Жүйесіз түзілім, қисынсыз бағдарлама
02.03.2020
3953
3

ҚР Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

ҚР Білім және Ғалым министрі А.Аймағамбетовтың назарына!

(«Қазақ әдебиеті» пәнін жаңартылған мазмұнда оқыту бағдарламасы жөнінде)

Береке ЖҰМАҚАЕВА, СДУ профессоры


 

«Қазақ әдебиеті» пәнінен жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасын қайта талқылаудың орайы келген сыңайлы. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің білім саласындағы олқылықтарға назар аударуы, ұстаздар қауымымен диалогы сала мамандарының көкейінде жүрген көп мәселелерді ашық айтуына түрткі болғаны жасырын емес. Соның бірі және бірегейі – «жаңартылған  мазмұндағы» делінген оқу бағдарламасы. Бағдарлама сала мамандары мен ұстаздар қауымының талқысына салынбауы, тіпті оқулық жазған авторлардың өзі бағдарламадағы олқылықтарды өзгертуге құзіреті болмауы, аталмыш жобаның  тиімділігін шектей түскен. «Сайтқа алдын ала  салдық» делінгенмен, бағдарламаны талқылап өзгеріс енгізу мүмкіндігі болмаған еді. Ал «бітті» делінген істі қайта жөндеу үшін де билікті бітімші керек.

Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасында «Қазақ әдебиеті» пәнінен оқу материалының  шектен тыс қысқарып кетуі, пән аясында оқылатын шығармаларды сұрыптауда жіберілген олқылықтар бұған дейін де көп айтылды, жазылды. Ендігі кезекте оқу мақсаттарын берудегі кеткен кейбір кемшіліктерге тоқталмақпыз. 

«БІЛУ» САТЫСЫН НЕГЕ АТТАП ӨТКЕН?

Бағдарламада барлық оқу әрекеттерін үшке: «Түсіну мен жауап беру», «Анализ бен интерпретация», «Бағалау және салыстыру» деп жіктеген болатын.  Оқу-таным үдерісі неліктен «түсінуден» басталған? Бүгінде білім жүйесі Б.Блумның танымдық мақсаттар иерархиясына жүгіндіріліп жүргені рас. Дегенмен  Б.Блумның  алғашқы «білім» білу сатысын неге аттап өткен? Яғни мәтінді оқу арқылы қалыптасатын алғашқы таным үдерісі неліктен назардан тыс қалған? Әдебиет пәнінде көркем шығарманы оқу арқылы қалыптасатын алғашқы таным, түйсік аса маңызды. Онсыз келесі білім сатысындағы оқу әрекеттері жарым-жарты болуы кәміл. Бұл тұста кеңірек тоқталатын бір мәселе бар. Оқу мақсаттарын қоюда пәннің өзіндік ерекшелігін есепке алып, оқу мақсаттарын да  пәннің мән-мазмұнына лайықты құру қажеттігін ойлаған жөн.

1987 жылы жазылған әдістемелік еңбегінде Ә.Қоңыратбаев: «Танымның (білімнің) негізінде материал (текст) жататын болса, бірінші жинақтауға мазмұн (тексті оқу) сатысы жатады. Затты (материалды) бала өзі ұстап көрмей жатып, сол зат туралы онда ешқандай актив ұғым тумайды. Бүтін – сол.  Білім дегеніміз таным болса,  ол заттың өзін игеруден басталады… материал арқылы бала болмысты, адам табиғатын танып біледі. Бала алманы көзбен көріп (түсі), қолмен ұстап (салмағы), мұрнымен иіскеп, өз білгенін тілмен айтады. Екінші саты – талдау (бөлшек). Бұл тұста балалар бірлескен түрде шығарманың формасын (образдарын), композициясын, тілін, өлең өлшемін жеке-жеке талдайды. Бөлшексіз бүтін жоқ. Бұл оқуды тереңдетеді. Кластағы  бірлескен талдау сабақты активтендіреді. Талдау сабақтарын тереңдетудің екінші формасы – теориялық мағлұмат» дей келе автор теориялық білімнің ретімен берілуін назардан тыс қалдырмайды. «Кейбіреулер соңғы жинақтаудың орнын жақсы түсінбей жүр. Бірінші жинақтау – оқу болса, екінші жинақтау – шығарма, автор идеясына жататыны рас. Оқушылар мінездемелік шығарма ғана емес, топшылау, әсіресе көркем стильдегі шығармаларды да жазып игерген болуы керек… Бұрын мұғалім  бірінші орында тұрған болса,  енді оқушы бірінші орынға шыға бастайды» (4-7 кластарда әдебиетті оқыту методикасы. А.: Мектеп, 1987.) деген бағалы пайымдарынан оқу мақсаттарын жүйелеуде бұрыннан (Б.Блум таксономиясына дейін-ақ) білім, түсіну, талдау, жинақтау, қолдану (шығармашылық) барын аңғару қиын емес.

Сонымен оқу таным-үдерісінің бастауы шығарманы оқу әрекеттерінен құралуы керектігін түсінеміз.  Ы.Алтынсарин әдістемесінен бастау алатын оқу әрекеттері: пайымдап оқу, талдап оқу, мақамдап оқу, сөйлету, жаздыру, мазмұндау, мінездеу, ғибратшылдық оқу (шығарманың идеясын  түю) білім (ақпарат) алудың негізгі тетігі ретінде  бұрыннан  қалыптасқан, тұрақталған. Оқу пәніміз  әдебиет болғандықтан оқудан да бұрын түйсіну-қабылдауды (восприятие) назардан тыс қалдырсақ, оқу үдерісінің  психологиялық ұстанымын ескермегендігіміз болып шығады. Қабылдау үдерісі, әсіресе, әдебиет, ән (музыка), сурет сияқты өнер пәндерінде маңызды орын алады. Көркем шығармамен алғашқы қауышу (түсініп оқу) қандай әсер қалыптастырды деген сұрақ саралануы міндетті.  Шығарманы оқу немесе тыңдау арқылы қабылдау оқушыда образды ойлаудың, шығармашылық қиялдың «қарлығаштары» десек болады. «Әдебиеттік оқу» сыныптары саналатын орта буында көркем шығарманы қабылдау үдерісінің маңыздылығын М.М.Бахтин, В.Е.Хализев, М.А.Рыбникова қатарлы талай әдебиеттанушы, психолог, әдіскерлер зерттеп негіздеген болатын. Бүгінде ғылымда анықталған оқу-таным жүйесін сырып тастап, «қазаншының өз еркі» деу кемелдікке емес, кемшілікке әкелері анық.

Мәтінді тану сөз бірліктерін түсініп оқудан басталатынын жоққа шығара алмаймыз. Ендеше, алғашқы оқу-таным әрекеті бағдарламадағыдай шығарманың құрылымдық жүйесі, «мазмұны мен пішінді» талдаудан басталмай, сөз мағынасын танудан басталғаны жөн. Оның үстіне міндеттің «мазмұн мен пішін» деп берілуінде де теориялық ағаттық байқалады. Мазмұн – кең ұғым. Мазмұн мен пішін көркем  шығарманың  тұтас  болмысын танытатын  ауқымды категория. Ал сол мазмұн сөзден, жекелеген ұғымдардан басталады.  Сөз – бірлік, сөз– таңба, сөз – таным, сөз– пайым. Ендеше әр сөздің мәнін пайымдап алмай, мазмұнды түсіну де мүмкін емес.

Жаңа бағдарламаларда, оған орай жазылған оқулықтарда оқу мақсаттары 5-сыныптардан бастап шығарманың сюжеті мен композициясын, шығармадағы автор бейнесі, кейіпкерлер портреті мен образын талдау жұмыстарынан басталған. «Түсіну мен жауап беру» міндеттері қойылған соң, көбірек сөз мағынасына көңіл бөлу қажет. Бағдарламадағы алғашқы шығармалардың өзінде мағынасын ашатын сөздер мен сөз тіркестері бар. Ал оқулықта  алғашқы мәтіннен бастап «Шығарманың сюжеттік композициялық өрбу кезеңдерінен тыс теориялық сипаттамаларды анықтаңдар»,  «Әдеби жанр дегеніміз не»?  «Керқұла атты Кендебай» ертегісінің фабуласын табыңдар, т.т. тапсырмалардың дені  шығарма құрылысын талдауға бағытталған (Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептердің 5-сыныбына арналған оқулық)

5-сыныпта сөз мағынасы, көркем құралдар, троп пен фигураның түрлерінен бастап  6-7 сыныптарда өлең құрылысы, әдеби жанрлар, шығарманың композициялық құрылымы меңгерілетін тәжирибеміздегі әдістерді  назарға тұту керектігін қайталаудан жалықпаймыз. Әдеби мәтін арқылы тілдік-танымдық, эстетикалық құзырет қалыптастыруды назардан тыс қалдыруға мүлде болмайды.

Б.Блум таксономиясының танымдық деңгейлерін жаңа бағдарламада  жүйесіз қолданылып жүргендігі туралы ғалым Ж.Дәдебаевтың пікірі орынды айтылған ескертпе деп ойлаймыз («Қазақ әдебиеті» пәнінің жаңартылған бағдарламасы. «Қазақ әдебиеті» газеті. 09.03.2018.). Сонымен қатар дәл осы «түсіну мен жауап беру», «анализ бен интерпретация», «бағалау мен салыстыру» деген деңгейлік мақсаттың атауындағы  сәйкессіздіктен өзге ішкі міндеттерінің де ауысып жүргенін байқауға болады.  Бірінші мақсаттағы міндеттердің көбі интерпретацияға сәйкес болса, салыстыру  талдауға (анализге) де тиесілі.

Бірінші оқу мақсаты «Түсіну мен жауап беру» деп аталып, оның құрамды бірліктерін құрағандар: 

1) көркем шығарма мазмұны мен пішіні;

2) әдеби шығарманың тұжырымдамасы;

3) көркем шығармадағы образ;

4) шығарма үзінділерімен жұмыс.

«Түсіну» оқу-таным мақсаттарындағы екінші саты, алғашқы саты – білу болса, білуді оқудан бастаған жөн. Ал, «түсінуге» қосарланып тұрған «жауап беру» деген сөз тіркесі оқу мақсатын емес, оқу әрекетін көрсетеді.

Осы блоктағы оқу міндеттерінің де орны ауысып кеткен. «Көркем шығарманың мазмұны мен пішіні» деген атауда да көңілге қонымсыздық байқалады. Мазмұн деген кең ұғым екенін айттық. Көркем шығарманың композициялық құрылымы: сюжет, образ, суреттеу, мекеншақ композициясы, мотив, т.т. барлығы қосылып келіп мазмұнды құрайды. Сұралып отырғаны қандай мазмұн?! Шығарманы аша салып мазмұнды сұрасақ, «асатпай жатып құлдық, ет бермей жатып тұздық» дегеніміз болып шықпай ма?!

Мысалы алдымен сипаттау беріліп, оның соңынан анықтау ұсынылыпты, анықтаудан сипаттау күрделірек. Бұдан оқудың жеңілден күрделіге дейтін ұстанымы ескерілмегенін байқауға болады.

Екінші оқу міндеті – «әдеби шығарманың тұжырымдамасы» делінген. Бұл жердегі түйткілдісі «тұжырымдама» деген сөздің қолданысында. Әдебиеттану ғылымында көркем шығарманың тақырыбы мен идеясы, өзекті ойы (мысль, выдумка, вымысел; намеренье, замысел) десе де, шығарма тұжырымдамасы деп қолданылмайды. Тұжырымдама ғылыми ізденістерге, ірі жобалар мен бағдарламаларға тән термин. Осыдан бағдарлама түзушілердің  мәтінді көркем шығарма деп танымай, барлық пәндерге ортақ оқу мәтіндері ғана  деп қарағаны байқалады.

Оқулықтағы «Әдеби шығармада көтерілген әлеуметтік-қоғамдық  мәселені идеясы арқылы түсіндіру» деген, «әдеби шығармадағы тұлғалық болмысты гуманистік тұрғыдан талдау деген сөйлемдерді  қандай логикалық қисын мен стильде жазылған десек екен?! Орысша сөйлемдерді калькамен әкеліп қондыра салғандай.  Ал «әдеби шығармадағы психологизмді анықтау» 9 сыныптың оқушысы емес, жоғары оқу орнындағы магистрлерге де әжептеуір жүк боларлық міндет.  

Үшінші оқу міндеті – «көркем шығармадағы образ» делінген.  Көркем шығармадағы образды табу бүтіннің бөлшегін іздеу, яғни, талдау әрекетін көрсетеді. Талдау келесі оқу мақсаттарына топтастырылған.

6.1.3.1-дегі тапсырма да 6-сынып үшін күрделі. Шығарманың тегі мен түрін, оларға тән образдар сипатын ашу үшін оқушы шығарманы әбден сараптауы керек-ау. Ал жаңартылған бағдарламаларда берілген аз, бірең-сараң мәтінмен шығарманың тегі мен түрі, оған тән типтерді талдау мүмкіндігі жоқ. Әрі міндеттеу қажет емес тапсырмалар деп түсінеміз. 9.1.3.1 – «көркем шығарманың идеясына сай кейіпкерлер жүйесін анықтау» деген сөйлемде де  логикалық қисын орайсыз.

Сонда бірінші оқу мақсатында өз орнында дұрыс  ұсынылып тұрған оқу міндеті  – «шығарма үзінділерімен жұмыс» қана болып шығады.

Оның өзінде «мәнерлеп оқу, жатқа айту» деген бір сарынды тапсырмалар мен  қолдану деңгейіндегі тапсырмалар жүр, араласып, шатасып кеткен. Үзіндімен жасалатын жұмыс түрлері көп: суреттеу, сипаттау, өзге нысанмен салыстыру, салғастыру,  ұқсас белгілеріне қарай топтастыру, сөздікпен жұмыс, белгілі нысандарды зерделеу т.т. толып жатыр.

«АВТОР БЕЙНЕСІ» ОҚУШЫ ҮШІН ТЫМ АУЫР

Екінші оқу мақсаты – «анализ және интерпретация» делінген. Мұнда да интерпретация оқу мақсатын емес, оқу әркетін танытады. Әрі интерпретация түсіну, жауап беру мен шығармашылыққа ортақ әрекет. Ауызша да, жазбаша да интерпретациялау бар. Интерпретацияда бірнеше оқу-таным әрекеті, қабылдау үдерісі жинақталады.

Екінші «анализ және интерпретация» делінген оқу мақсатының міндеттері:

1)      әдеби шығарманың композициясы;

2)      автор бейнесі;

3)      көркем шығарманың тілі;

4)      шығармашылық  жұмыс делінген.

Екінші оқу мақсатында «автор бейнесі» мен «шығармашылық жұмыс» делінген екі оқу міндетіне айтар уәжіміз бар. Автор бейнесі көркем шығарманың көбінде имплицитті мәнге ие болып келеді. Кез келген шығармадан автор бейнесін анықтау оңай емес. Күрделі танымды мектептің орта буынынан сұрау қаншалықты орынды?! Шығармашылық жұмыс әдебиет сабақтарында көбіне алған білімді жинақтауға, қорытуға сай қолданылады. Тағы бір айта кетерлік мәселе – Б.Блумның таксономиясындағы  қолдану деңгейінің үшінші кезекте беріліп, соған сай жұмыс жүргізу жаратылыстану пәндеріне тән, яғни есепті түсінгеннен кейін мысалға салып қолданып көру жаратылыстану пәндеріне лайықталған сияқты. Ал әдебиет пәнінде қолдану деңгейі шығармашылыққа сай келеді. Интерпретацияны алғашқы қолдану деңгейіне қойған орынды болмақ. Шығармашылық әдебиет пәнінде жоғары деңгей, ол – жаңа өнім алуға пара-пар.

 

«ЗАМАНАУИЛЫҒЫ МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ» ОҚУШЫ «ТАҚИЯСЫНА» СЫЙМАЙДЫ

Үшінші оқу мақсаты «Бағалау және салыстыру» деп берілген. Бұнда да оқу мақсаты мен әрекеті қосарланып жүр. Салыстыру талдау мен бағалауға ортақ оқу әрекеті. Ал берілген оқу міндеттері төмендегідей:

1) тарихи және көркемдік құндылығы;

2) заманауилығы мен жаңашылдығы;

3) әдеби эссе;

4) әдеби сын.

Шығарманың «заманауилығы мен жаңалығы» деген оқу міндетін қою мен оның оқу үдерісіндегі нәтижесін бағамдауда үстірттік байқалады. Дәл осы міндеттің сыныптар бойынша жіктелісінде: «кейіпкерлер жүйесінің заманауи жаңашылдығын», «әдеби жанр түрлерінің даму барысына, жаңашылдығына заманауи тұрғыдан баға беру» деген тапсырмалар оқушы емес, әдебиеттану саласын сараптаушы ғалымдарға қоятын міндет дерлік.

Назарбаев зияткерлік мектептерінде өткізілген бір сабақ еске түседі. Сабақ тақырыбы: салт-дәстүрге қатысты. Өтіп жатқан пән – әдебиет. Оқу материалы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы. Оқу міндетіне шығарманың заманауилығы мен жаңашылдығын анықтау қойылған. Барлық оқушы бірі бірімен келісіп алғандай Абай заманындағы салт-дәстүрдің ескілігін, әмеңгерліктің көнеден қалған  сарқыншақтығын айтып мансұқтауда. Қазіргі  замандағы неке бостандығы т.т. мадақталып жатыр. Оқушыларға да, сабақты өтіп отырған пән мұғаліміне де «ау, ағайын, «мен не деймін, домбырам не дейді?»  дерлік күйде болдық.  Дәл осылай барлық көркем шығармаға «жаңашылдығы мен заманауилығы» деген көзәйнек кигізіп қарайтын болсақ, Абай мысалындағы  бұлбұлға есектің берген бағасындай болып шықпай ма?! «Абай жолы» сияқты асыл мұраның өзі – баға жетпес құндылық. Әдебиеттің эстетикалық қуатын сезінбей, туындылардағы ұлттық рухты бойға сіңірмей,  «заманауи мен жаңашылдық» деп батысқа ұлыған қазіргі қоғамға, ағылшын мен орыс тілі деп жарым тілді болып отырған «жаңа өспірімге» қандай құндылықты дәріптегеніміз жөн?! Қазақ қаламгерлерінің шығармаларының өзі ұлттық мұра, рухани, эстетикалық құндылық. Әр шығарманы «замануи ма, жаңашыл ма» деген бойға өлшенбейтін қалыпқа салып қарауымыз қалай? Әрі бұл міндетке жұмылдырып отырған пән мұғалімінің өресі мен өрісі қандай? Сұрақтар көп.

Оқу таным деңгейлері барлық сыныптарға ортақ беріліп,  қалып-трафарет болған соң,  тапсырмаларды беруде оқулық авторларына да қиындық туғызғанын байқауға болады.  Шығармадағы автор бейнесін анықтау жырға да, мысал өлеңге де, толғауға да, әңгімеге де берілген.

Авторға хат жазу, кейіпкерге хат жазу, әдеби эссе жазу, сыни хабарлама деген тапсырмалар әр тақырып бойынша қайталанады. 9.3.3.1-дағы  «шығарманың идеясын ғаламдық тұрғыдан талдап, әдеби эссе жазу» делінген оқу міндетіндегі «ғаламдық тұрғыдан» деген тіркесті де түсіндіріп беретін ғаламдық ғұлама керек.   Жалпы үшінші оқу-таным мақсаты шығармашылық болған соң, бағдарламада «әдеби сын», «әдеби эссе» деп шектеп тастау орынсыз. Себебі  5-сынып пен 11-сыныптың оқушыларына бұлай бірдей тапсырма беру дидактикалық жағынан қисынға келмейді. Әр сынып оқушысының  шығармашылық мүмкіндігі ескерілуі керек. Оқытудың жеңілден күрделіге қарай, жалқыдан жалпыға қарай деген  қалыптасқан ұстанымдарын жоққа шығаруға болмайды.  5-сынып оқулығына берілген бірінші шығарма «Керқұла атты Кендебай» ертегісінің айналасында, яғни оқулықтың алғашқы  оншақты бетінде теориялық ұғымдар сықап тұр: шығарманың тақырыбы, идеясы, мазмұн, пішін, түрі, тартыс, сюжет, фабула, композициялық құрылым әдеби түр мен тек, троптың түрлері, типтік бейне, прототип т.т. жиырмадан аса теориялық ұғым берілген.

Тұжырымдай айтқанда, жаңартылған оқу бағдарламаларының мазмұндық құрылымы пәнді оқытудың  танымдық, идеялогиялық, функционалдық, мақсат-міндеттерін қанағаттандырмайды. Жалпыға міндетті білім стандартының талаптарына сай емес. Оқу материалдарын іріктеуде  тәжірибеміздегі сан кезең сараланып қалыптасқан ұстанымдарды есепке алынбаған. Әдебиет пәнінің арқа сүйейтін негізі – әдебиеттану ғылымының заңдылықтарынан ауытқу байқалады. Пәнді оқытудың мақсат-міндеттерін қою мен одан күтілетін нәтижелерге болжам жасалмаған. Анығында мақсат, міндеттер оқу-танымның бірізді жүйесіне сәйкеспейді. Әдебиетті оқытудың әдістемелік жүйесі ескерілмеген.

 

ОҚУЛЫҚ ЖҮЙЕЛІ БОЛСЫН ДЕСЕК…

Жоғарыда айтылған олқылықтарды атай келіп, өз тарапымыздан мынадай оқу мақсаттарын ұсынамыз: Бірінші оқу мақсаты: «Оқу және түсіну» деп беріліп, осы мақсат аясында бірнеше оқу міндеттері қойылуы керек. Олар:

1) пайымдап оқу (сөздің, сөз оралымдарының мәнін ашу, мәтіндегі қолданысын анықтау);

2) шығарма үзінділерімен жұмыс;

3) шығармадағы өзекті мәселе, идеялық мазмұн;

4) (ауызша, жазбаша) интерпретация.

Мәтінді оқуды неліктен алдымен қою керектігін жоғарыда айтып өттік.  Көркем шығарма әдеби тілде жазылатыны мәлім. Әдеби тіл сөздік қорымыздың басым бөлігін құрайды. Оқушыда сөздік қорды қалыптастыру тіл бірліктерін түсінуден, «Тілдік форма мен мағынаның бірлігін танытудан» басталады. Оқулықтардағы мәтінге берілген тапсырмалар да осы бір негізгі міндетті айналып өткендей көрінеді. Мәселен, жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған Әдебиет оқулығында (авторлары: А.С.Ақтанова, А.Қ.Жүндібаева) Қазтуған жыраудан делінген мәтін берілген (жалпы бұл авторлардың олқылығы деуден аулақпыз. Бұндай мысалдар өзге оқулықтарда да орын алған. Бағдардың дұрыс қойылмауынан  туған қиындық деп түсінген ләзім). Толғау мәтініндегі бір де бір сөздің мәнін ұғып, астарына үңілер тапсырма жоқ. Сөздікте «Буыршын – төрт жасар түйе», «бөкен –  аша тұяқты дала аңы» деп, екі сөзді берген, оның өзі ашып жазылмаған. «Буыршынның жалғыз қырқар азуы» деген  тіркеспен қандай ой айтылып тұр? Бұны оқушы қалай түсінбек? Ал «Бидайықтың жалғыз соғар азуы» деген сөз оралымын қалай түсінуге болады? Бидайық сөзі осының алдында оқытылатын «Қыз Жібек» жырында да кездеседі. Бірақ екі мәтіндегі бір сөздің мағынасы екі басқа. Сондықтан оқушылар «бидайықты» өсімдік деп түсінуі де мүмкін. Оқулыққа Х.Досмұхамедов ұсынған «Мадақ жыры» алынуы да авторлардың әдебиет тарихын зерделеп, ғылыми ізденіс жасамағанын айғақтайды. Қазтуған атына телініп жүрген жырлардың бәрі бірдей жыраудікі емес екендігі ғалымдар тарапыннан айтылған. (Б.Омарұлы Қазтуғанның бұл өлеңін Мұраттың қайта жырлаған нұсқасы екендігін айтады)  

Мұнан басқа мәтіндерге берілген тапсырмаларда да сөз мағынасын танытуға көңіл бөлінбейді. Біздің пікірімізше оқу міндеттерін «пайымдап оқудан» бастап, «шығарма үзінділерімен жұмыс» жасау барысында «шығарманың өзекті ойы мен идеялық мазмұнын» игерту керек. Ал оқушылардың ауызша, жазбаша «интерпретациясы» мәтінді білу мен түсіну мақсатына жеткен-жетпегенімізді айқындап береді.

Екінші оқу мақсатын «талдау және жинақтау» деп беріп, оқудың бір-бірін толықтырып тұратын екі мақсаты арқылы білім, білікті тұтастыру көзделеді. 

1) әдеби шығарманың композициялық құрылымы;

2) көркем шығарманың образдар жүйесі, типтік характер;

3) көркем шығарманың тілі, стилі;

4) көркемдік тәсілдер.

«Әдеби шығарманың композициялық құрылымы»  сыныптар бойынша дамыта беретін тапсырмалар легін құрауы керек. 5-сыныптарда сюжет композициясынан басталып, сынып өрлеген сайын портрет, пейзаж, мекеншақ, баяндау композициясы болып түрлендіре берілетін тапсырмалардан құралады. «Көркем шығарманың образдар жүйесі, типтік характерді»  талдау міндеттері де жеңілден күрделігі қарай дамытыла жүргізілетін тапсырмаларды құрауы керек. Мәселен 5-сыныптарда кейіпкердің іс-әрекеті арқылы образын ашуға талаптанса, образды сомдауға қызмет ететін портрет, мінездеу, психологиялық параллель бірліктер арқылы тұтас образды талдау, салыстыра талдау, образдар жүйесін жинақтай отырып, типтік образдарды ашу сияқты жұмыстар жүргізілуі керек. «Көркем шығарманың тілі, стилі», «көркемдік тәсілдер» талдау мен жинақтауды тиянақтап, келесі блоктағы тапсырмаларға да апаратын саты болмақ.

Үшінші деңгейдегі оқу мақсатын «Бағалау (салыстыру) және шығармашылық (өнім)» деп алынады да, бағалау және шығармашылық тапсырмаларға топтастырылады. 

1) шығарманың ұлттық және тарихи құндылығы,

2) рухани және  көркем-эстетикалық құндылығы;

3) әдеби шығармашылық

4) әдеби сын

«Шығарманың ұлттық және тарихи құндылығына», «рухани және көркем-эстетикалық» құндылығы саралатуы керек. Көркем шығармаға баға беру шығармашылықпен астасып жататын оқу міндеттері. Бұл оқудың мақсат-міндеттері көркем шығарманы түсініп оқудан басталып, көркемтаным мен талдауға, шығармашылыққа дейін ұласатын тұтас оқу-таным үдерісін құрамақ. 

«Әңгіме былай. Әрбір ел келешегіне негізді балаларын тәрбиелейтін, даярлайтын мектебінде салмақ. Бір елдің тағдыры мектебінің құрылысына байланысқан нәрсе. Бұл – ескірмейтін игі сөз, өзгермейтін бір шындық. Тарихты аз ғана болса да ақтарған кісі мұны біледі. Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, сау, берік һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізде  құра алмасақ, келешегіміз күңгірт»,– дейді ұлт жанашыры М.Жұмабаев  (313 бет).

Мектептеріміздегі үш тілді білім беру саясаты, пәндерді  өзге тілдерде оқытуға байланысты ұсыныстар, ұлттық негізді қалыптастыратын әдебиет пәнінің мазмұнының шектеліп берілуі ерексіз ұлттық таным мен тәрбиеге  селкем түсіру қаупін туғызады.

«Мектебімізге негіз саламыз дегенде ескеретін іс – соңғы кезде соқыр еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп барады. Қазақ жанын қайшылап отырып, жат қалыпқа салмақшымыз.  Жат қалыпты қазақ жанына  қабыстыру яқи жаңа қалып жасау тәжірибесіне кірісуіміз қарадай қорқытады» –деген  М.Жұмабаев сөзі бүгінгі күнге сай айтылғандай өзекті болып тұр.

«Пайданы көрсе бас ұратын», жемқорлықпен Отанына дейін сататын пенде қайдан қалыптасады деп таңырқаудан бұрын, себебі неден деп зерделеген орынды болмақ. Сондықтан әдебиетті оқыту қажеттігін білу және оны қай мазмұнда оқытуды терең зерделеу бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі.

ПІКІРЛЕР3
Аноним 05.03.2020 | 22:04

«Жаңартылған» бағдарламаның еліміздегі білім беру үдерісіне қосқан «ерекше жаңалығы» мен «үлкен үлесі» туралы егжей-тегжейлі жазылған, орта білім беруді мемлекет деңгейінде ұйымдастырып, басқарып отырған құзырлы орындарды осыны тек назарға алып қана қоймай, шұғыл әрекет жасауға шақыратын мақала екен. Орта мектепте әдебиетті оқыту әдістемесінен азды-көпті білімі бар маман тұрмақ, соңғы жылдардағы білім беру саласындағы жаңалықтардан xабары бар көзіқарақты адамның өзіне анық көрініп тұрған бағдарламаның кемшін тұстары дәлелді мысалдармен жан-жақты талданыпты.

Аноним 21.03.2020 | 01:35

сапалы мақала

Аноним 15.08.2020 | 01:52

Керемет! ӨТЕ ҚҰНДЫ МАҚАЛА!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір