УАҚЫТҚА БАҒЫНБАЙТЫН «Кішкентай ханзада»
02.08.2024
39
0

Ғасырға жуық тарихы бар Атырау қаласындағы Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театры бүгінгі күні репертуары әртүрлі жанрда толыққан көші ілгері қазақ театрлары қатарында.

Театр репертуарының көркемдік деңгейін түсірмей, көрерменге сапалы дүние ұсынуды мақсат тұтатын театр ұжымы, өз қызметтеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Театр басшылығы биылдан бастап, әр премьераға кәсіби деңгейде талдау жасау үшін театртанушы мамандарын шақыртуды үрдіске айналдыруда. Бұл бастама жаңа қойылымның өміршең болуына, актерлердің кейіпкер сомдаудағы жұмысының жақсаруына, қойылымға жарық беруші, музыка қоюшы, сахналық костюм тігуші, декорация жасайтын суретші сияқты театр мамандары шығармашылығының шыңдалуына үлкен септігін тигізері хақ.Театр репертуарын түрлі жанрлар мен әлемдік авторлардың шығармаларымен толықтырып жүрген театрдың бас режиссері Жанат Телтаев. Ол сахналаған қойылымдарды атап айтар болсақ: Рэй Кунидің «№13»/комедия/, Рахымжан Отарбаевтың «Бас» /тарихи драма/, Георгий Пряхиннің «Тергеу» /деректі драма/, Жұмагүл Солтиеваның «Әйел тағдыры» /мистикалық драма/, Әлия Дәулетбаева «Толқындар жағада өледі…»/үлкендерге арналған ертегі/, Уильям Шекспирдің «Ричард III» /ақиқаттың ізімен/, Евгений Гришковецтің «Ақ қар жауып тұрғанда» /трагикомедия/ шығармалары.
Біз көрген жаңа қойылым Француз жазушы Антуан де Сент- Экзюперидің «Кішкентай ханзада» үлкендерге арналған ертегісі. Бұл – режиссердің биылғы жыл еншісіндегі алғашқы премьерасы. «Кішкентай ханзада» аллергориялық ертегісі – ең көп оқылатын, әлемнің тілдерінің барлығына дерлік аударылған шығарма. Қазақ театр сахналарында бұған дейін өзге режиссерлер аталмыш шығарманы «балаларға арналған ертегі», «моноспектакль» жанрында сахналаған болса, Жанат Телтаев «үлкендерге арналған ертегі» деп алған. Балаларға арналған шығарма болғанымен, онда адам болмысына қатысты терең пайымдар бар екенін көреткісі келген.

Қойылым басында, кішкентай ханзада өзі салған пілдің суретін ересектерге көрсетеді. Үлкен адамдардың бірі – оны қалпақ деп көрсе, енді кейбіреулері түсінбей өтіп кете беруі, тіпті оған көңіл бөлмеуі – қазіргі қоғамның басты дерті «балаға көңіл бөлмеу» екенін, біз тіпті осы әркетімізбен оның балалық қиялына шектеу қойып тұрғанымызды түсінбейтінімізді көрсетеді. Бала үшін үлкендер – әрқашан «қызық халық», «үнемі жұмысбасты». Осы арқылы «менің қолым бос емес!» «уақытым жоқ!» дейтін әр ата-ана өзін көрері анық.
Шығармада кейіпкер алты жыл бұрын болған оқиғалар туралы айтады. Ұшу кезінде ұшақтың қозғалтқышында бір нәрсе дұрыс болмай, ұшқыш механиксіз және жолаушыларсыз ұшып, өркениеттен мың шақырым қашықтықта Сахара құмына қонуға мәжбүр болды. Ол ғажап және сырлы ханзаданы кездестіреді. Аспан әлеміне саяхаттайтын кішкентай ханзаданың бастан кешкен оқиғалары, оның кездестіретін түрлі мінез-құлықты кейіпкерлермен оқиға жалғасады. «Ғаламшардағы адамдарды бұл ғаламшар ғана емес, бұл адамның жан дүниесі деп қарастыруымыз керек», – дейді бізге режиссер пікір алмасу барысында. Жалпы шығармада суретті оқиғалар өте көп, оны бір жүйеге келтіріп, театр сахнасына лайықтап шығару режиссерден үлкен ізденісті талап етеді.
Кішкентай ханзада, ең алдымен, ол ғарыштағы жұлдыздарды басқаратын патшаны кездестіреді. Бұл сахналық қойылымда, біз күткен тәж киген, үстінде қызыл матиясы бар патша емес, «Гитлер» етіп алу арқылы, әр кезеңде билігі басым адам өзін патша санайтынын көрсетеді. Содан соң, өзін мақтаудан жалықпайтын атаққұмармен кездесу сахнасы, өнер адамдарының ел алдына атақ-абыройлы болып жүру үшін түрлі қитұрқы әрекеттер, оғаш қылықтар жасайтын тұстарын көрсетуге тырысқан.
Ішімдікті ішкені үшін ұялатынын, қайғысын ұмыту үшін ішімдікті ішетін маскүнемді кездестіретін сахнасында, маскүнем актерді бейнелеп жүрген театр актері Бақытжан Өтеғалиевтің шеберлігі, кейіпкерінің мінез-құлқын жеткізе білуі, көрермен көңілінен шыққанын айта кеткен жөн болар. Кішкентай ханзада өзін жұлдыздардың иеленушісі деп ойлап, оларды санап отыратын «іскер адамды», өз сөзіне адал, әр минут сайын шамды жағып не өшіріп отыратын «шырақшыны» кездестіреді. Бұл сахналар арқылы режиссер ғалымдар дәлелдеп отырған қазіргі таңдағы 24 сағаттың 18 сағатқа қысқарғанын, «уақыттың жүйрік» екенін көрсеткісі келеді. Кітапқа саяхатшылардың оқиғасын жазып отыратын, бірақ ешқайда бармайтын «географты» көрсету арқылы, географтың сөзіне құлақ салып, кішкентай ханзада Жер ғаламшарына аттанады. Бұл жерде «бағыттаушы» кейіпкер ретінде алынып тұр. Бұлай болмаса, ол ұшқышты да, өзінің розасын да көрмес еді. Жер бетіндегі Ханзаданың жыланға баруы – оның оған қастандығы емес, керісінше, «жол сілтеуші» етіп көрсетуі, бұл – «бостандық». Шығармада кішкентай ханзаданың түлкімен де кездесетін тұсы бар, ол кезде де біз түлкіге тән қитұрқы әркеттерге барады ма деген едік, жоқ режиссер шешімі, керісінше, оны адамға жақсылық жасаушы етіп көрсеткен. Кейіпкерлер арасындағы оқиғадан түйетін ой – адамдарға қарағанда, жан-жануарлар әрекетінің дұрыстығы қазіргі уақытта адамдардың жақсылық жасауға сараң екенін көрсетеді деген ой түйесің.
Жоғарыдағы оқиғалар тізбегі театр актерлерінен кейіпкер мінезін терең зерттеу керек екенін, сонымен қатар актерлік дуэттің шебер орындалуын қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда актерлерге көп ізденіс және де жарық қою барысында олқылықтарды түзету керек екені сезіліп тұрды.
Әйгілі философ Мартин Хайдеггер «Кішкентай ханзаданы» XX ғасыр экзистенциализмінің ең ұлы туындыларының қатарына жатқызады. Өткен ғасырдың куәгері болған автордың ойлары біздің ғасырдың оқиғаларымен астасып жатыр. Қойылым адамның әрбір сөзіне, әрбір ісіне жауап беру керек екенін еске салады. Кей адамдар мұны кеш түсініп жатады, ал біреулер түсінбей дүниеден өтеді. Бүгін театрға келген көрермен бұл ұғыммен таныс болса, көкейіне ұялатса екен дейміз. Ендеше, аталмыш туындыны сахналаған режиссер Жанат Телтаевтың жұмысына сәттілік тілеп, ересектерге арналған ертегінің сахнадағы ғұмырының ұзақ болуына тілектестік білдіреміз.

Әлия ШАҚУОВА,
Хадиша Бөкеева атындағы
Қазақ драма
театрының әдебиет бөлімінің
меңгерушісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір