СЫНДАРЛЫ СӘТТЕ САҚТАНАЙЫҚ…
15.07.2020
611
0

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

  Халқымызда: «Ауыр жол – атаңды сынайды, ауыр іс – адамды сынайды» деген нақыл сөз бар. Әлемдегі сынақ жасқа да, жасамысқа да ауыр тиюде.

Алла Тағала дертке шалдыққандардың дертіне шипа берсін. Ал уақыт-сағаты жетіп, жан тапсырған жандарды мейіріміне алғай. Бұл жағдай – жұқпалы індеттің қауіпті екендігіне мән бермей жүрген жұртты бейжай қалдырмаса керек.

Дәрігерлер қолдан келген көмекті аямауда. Алайда адам денсаулығы ең әуелі өзіне қажет екенін ескерсек, карантин талаптарын қатаң сақтау қажеттігіне күн сайын көз жеткізіп келеміз.

Біз сан ғасырлық тарихымызда талай сындарлы сәттер мен сынақтарды, зобалаң замандар мен нәубеттерді бастан кешкен елміз. Сын сағаттарда бір-бірімізге қамқорлық көрсетіп, иманымыз бен бауырмалдығымыздың арқасында аман қалған рухы биік жоралы жұртпыз.

Ел басына күн туған қазіргі сәтте де осы қалпымыздан танбай, қабырғамызды қайыстырмай, үмітсіздікке бой алдырмай, алға жылжуымыз керек. Бүгінде үрей құшағына еніп, елең-алаң күй кешкен адам үшін жылы сөздің өзі жанға дауа, көңілге медеу болып тұр.

Дана халқымыз: «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме?! Осы сәтте айналамызды үрейге емес – үмітке, қайғыға емес, қуанышқа бөлейтін сөзімізді арнасақ сауапқа кенелеріміз хақ. Біз – бұдан да қиын-қыстау заманды көрген қарға тамырлы қазақпыз. Жаратқанның жар болуымен бұл сынақты да жеңеміз. Соған сенеміз.

Қазақ халқы торқалы той мен топырақты өлімде төбе көрсетуді өзінің міндеті санайды. Тойда тілек айту немесе кісі қайтқанда оған бір уыс топырақ салу – салтымызға сіңген ғұрыптың бірі.

Алайда адамның ғұмыры – Алланың аманаты. Оған адал болу – адамдық борыш. Денсаулыққа немқұрайлы қарау қауіп пен қатерге әкеп соғады. Сондықтан елдегі барша жамағатты осы бір қиын кезеңде барынша сақтануға, жиын-тойлар мен садақа астарға мүмкіндігінше бармауға шақырамын.

Абай Құнанбайұлы Семейге келген бір сапарында шаһарда жұқпалы індеттің тарап жатқаны жайында жайсыз хабар естиді. Хәкім Абай халыққа жаназа рәсімдерін өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс жасауды түсіндіру керегін ұқты. Міне, осы тұста ол өзі білетін Сармолла есімді молданы шақырып, оған халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсіндіру керегін жеткізеді.

Сармолла: «Қаза болған адам үйіне, жаназаға халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келмесін. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тарату, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын!» деген сөзін жеткізеді.

Біз тарихтан сабақ алған, соған амал еткен елміз. Осы ретте жаназа намазына тек отбасы және жақын туған-туыстарының қатысуына, жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға мән беруіміз керек. Дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспағаны абзал.

Жаназа намазына келуші адам міндетті түрде санитарлық нормаларды сақтауы тиіс, атап айтқанда, бетперде тағып, медициналық қолғап киіп, екі метрден кем емес арақашықтықта болғаны дұрыс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі жұқпалы індеттен қайтыс болған жағдайда мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу қажеттігі туралы пәтуа шығарды. Бұл – дұрыс шешім. Өйткені, сақтық шаралары сақталмаса, жұқпалы індеттің тарап кету қаупі бар.

Жаназа намазы кезінде қатарға тұрғанда кемінде екі метр қашықтықты сақтап, қол алысып амандаспау қажет. Ал жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер мен әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспағаны жөн. Карантин кезінде қонақ асын кейінге шегеріп, сақтық шараларын мейлінше күшейту керек. Осы ретте жамағатты құдайы астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларының қатысуымен ғана асты өткізуге шақырамын.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескертеді. Ендігі қадам – арқаны кеңге жаю емес, Алланың аманатына адалдық таныту. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтіруіне болмайтындығын  қатаң ескерткенін білеміз.

Ислам ғалымдары қандай да жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде дерттің етек алуын тоқтату үшін карантин режимі қажет екенін қадап айтқан. Мұндай карантиндік жағдай көптеген мұсылман мемлекеттерінде жүзеге асуда. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу әрбір мұсылман баласы үшін міндет.

Осынау сын сағаттарда діни рәсімдерге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасына бағынып, имам-молдалардың кеңесіне құлақ асайық. Осылайша бірлігімізді танытайық.

Ғалымдарымыз дінді сақтау жолында жүрсе, дәрігерлер олардың тәнін сақтау жолында қызмет етуде. Сондықтан өз өмірін қатерге тігіп, адам жанының арашасы атанған ақ халатты абзал жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Дәрігерлерге Алла разы болсын дегім келеді. Алла Тағала Құранда «Мәида» сүресінің 32-аятында: «…Кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық…» деген.

Медицина – жауабы мен сауабы мол сала. Қасиетті Құранда айтылғандай, бір адамның өмір сүруіне себепші болған пенденің ізгі амалы бүкіл адамды өлімнен құтқарумен тең…

Осы ретте халықты емдеу-сауықтыру сынды сауапты шаралардың белортасында жүрген барша азаматтарға тағы да айрықша алғыс білдіремін.

Өткен аптада еліміздің Үкіметі қоғамдық орындарға жиналмау қажеттігі туралы арнайы Қаулы қабылдады. Көпшілік нысандар қатарында құлшылық орындары да бар.

Мешітте құлшылық ету – сауапты амал саналса, карантин жағдайында өзгелерге қиянат жасамай, үйде оқшауланып, ғибадат ету де – үлкен сауап.

Денсаулық – Алланың адам баласына берген аманаты. Ал аманатқа адал болу – мұсылманның міндеті. Ендеше аманатқа адал болайық, ағайын!

Халқымыз осы сынақты да сабырмен еңсеріп, қалыпты өмір тіршілігінде, игі істерде басқосуды жазғай. Әмин!

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір