Марио Варгас Льосаның нобельдік дәрісі
29.04.2020
1390
0

Марио ВАРГАС ЛЬОСА – 1936 жылы 28 наурызда Арекипада дүниеге келген перуандық прозаик және драматург, публицист, саяси қайраткер.
Ол балалық шағын Боливияда өткізеді. Кезінде КСРО жастарының сүйіп оқыған кітабы – «Қала мен иттер» романының авторы. Аталмыш шығарма бойынша КСРО мен АҚШ-та кино түсірілген. Латын Америкасы қоғамында орын алған әділетсіздікке анархиялық қарсылық білдіретін және зорлық-зомбылықты өмірдің әлеуметтік салты ретінде бейнелеген «Күшіктер» хикаяты жарияланғаннан кейін кейбір сыншылар оны «Хемингуэйдің ізбасары» деп атады.
Құрметті Легиона Орденінің кавалері. Сервантес сыйлығының иегері. Испан корольдік академиясының мүшесі, бірқатар Европа мен Америка университеттерінің құрметті докторы.
Әлемге әйгілі қаламгер 2010 жылы Нобель сыйлығын иеленді.

ӘДЕБИЕТ ПЕН ОҚУ ЖАЙЛЫ МАДАҚ
(Нобельдік дәріс)

Мен оқуды бес жасымда үйрене бастадым. Қаріп тануыма ағам Юстинианның көп көмегі тиді. Ол боливиялық Кочабамба қаласындағы Ласал мектебінің тәлімгері еді. Содан бері жетпіс бес жыл өтсе де, өміріме ерекше әсер еткен бұл уақиғаны әлі күнге дейін сағынышпен жиі еске аламын. Алғашқы оқыған кітабымдағы құдіретті сөздер образға айналып, уақыт пен кеңістік кедергілерін жойып, танымымды кеңейте түсті. Капитан Немомен бірге жиырма мың лье (4,5 шақырымға тең көне ұзындық өлшемі) деңгейіндегі су астына түсіп, залым Ришелье тұсындағы королеваға қастандық ұйымдастырған қаскүнемдерге д,Артаньян, Атос, Портос, Арамистермен иық түйістіріп, қарсы тұрдым.
Кітап оқу менің өмірімді түбегейлі өзгертті, арманым өмірде жүзеге асты, ал өмірім арманға айналды. Жер жүзінің әдеби әлемі тұтасымен маған қолын созып тұрғандай болды. Анамның айтуына қарағанда, тырнақалды шығармаларым оқыған кітаптарымның жалғасы іспеттес көрінеді. Себебі сол шығармалардағы кейіпкерлермен қоштасқым келмеді, немесе шығарманың аяқталуы ұнамаған болуы керек. Мүмкін осы өзім толық сезіне алмаған, балалық шағымдағы таңданыстар мен оқыс оқиғалардың арқасында ғұмыр бойы жазумен айналыстым: былайша айтқанда, жазумен ержетіп, есейдім, жазумен қартайдым.
Дәл осы сәтте менің қасымда Амадо Нерво мен Пабло Неруданың жырларын оқығанда тебірене көзіне жас алатын аяулы анамның, өлеңдерімді аузынан тастамай мақтап жүретін қоңқақ мұрын, қасқа бас Педро атамның, жазушылықпен жан-тәніммен беріле айналысу керектігін үнемі есіме салып отыратын Лучо ағамның болғанын қалар едім, әрине. Бірақ сол кезеңде әдебиеттің өзіне құлшылық етушілерін жарылқағанын көрген емеспін. Есесіне менің маңайымда өмір бойы осындай жақсы адамдар болды, олар мені құрметтеді, қадірледі, менің әр қадамымды қолдады, көңілге күдік ұялаған сәттерде өз сенімдерімен қуаттандырды. Осындай адамдардың және өзімнің қайсарлығымның арқасында жазушылықтың ғажайыптығын ұғындым, сондай-ақ жазушылықтың ауыртпалығын да түсіндім.
Жазушылық арқылы біз өмірімізге баламалы өмір қалыптастыра аламыз. Әдебиет – ол мұңайған, күйзелген сәтте пана болатын, шынайы өмірде мүмкін емес нәрсені іске асыратын, кейіпсіздікті әдемілікке айналдыратын, бірер минутты мәңгілікке жалғастыратын, ең аяғы өлімді жеңетін өзгеше әлем.
Жазу – жеңіл-желпі іс емес. Көптен бері көкейіңде жүрген толғақты дүниең бос сөзге айналса, көңілдегі көрікті ойың қағаз бетіне шашыраңқы түссе, идея мен образ күңгірттенсе қайтпек керек, оларды қалай қайта жандандыруға болады? Осындай қиналған сәтте біз иек артар қарасөздің хас шеберлері бар, үлгі тұтар ұстаздарымыз жетерлік. Мәселен мен Флоберден «талант – бұл темірдей тәртіп пен шыңдалған шыдамдылық» екенін үйрендім. Ал Фолкнер форма (стиль және құрылым) сюжетті қоюландырып-байытуға қабілетті екенін дәлелдеді. Марторель, Сервантес, Диккенс, Бальзак, Толстой, Конрад, Томас Манндар романда стильді қырлау мен сюжеттік желілерді тыңғылықты пысықтаудан гөрі, (масштаб) өріс пен кең құлаштың маңыздырақ екенін ұғындырды. Сартрдың пікіріне құлақ ассақ, әдебиеттің қай түрі болсын, роман, пьеса немесе әңгіме болсын, белгілі бір сәттерде және қолайлы жағдайларда тарихты өзгертуге қабілетті. Камю мен Оруэлге сүйенсек, әдебиет бұл – адамгершілікті жоғалту, рақымсыздық. Ал Маньро қаһармандық пен эпостың, «Одиссея» мен «Иллиада», аргонавтар заманындағыдай дәл бүгінгі күні де болатынын еске салады.
Бір дәрісте өз шығармашылығыма аз ба, көп пе ықпал еткен жазушылардың атын түгел атап, түсін түстеп шығу әсте мүмкін емес. Олардың қатары тым қалың. Олар өз шеберліктерінің құпиясымен бөлісіп қана қойған жоқ, солар арқылы адам жанына тереңірек үңілуді үйрендім, жеңісіне сүйсініп, қатыгездігіне жаным түршігетін болды. Шығармашылығы жаныма жақын жазушыларды ең жақын достарым деп есептедім. Олардың шығармашылығы арқылы кез-келген тығырықтан шығар жол бар екенін түсіндім, үміт отын сөндірмеу қажеттігін ұғындым. Егер біз өмірге келмесек, оқи білмес және оқиғаларды ойдан құрастыра алмас ек. Осы үшін де ғұмыр кешуге болады емес пе?!
Уақыт өте келе мынадай ойға келдім: менің елім сияқты кедей елде жазушылық кәсіп солипсистік сән-салтанатқа ие бола алады ма? Біздің елде оқырман айтақаларлықтай көп емес, халық кедей тұрады, сауатсыздардың қатары қалың, әділетсіздікті қадам басқан сайын кездестіруге болады, мәдениет – ат төбеліндей топтың үлесінде ғана. Бірақ мұндай күдік-күмән менің жазуға деген ынта-ықыласымды бәсеңсіте алған жоқ: тіпті, өмір сүруіме қажетті еңбекақыға кіріптар болып жүрген кезімде де жазудан қол үзген жоқпын. Мен дұрыс істедім ғой деп ойлаймын: әдебиеттің көсегесі көгеруі үшін қоғам ең алдымен мәдениеттің жоғарғы деңгейіне көтерілуі, еркіндікті, әділеттікті сезінуі, халықтың әл-ауқаты жақсаруы керек. Әдебиет адам бойына құлшыныс бітіріп, оны алға жетелейді және рухтандырады. Кітаптарды оқи отырып қиял-ғажайып патшалығына саяхаттап келгендей күй кешесің. Өркениеттің бүгінгі күні қаталдығы кеміп, иіні жұмсара түсті.
Өзіміз оқыған жақсы кітаптарсыз адам сүйсінерлік қылықтарымыз аз болған болар еді деп ойлаймын. Оқу да жазушылық сияқты өмірдің олқы тұстарын толтырады. Біз қиял құсымызды көкке ұшыра отырып, шынайы өмірде қолымыз жетпеген дүниеге иелік еткендей боламыз. Біз елессіз еркіндікті еркін сезіне алмаған болар едік. Тиранның тепкісінің астында қалсақ, идеология мен дін қысым көрсе, өміріміз қандай тозаққа айналатынын естен шығармағанымыз жөн болар. Әдебиет біздің сұлулық пен бақыт жайлы армандарымызға тамызық тастап қана қоймай, төніп келе жатқан қауіп-қатерді алдын ала ескертетіндігіне, кез-келген қысымды ашып көрсететіндігіне ешкім күмәнданбай-ақ қойсын. Осыдан келіп мынадай сауал туындайды: адам баласының шыр етіп өмірге келгенінен бастап, о дүниеге аттанғанға дейінгі қадамын бақылағысы келетін режимдердің барлығы әдебиеттен қорқатыны соншалық, репрессивті цензураны енгізіп, тәуелсіз жазушыларды көздерінен таса қылмайтынының сыры неде? Олардың бұлай әрекетке баруының басты себебі – оқырманның кітап кейіпкерлерінің кейпіне еніп, шынайы өмірмен салыстырып, қиялданатынын сезеді, ал жазушылардың «қиялынан туған» дүниесінің кейде бүлікке бастайтынын жақсы түсінеді. Себебі, оқырман көркем шығарма арқылы обскурантизм мен үрейді еркіндік, бостандық жеңе алатынына көзін жеткізеді, сөйтіп оны шынайы өмірде жүзеге асырғысы келеді. Жазушы өз қиялына ерік бере отырып, өзі қаласа да, қаламаса да, өзінің «көңілі толмайтын» істерін жасыра алмайды. Олар кейде жер жаһанда әлі кемеліне келмеген дүние көп десе, кейде қиялдарынан туған өмірдің күнделікті тірліктен құнды екенін дәріптейді. Егер жазушылардың осы жазғандары азаматтардың санасына әсер ете алса, оларды иліктіру қиынға соғады. Олар тергеушілердің қорқытып-үркіткенін керек те қылмауы мүмкін. Жақсы әдебиет халықтар арасындағы көпір іспеттес, бізді қуантады, мұңайтады, таңғалдырады, біріктіреді, жалпы әдебиетке тілдік тосқауыл, наным-сенімдер алшақтығы, әдет-ғұрыптың өзгешелігі әсер етпейді. Мәселен капитан Ахава алып киттің жемтігіне айналса, аяушылық сезімі тумайтын оқырман болады ма, тіпті үрей де пайда болуы мүмкін. Оқырман Токионың тұрғыны болса да, Лиманың немесе Тимбуктің тұрғыны болса да бәрібір, барлығы бір аяушылық сезімін басынан өткереді. Сондай-ақ Эмма Бовари күшән жұтып қойса, Анна Каренина пойыз астына түссе, Жюльен Сорель эшафотқа көтерілсе, борхестік «Юга» қаласының тұрғыны Хуан Дальманн тавернадан көшеге шыққан мезетте кездігін кезенген қанішерге тап болса, тұтас бір ауылдың ошағы ортасына түсіп, түгел мерт болған жағдайда (Педро Парамоның туған ауылы – Комало) оқырман қай дінді ұстанса да, Аллаға, Христосқа, Буддаға, Конфуцийға сиынса да, өзін агностик сезінсе де, сәнді мойынтақ тағынып, пиджак немесе кимоно мен пончо кисе де бәрібір, бәріне ортақ «бір сезім» пайда болады – аяйды, мүсіркейді, жүрегі жаншиды, жаны түршігеді. Жалпы әдебиет ұлттар мен ұлыстар арасындағы бауырмалдық сезімін оятады. Идеологияның, діннің, тілдің және адам баласының ақымақтығының арқасында пайда болған шектеулер мен шекараларды быт-шыт қып бұзып-жарады.
Әр уақыттың өз қиыншылығы бар. Біздің заманымыз – бұл фанаттардың, өлімге бас тіккен террористердің кезі: ежелден келе жатқан кейбір тайпа адамдары «адам өлтірсем» жұмаққа бара аламын деп ойлайды, кінәсіз адамдардың қанын мойнына жүктей отыра, өз тайпаларына көрсетілген қорлық-зорлықтың есесін қайтардым деп есептейді. Жер бетінде қаншама адам осылай ойлайтындардың құрбаны болып жатыр. Тоталитарлық империя құлаған сәтте біз үйлесімділігі жарасқан өмірді көз алдымызға елестетіп, плюрализм орнайды, адам құқы тапталмайды, холокост, геноцид, агрессия, қырғын соғыс енді қайталанбайды деп ойладық. Бірақ үмітіміз ақталмады. Варварлықтың жаңа түрлері қалыптаса бастады, фанатизм кең етек алды. Жаппай қыратын қарулардың кең тарауына қарасақ, күндердің күнінде ядролық катаклизм басталып кетерме екен деген күдік туады. Біз олардың жоспарларын жүзеге асыртпаумыз керек, оларға қарсы шыға отырып, жеңіске жетуіміз керек. Мұндай арамниеттілердің қатары көп емес, бірақ олар жасаған қылмыстардың жаңғырығы бүкіл жер шарына тарап жатады, сол жаңғырық біздің жанымызға қорқыныш сезімін ұялатады. Өркениет тарихындағы ұзақ-сонар уақытта қол жеткізген еркіндіктен біз бір сәт те айрылмауымыз керек.
Сондықтан біз «жақсылығы» мол либералды демократияны қолдауымыз және қорғауымыз керек. Саяси плюрализм салтанат құратын, адам құқы сақталатын, сынға мойын бұратын, заңға жүгінетін, әділ сайлау өткізетін, билік басындағылар жиі ауысып тұратын либералды демократия қанат жайған тұста біз жабайылықтан құтылып, әдебиетте бейнеленетін ғажайып, идеалды өмірге жақындай түсеміз. Адам өлтіргіш фанаттарға қарсы тұру арқылы біз өз құндылықтарымызды қорғаймыз және шынайы өмірде жүзеге асырамыз.
Жас кезімде мен де өзімнің құрдастарым, замандастарым сияқты марксист болдым, социализм құлдықты және әлеуметтік теңсіздікті жояды деп есептедім. Ал әлеуметтік теңсіздікті жою менің Отаным – Латын Америкасы үшін аса қажет еді.
Социализмнен көңілімнің қалуына этатизм мен ұжымдасу себепші болды. Либерал мен демократқа айналуым, яғни тұлғалық қалыптасуым ұзақ және ауыр жүрді.
Алғашында Кубадағы революциялық биліктің ауысуына үлкен қызығушылық таныттым. Өйткені кеңестік модельдің вертикальді көшірмесі деп есептедім. Лагерьден қашқан диссиденттердің әңгімесін естідім, Варшава келісім-шартына қол қойған елдердің Чехословакияға баса-көктеп енгенін естідім. Кейіннен Раймон Арон, Жан-Франсуа Ревель, Исайя Берлин, Карл Поппер сынды ойшылдардың еңбектері менің демократиялы мәдениет пен ашық қоғамға деген көзқарасымды өзгертуіме септігін тигізді. Бұл ойшылдар адамзаттың болжампаздығын дәлелдеп, азаматтық ерлік үлгісін ұсынған кезде, батыстық интеллигенция жеңіл ойлау немесе конъюнктура салдары нәтижесінде кеңестік социализмнің бұғауынан шыға алмай, тіпті одан да қауіпті саналатын «қандықол» қытай мәдени төңкерісін мойынсынған әрекет танытқан еді.
Балалық шағымда француз әдебиетінен әсерленгенім соншалық, Парижде болуды ұдайы армандайтынмын. Бальзак, Стендаль, Бодлер, Прусттер жұтқан ауаны жұтсам, солар ішкен судан ішсем, яғни Парижде тұрсам, керемет жазушы боламын деп ойлайтынмын. Ал Перуде тұрсам, қолым қалт еткенде ғана қолына қалам ұстайтын жазушы болармын деп болжайтынмын. Шындығында да мен Францияға және француз мәдениетіне мәңгілік қарыздармын. Әдебиет тек шабыттан ғана тумайды, ол сондай-ақ тәртіп, еңбек, табандылық атты үштағанның қосындысынан тұрады.
Мен Парижге қара сөздің қас шеберлері – Сартр мен Камюдің көзі тірі кезінде келдім. Жан Вилардің Ұлттық халықтық театрының жұлдызды сәттеріне куә болдым, оқырманын тамсантқан Брехт драматургиясын оқыдым, көрерменін еліткен Ингар Берманн фильмдерін тамашаладым. «Жаңа толқын» мен «жаңа романдарға» әбден қанықтым. Андре Мальроның ғажайып өнеріне тәнті болдым. Ал генерал де Голльдің найзағайдай жарқылдаған баспасөз-конфренцияларын көзім көріп, жалынды сөзін тыңдадым.
Менің Францияға шексіз ризашылығымды білдіруімнің бір себебі, бұл елде жүргенде Латын Америкасы жөнінде басқаша толғана бастадым. Сол жерде жүріп Перу алып қауымдастықтың бір бөлшегі екенін, өзіне тән тарихы мол екенін, жалпы адамзатқа тән әлеуметтік-саяси проблемаларды басынан өткергенін және ешкімге ұқсамайтын өмір сүру салтымен, ғажайып тілімен ерекшеленетінін ұғындым. Дәл сол жылдары менің атамекенімде қуатты да құнарлы әдебиет өмірге келді.
Францияда жүріп мен Борхестің, Октавио Пасаның, Кортасардың, Гарсиа Маркестің, Фуэнтестің, Кабреру Инфантенің, Рульфоның, Онеттидің, Карпентьераның, Эдвардстың, Доносоның, тағы басқалардың туындыларымен таныстым. Олардың шығармалары испантілдес елдердің әдебиетін гүлдендірді, қуаттандырды. Аталмыш жазушылардың еңбектері арқылы әлемнің әрбір аймағы Латын Америкасын танып білді. Латын Америкасы тек мамбосымен, «ча-ча-ча»-сымен, төңкерістерімен, диктаторларымен ғана ерекшеленбейтінін, тың идеяларымен, көркемдік шешімдерімен, қайталанбас образдарымен ерекшеленетінін ұғынды.
Содан бері дәл бүгінгі күнге дейін Латын Америкасы талай асуларды асты, талай қиыншылықтарды басынан өткерді. Сайқымазақтық популистік пседводемократиялық жүйедегі Боливия мен Никарагуаны есепке алмағанда, жалпы диктаторлық режимдердің қатары күн санап азайып келеді. Куба мен Венесуэла Боливияның, Никарагуаның жолынан шыға алмай келеді, себебі олар өздерін солардың құрамындамыз деп жалпақ жұртқа жариялап қойған. Бірақ континенттің басқа елдерінде демократияның желі есіп тұр. Халық демократияны қызу қолдайды, оны уысынан шығарғысы келмейді. Бразилияда, Чилиде, Уругвайда, Перуде, Колумбияда, Доминикан Республикасында, Мексикада, жалпы Орталық Америка тарихында алғаш рет оңшылдар да, солшылдар да заңға бағынады, сынды қабылдайды, билік сайланбалы және ауыспалы. Латын Америкасы бұл тура жолдан тайқып кетпесе, коррупциямен күресуде, сыртқы әлеммен байланысуда бұдан артық жол жоқ.
Қай елде өмір сүрсем де, өзімді еш уақытта жат сезініп көргем жоқ. Парижде, Лондонда, Барселонада, Мадридте, Берлинде, Вашингтонда, Нью-Йоркта, Бразилияда, Доминикан Республикасында болсын, өз үйімде жүргендей сезіндім, шығармашылық жұмыспен айналысуыма мүмкіншілік болды. Жаңа достар таптым, жаңа кітаптар оқыдым, жаңа сюжеттер ойластырдым. Алдын ала жоспарланбаған «әлем азаматына» айналу менің ата салтымды әлсіретіп, туған жеріммен байланысымды үзді дей алмаймын. Перуден қаншалықты алыста болсам да, перуандық әсерлерім бүгінгі күнге дейін мені қаламгер ретінде қанаттандырып отырады. Перуге деген сағынышым әрбір шығармамда көрініс тапқан. Атажұрттың қадірін сыртта жүрген азамат ерекше ұғынатынын сезіндім. Менің атамекеніме деген сағынышым ұлы махаббатқа айналды. Өз еліңді сүю – ата-анаңды, балаңды сүюмен бірдей деп кесіп айта аламын.
Перудің менің санамнан шықпайтын себебі – мен осы елде тудым, өстім, адам ретінде қалыптастым. Адамзат баласының басынан өткеретін сезімдерін өз басымнан өткердім: сүйдім, қуандым, жеріндім, мұңайдым, армандадым. Туған елімде өтіп жатқан оқиғалардың барлығы мені толғандырады, ойландырады, қамықтырады, сүйсіндіреді. Әйтеуір, немкетті қабылдаған күнім болған жоқ. Елімдегі әрбір жаңалықты естігенде осындай сезімді басымнан өткізем. Бұл менің еркімнен тыс туындайтын ерекше сезім.
Соңғы диктатура тұсында әлемнің демократиялық елдерін режимге қарсы дипломатиялық және экономикалық санкция енгізуге шақырған менің үндеуімді кейбір отандастарым «сатқындық» деп кінәлады, азаматтықтан айыруды талап етті. Не десе де, диктатураның кез-келген түріне үзілді-кесілді қарсымын. Диктатор – Пиночета мен Кастро болсын, Ауғанстандағы талибтер болсын, Ирандағы имамдар болсын, ОАР-дағы апартеидтер болсын, Бирмадағы сатраптар болсын, бірінен-бірін бөліп-жармаймын, бәрінің ұстанған саясатына қарсылығымды білдіремін. Егер менің отанымда тағы да диктатура орнайтын болса, қайта қарсы шығамын. Себебі, еліміздегі ыңыршағы шыққан әлсіз демократияның жойылғанын қаламаймын. Диктатураның кез-келген елге зияны мол, диктатура орнаған елде жемқорлық күшейеді, зорлық-зомбылық белең алады, адам жанын жаралайды, ұлттың болашағына қауіп төнеді. Сондықтан қолымыздағы бар мүмкіншілікті пайдалана отыра, диктаторлық режимдермен күресуіміз керек, тіпті экономикалық санкцияны да іске қосуымыз керек. Әрбір мемлекеттегі демократиялық күштер өзгеге үлгі көрсете отырып, өз еліндегі диктатураға қарсы шығуы тиіс. Кубадағы «Ақ киімді ханымдарды», венесуэльдік оппозицияны, Аун Сан Су Чжи мен Лю Сяобоны үлгі-өнеге тұту керек. Бұлар өз еркіндіктері үшін ғана емес, біздің еркіндігіміз үшін де күрескен қайсар жандар.
Менің отандасым Хосе Мария Аргедас Перуді «барлық қандардың қоспасы» деп атады. Бұдан артық анықтама әлі кездесе қойған жоқ. Әрбір перуандықтың іштей дәл осылай ойлайтынына сенімдімін. Себебі, біз төрт нәсілдің қосындысынан тұрамыз, сондықтан біздің дәстүріміз, мәдениетіміз, наным-сенімдеріміз будандасқанын жоққа шығара алмаймыз. Өзімнің испан мәдениетіне дейінгі нәсілдің мұрагері екенімді мақтан тұтамын. Менің ата-бабам – Наска мен Паракаса қауырсындарынан киім тіккен, мата жасап шығарған, мочика мен инктардың әлем мұражайларына қойылған қыш құмыраларын жасаған нағыз шеберлер. Олар атақты Эль-Брухо, Эль-Моль және Ла-Луна кесенелерін тұрғызған. Ал испандықтар Перуге өздерімен бірге жылқыларын, ер-тоқымдарын, семсерлерін ала келді. Сондай-ақ иудео-христиан дәстүрі мен чекан тілі испандықтармен бірге келгені рас. Біздің жерімізге Испаниямен қатар Африка мәдениеті келіп жетті. Африканың қызуқандылығы және ерекше музыкасы Перудің «түрлі-түсті» мәдениетін байыта түсті. Егер біз бұдан әрі термелесек, Перу Борхестің «Алефі» сияқты «бүкіл әлемнің шағын көрінісі» іспеттес. Өз бойына бір емес, сандаған сәйкестілікті үйлестірген ел болу қандай мақтаныш десеңізші!
Американы жаулап алу, кез-келген елді жаулап алу сияқты қантөгіспен жүзеге асқаны рас. Жаулап алу барысында жергілікті тұрғындарға жасалған қиянатты сынайтын сыншылардың сөзі көңілге қонымды. Бірақ кейде біз осында жасалған қылмыстар мен талап-тонауларға біздің бабаларымыздың, яғни Америкаға ат басын тіреген испандықтардың тікелей кінәлі екендігін жасырып-жабуға тырысамыз. Сын шын болу үшін, өзін-өзі сынай білу де керек. Осыдан екі жүз жыл бұрын біз өз тәуелсіздігімізді Испаниядан алғаннан кейін билік басына келгендер бұрынғы колонияларға, оның тұрғылықты халқы – индейцтерге азаттық берген жоқ, құлдықтан құтқарған жоқ. Қайта оларды ит орнында көріп, азаптады, қорлады, жанын жаралады. Тіпті кейбір өңірлерде «жергілікті ұлтты» тұтастай немесе жарым-жартылай құртып жіберді. Шынтуайтына келгенде, осы екі жүз жыл ішінде индейцтердің басына бостандық беру біздің басты міндетіміз еді, бірақ біз оны істей алмадық. Латын Америкасындағы әлі шешімін таппаған бұл мәселе бәріміз үшін ұятты іс, масқаралық.
Мен Испанияны Перуден кем көрмеймін. Себебі, Испанияға мәңгілік қарыздармын. Егер Испания болмаса, мен бүгін осы трибунаға шығып сөйлемеген болар едім, танымал жазушы болмаған болар едім, кітабы шықпайтын, сыйақыдан ұдайы қағылатын, бақ қонбаған, жолы болмаған шығармашылық иелерінің қатарында болған болар едім. Менің кітаптарымның барлығы Испанияда шықты және бұл елде өзім күтпеген айрықша құрметке ие болдым. Достарым – Карлос Барраль мен Кармен Бальсельс менің шығармаларымның оқырмандарыммен қауышуына ерекше қолдау көрсетті. Сонымен бірге Испанияның жаным қысылған сәттерде дем беріп, демеп жібергенін жасыра алмаймын, алғашқы азаматтықтан айыру мәселесі талқыға түскен кезде өз азаматтықтарын берді. Өзім Перудің тумасы болсам да, испандық төлқұжатымның барлығын басы артық дүние деп есептемеймін. Мен әр уақытта Испания мен Перуді тиынның екі жағы ретінде қарастырамын. Тарих, тіл, мәдениет мәселелерінде екеуін бөліп-жара алмаймын.
Мен көп уақыт испан жерінде тұрдым, әсіресе жетпісінші жылдардың басындағы Барселонада өткізген бес жылды жиі еске аламын. Ол кезде франкистік диктатура әлі биліктен кетпеген, тіпті адамдарға қарсы оқ атуын да тоқтатпаған еді, бірақ бірте-бірте әлсіреп, қоғамды бақылаудан қалған еді. Әсіресе, мәдени салада диктатураның қамытынан құтылып шығуға бұлқыныс байқалды.
Осы сәтте франкистік диктатура қалаған қалың қабырғада жарықшақтар мен саңылаулар пайда болды да, цензорлардың бұл жарықшақтарды қайтадан сылап, бітеп шығуға шамасы келмеді. Осы жарықшақтар мен саңылаулар арқылы испан қауымдастығы жаңа идеялармен, философиялық ағымдармен, көркемдік шешімдермен танысты. Барселонадан өзге бірде-бір қала либерализмнің бастауын дұрыс пайдалана алмады. Басқа қалалардың ешқайсысында Барселонадағыдай идеялық және шығармашылық өрлеу байқалмады. Барселона бірте-бірте Испанияның мәдени астанасына айналды. Барселона еркіндікті, бостандықты тағатсыздана күткен аурасымен өзіне тартатын еді. Сондай-ақ Барселонаны Латын Америкасының да мәдени астанасы болды деп айтуға болатын сияқты. Себебі, Латын Америкасының өнер иелері – суретшілер, жазушылар, баспагерлер және артистер өз шығармашылығын өркендету мақсатында Барселонаға жиі ат басын тірейтін. Мүмкіншілік болып жатса Барселонада қалып қоятын.
Мәселен, Барселона мені ыстық құшағына алып, шығармашылық шабыт сыйлады. Маған бұл қалада достық қолын созғандар көп болды. Сондықтан мен Барселонаны жиі еске аламын. Барселона да Париж секілді жалпыадамзаттың қаласы, космополиттік қала. Азамат соғысынан бергі уақытта испан және Латын Америкасы жазушыларының арасында ағайындық рөл атқарған, бір дәстүрді ұстанатынын түсіндірген қала. Олар диктатураның күні бататынына сенді, ал демократиялық Испанияда мәдениет ерекше маңызға ие болатынын түсінді.
Халық күткен жақсылықтың бәрі бірдей орындалмаса да, Испанияның диктатурадан демократияға өтуі біздің дәуіріміздің естен кетпес оқиғасы болды. Ақыл мен парасат үстемдік құрған жағдайда, ал саяси қарсыластар қоғам игілігі үшін алауыздықтарын тоқтатқан кезде, нәтижесі «магиялық реализм» стиліндегі романдағыдай керемет болатынын бұл ел дәлелдеді. Испанияның авторитаризмнен бостандыққа, артта қалушылықтан гүлденуге, үшінші әлем елдеріне тән экономикалық теңсіздіктен «орта тап қоғамына» өту жолы, оның Еуропамен интеграцияға түсуі, демократиялық мәдениетті шапшаң қабылдауы әлемді таңғалдырды. Бұл үдерістер елдің модернизациялануын тездетті. Мен мұның бәрін кейде сырттай, кейде іштей бақылап отырып қатты толқыдым, толғандым. Бүгінгі әлемнің, сонымен бірге, Испанияның да айықпас дертіне айналған ұлтшылдық бұл тамаша ертегінің тас-талқанын шығармайды деп үміттенемін.
Мен ұлтшылдықты провинциялық идеология деп есептеймін. Ұлтшылдық интеллектуалдық көкжиекті тарылтады, этникалық және нәсілдік наным-сенімдердің тұңғиығына батырады. Ұлтшылдық та дін сияқты адамзат тарихында бірнеше жойқын қантөгістердің себепкері болды. Екі мәрте болған дүниежүзілік соғыс пен Таяу шығыстағы қақтығыстар осы «ұлтшылдықтан» туындады деп айтуға толық негіз бар. Дәл осы ұлтшылдық Латын Америкасының «балканизациялануына» тікелей әсер етті. Астрономиялық ресурстарды мектеп, кітапхана, аурухана салуға жұмсаудың орнына, қару-жарақ сатып алуға жұмсады. Ал қару Латын Америкасын қанға бөктірді.
Зорлық-зомбылыққа ұрық себуші ұлтшылдықты туған жерге деген сүйіспеншіліктен туатын патриотизммен шатастыруға әсте болмайды. Отан – бұл әнұран, ту емес немесе мінсіз қаһармандар жайлы таңды таңға ұрып айтатын әңгіме емес, жер шарының қай түпкірінде жүрсеңіз де сағынышпен еске алатын, қайта оралған сәтіңізде құшақ жая қарсы алатын құтты мекен, өз ұяңыз.
Перу маған Арекип сияқты қаласымен қымбат. Бұл қалада менің кіндік қаным тамған. Ес білгелі бұл қалада тұрмағандықтан, атам мен әжемнің, анамның, тәтелерімнің айтуымен ғана қаланы сырттай білемін.
Сондай-ақ Перудегі Пьюра қаласы шөл даладағы ағаштарымен, көнбіс есектерімен менің жадымда сақталған қала. Менің жас кезімде перуандықтар есекті «адамның екінші аяғы» деп есептейтін. Бұл қаладағы «Варьете» театрында менің алғашқы пьесам қойылды.
Ал Лима қаласындағы Мирафлорес ауданындағы Колумба және Диего Ферре көшелерінің қиылысын біз «бақытты квартал» деп атайтынбыз. Бұл кварталда мен қысқа дамбалымды ұзын балақты шалбарға ауыстырдым, шылым шегуді үйрендім, билеуді меңгердім, қыздарға қырындадым, ғашықтықты басымнан өткердім. Сонымен бірге бұл көшеде менің журналист ретінде қалыптасуыма тікелей әсер еткен «La Crónica» газетінің редакциясы орналасты. Менің журналистік кәсібім адамдармен кеңірек танысуыма мүмкіншілік берді. Жақсымен де, жаманмен де осы кәсіп арқылы дидарластым, таныстым, білістім.
Бұрын мен Перуді орта таптың «қорғаны» деп есептейтінмін, сөйтсем, бұл ел әлеуметтік дауылдардың ортасында қалған, теңсіздік жайлаған, ызаға булыққан ел екен. Бұл ел «Кахида» атты жасырын ұйымдарымен ерекшеленеді. Бұл ұйымның өрімдей мүшелері – Сан-Маркос университетінің студенттері – әлемдік төңкеріс жасауға ұмтылады.
Сондай-ақ Перуді еске алсам, Азаттық қозғалысындағы достарым ойға оралады. Олармен бірге мен үш жыл қатарынан небір қиыншылықтарды бастан кеше отыра демократияны қорғадым.
Перу – бұл Патрисия. Таңқы танау, өр мінезді бөлеме үйленгеніме қырық бес жыл өтті. Содан бері оның мінезі өзгере қойған жоқ. Қайта оның күйгелек мінезі мені жазуға итермелейтіндей әсерде боламын. Патрисия менің атымды өшірмейтін ұрпағымды жалғастыруымен құнды. Біз Альваро, Гонсало, Моргана атты үш баламыздан алты немере сүйіп отырмыз. Патрисия маған еш уақытта ауыртпалық салған емес, бәрін өзі істейді. Үй шаруасын дөңгелетіп ұстайды, мазамды жиі алатын журналистерден мені алшақ ұстайды. Уақытымның әрбір минутына шейін есептеп қояды. Кездесулер мен іссапарларды да өзі реттей біледі. Киім-кешегімді дайындап, чемоданыма салып, жол жүрерде қолыма ұстата қояды. Кейде оның «Осы сен Марио, жазуды ғана білесің!» деп жазғыруының өзінен ерекше жылылық сезінемін.
Енді әдебиетке қайта оралайық. Менің балалық шағым – кітаптағы аңыз емес, ол шынайы өмір. Кочабамбада тұрған кезімізде немере бауырларыммен және мектептес достарыммен ойнаған сәтте үш верандалы үлкен үйдің тас-талқанын шығаратынбыз. Істемейтініміз жоқ, Тарзан мен Сальгари кейпіне де енетінбіз. Ал Пьюра префектурасында тұрған кезімізде түнгі аспанның жұмбағына айналатын жарқанаттардың шатырдағы ұясын көретін едік. Ол жылдары жазу мен үшін әшейін ойын болатын. Отбасым менің жазу қабілетімді ерекше бағалап, қолпаштап, құрмет көрсетіп отыратын. Шағын адамнан құралған отбасымның біріне немере ретінде, біріне бала ретінде, біріне жиен ретінде еркеледім. Ешқайсысы шет қақпайлық көрсеткен жоқ. Ал әкемді өлдіге санап, аспанға ұшып кетті деп есептейтінмін. Оның суреті менің үстелімнің үстінде тұратын. Әскери теңіз киіміндегі ертұлғалы, өңді жігіттің суретіне жиі назар аударам. Жатар алдында оның суретіне сыйынып, бір өбіп қоятын едім. Пьюрада тұрған кезімізде бір күні таңертең анам аяқ астынан бұл сеньордың тірі екенін жеткізді. Тосын жаңалықтың мен үшін ауыр соққы болғаны соншалық, тіпті осы уақытқа дейін есімді жия алмаған сияқтымын. Анам сонымен тоқталмай, біздің Лимаға қоныс аударып, онымен бірге тұратынымызды ескертті. Сонымен он бір жастағы менің өмірім түпкілікті өзгерді. Мен пәк балалық мінезімді жоғалтып, үлкендерше ойлай бастадым. Құлазыған жалғыздықты сезіндім, үрейленетін күйге түстім. Небір құқайды бастан кешірдім. Дәл осындай қиналған сәттерімде қорғанышты мен тек кітаптан таптым. Жақсы кітаптағы бақытты өмір мені әрқашан алға жетелейтін. Кітап арқылы бақытты өмір мен еркіндіктің дәмін қайта татқандай болатынмын. Лимадағы өзгеріске толы жаңа өмірімде мен жазуды ұмытқан жоқпын, бірақ мұнымды ешкімге көрсетпей, құпия ұстайтынмын. Әдебиетті бұрынғыдай ойыншық етуді қойдым. Әдебиет төзімімді тауысқан жағдайларға ішкі қарсылығымды, қыжылымды шығарудың құралына айналды. Шындығына келгенде, әдебиет менің өмірімнің мәніне айналды. Сол күндерден бастап жігерім құм болып жасыған кезде, торыққан кезде қаламсапқа жармасам, ал қаламсаппен жазылған жазу мені қараңғыдан жарыққа сүйрейді, батып бара жатсам жағаға шығарып тастайды.
Шынтуайтына келгенде, жазушылық – бұл мұрныңнан қаның аққанша еңбек етуді талап ететін кәсіп. Кей сәттерде жазушының фантазиясы азайып, қайраңға түсетін кездерің де болады. Кейде ой мен қиялдың қамалында қалғандай күй кешесің. Менің өмірімдегі ең бақытты сәттерім – айлап, жылдап оқиғаны «құрастыру» үшін, беймәлім дерек көздерін зерттеу-зерделеу, жүріп өткен жолдардың естеліктерін парақтау, осы сәттегі қиялдар. Осылардың барлығы шабытпен қосылған сәтте әсерлі әңгіме жазуыңа жол ашылады.
Флобер «Жазушылық – өмір сүрудің бір түрі» деген. Иә, расында да, өмір сүрудің бір түрі, бос қиялмен, қуанышпен, отпен, ойыңызға келе қалған ұшқынды ойлармен, тілдің ұшында тұрып, табылмаған сөздермен айқасу, оларды сіз саяхат жасамақ беймәлім өмірге бағындыру. Тіпті кейде өзіңізді оңтайлы олжасын іздеген аңшы секілді сезінесіз. Алғашында роман желісі ойыңда туындап, кейін, өз формасына түсіп, толықтай пісіп-жетіліп, өзіндік бір өмірін бастайды. Кейіпкерлерің қозғалысқа түсіп, іс-әрекет жасайды, ойлайды, сезінеді, өздеріне сый-құрмет талап етіп, көңіл аударғанды қалайды. Бұдан әрі қарай, оларға әрекеттерді күштеп жасатып, бас бостандықтарын шектеуге еш болмайды. Кейіпкерлерді өлтіріп алмау, оқиғаның әсерлілігін жоймау жайлы толғаныстар мені бүгінге дейін бей-жай қалдырмайды. Бұлардың әсерлілігі соншалықты, тіпті сүйіктіңмен күні-түні, апталап, айлар бойы махаббат ләззәттына батқандай боласың!
Әдебиет жайлы толғана отырып, мен романға айрықша мән берген екенмін. Ал өкінішке орай драматургияны көзден таса қалдырыппын. Өзімнің бұл қылығымды әділетсіздік деп шештім. Себебі, драма менің алғашқы махаббатым. Лимадағы Сегур театрында қойылған Артур Миллердің «Коммивояжер өлімі» атты спектаклінің маған әсер еткені соншалық, көп ұзамай өзімде инктер (11-13 ғғ. Перу жерін жайлаған халық) жайлы пьеса жаздым. Егер елуінші жылдары Лимада театр қозғалысы болғанда, мен романист болмай, драматург болған болар едім. Өкінішке орай ондай қозғалыс болмады, бірақ менің театрға деген сезімім еш уақытта суыған емес. Бұл сезім әсерлі, мазмұнды спектаклге барған кезде қайта гүл жаратын.
Жетпісінші жылдардың соңында маған әсер еткен мынадай оқиға болды: жүз жасқа келген менің ағайыным Мамаэ әжей өмірінің соңғы сәттерінде маңайынан жеріп, өзін қоршаған ортадан қол үзуді жөн санады. Ол өзінің қиял-ғажайып әлеміне еніп, өткен өмірін есіне алып, ерекше ғұмыр кешті. Қызық тағдыр иесі жайлы жазуды парыз санадым. Мен бұл оқиғаның театр сахнасына лайық екенін сезіндім, тек театр қойылымы арқылы оның арманы мен қиялын көрермен жүрегіне жеткізуге болатынын түсіндім. Мен бұл пьесаны жаңа жазып жүргендей ерекше толғаныспен жазып шықтым. Ал бұл туындым сахнада қойылған сәтте басты рөлді сомдаған Норма Алеандроның өнеріне тәнті болғаным соншалық, роман мен әңгімені уақытша доғара қойып, драматургияға қайта бас қойдым. Сондай-ақ осы арада жетпіс жасқа толған шағымда сүрініп-қабынып сахнаға шығып, әртіс ретінде өнер көрсетемін деп ойламағанымды естеріңізге саламын. Бұл кішігірім ессіздік менің өмірімде үлкен орын алды. Алғаш рет ойдан шығарылған кейіпкердің рөліне түсіп, бірнеше сағатқа көрермендер алдында өзге біреудің өмірін сомдау бір ғажап сезім екен. Менің осындай қиял-ғажайып сезімге түсуіме әсер еткен достарым – режиссер Хуан Олле мен актриса Айтана Санчес-Гихонға шексіз алғысымды білдіремін.
Әдебиет бұл өмірдің жалған көрінісі, соған қарамастан, ол бізге өмірді кеңірек түсінуге көмектеседі, аласапыран өмірдің ақиқатын түсінуге жол ашады. Ол өмірдегі өкініштеріміз бен сәтсіздіктердің орнын толтырады. Әдебиет арқылы біз шешімін таба алмаған талай құпияны ашамыз. Бұл алдымен өзіне деген сенімнен гөрі, көңілінде күдігі көп, сондай-ақ трансцеденттікті мойындайтын жандарға демеу болады.
Мені біраздан бері мына жайт толғандырып жүр: адамдардың санасы толық жетілмеген заманда үңгірде тұрып, от жағып күн кешкен кезінде белгілі бір әңгімеге арқау болар оқиға желісін құрастырып, оны әңгімелеп беру әлі де ойланарлық дүние деп есептеймін. Қалай дегенде де, бұл оқиға адамзат тағдырының шешуші кезеңі болды. Өйткені әңгімешінің әңгімесіне тамсанған алғашқы адамдардан өркениеттің ұзақ ғұмыры басталды. Тобырдан тұлға бөлініп шығып, адамның ақыл-ойы өсті. Адамның ғылымды зерттеуге, өнерді меңгеруге деген құлшынысы артты. Табиғаттың құпиясы зерттелініп, ғарышты меңгеруге, жұлдыздар құпиясын ашуға талпынысы артты. Бұл ертегі, аңыз, шежірелер әлемнің құпиясынан және жұмбағынан үркіген алғашқы адамдар үшін жан тыныштандырар әуенге айналды. Әңгімешінің әңгімесінен қанаттанған алғашқы қауым адамды мезі ететін біржақты өмірден ажырап, бір-бірімен ақылдасып ойласатын, бір-бірімен армандарын бөлісетін дәрежеге жетті. Олардың өмірі енді арман мен қиялға толы болып, қоршаған ортаның жұмбағын шешуге ұмтылысы күшейді.
Бұл үздіксіз процесс жазудың пайда болуына негіз салып берді. Енді әңгімені ғана естіп қана қоймай, оқуға мүмкіндік туды. Бұл әлбетте әдебиеттің тууына алып келді, яғни әңгімелер өшпес мұраға айналды. Сондықтан әдебиет тек көңіл көтеретін, адам қиялын жетілдіретін құрал ғана емес, ол сондай-ақ адам бойындағы асыл қасиеттерді жаңартатын және сақтайтын дүние екендігін кейінгі ұрпақтың есіне жиі салып тұру керек. Әдебиет – өркениеттің мәңгі жасауы үшін қажет. Әдебиет адамдардың қайта тобырға айналып, азғындамауы үшін керек. Өзіміз ойлап тапқан машина бізге қызмет етпей, қайта біз сол машинаның басыбайлы құлына айналып кетпеуіміз үшін әдебиет мәңгі жасауы керек. Әдебиетсіз әлем ұмтылыссыз әлемге, идеалсыз әлемге айналар еді.
Тас үйінділерден бастап, көкпен таласқан ғимараттарға дейін, шоқпардан қазіргі қаруларға дейін, қауымдастық өмірден жаһандану дәуіріне дейінгі әдебиет бұл қиялдың жемісі. Әдебиет адамзат өмірін байытып, жалғыздықтан, құлазудан құтқарды. Әдебиет арқылы біз өмірде қол жеткізбеген шыңдарды бағындыра аламыз, түрлі шытырман оқиғалардың кейіпкеріне айнала аламыз. Әдебиет – жалған дүние, алайда ол біз үшін, оқырмандар үшін шындыққа айналады. Әдебиет әр адамға бұйырмаған бақытқа деген үмітті ұялатқанда сиқырға айналады. Сондықтан біз әлі де қиялдай білуіміз керек, оқуды жалғастыра білуіміз керек, жаза беруіміз керек. Өйткені әр пенденің бұл жалған өмірдегі өмірін жеңілдету үшін әдебиеттен ұтымды әдіс әлі табыла қойған жоқ.

Аударған Думан РАМАЗАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір