Болат Бопай. Гүл патшалығы
31.07.2020
18356
6

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қызғалдақ жайында жан-жақты айтылады. Осыны негізге ала отырып, елімізде өсетін өзге де гүлдерге тоқталуды жөн көрдік. Белгілі этнограф, зерттеуші Болат Бопайұлы «Қазақ таныған гүлдер» атты кітабында дала гүлдерінің 255 түрін қамтыпты. Гүлдердің өсетін өңірін, 27 жақтан туысатын тұқымдастық ерекшелігін, көз тойғысыз сұлулығы мен дәрілік қасиеттерін, ем болатын аурулары жайын сөз етеді. Теңізден тамшыдай үзіндіні назарларыңызға ұсынамыз.

Шұғынық – дала гүліне жатады. Қазақ халқы шұғынықты раушан гүлі туыстарына жатқызады. Шұғынық гүлі мен раушан гүлі бейне бір егіздердей ұқсас келеді. Шұғынық гүл жарған кезде аса ажарланып, сұлу сымбатты түрге енеді. «Шұғынықтай ажарлы», «шұғынықтай қып-қызыл», «шұғынықтай тап-таза», «шұғынықтай сұлу қыз», «шұғынық өссе жерімде, ырыс тасыр елімде», «мереке гүлі, береке гүлі – шұғынық, сұлу гүл бұл, бақшаңа ек, сырын ұқ» деген сөз тіркестерінің бәрі де шұғынықтың аса сұлу гүл екендігінен туған образды сөздер. Қазақ шұғынық гүлі тұрған жерде ырыс-береке, құт тұрады. Шұғынық гүлі жақсы өсіп, жақсы жапырақ жайса, жыл есен, мал мен бас аман болады, егін бітік шығады, өнім мол болады деп болжам жасайды, жақсы ырымға санайды. Шұғынық – хош иісті гүл. Ол жапырағын жайған кезден бастап жұпар иісін далаға аңқыта бастайды. Қазақ шұғынықтың ішіндегі «ақ шұғынықты» дәрі, әр түрлі ауруларға ем ретінде қолданады. «Ақ шұғынық» көп жылдық шөптесін өсімдік. Биіктігі – 50-100 см. Гүлі ақ түсті, қызыл түстері де болады. 3-5 дана қисық жеміс болып, жемістерінің ұш жағы имектеліп сыртына қарай қайырылады. Қарақоңыр түсті тұқымы жылтырап тұрады.

Гүлкекіре – дала гүліне жатады. Бұл гүлді қазақ «кекірегүл» деп те атайды. Қазақ совет энциклопедиясында «кекірегүл» туралы былай баяндайды: «Кекірегүл – күрделі гүлдер туысына жататын шөптесін өсімдік. Кекірегүл бір

жылдық, екі жылдық не көп жылдық, тың не төсемелі санақты болып келеді. Гүл шоғы қопаша, қос жынысты, түтікше тәрізді шеткі гүлдері ірі, жыныссыз гүлі әр түсті, Еуразияда, Африканың тропик аймағында, солтүстік және оңтүстік Америкада тараған 550-ден астам түрі бар. Қазақстанда 27 түрі өседі. ТМД-да 180-дей түрі бар. Арамшөп, балды, дәрілік өсімдіктер, әсемдік үшін өсірілетін түрлері бар». Қазақ халқы гүлкекірені өте жақсы біледі, жақсы таниды. Қазақ даласында тікен жапырақты түрінен он шақтысы өседі. Ешкі малы ұнатып жейді. Соған орай қазақта «Кекіреге тойған текедей бақылдады», «жыңғыл арасында бұйрабасты кекіре бойлап өсіп тұр», «қыстау маңында өскен гүлкекіренің күз айларындағы жайылыста малға жұғысты жайылым екенін жұрт тегіс біледі», «кекіредей кекірейген мынау кім», «гүлкекіре көз алдымда тұр өсіп» деген сөз тіркестерінен қазақ халқының гүлкекірені және оның әр түрлерін жақсы білгенін түсінуге болады. Қазақ бұл гүлді «гүлкекіре», «кекірегүл», «кекіре», «бұйрабас кекіре», «кекіребас» деп әр түрін әр түрлі атаумен атады. Кекіребас – биіктігі 50-80 см келетін, тік сабақты, қоңыр түсті, үлпілдек, көп жылдық өсімдік.

 

Еңлікгүл – дала гүліне жатады. Қазақ совет энциклопедиясында: «Еңлікгүл – тау жайылымыдарында өсетін көп жылдық шөптесін өсімдік. ТМД-да бес түрі, Қазақстанда екі түрі бар. Бояулы еңлікгүлінің биіктігі 10-40 см, сабағы тың, түкті, жапырақтары көп, қандауыр не таспа тәрізді келеді. Ұзындығы 2-5 см, ені 10 см. Гүл шоғындағы гүлі едәуір ірі, күлгін немесе сары түсті, тостағаншасы көбіне бес жапырақшалы болады. Шілде, тамыз айларында гүлдейді. Жемісі – жаңғақ, сопақша бітімді, ұзындығы 4-7 мм, қара не қоңыр болады. тамыз айында піседі. Тамыры жуан, 2 см шамасында келеді, күрең қызыл бояулы. Еңлікгүл Иранда, Гималайда, Батыс Тибетте, Орта Азияда, Қазақстанның Алтай, Кетпен тауларында, Жоңғар Ілетауларының күнгей және теріскей беттерінде, Алатау бастарында кездеседі». Қазақ халқы еңлікгүлін жақсы біледі, жақсы ажыратып, дұрыс таниды. Еңлікгүлінің гүл шоғы жыртқыш аңдардың табанына ұқсайды. Қазақ сол ерекшелігіне қарай, «табангүл», «бұдыргүл», «жыртқыштабан» деп те атайды. Жаңа туған балаларына ырымдап жасы ұзақ болсын, тіл-көздің сұғы тимесін, атына заты сай болсын деп Еңлік, Еңлікгүл, Еңлікерке, Еңлікнұр деген тәрізді аттарды қояды. Еңлікгүл ауа райы өзгеше, биік шың басына өсетін гүл болғанына қарамастан, қазір оны қазақ қалада да, бақшалар мен жотадағы үй маңайына да егіп, өндіріп алатын болды.

 

Түймедақ гүл – дала гүліне жатады. Қазақ халқы түймедақ гүлі туралы да біраз мәліметтерге ие. «Түймедақ гүл» деп атауының да өзіндік ерекшелігі бар. Түймедақ гүлі маусым айының басынан шілде айының соңына дейін гүлдейді. Гүл шоғы әдемі де әсем жасалған түймеге ұқсайды. Қазақ бұл гүлдің осы бейнесіне қарап «түймедақ гүл», «түймедақ», «танагүл», «дала түймесі» деп әр алуан аттармен атаған. Қазақ совет энциклопедиясында түймедақ гүлі туралы былай баяндалады: «Түймедағы – күрделі гүлдер тұқымдасына жататын біржылдық шөптесін өсімдіктер туысы. Еуразия мен Африкада таралған 50-ге жуық түрі бар. Қазақстанда ең көп өсетін екі түрі кездеседі. Аптекалық түймегүлі, жалаңаш түйме гүлі Жерорта теңізі маңында, Иран, Ауғанстан, Еуропа бөлігінде, Кавказ, Орта Азия, Қазақстанда Іле, Жоңғар Алатауларында, Алтайда өседі. Биіктігі 10-35 см, сабағы тармақты, жапырағының ұзындығы 15-60 мм, ені 5-15 мм. Маусым, шілде айларында гүлдейді. Тамыз, қыркүйек айларында жеміс береді. Түймегүл медицинада ішек түйілуіне, метеоризмге қарсы және терлететін дәрі ретінде пайдаланылады. Түймегүл Ресей, Болгария, Румыния, Польшада қолдан өсіріледі». Қазақ халқы түймедақ гүлін ертеден танып, оны да әсем, ажарлы гүлдер тобына жатқызады. Ол кез-келген күн көзі толық әрі жақсы түсетін өңірлерде, құнарлы топырақты жерлерде өседі. Бұл гүлді үйге, аулаға егуге болады. Тұқымы немесе түбінен бөлу арқылы көбейтеді. Ең оңай жолы көктем мезгілінде түбінен бөлу жолымен көбейту, көшеттерінің арақашықтығы биіктігінің жартысындай деңгейде болуы шарт. Үнемі уақытында суарып, баптап отырғанда, ол масатыдай құлпырып, гүл-гүл жайнап шыға келеді. Гүлзарларға жеке не топтап отырғызса да болады. Қазақтар түймегүлін үзіп алып, балаларына тұмар ретінде тағады. Той-томалақ, топты жиылысқа барғанда, ұл бала болса кеудесіне, қыз бала болса шашына қадап қояды. Солай жасаса, басқалардың тіл, көзі тимейді, сұғы өтпейді, «Түймегүл – тұмар гүл» деп ырым етеді. Жақсылық және әсемдік ретінде бағалайды.

 

Қалампыр гүл – дала гүліне жатады. Қазақ халқының ең жақсы, ең жетік танитын гүлдерінің бірі. Қалампыр гүлінің 300-ден артық түрі бар. Гүлді шөптесін өсімдік түріне жатады. Қалампырды жекелеп те, топтап та егіп, көгалдандыруға пайдаланады. Бау-бақтарда кереметтей гүл шоғырларын жасауға болады. Гүлзарларға егуге, қалампыр гүлінің 70-тен аса түрі қолданылады. Осыған қарай бұл гүлді кейде «бақша гүлі» деп те атаған. Табиғаттық гүл атаулының барлығы да негізінен дала гүліне жатады. Ал «бақша гүлі» деген атау кейін шыққан. Қалампыр гүлінің биіктігі түріне қарай 10-60 см болады. Гүлдеу мерзімдері де сол түріне қарай әр түрлі болады. Дала гүліне жататын қалампырға қарағанда гүлзарларда өсетін қалампыр ерте гүл жарады. Әрі гүлі басында ұзақ тұрады. Қалампыр хош иісті гүлдер қатарына жатады. Бұл гүлдің осындай хош иістерінен иісті сабын, иіс сулар жасайды. Қазақ емшілері екпе қалампырды жақсы зерттеген. Қыры мен сырына қанық. Жазда және күз айларында гүл ашуда не бұрын орып, жинап алады. Одан соң ұсақтап турап, көлеңке, құрғақ жерде кептіреді. Қалампырдан жасалған дәрілер кермек дәмді келеді. Мұндай дәрі ыстықты басады. Несепті молайтады, етеккірді келтіреді, уытты қайтарады. Қазақтың әдеби тіл өнерінде қалампыр туралы: «қалампырдың гүліндей, тотықұстың жүніндей», «қалампырдай жұпар иісі аңқыған, қалампырдай кербез бойын балқытқан, көңіл-күйді гүлдей етіп шалқытқан», «қалампыр өскен өңірде құт тұрады», «жанға азық, дертке шипа қалампыр», «ауаң жұпар қалампырдай аңқыған», «қалампыр салған шай тәтті» деген теңеу сөздің барлығы қалампырдың қасиетін, өзіне тән дара, әсем де хош иісті өсімдік екенін таныған үстіне таныта түседі.

 

Ит қызғалдақ – дала және бақша гүліне жатады. Қазақ халқы ит қызғалдақ гүлімен ертеден таныс, оның сыры мен сипатына әбден қанық, мінезін жақсы түсінеді. Ит қызғалдақтың жабайы түрлері таулы өңірлерде, бөктерлі жерлерде, қоңыржай орындарда көп өседі. Бір түрлі гүлді шөптесін өсімдік санатына кіреді. Жер шарында ең көп тараған өсімдік. Аты шулы, даңқы бар гүл. Әлемде екі түрлі қызғалдақ гүлі бар. Бірі – қызғалдақ, енді бірі – ит қызғалдақ. Қызғалдақтың да өзіне ұқсаған 200-ден астам түрі бар. Ит қызғалдаққа ұқсаған 150-ден астам түрі кездеседі. Бір ғажайып сыры – ит қызғалдақ қызғалдақ гүлінің ең жақын гүлдес тұқымдас туысы саналады. Бірақ екеуін екі түрлі атайды. Қазақ халқының ит қызғалдақты қызғалдақтан бөліп айтуының да, оған «ит» сөзін қосуының да өзіндік себеп-салдары бар. Далада өсіп жайнап, гүл ашып тұрған әр гүлдің ерекшелігі, өзіне тән мінезі бар. Көп гүлдер құнарлы топырақты ұнатады, күтімді қажет етеді. Ал құнарсыз топырақта жұтап, солып қалады. Ит қызғалдақ ондай емес. Ол топырақ таңдамайды, күтуді, аялауды қажет етпейді. Кез-келген жерде, кез-келген топырақта өсіп, гүл жара береді. Күйсіз гүл. Қызғалдақ гүлі усыз болады. Ал ит қызғалдақ гүлі улы болады. Соған қарай қазақ жай қызғалдақ гүлін «бейуаз гүл», ит қызғалдақ гүлін «зәрлі гүл» деп те атайды. Ит қызғалдақтың қасына қып-қызыл әдемі де әсем қызғалдақ гүлін әкеліп қатар ексе, ит қызғалдақ оған қарсы шабуылға көшеді. Қасына келіп қоныстанған қызғалдақтың тамырына уын жіберіп, алдымен тамырын улап өлтіреді. Екінші, уын гүл шоғына жіберіп солдырады. Қасына көрші болған гүлге қарсы тұрады. Оның гүл шоғын, келбетін қызғанады, күндеседі, өштеседі. Өзінен басқа гүлге иттік істейді. Мұны білген қазақ оның осы мінезіне қарап, оған «ит қызғалдақ» деп ат қойды. Қазақтың гүл тану мәдениетінде бірқыдыру осындай мінезді гүлдерге «ит» сөзін қосып ат қойғаны айдай ақиқат. Мәселен, қазақша атаумен аталатын гүлдерде «итсигек», «итмұрын», «иттабан», «итқоға», «итбадам», «итжидек», «итқұлақ гүл», «итқонақ гүл», «итшу гүл» деген гүл аттары кездеседі. Жалпы алғанда осы «ит» сөзі қосылып айтылған гүлдердің кейбірінде ит пішіні бар. Мұның бәрі тектен-тек айтылмайды. Ит қызғалдақтың далада гүл жаруына тікелей ауа райы ықпал көрсетеді. Жаңбырлы жылдары, егіс атыздарында, арық, бұлақ жағаларында, далада қаулап өсіп, қаптап кетеді. Қызылды-жасылды гүлдер ашып, даланы гүл аруға айналдырады. Көз тойғысыз әсем де әдемі сән береді. Қазақтың бұрынғы шебер адамдары ит қызғалдақтың гүлінен әр алуан бояулар алатын болған.

 
Алтыншар – дала және бақша гүліне жатады. Қазақ халқының гүл тану мәдениетінде бұл гүлді «алтыншар», «алтынгүл» деген екі түрлі атаумен атап келеді. Алтыншар мен алтынгүл бірге туысады. Екеуі егіздің сыңарындай тел өскен әдемі, әсем гүл. Екеуі де көпжылдық шөптесін гүлді өсімдік. Оның табиғатта 40-тан астам түрі бар. Кейінгі кездерде көгалдандыруда гүлзарларға әсемдік ретінде көптеп егіліп жүр. Аңыздарда шығыс Америкадан тараған деген сөз бар. Қазір әлемнің кез-келген жерінен кезіктіруге, үлкен шаһарлардағы бау-бақшалардан табуға болады. Алтыншар шілде, тамыз айларында қауашақ жарады, гүл ашады. Алтыншардың түрі аса көп болғанымен, бәрінің гүлі сары түсті, сары алтындай жарқырап ашылады. Қазақ халқы бұл гүлдің осы ерекшелігіне қарай «алтыншар», «алтынгүл» деп атағаны анық. Алтыншардың ортаңғы күлтесі қоңыр түсті келеді де, жиегіндегі күлтесі сары түсті болады. Ешқашан басқа түсті түрі кездеспейді. Байырғы қазақ емшілері алтынгүлдің күзде тамырларын қазып алады, сабақтарын алып тастайды. Жуып, тазалап салқын жерде кептіреді. Одан жасалған дәрілер тәтті, дәмді, салқын райлы келеді, уытсыз болады. Бұл дәрілер негізінен дымқыл ыстықты ісікті қайтарады, қанды тияды. Несеп жолының қабыну ауруына, буын ісіп ашып ауырғанға, сары типтегі жедел бауыр ауруына, әйелдерде болатын омырау безінің қабынуына, тері сарғайып ауырғанда, жіңішке ауруына, мұрыннан қан тоқтамай ауырғанда, қан құсқанда осы гүлдерден жасалған дәрілерді пайдалану арқылы жазады, аурудың бетін қайтарады. Алтыншар мен алтынгүлдің жабайы түрлері Алтай, Тарбағатай, Іле тауларынан кездеседі. Бұл табиғи гүлдің ауруға ем болуы қолдан өсірген гүлден екі есе жоғары өнім береді.

 

Баршынгүл – дала және бақша гүліне жатады. Қазақ халқы баршынгүл туралы біраз түсініктерге ие. Баршагүл қияқты гүлдер тұқымдасына жататын ұзақ жылдық шөптесін өсімдік. Оның қызыл гүлін орай өскен қияқтары бейне қолдан соғылған семсерге ұқсап келеді. Қазақ оның осы бейнесіне қарап «семсер гүл», «семсер ұстаған гүл», «сері гүл», «сетер гүл» деп әлденеше құбылтып айтады. Баршынгүлдің ұзындығы 50-80 см. Оның ұзын да жұқа, көкшіл жасыл түсті қияқ жапырағы сүйір болады да, құдды семсер сияқты көрінеді. Табиғатта 200-ден астам түрі бар. Он шақты түрі Қазақстанның Алтай, Тарбағатай, Іле тауларынан кездеседі. Табиғатта өздігінен өсетін түрлерін «дала гүлі», қолдан егіп, бақшаларда өсіретін түрін «бақша гүл» деп атайды.

 

Құртқашаш – дала және бақша гүліне жатады. Құртқашаш тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін өсімдік. Ол бір түрлі жатаған тамырлы, салбырақ гүлді өсімдік деп те аталады. Жасыл түсті жапырақтары таспа тәрізді келеді. Гүлі қос жынысты, жатыны үш ұялы, жемісі үш қырлы келеді де, тұқымы қауашақ болады. Құртқашаштың табиғат аясында өте сирек кездесетін түрі бар. Оның тұқымы дөңгелек және сабақша түрінде екі түрлі бітімді болады. Құртқашаштың күллі жер шарында алпыстан аса туысы бар. Мұның біразы бүгіндері бау-бақшаларда егіліп, қолдан отырғызылып жүр. Құртқашаш көбіне құмдақтау жерлерге өнеді. Көктем айлары келісімен жаңбырлы далаларда тез өсіп жетіледі де, көктем айының орта шенінен бастап

гүл жара бастайды. Оның көктем айында гүл жаруына қарап қазақтар «көктем гүлі», «сәуір гүлі», «жұлдызды гүл» деп те атайды. Өскен ортасы ыстық болса, 15-20 күнге дейін созылады. Ауа райы салқын болса, 25-30 күнге дейін жалғасады. Қазақтың байырғы аспан есепшілері – «киелі гүл», «иелі гүл», «есепші гүл», «тәуіп гүл» деп те атағаны бар. Олай атауының себебі бар. Егер құртқагүл – құртқашаш гүл көктем айы бастала салып, лап етіп көктеп, жерден тез бой көтерсе, артынан ұзамай гүл жарса, биыл жаз айы жаңбырлы болады. Көктем ерте келеді, егінжай мен шабындықтар жайқалып, қабағат өседі. Өнім түсімді болады. Мал басы артады, жан аман болады. Ел іші берекелі, ырысты, тынысты болады деп болжап қуанады. Құртқашаш гүлінің көктеп тұрған жеріне ақ тамызады да, «ырысымыз арта берсін» деп тілек тілейді. Егер көктем айларының басында құртқашаш гүлі көктемей, көзге көрінбей қойса, не көктесе де уақытында гүл жармаса, онда биылғы көктем «бұлдыр көктем» болды, көктем кешігіп келеді, екі рет келеді, қыс аяғы ұзаққа созылады деп болжам жасап, долбар айтады.

 

Бақытгүл – дала және бақша гүліне жатады. Қазақ халқы бақытгүл туралы ең көп білімге ие. Өйткені қазақ халқы «бақытты ғұмырлы», «бақытты тіршілікті», «бақытты тұрмысты», «бақытты баланы», «бақытты адамды», «бақытты отбасын», «бақытты махаббатты», «бақытты қоғамды», «бақытты жолдасты», «бақытты болашақты» жақсы көреді. Әдемі табиғатты, әсем далада, сұлі күнді, күміс айды, бақытты жылдарды ұнатады. Сондықтан табиғатта өскен осы бір әдемі гүлді «бақытгүл» деп атаған. Қазақтың ең жақсы көріп, өмірлерінің бақытына балайтыны да осы «бақытгүлі» екені айдан анық. Бақытгүл көпжылдық шөптесін гүлді өсімдік. Оның гүлінің түсі ақтан басталып қараға дейінгі аралықта әр алуан түсті болып келеді. Биіктігі 30-50 см. Одан да аласа өсетін түрлері бар. Гүл жаруы сұрпына қарай әр түрлі болып келеді. Бақытгүлінің гүлдеуі басқа гүлдерге көп ұқсамайды. Көп санды гүлдер көктем, жаз айларында ғана гүл жарады да, күзге қарай солып қалады. Гүлдері қурап түседі. Ал бақытгүлі олай емес. Жаздың соңынан бастап күз айларын толық өткізеді. Қар жауған қарашада да, суық ұрған қыстың айларында да гүл жарып тұрады. Осы қасиетіне қарап қазақ бұл гүлді «қайсар гүл», «қасиетті гүл» деп те атайды. Қазақ гүл бапкерлерінің айтуынша, бақытгүлі күз айында гүл ашатындықтан, сабағын тек көктем айында кесуге болады. Күзде кессе, гүл ашу былай тұрсын, өліп қалады. Бақытгүлі қышқыл топырақты ұнатпайды, сондықтан қарағай, шыпша, сексеуіл сияқты қышқыл өсімдік араларына егуге болмайды.

 

Қашқаргүл – дала және бақша гүліне жатады. Қазақ халқы қашқаргүлі жайында да біраз нәрсені біледі. Қашқаргүлі – бұтақты, көпжылдық шөптесін гүлді өсімдік. Бұл өсімдік Қашқарда өсіп, басқа жерлерге кеңінен тараған сұлу, әсем гүлдердің бірі. Ол негізінен қыркүйек айларында гүл жарады. Осыған қарап қазақ бұл гүлді «қыркүйек гүлі» деп те атайды. Қашқаргүлінің гүлі кішкене болады. Түсі ақ, күлгін, көк, сия көк, қызғылт болып келеді. Қазіргі кезде бау-бақшаларда 80-ге жуық түрі қолдан егіледі. Қашқаргүлінің биіктігі сұрпына қарай 15 см-ден 1 метрге дейін жетеді. Қашқаргүлінің қолдан егілген түрі мамыр айының аяғынан бастап гүл жарады. Қашқаргүлін қазақтар «киелі гүл» деп те атайды. Себебі бұл гүлді бір жерге бірнеше жыл қатарынан егуге болмайды. Олай етсе, бұл гүл жерден жеріп, ауырып, солып қалады. Не ол жерді жатырқап, өнбей қояды. Екі жыл еккен соң, үшінші жылы сөзсіз жер ауыстыру керек. Ол сонда ғана өсіп-өркендеп, тамаша гүл жарып отырады. Қашқаргүлінің гүл шоғы жапырақ жайып, дөп-дөңгелек болып ашылады. Бір сабақта 10-15 гүл жарады. Гүл жарған кезде тіптен сәнді, әдемі болып құлпырып кетеді. Гүл шоғының ортасында дөп-дөңгелек сары гүл шашағы түймедей болып көз тартып тұрады. Оның сыртына қарай жалғасқан, үлбіреген гүл жапырақтары қабат-қабат болып дөңгелене өседі. Кейде мұны қазақ – «түймелі гүл», «дөңгелек гүл» деп те атайды.

 
Наркесгүл – дала және бақша гүліне жатады. Қазақ халқы наркесгүл туралы да біраз баян айтады. Наркесгүл – бір үйлі тұқымдасына жататын көп жылдық

пиязшық өсімдік. Көктем айларында гүл жаратын нәзік гүлдер тобына жатады. Наркесгүлінің табиғатта 20-дан артық түрі бар. Аңыздарда айтылуынша, Еуропадан шығып, Жапония арқылы Азияға кең таралған деген сөз бар. Наркесгүл наурыз, сәуір айларында шешектейді, гүл жарады. Гүлдеу күндері 20-25 күнге дейін созылады. Гүлдері жай күлтелі және гүлпарлы болып екіге бөлінеді. Наркесгүл – пиязшық гүлдердің ішіндегі ең ерте гүлдейтін өте әсем гүл. Ол бір түбінен бірнеше гүл ашады. Басқа пиязшық гүлдер бір түбінен бір ғана гүл шоғын жарса, олардың арасында тұрған наркесгүл бір түбінен үш не төрт сабақ гүл шоғымен көзге түседі. Осыған қарап, қазақ оны «көп басты гүл», «көп сабақты гүл» деп те атайды. Түсіне қарап «құбылгүл», «түстігүл» деп те ат қойған. Биіктігі 30-40 см аралығында болады. Үйде, бақшада, аулада, гүлзарларда көптеп өсіруге болады. Хош иісті гүл, оны үйде өсіргенде ғажайып хош иіс таратып тұрады. Наркесгүлдің пиязшығын маусым айында қазып алып, жаздай құрғақ жерде сақтап, қыркүйек айында ексе болады. Жас пиязшық егілгеннен кейін, екі жыл өткен соң ғана гүл жарады. Одан бері оған гүл жармады, қауашақ шығармады деп кінә қоюға болмайды. Қазақтың әдеби тіл өнерінде «наркес сұлудың өзі екен», «наркестей әдемі», «наркесгүліндей гүл жайнады атырап», «наркесгүлі – нәрдің гүлі», «наркес өнген топырақ – жаннат» деген теңеу сөздер бар.

ПІКІРЛЕР6
Аноним 11.09.2021 | 10:12

Гүлдердің түсініктемесі өте жақсы. Жалғасы бар ма екен? Тек, иллюстрация суреттерінде кейбір гүлдер орны ауысып кеткен сияқты көрінді.

Аноним 17.10.2023 | 10:24

Керемет

Аноним 26.11.2023 | 12:04

Әрең таптым ғо
рахмет

Аноним 29.01.2024 | 16:30

Əдемі гулдер

Аноним 05.02.2024 | 22:45

Мен өзім білмейтіе гүлдерді денсаулық бітірдім рахмет .

Аноним 25.02.2024 | 13:36

Такая жокпынго

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір