«НЕНІ СҮЙДІМ, ДҮНИЕДЕ, НЕДЕН КҮЙДІМ…»
18.05.2020
1919
1

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

(Жалғасы)

Ұлт ұстынына айналған Абай болмысы, Абай биігі ешқашан аласармақ емес. Ғалым, абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың кемеңгерге «тасадан тас атушылар» әрекетіне тосқауыл болар мақалалар циклының үшінші бөлімін ұсынып отырмыз. Алғашқы екі бөлімін газетіміздің өткен сандарынан оқи аласыздар.

3. «ҰЯЛМАС БЕТКЕ ТАЛМАС ЖАҚ БІТЕДІ»

«Лайым, бұл соңғы арандату болғай», – деп шын тілеп едік. Жоқ, тілегіміз қабыл болмапты. Өткен жылдың (2018) 24-25 шілде күндері бүкіл әлеуметтік желілерден – KYN.KZ, SMARTNEWS, Qamshy.kz сайттарынан берілген Нұрлан Байділдә деген біреудің мәлімдемесін «талдап, көсемсігендер», міне, бір жылдан астам уақыт бойы ойлы қазақтың намысын аяққа таптаумен ұласып келеді. Өкінішке қарай:
Танымадық,
Жарымадық,
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі, –
деп Абайдың өзі айтқанындай, біз тағзым етіп, қасиет тұтып, ұлтымыздың ұйытқысы деп санап жүрген Абайды ендігі арандату іштен шығыпты.
Тұрған жерін «төрге шығып ап» деп әспетсітіп отырғамыз жоқ, «кәсіп қудым» деп мұхит асып, сұрқылтайдан сытылып шығып, Нью-Йоркте (түсірілімі солай) тұрып, тойынған тұсында, отанына қарата лоқсытқан саталақ сөзін меңзеп отырмыз. Елінен сырт кетіп, Отанына қарап үргендерді орыстар – «отщепенец!», қазақтар – «саяқ» дейді. Сол «отщепенецтің» – саяқтың сұрық-сойы Нұрлан Бәйділдә деген безер екен! Елден саяқсығаны бекер емес шығар. «Жетіскендігі» шығар. Сол «жетіскендегі» еліне көрсетіп отырған «жақсылығы»: ол өзінің әке-шешесі, ата-бабасы (оған сенімім кәміл), елі, кие тұтқан қасиеттің бетіне сондай бір бетпақтықпен түкіріп, тағы да сол Абайдың өзі айтқандай, «төрден үрген ит құсап» шыға келгендігі шығар. Әуелде: бұған «ызалы жымиыспен» (Абай):
Атаны – бала аңдиды, ағаны – іні,
Ит қорлықпен немене сүйткен күні?
Арын сатқан мал үшін антұрғанның,
Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні!
Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып,
Аямай бірін – бірі жүр ғой аңдып.
Мал мен бақтың кеселін ұя бұзар,
Пәруәрдігер жаратқан несін жан ғып!
Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.
Бір атқа жүз құбылған, жүзі күйгір,
Өз үйінде шертиген паңы құрсын! –
деп, қоя салайық деген де күпірлік ой болды.


Бірақ осынша басындырып қойға­нымыз «қылмыстың ең ауыры – уайымсыз салғырттық» (Абай), көмпістік, немкеттілік, руханиятқа жаны ашымастық екен. Тілбезердің тілін білетін бір замандасы бетін қайырар деп ай емес, жыл күттік. Жоқ, тиылар емес. Өзгені былай қойғанда, «ақындардың ішіндегі – артист, артистердің ішіндегі – ақын» атанған, қазақтың маңдайға басар бір азаматы деп жүрген адамның Нұрланға қосылып Абайды күресінге лақтырып тастағанын оқығанда: «біздің қазақ надандығы мен дүмбілездігінен әлі арылмапты-ау. «Ар ұялар істің» (Абай) шекарасын парықтаудан қалған ба? «Мен шыншылмын», – деп, шындықтың, шын шыншылдың бетіне күл шашуы – күнге қарсы көзін аша алмаған адамның бей шарасыздығы емес пе?» деген күмәнға қалдым.
Кісіге ғайбат сөз айтуға дәтім шыдамаушы еді. Бірақ та ар-ұятымыз, ожданымыз, рух иманымыз деп сиынып, мәдет тұтып отырған жалғыз тұлғамыз – Абайды: «Жаны жақсы адамға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», – дегеннің керін келтіріп, әр қазақтың, сол арқылы бар қазақтың ар-ұятын, ожданын, рух иманын қорлаған пұшәйманға Абайды талатып қойғым келмей:
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл,
Не жазып кетсе жайы сол,
Жек көрсең де өзің біл! –
деп, қалам алып отырған жайым бар.
Әр ұлттың өзінің ар-ұяты, парасат биігі, даналық мәйегі санайтын бір нысаналы тұлғасы болады. Сол тұлға арқылы, өзге жұртпен иық тірестіре аламыз, тереземіз теңеледі. Сондай тұлға – қазақ халқы үшін Абай. Сондықтан да Абайды сыйлап, дәріптеп, түсініп, сүйіп, қорғау үшін ешкімнен именбейміз. Өйткені өзінің ұлтының қоғамдық ой мен санасын қалыптастыруда: немістер үшін – Гете, ағылшындар үшін – Шекспир, орыстар үшін – Пушкин мен Толстой, қытайлар үшін – Конфуций (Күң-зы) қандай ұлттық қасиетке ие болса, Абай да қазақ руханиятынан сондай орын алатынын біз білеміз. Рабиндрат Тагордың Нобель сыйлығын алған кезінде дүние жұртына мәлімдеген:
«Әр халық өзінің тағдыр-тауқыметін әлем алдында айта алатын болуы керек. Егер ол халық төрткүл дүние үшін ештеңе бере алмаса, мұны ұлттық қасірет, қылмыс деп бағалау қажет, бұл өлімнен де сорақы және оны адамзат тарихы кешірмейді. Әр ұлт өзінің ең асыл қасиеттерін адамзатқа ортақ қазынаға айналдыруы тиіс… Өзінің ғана жеке мүддесін жеңіп, оны сыртқа шығару арқылы бұл халық өзінің рухани мәдениетінің салтанатына бүкіл адамзатты шақырады», – деген шартына толық сай келетін тұлға да Абай.
Ызалы құмығудың түпкі себебі, Қазақ ұлты және дүниеге танымал зиялылары (санамалап жатпайын, жүзден астам сілтеме келтіруге болады) ЮНЕСКО-ның мінберінен: «Абай арқылы қазақ халқы әлемдік ақыл-ойдың дамуына өзіндік үлес қосты» (Ш.Айтматов) деп масаттана мәлімдеген дана Абайды Н.Бәйділдә сияқты әлдебіреудің: «Өз басым мойындамаймын», – деп кещелікпен мәлімдеген надандығында емес. Ол өз ісі.
Мәселе, керісінше, кеудесі «бардаға» – ашыған кебекке толған тоғышардың өңеші лоқсыққа тығылып тұрып, сондай бір «маңғаздықпен» «Абай бүкіл қазаққа үлгі боларлықтай кемеңгер тұлға емес», – деп, сіз бен бізді өзінің қатарына қосып, оны сіз бен біздің талғамымыз бен азаматтық пікіріміз ретінде көпке ұсынып, «ішіне толған нас» (Абай) иісті сыртына лақ еткізіп төге салуында. Мұндайларға кезінде Абайдың өзі: «Ұялмас бетке, талмас жақ бітеді!» дейтін «көп былжыраған арсыз, ұятсыздың бірі-дағы», – деп жауап беріп кеткен екен. Сол, «ұялмас бетпен, талмас жақпен, ұятсыз» ұрпақпен, міне, тағы кездесіп отырмыз.
Осыған орай, Абайға араша түсіп, әділет іздеген Айзат Рақыштың – Абайды арандатып, жеке басына жала жапқаны және сол арқылы қазақтың ұлттық намысын қорлағаны үшін Нұрлан Байділдәні:
«ҚР ҚК-нің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру туралы заңындағы: «1. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, сол сияқты азаматтардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін олардың діни көзқарасы, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік қатыстылық белгілері бойынша насихаттау, егер бұл әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасалса, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» – деген 174-бабқа сәйкес заң алдында жауап берсін!» – деген ұсынысын толық қолдаймын.
Сонымен, біз осы кіммен және неге «ұят салыстырып» отырмыз? Иә, неге? «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда!» деп «өжетсімген» Нұрлан Бәйділдәні, сол арқылы «ақылдымсып-мардымсып», «ақынымсыған» менмендерге заң, ар-ождан, әдеп тұрғысынан тиым салынса дейміз. Ал біздің де «өз сөзіміз өзіміздікі» болғандықтан да, елбезердің «өз сөзіне» қарсы біз Абайдың «өз сөзіне» сүйене отырып «өз сөзімізбен» жауап береміз. Әрине, қазақ тіліндегі түпнұсқасы бойынша және текстологиялық-мағыналық талдау әдісіне орай мәлімдемені сөйлем-сөйлемі бойынша қысқаша сатылап мүшелейміз.
Сонымен, заң талабы бойынша қойылатын бірінші талап: Нұрлан Байділдәнің «Абайды ұлы адам деп санамаймын» деген блогерлік мәлімдемесі ресми таратылымға жата ма, жоқ па? Әлеуметтік желілердегі ақпаратты тарату туралы заңдар мен ережелерге жүгінсек – мақсатты түрде қоғам мүшелерінің пікіріне ықпал ету үшін таратылған ресми хабардың қатарына жатады. Ол мәлімдеме: KYN.KZ, SMARTNEWS, Telegram арқылы Stan.kz сайты, Qamshy.kz, © abai.kz т.б. таралды. Тіпті, дүние жүзіндегі орыс тілділердің дені танысты. Ал өзім оқыған және маған жолдаған Бейжің мен Ыстамбұл қалаларындағы әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлердің санын атап тауыса алмайсың. Кейбір күңкілшілдердің міңгірі болмаса, ол пікірлер дерліктей ыза мен ренішке толы. Демек, бұл – қоғам мүшелеріне іріткі салуды мақсат еткен және сол мақсатына жеткен арандатушы «мәлімдеме» болып табылады. Демек, заңда көрсетілген: «Егер бұл әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасалса», – деген айыпқа дәл келеді.
Ал, екінші, мәлімдеме дегеніміз – қоғамдағы белгілі бір атаулы жағымды-жағымсыз оқиғаға, мемлекетке, қылмысқа, жеке адамның іс-әрекетіне, нәсілдік, ұлттық, діни көзқарастарға қатысты жасалған қостау не қарсылық пікір.
Бұл, ретте, егерде, «Қазақстан респуб­ликасының ұлттық идеологиясының негізі – Абай руханияты» деп жиі айтып жүргеніміз рас болса, онда, бұл мәлімдеме, ең бірінші қазақ мемлекетінің ұлттық идеологиясына қарсы және қоғам мүшелерін арандатып, адастырып, ұлттық тұтастыққа жік салу үшін таратылған.
Бұл, жоғарыдағы бапта жазылған: «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттерге» сайма-сай келеді.
Үшінші, Абайды ұлттық қасиетіміз, ар-ожданымыз, ұлттық мақтанышымыз дейтін болсақ, онда бұл адам Абайды мойындамау арқылы қазақ мемлекетін де, қазақ ұлтын да мойындамай, оны қорлап, басыну үшін хабар таратып отыр. Сондықтан да, оның айтқаны «біреуге ғана ұнамайды» емес, иісі Қазақстан азаматтарына ұнамайды. Бұл әрекетке заңда: «сол сияқты азаматтардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін олардың діни көзқарасы, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік қатыстылық белгілері бойынша насихаттау» (не жала жабу), – деп анықтама берілген.
Төртінші, бұдан кейінгі: қазақ елінің дүниенің өзге жұртынан Абай туралы жасырып келген өте құпия қылмысы бардай: «Менің Абайды қаралағым келмейді, бірақ ақиқатты айтатын кез келді деп ойлаймын. Оны дәл қазір қабылдай алмасаңыздар да, болашақ ұрпақ түсінеді деп үміттенемін», – деп маңыздымсуы – елді елеңдетуге бағытталған жалған даурықтыру, яғни, « … азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекет» болып табылады.
Сондағы уәжісымағы (біз өзіміздің эмоциямыз қосылып кетпес үшін желідегі екі аударманы салыстырып пайдаланып отырмыз): «Қазақ халқының ұлы ғұламаларынан кімді білесің?». Көбі бұл сұраққа: «Абай Құнанбаев», – деп жауап береді. Ол көбінесе қазақ ұлтының үлгілі тұлғасы болып саналады және барлығы соған еліктегісі келеді. Шынымды айтсам, мен бұған келіспеймін. Мен оны ұлы адам деп санамаймын және оның бүгінгі қоғамда алып отырған орнын мойындамаймын. Алдымен, оған мұндай дәреженің не үшін берілгенін анықтап алайық. Ол не істеді?» – деген тоқмейіл, дүмбілез сұрақ. Қазақтың мақтанышы Абайды, әрине:
Өзім де өрге шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім! –
деген Абайды;
Қасиетсіз туған – ол да жат,
Күңкілдеп берер сазаңды, –
деген Абайды;
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға, –
деген Абайды қазақ:
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда? –
дегені үшін дәріптейді.
Өнерсіздің қылығы –
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге,
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске малданып,
Жол таба алмай жүргендерді – еске салып:
Мал мен бақтың дұшпаны,
Кеселді пысық көбейді, –
деп бүгінгі күннің «өнерсіздері» мен өнегесіздерін дәл басып болжап, алдыңнан шығатынын ескертіп кеткені үшін дәріптейді.
Ал осындай ащы да уытты ойларды айтып, елінің ертеңіне алаңдап, алдын-ала ескертіп кеткен Абайдың «жақсылығын», әрине, саудагер (кәсіпкер емес) блогер, білмейді. Сөйте тұрып: «Қиын-қыстау заманда артынан адамдарды ертіп қол бастады ма, әлде, оларды құтқарды ма? Батыр болды ма, әлде, жер жаулап алды ма? Халықты басқарып, олардың жағдайын көтерді ме? Ол, тіпті, ауыл басқарып көрген емес. Мен оны ұлы адам деп танымаймын. Абай жай ғана жақсы адам» Ақылды ойлар жазғаннан басқа ештеңе істемеген», – деп кекжиеді «әсемсіп, сәнсіген, білгенсіп, бәлсінген, Керенау, кердең, бір керім».
Мен оның бұл сараместігіне қарсы: Айналайын-оу: Абай өмір сүрген заманнан бастап бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейінгі қазақ мемлекетін басқарған бірде-бір бірінші басшының, не бірде-бір халық батырының, не Кеңес одағының батыры атағын алған бірде-бір қазақтың, қазіргі Қаһармандардың да бірде-бірінің Абайға тағзым етпей кеткен жері жоқ. Ал, сен, қолбасылықты айтасың? Білмесең, айтайық. Абай – ұлттың ең қасиетті киесі – ұлттық сананы, ұлттық ар-ожданды оятқан, ұлттың рухани тәуелсіздігі мен елдің елдігін қорғаған, рухани әлемін тәрбиелеген, «Біріңді қазақ – бірің дос, Көрмесең күннің бәрі бос», – деп ұлттық тұтастыққа ұйытқан адам. Сондықтан да ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов Абайды: «Қазақтың Бас ақыны», – деген! Айтпақшы, енді сен: «Байтұрсынов кім, ол да қол басқарды ма, ел биледі ме?» – деп сұрап, тағы да масқарамызды шығарып, жынымызды келтіре көрме, қарағым! Өйте берсең, «ағайын-туыс, дос-бауырың: «Бауырыңа тартқан, Сырыңды айтқан, Сырласыңның өзі сырт айналатыны» (Абай) анық» – деп жауап бергім келеді.
Аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының өмірінен блогердің қаншалықты мағлұматы бар, білмеймін. «Абайдың әкесі Құнанбай нағыз азаматтығымен көзге түскен. Ел басқарды. Шынымен де үлгі боларлық тұлға», – дегеніне де шүкір. Сөйтсек, бұл пікірді Абай романы үшін өмір бойы азап шегіп, өлім жазасын күтумен өткен Мұхтар Әуезовті: «Абай Құнанбаев жалған образдағы адам. Абай – кеңес өкіметі ойлап тапқан жасанды пиар образ. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында Абай бірде-бір істі соңына дейін жеткізбеген», – деп Абайға осыны қосып қаралау үшін білдіріп отыр. Қадыр Мырза-Әлінің:
О, ант атқан, ант атқан,
Осал жерін ерлердің,
Қалай ғана дәл тапқан! –
деген өлең жолдарында айтылғандай, мына безердің қазақ ұлтының осал жерін дәл тапқанын қараңызшы.
Қазақтың дүние таныған тұлғалары Абай, Мұхтар, бұған Қанышты қосып жібермегені қай жаңылғаны екен, ә? Абайға тояттамай:
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бишарасы», –
деп Абай айтқандай, Құнанбай мен Мұхтарды қосып, ойын алапестеп алғанын қарашы.
Бірақ осы сөзді өзі біліп, тым құрығанда, М.Әуезовтің «Абай жолын» оқып, айтып отырғанына күмәнім бар. Өйткені сөзінің асты қопсып, көлгірсіп тұр. Құнанбайды, қай еңбегі, қай ұстанымы, қай билігі арқылы «красавчик» (тапқан теңеуінің түрін-ай десеңші) деп атап отыр? Біз білгендегі Құнанбай жәй «красавчик» болмаса керек еді. Мұнысы, біреудің сөзіне еліткен елегізу ғана сияқты. Бұл орайда айтарым, Абайдың мына сөзін ойына ала жүргені лазым:
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме,
Сізге айтамын, қаупім – бұл…
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма…
Біз – сәуегей де, блогер де емеспіз. Сондықтан да ол сияқты: «Егер Абай біздің заманымызда өмір сүрсе, ары кетсе – танымал блогер ғана болар еді», – деп сараместік таныта алмаймыз.
Егер, «жақсылығы үшін осынша дәріптелетін» блогер дәл Нұрлан Бәйділдә сияқты болса, онда, оның бұл тірлігі қай тірлік? Осындай «тірлікке», күнкөріске орай айтқан Абайдың мына: «Ырыс алды – тірлік», – дейді, ол қай тірлік?.. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың. Кеселді жалқау, қылжақпас, Әзір тамақ, әзір ас. Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп, «тірімін» деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық», яғни, «өлімнен – ұят күшті» деген сөзі тілімнің ұшына оралып тұр. Орынды ма, орынсыз ба, білмеймін, бірақ астарына үңілген адамға бәрі де түсінікті болар деп ойлаймын.
Бүкіл өмірін «мыңмен жалғыз алысып өткізген», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын», «Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың. Кеселді жалқау, қылжақпас, Әзір тамақ, әзір ас. Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп, «тірімін» деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық», – деген Абайды «күні үшін өмір сүрген қулардың» қатарына қосып: «Бұл туралы ол өз кітабында сыр ақтарған болатын. Бірінші қара сөзінде: «Осы жасқа келіп не бітірдім, енді не істемекпін?» деген ойға келеді. Ол кезде Абай 45-те болатын. Демек, 45 жасқа дейін Абай түк бітірмеген. Қыдырған, домбыра тартқан (жәй өлеңдер шығарған) Әйелдерді жақсы көрген. Ешнәрсе істегісі келмеген», – деп өзеурегенін оқыған соң, Нұрлан Бәйділдәні: «Блогер емес – пәлегер» демеске лажың да қалмайды екен.
Құдай-оу, шынымен де осы Нұрлан Бәйділдә Абайды оқып көрген адам ба, өзі? Мен шығарма авторының ойды ширату үшін қолданатын әдеби тәсілдері туралы сөзімді шығын етпей-ақ қояйын. Сол, «Бірінші сөздегі»: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық (Кіммен), жұлыстық (Неге), айтыстық (Не үшін), тартыстық (Қалай) – әурешілікті (Қандай) көре-көре келдік (Қайда). Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық (Неден), жалықтық (Неліктен), қылып жүрген ісіміздің баянсызын (Қай ісінің), байлаусызын (Қандай тұрақсыздықтың) көрдік, бәрі қоршылық (Қандай қорлық) екенін білдік (Қалай білді). Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз (Неге тұйыққа тіреліп тұр)? Соны таба алмай өзім де қайранмын», – деген сөздердегі біз қойған сұрақ белгісіне жауап іздеді ме екен? Ол осы жасқа дейін атқарған ісін: «Ел бағу», «Мал бағу», «Ғылым бағу», «Дін бағу», «Бала бағу» деп санап беріп отыр ғой. Бұл харакеттер Абайды неге түңілдірді? «Ақ қағаз бен қара сияға» неге ерік берді? Мәселе, осында.
Демек, Абайды «мойындамаймын» деп асылықпен, домбытпамен, шермиген кеудемен, ерінбеген ерінмен айтып отыр. Мойындамау үшін де әуелі оқу керек. Содан кейін түсіну керек. Содан соң барып өз пікіріңнің үстемдігіне өзіңнің де көзің жету керек. Содан соң барып пікір таластырып, өзгенің көзін жеткізу керек. Жеткізе алсаң ғана домбыту керек.
Абайдың «ерігіп, әйелді жақсы көріп, еңбексіз, тоғышар» болып өмір сүрмегеніне анықтама ретінде ғана мына деректі ұсынамыз: ол 18 жыл бойы ел басқару ісіне араласты. 12 жыл болыс, екі кезек (3 жылдан 6 жыл) би болды. 1885 жылы мамыр айында Қарамола деген жерде өткен Семей губерниясына қарасты бес ояздың би-болыстары, ел ақсақалдары бас қосқан съезде генерал-губернатор Цеклинскийдің тапсыруымен «Қасым ханның қасқа жолына, Есім ханның ескі жолына», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысына», сол арқылы Шыңғыс ханның «Ясасына» негізделген Қазақтарды басқару және сот ісін жүргізу, кесім кесу туралы 74 баптан тұратын «Ереженің» жобасын жазып шықты. Демек, Абай – дала конституциясының авторы. Ендеше, 45 жасқа дейін де Абай «бірдеңе» бітірген. Бүкіл қазаққа ата билігін айтып, ұстанар – бағытын, жүрер – жолын, қолданар – заңын, өмір сүрудің құқықтық-демократиялық негізін көрсетіп берген. Өзгені былай қойғанда, Н.Бәйділдәнің қазақтың ұлттық талғамына күмән келтіріп, жеке тұлғаны, нақты адамның сіңірген адал еңбегін жоққа шығару үшін Абайдың өмірі мен әрекетін қасақана бұрмалауға барғаны, заңда аталып өткен: «азаматтардың… қадір-қасиетін… діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттерге» толық жататынына еш күмәнім жоқ.
Осыған қарап мен осы Нұрлан Байділдәнің кәсіпкер екеніне де күдікпен қараймын. Егер кәсіпкер болса, онда кез-келген ұлттың кез-келген буржуазиясы сияқты, ең бірінші өзінің өндірген өнімін тұтынатын тұтынушының мүддесімен, пікірімен санасуы керек. Өйткені оны байытатын, жетістікке жеткізетін сол тұтынушы, ұлт. Нұрлан Байділдәнің өндірген өніміне – Қазақстаннан басқа өзге мемлекет, қазақтан басқа өзге ұлт мұқтаж дегенге сенбеймін. Маған осы блогердің өндірген бір шегесі, тағасы, қасығы, шәугім-шәйнегі бар ма, соны айтып беріңізші. Әлде, «алдым, бердім, кірдім, шықтым» (Абай) деп жүрген алыпсатар ма, саудагер ме? Соңғы екеуі кәсіпкерлікке жатпайды. Манхэттеннен мәлімдеме жасап тұрғанына қарағанда, қалтасының түбі тесік емес. Қаражатты қайдан алғанында шаруамыз қанша. Тыныш жатқан Абайдың «табытын қаққандықтан да» (Абай), тыныш жатқан қазақтың ар-намысына тиіп, қорлағандықтан да, кәсіпкерлік туралы Абайдың мына сөзін есіне сала отырып, мағынасына қарай сұрау белгісін қоюға толық қақымыз бар. «Оныншы сөз»:
«Құдай саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді (рас қой – жақша ішіндегі сөз біздікі). Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға… (жұмсадың ба?). Ол қуатты орынын тауып қыларды білерлік ғылым берді (рас қой), оны… (оқыдың ба?). Ол ғылымды оқыса(ң), (оны) ұғарлық ақыл берді, (ол ақылды) қайда жібергеніңді кім біледі? (Қайда жібердің, қазақтың қай игілігіне жұмсадың?) … Ешбір қазақ көрмедім: малды иттікпен тапса да, адамшылыққа жұмсаған (Сен халқыңа қандай қайыр жасадың?). Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айырылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды» (Сенің бойыңда не қалды). Шын кәсіпкер «Пайда ойламай, ар ойласа» (Абай) керек-ті.
Айтпақшы, сол «өмірін жұмыссыз» өткізген Абайдың:
Сатып алма, сөз сатса,
Ол асылды аңдамас.
Біләткенің байы ақша,
Ер жақсысын таңдамас.
Мен – мақтанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ, –
деген сөзі бүгінгі заманмен қандай үйлесіп тұр десеңші. Көргенсіз үйлесім. Бірақ – шындық.
Соңғы, ең ауыр сұрақ пен жауап – Абайдың өзі осы Нұрлан Бәйділдә сияқтыларға қойған мына сұрақ пен жауап: «орыс ғылымын» үйренген «жандар соның қаруымен тағы да қазақты аңдысам екен дейтіні» несі екен?
Бұл арадағы Абайдың айтып отырған мәселесі – орыстың тілінде, орыстың ғылымында емес. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор». Өйткені, «Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға (орыстың) тілін, оқуын, ғылымын білмек керек… Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбір елдің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағауасына (бәсекеге) кіреді, аса арсыздана жалынбайды… Бірақ, осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар тағы (да сол сорлы) қазақты аңдысам екен дейді…». Неге?
«Үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз зорлығына көнбес едік…» қой. Ендеше, неге «қазір орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр». Неге? Тағы да Абайдың өзі айтқандай, неге Нұрлан Бәйділдә құсап «қазақты аңдып» шыға келеді? Неге?
Мұның түп-төркіні мынада: 1903 жылы 21 мамыр күні Омбыдағы Дала генерал-губернаторының Семей облыстық әскери губернаторына: «Өлкенің бас архиепископының өтініші бойынша… Көкшетау қаласынан Шаймерден Қосшығұловтың атынан Арқат Почта-телеграф кеңсесіне Ибрагим Құнанбаевқа жолданған хат… ұсталынып қалынсын», – деген мағынадағы бұйрығы бойынша тәргіленген мына хаттың мазмұнында жатыр:
«Бейшара бір адамның» Үндеуінен: «1891 жылы қыркүйек айында Діни (архирей) басқарма Мәртебелі Ағзамға мұсылмандардың арасында Иса пайғамбардың православиелік дінін тарату туралы ұсыныс айтқан еді. 1902 жылы наурызда Мәртебелі Ағзамның бекіткен заңына сәйкес мемлекеттік құпия істер жөніндегі кеңесші: «Патшаның бодандығындағы барлық бағыныштылар бір дінге көшуі керек, бірақ та оларды бағындыру және шоқындыру, бір дінге көшіру – «Ережеге» байланысты құпия, ың-шыңсыз, бірте-бірте, күш қолданусыз, зорлаусыз, алайда асқан ептілікпен, айламен, «олардың өздері дінге кіруге ризалық берген-міс» – деген желеумен жүргізілуі тиіс. «Өздері православие дініне өтуге өтініш білдірді, өздерінің еркімен енді» – деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасау керек» – деп құпия хат таратты.
Ауылдарда, старшындарда «ауыл мек­тебі» деген бүркеніш атпен мектеп ұйымдастырылып, бірте-бірте олардың санын көбейтіп, алғашқыда қазақтардың көңілін табу үшін оларға қазақ мұғалімдерін жіберу керек. Оларға міндетті түрде орыс окуын оқытып, балалармен орысша сөйлеуді, қазақ әрпін қандай жағдайда болсын қолданбауды тапсырып, сөйтіп қазақ кітабын оқи алмайтындай жағдайға жеткізу керек. Бірақ оны заң ретінде қолданбау керек.
Сонан кейін мына тәсілге көшу ұсыны­лады: барлық мектептердің мұғалімдерінен «мұғалім» деген инспектордың арнайы бекіт­кен куәлігін талап ету керек, ал инспекторға қазақ мұғалімдеріне куәлік беруді әдейі қиындатып, сарсаңға салып, қасақана кешіктіру туралы алдын ала тапсырылып қойылуы тиіс. Куәліксіз сабақ берген мұғалімдер қатаң түрде заң арқылы жауапқа тартылсын. Осы тәсілмен молдалардың санын кемітіп, ол міндет ауыл старшиндеріне жүктелсін. Поптарға белгілі адамдар ғана мұғалімдікке алынсын. Содан кейін ретіне қарап сылтау тауып: «Старшындар өздерінің ақымақтығынан және істің мәнісін білмегендіктен ананы-мынаны бүлдірді-міс, халық санының өсуі кеміп кетті-міс» – деген, тағы басқа да молдалар туралы лақап таратып, ауыл мектептерін молдалардың қолынан алып, поптың ықпалына еріп, айтқанына көнетін және оның үнемі қол астында жүретін адамға тапсыру керек.
Қыздар мектебін ашу керек және қазақ қыздарын орыс оқуына оқытудың мақсаты мынау: ол ертең қазаққа тұрмысқа шығып, ана болған соң өзінің күйеуі мен баласын орыстарға бейімдейді. Олай болған күнде қазақтың оқуын тез жоюға қол жеткіземіз және орыс оқуын ғана оқытамыз. Содан кейін арнайы (ең шешуші) Заң шығарылуы тиіс, сол заң арқылы қазақтарды әр қонысқа бөліп-бөліп тастап, оларды крестьянға айналдырамыз.
Қазақтардың өз атынан бізге шоқындырушы уағызшы керек деген арыз ұйымдастыру керек. Бұл міндетті орындауға жіберілген адам (уағызшы) қазақтардың барлық талаптарын орындауға, көмектесуге міндетті, оларды өзімен бірге ертіп жүріп бойын үйретсін, өзімен қол беріп амандасқан қазақтардың өкіліне сый-сияпат көрсетсін, өзіне тартсын. Дінге үйір қыла берсін, сөйте жүріп: «Қазақтардың дініне ешкім де қысым көрсетпейді», – деп пікір тарата берсін, ал олардың уағызға келуі және тыңдауы өздеріне пайдалы, бір-біріне қастық жасамауға, шындықпен өмір сүруге көмектеседі деп сендірсін. Қазақтарды осылайша тыныштандырып алған соң мынадай ұсыныс жасау керек: «Мұның барлығын қазақтардың өзі сұрап жасаттырып еді, ол үшін миллиондаған сом ақша кетті, қазақтардың өзі уағызшы сұрап еді, ол да қанағаттандырылды, соның бәрі «Өлген қазақтарды жерлеуге поп басшылық етуі тиіс, ал қазақтар өлген адамдары туралы оларға міндетті түрде хабар беруі керек. Тек поп рұхсат бергеннен кейін ғана үш күннен соң жерленуі тиіс». «Өлген адамның жаны әлі шыққан жоқ, тірі көмуге болмайды, ол дүниеде жұмаққа бармайды-мыс» – деген сылтау айту керек. Мұндай тәртіптің кіргізілуін: «Қазақтар кісі өлімі туралы үнемі жалған ақпар береді, ал дененің іріп, еті босағанға дейін көмілген адамның неден өлгенін анықтау мүмкін емес. Сондықтан да қазақтардың арасындағы дақпырт пен дауды болдырмау үшін өлген кісіні жерлеу кезінде міндетті түрде попқа көрсету қажет.
Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелі ағзамнан пәрмен сұралады. Пәрмен беріл­геннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жабдықталады және олар кресті алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрін де шоқындыруға және православие дініне кіргізуге мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек. Сол кезде қазақтар: «Бізді орыстар үнемі күзетіп отырар деймісің» – деп православие дінін қабылдайды, іле-шала орыстарды алдап, кресті сандықтың түбіне тыға қойып, өзінің дінін ұстауды жалғастыра береді. Міне, осы кезде барып ауылға шіркеу мен мұнара салып, қолына күн сайын крест ұстатып отырғызып, уағыз тыңдату қажет. Сонда ғана татар мен сарттардың қазақтарға жасайтын ықпалынан құтыламыз.
Содан кейін император ағзам бүкіл консулдықтарға: «Менің құзырымдағы қазақтарым ислам дініндегі мүфтиге бағынатын, бірақ та ислам шариғатына қазақтардың бағынғысы келмейді. 68 жылғы Ереженің 97 және 98-тармақтарына сәйкес олар мүфтилік бағынудан алынып, әр болыста діни рәсімді өтеу үшін жеке-жеке молда сайланған болатын. Сонымен бірге молдалардың міндеті – туған балаларды тіркеп, оларға ат қою болатын. Қысқасын айтқанда, шариғаттың барлық заңын орындауға тиіс еді. Алайда қазақтар өзінің молдаларының талаптарын орындамады, оларды көзге ілмеді, өзінің рухани дәстүрін ұстанды, балаларына – Қойлыбай, Жылқыбай, Итаяқ деп ат қойды, кейін өздеріне арнап орыс мектебін ашуды талап етіп, өтініш білдірді. Мектеп ашылды. Енді қазақтар өзінің дінін өзгерткісі келетіні туралы өтініш жасап отыр – деп хабарлау керек», – дегенді желеу етіп, әкімшілік тұрғысынан жазалау саясатына көшеді».
Біз, мұнда көрсетілген жолды қия баспастан жүріп өттік. Бұл пәрмен-уағыз қазір толық жемісін беріп отыр. Мектеп те ашылды, балабақшаның тілі жаппай орыс тіліне көшті. Жастардың, оның ішінде қыздардың дерлігі архирей көздеген межеден шықты. Олардың ұлттық психологиясы да дүбәра, яғни, «шоқынды» психология, олар үшін ең жек көрінішті құбылыс – ұлттық тіл мен ұлттық құндылықтар. Өйткені, бұл қасиеттер олардың еркін шолжаңдауына жол бермейді. Сондықтан, «қазақбайшыл-мәмбеттерге» іштей өш.
Ал ұлттық идеологияның киесі атанған Абайдың солар тарапынан жиі шабуылға ұшырауы да сондықтан. Тәуелсіздік алған соңғы ширек ғасырдан кейін, олар тіпті еркінсіп, бейбастақ, көргенсіз боп кетті. Өкініштісі, жаласы орыс халқына қалды. Бұл туралы да Абайдың өзі:
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер пайдасы?
Орыс теріс айтпайды,
«Жаман бол» деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар,
Қу менен сұм боларды,
Орыста қалар жаласы, –
деп ескертіп кеткен болатын.
Егерде, Нұрлан Бәйділдә Абайдың тікелей өз мінезінен, Абайдың өз бойынан, Абайдың өз көзқарасынан бір мін тауып, «мәлімдеме» жасағысы келсе, онда:
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме – өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған бұл мінез,
Қалайша қылып тыя алдым? –
деген Абайдың өз өлеңіне жүгінсе де жетіп жатыр еді.
Өйткені өзгеге сыншыл, өзіне міншіл ақын «өзгеге» өзін де қосып:
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес, –
деп өзінің де мінін санап шығады.
Әрине, бұл арада Абай өз басын ғана емес, лирикалық кейіпкер арқылы сол өзі өмір сүрген заманының ырқына орай «біліп, білмей істеген» міндеріне шыншыл адам, сыншыл ақын ретінде баға беріп отыр. Ол өз өмірінде алдына келген әділетті-әділетсіз, өтірік-шындығы аралас, зұлымдық пен жауыздық, жақсылық пен жамандық, өтірік пен өсек, қиянат пен аманат араласқан дау-шарға да, билікке де, айла-амалға да араласып, араша түсті. Айтылған – билік, тағылған – айып, қолданған – жаза, кесілген – құн «ғаділетті жүректің әділетіне сай ма», Абай соны еске алып, өткеніне:
Осынша ақымақ болғаным,
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің,
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен,
Әбден үміт үзіппін.
Айла менен амалды,
Меруерттей тізіппін.
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін.
Қулық пенен сұмдыққа,
Құладындай ұшыппын.
«Сіз білесіз», – дегенге,
Күнге күйіп, пісіппін.
Мақтанбасқа – мақтанып,
Деп жүріппін: «Пысықпын», –
деп өкініп отыр.
Егер Абайдың бойынан шын мін іздеп, оны кемсітіп-мінегісі келсе, осы өзі айтқан сындарды мысалға ала отырып, оның себептерін аша отырып дәйектемей ме? Мүмкін, сонда барып Абайдың «неге мыңмен жалғыз алысқанын» және не үшін «күйініп, не үшін сүйінгенін» түсінген болар еді. Сондықтан да, Абай осы өлеңінде өзін-өзі неге сынағанын және оны қалай түсіну керектігі туралы:
Бір кісі емес, жазғаным, жалпақ жұрт қой,
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
«Ит маржанды не қылсын» – деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар, –
деп жазғанын «сәулесі бар жігіттер» үнемі қаперінде ұстағаны дұрыс. Әйтпесе:
…Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жырты-жыртың.
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын! –
дегеннің кері болып шығады.
Онда, Абай емес, «өз сөзінен басқа сөзді ұқпай», «ұғындырар кісі кез келгенде, пыш-пыш деп астыртын сөз таратқан» «блогердің» өзі мазаққа қалады. Сондықтан да Абайға:
Түзу кел, қисық-қыңыр қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес,сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей, –
дегім келеді.
Сөз соңында айтарым: Абайдың бетінен бұл шіркеу алынып тасталмай, ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуын дүние көлемінде атап өтеміз деу – мемлекеттік этика мен заңдық құқыққа жатпайтын әбестік. Мемлект өзінің ұлттық құндылықтары мен рухани тұлғаларын заң арқылы сыйлата білгенде ғана өзі де сыйлы болмақ. Айтқаны – пәрменді, саясаты – сенімді, Қаулысы – қауқарлы болмақ.
«Албасты – қабаққа қарап басады», – деген. Тым құрығанда, Абайды әркім басына бермей, ішін тартып жүретін болады сонда.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 31.05.2020 | 02:31

Н. Байділданың суретінен кем адам екені көрініп тұр ғой оның сөзі кім өзі кім. Тұрсын аға, ол сіздің жазбақ туралы көзжүгіртіп қарауыңызға татымайды. Алла мен Абайдың киесіне тапсырдық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір