Молдахмет ҚАНАЗ. О ДҮНИЕГЕ ХАТ
23.06.2020
1878
3

Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің әйгілі «Авгийдің атқорасынан бастайық» мақаласының «Қазақ әдебиетінде» жарық көрге­ніне 35 жыл өтіпті. Сол кезде елге таныла бастаған жазушылардың тіл қолданысына сын айтқан бұл мақала туралы әдеби орта ғана емес, тұтас қоғам әредік сөз етеді. Оған бүгінгі әдеби тілдің (күнделікті қолданыстағы баспасөз бен көркем әдебиет тілі) шұбарлануы, бірізді қолданылмауы, жүйесіз тіркестер, орашолақ сөйлемдер себеп. Әйткенмен, ұлы қаламгердің сол мақаласындағы кейбір орынсыз лепеске қарсы көзқарас­тың да бар екені шын. Белгілі жазушы Молдахмет Қаназдың Ғабеңе – Ғабит Мүсіреповке жазған бұл хаты да соның бірі. «Қазақ әдебиеті» жылдар бойы талқыда келе жатқан мақала жөнінде жазылған «О дүниеге хатты» ұсынуды құп көрді. Әдебиет – қашанда түрлі пікірдің алаңы. Әр сөздің өз жауапкершілігі бар екенін де ұмытпаған абзал…

(Алматы. Кеңсай. Қазақ КССР Ғылым академиясының академигі, Социалистік еңбек ері Ғабит Мүсіреповтің өз қолына)

 Құрметті Ғабе!

«Апам да таң, мен де таң» демекші, баян­дамаңызды тыңдап болған соң, сіз көр­сетіп тұрған нәрселерге өзім де түсіне алмай, әңгімені тағы бір қарап, «Жұлдызға» барып, қолжазбамды көргім келгенін айтқам. Ондағылар бізге қолжазбалар көп түседі, олардың бәрін бірдей сақтай алмаймыз. Осы санның кезекші редакторы Софы Сматаев қазір жоқ, ЦК-ға ауысқан, деп сырғақтатты. Әдейі жасады деуге ауыз бармайды, не де болса соңын тиянақтамай кеткен. «Өзгенің жоғын түйенің үстінде жүріп іздейді» деген осы. Енді тікелей үстерінен қарайтын кісіге сіздің кінәңізден осылай болып қалыпты деуге бұндағыларда қауқар қайдан болсын, бет моншақтары төгіліп тұр.

Біліп отырмын. Сіздің әдебиет жайлы мақалаларыңыздан тұратын жинақты «Жазушы» баспасы жарыққа шығаруға дайындап жатыр. Бұл баяндама соған енеді, әрине. Қай кітаптың болмасын жауапты редакторының міндеті – қолжазбаның артық-кемін түзеп, олқы тұстарын тол­ты­рып, оқырманға барынша мүсіндей етіп ұсыну.

Молдахмет Қаназ

Ғабеңе жазылған алғашқы хат

Жазған құлда шаршау бар ма, қолымда – баяндамаңыз бен түзетілген «Жұлдыз» бар, кеше ғана өзі оқып, қол қойып жіберіп отырған кітап, қателері мұрнынан тізілген бөлек бір бет қағазым, «Жазушы» баспасы проза бөлімінің меңгерушісі Мағзом ағама барғам. Осындай да осындай. Міне, көріңіз. Қателер мынау, сыншы тірі. Редактор үлкен кісіге көрсетсін. Мақаласының түзетілгені дұрыс. Ағайым қағаздарыма көз де салмады. Сөзі де қасаң. Қулана жымиғанына қарағанда, бұлардың сол күйі кете бергенін де жөн көретін тәрізді. Әңгіме қысқа. «Ол біздің шаруамыз емес. Ғабеңнің өзінен қағаз алып кел». Бұлар үшін сіз – пайғамбар – көлеңкесінен қор­қады. Сіздің сол жинағыңыз «Өнер алды – қызыл тіл» деген атпен «Жазушы» бас­пасынан 1986 жылы шықты. Баяндама мұрты бұзылмай сол күйі кетті. Оны «Жалын» баспасы бұлжытпай 1987 жылы қайта басып шығарды.

Сіз қабылдауға келіспестен он ай бұрын қаңтардың екісінде өз атыңызға хат жазғам. Жанында айғақ есебінде ұсынып отырған «Жұлдыздан» екі ай бұрын 1984 жылдың 23 ақпанында шыққан «Құм қойнау» кітабы. Бандероль тапсырыспен жіберілген. Үйлеріміздің арасы таяқ тастам. Жаяу жүрсе де жетті. Машинкамен үш бет хатта журнал тарапынан кеткен барлық қателер мұрындарынан тізілген: «49 жерде әріп қатесінен сөз мағынасы бұзылған, 89 жерде сөз түгелдей түсіп қалған, 11 жерде сөз алмасқан, 2 жерде жартылай сөйлем қалған, 1 жерде түгелдей тіркес алмасқан, 11 жерде тыныс белгілік қате бар болып шықты» (Кейін қарағанымда бұларыңыз одан да молая түстіМ.). Сәлем соңында: «Сөзіңіз ықпалды, құқығыңыз биік адамсыз. Журнал қызметкерлерінің кінәсінен кеткен осы бір ағаттықты баспасөз арқылы қалың оқырманға анықтап беруіңізді кішілік әрі інілік ниетпен өтінемін» деген есекдәме болатын. Көктем келді, жаз өтті, күз де кетіп барады. Алдымыз қыс, ләм-мим хабар жоқ. Сонан ағамызбен бетпе-бет сөйлесіп көрейінші деген талап еді бізде. Өзге бұйым жоқ, жалғыз шаруа осы. Біздің түсінуімізше, үлкен кісінің алды кең болмақ…

Ғабеңе шалған қоңыру

Күнін ұмыттым, мейрамнан кейін те­лефон шалғам. Өзіңіз келмедіңіз. Ара­дағы әйел «кейінірек хабарлассын» деген сәле­міңізді жеткізді. 21 қарашадағы қоңырауға өзіңіз келген соң қысқаша мән-жайды айттым:

– Уақытыңыз болса, денсаулығыңыз жараса, он-он бес минутқа ғана кіріп шық­сам ба деп ем…

– Иә… иә… Ың… Ың… Сен келесі аптада звондасаң…

– Жарайды, аға.

Тұтқаны дереу қоя салдым. Бұл жауап­тың өзі олжа.

Қарашаның 26-сында толық бір апта өтпей ме. Тұрып, жуынып-шайынып шайыңызды ішіп болдыңыз-ау деген шама – түс әлетінде хабарласқам. Тұтқаны шапшаң сөйлейтін әйел көтерді. Дауысынан жас адам-ау деп ойладым. Қысқаша кім екендігімді, сізге кіріп шыққым келетінін айттым. Әйел әрі кетті. Сәлден соң телефонға өзіңіз келдіңіз. Сәлем беріп, шаруамды қайталадым.

– Ә… ә… – Дауысыңыз қарлығыңқы әрі баяу. Кідіріс болды. – Ә…Ә… Ертең қай күн?

– Сәрсенбі, аға.

– Онда ертең он бір, он екілерде келші…

Қолымдағы қағазға қарадым.

– Адрес Виноградов 49, дроб 131, пәтер 25 қой?

– Пәтер жиырма бес.

– Жарайды, аға.

Бұл жолы да тұтқаны асығыс қоя сал­дым. Бөгде ой түсіп кеткендей бола ма де­ген қауіп.

М.Горбачев әдебиетке тиіспесін

1985 жылдың 27 қарашасы. Түс әлеті. Есікті алпыстың үстіндегі, ашаң жүзді, қорасан дақты, секпіл бет, бурыл шаш тоқтасқан ақсары әйел ашты. Кәдімгі қазақы бәйбіше екен. Бірақ жалаңбас.

– Сәлеметсіз бе? Ғабеңнің үйі осы ма?

– Осы, – дей сап әрі кетіп қалды.

Асықпай шешіндім. Бусанған терімді сүртіп, өзімді тәртіпке келтіріп бола бере асығыстау басып қайта оралды. Шамасы, мен келген соң үзілген арғы жақтағы телефонға барып қайтты.

– Сен кім боласың?

Бала да емеспін. Оның үстіне, алғаш көріп тұрған адамына бұлай деуі оқтай қадалды. Кеше ағамен келіскенімді айттым. Билеп-төстеп, ашық-шашық еркін жүр. Демек, Ғазиза жеңгеміз осы. Естуімше, сойы Бисенова. Іштей үлкен кісіге ана тәйтіктен гөрі осындай тоқтасқан әйел жайлы ғой деп ойлап та үлгергем.

Сол жаққа бұрылып, үлкендеу қонақ бөлменің үстімен сізге кетті. Есіктер ашық. Дауыс көтеріп сөйлеген соң бәрі де ап-анық естіледі.

– Кіре бер, – деп бұйырды, бәйбіше бері оралып. – Қаттырақ сөйлерсің, құлағы есітпейді, – деп қосып қойды да ас бөлме жаққа кетті.

Ауыз толтырып қазақшалап сәлем беріп, ұмтылып барып қос қолымды ұсындым. Қолыңыз жұмсақ әрі шағын. «Отыр» деп нұсқаған соң босаға, оң қол жағыңыздағы столға тиіп тұрған көнетоз көк креслоға бөксе бастым, журнал, кітап салынған дипломат дайын, оң қол жақта.

Күнделікті әдетіңіз бе, не баланы сұстылау қабылдайын деген ойыңыз ба, жазу столында отырсыз. Креслоға жайғасқаныңыз жөн емес пе, әңгі­ме­лесу­ге оңтайлы. Жұмыс үстіндегі адам­ның кейпіндесіз. Үстіңізде жеңі де, жағасы да бүрмелі сұр тоқыма. Ту сыртыңызда А.К.Саврасовтың «Ұзақтар қайта оралды» картинасы ілулі тұр. Қос қоржынды көнетоз ақшыл деуге де келетін сарғылт стол. Бұны сізге лайық көрмей отырмын. «Бүгіндері лакталған қарасұр столдар келді. Солардың бірін неге алмаған? – тағы да ойладым, – Кісінің сүйкімді бір мүлкіне не киіміне бауыр басып қалатыны бар. Пәленбай жылдан келе жатқан ескі досын қимайтын болар». Стол сары картонмен жабылған. Бұған да таңырқанам. «Әйнек төсесе ғой, әрі тегіс, әрі әсем. Ас­тында – көз алдында телефондар, күн­делікті қажетті мәліметтер де тұра­ды. Тағы да ойлаймын: «қағазды қолына салқын тимес үшін төсеген-ау». Аяғыңыздың астында тепкішек. Бұл тізенің талмауына әрі табаннан салқын ұрмау үшін керек. Сол жақ шынтағыңызда жұлдызшалармен әшекейленген қарақоңыр шам. Қарсы алдыңыздағы қорапшада біздей-біздей ұшталған бір уыс қарындаш. Құлағымда бар, сіз әу бастан қарындашпен жазуға машықтанғансыз. Көрінген жерде өшіріп, жөндей салуға оңтайлы. Қалам ұштайтын ойыншықтай шап-шағын шаппа жатыр. Жанында оны сүртіп қоятын бір жапырақ шүберек. Мұқият әрі кірпияз кісінің мүліктері.

Сары түсті қомақты кітапты редакциялап отыр екенсіз. Кітап тысы астында. «Оянған өлке» боларсың-ау деп болжағам. Көзім түсті – кітаптың сол жақ бетіндегі алғашқы азат жолдар сызылған. Әр-әр жерге тіркестер әлде сөздер түскен екен. Онан төмен жақ бергі бет таза. Түзетілген беттердің мәліметтері болар, алдыңыздағы бөлек ақ қағазда әлдеқандай сандар тұр. Мен жақ қолыңызды ала жатқан қағазға қаламмен «Дана!» деп жазылған. Арғы жағын оқи алмадым.

Қарсы алдымдағы терезенің ашық түсті пердесіне қарап үнсіз отырмын. Біздің бұйымтай өзіңізге белгілі. Қазақы дәстүрде алдымен амандық-саулық, сонан кейін барып шаруа. Онда да үй иесі, жасы үлкен кісі сөз бастап, жөн сұрауы мақұл.

Сіз асықпадыңыз. Көріп жүрмін. Сәнқой, кербез мінезіңізден бұрыннан хабардармын. Маған қарап отырып алдыңыз. Бірінші көруіңіз. Біресе хат жазып, біресе телефондап, мазаны алып тызақтап қоймай жүрген бұл баланы біліп алайын деп ойлайтындайсыз. Таңданыс та бар тәрізді. Біз білерде, онша жақтырып отырған жоқсыз. Біздің екі көз қарсы алдағы ақ пердеде. Үзілдіріп барып ыңыранып, аспай-саспай ақыры сөз бастадыңыз-ау:

– Мен оны қазір түзете алмаймын. Тасқа басылып жарияланып кеткен нәрсе. – Тоқтап алдыңыз. – Қарау керек. Журнал жоқ, ол материалдар менің қолымда емес. Денсаулық та онша емес, он күн больницада больница» дедіңізМ.Қ.) жатсам, он күн осылай отырып жұмыс істеймін. Бір көз қалған. Екінші көзге дәрігерлер операция операция» – М.) жасай алмай отыр. Сексен төрттегі адамның көзіне операция жасай алсын ба енді. Оның үстіне өзімнің де жұмыстарым бар. Жарияланған соң жазушы жауап береді. Сонда айттым ғой (Баяндаманы меңзеп отырсызМ.Қ.), соған қарамай редактор не бітіріп отыр. Көк құнан ғой сенікі?

– Иә, иә.

«169 233 данамен таралып тұрған, бүкіл қазақ жазушыларының, тек жазушылар ғана емес, еліміздің мәдени қауымының маңдайындағы жалғыз әдеби журналдың редакторымен жағаласпақ күш қайда, жарияланымға іліккенімізге бөркіміз қазандай болып жүрген жоқпыз ба…» деп ойлап отырмын. Бірақ оны айтып сізбен тәжікелесе алмаймын.

– Жиырма беттік әңгіме. Ол келіп бәйгеге шабады. Жиналыста сыпайылап айттым да… Әлгі… анадан артық емес. (Әрібері аузыңызға түспей отырған соң Эрнест СетонТомпсонның «Мустангісі» деп демеп жібердімМ.Қ.) – Сонан көшіріп алдың дегенім жоқ, бірақ айттым, ол жабайы ат, ал сенікі жай ат. Сонан кейін сенің әнебір әңгімеңді оқыдым…

Ол әңгіменің аты есіңізге түспей-ақ қойды. Мен де айта алмадым.

– Оны жақсы шығарғансың. Юмор бар. Тақырыбың онша ірі емес, бірақ әдемі әңгімелепсің. Бұл жөнінен маған ұқсайды екенсің. Әдетте екі жазушы бір-біріне ұқсамауы керек дейді. Ол бекер. Екі шығарма бір-біріне ұқсамауы керек. Талай тақырып кездесті. Соның солардың» демедіңізМ.Қ.) көбінен қашып жүрдім.

…Партия болса жаңа программа ұсынып отыр. Программа деген не? Бұл жауапкершілігі бар жұмыс. Енді бұрынғыдай етуге болмайды. Сол программаға сәйкес жұмыс істеуіміз керек. Байқайсың ба, жаңа заман, үлкен бір кезең басталды. Жаңа талап, жаңа заманға сай жұмыс істеуіміз керек. М.Горбачев әдебиетке тиіспесін, ал тиісетін болса, қатты тиіседі. Тиісуін күтіп отыруға болмайды. Өзіміз жөндеуіміз керек. Бұл біздің қолдан келетін шаруа.

Сіз айтып отырған соң, амал кәні, сөз таластыру жоқ, біздікі үнсіз тыңдау. Әйтпесе, М.Горбачев қайда, біз қайда?

– Сол баяндаманы кітапқа беріп жатыр. Алғысөз жаздым. Сонда Дүкенбайды да, сені де мүмкіншілігі бар жазушылар деп көрсеттім. (Осы жуырда ғана сізге хат жолдауға тоқтаған соң, ағаттық кетпесін деп, Ұлттық кітапханаға барып арнайы қайта қарадым. Бұрыннан білемін, екеуінде де алғысөз жоқ, демек, бұл сөзіңіз бізді әншейін алдарқату. – М.Қ.) Өзге ештеңе істей алмаймын. Әркімде-ақ сәтсіз шығармалар бола береді. Оны сен қайта қарама, жоқ деп есепте. Тақырыптың өзі де көп рөл ойнайды, енді сен үлкен тақырыпқа соқтық Соқтық» дегенді жатырқап отырмын. – М.Қ.). Маған жіберген кітабыңды оқыдым. Үлкен тақырып болмағанмен мүмкіншілігің бар. Жарияланған соң сауатты жариялауымыз керек. Сендердің барлықтарың да институт тауысқансыңдар, дүниежүзі әдебиетінен хабарларың бар. Біз болсақ, рабфакты бітірдік. Оның өзі де жалпы білім ғана береді. Жазушының өзінше ізденуі деген өмір бойы бітпейтін нәрсе, – деп шаршаңқырап тоқтаған сәтіңізде бұл кезде алдыма алып отырған дипломатымның құлыптарын сарт-сұрт аштым да бетіне дайындап қойған журналды қолыма алдым.

– Редакция верстканы авторға оқытып алмайды. Ең болмаса, өзіміз қарар ек. Жарияланатын болса, нақты қай санда жарияланатынын да білмейміз мүлде. Мынау ғой енді, адам жүргізіп оқи алмайды. Бес-алты кітап шығарған адаммын. Талай жұрттың кітаптарын сұрыптап, редакторциялап, төрелік айтып отырған редактормын. «Ашқан ернін соза сермеп» деп жазбаймын ғой енді, – Журналды парақтап жіберіп сізге ұмсынғам.

Қолына алса, ішіне көз салса деймін ғой баяғы. Сіз көрмеген, тіпті еш нәрсе естімеген адам тәрізді тапжылмастан сол күйі үнсіз отырсыз. Болғаны кідіріп барып журналға көз қиығын бір салып қойдыңыз,

– Түп-түгел редакция қызметкерлерінің салақтығы. Екі рет республикалық бәйге алғам.

– Білем, білем. Ол туралы справкам справка» — М.Қ.) бар, – дедіңіз.

– Шығарма жайлы пікіріңіз өзіңізде, аға. Алайда мынау көрінеу көзге салақтықты жұрттың құлағына тигізгеніңіз жөн болар еді…

Міз бақпай отыра бердіңіз. Мүлде «есіткен жоқсыз».

– Әлгі кім еді… біраз жігіттер де кітаптарын әкеліп берген. Дүкенбайдікі ала-құла, алашұбар бірдеңе. Соңғы кезде елеулі шығарма болмай кетті ғой өзі. Дала, өмірдегі кәкір-шүкірлерді сөз етіп керегі жоқ. Енді он бес жылдан кейін жиырмасыншы ғасырды аяқтайды екенбіз. Сонда бұл ғасырдан кім барады? Келесі ғасырға» демедіңізМ.Қ.). Абай… Мұхтар… Басқа кім бар? Анау… әлгі… кім… Мұхтар мен Әбдіжәміл жер жүзін аралап кетті деп жүр (Бұны айтқан Әбіш екендігін біліп отырмын. Бірақ сөз қоспадым. – М.Қ.) – Ол болмайды… Осы анада… кім екеуміз… «Қан мен терді» осы арада бір апта оқыдық. Он жеті ескертпе айттым. Тыңдамады. Кейін аударғанда аудармашы (Юрий Казаковты айтып отырсызМ.Қ.) солардың бәрін сызып тастапты.

(Дәл осы жерде өзіңізге жараспайтын, құлағына тие қойса, тасталқан талберені шығатын тоқсан беске жаңа келіп жатқан ініңіздің бұл шығармасы туралы артық пікір айттыңыз. Бәлеқорлар жалаулатып жөнелер деп ол сөзіңізді қағазға түсіргем жоқ. Тоқсан да тоғыз жөнделіп келе жатқан «Қан мен тер» ғой. Сіздің он жетіңіз солардың ішінде кеткен болар. – М.Қ.)

Әр жазушы бес жылда бір кітаптан бергенде ғасырдың аяғына дейін үш кітаптан беру керек қой. Жазғыштар көбейіп кетті. Көбіне осы журналистер очерк жазады да, оны көркем шығармаға айналдыра салып, кітап етіп шығарады.

Қарап отырам ба:

– Жаңа өзіңіз айтқан сауаттылықтың кесірі осы. Көркем шығарманың жалпы сүлдесін біледі де, жомбаздап құрастыра салу кәсіпке айналды, – деп білгішсініп демеп қойдым.

– Әнекей, сол…

– Театрға барасың ба өзің?

– Неге бармайық. Барып тұрамыз.

Сауалдың екпініне бақсам, алдыңыз­дағы отырған кісіні «круглый дурак» көретін тәріздісіз. Одан әрі сіздің айтып отырғаныңыз драмтеатр емес, академиялық опера және балет театры болып шықты.

Драмтеатрдың да қазіргі ахуалы, көрермендердің өз еріктерімен емес, билет ұжымдар арқылы таратылып, жұрт құлықсыз келетіндігі жайлы әңгіме суыртпақтадыңыз.

Бұл мәселелер біздің мүмкіндіктен де, мүддеден де тыс болғандықтан әңгіме одан әрі сабақталмай қалды.

Біздің бұйымтайдың адыра екендігі түсінікті болып келеді. Құдай ұрып, ата-аналарымыз «үлкеннің алдынан өтпе», «қарсы сөйлеме», «сөз таластырма» деп жастайымыздан тапап тастаған. Оның үстіне, сіз әлдеқашаннан өзім пір тұтып келе жатқан жазушысыз. Біздікі – көну.

– Рұқсат болса, қайтайын, аға. Біраз уақытыңызды алдым. Кешіріңіз.

Сіз ешнәрсе есітпегендей, бәлкім, шынында да есітпеген боларсыз, міз бақпай отыра бердіңіз.

«Тоғыз» дегенің орысша «девять» қой?

– Шаруаң қалай?

– Әкем теміржолшы болған. Он бес жыл бұрын дүниеден өтті. Қарапайым шаруаның баласымын. Елде өстік. Ана бар, өзге де туыстардың қамымен етекбасты болып елден ұзап шыға алмадық. Алматыға келгенімізге бес-алты жыл. Төрт-бес кітап шығардым. Тоғыз баланың екеуі студент. Төртеуі мектепте. Қалғандары балабақшада…

Осы кезде маған бар денеңізбен бұрылып біраз таңдана қарап отырдыңыз.

– «Тоғыз» дегенің орысша «девять» қой?

– Иә, «девять».

– Бір әйелден бе?

Шаруасы қырын кетіп отырған кісіден қырын әңгіме шықпай қайтеді.

– Бір әйелден, аға. Екеулеп алуға үкіметтен рұқсат жоқ.

– Бір әйелің қайтыс болды ма дегенім ғой… – деп тігісті жатқызуға тырыстыңыз.

– Биыл қырықтың үшеуінде тұрмын.

– Самай шашың ағарып қалыпты. Қырық үште болсаң, ерте ағарған екен…

Шаш ағаратын шаруалар жетеді, оларды сізге қалай тізбелеймін. Енді рұқсат сұрамай-ақ орнымнан тұрдым. Сіз де көтерілдіңіз. Жолай айтқаныңыз:

– Келешегің алдыңда, ренжіме. Шығарма туралы пікірім солай.

Мен алдамын. Есік алдына келдік.

– Менің үш томымды білесің ғой?

– Білемін.

– Соның алғысөзінде жазғанмын, осы­ған енбеген шығармаларымды мойын­дамаймын деп. Әне, солай…

Киініп, бәтеңкемнің бауын байлап жаттым. Бас-аяғыма түгелдей қарап тұр­дыңыз. Жай қарау емес, барлай қарау. Есікті өзім аштым.

Қазақта мейман атаулыға «шай ішіп кетіңіз», асығыс болса, «нан ауыз тиіңіз» дейтін ымыра Сарт мезірет» те дейді) болушы еді, мезірет түгілі Ғазиза Бейсенованың өзі де жоқ. Соған қарағанда, біз келерден бұрын өңмеңдеп қоймай жүрген осы бір шақырылмаған қонақ жай­лы екеуара теріс әңгіме болған-ау.

Есік ашылған соң сіз:

– Қараңғы емес пе? – деп сұрадыңыз. Түс ауған. Оның үстіне, кіреберістің шамы сынған ба, баспалдақ жақ күңгірт екені рас.

– Жоқ. Қараңғы емес.

– Алғаулық ойлап жүрме.

Ләм-мим дей алмадым. Қолымнан келетіні де сол.

Аузыңыздан есіткен соңғы сөзім: «ал­ғау­лық ойлап жүрме». Менің не ойла­ғандарымнан Сізге нұқсан келуші ме еді, Ғабе. «Ұра алмайсың қожаны, соға алмайсың қожаны». Сізбен тұңғыш әм ақырғы дидарласу, міне, осы.

Сөйтіп хат жаздым, жауап болмады, алдыңызға бардым, селт етпедіңіз. Алайда қарапайым оқырманның өзіне де менмұндалап көрініп тұрған сол бір орынсыз сыныңыз қабылданбай-ақ қойды, шымбайға батып жүр. Сіздің сын тәрізді біздің пікірдің де қағазға түсіп тұрғаны мақұл тәрізді, ағасы. «Жау кеткен соң қылышыңды боққа шапқа» келмейді. Өйткені бұдан былай сіздің сөзіңізді ешкім өзгерте алмайды, сол күйі қалады. Бәлкім, Құдайына қараған жас ұрпақтың бірінің көзі түсіп қалар, көрер салыстырып, мәселенің байыбына барар. «Құлдан да бір ауыз…»

(Жалғасы бар)

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 23.07.2020 | 13:03

Молдахмет аға, сізді бір жағынан жерлес ретінде, екінші жағынан жасы үлкен ақсақал ретінде сыйлаушы едім. Алайда, мына » шығармаңызды» оқып шығып, сізден әбден түңілдім. Бұл не?, жастары жетпістен асып, сексенді алқымдаса болды, аруақтармен арпалысу- жазушылар арасындағы пайда болған жаңа үрдіс па? Әлде, Қабдеш ағаңыздан үлгі алған түріңіз ба? Ол кісі де біраз марқұмдармен айқасып-айқасып ауызы көпіріп шаршап еді, енді сіз шықтыңыз. Егер, өзіңіздің әділ екенізге сенімді болсаңыз, айтарыңызды сол кезде неге ақтармадыңыз?! Енді қанша жыл өткеннен кейін ішіңізде қатып қалған запыранды құсып, жер тепкілейсіз. Есебіңіз дұрыс, өйткені марқұмдар жауап бере алмайды ғой. Кім екенін ұмыттым, бір жазушы әріптесіңіз айтып еді «Оқырманы жоқ әдебиет те, жазушы да жетім», деп. Мен де сол қарапайым оқырмандардың бірімін, сіздің творчестваңызға баға беру менің қолымнан келмейді,ал адами қасиетіңізді мен түсінген сияқтымын. Осы «»шығармаңыз» үшін » сіз» деп сызылмай-ақ қоюға болар еді, бірақ жасымның кішілігі оның үстіне Аралдық болғаным оған жібермеді.

Аноним 25.07.2020 | 23:06

Жоғарыда «Қонақ»!
Аралдықпын деп отырсыз ғой, бірақ жазушымен жеке басыңыздың араздығы бар сияқты. Тіпті «Аралдық» екеніңіз де өтірік сияқты. Мейлі, кім болсаңыз да маңызы жоқ, бірақ бір нәрсені білуіңіз керек: М.Қаназдың мына хаты бір оның емес, тұтас бір ұрпақтың жан шырылы! Сауатсыз «академик» шалдың біреулердің қолшоқпары болып, жаңа өсіп келе жатқан жастарды тұншықтырғысы келген қиянатының қайтарымы. Кезінде Мүсіреповтің «баяндамасы» (біреулер жазып берген!) талай ақын-жазушының жолын кесіп, зиянын тигізген. Сол шындық еді ашылып жатыр. Бұдан бұрын ақын Байбота Қошым-Ноғайдың да осындай мақаласы шыққан. Әлі де талайы жарық көреді. кезінде жарыққа шықпай тұншыққан (бұл хаттың әуелгісі Мүсірепов музейінде де бар көрінеді) хат енді шықса несі айып? мына хатқа тіпті мүсірепов тірі болса да жауап қайтара алмас еді. Шындықтың аты — шындық! Оны қанша тұншықтырғанмен өлмейді! Демек, заманы өткен Ғабит шалды қорғап арамтер болмай-ақ қойыңыз. Біреудің творчествосына баға беру қолыңыздан келмейді екен, өзіңіз түсінбейтін дауға да араласпай-ақ қойыңыз!

Аноним 30.07.2020 | 16:45

Молдахмет аға,менің сізбен ешқандай бас араздығым жоқ, болуы да мүмкін емес! Оның себебі, біріншіден ,сіз мені танымайсыз,екіншіден мен сізді көрген емеспін.Сонымен қатар, менің мамандығым әдебиетке, болмаса тарихқа үш қайнаса сорпасы қосылмайды, сонда арамызда қандай араздық болуы мүмкін?! Ал енді шығармаларыңызбен таныспын, жалғыз сіздің ғана емес ,жалпы Арал өңірінен шыққан ақын- жазушылардың жаңа туындыларын іздеп жүріп оқитын екі оқырман болса, біреуі менмін деп айта аламын.Сөздің басында бірден айта кетейін, алдындағы кейбір сөздерім артықтау кетіпті, сол үшін өзіңізден кешірім өтінемін! Өзімнен жасы үлкен адамға олай сөйлемейтін едім, шамасы эмоцияға қаттырақ беріліп кетсем керек. Ғафу етіңііз! «Әдебиет -ардың ісі» деп айтсақ, осы терең ойлы сөздің астарында адамгершілік, парасаттылық, жауапкершілік т.б. сияқты адами құндылықтар болатыны айқын. Келместің кемесін мініп кеткендер туралы жазғыңыз келсе, өзіңіздің тамаша » Сережа» сияқты туындыларды көбірек жазыңыз деп айтқым келіп еді. Бұл шығармаңызда бәрі бар: Серік досыңызға деген аппақ көңіліңіз , сағыныш-сезіміңіз. рухына бас иіуіңіз, міне , осындай шығармаларыңыз сізді біз сияқты оқырмандардың көз алдында биіктете беретіні айдан анық. Ал енді , аруақтардың артынан ауыр сөздер айту, ешкімге абырой бермейтіні тағы да анық,менің өз басым халықтың алдында жүрген Аралдықтардың абыройлары биік болғанын қалаймын, олардың ішінде өзіңіз де барсыз. Жақсы, аман-cау болыңыз аға! P.S. Менің Аралдық екеніме күманданбаңыз, қаланың теңіз жақ бөлігінде өстім( ол жақты «Трудпоселок» деп атайтын), Таңертеңнен кешке дейін теңіздің жағасында ойнап, қас қарая сор-сор болып сілікпеміз шығып үйге келгенде шешемнен талай таяқ жегенмін. Ертеңіне тағы да жұмсаған жерге бармай, теңіздің жағасынан бір-ақ шығатынмын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір