«Жәрдемнің» жәрдемі жалғасуда
28.10.2025
114
0

Алаш үкіметінің туы өткен жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарына тақау Семейде көтерілгенін, ерке Ертіс жағасындағы бұл қаланың сол шақта еліміздің рухани орталығына айналғанын бүгінгі көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым өкілдері жақсы біледі деп ойлаймыз. Солай дей отырып, еліміздегі алғашқы театр, алғашқы музей, алғашқы баспахананың осында ашылып, оның сыртында алғашқы футбол командасының Семейде құрылғанын кейінгі ұрпақ есіне сала кетсек, артық болмас.

Ал бүгінгі әңгімеміз «Жәрдем» деп аталған бүкіл ел көлеміндегі алғашқы баспахана тарихына арналады. Жуырда, Республика күні қарсаңында аталған баспаның 115 жылдығына орай, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде осындағы Шәкәрімтану, «Тарих және археология» ғылыми орталықтарының ұйытқы болуымен алқалы жиын өтті. Шәкәрім университеті демекші, бұл оқу орнының тізгінін Думан Орынбеков сынды жас та болса іскер басшы қолға алғаннан бергі аз ғана уақытта мұнда игі шаралар көптеп жүзеге асырылуда. Соның бір айғағындай, жабылып қалған Шәкәрім ғылыми орталығы қайтадан ашылып, дала данышпаны атанған ақынның музей жұмысы жандана бастады. Қайтадан жаңғырып игі шараларды жүзеге асырып жатқан «Жәрдем» баспасы да осында.
Жоғарыда аталған екі ғылыми орталықтың жетекшілері Тұрдықұл Шаңбай мен Еркін Рахметуллин, қазіргі «Жәрдем» баспа компаниясының директоры Айдар-Ғали Арыстанұлы, сондай-ақ профессор Мұхтарбек Кәрімов, Амантай Исин, Мұратбек Кенемолин сынды тарихшы, әдебиетші ғалымдардың айтуынша, байырғы баспаның тарихы терең де қызғылықты. Литографиялық әдіспен жұмыс істейтін бұл баспахана Семейге 1910 жылы Томск қаласынан әкелінген екен. Ал арада екі жылдан соң Шәкәрім қажының «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» атты дастандары мен «Қазақ айнасы» деп аталатын жыр жина­ғы осы баспадан жеке-жеке кітап болып жарыққа шыққан. Шәкәрім «Қалқаман-Мамырды» отыз жасында жазса, ал екінші дастанын арада үш жыл өткенде аяқтаған. Осы екі дастан да бұған дейін қазақ сахарасына қолжазба түрінде кеңінен тарап, Абайдай дананың немерелес, рухтас інісінің қарым-қабілетін айғақтап үлгерген-ді. Ал оның жыр жинағына жиырма жасынан бастап ширек ғасыр ішінде жазған жырлары топтастырылған болатын. Жиырма жасында Абайдай ағасына арнап алғаш жыр толғаған Шәкәрім шығар тегінде.
Енді мына бір маңызды деректерге де көңіл аудара кеткеніміз жөн болар, яғни сол 1912 жылы «Жәрдем» баспа­сынан Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көр­елік» атты романы мен «Балаларға же­міс» атты өлеңдер жинағы, Мұстақым Малдыбаевтың «Қазақша оқу» кітабы, орыс халқының ұлы ақыны Александр Пушкиннің «Дубровский» хикаясының қазақша аудармасы және басылып шыққан. Осылайша, қазақ елін­дегі тұңғыш ұлттық баспахана ашылған беттен қызу іске кірісіп кеткен.
Бұған дейін сол шақтағы қазақ қаламгерлерінің азды-көпті шығармалары Петербор, Қазан, Уфа, Орынбор қалаларында басылып келген-ді. Қалың ұйқыдағы халқын оятуға талпынып баққан Міржақып ақын 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған бір мақаласында: «Қазақта баспахана жоқ. Кітап, газет-журналдарымыз ноғай, орыс, еврей баспаханаларында басылады. Пайданың көбі солардың қалталарында қалады. Баспахана ісімен таныстығы жоқ кісілерден 1,5-2 есеге қымбат ақы алады», – деп жазған екен. Міне, дәл осы тұста «Жәрдем» баспасының иелері ағайын­ды Нығматуллиндерден Омбының бір байы сатып алайын деп жатқанда оны қазақ байы һәм меценат Қаражан Үкібаев 11 мың рубльге сатып алған екен деседі. Бұл ізгі шаруаға Семей облыстық қазақ комитеті мұрындық болған көрінеді. Ал содан кейінгі үш жыл бойы бұл баспаның аты «Алашорда» деп аталыпты. Қалай болғанда да, «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы осы баспаханада басылып, қазақ даласына жыл құсындай жақсылық пен жаңалықтың жаршысы болып тараған. Бірақ өкінішке қарай, жаңадан орнығып жатқан Кеңес өкіметінің оларға көзқарасы дұрыс болмай, «Сарыарқа» газеті бір жарым жылдан соң жабылып қалған. «Абай» журналының да оншақты нөмірі шығып, ол да тоқтап тынған. Жоғарыда есімі аталған Қаражан бай мен көрнекті абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов аталған журналға қамқоршы ретінде үлкен демеушілік танытқан. Ал оның ұлы Қайымның арада сексен жылдан астам уақыт өткеннен кейін өзі бас болып, «Абай» журналының қайтадан шыға бастауына себепші болғаны өз алдына бір хикая.
«Жәрдем» баспасы қазақтың бай көпесі Әбдірахман Жүсіповтің Семейдің бұрынғы Алаш, қазіргі Жаңасемей бөлігіндегі қызыл кірпіштен салынған он бөлмелі үйінде орналасқан. Жиырмасыншы жылдары қаладағы бірер баспаханалардың басы біріктірілген соң ол өз жұмысын тоқтатқан. Қалай болғанда да, аталған баспахана аз уақыт ішінде көп шаруа тындырғаны шындық», – дейді жоғарыда есімі аталған қаламгер әріптесіміз Мұратбек Кенемолдин.
Кейінде Әбдірахманның қызыл үйі «Қазақстан» деген атпен қонақүйге, ал одан кейінгі жерде осы атпен мейрамханаға айналған. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бұл маңайда көп қабатты үйлердің көптеп бой көтеруіне байланысты «Қазақстан» мейрамханасы сүріліп тасталған. Әрине, оны мейрамхана емес, тарихи, рухани орын ретінде сақтап қалуымыз керек-ақ еді. Оны айтасыз, ана бір жылдары оқушысы дана Абайдың өзі болған Семейдегі көне кітапхана ғимаратының өзі бұрынғы рухани мұра дәрежесінен айрылып, басқа қолға өтіп кеткен. Абырой болғанда, Абайдың есімін алып қайта құрылған облыстың кейінгі әкімі Берік Уәлидің пәрменімен ол олқылық орнына келген. Десе де, Алаш үкіметінің кеңсесі болған ғимараттың шіркеу иелігінде қалып келе жатқаны жүрек ауыртады.
«Өмірдің өзі – бір қуаныш, бір реніш» демекші, екі мыңыншы жылдардан бастап, бұрынғы «Жәрдем» баспасының сол атпен Шәкәрім атындағы Семей университетінде қайтадан жаңғырып, жұмыс жасап келе жатқаны көңіл сергітеді. «Қазірде «Шәкәрім» журналының осы баспадан шығып жатқаны да игі іс, зор қуаныш. Алдағы уақытта байырғы баспаның өткен бай тарихы туралы кітап шығарсақ деген ойдамыз», – дейді шәкәрімтану орталығының жетекшісі, белгілі энциклопедист ғалым Тұрсын Шаңбай.
«Біздің баспа бүгінде Семейдегі рухани орталықтармен, мәдениет мекемелерімен бірлесе жұмыс істеуде. Сонымен бірге жергілікті ғалымдар және қаламгерлермен тығыз қарым-қатынастамыз. Қазірде біздің баспадан шыққан кітаптардың жалпы таралымы жүз мыңның үстінде. Жекелеген ғалымдардың ғылыми еңбектері бір мың мен бес мың аралығында басылып, таратылуда. Солайша жасарып, жаңғырған байырғы «Жәрдемнің» рухани тұрғыдағы қазіргі ұрпаққа жәрдемі өз жалғасын табуда», – дейді «Жәрдем» баспа компаниясының директоры Айдар-Ғали Арыстанұлы бауырымыз.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
«Қазақ әдебиеті» газетінің
Абай облысы бойынша тілшісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір