Нұржан Қадырәлі. Сен кеткелі қарамаймын уақытқа…
18.06.2020
1528
1

ТАҒЗЫМ

«Құлыным, мен өлмеймін, кейін тек

көгершінге айналып кететін шығармын…»

    Анам

 Мен қуансам жұбанып,

Мен мұңайсам қайғырған,

Сені көріп сағынышты басам

сынық айнамнан.

Ана, сенің періштең ем,

Қанатынан айрылған –

Ақ қанатым – ақ шашыңа айналған.

Сен қуансаң шаттанып,

Сен мұңайсаң күрсінеді күллі әлем,

Әрбір демің – төзімім.

Ана, сені уақыт ұрлап жүр менен,

Анасы жоқ болғаннан соң өзінің.

Менің таңым оянбайды

мейіріміңе табынбай,

Менің түнім көз ілмейді

жылуыңды сағынбай.

Ана, сенің көз жасың да –

жұмақтағы жауындай,

Ана, сенің әр әжімің –

тағдырымның жолындай.

Мен мың жерден ұнатайын,

Сен секілді сүйдім бе?..

Махаббаттың пайғамбары өзің ғана,

жан анам.

Сен болмасаң қаңыраған үйдің де

Қай жері артық даладан?!

Тәңірімнің үні бар әр…

Сөзіңде,

Оған құлақ астық па…

Ана, сенсіз өгей мына өмір де,

Ана, сенсіз мәңгі жетім, –

Бақыт та.

Мені сенімен сынамасын,

жалбарынам, сынама

Жалған дүние, анам жалғыз көгершінім қолдағы.

Өз анасын ренжіткенге өкпелейді Құдай да,

Ал анасы кешіргенге кешірімді Ол-дағы.

…Қанша жанның көгершіні сағыныш боп самғады,

Һәм қайтадан қонбады.

Сенен басқа кімге айтамын,

жанарыма жас ұйып –

Сенен өзге сыр айтатын ешкімім де

қалмапты.

Сен бар кезде сүрінсем де құламаймын,

Тек сүйемін бас иіп –

Аяғыңның астындағы жәннатты.

Тек өтінем, жоқтығыңды сездірме,

Өзіңді, ана, елестерден ерекшелеп

өскенмін.

Өмір-бақи дидарыңды көру үшін қажеті жоқ көздің де,

Тілдесуге сөздің де,

Ең аяулым,

Қасиеттім,

Қастерлім!

 

АНТИГРАВИТАЦИЯ

Қанатсыз-ақ қалықтайды қара жер,

Кеңістікте күрсініп.

Мен де ұшып кетсем бе екен қырсығып…

Сенің демің самғап жүрген даламның, –

Самалына тұншығып…

Саған қарай,

Уақыт құсап асығып,

Жалғыздықты құшағыма жасырып, –.

Маған бүкіл адам бірақ сол жолда,

Қалған құстай қауырсыны шашылып.

Сүйгеніне кеткісі кеп зар жұтқан,

Жеткісі кеп,

Құлай-құлай тауын шағып, шалдыққан.

Жердегілер қанатына құстардың

Қызғанышпен қарайтыны соңдықтан.

Сені іздесе көңіл қанат құс – жүрек,

Мен жетемін үш нүктеңе үш түнеп.

Себебі шын ғашықтардың құшағы,

Бірін-бірі сағынса –

Жердің тартылысынан да күштірек.

О, содан соң жалғыздықтың көгінде,

Түсінде емес, өзеуреген өңінде,

Ғашықтардың хаттарындай шашылып,

Құстар бізден сәлем айтар өмірге.

Жұлдыздарға шағылысқан шуақтай,

Ұша алмайсың,

Сүймей, күймей, ұнатпай.

Ғашықтардың рухы шығар, кім білсін,

Қара жерді мәңгіге,

Алып ұшып келе жатқан құлатпай!

* * *

Сен кеткелі қарамаймын уақытқа,

Жер-көктегі жақұтқа.

Мынау қала сен сияқты тәкаппар,

Көңіл таптап қолын созған бақытқа.

Һәм биікке,

Шексіздіктер шектесе,

Бар-жоғыңды елемейтін, жетпесе.

Ал жаншылған жүрек қалай жіберсін,

Тұңғиыққа бірге тартып кетпесе.

Әрбір түнде үміт отын сөндірген,

Өлі туған армандарды көмдім мен.

Бұл қаланың шамдарындай жанарың,

Жылуы жоқ,

Әр көшеге мен жүрген, –

Жұлдыздардан қызғанғандай телмірген.

Көргім келмей елесіңді, ұмытпас,

Күнде жүрмін жанарымды жұмып тас.

Сендей суық бұл қаланы, мен түгіл,

Атқан таңның құшағы да жылытпас.

Жалғыздықтың жүрегіндей – сағатты,

Әулие көрдім…

Уақыт та сенімімді жоғалтты.

Мынау қала сен сияқты бәрібір –

Сағыныштың салтанатты сарайы,

Күткендерге абақты.

Сүйгенімнен басқа сөз жоқ жұбатар,

Өз-өзімді,

Ал саған таң құр атар.

Мынау дала мен сияқты бір күні,

Дүр сілкінсе, құшағына құлатар,

Жан дүниеңнің қамалын!

 

МЕНІҢ ОТЫМ

Өмір сүйген әр жалыны жанымның,

Көңіл күйген күліндей боп бағымның, –

Мендегі отқа сен түскенде алаулап,

Алақанын жылытқан ек Тәңірдің.

 

Бірге өртену ғажайып қой, ләззәтті,

Жалғыз жану – сөнуден де азапты.

Сен жұмаққа таң боп атып кеткенсің,

Менің отым тұтатқандай тозақты.

 

Жұлдыз еріп, еркелейді ай саған,

Өз отымнан кейде өзім тайсалам.

Жылуыңды тағдыр тартып алған соң,

Батқан күндей, орала ғой қайтадан.

 

Әр деміммен бар сәулеңді емдеймін,

Отты ғашық ете алады сендей кім?..

Сен келгенше жанарыма шоқ үйіп,

Үмітімді өртесем де, сөнбеймін!

Жарығыңды ұрлар, бәлкім жылдарың,

Оралмасаң шуағыңда құрбанмын.

Біз суысақ,

Тастай қолы тағдырдың,

Шоғымызбен нұрландырар зыңданың.

 

Өмір жылу таппас бірақ сүйсе одан,

Жалғыздықта көңіл жүдеу, күй қараң.

Мен сен үшін жанған отпын, ұмытпа,

Маңдайынан Тәңір ғана сипаған!

 

РАҚМЕТ САҒАН!

Дейтін шығар өз ойың: «дел-сал кез бұл,

Дәл қазір мені армандап, аңсаумен жүр».

Жыл құстары оралар мың сан рет,

Бірақ күтпес оларды дәл сол мезгіл.

 

Өрлейді екен өмірім алапаттан,

Өлмейді екен өр рухым жарақаттан.

Сен далаға қалдырып кеткен жүрек,

Дауылға дос, аяздан пана тапқан.

 

Сырлас болсаң бақытқа, күндес әркім,

Өртенбеген жүректер мүлде салқын.

Тайраңдайсың арымды таптағансып,

Қанатың жоқ болған соң бірге ұшатын.

 

Көңіліңе алдандым, сездім, сендім,

Өміріме жалғандың, көндім, төздім.

Сен түкіріп кеткенмен жан дүниемнің,

Оты сөніп қалған жоқ,

Өзің сөндің.

 

Күліңменен ізіңді жамап, көмдім,

Қашқыны сен мендегі азап, шердің.

Уақыт емші болса егер, өмір –ұстаз,

Ауырмауға үйреткен сабақ болдың.

 

Сені жақтап тағдырым ерегессін,

Мейлі маған,

Бірісің көп елестің.

Мен өмірге иә, рас, жылап келгем,

Бірақ оған себепкер сен емессің!

 

Мен емеспін біреуге кетпе дейтін,

Шындығым сол, шынжырлап шектемейтін.

Аспан құлап кеткен жоқ ренжитіндей,

Өмір тоқтап қалған жоқ өкпелейтін.

 

Жүрек деген – кеудеме сыймас тұтқын,

Емін таппай есін де жимас, ұқтым.

Өзіңменен әкеттің, рақмет саған,

Қиқымын да қалдырмай қимастықтың!

 

ПАРИЖ ҺӘМ СЕН

(түс…)

 Сенсіз өткен өмірім – жансыз шуақ,

Алдағым да сен жоқта мәнсіз сұрақ.

Әр жүректің ажалы махаббаттан,

Тірі де емес бұл жүрек онсыз бірақ.

 

Ауыртуды білетін, емдеуді де,

Қимағанын алысқа жерлеуді де.

Өмір деген – сүюге себеп қана,

Қайта оята алатын өлгенді де.

 

Сағынғанда сен бе жоқ, мен жеттім бе,

Махаббатсыз…

Айналар өң де күлге.

Париж –Париж болар ма ед(і) құрығанда,

Ондай нүкте болар ма ед(і), жер бетінде?!

 

Сүйгеніңнің сиқырлы демі кейде,

Жандырады, өлең боп ері дей ме…

Мен жаныңда болғанда Шопен де емес,

Тәңір ғана шақырар сені биге.

 

Жұлдыз жұтып айдың түн – шарабынан,

Атилладай сертімді қаза қылам.

О, содан соң, сол түстен оянбаймын,

Сені де оятпаспын,

Мона Музам!

 

Жағамызға жармаспас асыққан күн,

Жылуы да өзіңсің қасық қанның.

…Париж солай өртеніп жатқан қала,

Құшағы мен

Түсінде ғашықтардың.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 27.06.2020 | 00:31

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір