымбатты жігіттің жалған сөзіне иланып, күйеу жігітіне опасыздық жасайды. Анатольдың сыртқы бейнесі қандай әдемі болса, жан дүниесі соншалықты ұсқынсыз, арам, екіжүзді, жалқау әрі ақылсыз, пасық еді. Оның үйленгенін, әйелі бар екенін білмеген Наташа отбасынан жасырып, Анатольмен бірге қашпақ болады. Әйтсе де, жоспары жүзеге аспайды. Сезіп қалған әпкесі оның жолын бөгейді. Шетелден келген соң, ақылды, білімді, парасатты әрі зиялы Андрей Болконсий мән-жайды естиді. Сөйтіп, Наташа екеуінің арасындағы махаббат хикаясы аяқталады. Алтынды бағалай алмаған қыз өкініштен және ұяттан өзегі өртеніп, бүкіл қала халқының өсегіне қалады.

Лев Толстой «Соғыс пен бейбітшіліктің» алғашқы екі кітабында кеңінен суреттеген тағы бір кейіпкер – Пьер Безухов. Ол – Ресейдегі ең бай адамның баласы. Шетелде тәрбиеленіп, білім алған Пьер еліне оралғанда, ақсүйектер ортасы оның ебедейсіздігіне, толықтығына, қолапайсыздығына қарап, кекетіп, сырттай мазақтап күледі. Әйтсе де, ол өзгелерге қастық ойламайтын, пейілі таза әрі аңғалдау, жуастау адам еді. Әкесі ажал құшып, мол байлыққа мұрагер болғанда, жұрттың Пьерге деген қарым-қатынасы күрт өзгереді. Оны бұрын менсінбегендер, кекеткендер енді аяқ астынан асты-үстіне түсіп, сыйлай қалады. Осы арқылы Лев Толстой өзгелерді дүниесіне қарап құрметтейтін адамдарды мысқылдаса керек. Василий Курагин (Анатоль Курагиннің әкесі) есімді кісі Элен атты өте сұлу қызын Пьермен таныстырып, жастардың арасында дәнекер болып, екеуін үйлендіреді. Өйткені В.Курагинді толық, аңғал Пьердің болмысы емес, байлығы қызықтырды. Эленнің де түпкі ниеті ен дәулетке кенелу еді. Алайда есеппен құрылған неке берік болмайды екен. Элен күйеуіне адал болмай шықты. Жарының көзіне шөп салу үйреншікті нәрсеге айналды. Намысына тиіп, ызаландырған Долохов деген жігітті бір күні Пьер дуэльге шақырып, атып жаралайды. Содан кейін әйелімен ажырасып тынды. Біраз уақыт өткен соң, Элен Пьерге сағынып, қайғырып жүргенін айтып, қайта-қайта хат жаза бергеннен ке­йін екеуі қайтадан қосылады. Бірақ опасыз әйел қателігінен сабақ алмаған еді. Бәрібір де жеңіл жүрісін қойған жоқ. Зайыбының қасынан жан рахатын таппаған Пьер бірде Петербургтегі, бірде Мәскеудегі, басқа жолы өзге өлкелердегі иеліктеріне барып тұрды. Бастысы, әйелін көзі көрмесе, әйелінен құтылса болды ол үшін. Осындай жәйттарды жазған Лев Толстой жар таңдаудағы ескеру керек дүниелерді, отбасы құндылықтары мәселелерін меңзегендей. Өмірлік серігін таңдауда қателескен адамның ғұмырында да, жан дүниесінде де тыныштық, бақыт, береке болмайды.

Пьер масондық ұйымға кіріп, діни ағартумен де айналысады. Әлемге ізгілік нұрын шашпақ болады. Ол қарамағындағы мыңдаған жұмысшының өмірін жеңілдету үшін көптеген шешім қабылдап, әр иелікке бекітілген старосталарға тапсырмалар береді. Бірақ ол келгенде старосталар: «Бәрі жақсы! Бәрі керемет! Сізге мың алғыс!» – деп ұрандайтын шаруаларды шығарып қо­йып, көзбояушылық жасайды. Шын мәнінде, шаруалардың көзге түспеген оннан тоғызы аш-жалаңаш еді. Алайда мақтау мен алғысқа мас болған Пьер шындықты білген жоқ. Бұл жәйт тура қазіргі кей жағдайларға қатты ұқсайды. Жоғарыдан тексеру келсе, осылай көзбояушылық жасайтындар аз ба қазір?!

Соның кесірінен халықтың тұрмысы жақсармайды. Пьер рухани кемелдіктің үлгісін көрсету үшін алдымен өзінің нәпсісін жеңуі керек еді. Ол әйелдер мен ішімдікті жақсы көретін. Осы екі құмарлығын тыя алмағандықтан, ізгіліктің өнегесі болсам деген арманы аяқсыз қалды. Демек, адам әуелі өзінің кемшіліктерін түзетіп, өзінің пенделіктерін жөндегені дұрыс екен.

Безухов масондық ұйымға кіргенде, шарттарын қабылдап, ережеге сай ант береді. Масондар қандай жағдайда да бір-біріне қолдау білдіріп, тіпті, қажет болса, бауыры үшін жанын да беруге тиіс болатын. Бірақ, бір қызығы, бауырмалдық, жомарттық, кеңпе­йілділік жөнінде әр масон көп айтқанмен, бәрі де мейірімді болуға серт еткенмен, қайырымдылық жасау үшін ақша жинауға келгенде, көбі тиын санап қалатын. Масондық ұйымда қоғамда беделді ақсүйектер, жоғары лауазым иелері көп еді. Сол себепті, бұл кісілермен байланыс орнатуды мақсат етіп, ұйымға бақай есеппен кіргендер де көп болатын. Мүшелері ізгілік жайлы ұстанымдарды өздері ұстанбайтын ұйым қазіргі жат діни ағымдарды, дәстүрлі емес діни бірлестіктерді есіңізге салды ма?!

«Соғыс пен бейбітшілікте» Андрей Болконский мен Пьер Безуховтан да басқа кейіпкерлер көп. Лев Толстой 1,2-ші кітаптарда негізінен осы екі қаһарманның бастан кешкендерін суреттегендіктен, біз де сөйттік. Аталған шығарманың алғашқы екі кітабының мазмұнын толықтай баяндай алмаспыз. Бірақ жүйкесі жұқарған қарт, орынсыз қатал әрі өзімшіл әке Николай Болконский (Андрей Болконскийдің әкесі); жан дүниесі өте таза, діндар Марья Болконская (Андрей Болконскийдің қарындасы); жеңіл жолмен байығысы келетін арам әрі қу, алаяқ Долохов; үйінде ақсүйектерді жинап, көңілді кештер ұйымдастырғанды жақсы көретін Анна Ивановна; талапты жас Николай Ростов (Наташаның ағасы) секілді кейіпкерлерді атап өткеніміз жөн деп ойлаймын. Олар жайлы оқырмандар романнан өздері толық оқып алар.

 * * *

«Соғыс пен бейбітшіліктің» 3,4-кітаптарында автор Наполеон туының астына біріккен француз, неміс, поляк, испан, италиялық, австриялық, швейцар әскерлерінің (жалпы алғанда, Француз империясының қолы) орыс жеріне басып кіріп, шабуыл жасағаны суреттеледі. Роман-эпопеяның бұл бөлімдерінде алғашқы екі кітаптағыдай бейбіт өмірдің көріністері емес, көбіне қанды қақтығыстар мен сұрапыл шайқастар, шабуылдау мен шегіну, яғни соғыс кезіндегі жағдайлар бейнеленеді. Наполеон 600 мыңнан астам жауынгерді бастап келгенін және бұл жер қайысқан қол саны жағынан да, тәжірибе тұрғысынан да, қарулану мәселесінде де әлемдегі ең мықты әскер болғанын айта кетейік. Ал орыстың бас қолбасшылығына сайланған Кутузовтың ұлан-ғайыр Ресейдің әр түкпірінде шашырап жатқан 400 мыңнан астам сарбазы болған екен.

Лев Толстой майдан кезіндегі түрлі жә­йттарды бейнелеу арқылы оқырманға ой салуға тырысады, заман шындығын сол жағдайларды көрсету арқылы меңзейді. Мәселен, орыс жеріне енген Наполеон бір елдімекенге келіп тоқтағанда, әскерінің бір бөлігіне өзеннің арғы бетіне өтіп, берілген тапсырманы орындауды бұйырады. Сонда бір поляк қолбасы өзі сұранып, қарамағындағы атты жасақты бастап, ағыны қатты өзенге қойып кетеді. Негізі, жақын жердегі өткелден өтсе де, болатын еді. Бірақ императорға шын берілгендігін дәлелдегісі келген және оның көзінше ержүрек болып көрінгісі келген ол соңына ерген жауынгерлерді өзеннен атпен жүзіп өтуге мәжбүрледі. Соның кесірінен 40 шақты сарбаз бен ондаған жылқы арғы бетке жете алмай, суға кетіп өлді. Олардың бұл ісіне Наполеон мән бермей, еш назар аудармай, басқа тұсқа кетіп үлгерген еді. Осы эпизодты суреттеген қаламгер даңғойланып, орынсыз шығынға ұшыраған, қаншама өрімдей жастың ажалына себепкер болған әлгі поляк әскербасын ғана емес, осындай бос мақтан, пайда­сыз әуре-сарсаңға үйір адамдарды жалпылай мысқылдағандай көрінді.

Кейіпкерлердің бірі эскадрон басқарған Николай Ростов Островно түбіндегі қақтығыста батылдығымен және ерлігімен көзге түсіп, француз қолының әжептәуір бөлігіне ойсырата соққы береді. Көптеген жауды тұтқынға түсіреді. Шайқасып жатқанда, бір француз­ға атымен шауып барып, не өлтірерін, не тұтқынға аларын шешіп үлгермей жатып, әлгі кісі «Берілдім!» деп айғайлайды. Оның шүберектей қуарып кеткен жүзінен, шарасынан шығып кете жаздаған көгілдір көзінен үрей мен жалынышты көрген Николай осы бейнені ұмыта алмайды. Аталған ерлігі үшін марапатталып, Георгий крестін алғанмен, шені өскенмен, оны ар азабы қинайды. «Мұның бәрі не үшін?! Ол менен неге сонша қорықты?! Біз бір-бірімізге неге қылыш жұмсаймыз?!» – деп өз-өзін жегідей жейді. Роман-эпопея авторы қандай ұлт өкілі болмасын адамдардың бәрі бір-біріне бауыр екенін, бір-біріне зұлымдық жасамауы тиіс екенін осындай оқиғалар арқылы жеткізеді.

Жоғарыда майдан басталғанда, орыстың 400 мың қолы Ресейдің әр пұшпағында шашырап жатқанын жазған едік. Осы бытырай қоныстанған әскер секілді орыстың Пфуль, Барклай, Багратион, Бенигсен, Цесаревич, Браницкий, Влоцкий, Винцингероде т.б. генералдары мен беделді қолбасшыларының сөзі бір жерден шықпай, алауыз күйде еді. Әскери кеңестерде генералдардың басым бөлігі Ресейді жаудан азат етуді емес, жеке басының қамын, даусын өзгелерден зор шығарып, Александр патшаның көзіне түсіп қалуды ойлады. Әскери басшылық құрамында бірлік болған жоқ. Соның кесірінен шашырап жатқан 400 мың сарбаздың бір жерге жиналып, топтасуы да кешеуілдей берді. Салдарынан орыс қолы кішігірім шайқастардан әрі аса алмай, француздарға тосқауыл бола алмай, шегіне-шегіне Мәскеу түбіндегі Бородино даласына дейін жетті. Иә, ынтымағы әлсіз қауымның көрер күні осы болмақ. Ондай жұрт жерін жауға таптатып, сорлы күй кешпек.

Талай ақын-жазушының шығармасына арқау болған Бородино шайқасы жоғарыда аталған Бородино даласында өткен еді. Бұл шайқастың алдындағы орыс әскерінің көңіл-күйін, хал-жайын жазушы полк басқарған князь Андрей Болконскийдің сөздерімен жеткізеді.

Бірақ алдымен Болконскийдің бастан өткергендері жөнінде мәлімет бергеніміз жөн деп ойлаймыз. Қалыңдығының опасыздығынан кейін ашынған, намыстанған, ширыққан князь Андрей Отан қорғауға соғысқа аттанады. Көп ұзамай, оның әкесі қайтыс болып, қайғы үстіне қайғы жамалады. Бірақ Болконский езіліп, еңсесін түсірген жоқ. Әкесі қазіргі бас қолбасшы Кутузовпен кезінде дос болғандықтан, екеуінің арасы жақсы екеніне қарамастан, князь Андрей оның жанашыр пейілден шыққан ұсынысынан бас тартады. Яғни, штабта генералдың адьютанты болып, қауіпсіздеу жерде жүргеннен гөрі нені болса да, от пен оқтың ортасында сарбаздармен бірге көруді жөн санайды. Міне, жанкештілік! Ел басына күн туғанда, нағыз ерлердің ісі осындай болса керек! Князь Андрейдің ашуына тиетін, оны ызаландыратын бір жәйт бар еді. Полк командиріне орыс әскерінің жоғары шенді қолбасшылық қызметтерінде неміс т.б. ұлт өкілдерінің қызметте жүргені ұнамайтын. Өйткені, олар соғыста жанкештілік танытпайтын. Шайқаста өміріне қауіп төніп, жағдайдың ушығып бара жатқанын сезсе болды, қарамағындағыларды шегіндіріп, тырағайлап қашуға бейім еді. Ресей олардың тарихи Отаны болмағандықтан, керексе, жан қиюға әзір емес еді олар. Шыбын жаны кеудесінен шығып кеткенше, ақырғы деміне дейін айқасып өлетін нағыз ержүрек батырлар – қатардағы қарапайым жауынгерлер еді. Ел үшін өзін құрбан ететін қарапайым халық болатын. Себебі Отан, ең алдымен, халыққа керек. Мемлекетті апаттан құтқаратын да, дұшпанды атамекеннен тықсырып қуып шығатын да сол – Отан-Ананың ұлттық рухы, патриоттық сезімі бар адал ұлдары. Осындай көзқарасын жазушы туындыда Андрей Болконскийге айтқызады. Ал мен мұны не үшін жазып отыр деп ойлайсыз? Қазір Қазақстанның тағдырына, болашағына тікелей ықпал ете алатын түрлі жоғары қызметтерде сан алуан ұлттың өкілдері отыр. Барлық этносқа тең құқық берген көпұлтты мемлекет, зайырлы қоғам, демократиялы ел ретінде біз бұған заң жүзінде тыйым сала алмаспыз. Бірақ жоғарыда жазылғандай шенділер Қазақстанның келешегі, келер ұрпақтың қамы үшін бойдағы барын беріп, жаны ашып, жұмыс істей қояр ма екен?.. «Соғыс пен бейбітшіліктегі» князь Андрейді толғандырғаны секілді мені де осы мәселе ойландырады…

Бородино шайқасының алдындағы түнде Болконский ұйықтай алмай, аласұрған, дүние­ден баз кешкен күйде болады. Қайта-қайта өткен ғұмыры есіне түсе береді. Ол өзіне опасыздық жасаған бұрынғы қалыңдығын ойлап, қамығады. Наташаны періштедей таза, пәк көргеніне; өзі шетелде 1 жыл бойы емделіп жүргенде, қалыңдығы мұң мен сағынышқа беріліп, келгенше сарыла күтеді деп сенгеніне; соншалықты аңғал, ертегіге нанған баладай албырт, иланғыш, ақымақ болғанына ызасы келеді. Байламына берік болмаған, сөзінде тұрмаған бұрынғы қалыңдығы бұл ғана емес, өмірде бәрінің де жалған екенін ұқтырады. Сонымен қатар, марқұм әкесі мен оның тіршілігі де ойына орала береді. Лысые Горы елдімекеніндегі иелегінде шаруашылығын жүргізіп, «менің жерім», «менің ауам», «менің суым», «менің үйім», «менің мұжықтарым» деп жалғанды жалпағынан басып жүрген әкесі мұның бар екенін де білмейтін Наполеон келгенде, неге бәрін тастап басқа жаққа қаша жөнелді? Ақыры жолда қайтыс болған жоқ па? Сонда «менікі» деп жүрген кешегі жер, үй, иелік, мұжықтар қайда қалды?! Шын мәнінде, ештеңе де оныкі болмағаны ма сонда?! Бәрі де жалған екен ғой!.. Осындай ойлар маза бермеген Болконский ертеңгі шайқас бұрын қатысқан шайқастардан анағұрлым сұрапыл болатынын жете түсініп, ажал жайлы сұп-суық ойлар санасын шырмап алады. Егер өліп қалса, екі адам мұны екі қол, екі аяғынан ұстап, қазылған үлкен шұңқырға лақтырып, көп өлікпен бірге көме салатынын, сөйтіп, дүниеде мүлде болмағандай жоғалатынын ойлап, түршігеді. Бірақ бұл кетті екен деп дүниенің қылшығы қисаймақ емес. Адамдар түк болмағандай, тіршілігін жалғастыра бермек. Әлімсақтан бергі дүниенің заңдылығы – осы. Бәрі де жалған, бәрі де өткінші, бәрі де алдамшы… Жалған өмір, опасыз дүние… Жоғарыда жазылған жәйттарды оқығанда, Абайдың «Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек…» деген жыр тармағы ойыма орала берді.

Князь Андрей өзі сезгендей-ақ, келесі күні шайқаста тура қасына зымыран түсіп, жарылып, ауыр жараланады. Жарылғыш заттың жарықшағы ішіне тиіп, ішек-қарнын ақтарып жібереді. Кейін біразырақ уақыт дәрігердің қарауында болып, ем-дом қабылдағанмен, ажалы ауыр жарақаттан келеді. Бородино шайқасында орыстар үлкен ерлік көрсетіп, қанша қырылып жатса да, жан аямай соғысқанымен, үлкен шығынға ұшырайды. Лев Толстойдың жазуынша, Ресей осы күні әскерінің жартысынан айрылыпты. Алайда бұрын-соңды жеңіліп көрмеген Наполеон үшін де қантөгіс оңайға тимей, есеңгіретіп тастайды. Француз сарбаздарының бестен бірі өліп, 20 француз генералы шайқаста ажал құшқан еді. Орыс қолының бас қолбасшысы Кутузов әскердің қалған бөлігін қырып алмай, сақтап қалу үшін тағы да шегінуге мәжбүр болады. Сөйтіп, француздар Мәскеуге кіреді. Дегенмен, француз императоры күтпеген жәйт­қа тап болып, дағдарады. Өзін ұлы санаған, тәкаппарлық пен мақтанға бой алдырған ол Мәскеуге келгенде, тұрғындардың көбі қаланы тастап шыққанын көреді. Жұрттың тек 50-ден 1-і ғана кетпей, шаһар қаңырап қалыпты. Француздар келе сала, иесіз қалған ғимараттар мен үйлерді, көшпеген тұрғындарды тонап, әскер кейпінен айрылып, қарақшыға айналады. Қараусыз кеткен малдай, тіпті, бұйрыққа бағынуын да қояды. Тоналған, шабылған, өртелген Мәскеу үшін алыстағы талай орыс қайғырып, аһ ұрады. Осы сәтте қарапайым бұқараның Отанға деген махаббаты, жауға деген жеккөрініші қылаң беріп, оқырманның жүрегін елжіретеді. Француздар көп ақша ұсынғанына қарамастан, орыс мұжықтары аттарға арналған жем-шөпті сатпай, Мәскеу мен қала маңында жиналып тұрғандарын өртеп жібереді. Өйткені Отан үшін соғыс жалпыхалықтық сипат алған еді. Әскер Можайск өңіріне шегініп кеткенмен, француздарға қарсы партизандық соғыс белең алды. Қарапайым халықтан құралған түрлі жасақтар әр жерде тапсырмаман жүрген, не болмаса, бөлініп қалған француз отрядтарына тұтқиылдан шабуыл жасап, бірте-бірте талқандай берді. Жазушы француз қолын үлкен бәйтерекке теңесе, осы алып ағашты партизандар кейде шайқап, кейде жапырақтарын жұлып, тыныштық бермеді.

«Соғыс пен бейбітшіліктегі» өмірбаяны кеңінен жазылған кейіпкерлердің бірі – граф Пьер Безухов. Ел басына күн туғанда, ол өзге байлар секілді дүние-мүлкін жүздеген арбаға тиеп, Мәскеуден қашып шыққан жоқ. Безухов Бородино шайқасында әскермен бірге болып, көмектескен соң, Наполеонды өлтірмекке бел буады да, қарапайым мұжық бейнесінде киініп, тапанша сатып алып, Мәскеуде қалады. Алайда француздар жұртты тонап, қиянат жасап жатқанда, бір сұлу армян қызға араша боламын деп өзі тұтқындалып, түрмеге түседі. Әр істің бір қайыры бар емес пе?! Қарапайым халықтан шыққан жауынгерлермен тұтқында бірге отырған Пьер қамауда көп нәрсенің қадірін түсініп, жүрек тыныштығын, жан рахатын табады. Бұрын жүрек тыныштығын әйелдерден, шараптан, масондық ұйымнан, қайраткерліктен, ел үшін өзін құрбан еткен қаһармандықтан т.б. дүниелерден іздеп, бірақ мақсатына жете алмаған, жаны байыз тап­паған ол көктен іздегенін жерден тапқандай күй кешеді.

Жүрек тыныштығы – қарапайым ғана ғұмыр кешуде екен. Қарның ашқанда, тамақ жеу; шөлдегенде, су ішу; тоңғанда, жылы үйге кіру; қалаған уақытыңда ұйықтап, қалаған уақытыңда тұру; зеріккенде, таза ауада серуендеу – бір сөзбен айтқанда, өз еркің өзіңде болуы өмірдің нағыз рахаты екен.

Осыншама несібенің қадірін түсініп, бағасын ұғынғанда ғана адамның жүрегі тыныш болатынына Пьердің көзі жетеді. Әбден ашыққанда, өзге тұтқындармен бірге құрғақ картопты бөліп жеген ол бұл тағамның мұншалықты тіл үйірер дәмін бұрын қалай сезбей жүргеніне таңғалады. Кейінірек тұтқыннан босап, қалыпты өміріне оралса да, абақтыда жеген дәл сол құрғақ картоптан асқан дәмді тамақты өмір бойы таппапты. Ресейдегі ең бай адамдардың бірі болған Пьердің бастан кешкендері бізге тәубаны, Құдайға шүкір етуді еске салып тұрғандай.

«Соғыс пен бейбітшіліктегі» жағымды кейіпкерлердің бірі – Кутузов бейнесі. Ол – өмірлік тәжірибесі де, әскери тәжірибесі де мол, сабырлы, парасатты, көреген, ақылды қарт. Орыс қолын орынсыз қантөгістен, артық шығыннан сақтап қалуға барын салады. Қарамағындағы қолбасшылар да, жауынгерлер де қит етсе, шабуыл жасап, олжаға, атаққа кенелуге асығып тұрғанда, Кутузов оларды әрдайым тоқтатуға талпынады. Өйткені, француз әскері Мәскеуді алғаннан кейін өзінен-өзі бірте-бірте құрдымға кетіп бара жатқанын ұғына білген еді. «Уақыт пен сабыр – міне, менің жауынгер батырларым!» – дейді бас қолбасшы («Время и терпение – вот, мои воины-богатыри!»). Кутузов он французға бір орысты да айырбастағысы келмей, сарбаздардың өмірін сақтап қалуға тырысты. Расында да, оның жорамалдағанындай, Мәскеуге кірген француздар бұл қалада 5-ақ апта болып, қарақшылықпен айналысқан соң, соғысатын орыс әскерін іздеп, шаһарды тастап шықты. Алайда казактар мен партизандар тұтқиылдан жасаған шабуылдардан әбден сілікпесі шығып, азып-тозып, арып-ашып, күннің суығында дірдектеп тоңып, соғысатын қауқары қалмайды. Сөйтіп, орыс жерінен шығып кеткенше мыңдаған адам аштан, суықтан өліп, не тұтқынға түсіп, француз әскері өзінен-өзі ғайып болды. Зеңбіректері мен қару-жарағы да орыстардың олжасына айналды. Наполеон және оның беделді қолбасшылары қол астындағы жасақтарды жау қоршауында қалдырып, қара басын құтқаруды ойлап, түнделетіп орман ішімен, жасырын жолдармен қашып кетті. Француздардың 100-ден 1-і ғана орыс шекарасын кесіп өтіп, Францияға жете алған екен. Сөйтіп, Вена, Мадрид, Берлин, Рим, Варшава, Неапаоль, Мәскеуді де жаулаған императордың дәурені аяқталды. Атаққұмарлықтың ақыры осылай болды… Осындай жәйттарды суреттей келе ойшыл жазушы «Қарапайымдылық, мейірім және ақиқат жоқ жерде ұлылық та жоқ» – дейді («Нет величия там, где нет простоты, добра и правды»).

Роман-эпопеядан алар тағылым көп болса да, оның бәрін мақалаға сыйғыза алмасымыз анық. Лев Толстойдың гуманистік идеяларын түсіну, сіңіру үшін шығарманы толық оқып шығу керек. Әйтсе де, тағы бірнеше мысал келтірейік. Аталған туындыда әр кейіпкердің болмысы, мінез-құлқы, іс-әрекеті оқырманға ой салады. Мысалы, Николайдан ар-намысты бәрінен биік қоюды, қиналсаң да, тіс жармайтын қайсарлықты; ал княжна Марьядан, тіпті, өзіңе жамандық жасаған кісіге жақсылық тілейтін тақуалықты, тазалықты, кешірімділікті, кеңдікті, мейірімділікті көруге болады. «Жақсыдан үйрен, Жаманнан жирен» демекші, князь Василийдің ұшпаққа шыққан біреуді мақтап, жақындауға тырысатын, ал сол кісінің басынан бағы тайса, бірден жамандап шыға келетін екіжүзділігі, жылтырлығы – бұл қасиеттердің қандай жиіркенішті екенін тайға таңба басқандай анық көрсетеді. Алма ағашынан алысқа түспейтіні секілді князь Василийдің ұлы мен қызы Анатоль және Эленнің де опасыздығы, арамдығы, қарау ниеттілігі оқырманның көңілін суытады. Бірақ әркімнің несібесі де, ақыры да пейіліне байланысты болатыны даусыз. Анатоль Бородино шайқасында ауыр жараланып, аяғын кестіріп, ит өліммен өлсе, ал Элен аяқ астынан өкпе ауруына шалдығып, ол да көз жұмады. Өзгелердің ақысын жейтін арамзалық жақсылыққа апармайтыны шүбәсіз. Әділет пен шындық көбіне кешігіп жүрсе де, түбі келеді.

* * *

«Соғыс пен бейбітшіліктің» эпилогында қаламгер 1812 жылғы Отан соғысынан 7 жыл өткеннен кейін 1819-1820 жылдарды суреттейді. Бұл кезде Николай Ростов пен княжна Марья, Пьер Безухов пен Наташа Ростова ерлі-зайыпты, 3-4 баласы бар бақытты отбасы. Ал Николай мен Наташаның анасы графиня Ростова әбден қартайып, жартылай есі ауысқан кемпір болған. Өйткені майданда әуелі 16 жастағы кенже ұлы Петя оққа ұшып, көз жұмып, содан кейін көп ұзамай күйеуі қайтыс болған соң, 50-ден енді асқан графиня Ростова қасіреттен қатты шөгіп, қартайып кетті. Тіпті, ақылынан алжаса бастады. Бірақ солай бола тұра, маған ұнағаны – оның ұлы мен келіні, қызы мен күйеу баласы еш қабақ шытпай, анасының біртүрлі қылықтарына сабыр етіп, әрдайым графиня Ростованың жағдайын жасауға, көңілін табуға тырысады, баладай баптап, күтеді. Әке-шешені қадірлеу­ге шақырған бұл эпизод қазақтың «Ата-анаң тентек болса, байлап бақ» деген сөзін есіме түсірді.

Мәселенің тағы бір қыры – француздардың Ресейге басып кіруінің кесірінен Петя секілді мұрты енді тебіндеп келе жатқан қаншама бозбала, қаншама өрімдей жас ажал құшты?! Графиня Ростова сияқты қаншама ана сорлап, ботасынан айрылып, інгендей боздап қалды?! Бородино шайқасында ауыр жараланып, бақилық болған князь Андрейдің 7 жастағы ұлы Николенька сықылды қаншама бала бесіктен белі шықпай жатып, жетім қалды?! Қаншама бұқараның еңбегі еш болып, үй-жайынан, шаруашылығынан айрылды?! Лев Толстой мұның бәрін жазу арқылы соғыс деген зұлматтың зардаптарын ғана емес, барлық адам баласы бір-біріне бауыр екенін, бір халыққа бір халық қиянат, зұлымдық жасамау керектігін меңзегендей. Алайда жазушы шыққан орыс ұлтынан әсіреұлшылдар да шыққан. Олардың істеген істері қандай?! Орыствң қатыгез шовинистері қаншама жұртты жер бетінен мүлде жойып жіберді?! Қаншама елді жаулап алып, қаншама мемлекеттің шаңырағын ортасына түсірді?! Азаттық үшін жан аямай арпалысып, қаны мен терін төккен қаншама ұлттың адамдарын, қарт демей, сәби демей, жазықсыз өлтіріп, қан қақсатты?! Қаншама этносты тілінен, дінінен, дәстүрінен бездіріп, мәңгүрт қылып жіберді?! Құдай Лев Толстойдай кемеңгерді бере салса да, сол ұлттың өзі жазушының гуманистік идеяларын ұстанбағаны өкінішті. Алайда Лев Толстой секілді тұлғалар өз жұрты үшін ғана тумайды. Олардың ізгілік жайлы ұстанымдары мен насихаттары күллі дүние жүзі халықтарына ортақ. Сондықтан да Лев Толстойды адамзаттық деңгейдегі жазушы дейміз…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 03.10.2021 | 00:10

Керемет жазылған. Аман жүр, бауырым !!!!!!!

Аноним 28.03.2024 | 18:29

Жарайсың бауырым! Өте керемет талдау және ойқорыту.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір