«НЕНІ   СҮЙДІМ, ДҮНИЕДЕ, НЕДЕН КҮЙДІМ…»
02.04.2020
2363
0

Абайды күйініп тұрып, күйіп-жанып отырып оқып, сүйіну – Абайдың даналығының құдіретіне тән сезім шапағаты. Мәңгілік ынтызарлықтың «бейнет сусыны» (Абай). Ал Абайды оқып алып, пікір айтқансып, «шатып-бұтып» (Абай), күйіндіріп, күйдіріп, жансарыңды күйікке айналдырып жіберетіндердің шыққанына жаның шырқырайды. Сондайлардың қайдан, қалай пайда болатынына, қалай дәті жетіп, «беті шыдап» (Абай) көпке күл шашатынына еш сылтау таба алмайсың. Күйінесің, әрине, күйініп отырып сен де қолыңа қалам аласың. Бұл арамшөптің тамырының тегі қайдан және неге шыққан?

Сөйтсем, бұл тек Абайдың шығармашылығына қарата айтылған қара ниетті пікір емес, Абай арқылы қазақты басынуға бағытталған қастаншықпағыр пиғыл екен. Мұндай қастаншықпағыр арандатулар әр он-он бес жылда, әсіресе, Абайдың атаулы тойлары қарсаңында әр түрлі тәсілде қайталанып отырады екен. Менің Абай сөзінің тізгінін ұстай бастаған кезімнен бастап сондай оқиға үш-төрт рет қайталаныпты. Бетін мүлдем қайтарып, аттарын өшіріп тастамағаныммен де, дер кезінде оларға өзімше сес көрсетіппін. Келер күндерде мұндай бейбастық қайталанбасын деп тілей отырып, үрім-ұрпақтың үнемі қаперде ұстауы үшін сол пікірлерімді назарға ұсынуды жөн санадым. Құдай бетін аулақ қылсын, дегенмен де есте ұстау лазым. Сонымен, «неден сескендім, неге күйіндім»?..

  1. «ТҮЗУ КЕЛ, ҚИСЫҚ-ҚЫҢЫР, ҚЫРЫН КЕЛМЕЙ…»

(Евгений Курдаков, «Абайдың өлімі – смерть Абая», «Книжное обозрение», 17 августа 1990 года)

 Көзінің тірісінде «етекбасты елден көп көрген» ұлы Абайдың әруағына өлгеннен соң да тыныштық бермей, «табытын қағып», екі дүниенің қызығын қимай, жала жауып, рухын қорлауды ар санамайтын азаматсымақтардың әлі де арамыздан табылып қалатыны өкінішті. Абай сияқты бір ұлттың ары мен ұятына баланатын дананың онсыз да қасіретті өмірінің өксігі аздай, енді оның мәйітін қорлауға көшті және оны арсыздықпен ақиқат ретінде ұсынып отыр.

Өз бетінше Абайдың өмірін зерттемек боп, ой қорытуға тырысқан Евгений Курдаковтың «Абайдың өлімін» апиыннан іздеп, өзінше сандырақтауы соны аңғартады. Оның «Книжное обозрение» (1990, 17 тамыз) апталығындағы мақаласын оқып отырып сол Абайдың:

Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы сезед деген, –

атты Көжекбайға арнаған өлеңі ойыңа оралады.

Ол осы мақаланы қандай пиғылмен жазып отыр десеңші. Бұл – Абайды ғана емес, бүкіл халықты арандату, қорлау. Одан өзге сөз ауызыңа түспейді. Өзгені былай қойғанда, мектеп оқушысына белгілі жайды білмей, қалай ғана қолына қалам алған? Ол өзінің эссе-сымағында:

«Өзінің халқына қырық бес ғақлиясы мен тамаша өлең кітабын қалдырған Абай тұп-тура осыдан 59 жыл бұрын Шыңғыстың сілемдерінің бірі, туған жері Жидебайда және дәл туған күні өлді», – дейді.

Абайдың ұрпақтары: алдыңғы қатарда ортада отырғандар Ақылия мен Мәкен Тұрағұлқыздары

Шындығында да, Абай Жидебайға қайтыс боларынан он екі жыл бұрын көшіп келген. Оған дейін Жидебайды Оспан жайлаған. Абай – Жидебайдан 100 шақырымға жуық жерде Қасқабұлақта 10 тамыз күні туған. Ал 1904 жылы 23 маусымда Шыңғыстың сыртында Балашақпақтағы «Қырықошақ» деген жерде, Жидебайдан 120-140 шақырым жерде дүниеден қайтқан. Мұның барлығы Евгений Курдаков үшін «бәрі бір» болғанымен де, тарих үшін бірдей емес.Ол: «Абай қай күні туса – сол күні өлді», – деп қолдан аңыз жасамақ болған. Өзі көріп-білмеген жерді ойша жору – кәдімгі әдеби әдепсіздік. Онда, Қарасуда жекпе-жекке шығып, Сабынсуда (Мойкада) өлген Пушкиннің жараланған, өлген жерін ауыстыра беруге болады ғой. Және Абайдың – Ақшоқыдағы, Қасқабұлақтағы, Жидебайдағы, Балашақпақтағы өмірі – Пушкиннің өміріндегі Петербург, Михайловский, Болдуин сияқты ірі-ірі оқиғалармен байланысты. Оларды қайтеміз?

Балашақпақтағы Абайдың өлген жері, Мағауияның қырқын бергенде қаздырған қырық ошақтың орыны әлі бар. Осыдан біраз жыл бұрын (1988) мен фотосуретші Оңғар Исаевқа сол жерді суретке түсіртіп алдым. Евгений Курдаковтың қасиетсіздігі – Абайдың туған, өмір сүрген, өлген жерін шатастыруда ғана емес, мұны шамырқанбай-ақ түсініспеушілікке жатқыза салар ек, ең басты қасиетсіздігі, оның:

«Осындай күндердің бірінде Жидебай қорығында апиыннан уланған Абай өлім ауызында жатты. Сарыарқадан соққан самал Абайдың сүйегін сырқыратқан дертті жеңілдете алмады. Оның тәні апиын тілеп сұққылап жатты, ал апиын жоқ болатын, өткен жылдар ішінде тағдырдың теперішіне шыдап баққан Абайдың жаны, Құнанбайдың ұлының жаны құмарлықтың алдында құлдық ұрып, шырқырап тұрды. Екі жігіт Абайдың қолтығынан демеп қыр басына алып шықты, ал Абай болса, жаюлы сырмақтың үстінде жатып, алысқа көз тігумен болды, көзі қанталап, кешіккен керуенді күтумен болды», – деп жазуында!

Ол-ол ма, тіпті ақиланып: «Ол өзінің ақын-шәкірттерін – ұлы Мағауия мен Ақылбайды апиынға дәндетті. Оның «әдеби мектебінің» үлгісі осы еді. Ал  оның шын шәкірті Мағжан 10 жылдан кейін туды», – деп сандырақтайды.

Бұл не сандырақ, бұл не мазақ? Ағаш шебері ретінде ащы бояудың иісінен, не өзге бір себеппен таксикомания дертіне ұшыраған әуесқой ақынның ой елегізуі ме? Абайдың өлеңдерін барынша түсініп аударған ақынның бұл еркінсуі – қай еркінсу? Мұндай деректі қайдан алды, қай қастаншықпағыр, қай абайтанушы берді? Өзіміздің ішімізден шыққан шұбар жыланның уыты ма?

Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов. Абай ту-ралы мағлұматты беруші негізгі дерек иесі. Абай мұражайын ұйымдастырған бірінші директор.

Енді өмірлік шындыққа жүгінейік. Мағауия 11 жасында Семей қаласындағы орыс мектебінде оқып жүргенде туберкулезге шалдығады. Сол үшін дәрігерлер әрі қарай оқуға рұқсат етпегені туралы Абайдың тұңғыш жинағын шығарушы Кәкітай Ысқақовтың естелігінде нақты айтылған. Сол дерт 1904 жылы, қалың сүзек пен жұт қабаттаса келген қыста асқынады. Мағауияның өлімі туралы Мағауияның қызы Уәсиләнің естелігінде:

«Менің 13 жасар күнім еді, ауыл қорадан (Ақшоқыдан) көшіп, «Есігіміз» деген жерге қонды. Әкемнің ең сүйікті баласы Мағауия көптен ауру еді. Сарылған аурудан сарғайған жүзінің қайғысы әкемді де, басқа балаларды да жүдетіп еді. Ақыры айналдырған ауру Мағашты (Мағауия) алды. Бұл өлім бәріміздің қабырғамызға батты. Мағаштың жетісін берген соң, ауыл көшті. Ауыл көшкен күні еркек-әйелдің бәрі бейіт басына барды, жылады-сықтады. Әкем өзінің жолдасы Баймағамбетпен екеуі бейіт басында қалыпты. Түс ауа ауыл қонған соң әкем келді. Ол кісінің өңі қашып, әлсіреп келді. Келісімен жатып қалды.

Сол күннен бастап сөз бен әңгімесі де азайды. Кітап оқи берді. Ауыл көшіп сыртқа (жайлауға) шықты. «Қырықошақ» деген жерге көшіп қонды. Мағаш ағамның қырқы толған жоқ еді, бірақ әкем асықтырып, елге хабар айтқызды да, қырқын үш күн бұрын бергізді. Қырқын беріп, елдің алды тарап, арты тарамай тұрып, біз: «Әкем ауырып жатыр», –   деп естідік те, үлкен үйге бардық. Барсақ, үйдің ортасынан жер төсек салып, соған жатқызыпты. Әкемнің көзі жұмулы екен, біз барған соң көзін ашып, сөйлемек болып еді, сөйлей алмады. Сол күні көрші Дағанды болысындағы Бөжей дейтін қазақ докторын әкеліп еді. Ол бір ақ дәрі берді. Дәріні көрді де, әкем ішпеймін деген ишарамен басын шайқады. Үш күн ауырып, Мағаш өліміне қырық күн толған күні, таң ата дүниеден қайтты. Әкем өлген соң біздің жарқырап тұрған күніміз сөнгендей болды… Ел бауырға түсе, 40 арба қымыз, қырық бие алып Семейге барды. Естуімше, Семейде үлкен бір мешіттің ішінде күндіз көп адам шақырып қырқын беріпті. Сол күні түнде, сағат 12-де Абайдың артында қалған Ақылбай деген баласы төсекке жатысымен қаза тауыпты. Ақыл аға өлген күні ел жаман қысылыпты: «Апыр-ай, Абайдың өзі бас болып, арасына 40 күн салып өлетін болды ғой», – депті»,– деп жазылған.

Иә, бұл қаза Абайдың жанына қатты батқан, қабырғасын қайта бітелместей етіп сөгіп кеткен. «Мағауияның өлімі – ездік пен ерлікті сынайтын өлім», – деген сөзіндегі өксіктің уыты да соны аңғартады.

Екінші, Абайдың өзі апиыннан уланып өлді ме? Егер ол апиын ішіп жүрсе, онда мына естеліктердегі сөзді айтуы мүмкін бе, Мәкен Тұрағұлқызы Мұхамеджанова:

«Рас, Ақыш әпкем айтқандай, әкем (Абай) алты айлық Жебірейілді ерекше ұнатыпты. Тіпті, Мағауия ағаның қазасы кезінде дастархан басында Жебірейіл әкеме ұмтыла беріп, талпыныс жасапты. Сонда әкем:

– Өжетін-ай. Менде қанша ғұмыр қалды дейсің. Ақылымды тыңдамаса да, алдымнан дәм татсын. Тілім дарысын, – деп бөбекті қолына алып, мейізді тілімен талғап, Жебішке (Жебірейіл) беріпті. Әкеме бала емес, үлкен адамдар тура қарай алмайды екен. Сол күні Мағауияның қырқын берерден аз бұрын:

– Тука, (Тұрағұлды әкемнің аулы солай еркелетіп атаса керек) сен бел шешпегелі ай болды. Үш күн мұрсат. Ауылыңа бар, – депті Абай атамыз.

Сол сәтте Тұраш ауылға аттанып кетіпті де, екі күн өткенде көңілі елегізіп, мазасызданып, әлденеге елеңдей беріпті де, әкемнің үйіне желе жортып келіпті. Есіктен кіре бергенде тұла бойына діріл жүріп, тітіркеніп кетіпті. Әкемнің беті қызарып, жанарының жиегіндегі қызыл сызығы қан қызылданып, басы мойынмен тұтаса ісініпті. Ауыр күрсініп, ерекше бір назбен Тұрашқа:

– Тука, сағындырдың. Зарықтым, – депті.

– Өзіңіз үш күнге мұрсат еттіңіз. Мен екі-ақ күнде оралдым, әке!

– А… Дертті болдым ғой, – деп күрсініп бетін бұрып әкетіпті.

Абайдың өмірінің соңында, 1903 жылы өз үйінде отбасымен бірге түскен соңғы суреті. Отырғандар: Пакизат Ақылбайқызы, Тұрағұл Абай баласы, Еркежан бауырына салып алған Ақылбайдың ортаншы ұлы Әубәкір, Абай. Түрегеп тұрғандар – Мағауия Абайұлы, үшінші әйелі Еркежан және Әубәкірдің әйелі, Абайдың келіні Камалия.

Соңынан сұрастырғанда аяқ астынан ауырып, көзі қанталап, басына ісік жүріпті. Денсаулығы мықты, қуатты адам тосын дертпен арпалысып үш күн жатыпты. Беті нарттай қызарып, от-жалын шашып, тақиясы басына симапты. Тұраш ағам, кейіннен сол оқиғаны есіне алып: – Әй сол бір атаусыз тосын дерт қазіргі қан қысымы ғой деймін. Қатты назаланып Мағауияны аза тұтты. Миына қан құйылған. Дәл осы дерт. Дәрігерлік сыпаттардағы жазған белгісіне ұқсайды, – дегені есімде.

Мағауияның қырқын берген күні Абай әкем қайтыс болыпты. Жас шыбықтарды қиып арбаға салып, әкемнің сүйегін жайлаудан Құнанбай зиратына қою үшін етекке түседі. 30 жігіт қосшы алған Тұрағұл аға Жидебайға жете бергенде арбада, сүйекке қарайлап отырған ел «Кішкене молда» атап кеткен кісі жұртты тоқтатып:

– Шырақтарым, Абай ағаны осы Жидебайға – Оспан зиратының қасына қояйық. Басына толған іріткі қан ақыретке тама бастады, – дейді.

Отыз жігіт қабір қазыпты. Астынан жақпар тас шығыпты. Соны қашап отырып сүйекті қойыпты. Басының бір тамыры жарылып, ет пен терінің арасына қан ұйып қалса керек, – деп Тұрағұл аға өзінше болжал жасайтын»,– деп баяндайды.

Ал Ақылбайдың өліміне де апиын себепші болғаны ма? Бұл туралы Абайдың алдына алған «кенжесі», яғни, немересі Ақылия Тұрағұлқызы:

«Өмір деген қилы-қилы, қатпар-қатпар. Мағыштың қырқында Абай әкем қайтты. Оның қырқын Семейде берді. Ескі Семейді айтам. Сол күні Ақылбай ағам да мәңгілікке көз жұмды. Тұраш ағам әңгімесінде айтушы еді. Абай әкемнің қырқын Тоғалақ руына сіңген, негізгі керей Бекбайдың үйінде өткізген. Содан Ақылбай, Зікәйіл, Тұрағұл ағаларым моншаға түсіпті сергу үшін. Ақыл аға:

– Монша жақсы ғой. Етім босап, сергіп қалдым, – депті.

Түнде бастығырлыққан дыбыс шығып, Тұрағұл аға оянса, Ақыл аға жантәсілім беріпті. Ол кезде Ескі Семейден Жаңа Семейге паром арқылы адамның сүйегін өткізбейді екен. Соған қарамастан, таңғы бірінші кезекпен Ақылбай ағаның сүйегін бергі жағаға өткізгенде, қалың ел таң қалып:

– Абайдың арты әлі өлмеген екен-ау, – депті. Содан Абай әкемнің артында Тұрағұл үлкен болып қалады»,– деп еске алады.

Құнанбай мен Абайдың тікелей ұрпағы болып табылатын осы төрт адамның естеліктерін оқымаса да, Абайдың өлімінің себептерінен толық мағлұмдар болған Евгений Курдаков:

«Ақын Абай: «О, дүние жалған! Бір салым апиын!» – деп өмірден қайтты! Керуеннің келмейтінін білгенде үзіліп кетіпті», –  деп сәуегейсиді.

Осы сандыраққа қарсы дәлел ретінде    Әрхам Ысқақұлының осы оқиға туралы естелігін келтіремін:

«1904 жылы январь айында Мөржан қайтыс болды. Одан туған бір қыз қалды, атын Камилә қойды. Бұрын аяқ ұшымен жүріп, жүдеп арықтаған Мағауия төсек тартып жатып қалды. Содан бас көтере алмай, ескіше майдың 14-і күні жұрт мақтаған Мағауия 34 жасында қайтыс болды. Абай үш айдан бері Мағауияның жанында болып, қайғыдан қажып қалған еді… Балашақпақ өзеніне қонып, Мағауияның қырқын өткізуге дайындық жасады… Көп адам жиналып қырқын, хатымын беріп тарқаған күні кешке Абай ауырып шықты. Төсектің үстінде басын көтеріп отырып алды. Тамақ ішпеді, жатып ұйықтамады, сөйлемеді, біреу жағдайын сұраса, басын шайқады. Мұндай ауруды бұрын көрмеген ел аң-таң болды, не шара істерін білмеді. …Өзінің бір туған ағасы Тәңірберді келді… Абай ағасының бетіне қарап отырып: «Ез – күнде өледі, ер – бір-ақ өледі», – деді. Басқа сөз айтқан жоқ. Тілі сөйлеуге келмейді деп ойлаған ел, Абайдың әдейі сөйлемейтінін сонда білді. Үш күн сол қалыппен басын көтеріп жатпай, отырып, ескіше 23 июнь күні, Абай 59 жасында дүниеден қайтты. Намазына жеті болыс ел шақырылды. Көп адам жиналды».

Ал енді осы шындыққа сенеміз бе, жоқ, еріккен Евгенийдің елегізуіне сенеміз бе? Бұрынғы кеңестік өлшеммен алғанда, бүкілодақтық басылым, оның ішінде барынша белсенді оқырмандардың назарына ілінетін кітапқұмарлар қоғамының газеті «Книжное обозрение» арқылы Абайды апиыншы етіп көрсеткен Евгений Курдаков не мақсат көздеді? Біздіңше, бұл – мазақ, Абайды мазақққа айналдыру. Екіншіден, сол арқылы: Әлемдік деңгейде атап өтуге ұмтылып жүрген данышпандарының түрі мынау! – деген мысқыл-кекесінмен қазақ халқын қорлау. Елімізді, жерімізді, ұлттық намысымызды басыну.

Сондықтан да Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Праволық комиссияның төрағасы ретінде комиссия мүшелерінің талқысына сала отырып:

  1. «Книжное обозрение» апталығы мен мақала авторы Е.Курдаковты: ұлттың ақыл-ой парасаты, намысы, ұлттық мақтанышы болып табылатын ұлы ақын Абайдың әруағын қорлайтындай пікір туғызып, жала жапқаны үшін сот алдында жауап беруін талап етуді;
  2. Жазушылар одағының жарғысына қайшы және жазушы деген атқа сәйкес келмейтін, халықтар достығына зиянын тигізетін арандату мақсатындағы эссе жазып, жариялағаны үшін Евгений Курдаковты Жазушылар одағының мүшелігінен шығаруды – ұсынамын.

Бұл шара, тікелей арандату мақсатын көздеп, бүкілодақтық және республикалық баспасөзде тұрақты түрде мақалалар жариялап келе жатқан  Н.Кузьмин, республика ішіндегі Васильева, Попов, Петрушенко сияқты шовинис-жікшілдерге тиісті ескерту болмақ.

1990, маусым.

P.S.
Қатты күйінгендіктен бе, жоқ, Абайды осынша басынып, қорлағанына қорланғаным ба, кім білсін, праволық комиссияның осы отырысынан шыға салысымен, қызмет бөлмесінде алғашқы инфаркті алдым. Досым Дидахмет Әшімханов апарып салған аурухананың айға созылған ем-домының әуресімен жүргенде, ең бастысы – тәуелсіздіктің қарсаңындағы аңсарлы жанталас басталып кетті де, жазылып тұрған мақала баспасөзге ұсынылмай қалды. Оның есесіне, Сын кеңесінің кеңесімен Әдебиет және өнер институты ғалымдарының Ашық хаты жарияланды. Тақырып та ескіріп қалғандай еді. Өкінішке қарай, олай болмай шықты.

Алаяқтардың Абайдан, Абай арқылы қазақтан алмаған өші әлі бар екен…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір