АЛМАТЫДА ЕЛОРДА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНДЕРІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
07.07.2020
645
0

 Алматыда Астана күні мерекесі қарсаңында «Алатау сити», «Акварель», «Central Avenue» , «Медеу парк», «Теренкур Терраса», «Гүлдер» 6 тұрғын үй кешеніндегі кезекті үйлер пайдалануға берілді.

    Бұл нысандар Алатау, Бостандық, Медеу және Наурызбай аудандарын қоса алғанда, Алматының әртүрлі аудандарында орналасқан және 1 мыңнан астам пәтерге есептелген. Жаңа тұрғын үй кешендері Алматыны «шетсіз қалаға» айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл аймақтарда тұрғындар үшін күнделікті қажетті әлеуметтік қызмет түрлерінің жиынтығы болмақ.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала шетінде тұратын азаматтардың да қала орталығындағы тұрғындар сияқты қызмет түрлеріне қолдары жетуі үшін олардың өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау керектігін бірнеше рет атап өткен болатын.

Бүгінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қалада баспанаға қолжетімділікті арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдың 10 маусымынан бастап бүгінгі күнге дейін 3 мыңнан астам мұқтаж адам баспанамен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 284 көп балалы отбасы (қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша), 258 көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (республикалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша) және 1050 азамат  29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспанамен қамтамасыз етілді.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып барша қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтағым келеді. Сонымен қатар, осы бағдарламаны бастаған Елбасыға алғысымды білдіремін. Бұл бағдарлама – мен сияқты жастар үшін керемет мүмкіндік. Бағдарлама бойынша ұсынылған баспана өте жайлы, барлық жағдай жоғары деңгейде жасалған », – дейді «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша пәтер алған қаланың жас тұрғыны Ақмарал Мақтабаева.

   Жақында «Алматы жастары 3.0» бағдарламасының екінші кезеңі басталғанын айта кету керек. Тұрғын үй бағдарламасының бірегейлігі төмен пайыздық мөлшерлемеде – 13 миллион теңгеге дейінгі несие жылдық 5% жеңілдікпен беріледі. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен аталған бағдарламаға қатысу шарттары да жеңілдетілді. Сонымен бірге, қалада тіркеуге тұру талабы алынып тасталды. Енді бұған дейін осы себеппен қабылданбаған өтініштер қаралатын болады. Алматыда екі жылдық тіркеуі жоқ жастар да  өтініштерін бере алады.

   Жалпы, Алматы қаласы кім-кімді де өзіне баурап тұратын алып шаһар ретінде еліміздегі ең үлкен тұрғын үй қорына ие. Онда 8,4 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта 26 мыңнан астам қала тұрғыны баспана сатып алу кезегінде тұр. Олардың көп бөлігін халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына жататын азаматтар құрайды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір