Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ:  ҰЛТЫҢДЫ СҮЮ ­– ИМАН ТАЛАБЫ
11.08.2020
1025
0

Алланың хақтығын танып, айналаға ізгілікпен, адамгершілікпен көз салу – Ислам дінінің басты қағидаттарының бірі. Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ өз мақаласында шынайы діннің тіршілікке, адам баласына, ұлттар мен ұлыстарды ұйыстыру жолындағы ықпалына тоқталып, Отанды сүю – иманнан екенін жан-жақты тәпсірлермен дәйектейді.

Түсінген жанға: дін дегеніміз – әр оқиға мен әр құбылыстың, яғни тұтас тірліктің мәні мен мағынасы бар екеніне, оған мән мен мағына дарытып жаратқан Ұлы Жа­ра­тушының бар екеніне деген Сенім; сол ұлы сенімнен туындаған парыз-міндеттерді іске асырған өмір сүру салты. Дін дегеніміз – жауапкершілікті сезінген саналы ғұмыр; жасампаздықты ту еткен сәнді тірлік. Шынайы Дін – пенде-адамнан Тұлға-Адам қалыптастыратын, тобырдан – текті ұлт жасайтын қасиетті Ілім. Шынайы дін – бүкіл Ізгілік ұстындарын бойына жиған, Бақытқа жеткізер Өмір Жолы…

 «Мен кіммін?» деген басты сұраққа жауап беру барысында әр адам – ұлттық сәйкестену (идентификация) мәселесіне соқпай кете алмайды: өзінің «менін» тану үшін ұлттық «менін» де тануға, түсінуге тиіс болады. Ал ұлттық «менді» тану – түп-тамырыңды тану, Тәңірлік бастаудан нәр алған түбірлі қасиеттермен, қаныңа сіңген құндылықтармен қауышу деген сөз; сол арқылы бойыңа қуат жинап, бүгінгі күннің талабы мен сынағына қажырлылық таныту әрі ұлтыңның ұлы мақсатына сай ғұмыр кешу, өз өміріңнің мәнін тауып, мағынасын арттыру деген сөз. Ұлтыңа ұл болу жеке бастың пенделігінен, отбасылық шеңберден, әулеттік мақтаннан, рулық-жүздік жіктелуден жоғары көтеріле алғанда ғана, әр қандасыңа мейірім мен әділет тұрғысынан қарай алған кезде ғана мүмкін болады. Ұлтыңа ұл болу – өз еліңнің есеюі жолында тер төгу, міндетсімей жүк арқалау деген сөз; «Әр адам – менің бауырым, әр қазақ – менің жалғызым!» деп күн кешу деген сөз. Түйіндей айтсақ, ұлтыңа ұл болу – Жаратқанға құл болу деген сөз. Өйткені хақ дін Исламның талабы да – осы.

 Әр жаратылысты өз ерекшелігімен, айрықша қадір-қасиетімен жаратқан Мейірімді де Дана Иеміз адамзат баласын да түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлді. Бұл жайлы қасиетті Құранда былай делінеді: «Оның белгілерінің бірі – сендерді топырақтан жаратуы. Сонан соң сендер адам болып тараласыңдар (өсіп-өнесіңдер). …Көктер мен жерді жаратуы, тілдеріңнің, түстеріңнің алуан түрлі болуы да – Оның белгілерінен. Күмәнсіз, бұларда білгендер үшін белгілер бар» («Рум» сүресі, 20,22-аяттар.). «Ей, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың» («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Ғалымдар: «Осы «Хужурат» сүресіндегі: «Бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» деген аяттың астарында өз елің мен жерің үшін еңбек ету – адамдық, мұсылмандық парыз екені меңзеледі», – дейді.

Мәселеге басқа қырынан келсек, қа­сиет­ті Құран тәлімі баршаға бірдей әділет көзімен қарауға, кез-келген жұмыр басты пендеге жақсылық жасауға үйретеді. Адам ақысы мәселесі айтылған тұста мұсылман адамның бәрінен бұрын өз жақындарының, туыстары мен көршілерінің алдындағы міндеттерінің мол екендігін байқаймыз. Сондай-ақ туыстық байланысты сақтау – мұсылманның басты міндеттерінің бірі екені белгілі. Ал туыстық байланыстардың ұлғая келе, рулық, ұлттық деңгейге көтерілетінін ескерсек, онда мұсылман адамның өз халқы мен туған жерінің алдындағы борышын сезінуі, оны терең түйсінуі – имандылықтың шарты екенін ұғынамыз. Сондықтан да ізгі ниетті мұсылман үшін Отанын құрметтеу, оның игілігі үшін қызмет ету – қастерлі парыз саналады.

 Хақ дін Ислам әрбір ұлттың адамзаттық өркениетті байыта отырып, өз болмысын сақтауын, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, жақсылықтың жолында жарысуын құптайды. Иә, түптегіміз – топырақ, түп атамыз – бір болғанымен, Алла Тағаланың даналығына сәйкес түріміз бен тіліміз, дәстүріміз бен дініміз бөлек-бөлек ұлттар мен ұлыстарға бөлінгенбіз. Құран ақиқаты ұлттық ерекшелік те – пенденің өтер сынағының бір қыры екенін дәйектейді.

 Әрбір адам баласының өмірін сақтауға, өзін жетілдіруге, берекелі де баянды ғұмыр кешуге ұмтылуы – табиғи нәрсе. Сол секілді әр ұлттың да өзін сақтауға, дамытуға және тыныштық пен ынтымақта өмір сүруге ұмтылуы – түсінікті жайт. Тарих көшіне көз салсақ, осы табиғи мақсатқа жету үшін қауымдар мен ұлттардың түрлі-түрлі тәсілдер қолданғанын көреміз. Жалпы жұртты жұмылдыру үшін тамақтың тоқтығы мен көйлектің көктігіне жеткізетін байлық, билік секілді материалдық мақсаттардан бөлек, адамдардың жүректерін жарастырып, күш-жігерін біріктіретін рухани мұраттардың қажет екені даусыз. Асқақ арманы, асыл мұраты жоқ адам да, ұлт та тоқырауға ұшырайтыны – бесенеден белгілі. Сондықтан пенденің жеке басы мен отбасынан, ауылы мен руынан да жоғары тұрған «ұлт», «ел» деген биік деңгейге көтерілу – ең әуелі, сол ұлтты құраушы адамдарды біріктіретін рухани ұйытқыға мұқтаж. Ал адамдардың санасын нұрландыратын, дүниетанымын айқындап, жігерін жанитын қуаттың көзі – қашанда дін болған.

 Арагідік кездесіп қалатын «Дін деген ұлттан тыс – барлық халықтарға ортақ дүние, сол себепті дінге ұлттық мәселені кірістірмеу керек» деген пікір – жаңсақ тұжырым. Рас, дін – жеке тұлғаның жүрек қазынасы, ол – отбасы, әулет, ұлт деген қалыптардан жоғары тұратын, тұтас адамзатқа тиісті әмбебап негіз. Рас, жеке бастың қызығы мен ұлттық мүддеден де жоғары тұрған адамзаттың қамын жеу, ғаламдық тұтастықты сезіну секілді адами кемелдену жолы бар, адамшылық шарты бар. Алайда өзгерістің өзімізден басталатынын, жекеден жалпыға қарай бағытталатынын естен шығармауымыз керек. Егер біз хақ дін Ислам құндылықтарын бір бөлек, ұлттық, елдік құндылықтарды бір бөлек қойып, оларды бір-біріне кереғар дүние ретінде көрсетер болсақ, онда, біріншіден, өмірдің ақиқатына қарсы шыққанымыз. Екіншіден, халқымыздың тілі мен ділін, тарихы мен дәстүрін мансұқтағанымыз. Үшіншіден, өз ұрпағымызға қиянат жасағанымыз. Сонау Қараханидтер дәуірінде Ислам дінін қабылдаған аталарымыз төрткүл дүниеге Қазақ хандығы болып танылған соң да тура жолдан тайған емес. Салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі Ислам қағидаларымен біте қайнасып өрілді.

 Келесі бір мәселе: Ислам ұлттық намысты қолдағанымен, нәсілдік, ұлттық, тектік астамшылыққа тыйым салады. Ислам жағымсыз әдет-ғұрыптарға жабысқан надан ұлтшылдықты айыптайды; сондай-ақ бір ұлттың өзін басқалардан артық көріп, екінші бір ұлтқа қиянат жасауын теріске шығарып, оған тыйым салады. Мына аят – соның айғағы: «Әй, мүміндер! Бір ел бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім, олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін, сүркей ат – нендей жаман! Ал кім тәубе қылмаса, міне, солар – залымдар» («Хужурат» сүресі, 11-аят).

 Ата дініміз ата-анамызға шүкірлік еткеніміз сияқты, шыққан тегімізге шүкірлік етуді, оны қадірлеуді бұйырады. Ислам қағидасы бойынша тегіңнен, ұлтыңнан бас тарту – зор күнә болып есептеледі. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) былай дейді: «Қайсыбір кісі, біле тұра, өз әкесінен басқаның баласымын деп жарияласа – кәпір болғаны, ал кімде-кім өзін тектік қатысы болмаған «бір қауымнанмын» деп жарияласа – тозақтан орнын дайындай берсін» (Бухари жеткізген).

Адамға дүниеге келер отбасы секілді, туған жерін таңдау еркі берілмеген, алайда ол өз туған жері мен елі үшін жауапты. Мұсылман адам өз тағдырын халқымен, Отанымен біте қайнастыра сезініп, өзін оның өркендеуіне, рухани гүлденуіне жауапкер санауы керек. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген мәнді сөз бар. Шындығында, Отанды сүю, туған елге деген құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Балаға жастайынан жанын қорғағандай дінін, Отанын қорғау секілді құндылықтарды үйрету – үлкендердің міндеті. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көре алмаған баланың ол сезімді басқа ортадан қабылдауы екіталай.

 Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді де қажет етеді. Хазіреті Омар Абдуләзиздің (Ол кісіге Алла разы болсын!) ел басқарып тұрған кезінде болған мына оқиға қандай тағылымды десеңізші. Бір күні Омарға бір кісі келгенде, халифа дереу алдында тұрған майшамды өшіріп, оны басқа шамға ауыстырады. Таңғалған әлгі кісі мұның мәнін сұрағанда, «Мен жаңа мемлекет ісімен айналысып отырған едім және алдымда жанып тұрған шам да қазына мүлкі болатын, ал қазіргі шаруа екеуміздің жеке басымызға қатысты болғандықтан, өз қаражатыма алып қойған майшамымды жақтым. Өйткені Ақыретте тозаңның түйіріндей нәрсенің де есебі алынады емес пе?» – деп жауап бергені мәлім. Бұл оқиға сол кездегі мұсылмандардың мемлекет пен қоғам меншігіндегі затқа қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын, өздеріне сеніп тапсырылған аманатқа қаншалықты адал болғанын көрсетеді.

Шындығында, Ұлттың дамып өркендеуі – оның әрбір өкіліне тікелей байланысты. Әр ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын, ар-ұятын – ақшадан, ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін ерлер көбейгенде ғана сол елдің гүлденері сөзсіз. Ал сананы нұрландыратын, жүректі тыныштандыратын нәрсе – өмірдің мәні мен мағынасын түсіндіретін, бойға жігер беретін рухани ілім. Ондай ілім – соңғы әрі хақ дін Исламда тұжырымдалған.

 Енді ұлт ұстаздарының айтқанына аз-кем тоқталып өтейік. Елге қызмет етудің көркем үлгісі – имандылық жолында болу екенін Шәкәрім атамыз былай тұжырымдапты: «…Көріп отырмыз, ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғарғы басқышындағы Еуропа адамшылық қылып отыр ма? Менің ойымша, әлі күнге шейін, асса ұлт, қалса өзімшілдіктен оза алған жоқ. Себеп не? Ұлтшылдық – мәдениетті туғызса да, ақ жүрек туғыза алмайды. Ақ жүрек дегеніміз – «Ұждан» (әмма жанға махаббат, шапағат, ғаділет), қазақша тәмәм адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып, әділет қуу. Осы айтылғандай, ақ жүрек көбеймей тұрып адамшылық жеңе алмайды. Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиянсыз жолмен табу – ақ жүрек (ұждан) ісі».

Абай хакім:
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелде Тәңірі ойлаған,
«Мен сүйгенді сүйді» деп Иең сүйсін,
– дей отырып, көпке қызмет қылу – Раббымыздың разылығына жеткеретін амал екенін ұғындырады. Иә, бабасының қаны мен анасының сүті сіңген атажұртын, ойын өсірген, жанын жетілдірген ана тілін, ділін қалыптастырған ата дінін сүймеген, қадірлемеген адам – адамшылықтың парқын, имандылықтың шартын түсіне алмаған адам.

Отанды сүю – өз халқын, өмір сүріп жатқан жерін және бұлармен сабақтасып жатқан барлық құндылықтарды сүю деген сөз. Өз кезегінде елін сүю үшін адам өз ана тілін, тарихы мен мәдениетін жақсы білуі тиіс. Ал Отанға деген сүйіспеншілік ел игілігі үшін жасалған жақсылықтармен өлшенеді.

Туған еліміздің өткен жолын зерделеу, тағдырымен тамырластықты сезіну, жақсылығына сүйініп, жамандығына күйіну, оның абыройы үшін еңбек ету – қастерлі парызымыз, асыл мұратымыз екенін ұмытпау, Отан үшін күрес – ерге тиген үлес екенін естен шығармау – сіз бен бізге сын. Сыннан сүрінбей өтуді жазсын.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір