Мархабат Байғұт. Құрдастан қорқу
30.07.2020
1192
0

«Тынымбай – менің құрдасым. Өткен ғасырыңыздың қырық бесінші жылы туғандар өте аз.  Сұрапыл соғыстан жүдеп-жадап, жараланып қайтқандардың балалары. Соғыстан жасы асып кетіп, майданға алынбай, ауылдағы ауыр бейнетті арқалаған ақсақал-қарасақалдардың ұл-қыздары. Тағысын-тағылардан там-тұмдап туған. Дегендей ғой. 1945 жылы дүниеге келген ақын-жазушылар да саусақпен санарлықтай-ақ. Біздің бірегей талантты, тетелес тәтелеріміз, яки көкелеріміз Дулат Исабеков, Төлен Әбдікұлы, Бексұлтан Нұржекеев, Кәдірбек Сегізбаевтардың, яки қырық екінші жылғылардың қатарлары қалыңырақ. Жиырма бес-отыз шамалас. Ал біз бес-алтау едік. Қаған атанған Жұматай, жетім өскен Жәлел Кеттебектер тым ертерек кетті. Ендігі қалғандары Темірхан Медетбек, Тынымбай Нұрмағанбетов, Серікбай Оспанов, Қайырбек Асанов (Күләштің күйеуі) қана. Темірхан тырқылдап күледі: «Мархабат, сен Тынымбай екеуіңнің беттерің біртүрлі, тасбақаның қарны сияқты»,  – деп. «Сен өзі сол тасбақаны шалқасынан жатқызып, жақсылап зерттеген секілдісің ғой, соғыстан соң іле-шала туған баланың беті қалай болмақшы?» – дейміз. Біз. «Менің бетімді қызыл шырайлы деседі», – деп сықылықтайды Медетбек мырзаңыз. «Түркістаннан қашып, Ақтау-Атырау сағалап, Каспий жағалап, уылдырық жеп уылжығасың да», – дейміз. Біз.

Ай, айналайын, алтын қаламды, асыл ойлы құрдасым-ай. Тынымбай-ай… Сен-дағы жетпіс бестің жотасына шығып үлгердің-ау. Мен сені алғаш мәрте Шымкентте көргем. Қатты қорыққам. Көзің де, көзілдірігің де қорқынышты екен. Қайда, қалай қарап отырғаның онша білінбейді екен. Темірхан тасбақаның қарнына теңейтін бет-жүзіңнен де анау-мынау мәселе мәністеле бермейтіндей. Алайда шымкенттіктер пір тұтатын, көркем сөздің білгірі Тәкен Әлімқұлов пен шынайылықтың шебері Нәсіреддин Серәлиевтің ортасында иық теңестіріп, миығыңды мысқыл түртіп, әдебиеттің әңгімесін әдіптеуіңнен қорыққам. «Мен неге Тынымбайдай емеспін?» деп торыққам. Ізденбекке зорыққам.

Бір күні кітап дүкеніне «Қарлығаштың кітабы» деген кітабың түсті. Шымкентте ғой. Бір сөре боп, ұзыннан-ұзақ тізіле сызылып тұрған жүз шақты жинағың бірер күнде өтті де кетті. Өзге бәзбір «ірілердің» кітаптары жылдап сатылмай тұра беретін еді ғой. Құрдасымнан тағы да қорықтым. Сонда. Бір мектепке кездесуге шақырды. Екі кластан елу оқушы отырыпты. Сегізінші сынып. «Балалар, Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Қарлығаштың ұясы» дейтін кітабын оқығандарың қол көтеріңдерші», – дедім. Әдейі. Еліктей елеңдеген елудің қырық бесі қол көтерді. Сонда. Одан кейін де Тынымбай талай қорқытты. Әлі қорқытудан танған емес. Былтырғы қазанда Астанада Азия жазушыларының форумында екі күндей бірге жүрдік. Бұрын тап солай қатар қадамдамағанбыз. Екі күндегі ерекше сезінгенім сол, менің ең сүйікті жазушыларымның бірі Сомерсет Моэмге ұқсайды екен. Ол классигіңіздің де бет-жүзі мәз емес. Әсіресе, болмыс-бітімдері, көзқарастары қатты ұқсайтындай. Моэм бүй деген ғой, шамамен: «Бүкіл әлеміңіз, күллі адами затыңыз жазушы шығармашылығының объектісі ретінде ғана жаралған. Мен адам атаулыға тек жазуыма қажетті материал ретінде қараймын». Кешірерсіздер, Астанадағы форумда Тынымбай құрдасым да сол Сомерсетіңіз сияқты, адамдарға солай қарайтындай көрінді. Қорыққаным рас.

Азия жазушыларының форумында Тынымбай «Періштелердің өлімі» деген жаңа кітабын берді. Қолтаңбасын қойып. Үйіме орала сала, оқуға кірістім. Ойы-ы-ба-а-ай! Қырғын. Жазушымын, прозашымын деп жүрген біз пақырыңыз әлгі кітаптағы әуелгі шығарманы оқып біткенше қалтырап, дірілдеп, шошынып, қорқудың көкесін көрдік. Қаламгер екенімізді естен шығарып, қатардағы қарапайым оқырманнан бетер қалтылдадық. Сенбе­сең­іздер, оқыңыздаршы. «Құрдастан қорқу» дегеннің гәбі мен кебі осы-тұғын. Оқымағанға обал-ақ.

Ф.Кафканың: «Біз өзімізді тістеп, шағып алатын кітаптарды ғана оқуымыз керек деп есептеймін. Егер оқыған кітабың тас төбеден бір ұрып, жойқын соққы бергендей әсер етпесе, онда оны оқудың не қажеті бар?» (Я думаю, что мы должны читать лишь те книги, что кусают и жалят нас. Если прочитанная нами книга не потрясает нас, как удар по черепу, зачем вообще читать ее?») деген сөзі ұнайды, келісем. Шығармаға қойылатын басты өлшем, негізгі талап осындай болу керек. Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Періштелер өлімі» – ондағы «Жылан уы» мен «Сәмбі талдың мұңы» хикаяты – бүгінгі күннің шындығын айтып отырып жаныңды сыздатқан жараңа тұз себетін сондай шыншыл да мұңлы шығарма.

«Жылан уы» сюжет құрылысы мен бей­нелілігі жағынан триллерге ұқсайды, финалы естен тандыра жаздайды. Адам сияқты қуанғанын, сөйлегенін, күлгенін ғұмырда ешкім көрмеген, қабағы түксиген қара кісі жылан уын алу үшін жұмыс іздеп жүрген қазақ жігіттерін болымсыз ақша, киілген киіммен мәз қылып, үш-төрт ай күтімін жасап, ұшқан құстың қанаты талатын Қызылқұмның аптап ыстығына бауырын қыздырған жыландар ордасына апарып, құдыққа түсіріп, жыланға шақтырады. Жылан уын сатып байып отырған, сол үшін зұлымдыққа баратын бұл типаж құбыжық бейнеде (монструоздық) көрінеді. Жалпы, «Жылан уындағы» әр бейне таныс, анық, бейнеттен ерте қартайған Шырай сияқты жеңгелер де, тіпті, ауылда той-томалақ болғанда бауырсаққа таласқан балалардың кір-қожалақ қолдары да көзге жылы ұшырайды, атмосферасы бөлек; Шертайдың айлығын жіберген сайын ауылдағы жеңгесін, бауырларын қуантсам деген мінезін айтсаңшы; ауылдағы келіншегін ұмытып, қысқа уақытта көңілдес тапқан ағасына өкпелеп жүрсе де құдыққа түсерде ағасы үшін жанын беретін сезімдері тірі, оқырманды еліктіріп, баурап әкетеді. Автор күнкөріс үшін қалаға жұмыс іздеп кеткен Шертай мен Байшұбардың ішіне үңіліп, оларды ажалға айдаған қара кісінің әрекеті арқылы адамның ішкі әлеміне тереңдеп қана қоймайды, адамның құны, қоғамның рухани құрылғысының проблемаларына көңіл бөледі, психологиялық реализм үлгісін көреміз. Байқасаңыз, автор әр шығармасында шындық айтады, ол – өзіміз мойындауға дәтіміз жетпейтін шындық. Анау жылан саудасымен айналысатын қожайын кім? Ол – шекарадан миығынан күліп жүріп өтіп алып, аңқау қазақты алдап жем қылып, теспей сорып жүрген келімсек. Осы жерде өзгелерге есеміз кетіп жүретін, өзіміздің аңғалдығымыздан сорлап қала беретін, асатпай жатып құлдық дейтін мінезімізге сырттан қарағанның удай ащы күйініші болатынын анық ұғасың. «Аға, мен бірінші түсейін», – деп аңқылдаған күйі жылан толы құдыққа түскен ақжелең Шертайды жыландар шағып өлтірді, бауырын өз қолымен жыланға тастағандай болған Байшұбардың одан әрі өмір сүруге қақысы да жоқ еді, (оқырман оған өз ішінен үкім шығарып отырады), ақыры ол өзін атып тастайды. Адам жанын әр қырынан қарастырып үйренген жазушы періште көңіл Шертайды құрбандыққа қиып, тым қаталдыққа барғанда, өмірде зұлымдықтың шегі жоғын аңғартқаннан бөлек оқырманының эмоциясын байқағысы келген де шығар, әйтеуір, сол уды өзің ішкендей боласың. Авторға сенгендіктен де соның бәрін – күйзелу, үрей, ыза, дәрменсіздікті өз ішіңнен өткізесің, оқырманды ана шеттен мына шетке лақтыра беретін кульминациясы әлдебір қорғансыздықты, айықпас мұңды сезіндіреді. Шығарманың ойдан шығарылған дүние екенін біліп отырсаң да автордың тұспалмен айтқан шындығына қарсы ештеңе дей алмайсың. Ол шындық – мейірім, адамгершілік жоғалған жерде, жер-әлемде қара түнек қана орнайтыны. Оқиғасы қарапайым басталып шарықтап кететін, ақыр соңында естен тандырарлық болып аяқталатын сюжетімен де, кедей-кепшіктің өлсе құны сұраусыз екенін жеткізіп, проблема көтеруімен де, жалпы стилистикалық эксперименттерімен де құнды. Осы себепті де Тынымбай Нұрмағанбетовты дәуірдің рухани ахуалын, классикалық жанрларын, бағыттарын, формаларын меңгерген, әдеби дәстүрлердің қалай дамитынын түсінген, мәңгілік сұрақтарды жаңа формада көру үшін өз сыни ойлауы мен эстетикалық талғамын дамытқан жазушы деп танимыз.

 Екінші хикаят – «Сәмбі талдың мұңы» да сол тоқсаныншы жылдарды, адамдардың сенімі, үміті күл-парша болған, құндылықтар өзгерген, ауыл қазағы үшін дүниенің желі оңнан да, солдан да соққан қиын кезеңді бейнелейді. Мұнда адам саны көп емес: Алдияр, қызы, жиені Женя–Жеткерген, ауыл адамдары. Басынан аяғына дейін Алдиярдың күнделікті тірлігі, ойлары, естелігі, қуанышы, мұңы беріліп, ауыл адамдарының көңіл-күйі арқылы сол кезең еске түседі. Әдетте басқа авторлар болса мұндайда кейіпкердің атынан бірінші жақта сөйлейтін тәсілді қолданар еді. Бірақ Алдияр туралы үшінші жақтан баяндау оқырманға ешқандай шектеусіз кейіпкердің ішкі әлеміне енуге мүмкіндік бергені анық. Автор үшін кейіпкердің жаны құпия емес, ол туралы бәрін біледі, ішкі процестерді егжей-тегжейлі бағыттай алады, кейіпкердің өзі байқай алмайтын немесе өзі мойындай алмайтын психологиялық күйін баяндайды. Жалғыз қызының бойжетіп, қыздармен қыдыруға кеткен сәттегі әкесінің алаң болған көңілі қандай қапысыз! Қыз күйеуге кетіп қалатын күнгі әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты беруде жазушы осы сезімнің тереңдігін, айрықша реңктерін асқан дәлдікпен суреттейді. Кейіпкермен бірге естелік еміп, кейіпкермен бірге мұңайғанда осы толқыныстың бәрі жазушылық қуаттың әсері екенін де ойлап жатпайсың. Бір жылдан соң қызы сәбиін (Зияданы) алып әкесінің үйіне төркіндеп келген жазды айтсаңшы. Сол жазда Алдияр бақша салып жүріп бір шаршамаған еді, туған үйін, әкесін сағынып жеткен қызының бұрынғыдай емес, ерекше әңгімешіл болып кеткеніне таңғалса да, кепеде отырып қызының қолынан ішкен шайына жетер шай жоқ, екеуара баяғы бірдеңелерді еске алып айтқан әңгімесіне жетер әңгіме жоқ, қызының әкесіне бұртиып еркелегені, перзентінің әкеге деген ықыласына жетер ештеңе жоқ… Алдияр үшін бұл ешбір ғажайыпқа теңгермейтін кез еді. (Осы сәтте кеудеңді сыздатқандай не әлденеге қамырыққандай жан дүниеңде неше қилы сезім болатыны және бар). Одан кейінгі жылдары тұрмыстың тауқыметінен жалғыз қызының қиналғаны, жиені Зияданың жүгенсіз кеткені, Жеткерген–Женяның нағашы атасының қасына келіп, ауылдың малын ұрлап, қалаға апарып сатқан қасиетсіздігі Алдиярдың жанын жасытты, түңілдірді. Одан бөлек қызының тауқымет шеккенін, жүнжіп қиналғанын көргісі келмегені анық. Флобер, Мопассан, Фолкнер сияқты психолог жазушылардың өз шығармаларында психологиялық әрекеттерді жүзеге асыру үшін адамның өз ішінде, өз кеңістігінде өмір сүру процестерін айқын көрсететіні сияқты, Тынымбай Нұрмағанбетов те кейіпкерінің неден тұйыққа тірелгенін, қалай күйрегенін оқырманның жан-жүйесіне әсер ете отырып сезімталдықпен баяндайды. Алдиярдың ең соңғы сәтте шарасыздықтан суға кетіп өлуді таңдағанын ақтай алмасаң да, оның ішкі әлеміне терең ену арқылы психологиялық талдау жасауға болар еді. Өзің дәтке қуат көріп, табан тіреп жүрген өмірдің мәні, мазмұны бір сәтте табан астынан жылжып кетсе, бүкіл дүние өзінің қалыпты қанық бояуынан айрылып, сүреңсіз кейіпке түсерін әркім-ақ мойындар. Жазушының тілі лексикалық, семантикалық және синтаксистік тұрғыдан ерекше, автор соншама мұңлы шығарма жазып отырып та өзіне тән юморын ұмытпайды, бұл, әсіресе, ауыл адамдарының мінездерін сомдағанда анық көрінеді.

Сонымен, өн бойында терең әлеуметтік-психологиялық тамыр бар, автордың күрделі ішкі әлемін, стилистикалық мүмкіндігін көрсететін, философиялық проблемаларды көтерумен ерекшеленетін «Періштелер өлімін» қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің үздік шығармасы дер едік. Екі хикаяттың да трагедиямен аяқталғаны бекер емес, біздегі қоғамдық сананың рухани матрицасының өзгеруінен соңғы жылдары қазақтың уайымы, мұңы көбейгенін жасыра алмаймыз. Бәлкім, соның бәрін көрсете білгені үшін де Тынымбай Нұрмағанбетовты оқитын шығармыз. Тынымбай Нұрмағанбетов оқыла береді. Ол – классика. (Классика адамдар мен тағдырлардың үлгісі болуымен қадірлі). Әдебиетті соншалықты құрметтемеу белең алған кезде де біз оны оқуды тоқтатпаймыз, оның әңгіме-хикаяттарынан тірі кейіпкерлерді кездестіреміз, өмірді бар бояуымен көреміз.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір