Шаңырақтай қастерлі
15.05.2020
1921
1

Қанағат Қалиұлы Көдеков 1976 жылы 29 наурызда Алматы облысы Кетпен ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы Көркемсурет колледжін және Абай атындағы педагогикалық университетін бітірген.

2014 жылдан бері Қазақстан суретшілер одағының мүшесі.
2014 жылы Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері мұражайында «Жаңғырық» атты жеке көрмесі өтті.
2015 жылдан бері Алматы экономика және консолтинг университетінің гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры.
2018 жылы Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталды.
Абылайханның 300 жылдығына арналған алтын медаль иегері.
20 жылдан бері Алматыдағы №148 мектеп-гимназияда бейнелеу өнері пәнінен дәріс береді.

– Әр туындым сәби сияқты. Өмірге келуі әрқилы, – дейлі суретші. – Әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Біз екі ғасырды, екі жүйені көрген бақытты ұрпақпыз. Советтік идеологияның да жақсы-жаманы, ақ-қарасы болды. Мен осы екі ғасырды салыстыра отырып, «Репрессия» деген сурет салдым. Мәселен, ата-бабамыз тәуелсіздікті аңсады, сол жолда жан қиды. Бабалар аманатын ұрпақтан ұрпаққа жалғады. Кешегі батырлардың күресін Алаш ардақтылары жалғады. Тәуелсіздік үшін құрбан болды. Соларға арналған композицияны қағазға түсірерде «Ойымды қалай жеткізем?» деп көп ойландым. Қиналдым, көп іздендім. Ал, шаңырақты алған себебім, қазақ үшін шаңырақ өте киелі. «Шаңырағың биік болсын», «шаңырағың шайқалмасын» деген тілектер болса, «шаңырағың ортасына түссін» деген ауыр қарғысы бар. Яғни, сол шаңырақтың күйремеуі, жығылмауы, биік тұруы үшін жан қиған Алаш ардақтыларын осы шаңырақ ретінде көрсеттім. Арғы жағындағы қып-қызыл жалын, жанып жатқан от сол аяулы ерлердің өмірі. Олар жанып жатса да, күйіп жатса да тәуелсіздік үшін күресті, қазір біз қызығын көріп жатқан еркіндіктің негізі болды. Сондықтан да олар бізге шаңырақтай қастерлі, өмір бойы құрметтеп өтуіміз қажет. Тәуелсіздік бізге көп құрбандықтармен келді. Қаншама қан төгілді, қаншама күрес болды. Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асановалар да сол батырлардың ізі. Міне, солардың бәрі осы суретте қамтылды деп ойлаймын. Соны саяси астармен бердім. Суреттегі көк аспанның, атып келе жатқан таңның бейнесін бір-екі түспен ғана көрсеткенім, қазақтың болашағы әлі алда, біз ешқашан мойымаймыз, сынбаймыз деген мақсатта салынған.

Мына туынды «Ұрпақ болашағы» деп аталады. Өзім мұғалім болғаннан кейін бала тәрбиесіне, шәкірт тәрбиесіне баса назар аударам. Қандай бала тәрбиелесек, ертең сондай болашақ орнайды. Сондықтан жарқын болашақты қаласақ, ұрпаққа жақсы тәрбие беруіміз керек. Қазақта «шіріген жұмыртқа» деген сөз бар. Опасыз баланы, ұлтын, елін-жерін сатқан адамды солай атаған. Ертеңіміз сондай болмас үшін ата-бабамыздың тәрбие мектебін дамытып отыруымыз қажет. Сонымен, суреттегі қызарып шыққан күн, жаңадан атқан таң өмірге жаңа келген сәбиді меңзейді. Ал оң жағындағы қарайып, батып бара жатқан күн бейнесі адам баласының бұл өмірге қонақ екенін білдіреді. Бүгін таң атса, ертең кеш батады, бүгін тәрбие берген балаң ертең ақсақал болып, өзгеге тәрбие береді. Яғни, ұрпақ сабақтастығы, жақсы-жаман тәрбие жалғаса береді. Бір жағы әппақ болғанмен, екінші жағына сызат түскен себебі – құрдымға кетіп бара жатқан, тәрбие берілмеген ұрпақтың бейнесі. Адам боламыз десек, бесігімізді түзеуіміз керек деген ой.

Тапсырыспен сурет салып тұрам. Бұл жанбағыс үшін, өзім қалаған суреттерді салуға мүмкіндік туғызу үшін керек. Ал тапсырыс әртүрлі болады. Әр адамның сұранысы әрқалай. Біреуге табиғат, тау, өзен, көл ұнаса, енді біріне жан-жануардың, құстың, шауып бара жатқан жылқының суреті ұнайды. Пейзаждардың тақырып аясы кең. Әркімнің талғамы бөлек, соған қарай айтқандарын салып берем. Қаланың у-шуынан шаршаған адамдар сол суреттерге қарап демалып қаламыз дейді. Яғни, сұраныс көбіне қала тұрғындарынан түседі. Бағасына келсек, әр сурет өзінше бағаланады. Дегенмен қазір сурет қымбатқа сатылмайды. Қымбат сұраныстар өте сирек. Өз басым, салғаныма «Мынау мынанша» деп баға қоймаймын. Кенеп, бояу сынды керекті дүниенің бағасын шығарып берем, арғы жағын өздері айтады. Көңілімнен шықса, келісем. Өте қымбатқа кеткен картиналар болды, көбіне мүсінді жақсы өтеді. Қазір бәрі нарыққа байланысты ғой.

Жалпы, суретшілікпен ғана күн көру өте қиын. Өйткені жақсы сурет күнде туа бермейді. Туған күннің өзінде өзіндік құнына сатылмайды. Сондықтан тапсырыс алуға, қосымша жұмыс істеуге мәжбүрміз. Түрлі ұйымдардан, мәдени орындардан, жеке адамдардан тапсырыс аламыз. Ғимараттардың іші-сыртын безендіреміз. Оның өзі үнемі бола бермейді. Мен өзім ұстаздықпен айналысам. 21 жылдан бері мемлекеттік мекемеде, гимназияда мұғаліммін. Сол жерде бала оқытып жүріп Суретшілер одағына өттім. Жеке көрме өткіздім, талай жүлде алдым. Әркім осылай нәпақасын тауып жүр. Егер үкімет көңіл бөлсе, көрмелер өткізетін, мәдени іс-шаралар өткізетін галереялар жасап берсе, бейнелеу өнері дамитын еді, суретшілер алаңсыз шығармашылықпен айналысар еді. Жылына қаншама маман оқу бітіреді, солардың бәрі суретшілікке ден қояды деп айта алмаймын. Жүздің оны, бірі ғана мамандығына адал болса, қалғаны шыдамай басқа салаға кетеді.

Қоғамда қазір бейнелеу өнеріне деген көзқарас айтарлықтай өзгерген. Сурет­шілердің де мүмкіндігі мол. Совет одағы кезінде суретші де, суреті де сыртқа шыға алмады. Шықса да өте сирек. Ал қазір жан-жаққа шығуға, тіпті, интернет арқылы қаншама суретшінің тарихын, туындысын көріп-білуге, олармен тәжірибе алмасуға, сұхбат құруға болады. Бірақ, тағы да айтам, суретшінің жағдайы төмен. Қаншама талантты жас көңіліндегі суретін сала алмай жүр. Ол үшін оларға жағдай керек. Суретшілер үйі болса, түрлі шаралар өтсе, шеберханалар салынса, арнайы сыйлықтар тағайындалса, сурет өнері дамыр еді.

Мәселен, алдыңғы жылы Кипрде түріктің атақты миллиардері, қаншама мәдени орындар салған, қазір заманауи өнер мұражайын салдырып жатқан өнер жанашыры, Суат Гюнсель мырза үлкен іс-шара өткізді. Соған «Қазақ елі» монументінің авторы, дарынды суретші, мүсінші Сембіғали Сымағұлов ағамыздың мұрындық болуымен Қазақстаннан он адам барып-қайттық. Бүкіл шығынды да сол миллионер көтерді. Ал бізде өнерді түсінетін, өнерге қамқор болатын ондай қалталылар өте аз. Байыса сауна, монша, тойхана салатын ағаларға әр қаладан, ауданнан мәдени орындар салу қиын ба? Бұл оларға қаржылай пайда әкелмесе де, ел үшін, ұлт болашағы үшін үлкен сауапты іс емес пе?

Отбасымда өнерімді жалғастырар қызым – Томирис бар. Биыл он үште. Оқу озаты. Кішкентай кезінен сурет салып, ермексаздан түрлі мүсінше жасап, тігін тігеді. Есейгенде дизайнер болам дейді. Оқушылар арасында өте ерте көзге түсті. Аудандық, қалалық, республикалық, халықаралық дәрежедегі көрмелерге, байқауларға қатысып жүр. Болашақта суретші бола ма деген үмітіміз бар. Өзімнің 2014 жылы Ә.Қастеев атындағы мұражайда «Жаңғырық» атты жеке көрмем өтті. Енді қызым екеуміз бірігіп көрме жасасақ деген арманым бар. Айтпақшы, таяуда карантинге байланысты онлайн өткізілген қалалық сурет байқауынан қызым бас жүлде алды.

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.05.2020 | 01:20

Талабыңа нұр жаусын, бауырым! Жақсы дүние, жақсы сүреттер екен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір