Уақытымыз босқа өтіп жатқан жоқ
23.04.2020
916
0

Театр және кино актерлерінің карантин уақытындағы жұмыс режиміне үңіліп, бірқатар сүрақтарға жауап алған едік.

Асылбек БОРАНБАЕВ, актер:

ШЕКСПИРДІҢ «КОРОЛЬ ЛИР», «РИЧАРД III» ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫП ЖАТЫРМЫН

Қазір көп уақытымды кітап оқумен өткізіп жатырмын. Жұмысбасты болған соң көп қолымыз тие бермейді, сапарлар дейміз, кітапты тиіп-қашып оқушы едік, қазір, Аллаға шүкір,  әр күні бір кітаптан оқып жатырмыз. Әзірге Құранды оқып бітірдім. Пайғамбарымыздың өмірбаяны жайлы жақсы кітап бар екен, соны оқыдым. «Көшпенділер» кітабын үш рет оқығанмын, оқыған сайын рахат сезімге бөленемін, қазір тағы да қайталап оқу үстіндемін. Өйткені біз хандарды сомдаймыз, батырларды сомдаймыз, осындай бір образ табу мақсатында «Көшпенділерді» жиі оқып тұрамын. Пауло Коэлоның «Алхимик» кітабын алдырып қойған едім, оны да оқудың  сәті түсті. Керемет әсер алдым. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын» мектепте оқығанымыз бар еді, қайтадан бастап жатырмын. Сосын пьесалар, Шекспирдің «Король Лир», «Ричард III» деген пьесаларында ойнағым келіп жүрген, екеуін бастап жатырмын. Абайдың қара сөздері, өлеңдерін ретімен жаттаудамын. Мұқағалидың кітабын, Жарасқан Әбдірашевтың өлең кітабын оқудамын. «Тамашада» жүргенде «Құлпытас» деген кітабын сыйлаған болатын, жалпы үлкен ақын ғой, сол ақындар ұмыт қалып жатыр. Кейде осыған іштей қынжыламын. Бір жағы дәріптелуі аз болып жүр ме екен деп ойлаймын. Бұл кісілердің тілі де, үні де, сөз саптауы да бөлек, эпиграммалары қандай. Әрине, сатириктердің кітаптары да бар, Мұхтар Шерімнің кітабы тұр. Алдағы уақытқа оқып шығу жоспарда бар.

Нұркен ӨТЕУІЛ, актер:

БЫЛАЙҒЫ КҮНДЕРДЕ КЕЙІНГЕ ЫСЫРЫП ЖҮРГЕН КІТАПТАРЫМЫЗ ҚАЗІР ҚОЛЫМЫЗДА.

Ел қатарлы үйде отырып, әр нәрсенің қадіріне жетіп жатырмыз. Әрине, көрермендерді сағынамыз, театрды сағынамыз. Әлеуметтік желіде тікелей эфирде халықпен жүздесіп, қойған сұрақтарына жауап беріп, соларға әнімізді айтып, поэзиямызды оқимыз. Әр мезгілді кітап оқуға, кино көруге, спортпен айналысуға бөліп қойғанбыз. Мұқағали Мақатаев пен Төлеген Айбергеновтен бастап поэзия оқудамын, өз замандастарымыздан Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Бақыт Беделхан, Ерлан Жүніс, Жарас Сәрсек, Мақпал Мыса, Мақпал Жұмабай, Толқын Қабылша сынды ақындардың өлеңдерін қайта қарап жатырмын. Инстаграмм желісіне ақындардың өлеңдерін оқып, видео түрінде жүктеп те отырамын. Былайғы күндерде кейінге ысырып жүрген кітаптарымыз қазір қолымызда. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, Құдай нәубеттен сақтасын, бәрімізге Алла жар болсын дегім келеді.

Азамат ШАРҒЫН, актёр:

ДИПЛОМДЫҚ ФИЛЬМІМІЗДІ ТЕОРИЯ ЖҮЗІНДЕ ҚОРҒАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ҮСТІНДЕМІЗ

Биыл, Өнер Академдиясында кинорежиссер мамандығының соңғы курсында едік. Дипломдық фильмімізге дайындық жасап, біраз түсірілім жұмыстары басталып та кеткен еді, жағдай мынадай болып бәрі аяқсыз қалды. Енді, сол жұмыстарымызды тек теория жүзінде қорғайтын болып, соған дайындық жүргізіп жатырмыз. Арасында кітап оқимыз, кино көреміз. Солай өтіп жатыр.

Дайындаған Сартай БӨКЕЙ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір