БҰЛ – АЙҚАЙ, ҚАЙ – АЙҚАЙ?
30.07.2020
1920
1

Қазақ прозасында есімі әйгілі жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Айқай» атты повесі грек-түрік соғысы тақырыбына арналған. Автор шығармасын Мехмед атты кейіпкерінің жолға шығар алдындағы толғанысымен бастайды. Ары қарай қандай жолға, қайда бармақшы деген сұрақ жұмбақ күйінде қалады. Өткенге көз жіберіп, шегініс жасау арқылы әңгіменің ішіндегі әңгіме желісі өрбиді.

«Сол заманда түрік әскеріне қарсы келер пенде болды ма? Түрік жауынгерлеріне берілмеген, бас имеген ел болды ма? Түріктер келе жатыр дегенде  асқақ таулар аласарған жоқ па? Тасқын  дариялар ағынын тоқтатып,  жол  берген  жоқ па? Бар  дүниенің  көз жасындай сел-нөпір  жауындарың да  сап  тыйылған жоқ па? Ал  түрік  жауынгерлеріне  Жетіқарақшы  жұлдыздар ғана бағыт сілтеді емес пе? Ай сәуле шашты  емес пе? ОҺо дегеніңіз… сондай заманда түрік жауынгерлерінің қатарында жүру, сау адамды  сауықтырғандай оқиға  емес  пе еді?  Құдайдың бұйыртқан  тағдыры  шығар,  сондай жорықтарда Мехмед түрік жауынгерлерінң сапында болды».  Бұл ауыз әдебиетінің негізінде жатқан суреткерлік құбылыс – эпикалық көру болып табылады. Жұдырықтай адам жүрегі шексіз әлемді орап алғандай әсер етеді.  Сол  бір   замандарда  жас түрік  жігіттерінің арманы  – ертерек  ержетіп,  жорықтарға аттанып,  жеңіске  жетіп,  туған  елге  мақтанышпен   оралу болатұғын. Елге  келген  соң сұлу жар  сүйіп, ұл-қызды болып,  ұзақ-ұзақ  бақытты  өмір  кешіп,  осының  бәрі   Мехмедтің  бір басына  жетерлік  арман-тілек  еді. 

Еліне  аман-есен келіп, жар сүйіп, бір емес төрт қыздың  әкесі болған Мехмед Алладан ұрпағын жалғастырар ұл тілеп сұрап  алады. Тілегені болып,  ұлды  да  болды. Мехмедтің отбасының нағыз  көркі де, сәні  де сол болды. Жазушы сюжет желісін басқа арнаға  бұрып, тоғыз  жастан асып,  биін  билеп,  биші  бала  атанып,  үлкен  үміт күттіріп жүрген Сұлтанды айықпас алапес дертке ұшыратады. Ақыры жазылмас дерт мендеген жалғыз ұлын  Мехмед  алыстағы таудың  арасына  апарып  ұйықтап  жатқан  жерінде тастап,  қашып  кетеді.

Пендешілік. Адам болып, пенде болып жаратылған соң пендешілік әрдайым  қосарланып, жағаласып қатар жүреді. Пендешілік өлшемге, қалыпқа сыймау, ел-жұрттың көңілінен шықпау – қабылдамауға – қарсылыққа – «Жатсынуға» –Жалғыздыққа әкеліп тірейді.

Қаламгер повесте осы жатсыну сарынын екі жақты қылып алған. Бірі алапес ауруына  шалдыққан жасөспірімді айналасы, қоршаған ортасы дейміз бе, солардың ішіндегі  туған-туыс, жора-жолдас дейміз бе, бәрінің ат-тонын ала қашуы – жатсынуы. Екіншісі, көптің көңілінен шығу үшін жалғыз ұлдарынан бас тартып, жатсынған – туған әке мен шеше .

Мұны істемеске амалы жоқтай. Ел болған соң сол елдің заңына бағынуы керек. Қоғамға қатерлі адамды аластауға туған әкесі болса да мәжбүр. Алапес дертке ұшыраған баланы сол қоғамы жатсынып отыр. Көптің көңілінен шығу үшін маңдайындағы ай мен күндей жалғыз ұлды туған ата-анасы жатсынбасқа амалы жоқ сияқты.

Автор   Құдайдан  тілеп  алған  баласынан  тірідей  жерініп,  иен  таудың  арасына  апарып  тастап    қашып келе  жатқан  байқұс  әкенің   көңіл-күйін   психологиялық  тебіреніспен  суреттеп,  айшықты  прозаның  өрнектерін   қолданады.

Суреткер  шығарма сюжетін неліктен қазақ топырағынан тыс, грек-түрік соғысынан бастап  алды екен деген сауалға жауап повестің өн бойынан  өріліп отырады. Осы екі халықтың арасындағы  бір кезде болған бітіспес жаугершілік пен Мехметтің ұлының алапес ауруы  әдеби фон ретінде алынып, авторлық танымы, айтпақ ойы «шынайы сурет» басқа арнаға ауысып отырады. Жазушының шығармасына қазық қылып қағып алған тіреуі – қақтығыс (конфликт). Жер бетінде жетіп артылатын жаугершіліктен туындайтын кесел – екі елдің арасындағы қақтығыс Мехметтің жан дүниесіндегі «қақтығысына»  ұласып, қатарластырыла алынуы.

Мехмед  жазылмас  дертке  ұшыраған   баласын  адам  аяғы  баспас  тауға  апарып  тастап құтылдым  дегенмен,  өз-өзінен  құтыла  алмады.  Күндіз  түні, көзін-ашса  да, жұмса да  көретіні ¬– ұлы. Ұлынан  құтылып, өздері  жазылмас, ешқандай  ем-дауасы  жоқ  құсалық  дертіне  ұшырады. Ақыры  құсалықтан  әйелі өтті  дүниеден.  Ал,  қыздарын  тұрмысқа  беріп,   «әкенің  орны жездедей» дегендей араға  екі жыл  салып  ұлына  бармақшы  болып  жолға  шықпақшы. Әрине, әйелі  тірі  болса,  ұлына  бір  емес  бірнеше  жіберер  еді. Екі  қыз  емес  жеті  қыз  ұзатса  да,  ара-арасында  адам  деген  діттеген,  ойлаған  ісін  тындырып  алмас па? Бірақ  Мехмедті  шалғайынан  тартып,  кежегесін  кейінге  тартып  жібермей   жүрген  жайт ол – ұлының иен  тауға  апарып  тастағанын кешірді  ме екен  деген  ой   еді. Ал, егер  кешірмесеші… Бара  қалсам, мойнын бұрмастан,  жек көрер ме екен деген  екі ойлы  күмән еді. Екі  жыл  бойы   ұлына  аттап  бастырмаған сол   күдік  пен   ұят болатын. Баласын  тағдырдың  аяусыз  жазалағанына қапаланып, дегбірсіз, өмір  сүріп,  тірлік  етіп  жатыр  деген  аты  ғана  тірі  өліктің  кебі  еді. Жазушы  кейіпкерін осындай ситуацияға салу арқылы өзінің  авторлық  танымын   ақырындап  жарыққа  шығарады. Мехмед ұлын  ғана емес, өзін де  шаршатып, жүдеткен,  қажытқан осы  қу  тағдыры  үшін кімді  айыптарын, кімді  қарғарын  білмей,  шақшадай  басы  шарадай  болып, шарасыздықтан  дағдарған қалпы  бартын.

Араға екі  жыл  салып, басқан аяғы  артқа  кетіп,  әкесі  ұлымен  жүздескелі  келе  жатып,  өткені бақыт  пен  қуанышқа, мұң  мен  зарға  толы  күндерін  есіне  алып  ботадай  боздап  келеді.

«Екеуі құшақтасқан күйі отыра кеткен. Сұлтан да әкесінің  мойнынан құшақтап, кеудесіне маңдайын басты. Мұртынан сипады. Сөйтіп  тұрып  күрсінді. Және күрсінгені қандай ауыр еді… Аузынан дем емес, от шыққандай… әлде бір ащы бір зар…

Алақанымен ұлының бетін, мойнын, шаштарын сипап отырып, Мехмед өз-өзінен босады. Осы бір күйін ұлынан да жасыруға болмаған  сәтте,  қатты  солқылдап жылап  жіберді. Ұлы  да  жылады. Ең ғажабы, екеуі  қосыла  жылаған  сәтте, енді  болмаса бір-бірінен айрылып  қалардай… қатты  құшақтасып, беттерін  түйістіріп алды. Содан  соң сүтті бөліп ішкен сәтте  құмыраны алма-кезек бір-біріне ұсынып отырғандары ше? Сонда бұл  ойлады,  ұлым көбірек ішсе  екен  деп… құдай  біледі, Сұлтан  ойлаған  болуы тиіс, әкем  сүттен  көбірек  ішсе  екен  деп…», – деп  жазушы баланың әкесіне еркелеуі де сүт  ішіп,  нан  жеу сияқты, тіпті ауа  жұтқаны сияқты керек  нәрсе  екен-ау деген  ойды түйдіреді.  Осылай ету  балаға ғана емес,  әкеге де  қажет  екендігін бәріміз  білгенімізбен, ол  жай  нәрсе  екен. Адам  ол жайды сезіну  үшін  әуел  бастан кешуі  тиіс  екен. Қаламгердің  беріп  отырған  бұл  көрінісі ұлының әкесіне еркелеуі  емес, есейе  бастаған  ұлына Мехмедтің еркелеуі екен. Бір жағынан сезімімен, көз жасымен   түсінісулері де  секілді. Алладан құсалықтан құтылудың  амалын  таппай, ұлына  жасаған  опасыздығына кешірім  жоқ  деп  түсінетін  Мехмед өмірінің шындығына автор кейіпкерінің ішкі жан дүниесін  қазбалай отырып ден қойғызады. Кейіпкерінің жан дүниесіндегі арпалысын, сезім сергелдеңін, көңіл-күй пернелерін, өз қимыл-қаракетін өзі  қарауылдап  отырар жағдайын бейнелей келе жазушы өмір шындығына, тағдырлардың ащы ақиқатына беттейді.Мехмедтің жан  дауасын  ұлымен  кездесуден  іздеуі де – аласұрған өркөкірек те  кінәлі көңілдің бір сәттік  алданышы ғана,  өз  қателігін іштей мойындай отырып, өзін-өзі ақтауға ұмтылған соңғы  қаракетіндей.

Шығармадағы оқырманын бей-жай  қалдырмайтын    тағы  бір  тұс мынау. Ертіп  келе жатқан итінен ұясынан үш-төрт қадамдай жерде  соңынан ерген алты балапанын қорғаштап тызақтап  жүрген бозала  торғайды  суреттеген  жері  және  қып-қызыл  қалың   қызғалдақтың арасында  өздері  де  гүлден  ажырағысыз  болып  қаздай  тізіліп,  ұлы мен  қыздарын ерткен Мехмедтің  әйелін  автордың психологиялық  паралельмен қатарластыра беруі. Осының  бәрі  алыста  қалған  арман ба, әлде  әдемі  түстің үзігі ме, не екені  белгісіз, өмірдің өзі кейде түс сияқты елестеп кетпей ме? Бақыт дегенің гүл  болып  өсіп, солатын, құс болып  қонып, ұшып  кететін… әлде су  болып  ағып  келіп… сосын  ағып кететін бір  сиқырлы  күш  емес  пе? Болмаса, сол  бақытты күндері  қайда  кетті Мехмедтің? Мына  қалпында, осы  сапарында мұны  кім  бақытты  жанға  балар? Әлде  Мехмедтің  бақыты көңіл  алдар  сағым  ба еді? Алты  балапанын  шырқырап  қорғаштаған жұдырықтай  торғай  құрлы болмай Мехмед  жалғыз  ұлын неге Жалаңаштауға апарып тастап  қашып кетті? Торғай екеш,  торғай да  балапандары үшін  құрбан  болуға  даяр, ал  адам  ше?  Бір  амалын  таппады ма?  Жалғызын  қаңғытпай?

«…Ұлының дауысы  үшінші  рет  естілді.

– Ата-аа-а-аа! – Сұлтанның  дауысы  қандай  зор еді! Ол шын ержетіп  қалған екен. Оның соншалық қуаттты әрі қайратты дауысынан тау-тас, алқап  түгел күңіреніп  кетті. Ана  тұс та, мына  тұс та та «Ата-аа-а-аа!» Көк те, жерде «Ата-аа-а-аа!» деп, жер-дүниенің  барлығы   «аталап»  айқайлап  тұрғандай, Мехмед далбақтап  әлі  жүгіріп,  қашып  келеді. Кісінің ұяттан  өлері  рас дегендей, «…О, тәңірі, намыстан кірер жер сұраған менен өңге пендең  болмаған да шығар. Тілегімді бере көр… пақырыңды мүсіркей гөр, о тәңірі?!» деп кері  бұрылып, ұлына қарай жүгіруге жібермеген  намыс па, жігерсіздік пе, жасықтық па, әлде  ұят па – оны  қаламгер  ашып  бірден  көрсетпей,  кейіпкерін қатты  күйзелтіп, психологиялық  толғанысқа  салып   әбден  азаптап  алады. Бір кездегі  түрік  жауынгері  бола тұрып,  осындай  опасыздыққа баруға  бола ма? Өз баласына жаны ашып, бауырына  тартып көрмеген,  әрқашан да, қай  жерде де,   қайда  болса да  өзінің  жеңісіне  кәміл  сенетін түрік  жауынгерінің  бірі тағдыр тауқыметін  тартып,  құдайдан  жазасын алып жатыр.Опасыздықты жасап тұрып, менің  бұл  ісім  опасыздық  емес  деп  өзін-өзі  жұбатып, алдап  келген  Мехмедтің  көзін  қасына  ерген  иті  жеткізеді. Сұлтанды  танып,  бір-ақ  қарғып, ыршыған ит  екеш  иттің  мейіріміне қарағанда адамның,  жай  адамның  емес,  әкенің  мейірімі түкке  тұрғысыз  екенін  көзге  шұқып  көрсеткендей  болады. Опасыздықтың  ең үлкені  сол опасыздығыңды да  жамандыққа баламаған меңіреулік пен  итжандылық  екен  деп  ой  түйдіреді. Тәңіріден  араша сұрап,  жан  дегенде  жалғызы  ұлы  Сұлтанның  айқайынан  қашып  келеді.

Т.Нұрмағамбетовтың   бұл  шығармасындағы  түрлік  ерекшелігінің  бірі  ¬осы  «АЙҚАЙ» дан танылады.  «Сонда ғана шаң қаланың төсімен,  / Айқай салып жүгіремін ішімнен. /Шұбыртамын санамнан да есімнен, /Күнәларды Құдай маған кешірген», –деп Ақберен Елгезек  іштей  айқай салып жырласа, Тынымбай Нұрмағамбетов тіліне, нәсіліне, ұлтына қарамайтын айықпас ауыр дерт алапес шынтуайтында тәніне  ғана  емес,  жан-жүрегіне,  жан-дүниесіне  алапес  дағы  түскен барша  адамзаттың баласының  АЙҚАЙЫН, авторлық Жан Айқайымен беруге ниеттенген.

    Гауһар САЯДІЛҚЫЗЫ,

филология ғылымдарының докторы

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.04.2024 | 21:39

Жақсы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір