АБАЙДЫ ТҮП-ТҮБІРІМЕН ЗЕРТТЕУГЕ ДЕН ҚОЙДЫҚ
10.04.2020
732
0

Карантин кезінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, қаламгерлер не жазып жатыр? Осы сұраққа қаламгерлер жауап берді. Біз жалғасты түрде жариялап отырамыз.

Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ, ақын

«Қазақ әдебиеті» газетінің  биылғы жылдағы сандарын бірінші нөмірінен бастап, соңғы нөміріне дейін оқып шықтым. Біріншіден газеттің бет-бейнесі өзгерді. Бұл ұжымның үлкен табысы деп ойлаймын. Серік Ақсұңқарұлының «Менің Абайым» деген мақаласы, Тұрсын Жұртбайдың «Күн мен түнім Абайдың тұтқыны», Ықылас Олжайұлының «Өркениеттің негізгі өлшемі – еркін  ойлау» атты сұхбаттары ерекше ұнады. Сол секілді Ғалым Қалибекұлының  Қалихан Ысқақ жөнінде естелігі, Айтмұхамбет Қасымовтың «Халық жауының қызымен әңгімесі» де бар. Бөле жара айтуға тұрарлық осы секілді біршама дүниелер кездестірдім. Мұның бәрі адам ойын тереңдетеді. Мәселен Ықылас Олжайұлы сұхбатының соңына қарай «мен мәтінді сөз емес, болмыс пен тағдыр деп қабылдайтын адаммын», – дейді. Осы сөз қолына қалам ұстаған әрбір адамның ойында жүрсе артық болмайды.

«Не жазып жүрсіз?» дегенге келсек, қазір «Мәртебелі поэзия» мінберін ұйымдастырып,  Абайды түп-түбірімен зерттеуге ден қойдық. Ондағы ойымыз – шақырылған ақын өз деңгейін Абайменен салыстырып көрсін деген мақсат. Абайдың «қиыннан қиыстырар ер данасы» дегенін кез келгеніміз жатқа білеміз, ал бірақ қиыннан қиыстырмай жүрміз. Осындай мәселелерді зерделеп отырған жайымыз бар. Осы тұрғыдан келіп, «Егіз-лебіз» деп аталатын 313 егіз жол жаздым. Мұның бәрі ой-толғаулар. Бұл жерде ақыл айтатын ештеңе жоқ. Дегенмен ой салатын дүние бола ма деп ойлаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір