Новалистің «Генрих Фон Офтердинген»туындысындағы миф пен ертегі
Әлем өркениеті мен мәдениетінің синтезі және жеті қазынасының бірі саналатын Италияда «Қайта өрлеу» кезеңі XIV-XV ғасырда қалыптасып, жаһандық мәдениетке тарады. «Қайта өрлеу» мәдениеті ғылым мен өнерге, білім мен әдебиетке ықпалын тигізіп қана қоймай, жаңа ағартушылық бағыттар мен әдеби ағымдар негізін құрды. Олар: сюрреализм, абстракционизм, романтизм, симфонизм, импереализм, иротикалық натурализм, мәдениеттегі натурализм.
Әлем мәдениеттануына еніп, ажырамас бөлігіне айналған жаңа заман ағымының бірі Германия сахнасында көрінді. Ол – романтизм. Романтизм алғаш 18 бен 19 ғасырдың алғашқы жартысында Еуропа мен Америкада қалыптасты. Романтизмдік көркем бағыттың басты экзистенциялық ұраны – шыңдыққа жету. Осы жолды берік ұстанып, өмірінің негізгі кодексі қылған романтиктер Германияда аз болмады. Мәселен, Новалис пен Гофман сынды жазушылар Герман романтизмінің алтын қамалы іспеттес.
Новалис пен Гофман азаттықты тілге тиек еткен, романтикалық әлемді дүниежүзі әдебиетіне неміс тілі арқылы танытқан жазушылар. Олардың әр кейіпкері жеке романтик. Романтизм ағымында өмір сүрген деп Виктор Гюго, Джордж Гордон Байрон, Луиза Бертен, Уильям Блейк, Шарлотта Тернер Смит, Михаил Лермонтов, Вильгем Мюллер және т.б айтуға болады.
Енді романтизм бағытының белді өкілі — Новалистің «Геqнрих фон Офтердинген» атты көркем туындысына келейік. Дворян отбасында дүниеге келіп, отбасының көне тегін бүркеншік ат ретінде жамылған Новалис алғашында инженерлік салада қызмет істеген. Заманында герман романтизмінің басты арнасы болған Новалистің шын аты – Фридрих фон Герденберг. Ол 1772-1801 жылдар аралығында өмір сүрді, иендік герман романтиктері ішіндегі ең көрнекті ақын болды. Герман романтизмінің шымылдығын озық ойлы рухани дүниесімен ашқан Новалисті Гете «романтизм әміршісі» деп атаған.
Новалистің 1802 жылы жарық көрген «Генрих фон Офтердинген» атты аяқталмаған романы герман романтизмінің ең алғашқы концепциясы болып қалмақ. Герман романтизмінің іргесін қалаған жазушы өмірден озған соң, досы Людвиг Тик аталмыш туындыны қайта бастырды.
Романның бірінші бөлімі – «Күтуде», екіншісі – «Орындалу» деп аталады. Сюжетіне келсек, «Генрих фон Офтердинген» туындысының калокагатиялық суреттелуі бас кейіпкер Генрихтің көк түсті гүлді аңсау мен табу жолындағы скептицизмдік әркетінен бастау алады. Скептицизм дегеніміз, көне грек тілінен аударғанда ойланушы, зерттеуші. Ендеше, романның басты кейіпкері Генрих тек романтикалық қана емес, скептицизмдік кейіпкер. Гейнрих – ақын ғана емес, ғалым. Яғни, ол – скептик. Бірақ таза скептик деп айта алмаймыз. Белгілі үнді ғұламасы Р.Тагор ақылды шамға теңегендей, Генрихтің әкесі ұлының жалынды сөзін қызыл шарапқа балайды. Олай болса, Генрихтің әкесін таза скептик деуге болады. Әрі қарай романдағы бас кейіпкерлер: Генрихтың анасы, атасы және ақын досы. Романның маңызына себепкер болған, қосымша кейіпкерлер: көпестер, саяхатшылар және аңыз-ертегі кейіпкерлері.
Романның бірінші бөлімі Генрихтың тылсым дүниеге құмартуымен басталып, көпес әңгімесіне құлақ түруімен дамиды. Оның романтик болғаны сонша, кей әңгіме тұсында жылап та алады. Көпестердің қияли әңгімесі мен қарт кеншінің таңғажайып оқиғасы Генрихті біраз уақытқа өзі іздеген көк гүлден алшақтатқандай болады. Бірінші бөлімнің ортасында Гейнрих көк гүлді мүлдем ұмытып, болашақ жары Матильданы кезіктіреді. Герман әдебиетінің мифологиялық негізі саналатын көк гүл, осылайша, Гейнрихтің өмірінен орны мен маңызын жоғалтады.
Мифологиялық гүлдің Гейнрихтің тұла бойын жаулап алуы мен ой-санасын билеуі – оқырман қауымға бас кейіпкердің ақылынан адасқанын көрсеткендей болады. Дегенмен, кейіпкер өзінің есі дұрыс екенін, ежелгі жұрттың табиғатпен тілдескенін айтуы арқылы дәлелдейді. Роман өмірдің ащысы мен тұщысын қатар өткерген қарттар мен көпестердің әңгімелері арқылы өрбіп, оқырманға өмірден сабақ үйреткендей сезім сыйлайды.
Новалистің көркем туындысы Гейнрихтің арманындағы көк гүлді Матильдаға алмастырып, өмірлік серігімен қатар, жолын табуымен аяқталады.
Герман романтизмінің биік шыңында тұрған Новалистің «Гейнрих Фон Офтердинген» атты көркем туындысына бірқатар ғалымдар жоғары баға берді. Мысалы, зерттеуші-ғалым Н.Я.Берковский: «Генрих фон Офтердинген» романтикалық прозаның тамаша үлгісі. Өмірдің нақты бейнесі музыкада деп романтиктер атағандай, әйнектен қарағандай, ән арқылы романның өн бойына үңілгендейсің».
Миф дегеніміз, ежелгі дүниетаным көрінісі. Новалистің «Гейнрих фон Офтердинген» атты туындысында мифологиялық түсініктер көп. Оларды саралап, парақтап жатуға ұзақ уақыт керегі анық. Дегенмен, бірқатарына тоқтала кетейік. Мәселен, шығарманың туындауына себепкер болған – көк гүл. Герман әдебиеті мен орта ғасыр мәдениетінде, бәлкім, қазіргі кезде де көк гүл қасиетті саналады. Көк гүл –герман романтизмінің мифологиялық ұраны мен нышаны. Екінші мәселе, романдағы мифтер мен ертегілердің қатар келіп, баяндалуы. Бұл да шығарманың мифологиялық сипаттары. Қорыта келсек, Новалистің «Гейнрих фон Офтердинген» шығармасындағы миф пен ертегі – бас кейіпкер өмірінің нақ өзі. Оның өмірі бірде ертегі ретінде, енді бірде миф ретінде, ендігі тұста трагедия мен драма ретінде пайымдалады. Гейнрих миф пен ертегіні өмірінің қос қанатындай еткен ақын. Оны бұл дүниеде қызықтыратын бар әсемдік Матильда емес, гүл де емес, миф пен ертегі. Гейнрих миф пен ертегі әлемінде өмір сүреді. Жас жігітті тылсым дүниеден бөлек әкетіп, шынайы өмірмен байланыстыратын жалғыз көпір – Матильда. Әйтпесе, оның түсі мен қиялынан ажыратып, нағыз өмірге қарататын кейіпкер атаулы шығармада жоқ. Анасы да, көпестер де, саяхатшылар мен қарт кенші де оған ертегі мен мифті үндеп, кейіпкерді одан сайын нәзік сезімге әкетеді. Ал Матильда Гейнрихтің шынайы өмірінің негізін қалайды. Жас тылсым ойлы Гейнрихті шынайы өмірге әкеледі. Шынайы әлемнің бейнесі мен маңызын оған ән мен күй арқылы жеткізеді. Гейнрих қияли әлеммен тек ән арқылы табыса алады.
Алтыншаш Жанарбекқызы