МҰСЫЛМАНШЫЛЫҚҚА ЖАТ ІСТЕРДЕН САҚТАНАЙЫҚ
05.04.2023
201
0

… Ақтау қаласынан суыт хабар санаулы уақытта елге тарады. Үш баланы айуандықпен мерт еткен ер адам ұсталды…
Нақты ақпарат көзіне сүйенсек, үш баласын жауыздықпен өлтірген ер адамның жасы 36-да, былтыр отбасымен ажырасқан. Сол күні оның таксиден түсіп, кетіп бара жатқанын іргелес тұратын көршісі айтады. Қасында хиджаб киген екі қызы мен ұлы еріп жүрген.

Үш бала да Ақтау қаласындағы №30 мектепте өткен жылдың қыркүйек-қараша айларында оқыған. Желтоқсан айында ерлі-зайыптылар ажырасып, анасы балаларымен бірге Атырауға көшкен. Олар Атырау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №9 мектепте 5, 3 және 1-сыныптарда білім алған. Демалысқа шыққан балаларын әкесі Ақтауға уақытша алып кеткен екен. 
Күдіктінің Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының тумасы екені анықталды. Ауылдастары оның дәстүрлі емес діни бағытта болғанын айтады. Қылмысқа қатысты кәмелетке толмағандарды өлтірді деген күдікпен ер адамның ұсталғаны хабарланды. Қоғамның қабырғасын қайыстырған бұл оқиға туралы әлеуметтік желілерде де түрлі пікірлер көп. Әсіресе бұл оқиғаның әсіредіни сипаты басым екенін айтушылар көп. Тіпті балаларын жауыздықпен өлтіргенді «қолдап» отырғандар да бар. Инстаграмм әлеуметтік желісінде (beksignkz) деген азамат: «Жәннатқа жіберген да балаларын, намазхан болса сауап боп жазылады оған» деген жазба қалдырған. Міне, осындай пікір білдірген, әсіредіншіл адамдар қоғаммен бітеқайнасып, бізбен бір әлеуметтік желіде уағыз айтып, болған оқиғаны құптап отыр.
Мұндай қаралы оқиғаның болу себебі неде? Отбасында зорлық-зомбылықты қалай азайтуға болады? Дәстүрлі емес діни бағыттағы топтарға қалай тыйым салуға болады? Осы сұрақтар төңірегінде зиялы қауым өкілдерінен пікір сұраған едік.
Отбасы – бұл адам өмірінің маңызды бөлігі

 

Әнуар қажы
ІЗІМБАЙҰЛЫ,
Маңғыстау облысының бас имамы:

– Бұл жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қаза болған балалардың туған-туыстарына, әулетіне көңіл айтамыз. Бұл шариғатымызда үлкен күнәлардың біріне жатады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Бір адамды жазықсыз өлтіру – бүкіл адамзатты өлтіргендей күнә арқалайды» делінген. Бір адамның өмірін сақтап қалу бүкіл адамзаттың өмірін сақтап қалумен бір деп бағаланады. Қазақ халқы бақытын баладан күтеді. «Баламның аяғына кірген тікен маңдайыма кірсін» деген ел едік. Ислам дінінде отбасы мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Дінімізде әрбір адамның неке қиып, отбасылы болғаны құпталады.
Отбасы – бұл адам өмірінің маңызды бөлігі, отбасылық өмір барысында мұсылман ер немесе әйел көптеген қиыншылықтар тап болуы мүмкін, сонымен қатар отбасын тіршілікке қажетті барлық нәрселермен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап, жұбайына, бала-шағасына, мүлкіне қатысты үлкен жауапкершілік пайда болады. Бала – Алланың адамға берген үлкен нығметтерінің бірі. Жаратушы Алла әр баланы ата-анасына аманат етіп берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – отбасыларыңа жақсы қарағандарың» деген. Сондықтан ислам дінінде отбасы құндылығын өте берік сақтаған. Пайғамбарымыз керемет әке болды, отағасы болды, балаларын көз қуанышым деп, екі немересін көңілімнің райханы деп қатты еркелетіп, ерекше мәпелеген. Тіпті намаз кезінде арқасына мінген немерелері ойнап біткенше жайнамаздан бас көтермеген екен.
Міне, пайғамбарымыз осындай балажан еді. Сол үшін дінімізде балаларға көңіл бөлу, қуанту да садақаға жатады. Ал мына жағдайды қабылдай алар емеспін, әлі күнге жаным ауырады. Исламға, мұсылманшылыққа мүлде келмейді.
Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни, ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Бұдан бөлек, көмекке мұқтаж жандарға да дін қызметкерлері барынша қол ұшын созып келеді. Дегенмен имамдар мен ұстаздар мешітке келетін әр адамның ішкі жан дүниесі үшін жауап бере алмайды. Сол себепті, бұл оқиғаны мешітпен байланыстыруды тоқтатқанымыз абзал. Бұл азаматты өз басым мешіттен көрмедім. Дегенмен бұл ақталу емес. Сырт бейнесінде мұсылманшылықтың белгісі бар, бірақ «Мұсылманшылық кімде жоқ? Тілде бар да, ділде жоқ. Тіл мұсылман не пайда, дін мұсылман болмаса» дегендей, бұл әрекетті мұсылманшылыққа жат деп білемін. Алла сақтасын. Аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс ашылып, алдын ала тергеу жұмыстары жүргізілуде. Құзырлы органдардан құрылған топ болған жайтты жан-жақты тексеріп жатыр. Мұндай азаматтар тиісті жазасын алу керек.
Өз отбасын өзі талқандауы бүгін басталған сойқан емес

Смағұл
ЕЛУБАЙ,
жазушы:

– Халқымыз «Мұсылманшылық әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деп келген. Тоқсаныншы жылдардан бастап біз барлық діни ағымдарға есігімізді айқара ашып тастадық. Содан миссионерлер қаптады. Солар біздің Ясауи тариқатымен келген дәстүрлі дінімізге, қазақтың дәстүрлі дүниетанымына балта ала жүгірді.
Бүгінде ислам әлемінде бірлік жоқ. Алтыбақан алауыз. Секталардың көбі еліміздегі ұлттық бірлікті шайқағысы келеді. Жат ағымдардың кесірінен осындай адам айтса нанғысыз оқиғалар болып жаты. Қаңтар оқиғасында да қантөгіске құлшынып кіріскен солар. Бұлардан террористік тірліктің небір сорақыларын күтуге болады. Олардың өз отбасын өзі талқандауы бүгін басталған сойқан емес. Талай рет жолықтық. Сабақ алуымыз керек. Елімізде діни ағартушылық жүргізетін кез жетті.
Отбасы кішкентай мемлекет іспетті. Ондағы ерлі-зайыптының қарым-қатынасы балаларына тек өмір бергенімен шектелмейді. Ұл-қыздарына білім мен тәрбие беру, жаман мен жақсыны, ақ пен қараны ажыратуға, діни тәрбиеге қатысты нанымдарды да уақытында түсіндіру ата-анаға жүктеледі. Отбасының амандығы, шаңырақтың беріктігі әрбір азамат үшін, әр мемлекет үшін маңызды. Елге тұтқа болар азаматтар тәрбиелі отбасынан тәлім алады. Еліміздің болашағы жастарда. Дүниенің кілті дінді насихаттау­шы елдердің қолында емес, керісінше, технология жағынан бәсекеге ұмтылған зайырлы демократиялық құндылықты орнықтырған мемлекеттерде. Білім мен озық технология ғана кез келген елді ұшпаққа шығаратыны белгілі. Осыны естен шығармайық.

Дайындаған
Жанна АХБЕРГЕНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір