АТЫРАУЛЫҚТАР АПАТТЫ СӘТТЕ АУЫЗБІРШІЛІК ТАНЫТТЫ
08.04.2024
91
0

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, кейін­гі бірер күнде (3-4 сәуір аралығында) Атырау облысындағы Миялы ауылында тұрғындарды ішінара эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы  мәлім еткендей, эвакуациялау Ойыл өзенінің тасуына  байланысты қолға алынған.Департаменттің қоғаммен байланыс қанаты: «Ойыл өзенінің суы арнасынан асып, Миялы ауылына қауіп төндірді. Содан кейін дереу сағат 17:45-те ауыл тұрғындарын қауіпсіз орындарға эвакуациялау басталды. Кешкі сағат 20:30-ға дейін Миялы ауылының 559 тұрғыны көшірілді. Оның ішінде 327 бала бар», — деп хабарлады. Тұрғындарды эвакуациялауға төтенше жағдайлар департаментінің 12 қызметкері, 2 техникасы, жергілікті атқарушы органнан 6 қызметкер мен 4 техника жұмылдырылып, Қызылқоға ауданының әкімдігі ауыл тұрғындары паналау үшін екі мектеп пен бір балабақшаны дайындаған. Мәселен, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепке 210 адам, Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясына 79 адам, «Нұр-Шуақ» балабақшасына 270 адам орналастырылған.
«Атырау облысында су тасқынының қаупі әлі сейілмей тұр. Су деңгейі сағат сайын көтеріліп, Ойыл өзенінің бойында орналасқан ауылдық округтерді басып қалу қауіпі бар. Күні кеше облыс орталығынан бөгетті нығайту жұмыстары үшін 50 құтқарушы, 20 ерікті, 1500 қап пен қажетті құрал-жабдық жеткізілді», – дейді жергілікті мамандар.
Дерек көздерінен білгеніміздей, аталған аумақта 557 шаруа қожалығы бар екен, соның 407-сі Ойыл өзенінің бойында тұр. Қызылқоға ауданы әкімдігінің Ойыл өзеніндегі судың көтерілетіні туралы алдын-ала ескерткенінің нәтижесінде жеті шаруа қожалығының 14 адамы мен төрт түлігі қауіпсіз аумаққа шығарылған.
Тайсойған ауданында да тасқын су басу қаупі бар округтерде қорғаныс шаралары қолға алынды. Бұл ауылда 30 құтқарушы, қаладан келген 10 ерікті, 50-60  ауыл тұрғыны және 8 ауыр техника апаттың алдын алу мақсатында жұмыла жұмыс жасаған. Ауылдың негізгі бөгеті 2 шақырым болса, одан бөлек тағы 500-600 метр бөгет тұрғызылып, 2 шақырым 500 метр  болатын канал қазылды. Округ әкімі Төреш Қозбақовтың айтуынша, дүйсенбі күні 128 тұрғын Атырау қаласына, 11 тұрғын Миялы ауылына эвакуацияланған.
– Бізді енді Жемнің  жағдайы алаңдатады. Ал Жайық суының көтерілуі жылдағыдан жоғары. Сондықтан  тасқынға қарсы ұйымдастырылатын кез келген жұмысқа барымызды салуымыз керек. Керек десе, қолымызға күрек алып, қорған тұрғызуға аттанайық. Себебі ел мен жер – өзіміздікі. Табиғат  еркелікті көтермейді. Арман деген жігіт судан қауіп төнген аймақтарға қажетті құрал-жабдықты әлі жөнелтумен жүр. Арманға ризамыз», – дейді атыраулық азамат Нұрислам Құспанғали.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір