ТЕАТРДЫҢ ЖҰМЫС РЕЖИМІ ОНЛАЙН ЖҮЙЕДЕ ЖАЛҒАСУДА
28.04.2020
752
0

 

 Театр – ұлттық негізді, рухани құндылықтарды насихаттап, адам болмысының жаңаруына тікелей қызмет атқаратын қасиетті өнер түрі. Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры Ертіс-Баян өңірінің қарашаңырағына айналып, төл өнерімізді дәріптеп келеді. Мәдениетімізді дамыту әрі ұлттық өнерді насихаттау мақсатында еліміздің облыстарымен қатар, аудандарына гастрольдік сапар жиі ұйымдастырып  тұрады. Сондай-ақ елімізде дәстүрлі түрде өтетін республикалық және халықаралық театрлар фестивальдеріне қатысып өзіндік имиджін қалыптастыру үстінде.

Арман ТЕМІРБЕК, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының басшысы

Театрымызда 2020 жылдың басы апталық кеңеспен басталды. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың жоспары таныстырылып,  бірқатар шаруалардың басы нақтыланды. Театрдың бас режиссері Ә.Ақанов көркемдік кеңеске ағымдағы жыл мерейтойы өтетін, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ерте ояндым, ойландым…» пьесасын және қоюшы-режиссер Ж.Садықов Ш.Айтматовтың «Жәмила» пьесасын ұсынды. Көркемдік кеңес бір ауыздан мақұлдап, спектакльдің қызу дайындығы басталып кетті.

22-25 қаңтар аралығында Қазақстанның Еңбек Ері,  КСРО және Қазақстанның Халық артисі,  Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты,  Қазақстан Театрлар  Ассоциациясының Президенті Асанәлі Әшімовтің қолдауымен және Қазақстан Театрлар  Ассоциациясының  вице-президенті,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Философия ғылымдарының докторы (PhD) – Асхат Максимұлы Маемировтың ұйытқысымен, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Сахна пластика» кафедрасының доцент оқытушысы, кино және театр актері, каскадер Жалынбек Ахан сахналық қозғалыс және сахналық сайыс мәдениетіне арналған шеберлік сағатын өткізді.

31 қаңтар күні  ұжымымыз тағы бір жас маманмен толықты. Театрдың драма әртісі қызметіне Дастан Бекнұр Дастанұлы қабылданды.

12  ақпанда Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бастаған зиялы қауым өкілдері қазақ театрына ат басын бұрып, К.Гольдонидің «Венециялық егіздер»  /реж:Б.Шамбетов/  комедиясын тамашалады.

21 ақпан күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Павлодар облысы мәдениет және тілдерді дамыту мен архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Нұрланұлы Дәуеновтың тікелей тапсырмасымен Ж.Аймауытов театры Успен ауданына гастрольдік сапармен барып қайтты. Гастролімізде бүлдіршіндерге арналған Г.Заваловтың «Ауылдағы демалыс» ертегісі және ересек аудиторияға Н.Альдоның «Күзгі оқиға» трагикомедиясы ұсынылып, театр труппасы ел қошеметіне бөленді.

3 наурызда облысымыздағы мектепке дейінгі бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, руханият дәнегін себу мақсатында облысымызда алғаш рет А.Салбанның «Ойыншықтар» атты эксперименттік жоба қуыршақ қойылымы халық назарына ұсынылды. Қойылым симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткізілді.

11-12 наурыз күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы аясында және ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, кемеңгер ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Ж.Аймауытов театры, М.Әуезовтің «Абай жолы»  роман-эпопеясының желісімен жазылған «Ерте ояндым, ойландым…» трагедеясын халық назарына ұсынды. Қойылымды театрымыздың жас та болса талантты  бас режиссері Әділет Ақанов  сахналады.

Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай,  Ш.Айтматовтың «Жәмила» қойылымы дайындық үстінде.

Елімізді ғана емес, әлемді шеңгеліне алып, тырнағын батырған пандемия жоспарларымызды кейінге шегеріп, мақсатымызды тұсаулап тастады. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, театрлар карантинге жабылды.

Осы ретте, театры ұжымы көрерменмен  байланысты үзбеу мақсатында онлайн-сұхбаттар жүргізіп, актерлермен етене байланыс орнатуға барынша жағдай жасап отыр. Сонымен қатар театр актерлерімен бірге  театр және өнер майталмандары, өңірімізден шыққан мақтаныштарымыз көрші елдермен онлайн байланыс орнатып, әр қилы сұхбаттар жүргізілуде. Көрерменге түрлі концерттік номерлер ұсынылып, онлайн спектакльдер көрсетіліп, түрлі челлендждер жолдануда.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір