АННА ФРАНКТЫҢ КҮНДЕЛІГІ
10.05.2020
2928
0

Анна Франк… Бұл есім әлем оқырмандарына жақсы таныс. Он бес жасар еврей қыз Аннаның күнделігі әлемдегі ең көп оқылатын он кітаптың санатына кіреді. Сағат сайын жаһанда Аннамен қанша адам сырласып, қанша адамның сезім иірімдері әртүрлі геометриялық күйлерге енеді.

Әуелі, Анна жайлы айтпас бұрын, арманшыл қыздың өліміне себепкер болған антисемитизм саясатына қысқаша тоқталып өтсек.

Гитлердің еврейлерге жаулығы неден басталды?

Біріншіден, Гитлер ұлтшылдықты алғы орынға шығарды. Ал екінші себебін өзінің «Майн Кампф» атты манифесінде жазған ойларынан аңғаруға болады. Мәселен:

– Әлем  бір-бірімен үнемі айқасып отыратын әртүрлі нәсілдегі адамдардан тұрады. Нақ осы нәсілдік күрес тарихтың қозғаушы күші болып табылады.

–  Адам нәсілдерінің екі түрі бар: жоғарғы және төменгі дәрежелі.

–  Егер жоғарғы дәрежелі нәсілдерді төменгі деңгейдегі нәсілдермен  араластыратын болса, жоғарғы дәрежелі нәсілдердің жоғалып кету қаупі бар.

Манифесте атап өткен осы ойларын назарға  ала отырып, Гитлер өз ойын жүзеге асырды. 1933-1945 жылдар аралығында  6 миллион еврей Гитлер саясатының жазықсыз құрбанына айналды.

Зерттеуші Рикке Петерс: «Гитлер ақ нәсілділерді әлдеқайда таза, күшті және интеллектуалды деп санап, олардың бәрінен биік екеніне сенімді болды. Ол тек еврейлерді жек көріп қана қойған жоқ. Бұл цыгандар мен қара нәсілділерге де қатысты еді. Бірақ еврейлерге жаулығы бәрінен жоғары тұрды, өйткені олардан бар зұлымдықтың түбірін көрді. Содан да еврейлер ең басты жауға айналды»­, –  дейді.

Тақырыпқа қайта оралсақ. Анна Франк 1929 жылы 12 маусымда Германияның Франкфурт қаласында туып-өсті.  Әкесі Отто Франк жеке кәсіпкерлікпен айналысатын отставкадағы офицер. Анасы Эдит Холлендер Франк болса, үй шарауасындағы әйел болатын. Аннаның өзінен екі жас үлкен Марго Франк атты әпкесі бар еді. Еврейлерді қуғындау саясаты басталған шақта бұл отбасы Нидерландияға қоныс аударады. Алайда 1940 жылы Германия Нидерландияны басып алып, еврейлерге тінту жүргізеді. Әкесі виза алып, отбасын АҚШ-қа немесе Кубаға көшіруге бар күшін салған еді. Алайда он күннен соң Германия мен Италия АҚШ-қа соғыс жариялап, бұл ісі нәтижесіз аяқталады.

Күнделіктің алғашқы беті 1942 жылы 12 маусымда жазылады: «12 маусым, 1942 жыл. Осы уақытқа дейін ешкімге сенім артпағандай, саған сенсем деймін, мен үшін үлкен қолдау боларсың деп үміттенемін».

Анна мұнымен қатар күнделікті не үшін жазып бастағанын түсіндіре кетеді. «Менде туыстар көп, сүйікті көкем мен апам бар. Үйіміз жайлы. Шындығында, менде достан өзгенің бәрі бар. Барлық таныстарыммен тентектік жасап, ақымақтық істеп, әртүрлі әңгіме айтуға да болады. Алайда ашық сөйлесетін ешкімім жоқ, бейнебір кереңдікпен тұмшаланғандаймын. Мүмкін адамдарға сенім артып үйрену керек шығар, бірақ бұл болмысымды өзгерте алмаспын, өкініштісі де сол.

Міне, сондықтан да маған күнделік қажет. Жанымда көптен армандаған  нағыз досым болу үшін, мен бұл күнделікке өзгелер секілді құр деректерді жазбаймын. Бұл дәптердің құрбым секілді болғанын қалаймын. Және бұл құрбымды Китти деп атайтын боламын».

Жас Аннаның ой иірімдері мен ішкі сезімі терең. Түйсігі өзгеше. Содан да болар ол ылғи оңашаланып жүреді. Дос дегеніңіздің өзі ойы мен мұраты ұқсас жан табу болса, ал ойы мен мұраты өзгеше болып туған адамдар ылғи жалғыздық кешіп, оңашалыққа шоматыны белгілі. Китти есімді күнделігімен сырласу үстінде Анна дүниеге деген көзқарасын, әлдебір жігітке деген махаббатын баяндайды. Ол бірде кемеңгерше ой толғайды:

«Саған бір нәрсені айтқым келеді: егер адамды танығың келсе, онымен бір рет болсын ұрысып көру керек. Сонда ғана ол жайлы шешім шығаруға болады».

«Байлық пен атақты жоғалтып алуға болады, бірақ жүректегі бақыт тек уақытша ғана өшуі мүмкін, сосын қайта оянып, сені өмір бойы бақытты етеді. Сен еш қорқынышсыз аспанға қарай алсаң, өз жүрегіңнің таза екенін білесің – бақыт әрқашан сенімен өмір сүретін болады».

«Мен көп нәрсеге жеткім келеді. Анам секілді, Фу ван Даан және өз жұмысын жасап, соңына ешқандай ескерткіш қалдырмайтын барлық әйелдер сынды өмірімді елестете алмаймын. Менде күйеуім мен балаларымнан бөлек өзімді толық арнауға тұрарлық бір нәрсе болу керек. Өлгеннен кейін де өмір сүргім келеді. Туғанда-ақ ақылымды өрістетуге және менімен өмір сүретіннің бәрін айта алатын жазу қабілетін бергені үшін Құдайға рақмет айтамын».

«Егер кімде-кім өзінің елу төрт жасында тақуа не ұсақ адам болса, демек, ол солай туылды және солай ажал құшады».

Расында, он бес жасар қыз үшін өте ересек ойлар.

Аннаның дүниеге деген көзқарасы, бөлек танымы әлем оқырмандарын бірлікке шақырды. Адамзаттың бәрін бауыр деп сүюге үгіттеді. Содан да болар, кітаптары әр елде миллиондаған данамен жарық көріп келеді.

Франктер отбасы Нидерландиядағы Prinsengracht көшесінің 263 үйінің артқы қосалқы бөлмесінде екі жылға жуық жасырынады. Аннаның күнделігі осы уақыт аралығында жазылған еді. Алайда тінту кезінде барлығы қолға түсіп, Вестерборк лагеріне жөнелтіледі. Мұнда бүтін отбасы түгел қаза болып, тек әкесі Отто Франк қана аман қалады.

АННАНЫҢ ӨЛІМІ

 Аннаның өлімі оқырмандар үшін «көзге қамшы тигендей» ауыр тиді. Бейкүнә баланың жан тебірентерлік армандары күлге ұшқаны, шынында, көзге жас үйірерлік. Бұл қаза жайлы түрлі дәлелді дәйектер ұшырасады. Вестерборк лагерінде тұтқында болған Холокост Ронни Гольдштейн-Ван Клееф өз естелігінде Аннаның отбасымен танысқанын айта келіп: «Анна маған өте сабырлы, көбіне үнсіз және біршама тұйық көрінді», – дейді. Лагерьге келісімен бірнеше аптадан соң-ақ әпкесі  қышыма ауруына ұшырайды. «Қыздар қорқынышты болып көрінді, денелерін қышымадан жара жауып кеткен екен. Мұнан соң денсаулықтары күрт нашарлай берді»,  –дейді   Ронни Гольдштейн-Ван Клееф.

Лагерьде қамауда болып, кейіннен босап шыққан куәгер Дженни Брандес-Бриллеслийпер: «Мен Аннаның өлім алдындағы күйін көрдім. Ол алдымда  көрпеге оранып тұрды. Бит пен бүргеге толы лагерьдің жұқалтаң киімін кие алмады. Қыс кезінде үстінде осы көрпеден басқа ешқандай киім болған жоқ. Мен бір киімдерді жинап, тым болмағанда аз ғана жылынып алсын деп Аннаға бердім…» – дейді.

Куәгерлердің айтуынша, ауруының асқынуынан әпкесі Марго Франк еденге құлап, қайта тұрмай қалады. Әпкесінің өлімінен кейін Анна өмір үшін күресуді біржола тоқтатады. Британ әскерлері лагерьді азат етуге бірнеше апта ғана қалғанда,  балғын қыз 1945 жылдың 15 сәуірінде көз жұмды.

Соғыстан соң аман қалған әкесі Отто Франк, Амстердамға қайта оралып, Аннаның күнделігін достарына тапсырады. 1947 жылы Нидерландияның баспасынан күнделік алғаш рет жарыққа шықты.

 Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір