Беларусь билігі неден қателесті?
21.09.2020
603
0

Беларуссияда Президенттік сайлаудан кейін халық жаппай ереуілге шыққалы айдан асты. 26 жыл бойы ел билеген Лукашенконың сайлаудағы жеңісін мойындамаған жұртшылық, бейбіт митинг арқылы өз қарсылықтарын білдіріп, сайлауды қайта өткізуді талап етіп отыр. Еуропадағы кейбір елдер Лукашенко билігін мойындамайтынын айтып, санкция салуға кірісіп кетті. Сарапшылар: «Беларуссияда экономикалық дағдарыс болады», – десе, енді бірі: «Азаматтық соғыс өрті тұтануы мүмкін», – деген болжам жасап үлгерді. Беларуссияны Ресей қолдаса, Тихановская бастаған оппозициялық топ өкілдерін Еуропа жақын тартып әлек. Бұл саяси бұлғақтың соңы не болмақ? Беларуссияны мұндай тығырыққа әкелген жағдайдың түпкі себебі не? Осы сұрақтар төңірегінде қаламгерлер мен саясаттанушының пікірін сұраған едік.

Тихановская

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

ЛУКАШЕНКО ҚИЫН ЖОЛДЫ ТАҢДАДЫ

– Беларуссиядағы оқиға сайлауда кеткен қателіктен басталды. Лукашенко өзінің бақталастарын ұстап, түрмеге отырғызып, тақтан айырылмаудың түрлі амал-тәсілін қарастырды. Тек, Тихановская бастаған әйелдерден қауіп болады деп ойлаған жоқ. Лукашенко билігіне қауіптің үлкені сол әйелдерден келді. «Еуропаның соңғы диктаторының» тағдыры қыл үстінде тұр. Оның ғана емес, күллі беларусь халқының тағдыры сын сағатқа таяды. Халық Тихановскаяға Лукашенко режимін құлату үшін дауыс берді. Сайлауда халықтың дауысын ұрлау – ХХІ ғасырдағы ең үлкен саяси мәдениетсіздік. Еуропарламент Беларуссияға санкция салуды қарастырып отыр. Мұндай жағдайда Беларуссияның арқа сүйері Ресей ғана болып қалады. Мұның соңы неге апаруы мүмкін екенін болжау қиын. Ел ішінде азаматтық соғыс болу қаупі төніп тұр.

Лукашенко қиын жолды таңдады. Орнын уақтылы босатып, халқына рақметін айтып, сайлауға түсуден бас тартқанда, мұндай тығырыққа тірелмес еді.

Билік, тақ деген қашанда қиын… Әсіресе, Шығыс елдерінің атқамінерлері билікке бір шықса, орнын босатпауға тырысады. Еуропаның президенттері мерзімі біткенде өздігінен билікті тастап, басқаларға өткізіп береді. АҚШ-та Президент екі мерзім ғана сайлана алады. Конституциясын билік басындағылар үшін күнде өзгертіп жатқан жоқ. Беларуссия, Ресей секілді елдер конституциясын Президенттерінің пиғылына қарай өзгертуге құмар. Олардың сапында біз де бармыз… Басшылары таққа жабысып, орнынан кетпеуге тырысатын елдердің дамығанын көрмедік…

Халық неден шаршады? Бір жүйеден, бір адамнан шаршады. 26 жыл бойы билікті бермеуден, бюрократиядан жалықты. Кезінде Францияны жеті жылдан екі рет басқарған Миттеран Франсуа халықтың «тағы да Президент болыңыз» деген өтінішін тойтарып: «Менің жүзімді 15 жыл бойы көріп келесіздер. Енді басқа адам ел басқарсын. Жаңа адамның бет-бейнесін көрсін халық. Билікте ұзақ отыруға болмайды», – деп өз еркімен биліктен кеткен. Саяси мәдениет дегеніміз – осы.

Беларуссияның басындағы жағдай бізге де сабақ болуы тиіс. Саяси мәдениеттілік керек. Елге құлақ түретін Үкімет құратынымыз шын болса, ашынған халықты қамаумен емес, пікірін тыңдап, ел басқаруда қандай қателіктер кеткенін ашық мойындап, талдау жасап, болашаққа нақты жоспар құрғаны дұрыс.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

МИТИНГКЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАУ КЕРЕК

– Бұл – бір күнде болған жағдай емес. Лукашенконың 26 жыл бойы Президент болып тапжылмай отыруы демократиялық принципке қайшы. Кез келген адамның билікті он жылдан артық бермеуі халықтың наразылығын тудырады. Билік жас ұрпақ, жаңа буынның араласуы арқылы көшке ілеседі. Лукашенко биліктен ертерек, кемі он жыл бұрын кетуі керек еді. Қазір Батька абыройдан айырылды. Барша халық ел бойынша наразылық танытып жатыр.

Бейбіт шеруге шығып, жүйенің ауысуын тапжылмай талап еткен беларусь халқы саяси мәдениетінің жоғары екенін көрсетті. Диктаторлық жүйе халыққа бұдан өзге жол қалдырмады. Сайлаудағы әділетсіздік, жүйедегі кінәраттан халық әбден жалыққанын ашық айтып, өздерінің құқын, хақын сұрап отыр.

Халық митингке тойғандықтан шықпайды. Сан жылдар бойы саяси, әлеуметтік жағдайлардың қордаланған мәселелерін шешу үшін, өздерінің үнін естірту үшін шығады. Митингке құрметпен қарау керек. Бас салып қамау, соттау, ұрып-соғу – болар елдің ісі емес. Егер бейбіт шеру болса, полиция күш қолданбауы тиіс. Бізге ең алдымен полициялар іс-әрекетінің мәдениетін қалыптастыратын уақыт жетті. Беларуссиядағы ахуал – Орта Азия елдеріне сабақ болатындай құбылыс. Демократиялық құндылықтарға басымдық беріп, әділетті сайлау өткізіп, елдің әлеуметтік жағдайын түзеуге баса мән бергеніміз жөн.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

ЛУКАШЕНКО РЕСЕЙГЕ СЕНДІ

– Біріншіден, Лукашенко – өте орысшыл. Ресейге сенеді. Путиннің диктаторлық режиміне арқа сүйеп келеді. Беларусь тілінің халі мүшкіл екеніне қарамастан, өз тілін дамытуға мән бермеді. Бұл халықтың ашу-ызасын тудырып отыр. Қазақстанда ол елге қарағанда мемлекеттік тілдің жағдайы әлдеқайда жақсы. Себебі ауылдағы халықтың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейді. Шетелден қазақ тілінің бар құнарын бойға сіңірген қандастарымыз келіп жатыр.

Екіншіден, Лукашенко нарықтық реформаны жасамады. Ол зауыт-фабрикалар мен колхоз-совхоздарды мемлекет меншігінен шығармады. Сол фабрикалар мен колхоздардың директорларына сүйеніп, өзінің билігін ұзартуды көкседі. Экономикадағы мемлекеттік меншіктің басымдығы қаржылық секторды тұралатады. Өйткені олар кез келген қиындықты мемлекеттің бюджетімен шешуге тырысады. Бұл – экономиканы күйрететін негізгі себеп. Беларусь халқы аш емес, бірақ экономикаға нарықтық реформа жасамағандықтан бақуатты өмірге қол жеткізе алмай отыр.

Үшіншіден, Беларуссия – еуропалық мемлекет. Халқының басым бөлігі Балтық елдеріне жиі барады. Еуропаны шарлап жүргендері де көп. Олар өздерінің мүшкіл халін өзге елдермен салыстырып, Беларуссияның да демократиялық құндылықтарға ие болғанын армандайды. Нарықтық жүйедегі кедергілерді көзімен көріп отыр. «Кеңестік шекпен киген» билігіне көңілі толмайды. Путиншіл режимді құлатуды көксейді.

Қазақстанның ерекшелігі Назарбаев ештеңеге қарамай нарықтық реформа жасады. Бұл жағынан ТМД елдерінің көбінен алға озды. Орталық Азия елдері мұндай қадамға барудан тайқыды. Өзбекстанның бұрынғы Президенті Каримов экономиканы реформалауды кейінге ысырып келді. Бізде нарықтық экономикаға көшу қатаң түрде жүрді. Бастапқы қиындықтың пайдасын ел бірер жылда көре бастады. Бұл Назарбаев құрған жүйенің артықшылығы деуге болады. Алайда Назарбаев саяси реформаны жасауға асықпады. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» ұстанымынан ауытқымады. Біздің қазіргі Президентіміз Тоқаев саяси реформаны бастауға ниет танытып отыр. Назарбаев «демократия керек» дегеннен арыға бара қоймады. Тоқаев елді құқықтық-саяси тұрғыдан реформалап, елді демократияландыруға мән беруді жөн санап отыр. Демократия болмай, экономиканың өсімі болады деу абсурд екенін енді түсіне бастадық.

Біздегі экономикалық жетістік нарықтық реформамен қатар, елдегі мұнай, уран секілді шикізат қорынан түсетін толайым табыстар арқылы қалыптасты. Енді саяси реформа жасамасақ, экономикамыздың дамуы өте қиын…

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы, жазушы:

ПУТИННІҢ АРМАНЫ – «ОРЫС ЖЕРЛЕРІН» ЖИНАУ

– Соңғы кезде Беларуссияда болып жатқан оқиғалар барша әлем жұртшылығының назарын аударуда. Беларуссиядағы жағдай елімізге әсер етпей қоймайды, әсер етіп те жатыр… Мені таңқалдырған бір жайт – беларусь халқының мәдениеті. Мәдениет демекші, Лукашенкоға қарсы көтерілген халықты қантөгістен сақтап тұрған беларусьтердың осы биік мәдениеті дер едік. Егер беларусь халқының ұзақ замандар бойы қалыптасқан осынау биік мәдениеті болмағанда, бүкіл Беларуссияны шарпыған билікке қарсы наразылық әлдеқашан қантөгіске ұласып кеткен болар еді. Бірақ беларусьтар қантөгіске бармау үшін барын салуда. Өйткені олар – қан көрген халық. Екінші Дүниежүзілік соғыстың жарасы беларусьтар үшін әлі жазылған жоқ әрі олар тарихтан сабақ алып үйренген ұлт. Билікке қарсы көтерілген беларусьтардың бір-ақ талабы бар, тек Лукашенкоға президенттіктен кет дейді. Елді отыз жылға жуық еркін билеп-төстеген Лукашенкодан жұрт жалыққан, қажыған. Батысқа қол созым жерде тұрған беларусьтер еуропаша өмір сүргенді қалайды, бірақ Лукашенконың диктаторлық режимі олардың бұл талпынысын неше жылдан бері басып-жаншып келеді. Халық осыған наразы. Ол аздай, Лукашенконың Ресейден айырылғысы жоқ, тіпті соңғы кездегі саяси жағдайларға байланысты Путиннің қолтығына тығыла түсуде, тіпті билігін сақтап қалу жолында Беларуссияның тәуелсіздігін тәрк етуге бар. Көктен іздегені жерден табылған Путиннің де құдайы берді. Оның басында осы қысылтаяңды пайдаланып, ол Лукашенкомен қоса Беларуссияны уысына түсіргісі келеді. Бір сөзбен айтқанда, Ресей – Беларусь қарым-қатынасы Путиннің пайдасына қарай шешіле бастағандай. Бұған беларусьтар жол бере қоймас, әрине. Десек те, бұл – өте қауіпті үрдіс. Егер Ресей осы аласапыранды пайдаланып, Беларуссияны қақпанына түсірер болса, онда көп ұзамай Қазақстанға да ауыз салары анық. Себебі Одақты қалпына келтіру, Ресей шовинистері айтып жүргендей, «Орыс жерлерін жинау» Путиннің ежелгі арманы. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде Ресейден іргемізді бөлек сала алмадық. Керісінше, жыл өткен сайын саяси-экономикалық, рухани-мәдени тұрғыдан Ресейдің ықпалына бірте-бірте қайтадан түсе бастағанымыз жасырын емес. Экономикалық жағынан Қазақ­стан бүтіндей Ресейдің ықпалында, ақпарат кеңістігімізге де орыстар қожа. Соның салдарынан тілімізді әлі күнге шейін мемлекеттік тілге айналдыра алай отырмыз. Билік орыс тілінде сөйлеген соң, бәрі бекер. Осы келеңсіздік салдарынан елімізде ресейшіл күштер көбеюде. Тіпті сонау жылы Ресей жансыздары Ақорданың ішінен ұсталды. Масқара жағдай, әрине. Осының барлығының түбі тарихтан сабақ алмайтындығымызда жатыр. Әлі күнге дейін отарсыздандыру процесі жүргізілген жоқ.

Сөздің тоқ етері – Қазақстанға Еуразиялық одақтан қалай болғанда да шығуы керек. Басында экономикалық ынтымақтастық негізінде құрылған бұл ұйым тек Ресейдің мүддесіне қызмет етті, Қазақстан экономикасы бұдан тек өлшеусіз зиян шегіп келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір