ӘУЕЗОВ ҚОЛТАҢБАЛАРЫ
Бұл кітап басқа кітаптардан ерекше. Ерекше болатын себебі – мұнда Мұхаңның перзенттеріне, жора-жолдастарына, замандастарына, әріптестеріне, қазақтың біртуар тарихи тұлғаларына, қоғам қайраткерлеріне берген қолтаңбалары дәл осы кітапта тұңғыш рет жүйеленіп, зерттеліп, жарияланып отыр.
Мұхтар Әуезовтің жеке кітап қоры-нан алынған қолтаңбалар суреткердің шығармашылығы үшін ғана емес, жалпы қазақ әдебиеті үшін де қажет дүние. Ұлттық әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет зерттеліп отырған еңбекте автографтың өзіндік стилі, тілі, тағдыры, тарихы бар ерекше жанр екені жан-жақты талданады. Монографиялық еңбек үш бөлімнен тұрады. «Автограф» деп аталатын бірінші бөлімде қолтаңба жанрының анықтамалары, тарихы мен М.Әуезовтің жеке кітапханасындағы қолтаңбаларға талдау жасалса, «Жүректер жүрекке» деген екінші бөлімде М.Әуезовтің жүрек қалауымен өз туындыларына түсірілген қолтаңбалардың фотокөшірмесі берілген. «Әлем таныған М.Әуезовке ұсынылған қолтаңбалар» атты үшінші бөлімде жазушыға арналған автографтар жүйеленіп, фотокөшірмелері беріліпті.
Жалпы, тарихи тұлғалардың қолтаңбаларын қадірлеу бұрыннан бар дәстүр. Мәселен, Францияда автографтар ғылыми мақсатпен жиналып, ғылыми құжаттарда қатталған екен. Кейінгі уақыттарда да белгілі бір тұлғалардың қолтаңбаларын жинау таза коллекционерлік дағдыға айналып, Батыс жұртшылығында үлкен қызығушылықтар туғызыпты. Тіпті, уақыт өте келе тарихи тұлғалардың қолтаңбалары саудаға түсіп, сатыла да бастайды. Қолтаңбаның нақты сол тұлғаға жататын-жатпайтынын анықтап, талдау үшін факсимилиенің жинақтарын да жариялаудың дәстүрге еніп жүргені сол уақыт. Тіпті, қолтаңба жинаушы коллекционерлерге арнап бірнеше баспа өнімдері арнайы материалдар да басып тұрған. Әлемдегі әдебиеттану ғылымы Париждің Ұлттық кітапханасы мен Лондондағы Британ музейінде қолтаңбалардың ең бай коллекциясы жиналғанын айтады.
Алайда, қазақ әдебиеті тарихында жеке шығармашылық тұлғалардың кітапханасы, ондағы автографтар әлемі әзірге арнайы зерттеле де, жариялана да қойған жоқ.
Кітап авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Пірәлиева: «»Қаламгердің өзіне ұсынылған кітап, журнал, газеттер, авторефераттар, сурет, құттықтау парақшалары секілді көңіл білдіретін барлық басылым түрлерінде бар автографтар мұражайдағы кітапханада молынан кездеседі. Біз ең мазмұнды