Біз бәріміз Өлім театрындағы ойыншықтармыз
28.02.2020
992
0

«Қазақ әдебиеті» газеті елімізде қоныстанған өзге ұлт өкілдері әдебиетшілерінің шығармала­рын үнемі назарда ұстап келеді. Өнер – шекарасыз кеңістік. Ол жүректердің түйісуі, жанның өз өрнегіне ұмтылуы. Мария Иванова мен Әкім Нүсіпов (Аким Нусипов) – Алматы қаласының тұрғындары. Өлең мен өмірді егіз санаған қос таланттың жырларын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Мария Иванова

ЫСТЫҚКӨЛ

Ыстықкөл!

желіңмен кеудемде тербеліп толқындар,

еркелеп күлімдер, бауырым солқылдар.

Келемін құмыңа атымды жазуға,

жанымды түсінер жалғыз жан бар шығар.

 Көгілдір аспанмен кеземін алапты,

жұлдызбен жарасқан түндер-ай, қанатты!

Шайымның түсіндей көзіңе тамсанам,

толқынмен тербеліп оралам мен саған!

Алау от қайда екен жылуы жандырған?

Қою түн. Мен едім армансыз қаңғырған.

Жүректі бір жанның мүмкін бе білмегі,

Жүз ғасыр өткенде еске алар кім мені?!

 

БАҚЫТ ДЕГЕН…

Бақыт сонда – еш мүше сыздамаса,

Жақын жандар ұйықтаса қасыңызда.

құлшылықтың үнінен дірілдесе шашыңыз да.

 

Тағы, тағы жоқ ұйқы түніменен,

есесіне, кофеге тәбет деген

тым жоғары!

Тау көркі бұлданады,

және қаңтар самалы буланады,

он алтының сыңғырлап сырғалары!

 

ТАҒЫ БІР ТАЛПЫНЫС

Тағы да бір талпынысым

жүнжітеді

жүрегімді!

 

Ол жақында доптай болар,

асфальттан көтеріліп,

кездесуге нұрлы күнмен

қанатынан от өріліп,

көкті айналар!

 

СЕН ЖИНАЛДЫҢ ҚАЙТАР ЖОЛҒА…

Сен жиналдың қайтар жолға,

езіледі кеудемде әуен.

Сағыныштың шегі мұнда,

шертіледі жаутаңдаумен.

Бір ме, екі, үшке дейін,

Құшақташы, түске енейін,

сыңғыр қақсын құс көмейім!

 


 Әкім НҮСІПОВ

ЕКІ ТЕАТРДА

Біз бәріміз Өлім театрындағы ойыншықтармыз,

және қуыршақтармыз түн қойылымындағы.

Сылтып басып келсе егер қараңғылық,

қорқамыз тағы.

Әдеттендік неліктен сахнада,

ішімізге жасырып бәрін-бәрін?

Ұмытқан да шығармыз, бәлкім, онда,

Өмірде өлім барын.

 

Сахнасы Өлімнің бос бүгін,

сахнасы түнектің қараңғы.

Өнімсіз өнерлер достығы,

зұлымдық тонымен оранды.

Ал түнде тіріліп қуыршақ,

Айналар кәдімгі адамға.

Таң ата қайтадан жылыстап,

құлайды сахнаға қараңғы.

Сахнасы Өлімнің бос бүгін,

сахнасы түнектің қараңғы.

Өнімсіз өнерлер достығы,

Зұлымдық тонымен оранды.

 

 * * *

Бүгін түні түсіме ендің,

Таңданарлық жануар боп.

Аспан көзі ісінеді,

Санам сені сағынар тек.

Біз екеуміз кездік бақты,

Шұғыламен сен ойнадың,

Алтынгүлдер жинап отты,

Жылға күлер маңайларда.

 

Түсім бейне өң секілді,

Сәтке оянсам мен егер де.

Біздер бөтен жан секілді,

Тұрардаймыз сөрелерде.

 

Біз ояндық, жануар тұр,

Қасқыр, түлкі отыр қарсы, –

екеуміздей жаны мөлдір,

Жақындашы, жақындашы!..

 

***

«Мүмкін емес жоқ ештеңе!»

кім шығарған сандырақты?

Сенесіз бе бұл кеңеске,

Жауабым бар заңды, нақты.

«Мүмкін емес» дегенге сен,

Орындалар осы ғана.

Үміт бір күн сөнер десе,

Қалар тамған жасы ғана.

 

Ақылсыз деп арбасып сан,

Есерсоқ деп айғай салар.

Мүмкін емес тауға шықсам,

Қарға тілі торға айналар.

 Аударған Асылан ИСАБЕК

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір