РОМАНДА ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ҚАЖЫТҚАН КӨНЕ ШАҺАР ТУРАЛЫ СӨЗ ҚОЗҒАЙМЫН
23.07.2020
1147
0

Былтыр Президент әкімшілігі мен Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қаласындағы Азия қаламгерлерінің форумы әдебиет әлеміне жаңа көпір салды. Біз сол күннен бері өзге елдердің атақты қаламгерлерімен болған сұхбаттарды үздіксіз жариялап келеміз. Бүгінгі қонағымыз Амар Митра – ұлты бенгал, үндістандық жазушы. Ол қазақ халқына, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше риза болып қайтыпты.

Амар мырза, 2006 жылы «Дхрубапутра» деген романыңыз үшін Үндістандағы ең жоғары әдеби марапат Сахитя академиясының сыйлығын алдыңыз. Бұл шығармаңыз қандай желіге құрылған?

– Мен өмірімнің 17 жылын Үндістанның Батыс Бенгал өлкесіндегі ауылдарда өткіздім. Ол жақта ұзақ уақыт бойы жаңбыр жаумай, құрғақшылықтың кесірінен халық қалай қатты күйзелетінін көзіммен көрдім. Жергілікті тұрғындармен бірге менің де жаным ауыратын. Бұл көріністер кейін өзіңіз атаған «Дхрубапутра» романымды жазу барысында маған септігін тигізді. Өйткені аталған туындымда 2000 жыл бұрын негізі қаланған Ужжайн деген көне қалада болған оқиғаларды сипаттаймын. Бұл шаһарда жазда да, қыста да, жауын-шашын жиі жауатын маусымда да болып, жаңбыр өте аз мөлшерде жауатынына көз жеткіздім. Көне үнді тілі санскритше жырлаған ақын Калидастың «Мегхадутам» («Бұлт хабаршысы») деген эпикалық туындысынан Ужжайн жиі-жиі шелектеп жаңбыр жауатын берекелі аймақ екенін оқығаным бар еді. Мен ойға батып, олай болса, қазір бұл өңірді неліктен құрғақшылық жайлағанын түсіне алмадым. Сөйтіп, Калидас жырында ақиқатты емес, өзінің арман-аңсарын жеткізгенін ұқтым. Ал мені шынайы өмір, табиғат пен қарапайым адамдардың тыныс-тіршілігі шабыттандырады. «Дхрубапутрада» ұзақ уақыт бойы аспаннан бір тамшы тамбай, құрғақшылық қинаған көне Ужжайн шаһары және бұлттардың сан алуан түрі жөнінде сөз қозғаймын. 2003 жылы жарияланған бұл романыма заманымыздың сыншылары классикалық шығарма деген баға берді.

2019 жылдың жазында Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда өткен Азия қаламгерлерінің форумында мінбеге көтерілгенде, мифтер жайлы сөз қозғағаныңыз есімізде. Неліктен бұл тақырыпты таңдадыңыз?

– Баяндамамды осы бағытта жасауды өзім шешкен жоқпын. Ұйымдастырушылар бекітті. Шығармаларымда мифтер жайлы айтылатындықтан, бұл тақырыпты өзім де қуана қабылдадым. Аңыз-әфсаналар мен мифтерді қарапайым адамдар – шаруалар, көшпенділер, біздің ата-әжелеріміз – ойлап тапқан. Жұрттың арман-қиялы мен аңсарынан туғандықтан, мифтер халықтың жаны деп ойлаймын. Мифтің астарына үңілсеңіз, өткенімізге де, бүгінімізге де қатысты талай сырды табасыз.

 

«АЗИЯ АЛЫБЫ» СЫЙЛЫҒЫ КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛҒАН АЗИЯ ӘДЕБИЕТІНЕ ЖАРЫҚ ТҮСІРЕТІН ЕДІ

Азия қаламгерлері форумының қандай пайдалы тұстары болды деп ойлайсыз?

– Бұл шараны ұйымдастырушылар Азия ақын-жазушыларын бір қолшатыр астына жинау арқылы үлкен іс тындырды. Біз бір-бірімізбен танысып, пікір алмастық, ой бөліс­тік. Бір-біріміздің нөмірлеріміз бен электронды пошталарымызды жазып алдық. Қазір хат жазысып, туындыларымызды жіберіп, араласып тұрамыз. Қазақстан Прези­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев өте орынды әрі өзек­ті ұсыныс жасағанын да айта кетейін. «Азия алыбы» сыйлығы тағайындалар болса, құрлығымыздағы қаламгерлердің шығар­малары күллі әлем оқырмандарына жол тартып, Азия әдебиеті де лайықты бағасын алар еді. Бұл көлеңкеде қалған Азия әдебиетіне жарық түсіретін алғашқы қадам болар еді.

– Үндістан – үлкен мемлекет. Сіздің еліңізде мұндай шараны өткізуге не кедергі?

Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Мұндай ірі форумды ұйымдастыруға шамасы жететін ұйымдармен байланысым жоқ.

– Үндістан билігі әдебиетке қолдау білдіре ме?

Мемлекетімізде бұқара 22 ұлттық тілді қолданады. Үкімет қаржыландыратын Сахитя әдеби академиясы осы тілдердің дамуы үшін жұмыс істеп, екі айда бір рет ағылшын тілінде «Үнді әдебиеті» деген әдеби журнал шығарады. Жастардың жазған-сызғандарын осында жариялауға мүмкіндігі бар.

– Қазақстанға сапарыңыздан қандай әсер алдыңыз?

Сіздің еліңізге алғаш рет барған едім. Нұр-Сұлтандағы Опера және балет театры, Конгресс Холл, университеттер, т.б. ғимараттар сәулетімен мені баурап алды. Қазақтар – ашық-жарқын әрі көмектесуге дайын тұратын ақкөңіл халық. Театрда біз тамашалаған қазақ операсы да маған қатты ұнады. Жалпы, Қазақстан жаңа заман өркениеті мен байырғы мәдениет тоғысқан бейбітшілік пен өркендеу мекені деп ой түйдім.

– Форумға дейін қазақ сөз өнерінен хаба­рыңыз болды ма? Аталған жиыннан кейін біздің әдебиетімізге деген қызығушылығыңыз арта түскен шығар?

Форум барысында қазақтың жас ақыны Ақберен Елгезектің кітабы қолыма тиді. Оқып қарасам, өлеңдерінде жаңашылдық пен көне, дәстүрлі сарын сабақтасып жатыр екен. Мысал ретінде «Жалғыз», «Тамшы мен тас», «Балкон» өлеңдерін атап өтейін. Ақберен поэзиясы – өзеннің ағысы секілді мәңгілік. Жырларындағы мұң мен жалғыздық менің жүрек қылымды қозғаған ақынмен форумда танысқан едім. Енді форумға дейін қазақ әдебиеті жөнінде не білгенімді айтып берейін. Жас кезімде Кеңес одағының баспалары менің тіліме аударып, шығарған қазақ халық ертегілерін оқығаным бар. Сонымен қатар Александр Пушкиннің бір шығармасынан қазақ даласының сөзбен кестеленген көркем суретін кездестіргенім есімде. Қазір заманауи қазақ әдебиетінің ағылшыншаға аударылған нұсқаларын тауып, жеке кітапханама қосуға тырысып жүрмін. Бәлкім, форумда танысқан кісілер маған көмектесер.

– Қанша тіл білесіз?

Ұлы ақын Рабиндранат Тагордың тілі – менің ана тілім. Яғни, бенгалша жазамын және сөйлеймін. Көптеген классикалық шығарманы бенгалшаға немесе Үндістанның өзге тілдеріне аударылған нұсқада оқыдым. Бірақ қаламгер өзін үнемі жетілдіріп отыру үшін ана тілінен басқа да тілдерді білуі керек деп ойлаймын.

 

…АТАЛҒАН АЙМАҚТА ҚАҚТЫҒЫСТАР МЕН ҚАНТӨГІСТЕР КӨБІНЕ ЖЕРГЕ ЖӘНЕ ӘЙЕЛГЕ ТАЛАСТАН БАСТАЛАДЫ

– Өмірбаяныңыз оқырмандарымызды қызықтыратыны анық…

Ата-бабаларымыз бұрын Бангладеште тұрғанмен, өзім 1951 жылы 30 тамызда Үндіс­танның Батыс Бенгал штатындағы Басирхат де­ген кішкентай қалада тудым. Балалық шағым Батыс Бенгал өлкесінің астанасы Калькуттада өтті. Осы шаһарда мектеп, содан кейін колледжді тәмамдап, химия саласына мамандандым. Әкем Асокекумар Митра мемлекеттік қызметкер болса, анам Радхарани Митра үй шаруасындағы әйел еді. Әкем секілді мен де өмір бойы мемлекеттік қызметте істеп, зейнетке шықтым. Қазір бүкіл уақытымды жазуға арнаймын.

– Ата-анаңыз шығармашылыққа жақын болмаса, сөз өнеріне қалай келдіңіз? Алғашқы шығармаңызды қашан жаздыңыз?

Тырнақалды прозалық туындымды 1974 жылы 21 жасымда жаздым. «Жәрмеңке жанындағы үй» атты бұл шағын әңгімем 200 данамен таралатын журналға жарияланғаннан кейін, менің кеудемде дүниеге әдебиет үшін келдім деген сенім пайда болды. Өйткені аға буын қаламгерлер әңгімеме жоғары баға берген еді. Содан бастап сөз өнері ғұмырым­ның мәніне айналып, әр кешім шырағданның жарығымен жазумен өтті. Тұңғыш шығармамды жазған сол 1974 жылы мен қызмет бабымен Үндістандағы Батыс Бенгал өлкесінің шал­ғайдағы ауылдарына барып тұрып, ондағы шаруалардың өмір сүру үшін қалай тер төгеті­нін, тіршілік үшін қалай күресетінін көрдім. Қарапайым халықтың тұрмысы мен өмірі және әсем табиғат мені шабыттандырып, жазуға деген ынтамды арттырды. Мысалы, жері жоқ шаруалардың өз иелігі болуы үшін қалай тыр­мысатынына, тіпті кей әйелдер күйеуін тастап, жері бар басқа ер адамға еріп кеткеніне куә болып, жаным түршікті. Аталған аймақта қақтығыстар мен қантөгістер көбіне жерге және әйелге таластан басталады. Өйткені ауыл шаруашылығы біздің негізгі кәсібіміз. Жұрт еккен өнімдерін сатып күн көреді. Ал ол үшін ең алдымен жер керек. Сонымен қатар халық арасында безгек ауруы кең тарап, ол қалыпты нәрсеге айналып кеткен еді. Бұдан бөлек 1978 жылы болған сұмдық құрғақшылық кесірінен көптеген ауылдың тұрғындары кіндік кескен мекенінен безіп, босып кеткені әлі күнге дейін көз алдымда. Міне, мен үшін өмір сабақтары осылай басталды. Мен Үндістанымды осылай тани бастадым. Бірақ мұның бәрін көрмесем, елімнің зілмауыр қасіреті мен қорғасындай қайғысын жүрегіммен сезінбесем, жазушы бола алмас едім. Жастық шағымның көп кеші мен түнін кеңседе отырып, ұлы классикалық шығармаларды оқумен өткіздім. Сол шақта мен өмір сүру үшін ағыл-тегіл дүниеге мұқтаж емес екенімізді түсіндім. Адамға бақытты болуы үшін екі үй не үш көлік алудың не керегі бар?! Маған қарапайым ғұмыр кешкен ұнайды. Мен үшін баға жетпес байлық – қалам, қағаз және кітап. Сонымен бірге, заман талабына сай, туындыларымды теру үшін ноутбук болса, маған сол жеткілікті.

– 1978 жылы шыққан алғашқы жинағыңызда не туралы жаздыңыз?

11 әңгімем енген тұңғыш кітабым әде­биетте үлкен жаңалық болды. 40 жылдан астам уақыт өтсе де, сыншылар мен оқырмандар сол жинақ туралы әлі айтады.

– 30 роман жазудан бөлек, 10 әңгімелер жина­ғын және балаларға арналған 4 кітап шығардыңыз. Мұның бәріне қалай уақыт таптыңыз? Күн тәртібіңізді айтып берсеңіз.

Жоғарыда айтқанымдай, 1974 жылдан бері шығармашылықпен айналысып келемін. Ірі көлемдегі бір роман жазуға 4-5 жыл уақытым кетеді. Мұндай мерзімде 6 үлкен роман жазып шықтым. Жалпы, жазуға күніне 5-6 сағат уақыт бөлемін.

– Сүйікті қаламгерлеріңіз кімдер?

Орыс әдебиетін оқып өстім және жетілдім. Антон Чехов пен Рабиндранат Тагор мен үшін әңгіме жанрының хас шеберлері. Ал Федор Достоевскийді оқып, роман жазуды үйрендім. Қазір Латын Америкасының әдебиеті көңілімнен шығады. Сонымен қатар, жапон жазушысы Харуки Муракамиді айрықша атап өтуім керек. Оның туындылары маған ұнайды. Әсіресе, «Жағажайдағы Кафка» – маңызы зор шығарма. Өлеңдерінде қала өмірі мен ауыл тіршілігін, көне мен жаңаны сабақтастыра білген бенгал әдебиетінің өкілі Джибанананд Дас (1899–1954) – сүйікті ақыным.

– Үнді оқырмандарына әдебиеттің қай жанры айрықша ұнайды?

Мемлекетімізде жастардың көбі фан­тастика, триллер жанрларымен қоса, қор­қы­нышты туындыларды жақсы көреді. Поэзияны жаны сүйетіндер де бар. Дегенмен, бүкіл елде көркем әдебиетті, классикалық шығармаларды оқитындар көп деп ойлаймын.

– Оқырмандарымызға қандай тілек айтасыз?

Әдеби басылымдар жас дарындарды іздеп тауып, оларға пана болуы тиіс. Жақсы дүниелерді жариялаңыздар. Оқырмандар кітапты талғамына қарай оқиды. Әр оқырман классикалық шығармалармен ауызданса, таным-түйсігі мен талғамы оң бағытқа өзгерер еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір