Еділбек  ДҮЙСЕН. МЕН БҰЛ ТҮСТІ БҰРЫН ДА КӨРГЕНМІН…
24.04.2020
1916
4

КҮМӘН

Ымырт қараңғысында бақ ішіне аттадым
аттады менімен бірге
бейтаныс қара күшік.

Көз байланарлық жарық қараңғы,
Құлақ тұндырарлық айқай үнсіздік.

Үнсіздік даусы неге тым әлсіз?
Жарық пердесі неге тым жұқа?

Ымырт қараңғысында бақ ішіне аттадым
аттады менімен бірге
бейтаныс қара күшік.

Біз бірге сезінгендей болдық
Айналамызда жасыл ағаштар бардай
Астымызда адастырмайтын жол бардай
Дәл қазіргі уақыт бірде өткен күнге,
Өткен күн – асыраушымызға  айналардай.

Кенет…
Бақ ортасында күшік ұлый бастады:
қоңыраулы түйелер керуені адасып барады
имамның сылтып басқаны
аспан төсінде жұлдыздардың шыңғырып аққаны
көшелердің ауыр күрсінгені

Ымырт қараңғысында бақ ішіне аттадым
аттады менімен бірге
адасқан қара күшік.

 

ГҮЛДЕР, ҚАШПАҢДАР!

Мен бұл түсті бұрын да көргенмін,
Қайталап көргім жоқ, досым.
Одан ширек ғасырдан соң шошып оянарымды білемін,
Қалай жорыларын да, сосын.

Көлеңкемді мәңгілікке тапсырған күні
Оның қалшылдап тұрғанын көргем.
Және шындықтың болар-болмас бейнесін
Қолшатырлар артынан, өлген.

Мен тағы да қалғып кетемін.
Құлақ түбінде әдеттегідей ұранға толы жиын
Түсімде:
Жер бауырлап жылжып келіп
Түрегелген  құйын…

Гүлдер!
сап түзеп, тұрыңдар тапжылмай
Сүйікті һәм сүйкімсіз Отанды былғағанға дейін.
Мен сендерді көз жасыммен суарармын
Қарашығым құрғағанға дейін.

 КЕНТІ БАБА САҒАНАТАМЫНДАҒЫ АЗАНШЫНЫҢ БАСПАЛДАҒЫ ҮСТІНДЕ

                      1

Жан қабығын сылып тастап,
Қызыл қарашамен бірге жүрелей отырып,
Көне қорым басына (құлағы қақшиған),
Қазық қағуды ойладым.

                     2

Ниетке ақы сұрауға болар ма?!
Ерте есейген қарындасыңды сен де ойлаймысың?
Сұрайын, ұмытылғай деп
Жұмақ жақтан естіген сол бір күрсініс.

                  3

Ырғаққа түспеген осы бір ғұмырға
Кімнің еңбегі көбірек сіңді?!
Кімнің еншілеуге құқы бар?!

Менің бе?!
Құдайдың ба?!

ЖАЗУ НЕ ЖАЗБАУ КЕРЕКТІГІ ЖАЙЛЫ ЖАЗУ
(Абзал Сүлейменге)

Сәттерім –
сәтсіздік мезеті ішінде қамалған,
шырмалған өрмекші торына нәзік.
Ол да бір – қабырғадағы  көсемнің суреті
әйнегін сүртуге батылың бармайтын
саусақтарыңды жазып.

Өйтсең –
жоруға қорыққан түстерің ішінен
құбыжық кейіпкерлер бас салып өзіңе
діндарлар тозаққа жолдама береді
дәлелдеп Кітаптың сөзімен.

Содан соң…
болашақ есіңе оралмай
сызықтан аттауға таба алмай бір айла.
Сенің бұл хәліңді қалайша түсінсін
Мұқтаждық көрмеген Құдайлар…

ПАНА

Кісікиік бұлттар.
Есінеуік бұлттар.
Батыстан – …Батысқа жөңкіліп
әлдене аңсаған.

Бүгінде олар да тынған тарқатылып,
Шамасы, біздердей қорғаншақ бұтаға
көлеңке түсіріп шаршаған.

Шаршамаған.
Өзіміз олардан бас тартқан,
(Есепке алмағанда көсемнің бұйрығын).
Өйткені  түкті сәулелері түгімізді күйдірсе де,
Қалаймыз біз Күннің билігін!

Күн Ие!
Біз сіздің нұрыңызға шомылған
Һәм сол нұрдан пайда болған қою көлеңке ғанамыз!
Біз желді жек көреміз!
Біз қозғалыс атаулыны жек көреміз!
Көз, құлақ, ауыз берген Құдайға қарғыс айтамыз.
Желемік күнгі айналамыздағы иісті құшырлана жұтамыз
сіздің сарайыңыздан тараған!

Күн Көсем!
О не дегеніңіз?!
Біз тек Құдайды ғана қарғамаймыз,
Анау төбедегі жаулықты бұлттарды да қарғаймыз
сіздің сарайыңызды бетке алып
маңып бара жатқан…

ПІКІРЛЕР4
Аноним 24.04.2020 | 16:50

Керемет өлеңдер

Аноним 24.04.2020 | 18:33

Сөз жоқ😇

Аноним 25.04.2020 | 15:25

Қаламыңыз ұштала берсін✍👍

Аноним 28.04.2020 | 02:07

Келіскен өлеңдер екен.)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір