Молдахмет ҚАНАЗ. О дүниеге хат
23.07.2020
1461
0

(Алматы. Кеңсай. Қазақ КССР Ғылым академиясының академигі, Социалистік еңбек ері Ғабит Мүсіреповтің өз қолына)

(Жалғасы, басы мына жерде)

Оқи отырыңыз

Молдахмет ҚАНАЗ. О ДҮНИЕГЕ ХАТ

ДАУ ТУДЫРҒАН СӨЙЛЕМДЕРГЕ ОРАЛСАҚ…

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиы­ры» демекші, реніштің түп-төркіні қате болып тұр, өзіңіздің де басыңызда бар кәдімгі орфографиялық, грамматикалық, әріп, тіркес қателері. Қазақ баспасөзінде ескіден бар, бүгіндері молая түспесе, азая қоймай келе жатқан қарапайым салғырттық. Сонан кейін көрінеу көзге бұрмалау да кездеседі…

Ғабеке-ау, сіз көрсетіп отырғандай: «Басын шұлғып-шұлғып желдіреді» («Жұлдыз», 1984 ж., №4, 31-б.) емес, «Басын шұл­ғып-шұлғып жіберді» («Құм қойнау» 1984 ж., 163-б.). Тағы да түсініксіз құбыжық тіркес: «Ашқан ернін соза сермеп ытырына жөнелді» («Жұлдыз», 1984 ж., №4, 31-б.) емес, журналдан екі ай бұрын жарық көрген кітапта: «Сол сәт аяқтарын барынша еркін сермеп ытырына жөнелді» («Құм қойнау», 1984 ж., 163-б.).

«…Корректор қателері, баспадан кеткен қателер де баршылық болып келді. Осы жолы тәңірі жарылқағыр әдебиет ғылымының докторы Әбділхамит Нарымбетовтың қадағалауымен әрбір сүйекті шығармаларымнан 100-150, әрбір әңгімеден 10-15 қателер тауып, түзетіп жібердік. Кейбір қате кеткен сөздерді оқушы неғып көрмегеніне, сыншы неғып көрсетпегеніне таңғаларлық екен» (Ғ.Мүсірепов. Таңдамалы, Алматы 1980 ж., 9-10 б.) деп аң-таңсыз. Таңқаларлық түгі жоқ. Осындай-осындай қателер жіберу біздің қазақ баспаларының бойына сіңген төл шаруа. «Сыншылар мен оқырмандар қайда жүргенге» келсек, біріншіден, мәдениетті сыншылар біз тәрізді тіске жұмсақ жазарман болмаса, осындай кәкір-шүкірге бола сіз тәрізді беделді адамның жағасынан ал­майды, аулақтау жүреді, ал оқырмандар болса дәл сол жерге келгенде бүлдіріп отыр­ған баспа екендігін біледі де солардың бәрін авторға жауып, «жау шаптыға» салмай-ақ жұмысын тоқтатпай әрі қарай өздері түзетіп оқи береді. Мәселеңки, өзіміз оқырман ретінде «әттең» дейміз де әрі оқи береміз.

Еліміздің көз алдында тұрған сіздің сүйекті шығармаларыңыздан үйір-үйірімен: «100-150, әрбір әңгімеден 10-15 қате» кетіп жатқанда, түзетіп оқып беріп отыратын ғалымы жоқ, біз тәрізді сарауыздан жиырма-отыз қате кетпейтіндей не «жазығымыз» бар? Тағы да жарияланымға жауапты редактор өзі, болмаса корректорына не авторға қаратып алмаса… Жауапты редактор жауапсыз болып шықса…

Дұрыс айтасыз, Ғабе: «Мұндай сөйлем құрылымдарын боршалап жатудың өзі ұят. Әттең, осынша былықтырмаларды журнал редакторларының сезінбегендері үлкен өкініш!» («Қазақ әдебиеті» 1984 жыл, 21.12, №51).

Қателердің төркінін біле тұра оларды түгелдей автордың мойнына ілесіз, ағасы. Өз замандасыңыз, дәмдес досыңыз М.Әуезовтің 1953 жылғы: «…және кей баспалар, әсіресе біздің қазақша баспалар, «типографиялық қателер болар-ау» деп күдік дегенді еске алмайды. Көрнеу, сондай бадырайып тұрған қатені әдейілеп кеп жазушының ғана айыбына таңады» («Сын» журналы, 2008 ж., №1, 17-18-беттер) деген сөзіне де құлақ аспайсыз.

Шынтуайтында біздің бұл реттегі өкпе­міз сүрініп жығылатын қателерде емес, әдеби сауатты адам түгілі, қатардағы оқырманға белгілі сол бадырайып көзге ұрып тұрған қарапайым ағаттықтарды сонша дабыралап автордың мойнына жүктеп улатып-шулатуда, алаулатып-жалаулатуда.

Сіз сынға алдыңыз: «Шетте тұрған ақшап бие әукесін созып соған икемделе береді». «Әуке» деген бұқада ғана болушы еді. Енді жылқы баласында да пайда болыпты» («Қазақ әдебиеті», 1984, 21.ХІІ, №51). Сіз тараптан бір сөз қалды, екіншісі өзгертілді. Ал түпнұсқада олай емес, былай: «Шеттеп қалып тұрған ала шап бие әукесін созып соған икемделе берді». (Жұлдыз 1984 ж., №4, 33-б.) Бұл сөйлем кітапта «Шеттеп қалып тұрған ала шап бие мойнын созып соған икемделе берді». («Құм қойнау», Алматы, 1984 ж., 167-б.).

Біз түсінерде, қазақта бізден бұрын, бәлкім, сізден де бұрын, қолданылып ке­ле жатқан «әуке салу» деген фразеоло­гия – тұрақты тіркес бар. Әуке бұқада бол­ғанымен, оның мәні кеңейген. Түп-төркіні – бұқаның күйлеген қашарға не сиырға ұмтылып барып, әуке салып «көңіл білдіруі». Редактор қосқан бұл «әуке» сөзі ауыспалы мағынада тіпті жылқы түгіл адамға да айтыла береді.

Сіздің сыныңызға бақсақ: «…Молдахмет Қаназов құлындаған биені «аяқтарына мініп жерден әлдеқайда жоғары көтеріліп тұр екен» деп жазыпты» («Қазақ әдебиеті» 1984 ж., №51 12.12). Сөйлем үзілгенімен тұрмай мағынасы өрескел бұрмаланған, ағасы. Бұның түпнұсқасы былай: «Аяқтарына мініп жерден әлдеқайда көтеріліп тұр екен, тағы да зымырай жөнелуге талап етіп еді, дәу алдын кес-кестеді де, әлдеқандай оқыранған жағымды дауыспен тәк-тәк пейілін сездіргендей болды» («Жұлдыз», 1984 ж., №4, 21-б.). Біріншіден, басы ашығы – түсінгісі келген адамға аяғына қалт-құлт мініп тұрған бие емес, дүниеге жаңа келген титімдей құлын. Сөйлемді соңына дейін оқыған түйсікті адам құлынды әрі жібермей оқыранып тұрған енесі екендігін түсінетін болар. Қарапайым ұғымдарды ежіктеуге мәжбүрлеп отырсыз, «зымырай жөнелуге» ұмтылу дүниеге жаңа келген құлыншақтың, ал оны қауіп-қатерден қорғап оқырану оның енесі – биенің шаруасы. Аяқтары икемге келмей тәлтіректеу жаңа құлындап тұрған кебеже қарын биеге емес, дүние есігін енді ашып, бейтаныс әлемге аң-таң боп жүрегі алып ұшқан құлынға таңсық. Онсыз да төрт аяғына мініп тұратын биені жазып несіне арамтер болмақпыз. Бие зымырай алмайды, жаңа ғана құлындап, қалжырап тұрған пақыр зымырауды армандай да алмайды. Осылай көрінеу көз бұра тартуды сын деп емес, зорлық деп қабылдаймыз.

«Ене бауырына жармасқан мына бір жұлмаланған сұр күшіктердің ертең-ақ ая­ғына мініп сирақтары серейіп, .. шыға келетін..» (Ә.Нұрпейіс «Сондай да бір түн болған», Алматы, 2015, 155-б.).

Қатардағы да жазарман емес, филология ғылымының докторы тағы бір ініңіз былай деп жазады: «Үлкен театрда актриса болып қызмет ететін әйелі еш нәрсеге алаңдамай, ұйқысын қандырып тұру үш­ін елең-алаңнан аяғына мініп көшеден үнемі сүт сатып әкеліп, шайын қойғасын, дастарханын жайып, ертеңгі асын әзірлеп қояды» (Т.Сыдықов, «Жұлдыз», 2019 ж., №5, 206-б.).

Бұл да тұрмыста қалыптасқан, қолданыста бұрыннан бар тіркес. Біз түсінерде, жануарлар ғана емес, адамдар да аяқтарына мінеді.

«…көк құнан үстінде бала-шаға емес, дардай адам – иесі қышқыртып төбесіне қамшы үйіріп қояды». «Содан соң күзге қарай үйірге түскен».

Осы тұста азырақ аялдап, есі дұрыс қазақ құнанға мініп, аламан бәйгеге түспейтінін, жас құнанды үйірге салмайтынын айта кетейік» («Қазақ әдебиеті», 1984 ж., 21.12, №51).

Бұл тұсқа біздің де аялдауымызға ұлықсат еткейсіз. Алдымен айтарым, асауға бала-шаға емес, ересек кісі бас үйретеді. Жылқы өз иесіне осылай бауыр басады, тақым қысуынан, жүген қағудан-ақ түсінеді, өзгені жатырқайды. Кез келген міне шабатын шобыр емес, есті де сергек сәйгүлік әу бастан осылай ерекше камқорлыққа алынады. Бұл ауылда өскен бұрынғы да, қазіргі де жүгірмектердің бәріне әйгілі жайт.

Онан кейін шығарманың түпкі идеясын түсінгісі келген оқырман бұл жылқыға иесінің әу бастан-ақ бауыр басуы сән емес, көркемдік қажеттілік екендігін біледі. Білмесе, білуге тиісті.

Ақан серінің Құлагерін жоқтап зарлауын еске сап басыңызды ауыртып қайтейін, мерейі осындай жануармен өсетін атқұмар қазақ теңбілкөк тәрізді қасиетті жылқыны ерекше қадір тұтады, жанына балайды, жан жарынан кем көрмейді, оған мал деп қарамайды, оның айғағы – бала-шағаға, әйелге, мал қадірін білмейтін алақұйын есірік кісіге мінгізбейді, өзгеден қызғанады, өзі ғана бас білдіреді. Бас білдірген соң асаудың бастығырылуы деген кезең бар. Сіз дәл осы кезеңді кәперге алмай отырсыз. Бұл кезде де ноқтаны бөтен адамға ұстатпайды. Ұстатпайтыны бейтаныс адам қасиетті малдың басы-көзіне қамшылап, өкпесіне тепкілеп, малдың мінезін шығарып алуы мүмкін. Сол мінез сүйегіне сіңіп, жалтақ, жасқаншақ не алыпқашпа боп сәйгүліктің қадірін кетіреді, қасиетін жояды.

Сіздің сөзіңізге имандай ұйитын оқу­­шыға иесі теңбілкөктен түспей көнтақым боп мал тауып жүрген тәрізді. Мүлде олай емес. Жазулы тұр. «Алыстан қолтығы сөгі­ліп қайтарылатын бәйгеде үстінде қауырсындай ғана жеп-жеңіл бала отырмақ» (Жұлдыз», 1984, №4, 35-б.).

Біз бұл жерде «аламанды» бәйге тігілген жарыс мағынасында қолданған болатынбыз. Жұрт дүбірлі шабыс деп ойлауы мүмкін екен, құлақ асуға болады, алып тастадық.

Бізге Бауыржан Момышұлы ініңіз арқылы жеткен бір әңгімеде былай жазулы тұр: «Бір адамның үш рет бәйгеден келген құнанын Абай жүз қойға сатып ап, жеті байтал тобына қосады». Сол құнанды Құнанбай тағы бір құнанмен жарыстырады. («Қазақ әдебиеті», №34, 30.03.2019).

Сол заманның өзінде тай жарысы бол­ған, онысымен қоймай дөнен де емес, белді құнанды байтал үйіріне қосқан. Біз емес, Абай қосқан.

Ат қызығына тоймаған қазақтың тай, құнан, дөнен бәйгелері, жорға сүріс (жарыс емес, «сүріс»), тоқ бәйге, қашықтан тартатын ең бір күрделісі аламан атты бәйгелер күні бүгінге дейін тоқтаған жоқ. Көз алдымызда Қазақстанның түкпір-түкпірінде өтіп жатыр.

Тағы да сіз көрсетіп отырғандай, иесі құнанды үйірге салған жоқ, «жайлауда жайылып жүрген үйірге ноқтасын сыпырып қоя берген еді» («Жұлдыз», 1984 ж., №4, 32-б.). Үйірге салу мен «ноқтасын сыпырып қоя берудің» арасы жер мен көктей. Сонда тұр. Үйір иесі Ақбақай айғырдың өзінің меншікті үйіріне жолатпай бұны қуып жүргені. «Сауырына тағадай болып дақ түсті». «Екеуінің өрелі оты жанбай қойды» деп әу бастан ап-анық жазған болатынбыз. Одан әрі: «Енді үйірге еркін араласып кете алмай қорғалақтап шеттей береді. Қасында екі-үш жабағы, анадай жерде бөлек «отау тігіп»» әйтеуір үйірден қара үзбейді» («Жұлдыз», 1984, №4, 32-б). Теңбілкөк үйірдің иесі емес, оның маңында.

Құлын теңбілкөк: «Екі бірдей жайсаң жазды шығарып салды, екі бірдей қарлы да борасынды қақаған қысты өткерді» («Жұлдыз», 1984, №4, 25-б.). «Екі жыл бойы басына құрық тимеген» («Жұлдыз», 1984, №4, 26-б.).

Шығармада сіз (егер сіз болсаңыз – М.Қ.) көзге ілмеген мынадай сөйлемдер тұр: «Күн – аптаға, апта – айға, ай жылға ұласып жылыстап жайбарақат өтіп жатты. Жаз соңынан күз, күз соңынан қыс, одан кейін сағынтып болса да жаймашуақ жаз қайта оралатын» («Жұлдыз», 1984, №4, 34-б.).

«Теңбілкөк дөненнің буын-буынын желік қуалады» («Жұлдыз», 1984, №4, 32-б.). Демек қазір айғырлармен бәсекелес. Енді қасиетті малды талауға түсіріп қоя алмайды, сонан кейін барып иесі «Теңбілкөкті жаңа жас үйірге әкеп қосқанда әбден-ақ бабында тұрған» («Жұлдыз», 1984, №4, 33-б.).

Сіңір мен қарттың жұмсағына келейік. Сіз сынға алған: «сіңірі жуантып кетті» деген тіркес жоқ бізде, Ғабесі. «Қысқа сыпсың кейпінен арылып сіңірі жуантып түсті» («Жұлдыз», 1984, №4, 32-бет) деп жазғанымыз рас. Бұныңыз сіз бұра тартып отырған әлігі емес, кәдімгі жіліншікте болатын зат, орысшасы «арматура» дегенге келеді. Біз жануардың қысқа толысып, қоңданып түскенін айтып отырмыз. Ал ғылымға тоқтар болсаңыз: «Сіңір деген мүшелерді байланыстырып тұратын ақшыл сары мықты зат…» («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы, 2008 ж., 768-б.).

Абай жазады:

«Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,

Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.

Жер соғарлы, сіңірлі, аяғы тік

Жауырыны етсіз, жалпақ, тақтайдай-ақ» (Абай Құнанбайұлы, Алматы, 1961 жыл, 95-бет).

 «Сіңірлі жуан аяғына міне сала шәугімдей басын жоғары көтеріп, түндегі дауыл шудадай түтіп дал-дұлын шығарған бұлтқа қарады» (Ә.Нұрпейіс «Сондай да бір түн болған», Алматы, 2015, 163-б.). Бұл жерде сіңірлі аяғына мініп тұрған жылқы да, адам да емес, көкжал бөрі.

Сіз жатырқап отырған сіңірді тұрақты қолданып жүрген жазушы ініңіздің бірі – Қадырбек Сегізбаев. «Сөйтіп Уалидің жүйрігін жетегіме алып, астыма жуан сіңір ұзақ жолға шыдамды ат міндім» («Жұлдыз», 2011 ж., №5, 21-б.).

Мұншалық мысалдар қазақ шығармашылында ырғын. Ат басын осы жерден тарталық.

Өзіңізге тән юмормен (Егер өзіңіз болсаңыз – М.Қ.) осы «сіңірі жуантып» түсті, «қарттың жұмсағын кертіп жеп, жылысын жалап жүрген» (М.Қабанбаев) тақілеттес тіркестердің тұстарынан өте алмай айналшықтап тұрып қаласыз. Қазақта олай да бұлай түсінуге болатын қос мағыналы иірімдер жетіп артылады: солардың бәрін өз ыңғайымызға салып бұра тарта берсек, сөз, оның арғы жағындағы шығарма атаулыда мән-мағына қала ма?

Марат қазақ сөзіне жаңа мағына беруге құштар, онысы ойнақы да сәтті шығып жүрген талантты жас жігіт болатын. Сіз сөздің жаңа мәнде баюын жатырқап, ондайды қабылдай алмай алдын кестіңіз. Бұл сын әсершіл жастың жанына қатты батқан тәрізді. Сол баяндамадан кейін-ақ көргенмін. Қызуқанды ініңіз лезде-ақ «буырқанып» алыпты. Удай. Аяғы тепкішекте, оң қолы баспалдақтың жақтауында. Жоғары ұмтылады. Біреуге айтпақ сөзі бар тәрізді. Залда оны тыңдайтын жан қалмаған. Сол артықтау сыныңыз жүрегіне батып, жас адамның өмірін қысқартып кетпеді ме екен деп те ойлап қоямын.

Таңқаларлығы, сіз тараптан бұл жігіт иесін өлтіріп ап қаңғып қалған сәйгүліктің ізіне неге сонша түсіп шала бүлініп отыр деген сауал көрінбейді.

Қайтерсің, техникалық қате атаулыны мұрнынан тізіп, бардың өзін бұрмалап отырған кісіден шығарманың мұрат-мақсаты жайында әлдеқандай пікір күту де артық тәрізді.

Шығарма түсіндіру үшін емес, түсіну үшін жазылмақ. Осы жерде аздап өз шығармамызға делдалдық етуге мәжбүрлеп отыр­сыз.

Сіздің сөзіңізге бақсақ, атам заманнан, оның ішінде Абай да бар, атам қазақта келе жатқан кәдімгі «сіңірді» біз пайдалансақ, сұмдық екен, Абай, оның әкесі Құнанбай тай жарыстырса мақұл да біз тай жарыстырсақ, оғаш екен, біз тайға таңба басқандай тіршілікке ұмтылған құлыншақ деп жазып отырсақ, сіз оны көрінеу көзге оқырманға бие деп көрсетіп, авторды әшкерелегіңіз келеді.

Иесінен айырылып атажұртын аңсап жеткен бейшара саяқты әскерилер біресе бронетранспортермен, біресе ұшақпен дірдектетіп қуалап жүр. Ол өзі туып-өскен өлкесіне, атажұртына жат. Егер кейіпкердің кіндік қаны тамған атажұрты Сорбұлақты космодром деп нақты атын атап көрсетілер болса, көлеңкесінен үркіп отырған редактор бұл әңгімені жарыққа шығарар ма еді?

Елу жылдан бері жері-суы, ауасы түгелдей үйітіліп келе жатқан айлақ әлдекімдерге бақ болса бақ шығар ал атажұртында отырған жергілікті жұртқа – сор. Әлдеқандай майбұлақ, көгілдірбұлақ, ақбұлақ та емес, Сорбұлақ. Бұл мәселенің ашық талқыға түспейтін ауыр, астыртын жағы. Өз астанасына тіркеуге тұра алмай, өгейлік көріп, ана тілінде оқи алмай сарсаңға түсіп жүрген талай көгенкөздерді өзіңіз көрген жоқ па едіңіз?

Репрессия – жаппай саяси сүргін – әлдеқашан әшкереленген. Бүкіл Одақ болса қайта құру, жариялылық десіп, әр ұлт өз мұңын мұңдап шуласып жатыр. Үй іргесінде болып жатқан осындай ұлттық кемсітушіліктерге сіз тарапынан бір ауыз сөз естіген емеспіз, ағасы. Селт еткен жоқсыз. Атақ пен даңққа малтығып мажыражай жата бердіңіз.

Оппаға жығылып, өз иесін өзі мертіктерген. Бұл да теңбілкөктің мойнында. Көп куәнің бірі өзіңіз. Ел жоғын жоқтаған қазақтың талай елбастар марқасқа азаматтарын қазақтың өзі құрбандыққа шалғаны жалған ба?

Сондықтан бұндай ерекше сәйгүлік соғымға келмейді, өз ажалынан да өлмейді, ерекше жандарды дұшпандары талайды. Теңбілкөк үшін өзге өлімдердің бәрі де абыройсыздық. Тізгіні жатжұрттықтарға кеткен халықта болашақ жоқ, кейіпкердің ақыр-соңы бір үйір қасқырдың талауына түсетіні сол.

АВТОР МЕНІ «АТАМЫН» ДЕГЕН

Сонда не болды? Шығарма жазып, кім үшін арамтер болып отырғанбыз? Мүлде түсінбей қалдық қой, ағасы. Бұның бәрі, анығы, жұрт аузына қарап отырған салиқалы да өрелі адамның емес, авторға әлдебір өші бар, әйтеуір мін табуға мүдделі, есепке құрылған жала сынға келеді де тұрады. Басқаша ойлай алмайсың.

Сіздің өз басыңызда біз тәрізді сарауызға соншалық құсыңыз түсетіндей не бола қойсын, қолтығыңыздың астында бөгде, бөгде болғанда да қалайда осы авторды тұқыртуға мүдделі біреу отырған тәрізді.

Жасы келген кісіге оңай шаруа емес, баяндама жасап тұрып, ентігіп шаршап біраз демалып алдыңыз. Көп шығарма ақтарып шалдыққаныңызды айттыңыз. Сол кезде «Жазушы» баспасынан шықпақшы соңғы «Жат қолында» романыңыздың редакторы, сіздің үйге барғыштап жүрген Құрал Тоқмырзин ініңіз былай деп куәландырады: «Жасы 85-ке толып отырған кісінің қуаты қанша кітапты саралап оқуға жетеді? Кітап деген үйіліп жатты үйінде. Олардың бетін ашып отырған Ғабеңді мен көрмедім. Мен барсам, басқа бір қағазды шимайлап отырушы еді. Кейін бір кітапты саралап оқымаған Ғабең қазақ жазушыларының тілі туралы ұзақ баяндама жасады. Далбаса! Өзі жек көретін, өзінен атақ-абыройы асып кетеді-ау деп қауіп алған кейбіреулерді сынаған болды. Әрине, баяндаманы да жазып шыққан жағымпаз қолшоқпарлар екені белгілі» («Үш қоңыр» №9, 16.03.2011).

Осы жайттарды қаперге алғанда, бізде мынадай күмән бар. Сіз бұл баяндаманы дайындау үстінде жаныңызға көмекші алған тәріздісіз. Білер болсақ, бұлар сіздің өз сөзіңіз емес, тасада тұрған сол көмекшіңіздің сөзі. Сіздің дәрежеңізге жараспайтын майда сөз.

Мен сол кезде шатақ ордасы – «Жалын» баспасының тұңғыш кітаптар шығаратын жалғыз редакциясында қызметтемін. Қолжазбалар сапырылысып түсіп, қайтарылып жатады. Бүкіл Қазақстан бойынша бұрыннан кітап шығара алмай жүрген талайлардың бізге деген өкпелері қара қазандай.

Күндердің күні үш-төрт қадақ, қасиеті қара су қолжазба алдыма келген. Автор баспа атаулы «бекіністі» творчествосымен емес, кеудемен бұзып жүрген, түу жоғарыдағы кісіге күйеу не құда болмаса ішкен асы бойына тарамайтын, зиялы қауым атаулыға шіркін боп біткен белгілі жүйрік болатын. Себебі өзіңізге мәлім, бұл жігіт үнемі сіздің жаныңызда жүреді. Қолжазба менен бұрын да рецензияланған. Басшыларым даукес қызылкөз пәледен тікелей өздері емес, біздер арқылы жайбарақат әрі мәдениетті құтылғылары келеді, бірақ әкімшілік тәртіп түсірмейді, нұсқау беріп ашып та айтпайды. Бірінші әрі-сәрі пікірге тоқтамай, екінші редакторға ұсынып отырғандары сол. Біздің пікіріміз барынша адал творчество. Басшылардың ығына жығылғандықтан емес, анығын жазып бердік. Шығарма жарамсыз. Автор мені «атамын» деген. Ошақ басында отырған соң кімнен не есітпейсің. Алла қорған боп атылмай да, асылмай да аман-есен келеміз. Бұдан, әрине, сіздің хабарыңыз жоқ. Шығарманың негізгі мақсатын былай қойдық. «Саяқтан» бастан-аяқ тырнақ астынан кір іздеп, көзге ұрып тұрған орфографиялық қателердің өзін жалаулатып, мәтінде жоқ сөзге дейін қосып, сөйлемдерді жырымшылап дабыралата жөнелтуіңізге қарағанда, сіздің көмекшіңіз сол ініңіз болды-ау, шамасы. Оңтайы келіп тұрған сәтте дұшпанын мұқатуға сөзі уәлі адамды пайдаланып отыр.

Бұл біздің болжам. Адамдар арасында бола беретін кәдімгі пақыршылық. Өштес адамның мақсаты орындалды. Енді дәлелденуі мүмкін емес жайт боп кетті.

Біз білерде, өзіңізді төңіректеп жүрген ініңіз абыройыңызға кір келтірді. Іс бітті – қу кетті. Одан төңкеріліп қалған дүние жоқ, таң атып, күн шығып жатыр. Алайда шығармаға обал.

ШЫҒАРМАНЫҢ ИДЕЯСЫ НЕ ЕДІ?..

Қашаннан өзімізді қор, өзгені зор тұтып қалған халықпыз ғой, ләміңізге бақсақ, бұл әңгіме С.Томпсонның «Мустангысының» көшірмесі. Жасөспірімдерге арналған «Мустанг» натурал шығарма. Натурал бола қалсам, жылқыны жазған соң сиырды, сиырдан соң еңбегі – еш, тұзы – сор есекті де жазуға міндетті боп шығам да… Мен әу бастан натуралист емеспін.

Бастысы, С.Томпсоннан кейін жылқы туралы жазу артық, шаруа осымен бітті деген ойдың өзі артық, Ғабесі. Мүлде оғаш ой.

Сіз осы сөзді айтқаннан кейін де бұл тақырыпқа тоқтау болған емес. Тізе берсең, әңгіменің дәмі кетеді, содан бері жылқы жайлы талай шығарма жарық көрді. Әрқайсысының көтерер өз жүгі бар. Бұл дәстүр біздер үшін табиғи болғандықтан тоқтау салу мүмкін де емес, мүмкін болмайтыны жылқы дегеніңіз қазақтың жаны.

Шүкір, сіздің бұл пікіріңізге қосылмайтындар да шықты.

«Дегенмен ол жазған «Жабайы жорға» мен Молдахмет Қаназ қаламынан туған «Саяқтың» аспан мен жердей айырмашылығы бар. Соңғы шығарма символикалық мәнге ие».

«…Арғы жақтағы бір астарлы мәнге. Түйсік жетегімен шығарманы сырғытып оқып келе жатқаныңызда теп-тегіс жол үстінде аяғыңды әлдене әнтек іліп кеткендей немесе стол үстін сипаған қолыңа бүртік тигендей елең еткізетін артықтау бір-жар сөз бар. Ол иесінің теңбілкөкті «бейбіт достық пен бірлікке, татулыққа шақыруы». Жылқының құлағына кірмейтін әнтек лепес. «Мынадай ерттеп алған қорлық пен зорлық үстінде қаншалықты достық, татулық болмақшы еді, бәтір-ау?» Түйсікпен ғана тіршілік ететін хайуанға саналы қоғамның ұранына айналған асқақ ұғымдардың қатысы не? Бұны – «теңбілкөкті империяның тақымының астында тізгінделіп, ерттеліп жорғалауға мәжбүр болған ол кездегі Қазақстан» деп оқығанда ғана селт етесіз. Қымс етсе адам үркітуге жұмсалған «ұлтшылдық», жуасытуға арналған «интернационализм», «ұлы халық», «татулық» шын шебердің қолынан шыққан дырау өзегіндегі қорғасындай қыбы табылып, елеусіз жасырылған. Шығарманы түсінгісі келген кісіге кілт осы. Бұл кілт еленбесе, кәдуілгі жайт – бәрі де түсінікті хайуан туралы қарапайым шығарма болар да шығар еді».

«Демек, Теңбілкөк – қазақтың көркем образы!»

«Молдахмет Қаназ «Саяқ» әңгімесіндегі Теңбілкөк образы арқылы қазақ деген бүкіл бір халықтың қасіретін көрсетті». («Құлама құз, қара жер», «Баспа» 2017 ж., 269, 270, 271-бб.),

Әңгімені оң қаратып дұрыс оқып отырғандар сіздің немерелеріңіз деңгейлес жаңа, жас ұрпақ өкілдері Бегабат Ұзақов пен Ахмет Өмірзақ. Әйтеуір бір-жар сыншы болса да негізгі идеяны қаққан екен. Аздап шүкіршілікке келеміз.

Түгелдей сынға құрылған баяндамаңыз күңгірт, үмітсіздеу болып шықты. Өзіңізден кейінгі қазақ әдебиетінің ауыр жүгін көтеріп келе жатқан талай-талай інілеріңіз бар-тын, бір де бірінің аты аталмады. Сөзіңізге бақсақ, сізден кейін қазақ әдебиеті құдды бір құрдымға құлдырап бара жатқандай. Дамудың жаңа тенденциясы туралы бір ауыз сөз жоқ. Елегіңіз келмейді. Немесе әлдебір жасқаншақтық бар тәрізді.

Осымен біздің сөз тәмам. Алғаулық алмағайсыз, Ғабе.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір