Әкем ақын БОЛҒАН СОҢ…
Әкем Әдепхан Төреханұлы – студент кезінде қазақ әдебиетінің марқасқалары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мәлік Ғабдуллиндерді көрген, әңгімелерін естіген, дәрістерін тыңдаған адам. Өнер адамына тән кейбір дархан мінездері осы ұлылардан жұққан болар. Мұхтар Әуезовтың: «Неге озып кеттің деп біреудің шаужайына жабысқанша, неге қалып қойдым деп өзіңді қамшыла» деген сөзін аузынан тастамайтын. Әкем үшін алдыңғы буын ағалардың бойындағы даналық, замандастарының бойындағы жақсы қасиеттер үлкен өмір мектебі болды.
Журналист Ақкөл Отарбаев «Табиғатын ата жұрттың жырға қосып» деген мақаласында өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Қазақ әдебиетіне» шыққан әкемнің «Үлкенағаш» деген өлеңінің тарихын баяндапты. Әкем алғашқы өлеңдер топтамасын «Әулиеағаш – Атамекен» деген тақырыппен газеттің әдебиет бөлімінде қызмет істейтін Ғафу Қайырбековке апарған екен. Өлеңдерді оқып шыққан Ғафекең: «Өлеңдерің жақсы екен. Басшыларға ұсыныс жасап көрейін. «Әулиеағаш» деген өлеңіңнің тақырыбын өзгерткенің жөн. Қалқам-ау, мына заманда ағаштың әулиесін қайдан таптың? Кейін өзіңе пәле болып жабысады. Сөйт, қарағым», – деп шығарып салыпты. Ғафекең уәдесін орындап, көп ұзамай әкемнің өлеңі газетте жарияланыпты. Бұл тұс әкемнің «өлеңде әркімнің де бар таласы» деп, жастық қызуқандылықпен жүрген шағы десем болар.
Шындығында, халық «Әулиеағаш» атап кеткен алып ағаш кеңес кезінде «Үлкен ағаш», «Жуан ағаш», «Киелі ағаш» деп аталып жүрді. Егемендік алғаннан кейін біраз уақыттан соң байырғы Әулиеағаш аты қалпына келді. Жергілікті халық «Әулеағаш» деп атап кеткен бұл алып қарағаш Жаркент өңірінде жеті ғасырдан бері өсіп тұр. Жеті адамның құшағы әрең жететін алып ағашты төрткүл дүниенің үш жерінен ғана кездестіруге болады екен. Бірі – көрші Қытайда, екіншісі – Меккеде, ал үшіншісі, осы – Жаркенттегі «Әулиеағаш». Әулиеағаш өскен жер ілгеріде біздің бабаларымыз мекен еткен жер. Мен шөпшегі болып келетін бабам – Салпық би осы жерді мекендеп, тақырдағы кең алқапқа су шығарып, елінің диқаншылықпен шұғылдануына мұрындық болыпты. Бабамыз қазған тоған мен арық әлі күнге «Салпық тоған», «Салпық арық» деп аталады. Бабамның кесенесі Әулиеағаштың өр жағында, екі жүз метр қашықтықта, өзінің көктеуі болған «Салпық сазы» деп аталып кеткен ойпаңдау жерде орналасқан.
Әкем болмысынан романтикаға жақын, сезімге бай, әр нәрседен әдемілікті іздейтін жан. Жақсылық көрсе жаны сүйсінеді, жамандықты көрсе, сезсе болды, көңілі жабырқайды. Мүмкін, әкемнің ақын болуына осы сезімталдығы мен сергектігі әсер еткен шығар. Сергектік бойына әке қаны, ана сүтімен берілсе де, оның қалыптасуына туған жер құдіретінің ықпалы зор деп пайымдаймын. Жарық дүниеге келгенде тербетілген бесік іспетті, атақоныс өз перзентін туған жерінің жаратылысымен, өткен тарихымен жалғастыратын көпір сияқты. «Адам болмысы туған жеріне байланысты» деген түсінік бар екенін ескерсек, баланың дүниетанымының да туған жерінде, өз елінің ықпалымен қалыптасатыны табиғи заңдылық.
Әкемнің атақонысы – Жаркент өңірі Ұлы жібек жолының бойында орналасқан, қойнауы тарихқа толы қасиетті мекен. Бұл өңірдің ерекше құт-берекесі – таңғажайып әсем табиғаты, шипалы арасан сулары және «түгін тартсаң, май шығатын, гүлін терсең бал шығатын» құйқалы жері. Елдің кең пейілін дәріптегендей бұл өңірдің жайлауы – «Белжайлау» малға ыңғайлы, өрісі кең қоныс. Белжайлау орын тепкен Еренқабырға тауының еңсесі де биік, ұшар биігіндегі ақшаңқан мұзарты мен қасат қарлары – ақбасты ақсақалдарды елестетеді. Белжайлаудың оңтүстігіндегі ең биік тау «Баркөрнеудің» төбесінен Іле атырабы толық көрінеді. Бұл тау әлемге әйгілі Шыңғысхан мекендеген байырғы «Көренлік» жайлауы. Орбұлақ шайқасы өткен атақты «Орбұлақ кезеңі» де осы жайлауда. Белжайлаудың «Үйгентас» белінде салқам Жәңгірдің бейіті жатыр. XII ғасырда Жамұқаға қарсы шыққан Онхон бастаған Керей батырдың қолы да осы жайлаудағы «Керейсайға» келіп тоқтаған. Тарих осылай сыр шертеді. Бұл қойнауы тарихқа толы туған жер туралы мағлұматтың тек бір парасы.
Әкем мұғалімдердің жазғы демалысында осы атақоныс Белжайлауға жыл сайын шығады. Жер шолып, ел аралап, туған жердің қыр-сырына қанып, көргенін көңілге тоқып, көнекөз ақылман адамдардан естігенін жадыға зерделеп, таным-пайымын түгендеп келеді. Туған жерге деген ыстық ықыласының, қазақы қонақжайлылығының арқасында осы Белжайлау төрінде қазаққа белгілі қаншама әйгілі тұлғалармен танысты, олармен дәмдес болды. Қазақы мінезіне орай, жақсы-жайсаңдарға жақын жүрді. Солардың жақсы қасиеттерінен өнеге алды, мінезін байытты, өнерін шыңдады.
«Өнер – өмір өрнегі» дегендей, бойына біткен ақындық қабілет-қарымын шынықтырып, биік мақсаттарға ұмтылды. Алматы облысы, оның ішінде Панфилов ауданына өлеңдерімен ақын ретінде белгілі болса, республикалық баспасөзде этнографиялық жазбаларымен этнограф ретінде танылды. «Балдәурен», «Белжайлау», «Орбұлақ», «Баркөрнеу» атты өлеңдер жинағын шығарды.
Менің пайымдауымша, әкемнің өлеңдерінің ерекшелігі табиғилығында. Адам жанының адалдығын, іс әрекетінің тазалығын, қоғамдағы болмыс-құбылыстарды және туған жер табиғатын жырлауы шынайылықты көрсетеді. Туындылары ең алдымен өз топырағынан нәр алып, адамзаттық құндылықтарды терең қамтуымен ерекшеленеді. Туған жерге деген махаббат, еліне деген сүйіспеншілік, қазақы адамгершілік қасиеттер ақынның сезіміне серпін беріп, өлең жолдарымен өрілгендей. Ақынның қоғамдық ортаға өзінше ой тастаған әр туындысы ұлттық қазынаға құйылар үлес екені даусыз. Тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденіс, ыждағаттылықпен ой елегінен өткізіп, әр сөзін жауапкершілікпен сұрыптай отырып, ұлт тілінің мәйегін көркем әдебиетке кең-молынан пайдаланған ақын. Өлеңдерінде қолданылатын байырғы тіл мәтіні, сөз екпіні өзгеше болғандықтан адамға әсері де бөлек. Өз өңіріне тән мазмұнды тілін дәл орнымен пайдалану, байырғы көне сөздерді керек жеріне қолданып, өлеңнің өңін кіргізу, сөз құбылтып, мән-мазмұнын арттырып отырады, оқып отырып, еріксіз тәнті боласың.
Жастайынан көнекөз сұңғыла ақсақалдардан естіп, көкейіне түйгенін әкем қағазға түсіріп, этнографиялық бағытта көптеген ғылыми-танымдық материалдар жариялады. Танымдық мақалалары туған жердің тұғырын биіктетіп, елінің қадірін асқақтата түскендей. «Ұлттық таным тағлымы», «Жапырақ жайған бәйтерек», «Еңкеймеген еменнің бұтақтары» кітаптарында елдің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, туған ел мен туған жер тарихы барынша қамтылған. Ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен және пікір-пайым айтудағы батылдығымен этнограф ретінде туған жерінің байырғы атауларын қайта жаңғыртты, олардың сырына үңіліп, тарихын өлеңмен өрнектеді.
Әкемнің шығармашылық жетістіктерін асыра бағалаудан аулақпын. Соңғы шыққан «Белжайлаудың Әдепханы» кітабында әкемнің шығармашылығына арналған толғам-ойлар, зерттеу мақалалар, арнау өлеңдер мен пікірлер топтастырылған.
Ауылда өмір сүріп, ұстаздық қызмет атқара жүріп, туа біткен табиғи поэтикалық дарынын ұштаған әкемнің әдеби ортаға танылуына мұрындық болған Оразақын Асқар атамыз. Ағалық ақ пейілімен інісінің өлеңдер жинағын баспаға дайындап, «Елім дархан, жерім бай» атты таңдамалы туындылар жинағының екі томына редактор болды. Оразақын атамыздың қолдауымен халық жазушысы, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев пен белгілі ақын Марфуға Айтқожа осы жинаққа пікір жазып, ұсыныс берген соң Қазақстан Жазушылар Одағына мүшелікке өтті.
Оразақын Асқар атамыздың «Ауылда да ақын бар» деген зерттеу мақаласында «Әдепханның туған жер туралы өлеңдері жырмен жазылған атамекеннің картасы сияқты» деп бағалайды. Өлеңдерінен «табиғат қанша ғажап болса да, ол поэзияда ғана кемелдене түседі екен» деген ой түйіндейді. Ақын өлеңдеріне берген бағасы әкемнің болмысын аша түскендей. Мысалы, «қыруар мақсаттың оңайына жүгірмей, оның қиынын таңдап, оның да сонысына, тыңына із салуды көздеу ерлікке парапар шешім» деген ой түйеді. «Жалтаң, жағымпаз емес… тірегі бір, ол – жаратушы Алла. Ал, тілегі мың. Мың болатыны, жеке басының ғана емес, ел тілегі», «жерінің байлығын, елінің дархандығын көре біліп, өзін соған сай болуға әзірлейді» деген баға береді. Шынымен де, әкемнің бар болмысы туған жерімен кіндіктесіп, туған елімен өрілген. Мақала соңында Оразақын Асқар «өлеңдері сәнді суреттей, айтылған әсем әндей, тартылған тәтті күйдей» деп тәнті болып, «өмірбаяны сол жазған өлеңдерінде» екеніне оқырмандар көңілін аударады.
Әкем өнерде өзектес, әрі жақын туысы, қазақтың қарымды жазушысы Бексұлтан Нұржеке-ұлымен де жақсы сыйластықта. Туған жеріне деген ықыластары ерекше, елім деп елжіреген осы екі ақсақалдың «ағалық ақ ниеттері мен інілік іңкәр сезімдері» Суан тайпасының атақонысы Белжайлаудан нәр алғандай. Өнерлері өзектес ағайынды екеуі де жаз келісімен жайлауға тартады. Туған жерін көріп, мауқын басып, елін аралап, бойларына рух жинайды-ау. Мен солай түсінем.
Туған жеріне деген «емешегі үзілген» ерекше сезімдері, туған еліне деген құрметтері, сол жердің, сол елдің тарихына терең бойлауына күш беретіндей көрінеді. Екеуі де туған жері мен елін мақтаныш тұтып, төбелеріне көтереді. Тарихшы, жерлесіміз Қали Ыбрайымжанов «Ағаның ақ жайлауы» деген мақаласында екі ағасын «жапырағы жайқалып өскен, қатпар-қатпар тамырын тереңнен тартқан екі алып бәйтерек тұрғандай» деп суреттепті. Бексұлтан аға еліне сіңірген еңбегінің арқасында ауылдың ғана ақсақалы емес, еліміздің ақсақалына айналды. Ауылдастары, барлық оқырмандар мақтан тұтады. Бұл да болса, елін сүйген азаматтың жеткен ең үлкен жетістігі.
Бексұлтан ағам «Ауыл бар, ауылда да өмір бар» деген мақаласында: «Әдепхан туған жер мен туған әке-шешенің тұтасқан өмірін өлең етеді. Өлеңдерін оқығанда «апырмай, солай ғой» деп сүйсініп отырасың» дейді. «Әдепханның көп өлеңі жал құйрығы төгілген жорға аттың жүрісіндей болып келеді. Төгілген өлеңнің тәлімі де төгіліп тұрады. Сөзді жай ғана төгілтіп бермейді, бейнелеп, теңеп, әдемі суреттеп төгілтеді» деп бағалайды. Жеке басының қасиетіне тоқталғанда: «Алауыздық пен өсек-аяңның ортасынан оны оқшаулап әкететін Әдепханның әулиесі – өлеңі» деп әкемнің ақындық мінезін дәл сипаттапты.
Оқырманы мол, танымал жазушы, әрі жерлес бауырымыз Жүсіпбек Қорғасбек «Белжайлаудың Әдепханы» деген мақаласында әкемнің өлеңдеріне талдау жасай отырып: «Әркімнің қаламына іліге бермейтін сурет. Иіріміне иіре тартып әкетердей шымыр орам. Табиғат пен тіршіліктің әркім-әркім аңдай бермейтін шебер үйлесімі» деп әкемнің ақындық қарымын ашыпты.
Жерлес қаламгер інілері: Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ислам-Ғали Үркімбайұлы «Парасаты мол, талғампаз азамат» атты зерттеу мақаласында әкемнің ақындығына, этнографиялық ізденістеріне тоқталып, талғампаздығын тілге тиек еткен. Журналист Мырзағали Нұрсейіт «Ақын елдің ардағы» деп тебіренсе, Нұрәділ Бегімбет «Әдепханның әлемі» деп дәріптейді. Ақын, қаламгер Ерғазы Манапұлы «Сексеуіл сертті қаламгер» атты мақаласында әкемді «әдебиеттің, өнердің жай-жапсарын түгендеп, жастарды алқалап отырады» деп інілік іңкәр лебізін жеткізсе, өкіл баласы, тарихшы Қали Ыбырайымжанов «Рухани болмыстың қайраткері» мақаласында «рухани қазынаның балы тамған дара тұлғасы» деп әспеттепті. Сайлау Солтанқұлов ағамыз «Сергектігі сетінемеген ақын» мақаласында «жаны да жас, жүрегі де жас» деп әкемнің сергек мінезіне назар аударыпты.
Келтірілген үзінділер әкемнің шығармашылығына берілген толымды пікірлердің тек бір парасы. Алаш ақыны Оразақын Асқар жазған «Әрі ұстаз, әрі ақын» өлеңінен басталған, ақын Тоқбай Исабеков қостаған «Сыршылдығың естіртті бұлақ үнін» деген өлеңінен тыс қаншама арнау және құттықтау өлеңдер легі баспасөз бетінде жарияланды. Солардың бір парасы: Құдайберді Құсайын жазған «Баркөрнеу биігіндей беделіңіз» өлеңі, Сүлеймен Керімбековтің «Хан – ата» арнауы, Дастан Толымбековтің «Ақберен ақынға» арнауы және тағы басқалары. Осы бір ізгілік іңкәр лебіздер елім деп ет жүрегі елжіреген әкемнің көп жылғы тынымсыз еңбегінің қайтарымы, әрі әкемнің шығармашылығына деген құрметін дәріптегендей.
Ұлықман ағам «Айдынға құйған ақ бұлақ» кітабында әкемнің сері мінез, қызу қанды екенін айтып, әнші-сазгерлік қырына тоқталады. Ән айту өнеріне тәнті болып, «талант тармақты болады екен-ау» деген ойын білдіреді. Ақындық талант, ән айту өнері әкеме әке қанымен келгені өмір заңдылығы, дегенмен, менің әжем де бір кісідей ән айтатын. Әке қанымен берілген дарын, ана тәрбиесімен ұшталған осы өнер әкемнің тұлғасын даралап, шоқтығын биіктетіп тұрғандай.
Кезінде ән өнерінің бұлбұлы Дәнеш Рақышев ағасы жоғары бағалаған «Жайлау әні» атты әннің сазы да, сөзі де өзінікі. Бұл әнді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дәнеш ағамыздың кенже шәкірті Нұржан Жампейісов ініміз республикамыздың биік сахналарынан орындап жүр.
Белжайлау төрінде елінің алқауына бөленген Дәнеш ағамыз 1982 жылдары «Суықтың сайын» өрлеп, қасат қар жатқан биік тауға ұлар көруге шығады. Сол сапарында, саятшылық әсерімен «Сағынышым, ұларым» деген ән туады. Әннің сөзін әкем Әдепхан Төреханұлы жазған. Бұл ән «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» антологиясына енді. Жалпы, әкемнің шамырқанған шабытынан туындаған отыздан астам өлеңіне ән жазылыпты. Солардың ішінде «Анама», «Сағыныш сазы», «Жаз дидарлы Жаркент», «Саят», «Қызыл еспе», «Тау қызы» атты әндері елге кеңінен таралған. Бұл да болса әкемнің қаламынан туындаған лирикалық өлеңдердің қуаты мен әсерінің адам жанына ықпалын айғақтағандай.
Өлеңдер мен арнаулардан тыс әкеме арналып шыққан әндер де бар. «Ардақ тұтқан ел-жұрты» деген әннің сөзін жазған Арасанбай Естенов, әнін шығарған Қ. Аманжолов. «Әз ағамыз Әдепхан» дегеннің әннің сөзін жазған жергілікті жас ақын Мұрат Күлімбет. Осындай әнмен өрілген құрмет, әкемнің шығармашылық қарымына деген сүйіспеншіліктен туындаған болар. Ал, әкемнің өнерге деген құштарлығының арқасында осы сыйға бөленгені де бір керемет. Бұл да болса, Алланың берген бағы болар деп пайымдаймын.
«Халқымның қуанышты бұлбұлымын, Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін» деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай әкем осы жетістіктердің бәріне тектілік тегеуіріннен тыс, өзінің білімділігімен, оқығаны мен көргенін көңілге тоқыған алғырлығымен, туа біткен дарынының арқасында жетті деп ойлаймын.
Әкем туралы көп айтуға болады, әйткенмен, толық айтып түгесу мүмкін емес-ау. Қытай даналығында «жақсы әңгімеде барлық мәселені қамту мүмкін емес» дегендей, әрине, адами және қаламгерлік болмысы – мен айтқаннан әлдеқайда кең, ауқымды. Табиғи талант, қажырлы еңбек, шығармашылық әлеміндегі өзіндік жеке қолтаңба Әдепхан Төреханұлына тиесілі екені даусыз. Менің көпшілікке айтпағым сол еді, бір әулеттің көшіне сән беріп, өмірдегі, әрі өнердегі өзінің сара жолын анықтаған әкеме тағзым жасау менің балалық парызым дер едім.
Айбын Төреханов
ПІКІРЛЕР1