Абай мен Шекспир
10.08.2020
3384
2

Айгүл ӘБДІМҮТӘЛІПҚЫЗЫ, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Абайтанушылар күні бүгінге дейін Абайдың Шығыс шайырларымен рухани байланысын, Абай шығармашылығының Гетемен, Пушкинмен, Лермонтовпен үндестігін талқылап келген еді. Бұл – әрине, таусылмайтын тақырып. Сол таусылмайтын тақырыпты филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айгүл Әбдімүтәліпқызы «Абай мен Шекспир» атты мақаласындағы салыстыруларымен байытып отыр.

«Абай мен Шекспирде тек ой мен идея, мазмұн мен дүниетаным сабақтастығы ғана емес, сөз оралымдары да дәл келетін мысалдар баршылық. «От бед спасает только осторожность» – деген Шекспирдің сөзі Абай поэзиясында былайша өрнектеледі: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға», ал бәрінен де таңқалдырғаны – екеуінде де единица ұғымының өте сәйкес келуі дер едік», – деп жазады профессор.

Шекспир мен Абайдың «менінде» жақындық бар

Абай – ақын, Шекспир – драматург. Дегенмен Шекспир шығармашылығының бастауында ақындық тұрғаны белгілі. Оның драмалары өлеңмен өрнектелгеніне назар салсақ, Абай екеуінің арасы жақындай түседі. Шекспир мен Абай шығармаларын саралауда олардың еңбектеріне тән ортақ танымдардың көп екеніне қайран қалдым. Екі тұлғаның шығармашылықтағы ортақ принциптері негізінен ұқсас, көркем шығармаға қойған талаптары қарайлас. Тіпті екеуінің шығармашылықтағы басты тақырыбы – адам мен қоғам. Адамның қоғамның құрамдас бөлігі, оны жасаушы субьект ретіндегі әрекеті. Бұл тұрғыдан алсақ, Абай ақындықтан да жоғары тұрған шығармашылық тұлға. Сондай-ақ Абай өз қоғамының, өз халқының көркем галереясын түгелдей дерлік сомдап берген бірегей тұлға. Ал Шекспир шығармаларында өз дәуірінің қоғамдық-тарихи даму сипатына сай адамдардың болмысы мен мінез-құлық ерекшілігіне, психологиялық иірімдеріне бойлап, терең ашады.

Шекспир шығармашылығының бастауы – поэзия. Ақынның сүйікті жанры – сонет Батыс Еуропа әдебиетінде қайта өрлеу дәуірінде кең тараған, Италияда пайда болып шарықтау шегі Шекспир шығармашылығында көрінген лирикалық жанр. Шекспирдің 158 сонеті бар. Олар мазмұны бойынша үш топқа жіктеледі: оның көпшілігі жас досына арналған, екінші тобы қара торы қызға арналған, ал үшінші тобы – өнер, өмір мен уақыт туралы толғаныстары. Шекспирдің өмірі туралы мәліметтің аздығы ол туралы көп аңыздардың тууына себепші болған. Сондықтан сонеттерінің басым бөлігі арналған жас досының кім екендігі де жұмбақ.

По воле Бога я – твой раб. И вот

Его молю я, чтоб твоим усладам

Не мог вести я даже в мыслях счет:

Я – твой вассал: я повинуюсь взглядам

И приказаний жду, как пленник твой:

Твоя свобода – вот мои оковы;

Смиренно я приму упрек любой,

Страдать привык и не скажу ни слова.

 Предела нет, увы, твоим правам,

Тебе в почет любое прегрешенье:

За все грехи себя казнишь ты сам

И сам себе даруешь отпущенье.

Не мне считать часы твоих услад:

Я должен ждать, хоть ожиданье – ад.

Шекспир сонеттерінің басым бөлігі махаббат тақырыбын қозғайды. Өз сезімін айта отырып, сүйген адамға тән сан түрлі эмоцияны шынайы жеткізеді. Жоғарыдағы сонетінде сүйген адамға құл болған жанның сол сезімге деген ризашылығын ұқтырады. Адам біреуді шын сүйгенде ол ештеңеге арланбайды, сүйген жанының құлы болуға да, тұтқыны болуға да разы. Бүкіл тағдырын оған табыстап, шешімін оның бір ауыз сөзіне, оның қабағының қиығына байлап қояды. Махаббаттың осындай алапат қуаты Абай лирикаларына да тән. «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңінен сүйген жанға шексіз берілген жанның бейкүнә, бейбақ халін танимыз, ұғамыз, аяймыз.

«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да,

Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да».

Өзінен биік қойып, сезіміне телміріп,

бар қорлық пен азапқа шыдайтын Шекспир мен Абайдың «менінде» жақындық бар. Екеуі де сүйген жар күнәсына қарамай, мазағына да шыдамақ, қорлығына да көнбек. Абсолютті бағыну мен толық берілгендік, өзін-өзі жоғалту, ессіз іңкәрлік, ауыр күйзеліс, ғаламат қуаныш екі өлеңдегі ғұмырлар. Бүкіл ынтызар жанның басындағы күй осы.

Шекспирдің де ғашығы Абайдың асығына ұқсас

Абайдың «Сен мені не етесің?» атты өлеңінде сүйген жанның драматизмі күшейіп, шегіне жетіп, жауапсыз сезімнің отына түскен жанның жанайғайы аса зарлы шығады. Үміт пен торығу, ыза мен ынтызарлық, ашу мен сағыныш сияқты сезімдер арпалысының ағынында тұншыққан бейшара ғашықтың ширыққан психологиялық күйі­нің бүкіл динамикасы шынайылығымен таңқалдырып, көркемдігімен тамсандырады. Шекспирдің де ғашық кейіпкері Абайдың жырларындағы сезім иелеріне ұқсас. Абай өлеңіндегідей бір сонетте берілмегенмен, сонеттер циклында ғашық адамның басындағы бар күйді сездіріп, бар мұңын ұқтырады.

Сен мені не етесің?

Мені тастап,

Өнер бастап,

Жайыңа

Және алдап,

Арбап

Өз бетіңмен сен кетесің…

 «Абайдың ғашығы – «мен»-нің, «эго»-ның тұңғиығына батқан адам. Оның қайғысы ғашық болғандығында емес – осы тұңғиықтан шыға алмауында. Ол өзін ғана айтады, өзінің қамын ғана қамдайды, өзінің махаббатын, өз қасіретін фетиш, пұт дәрежесіне көтерген», – деген жазушы-зерт­теуші Таласбек Әсемқұлов шығармадағы лирикалық кейіпкердің махаббаттың шын мәнін түсіне алмаған албырт, өзімшіл сезім дүниесін дәл таниды. Бірақ осындай өзімшілдік пен қызығушылық көп ғашықты сезім сергелдеңіне салып, отына күйдіріп, мұзына қарыды емес пе? Шығармашылығы адамзат біткеннің бүкіл болмысын бедерлеп, сезімдер сипатының сан түрін саралаған Шекспир сонеттері де осындай өзімшілдіктен туындаған ба? Шын мәнінде махаббаттың шынайы бейнесі мен терең болмысына сезімдер шырмауынан шығып, биік адамзаттық өреге көтерілгендер ғана жете алады. Ал Шекспирдің жастық жырлары сол махаббат биігіне көтерілу жолындағы жастың қиын өткелдері, сезім сергелдеңі турасында өрілген. Адам осындай бұралаңсыз, қателіктер мен адасуларсыз, тәжірбиесіз махаббат биігіне көтеріле ала ма?! Сондықтан Шекспир мен Абайдың махаббат лирикасындағы сезімдер мен серпілістер, сүйіністер мен күйініштер, күйзелістер сүйген жанның ішкі дүниесін, нәзік иірімдерін шынайы да сенімді, толыққанды көрсете білуімен сабақтасады.

Махаббат адамды биікке, бостандыққа шақырса, құмарлық пен өзімшілдік адамды тұңғиыққа итеріп, құлдық пен қорлыққа тартады. Шекспирдің махаббат лирикасының кейіпкері оған құл болған, сүйгенінің жүрегінің тұтқыны болған, өмірден өзге жарық көрмейтін соқыр жан. Сүйіспеншіліктің шегіне жетіп, өзін ұмытқан пенде. Ол үшін құлдық та, мазақ та, қорлық та бәрі жай нәрсе. Бүкіл тіршілігі мен әлемі сол ғашық жанға байланған. Сондықтан ақынның ғашықтар туралы туындылардағы Ромео мен Джульетта, Гамлет сезімі үшін құрбан болған Офелия, Отелло мен Дездемона, тіпті зұлым әйелдің тілегіне бағынған Макбет те осындай алапат құмарлыққа ұштасып жатқан сезім иелері. Ал Абайдың санаулы ғана махаббат лирикасынан да қазақы ұғым мен ұлттық характерге сай ұстамды жеткізген сөздерінен де сүйіспеншіліктің сұрапыл күші мен құмарлықтың алапат қуаты сезіледі.

«Айттым сәлем, Қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас

Ойлағанда өзіңді,

Келер көзге ыстық жас».

Аз ғана сөзде серпінді сезімнің биік толқындары толқиды. Сүйгенді ойлағанда жылап, малын ғана емес басын да құрбан ету екі ұлы ақынның махаббатты, шынайы сезімді түсінудегі ортақ сипат екені даусыз. Ұлы ақындардың сезім өлшемі де биік, ақтарыла, беріле, соңғы демі біткенше бар құмарымен, бар болмысымен, бүкіл тілегімен аяусыз сүйеді, сезімге толық беріледі. Мағжан ақынша айтқанда, сүю дегенді «өлу», «өзін-өзі ұмыту» деп ұғатындай.

Жалпы өнерде оқырманға деген адалдық пен сенім ұғымы басты мәселе. Сондықтан ол қаламгерлерді батылдыққа бастайды. Шығармашылықта батыл адам ғана шынайы сезімдер туралы жаза алады. Шекспир де, Абай да сол батылдық биігінен, адалдық ауанынан көрінген тұлғалар. Сондықтан оларды адамзат түсінеді, сезінеді, ұғады, ең бастысы сенеді.

Абай мен Шекспир: адам кім?

Қазақ әдебиетінің бастауы поэзия екендігі анық болса, Еуропа әдебиетінің қайнары – ежелгі грек драматургиясы. Шекспир – актер және ойшыл. Ол өз ойларын адамдарды ойнату арқылы жеткізеді. Абай – ақын және ойшыл. Оның дүниетанымы мен көзқарастары өлең ағымымен жүрекке жетіп, бойға тарап, болмысқа сіңеді. Адамзаттың өз мақсаты мен тілегін орындау барысында өзінің адами тұлғасынан соншалық алшақтап, құлдырайтыны Шекспирдің бар драмасынан көрінеді. Адамның кейде адамдық биігінен төмен құлдырап, тек аты мен сұлбасы қалатыны туралы Абайдың мына жолдарында өлеңмен өрнектеледі:

«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең дағы.

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі – ол баяғы.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!».

Шекспир де «Адам кім?» – деген сауалдың жауабын «Гамлет» драмасындағы Гамлеттің монологында келтіреді.

Что значит человек,

Когда его заветные желанья –

Еда да сон? Животное – и все.

Наверно, тот, кто создал нас с понятьем

О будущем и прошлом, дивный дар

Вложил не с тем, чтоб разум гнил

без пользы.

Что тут виной? Забывчивость скота

Или привычка разбирать поступки

До мелочей? Такой разбор всегда

На четверть – мысль, а на три

прочих – трусость.

Но что за смысл без умолку твердить,

Что это надо сделать, если к делу

Есть воля, сила, право и предлог?

Нелепость эту только оттеняет

Все, что ни встречу. Например, ряды

Такого ополченья под командой

Решительного принца, гордеца

До кончиков ногтей. В мечтах о славе

Он рвется к сече, смерти и судьбе

И жизнью рад пожертвовать, а дело

Не стоит выеденного яйца.

Но тот-то и велик, кто без причины

Не ступит шага, если ж в деле честь,

Подымет спор из-за пучка соломы.

Әкесі мен анасы сатқындық жасап, әкесінен айрылып, өзегін өрт шалған Гамлеттің адам баласы туралы ойлары қап-қара, қасіретке толы. Жас адамның өмір туралы ойларының осыншалық кірленуі заңды. Ең жақын адамдарының сатқындығы жүрегін жаралаған жас үшін өмірде еш қасиет, еш кие, еш мән қалмады. Өмір дегеніміз – таңдаулардан тұрады дегенмен де, Гамлеттің таңдауы таусылғандай. Әкесінің өліміне қатысып, түк болмағандай немере ағасына тұрмысқа шыққан ананың сатқындығы бәрінен де ауыр, бәрінен де қасіретті. Абай да, Шекспир де ар-намысты бәрінен биік қойып, адамдықтың негізін осы ар, намыс, ұждан деген қасиеттермен өлшейді. Жаратушының адамды жаратудағы мақсатының жарқын екеніне екеуі де сенімді, ал бірақ адамдар неге сол Жаратушының жаратқан болмысына сай емес? «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген Абайдың тұжырымы Шекспирдің Гамлетінің адамды сүю проблемасының негізінде жатыр.

Шекспир – драмада, Абай – поэзияда адамтанудың биігіне шықты

Шекспир мен Абай шығармаларынан адамның жақсы-жаман, жағымды-жағымсыз, сұлу-жексұрын, ізгі-зұлым, арлы-арсыз, ойлы-ойсыз екі шекараның арасындағы бүкіл болмысы соншалықты шынайы көрініп, әрі терең ашылады. Абай өлеңдерінің мазмұнында прозалық, драмалық сипат басым. Сондықтан оны нәзік лирик емес, сыншыл реалист ретінде танимыз. Шығармаларының өзектілігі қазақ қоғамының түрлі әлеуметтік, адами қатынастары мен оның субьектілерінің сан алуан болмысын жасауда көрінеді. Шекспир драмада, Толстой прозада, Абай поэзияда адамтанудың биігіне шыққан қаламгерлер. Шекспир ойын нақты іс-әрекеттер үстінде танытса, Абай поэзияға тән әдіс-тәсілдер арқылы психологиялық портреттер жасауды мақсат етеді. Ол поэзия жанрына проза жанрының әлеуметтік салмағын, психологиялық түйсігі мен философиялық танымын, көркемдік биігін артады. Сондықтан Абай поэзиясының жан-жақтылығы мен көпқырлылығы өзіне әлі күнге ешкімді ұқсатпай, ешкімді жеткізбей тұр. Оның пейзаждық лирикаларының өзінің әлеуметтік маңызы зор. Ақынның күзді суреттеуінде әлеуметтік топтардың ерекшелігі басты назарда болса, қысты сипаттаған өлеңінде психологиялық арқау маңызды болған. Махаббат лирикасында жастардың эмоциясына қоса олардың психологиялық күйлеріне басымдық береді. Ақындарға әдетте жас адам бойындағы махаббат пен құмарлықты бірінші жақта сезіну арқылы жеткізу тән болса, Абай жастардың монологын сәтті қолданады. Тіпті Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы хат арқылы болған диалогты аударуында да Абайдың осы драма жүйесіне деген қызығушылығы байқалады. Егер ақын өмір сүрген кезеңде драма жанры қалыптасқан болса, Абайдың осы жанрда да сәтті шығармалар жазарына күмәнім жоқ.

 «Бөтен елде бар болса» атты ел аузына іліге бермейтін Абай өлеңі – ерекше өлең. Адамдар арасындағы қатынастың түрлі психологиялық сипаты шынайы көрінген драматизмге толы шығарма. Динамикасы серпінді, эмоциялық сілкінісі аса ширыққан өлеңнің Абайдың өз басына да қатысы болуы мүмкін. Өйткені адам өз жүрегінен өткізіп, сол жайларға қатысқан дай аса эмоционалдық-экспрессивтік реңкте жазады. Бұл өлеңнен Шекспир драмасындағы кейіпкерлердің бірін ғана емес, бірнешеуін табуға болады. Мысалы, мына төмендегі жолдарда «Отелло» трагедиясындағы негізгі кейіпкер, бүкіл драманың, Отелло мен Дездемона тағдырында шешуші рөл атқарған Ягоның бейнесін айнытпай көрсетеді:

«Желіккен жауға кез болса,

Араздығы сөз болса,

«Бәрекелді батыр» деп,

«Мықты боп бара жатыр» деп,

Ескі досын көргенде

Есебі жоқ ант ішіп,

Әруақ, құдай айтысып,

Сыр алғалы айттым деп,

Жауыңды алдап қайттым деп,

Құдайдан қорықпай антұрған

Иманжүзді тоздырар.

Келіп-кетіп көп жүріп,

Дұспандығын оздырар.

Алдайды деп жауыңа,

Ел тарттырмай бауырыңа

Көрінгенді азғырар».

Осындай аярлық пен екіжүзділік – Ягоға ғана емес, «Король Лир» трагедиясындағы Лирдің үлкен қыздары мен «Макбет» трагедиясындағы Макбетке тән қасиеттер. Италия ақыны Данте «Құдіретті комедиясында» тамұқтың ең төменгі сатысына екіжүзділерді қояды, яғни екіжүзділік пен аярлықты ең ауыр күнә деп табады. Бұл қасиеттер Шекспир драмаларының негізгі мотивтері. «Гамлет» драмасындағы Гамлет өзінің ең жақын адамы анасы мен оның немере ағасының әкесін қастандықпен өлтіргенін білгенде адамдар аярлығының шексіздігіне көз жеткізіп, оны жазалауды шешеді. «Отелло» драмасында бүкіл әлемге бой бермеген Отелло мен Дездемонаның махаббаты аяр, залым Ягоның зұлымдығына төтеп бере алмай, олардың трагедиясымен бітеді. Қай кезең, қай қоғам, қайбір патша болмасын осындай екіжүзділіктің, аярлықтың алдында әлсіз болғандығын тарих талай рет дәлелдеген. Аярлардың негізгі қаруы жылы сөз бен жалған мақтау екендігі алыптардың шығармаларында айтылудай-ақ айтылады.

Абай шығармаларында мақтан, мақтану, мақтаншақ, мақтаншақтық деген бір ұғымды түрлі контексте зерделейді. «Не ізд“ейсің, көңілім, не іздейсің?» атты өлеңде мақтаудың екінші жағы сөгумен қатар жүретіндігін меңзейді:

«Мақтау – жел сөз жанға қас

Қошеметшіл шығарған.

Бір мақтаса боқтамас,

Ел табылса құмарлан».

Мақтағанға сену – адамның әлсіздігі. Бүгін сені аспанға көтерген жұрт, ертең жерге ұруы да мүмкін. Сондықтан Абай өлеңдерінде «Мақтағанға сенбе, мақтау­ды іздеме» деген қарапайым да, қасиетті өсиет бар. Ал қара сөздерінде бұл қағида терең талдауға ұласады. Ақынның жиырма бірінші қара сөзінде осы мақтан ұғымының мәні терең ашыла түседі. «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс.

Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ.

Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады». Мақтан сөз бен жылы сөз кім-кімді де ерітпей, сендірмей, елітпей қоймайды. Шекспирдің де ерлігімен, даналығымен елді аузына қаратқан патшасы да, қолбасшысы да, аруы да бәрі осы бір қақпанға түсіп, соңы үлкен трагедияға соқтырады. Оған драматургтың кез-келген трагедиясынан мысал алуға болады. Оның ең бір жарқын үлгісі – король Лирдің тағдыры.

Корделия: Тақсыр ием, өзіңізсіз жарық

дүниеге жаратқан,

Асырадыңыз, бақтыңыз-қақтыңыз.

Сыйға – сый, сыраға – балды білем мен де,

Қадір тұтып басыңызды,

Орындаймын сөзіңізді екі етпей.

Ал, мына екі апамның

Болса рас айтқандары,

Бұл дүниеде екеуі де

Бір сізді ғана сүйеді екен, –

Ендеше күйеуге неге тиеді екен?!

Мен олардай өз әкемді

Өліп-өшіп сүю үшін

Кіре алмаймын жат құшаққа.

Ерге шықсам, оны-дағы

Жан-тәніммен сүйем рас.

Сондықтан да, жарық жалғанда

Жалғыз сізді

Жақсы көрем деуге болмас.

Лир. Құдай ақы, шын сөзің бе бұл, қызым?

Корделия. Иә, милорд.

Лир. Жас басыңмен, тап осынша тас жүрек пе ең?!

Корделия. Жалтара сөйлеген жараса ма екен жастыққа!

Лир. Жараспаса, жалаң шындық – жасауың!

Өзге екі әпкесіндей әкесін мақтап, жылы, әдемі сөзді келістіріп айта алмаған Корделиядан безіп, қуып шыққан тасжүрек, даңғой, аңқау, сенгіш әкенің қайғылы тағдыры Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі ақиқат шындықты адам тағдыры мен шешімі тұрғысынан бейнеленеді. Жүрек түкпіріндегі махаббатты сөзден емес, көзден, жүректен танып білу де көрегендік. Әлемді билеген ұлы билеушілер де сөзге келгенде ақиқаттан адасып қалатындығын тарих талай дәлелдеді. Сезім мәселесінде тілдің емес, жүректің сезімталдығы, сананың көрегендігі, көңілдің жомарттығы қажет. Қызын сонша сүйген әкенің оның шынайы ойынан шошып, бойын аулақ салуы Лирдің сезімінің таяздығын, жүрегінің қатыгездігі мен ақылының келтелігін дәлелдесе керек. Сондықтан шығарманың алғашқы актілерінен-ақ король тағдырының басқаша шешімін көру мүмкін емес. Қанша патша, қанша шешен, қанша көсем болса да осы мақтанның Абай көрсеткен бірінші түрін қабылдау шын даналық пен көрегендік, биік парасатты, кемел ақылды танытса керек.

Өмірдің өтуі, уақыттың тұрақсыздығы – өте көп жырланатын тақырып. Екі ұлы ақынның да шығармашылығынан бұл тақырыптың орын алуы заңды. Адамзат баласын толғантып, ойландырып, қам жегізетін бұл өлеңдердің философиялық лебі күшті болып келеді.

«Есіңде бар ма жас күнің,

Кімді көрсең – бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ,

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма сондай қызық шақ?

Құдай-ау, қайда сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар?!

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау, құрғырлар.

Жалынасың, боқтайсың,

Сағынасың, жоқтайсың,

Махаббат кетті, дос кетті,

Жете алмайсың, тоқтайсың.

Көзіме жас бер, жылайын,

Шыдам бер, сабыр қылайын

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап сынайын».

Абайды жастықтың аппақ көңілі, тап-таза ниеті, мөлдір сезімі уақытпен бірге сырғып өткені қинайды. Махаббат пен достық сияқты асыл сезімдер қайта айналып келмес сағымға айналды. Ақын жылайды, ашынады, ызаланады. Уақыт деген қатыгез құбылыстың жылатпаған пендесі болмайды-ау… Шекспир үшін бәрінен қорқынышты нәрсе – уақыттың өтуімен адамзаттың өлімге жақындай түсетіні.

Тегінде, творчестволық тұлға үшін бар тірлігінің мәні – туындылары. Бұл тұста Абай да «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» – деп ойға ой қосады.

Шекспир әлемді мойындатты, ал Абай…

Абай мен Шекспирде тек ой мен идея, мазмұн мен дүниетаным сабақтастығы ғана емес, сөз оралымдары да дәл келетін мысалдар баршылық. «От бед спасает только осторожность» – деген Шекспирдің сөзі Абай поэзиясында былайша өрнектеледі: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға», ал бәрінен де таңқалдырғаны – екеуінде де единица ұғымының өте сәйкес келуі дер едік. «Король Лир» трагедиясында жалғыз қалып бейшара күйге түскен Лирге оның жанындағы сайқымазақ: «А теперь ты – нуль без цифры. Я лучше тебя теперь: я – шут, а ты – ничто», – деп шындықты айтып, әжуәласа, Абай өлеңінде ол ел туралы үлкен ойға ұласады: «Единица – жақсысы, ерген елі бейне нөл, Единица болмаса, не болады өңкей нөл?». Единица деген ұғым екі ғұламаның танымында жай ғана бірлік емес, адамның жеке тұлғалық меніне айналады.

Қорыта айтқанда, Абайдың шығармалары әлемдік асыл сөз өнерінің шыңындағы ойлылармен ой мен таным, сұлулық пен суреткерлік жүйесінде деңгейлес. Ағылшын ақыны, драматург Шекспир мен Абай шығармалары адамзатты тану мен оны ізгілік пен адамдыққа бағыттауда үндес. Сондықтан екеуі де ұлт шеңберінен асып, әлемдік көркемсөз биігінде қатарлас тұрған тұлғалар. Шекспир – әлемде мойындалған тұлға. Ал Абай – саяси себептерге байланысты қазақ ауылынан алыс кете алмай жүрген ақыл-ойдың алыбы. Түрлі ғасырлар мен алыс қашықтық, мәдениеттердің өзгешелігіне, ұлттық болмыстың бөлектігіне қарамай олардың арасын жалғайтын жақындық: идеялық, танымдық, ой мен ниет үндестігі, өнерге деген құрмет пен асыл сөзге деген адалдық, адамзат алдындағы үлкен жауапкершілік. Шекспир адамның теріс іс-әрекетін көрсету арқылы жаманнан жирендірсе, Абай адамның мінін айтып, қоғамды сынау арқылы адамды түзетпек ниетін көрсетеді. Екеуі де көркемөнер мен әдебиеттің мүддесіне адал, оқырманға берілген, адамды сүйетін үлкен жүректі, адал ниетті асыл сөздің заңғар шыңдары.

* * *

«АБАЙДЫ ӘЛЕМ ТАНЫДЫ» ДЕЙМІЗ…

Осы сөзді әр жерден оқыған сайын, алуан ойдың шүңетіне құлауға шақ қаламыз. Себебі Абайдай арда тұлғаны әлемнің тануы мен қазақтың тануының арасында жер мен көктей парық жатқаны шындық. Сіз Абаймен деңгейлес данышпандар ретінде Шекспирді, Дантені, Гетені аларсыз, бірақ осы үшеуінің де есім-сойы бүгінде жаһанды кеңінен шарлап кетті. Ал біздің Абайымыз әлі өз арамызда ғана жүр. Жақында қолыма түскен «Әлемнің 100 ақыны» деген антологиядан көзімді талдырып, Абайды іздедім, жоқ болып шықты. Әлемдік тұлғалар туралы жиі көрсететін «BBC Documentary» атты танымдық бағдарламадан Абай жайындағы деректі фильмдерді іздедім, онда да хакім бейнесі кездеспеді. Сонда біздің «әлем танитын» Абайымыз қайда жүр? Қазақ ауылдары мен Алматының арасында ғана ма?..

Абайдың 175 жылдық мерейтойында біз «BBC» сияқты әлемдік ақпарат медияларымен бірігіп, хәкімнің өмірінен сыр шертетін бір құжатты фильм түсіре алсақ, бұл жетістігіміз өзіміз үшін де, әлем оқырманы үшін де үлкен жаңалық болар еді. Біздің Абайымыздан басқа әлемдік деңгейдегі тұлғалар хақында бір емес, бірнеше құжат­ты, көркем фильмдер бар. Өзге елдерде әлем танитын ақын-жазушыларының қылқалам шеберлері салған суреттерімен қоса сол ақын-жазушылардың шығармаларындағы кейіпкерлер бейнесі де оқырман санасына сіңіп, ғаламтор бетінен орын алып үлгергелі ширек ғасыр өтті. Бізде ол үрдіс те атымен жоқ. Абай сүйген Әйгерім мен Тоғжанның, Абайды ардақтаған Кәкітай, Ерболдардың бейнелері де бізге Абай рухымен қатар сіңісуі керек еді. Әттеген-ай…

Жазушы Ғабит Мүсірепов бір сөзінде: «Менің Джакондам – Ұлпан» деген екен. Абайдың Джакондасы Тоғжан емес пе?! Ұзын сөздің қысқасы, абайтану ғылымы үшін оның айналасындағыларды да тану өзекті мәселенің бірі болмақ. Тағы да айналып келіп, «Абайды әлем таныды» дейміз-ау…

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІРЛЕР2
Аноним 11.08.2020 | 12:03

Дүйсенәлі ойлары өте орынды. Биылғы мерейтойға бір телевизиялық жоба, деректі фильм шықпағаны рухани тұрғыдан төмендегеніміздің анық белгісі. Абай деп шулағанша жапон, еврей, ағылшындар сияқты үндемей айтулы дүние тудырмасқа? Ысқырғаны жер жарады, айдағаны бес ешкі, біз болдық па?

Аноним 11.08.2020 | 13:13

Мақала өзекті, жаңашыл. Қазақ мәдениетін дамытудың дұрыс бағыты. Абай ұлылығын танудың сара жолы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір