Сүлейлердің сарқытын сарқып ішкен…
19.02.2020
1933
3

Тоғызыншы қасқа

1995 жылы ҚазМУ-дың филология факу­льтетін тәмамдадық. Ұстазымыз  ҚР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Шәкір Ыбраев бес түлекті жұмысқа шақырды. Бі­лік­ті маман ғылым жолына жастарды тарт­қы­сы келгені анық. Сонымен, кіші ғылыми қыз­меткер атанып шыға келдік. Институтқа келетін кісі көп. Дені диссертацияларын қорғауға ұмтылып жүргендер. Директордың қабылдау бөлмесінде ғана телефон бар, компьютермен де толық жабдықталып үлгермей, машинкаға телмірген заман. Аяқ астынан бір қағаз бастырып алу керек болғанда, олар әлгі техниканың тілін білетін қыздарды жақсы танитын біздің көмегімізге жүгінеді.  Кейде қағазды біреуге қалдыру керек немесе соған ұқсас тағы бір шаруа шығады, әйтеуір бәріне қолұшын созуға тырысатынбыз. Батырболат Айтболатұлы екеуміз жұмыс істейтін фольк­лор бөлімінің басшысы Рахманқұл Бердібай. Біздің бөлімге бір еңгезердей қара жігіт жиі бас сұғады. Сыр өңірінің жыршылық дәс­тү­рін зерттеп жүрген жас ғалым. Балпаң ба­сып, алшаң жүреді. Ол келе жатқанда «Ас­са­лау­мағалейкүм», – деп қос қолымызды алып ұм­тыламыз. «Уағалейкүмассалам!» –  дейді, ірі сөйлейді. Сосын қалың сөмкесін ашып, қағаз­дарын бұрқыратады. «Мынаны шұғыл бастыру керек!». «Қазір, аға» деп жүгіре жөнелеміз.

– Осы жігіт өзінің жасынан әлдеқайда үлкен көрінеді, ә? – Шай үстінде  Берік туралы әңгіме қозғалғанда бір қыздың айтқаны. «Иә, 1970 жылғы деп айтпайсың, мүлде» деді екіншісі қостап. Мен сенбей, қайта-қайта сұраймын. Расымен солай екен. Қап, бәлем…

– Әй, Берік, сен менен кіші екенсің ғой, – дедім оны көрген сәтте бірден. – Неге айт­пай­сың?

– Ой, Бауке, қызықсың, біреу аға деп құ­рақ ұшып тұрса, інің едім деп не жыным  бар? – дейді Берігім қарқылдай күліп. Мен де күліп жібердім. Жан-жағымызға жиналып қалғандар да мәз-мәйрам. Сөйтсем, Берік әуел баста-ақ  аға болуға ұмтылған екен ғой. «Ораздының баласы он бесінде баспын дер» демекші,  бұл он екі-он үш жасында-ақ әкесінің бір зейнетақысына сатып алған «Романтик» магнитофонымен Шалқар, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған өңіріндегі Әбілхан Маханов, Өмірзақ Ахметов, Зайыр Рахатов, Мырзағали Ақжолов, Әбіләш Әбуов, Манап Көкенов секілді әңгімеші, жыршылардың мұрасын жа­зып алуға кірісіпті. Олардың репертуары ға­на емес, мақамы, сөз саптауына дейін бө­лек екенін көкірекке түйе беріпті. Содан соң өзі де топқа түсіп «бала жыршы» атанған. Кейін консерваторияның студенті зерттеу аясын кеңейтіп Өзбекстан, Қарақалпақстан жағындағы біраз әнші, күйші, жыршылардың репертуарын таспаға түсірген. Жиырма жасында «Мырзастағы жыр мектебі» атты тырнақалды туындысын жарыққа шығарған. Сөйткен Берік аға болмағанда, кім аға болсын?! 

Әкесі Мырзалы бір аяқ, бір қолын соғыс даласында қалдырып келген майдангер еді. Ауыр контузия алған, «жиырма жасыма дейін естігендерім» деп түрлі аңыз бен жырдың тиегін ағытатын. Би атанған Жүсіп атасының, Тілеулес ишанмен бірге Түркістанда пірге қол берген бабасы Жақыптың, оның ағасы Төлеген шайырдың ғибратты әңгімелерін жиі айтатын. «Сартай» дастанының авторы Нұрмағамбет Қосжановпен сегіз-тоғыз ата жерден қосылатынын да бала Беріктің құлағына құя берді. Ал анасы Ұлмекеннің төркіні  – Кішкене шекті, Ашабай жолшоралар. Бұл әйгілі «Сегіз қасқа» шыққан әулет.

Енді қасқа кім, соған тоқталайық. Бұл – Ар­қадағы сал-сері, Маңғыстаудағы қайқы мен сәйкі секілді Сырда болған өнерпаздар санаты. Берік кейін нағашы жұртының аужайын үңги зерттеп, ғылыми айналымға енгізді. Өзін «тоғызыншы қасқамын» деп күлетін ол бұл еңбегін анасының, Сырдағы көнекөз сөз иелерінің алдындағы сүтақысының қарымын қайтарғаным деп біледі.

Консерваторияға оқуға түскені де қызық. Ол кезде Сырдың жыршылық өнерін оқытатын маман жоқ. Әр енеге бір телінген жетім қозы сияқты бірде Жәнібек Кәрменовтің, Қалыбек Ақтаевтың, келесіде Бекболат Тілеухановтың, Сәуле Жанпейісованың класында оқыды. Кімде студент саны аз болса, сонда жіберетін. Сөйтіп жүргенде үш-ақ рет оқудан шығарылды. Екеуінде өзі қыруар қаржы төлеп, қайта қабылданды. Үшіншіде дәлізде кездесіп қалған сол кездегі консерватория ректоры Дүйсен Қасейінов екеуінің арасындағы диалог қысқа болды: «Әй, Берік, сен қайта келдің бе?».  «Иә». Қасындағы Борис Лебедевке қайрылған ректор: «Срочно восстановить. В этот раз за мой счет!»  –деді де,  бұрылып кете барды. Сөйтіп, әр курсқа екі жылын арнап жүріп он жылда мұны да бітіріп шықты.

Ал енді неге шығып кеткенін білгісі келе­тіндер оның жауабын ХХ ғасырдың 90-жыл­да­рының аласапыранынан іздесін. Ешкім ештеңеге жауап бермейтін бейберекет заманда консерваторияның жатақханасында да сырттан келетін жуан жұдырықтылардың қатары көбейген. Тура әкесінің үйінде жүргендей тайраңдайды. Жайыңа жүргізбейді. Өзіңнің намысыңа тиіп қойса жақсы, курстас, сыйлас қыздардың қарсылығына қарамай, қолтығына іле кеткісі келеді.  Намысы бар адам оған кө­не ме? Міне, сондай шайқастардың жуан ор­та­сында біздің Бекең жүрді. Өзге ұлт пен қазақ төбелессе, қазақ кінәлі болатыны се­кіл­­ді бұндайда әлгілер құтылып кетеді де, жа­тақханадағылар тұтылып қалады. Соның кесірі­нен оқудан қуылады.

Сол жылдарда Қазақстанда белең алған жуан жұдырықты серкелердің біразымен таныс болды. Олар мұны той жүргізуге шақыратын. О, ол да бір ұстараның жүзіндей қиын жұмыс. Сәл жаңылсаң, сый-сияпат алмақ түгілі қара басыңмен қайғы болып кетуің мүмкін. Алла абырой бергенде бұл соның бәрінен сүрінбей өтіп жүрді. Кейін ірі кәсіпкерлерге айналған әлгі жігіттердің біразы әлі де құрметтейді.

Оқудан шығып кетсе де көңілі консерва­то­рияға қарап ұлып жүрген күндердің бірінде Бесқаланың әйгілі жүйрігі Наурызбектің осын­да жұмысқа қабылданғаны жайында есітті. Алып ұшып жеткенде Нәукең көліктен түсіп жатыр екен. Қолындағы қара шабаданы – баласы Абайда. Ішке енгеннен кейін де әр қимылын бағумен болды. Жыршы әуелі омырмалы домбырасын алды. Шабаданның түп жағында ауыстыратын көйлек-дамбалы бар екенін де аңғарып қалды (Әдетте алқаға түскен жыршылар әбден терлегенде киім ауыстырып отырады). Шабаданнан құманын алған жыршы «Шай» деді бұларға қарап. Бір бала жүгіріп кетіп, құйып әкеліп еді, ұрттап көрді де жаратпай, шырт етті: «Мынауың сідік қой». Жиналғандар үрпиісіп қалып еді, дала жыршыларының мұндай кесек мінезін білетін бұл құманды ала сала асханаға жүгірді. Қара суды сақырлатып қайнатып, көк шай демдеді. Содан, көңілі жайланған жыршы әңгіме айтып, жырлауға кірісті. Дауысында жаныңды баурап алатын бір сиқыр бар. Жарты сағаттай жырлады да, «Ал енді қайтала», – деді бір тәліпке домбырасын ұсынып. Анау басын алып қашқанда Нәукең таңдана қарады: «Сонда сендер ұққан жоқсыңдар ма?». Студент деген қауымда өзде­рін­дегідей бір естігенін қағып алатын жад жоқ екенін ескермесе керек. Осындай мінезінің кесірі болар, Нәукең көп ұзамай қысқартуға ұшырапты.

Халықтың алақанында жүрген дала жыр­шы­сының жөні мүлдем бөлек болатынын Сыр бойында Балқашбай Жүсіповті көргенде де аңғарып еді. Бұл «Пұшық жырау» атанған әйгілі Мұхамедияр Жабағиевтің ізіне ерген, атақты Нартай Бегежановқа шәкірт болған көшелі өнер иесі болатын. Нарекең «Сарыжарғағым» дейді екен. Көңілі толғаны сондай «Менің әнімді келешекке жеткізсе, осы Сарыжарғақ жеткізер» депті. Қазір қатты кетілген ән болса, сөз жоқ, ол Нартай сазы. Берік шығарған таспалардағы Балқашбай салған әнге маңайлайтын әнші жоқ қазір. Бәрі бұзып айтады.

Консерваторияда Ырыскүл Жүнісова де­ген қыз оқыды. Оның Қызылорданың Қа­ра­ө­зек ауылында тұратын әкесі Нұрбай мен сол қатарлы қариялар жыр десе жанын жал­дайтын. Тыңдағанда да көзіне жас алып отырып тыңдайды. Сыр бойының жас перілері Бекұзақ, Әбдірейім, Оңталап, Сұраған, Ниятолла, Беріктер Қараөзекке жиі ат басын бұру­шы еді. Бір күні автовокзалда қолында қоңыр шабаданы бар жұқалтаң, сары шалды кездестірді. «Балқашбай аға ғой» десті қасындағылар. Жанына батып бара алмады. Өйткені оған тағы біреу тиісе сөйлеп тұр екен. «Үстінде мұрынымның батығы бар, / Сөзімнің тіл үйірер қатығы бар…» деп өлеңдеткен кісінің есімі Әбдірәсіл Жұбатқанов екен. Уағында Сыр бойына, Өзбекстан, Бесқала жағына дәрпі шашылған жыршы. Кейін қиын жағдайда дүниеден озған.

Әлқисса, бұлар жырлап отыр. Кезек Берікке келген. Кеш еңкейген шамада Балқашбай кіріп келсін. Жұрттың назары соған ауды. Ол мұның қолындағы домбыраны алды. Дауысы жоғары емес, бірақ бояуы керемет. Баппен айтады. Өте сырбаз. Ажары кіріп қалған үлкен­дер «Балқашбай-ау, ана шабаданыңды ашсайшы, сосын қолыңа сырнайыңды алып қаңқылдатсайшы», – деп қояды. «Нұрекеңнен бірдеңе тамса, ол да ашылар…» –  дейді Балқашбай жымиып. Шамасы, кезінде үй иесінен талай ат мінген сықылды.

Содан жиын көрші үйге ауысты. Таңғы төрттің шамасында көзі ілініп кеткен екен, күн шыққанда Балқашбайдың дауысынан оянды. Үлкендер де бір-екі сағат көз шырымын алған секілді. Дастарқан жаңартылып, қайтадан жыр тыңдауға кіріскен. Шабадан әлі ашылмапты. Ақырында Нұрекең де иісе керек, шабадан ашылып, қара сырнай қаңқылдады-ау. Енді жыршы тіпті аруақтанып кетті. Сол күйі түс ауғанша жырлады да, автобусқа отырып кете барды. Кеше кештен бүгін түс ауғанға дейін жырлағанда дауысынан бір жарықшақ білінбеді. Салалы жырға түспей, тек қана толғау, терме, ән айтты. Сөз қорының қандай болғанын шамалай беріңіз. Осындай дала академиктерін көрген соң ғой бүгінде бұның да көңілі қоңылтақси беретіні.

Таласбекпен таң асырған жылдар

Беріктің дүниетанымына төңкеріс жасаған адамның бірі – Таласбек Әсемқұлов. Ол кезде екеуі де консерваторияда. Жұма күні еді. Жұмыстан шыққан Берік есік алдында Тәкеңмен кездесіп қалды.

– Ау, Тәке, үйге қайтпайсыз ба? – деді бұл аз-кем әңгімеден кейін.

– Қайда барамын? – деді Таласбек, екі алақанын жайып. – Менде үй жоқ қой. Енді бұл састы. Ағасының салт басты, сабау қамшылы екенін білсе де, оның дәл осы консерватория ғимаратында түнеп жүргенін білмейтін. Жұрт жұмыстан қайтқанда ретін тауып сытылып қалып кетіп, фольклор бөлмесінде, газет төселген тақтайдың үстінде ұйықтайтынын, таңертең дым болмағандай жуынып-шайынып алып, ерте келген кісідей болып жайраңдаған кейіп танытатынынан да хабарсыз еді.

– Үйге жүр, – деді сосын. Дауысы сәл тұты­ғып шықты. Әлгіндегі ыңғайсыздықтың кесірі. Дереу бойын билеп ала қойды. – Тәке, – деді күліп, – ендігі әңгімені келініңнің шайын ішіп отырып айтайық. Шын ықыласы еді. Соны түсін­ген ағасы да жымиып, інісінің ізіне ере берді. Екеуі Беріктің жалдамалы пәтерінен бір-ақ шықты. Дастарқанға буы бұрқырап ет келді, көшедегі дүңгіршектен бірер қылмойын алдырылды. Әңгіме тиегі ағытылды.

Таласбектің тағдыры мүлде бөлек екен. На­ғашысы атақты Жүнісбай күйші кеңес өкі­меті келген тұста Қытайға қарай қашқан. Шекара маңында қытайлықтар бөгесе керек. Соңынан қызыл әскер жетіп қалған. Ел арасында қызылдардың қиянаты туралы әңгіме көп. Қашқан жұрттың еркегінің қарсыласқанын өлтіріп, қалғанын тұтқындап, қыз-қатынның абыройын төгеді. Жүнісбайдың келіншегі ажарлы адам екен. «Жүке, – депті шаң қоюлана түскен сәтте. – Кәпірге қор болғанша өлгенім артық, басымды шауып таста». Қыздай сүйген жары әрі ес біліп қалған ұлы бар, өлімге қалай қисын, Жүкең ат үстінде айнала беріпті. «Ел ішінде қыз көп, қатын аларсың, ұрпақ сүйерсің, бірақ мынадай масқараны көріп тірі жүре алмассың, шап басымды!» – дейді әйелі жанұшырып. Амал жоқ, қынаптағы қылышқа қол салған. Домаланып түскен басты көрген ұлының сол күйі тілі тартылып қалыпты.

Кейін ретін тауып, Қытай асқан алғашқы көшпен атажұртқа оралған Жүнісбайдың екінші әйелінен Таласбектің шешесі туады. «Өнерің жиеніңе қонады» депті түсіне ақ сақалды кісі еніп. Жүкең дереу атқа қоныпты. «Баланы ора», – дейді қызына шай ішіп болғасын. «Көке, қайдағы бала?» – деп атып тұрған күйеубаласын дырау қамшымен бір-ақ тартады: «Сенен кім сұрап отыр?».  Дүниеге келгеніне үш-төрт ай ғана болған Таласбек осылай нағашы атасының үйінен шыққан. Әуелде ешкінің сүтін ішкізген, кейін жас босанған көрші келіншектің баласының несібесіне ортақтасыпты. Ес білгесін  күйшілік өнерді меңгерген. Кемпір-шал дүниеден өткесін де туғандарымен араласпай кеткен. Әуелі медицина институтына оқуға түсіпті. Кейін Мұхтар Мағауиннің көземелімен Абай атындағы педагогикалық институттың тарих факультетін бітірген. Ұлы жазушының қамқорлығын көп көрген.

…Сол күннен бастап Таласбек Беріктің үйінде қалды. «Кет» деп бұл, «кетем» деп ол айтпады. Бір бөлмелі жалдамалы пәтердің төрі соған бұйырды. Бұл келіншегі екеуі екі баланы құшақтап қуықтай ас бөлмеге ауысты. Кейде Таласбектің қасына жатып, таңұзағына әңгімелесетін. Негізінен ол – айтушы, бұл – тың­даушы. Мұнда естігенін сорғыштай сорып алып, ұмытпайтын жыршылық жад бар ғой. Әлем әдебиетінің бар жауһарымен танысты. «Көзіңді ауыртып, көп кітап оқудың қажеті жоқ, – дейтін Тәкең. – Мына жүз кітапты оқысаң, жетеді». Әуелі әлгі кітаптардың сюжетімен Таласбек арқылы танысқан Берік кейін кітапханадан бә­рін қайта сүзіп шықты. Өзі де жиі әңгімеге ара­ласатын болды. Енді Таласбек мұны қызыға тыңдады. Бұл жинаған қолжазбаларға ықыласы ауды. «Менде сендей шәкірт болған емес», – дейтін.

Қазалы ауданында өмір сүрген төртқара Мырза күйшінің шәкірті, өзі де дәулескер домбырашы болған Жалдыбай Елеукеевтің баласы Тұрғанбайдың қолындағы мол мұра бір кезде Беріктің қолына түскен. Тұрғанбай тағдырлы адам, оның үстіне атасы мен әкесінен қалған дүниені кім біреудің қолына ұстата қойсын. Бірақ ол мұның ұстазы, аралдық Әбілхан Махановпен жақсы достығының арқасында Мырзалының жыршы баласын да жақсы білетін. Сол ретпен қолға түскен қазынаның ішінде «Қисса-сул әнбиядан» қалған бір ертегі бар-тын. «Гүл Сәнуарға ғашық, Сәнуар Гүлге ғашық, аяғы болады екен боқтан сасық» деп басталатын бұл ертегі қазақ ауыз әдебиетінде көп айтылатын Атымтай жомарт пен оның ағасы Қасым жомарт туралы. Тек түйіні өзгеше бітетін. Күрмеуінде Атымтай жомарт еркек киімін шешіп, әйел киімін киеді. Яғни ол әйел. Міне, осы сюжетке қатты қызықты. «Мениялы» жайында кітап жазғым келіп жүр, – деді ол көзі шоқтай жанып, – ақшаның тарихы туралы кітап. Ал бұл тарих жер бетіндегі халықтардың ақиқи тарихына жол бастайды. Құдай қаласа, жазамын. Мына ертегінің сюжеті сол кітаптың өзегі болады».

Бір күні шағыр көз, мұртын темекінің ысы жеп қойған, жирен шашты  жігітті ертіп келіп, таныстырды: «Бұл – Ерік Көкеев. Мықты ғалым, дипломдық жұмысымен-ақ төңкеріс жасаған адам. Менің ұстазым». Қызық жігіт екен. Жұмсақ жымиып, езу тартып қана күледі. Таласбектің жерлесі, шұбартаулық. Алматының іргесіндегі Абай ауылында мектепте сабақ береді екен. Әңгімені баппен айтады. Білмейтіні жоқ. Жиі келетін болды. Көбіне қонып қалады. Үшеуі кейде таң атқанша сұхбат құрады.

Бұл екеуінің ғылымдағы стилі де бөлек екен. Ғылыми еңбек деректерді жинап қана қоймай, қабырғалы ой айтуы керек дейді. Ол үшін, әрине, көп оқу қажет. Бұл енді ағаларының ықпалымен Фрейдке, Лордқа, Лосевке көп үңілді. Мифология, мәдениеттану, кескіндеме, археологияға қатысты көп дүниені ежіктеді. Ю.Шиловтың «Космические тайны курганов» атты кітабына сүңгіді. В.Арсеньевтің «Звери – Боги – Люди» атты еңбегін асықпай сүзіп шықты. В.Басиловтың «Избранники духов» деген шығармасымен «ауырды». М. Бойстың «Зороастрийцы» деген туындысын жастанып жататын болды. Бұдан басқа да біраз дүниені шолды. Осының бәрі басқаша ойлауға, деректерді өзгеше жүйелеуге үйретті. «Сыр бойының жыраулық-жыршылық дәстүрі» атты кандидаттық диссертациясын қорғағанда сонысы кәдімгідей аңғарылып тұрды.

– Кеттік – деді кейінгі бір жылдарда Таласбек, – «Ана жынды жазған дүниелерінің бәрін таратып жатқан көрінеді». Екеуі дереу Абай ауылына  жетті. Шынымен де Еріктің жағдайы өте мүшкіл екен. Ішкілікке біржола беріліпті. Кері қайтпайтын күйде. Қолжазбаларының біразын жұртқа үлестіріп жіберген. «Сөредегі дүниелерді жина» – деді Таласбек. Бұл жинап, сөмкесіне салды. Бес мақала: «Үңгір», «Мүшел», «Есім тергеу», «Хайуанаттар мәнері», «Ажа». Өзінің елден жиған бүкіл қолжазбасын иелі жеріне табыстаған Беріктің мұрағатында осы бес мақала әлі тұр. Қадіріне жетіп, кітап қылып шығаратын адам болса, қолына бермек.

«Қадіріне жетіп» демекші, бір кезде осы дүниелермен танысқан Әмірхан Балқыбек басын шайқап, қатты таң қалған көрінеді. Бір мақаласын әзірлеп, «Кентавр» газетіне жариялапты. Айта кетейік, Ақберен Елгезектің идеясымен шығып, Маралтай редакторлық еткен, әдеби ортада үлкен серпіліс туғызған бұл газетте Берік Жүсіп те жұмыс істеді. Бір қы­зығы, Еріктің көзі тірісінде «Асадал» атты жалғыз-ақ мақаласы жарық көріпті. Ал оның еңбегін пайдаланып диссертация қорғағандар көп көрінеді. Айтпақшы, Ерік дүниеден озды деп естігенде Берік Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының басшысы. Алматыға жеткесін қасына жақсы бір фотограф алып, Абай ауылына асықты. Өйткені Ерік өзі жұмыс істеген мектепте бір кабинеттің қабырғасына жер бетіндегі бүкіл хайуанатты бейнелейтін сурет салған. Арыстанның бауырынан жолбарыс, жолбарыстың тұяғынан аю, оның желкесінен  қасқыр, одан тағы бір аң «балалай» беретін, бір қарағанда, шым-шытырық болып көрінетін туынды, бажайлағанға тұтас мифологиялық үйлесім, ғажап дүние еді. Соны түсіріп алуға асыққан. Бірақ кеш қалыпты. Мектептегі пы­сықайлар сурет салынған қабырғаны сырлап үлгерген екен.

Жә, бұл кейінгі әңгіме ғой, енді ХХ ғасыр­дың 90-жылдарына,  Таласбекке оралайық. Ол Беріктің үйінің бір мүшесіне айналды. Тіпті бір күні өзгешелеу қолқа салды. «Менің ендігі өмірім өзіңмен байланысты, бауырым.  Үйленбеймін деп шештім. Мына Әбдіманапханды менің бауырыма сал. Тұрғызып жатқан үйіңнің (Бұл кезде Берік Алматы маңындағы Іргелі ауылында үй құрылысын бастаған. – Б. Б.) жертөлесін маған шеберхана етіп бер». Бұл есінен танып қала жаздаса да сыр берген жоқ. Келіншегі Гүлфайрузбен ақылдасты. «Жалғызілікті адам ғой. Наласы да ауыр болар. Бала, әйтеуір, көз алдымызда жүрсе…», – деді ол. Әйеліне ырза болды. «Айтқаның болсын, Тәке!» –  деді сосын шай үстінде. Ол көзіне жас алды. Өзі де қатты босады. Гүлфайруз шәйнегін алып, ас үйге кеткен болып, ұзақ уақыттан соң оралды. Бәрінің иығынан үлкен жүк түскендей болған.

Сол тұста ауылдағы жағдай күрт қиындап, Берік әке-шешесін Алматыға алды. Мырзалы ақсақал Таласбекті бірден ұнатты. Үлкен кісіден атасы Жүнісбайдың бойындағы ірілікті  көрген ол да тез бауыр басты. Кемпір-шалға еркелеп, кейде орталарына жатып алатын. Дап-дардай азаматтың әп-сәтте  балаға айналғанын көріп, бұлар да мәз болды. «Әй, Таласбай, – деді бір күні ақсақал ерекше елжіреп, – Туысың бөлек жан екенсің. Мына Берікжанның Алматыда ағасы жоқ еді, сен аға бол! Ал, кәне, қолдарыңды жайыңдар, мен батамды берейін». Әу бастағы сыйластық енді осылай туыстықпен бекіді.

Таласбек енді бастапқы ниетінен айнып, үйленбекке бел буды. Көп ұзамай белгілі ғалым Зира Наурызбаевамен шаңырақ көтерді. Енді қонақ болып келіп тұратын болды. Сондай бір сәтте ерлі-зайыптылардың алаң көңілін аңғарған Мырзалы ақсақал «Ай, Та­лас­­бай, Құдай қаласа ұзамай ұл да, қыз да сүйесің. Қызыңның есімін Хадиша деп қой, пайғамбарымыздың зайыбы ғой, иншалла, жаман болмас. Ұлыңның ныспы Жансүгір болар. Мына Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ағалары, түп нағашымның аты еді, ол да бөтен болмас…». «Әумин!» деді Тәкең шын риза кейіппен. Көп ұзамай әуелі қыз, кейін дүниеге ұл келіп, жоғарыда аталған есімдерді иеленді. Бұл кезде Мырзекең «түйе қарап» кеткен болатын…

Екі мың сағаттық қазына

«Сөздің басы бісміллә, / Бісмілләсіз іс қылма» дейді жыраулар. Беріктің бісміллә деп кіріскен ісі – жыр. Осы жолда оның барлық шаруасын Алла тағала өзі реттеп отырды. Бұған Жаратқан Ие кезіктірген адамның бірі Қаһарман Бабағұлов. Кезінде лауазымды қызметтер атқарған, бизнеске елу бес жасында араласып, жетпісінде дүниеден озған. Дегдар адам еді. Берікті қасына ертіп жүрді. Әңгімесін, жырын тыңдады. Алыс сапарларға көлікпен шыққанды ұнататын. «Жырлашы» дейді кейде Берікке. Сосын көзін жұмып алып,  ықыластана тыңдайды.

Бір күні бұл баяғы Сыр бойының әнші, күйші, жыршыларының үні жазылған таспаларды ала шықты. Қаһаң елтіп отыр. Көліктегі магнитофонның ішіне кіріп кетердей халде. «Апырай, – деді бір кезде, – Жас күнімде тыңдап едім. Енді, міне, «Тауда жүріп таста өскен, ағайыннан басқа өскен Ордабайдың» өзі болып шыға келіппін». Біршама уақыт үнсіз қалды. – Айналайын-ай, сен мені тамырыма қайта жалғадың-ау, – деді сосын бұған емірене қарап. Бұның бәрін қайдан тауып алып жүрсің?».

– Ағажан-ау, ініңнің кәсібі осы емес пе? Өмір бойы құм ішінен алтын теріп келе жатырмын ғой.

– Ендеше, – деді Қақаң күрт серпіліп, – Сыр бойының музыкалық мұрасын жүйелеуге кіріс. Мен толайым шығарып беремін.

– Ағажан-ау, ол дегенің қыруар қаржы ғой, – деді бұл жан дауысы шығып. Қорыққан мен қуанған бірдей деген рас-ау, тегі.

– Тәйт! Шаруаңа кіріс дедім ғой. Сенен ақша сұраған біреу бар ма? Бетіне қарап еді, ағасы «Айттым – бітті, кестім – үзілді» кейіпке енген екен. Бұл енді қарсыласқан жоқ. Енді тек қолдағы бар дүниені жүйелеу керек. Көп қазына жиғаны рас еді.

 Кезінде облыстық радиолар тарататын хабарлар Мәскеу, Ал­маты және  жергілікті хабарлар болып үшке бөлінетін. Кейін радиоға жабылу қаупі төнген кезде әлгілердің бәрі талан-тараж бола бастады. Кейбір таспалардың үстінен басқа жазу жазылды, көбі амалсыздан бұрыштан «орын тепті». Сондай қазынаның үстінен шыққан бақытты адамдардың бірі – Берік. Қызылорда облыстық радиосының басшысы Жақсы­лық Бекқожаев бұған ерекше ықы­лас танытып, қолда бар дүн­иені алдын ала түгел көшіріп берген.

М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының музыка қорындағы дүниелерді де тұтас түсіріп алған болатын. Өзі сол күндері Қазақ радиосында жұмыс істейтін бұған тек соны жүйелеу ғана қалып еді. Аз күнде бітіремін ғой деп ойлаған. Алдан күтпеген қиындықтар шықты. Таспаларды радионың кәсіби аппаратына салған кезде «сөйлемей» қалды. Сөйтсе, кілтипан мынада екен. Көп таспа тозған, әбден бүлінген. Ана жырау мен мына жыраудың жыры араласып, сапырылысып кеткен. Енді іріктеп, ажыратып, қайта тазалау керек. Айлап әуре-сарсаңға түсті. Түк шығар емес. Үміт үзіліп бара жатты…

Міне, сол кезде жұмыс телефоны шырылдасын. «Маған Бе­рик Жусупов керек», – деді труб­ка­ның арғы жағындағы апай орысша акцентпен. «Мен Зәуре Жанұзақова деген апайыңмын. Есіңізде болса, мені сізбен Оразгүл Әмірәліқызы таныстырған». Оразгүл Нұрмағамбетова дегенде Берік елең ете қалды. Өйтпегенде ше, кезінде әйгілі Көшеней жыршыны Мәскеу жұртшылығына таныстырған, «Қобыланды батыр» жырын Н.В.Кидайш-Покровскаямен бірге орыс тіліне аударып, онысы «Эпос народов СССР» сериясына енген белгілі ғалым бұл кандидаттық қорғағанда оппонент болып еді. Лезде шаршағаны ұмытылып, Зәуре апайымен ықыластана сөй­лесті. Апайы мұның үйін, тұр­мысын көргісі келеді екен. Келіншегі перзентханаға түскен шақ еді, дегенмен балалары бар, өздерінше дастарқан жасап, апайды шаңырағына алып келді. Мейман шаруасын бірден айтқан жоқ. Әуелі үй ішін мұқият қарап шықты. Жазу студиясы барын көрді. Шай үстінде бұның әрбір сөзін таразылап, сынай қарап отырғанын аңғарды. Сол кезде қоңырау соғылды. Гүлфайруз екен. Қызды болыпты. «Сіз құтты қонақ болдыңыз, – деді бұл ағынан жарылып. – Перзентіме Нұр­шашты-Нұрғазиза деп есім бергелі отырмын». Апай да қат­ты қуанды. Тек шаруасын ай­туға асығар емес. «Сізді іздеген себебім бар, – деді тек өз үйіне жақындаған тұста көлік ішінде. – 1961 жылы Тіл-әдебиет институтынан Әдебиет және өнер институты бөлініп шыққанда Ахмет Жұбанов фольклор бөлі­мінің меңгерушісі болды. Содан дереу жан-жаққа экспедиция ұйымдастырды. Музыкатанушы ретінде Қарақалпақстанға аттанған топтың құрамына Талиға Бекқожина, Қызылордаға мен бекітілдім. Мардан Байділдаев, Мұхамедрахым Жармұхамедов үшеуміз қыруар дүние жазып алып келдік. Кезінде институтқа соның көшірмесін тапсырдым. Түпнұсқа өз қолымда. Соны сізге тапсыруды жөн көріп отырмын. Ертең түсте күтемін».

2008 жылдың 21 наурызы еді. Қазақша жыл басы. Қос қуаныш қатар келіп тұр. Дүниеге күткен қызы келді. Оған қоса көктен іздегені жерден табылды. Ұйықтай алмады. Зәуре апайдың әр сөзін қайта зерделеп, әрбір қимылын електен өткізді. Сонда барып, санасына бір сәуле түскен. Ол кісі мұның тұрмысын көріп, өзін қайта «тексеруден» өткізіп алған екен ғой. Өйтпегенде ше, анадай байлықты кім көрінгеннің қолына ұстата салмасы анық. «Ертең түсте күтемін». Демек сенгені. Жүрегі атқақтай соқты. Енді таң атып болсайшы.

Уағдалы уақытта жетіп барды. Апай шкафты ашып, қырық алты жыл көзінің қарашығындай сақтаған асыл қазынаны мұның қолына ұстатты. Айтпақшы, содан бір ай бұрын Ғалым Есенсариев ағасы екеуі бұрынғы катушкаларды ойнататын магнитофон іздеген. Бұрын телевидениеде жұмыс істеген бір орыс шалда су жаңасы бар екен. Жүз грамын құйып беріп отырып,  бағасын сұрап еді, «бес мың»  деді. Бес мың долларыңыз қыруар ақша. Бірақ мұның құны сол шама екені де рас. «Үш мыңға түсіңіз» деп қиылып еді, шалың шарт сынды: «Үш мың теңгеге бергенше лақтырып тастағаным артық емес пе?». Сөйтсе, теңгемен сұрап тұр екен ғой.  Дереу қапсыра құшақтап шыр айналдырды да, қолына он мың теңге ұстатты. Анау аң-таң. Бұлар магнитофонды алып, асығыс қоштасқан.

Міне, сол магнитофонға әлгі таспаларды салып еді, тұп-тұнық үн шықты. Мұзарап, Рүстембек, Әбілда, Мұхамедияр, Күндебай… Отыз шақты жыршының үні құдды жаңа ғана жазып алған сықылды саңқылдап тұр. Он CD дискіден тұратын «Сыр сүлейін сұрасаң» атты музыкалық антология көпшілікпен осылай қауышып еді. Тұрмағамбет пен Базар жырау шығармаларының ғылыми басылымы да қоса шық­қан. Қаһарман ағасы осы игілік­тің жолына жетпіс мың доллар жұмсады. Бір джиптің құны. Те­мір тозар, ал мынау мәңгілік мұра ғой.

Енді ойлап отырса, барлық шаруаны Құдай үйлестірген екен. Өзі дәнекер ғана. Алла тағала басқаның емес, сол жұмысты мұ­ның маңдайына жазыпты. Осы жолда күресу үшін өр мінез, кеуде беріпті. Шүкір! Берік отыз жастың шамасында қолындағы қолжазба атаулының барлығын дерлік иелеріне тапсырған. Қа­зір өзінде екі мың сағатқа жуық үнтаспа бар. Сыр бойы, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан қазақтарының көп жауһары соның ішінде. Өркениетті елдердің өлшеміне салсақ,  баға жетпес байлық. Оны әзірге біреуге беруге қорқады. Себебін жоғарыда айттық. Берік­тің пікірінше, көне мұраны тазартқанда өте абай болу керек. Бұл істі хас маманға ғана тап­сырған жөн. Ондай адам Қазақстанда әзірге жалғыз. Ол – қобызшы Саян Ақмолда. Бірақ ол да шаруабасты. Ал сахнаны жаулап алған көп жалаңбұттың әнін әрлеп жүргендердің қолына әлгі байлықты ұстату – қылмысқа барабар іс. Бірақ оны түсініп жатқан кім бар…

Ғылымдағы тың тәсіл

Өткен ғасырдың 30-жылдарында серб-хорват еліндегі гуслярлар шығармашылығын зерттеген Гарвард университетінің профессоры, белгілі эпостанушы А. Б. Лорд ғылымға тың әдіс енгізді. Орыстар  «стационарный метод изучение» дейтін бұл тәсілді қазақшаласақ барлап зерттеу дегенге келеді. Гусляр дегеніңіз жыршы. Ал шығармашылық иесін барлап зерттеу деген не? Лорд гуслярды әуелі жеке жырлатып көрген, сосын ортаға түскендегі көңіл күйін зерделеген. Гуслярдың жасындағы алымы, қырықтағы қарымы қалай, елуде ентігіп қалмай ма? Осы жылдар ішінде ол айтатын жыр мәтінінде өзгеріс бола ма, жоқ па? Жеке жырлағанда нені ұмытты, ортаға түскенде не қосты немесе керісінше. Міне, осының бәрін қадағалап, тасқа түсіріп отырған. Оған, әрине, Гарвард университеті қыруар қаржы бөлген. Әне, өнер-білім бар жұрттар ғылымға қалай көңіл бөледі? Осындайда соғыс жылдарында Мұрын жырауды қандай іске алғысыз әдіспен жазып алғанымызды ойласаң, жылағың келеді. Сосын жыршы мүлде керек болмай қалған қазіргі кезеңді еске алсаң, қалай дегенде де, сол жыршыны жазып алып қалған кеңес өкіметіне алғыс айтасың.

Кеңестік эпостану ғылымы жырдың көркемдік ерекшелігі мен типологиялық ортақтығын ғана жіті зерттеді. Ал жыршыны шығармашылық тұлға емес, «біреудің айтқанын қайталаушы» ретінде қарастырды. Десе де, Б. Н. Путилов секілді орыс ғалымдары өз ұлтының сказительдерін зерттегенде, әлгі Лорд енгізген жаңалықтарды тиімді пайдаланды. Қазақ зерттеушілерінің арасында А. Бұлдыбай Лорд тәсілі туралы ғылыми еңбегінің бір тарауында сөз қозғады. Бұл әдісті қазақ фольклористикасына тұңғыш енгізіп, «Эпикалық жыршылық дәстүр: репродуктив-туындатпа, креатив-шығармашылық егіз қосарлану мәселесі» атты тақырыпта докторлық диссертация жазған ғалым Берік Жүсіпов. 

Жаңалық енгізу оңай болған жоқ. Себебі барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Арқаңда тіреп тұрған Гарвард университеті жоқ, ал өкіметіңізге жыршыңыздың құны арық қойдан да төмен. Не істейсің? Амал жоқ, тағы да Қаһарман ағасына барды. Түсіндіріп айтты. Ол кісі бірден келісті. Енді бұл Өзбекстанның Кенимех ауданындағы әйгілі Қалдаш жыршыны Алматыға алдыртты. Қаһарман ағасы «Дөйт» мейрамханасында екі жүз адамның басын қосып жыршының қамау терін алды. Кейін Талғардағы Асан інісінің үйінде тағы жырлатты. Қалған күндерде Берік Қалдаш ағасымен жеке сырласты. Лорд әдісінде «Жыршымен жеке сұхбат» деген тарау бар. Онда оның аты, тегі, лақап аты, жыр қоры, заманға, қоғамға, екінші жыршыға және өзі айтатын жырға деген көзқарасы, былайша айтқанда, көп адам аттап өтуге тырысатын «майда-шүйделер» тұтас қағаз бетіне түсіп, зерделенуі тиіс. Бұл осы тәсілмен Қалдашты сарқа жазып алды. Лорд секілді әр он жыл сайын жазатын мүмкіндік қайда, осыған да шүкір деген. Екі көзі әз болып қалған Қалдаш кезінде оншақты дастан айтқан екен. Ішінде Б. Майлиннің «Рәзиясы» да бар. Бүгінде «Қара қасқа атты Қамбар» (Қалдаштың нұсқасында «Қара қасқа атты Қамбарбек». – ред.)  мен қарасақал Ерімбеттің «Сәдуақас сахи» атты дастанын ғана түгел айтады екен. Алпысқа жуық күйден он шақтысы ғана қалыпты.

Зерттеу нысаны болған екінші орындаушы Жақсылық Елеусінов еді. Маңғыстаулық жыршыны да Алматыға алдыртып, түрлі ортада «Бегей батырды» жырлатты. Жеке жазып алды, сұхбат құрды. Екі жыршыны салыстыра, салғастыра отырып зерттеген Берік мынаны аңғарды. Жыршылар екіге бөлінеді. Бірінің топқа түскенде айтқан жырының мәтіні қашан, қалай айтса да көп өзгере қоймайды. Соның өзінде кейбір ұмыт қалған бөлшектер қосылып, қайта түсіп қалып отырады. Кейде бірер шумақ, кейде одан да көп. Бірақ негізгі жосын сақталады. Қалдаш сол типтегі жыршы. Ал Жақсылық мүлде басқа. Ол «Бегей батыр» жырын үш жерде үш түрлі етіп айтты. Тіпті сюжет, мәтінге дейін бөлек. Тұтас импровизация. Оны тыңдап отырып, Лордтың «Жыршы жыр мәтінін толық сақталмайды, мыңдаған, миллиондаған формулдар ғана сақталады» деген пікіріне ұйыды. Формул – жалпы жоба, ілкі қайырымдар мен сөз оралымдары. Жақсылық солай. Ол әңгіме айтса да, солай айтады. Содан келіп, халық арасында «Ол өтірік қосады» деген пікір туады. Бұл жыршының табиғатын түсінбегеннен, дәлірек айтсақ, оны талдап ұғындыратын ғылымның жоқтығынан шығатын сөз. «Мысалы, мен өзім қандай да бір мәтінді жаттасам да сол бойы айтып кете алмаймын. Міндетті түрде таңасуым керек. Түнде түсімде сол мәтінді қайталап айтып шығамын, сонда ғана ол маған толық сіңеді» дейді Берік. Бұл да жыршылық өнердің бір тылсымы да.

Ғылыми ортада «Көшеней Рүстембеков Сыр бойындағы өліп бара жатқан жыршылық өнерді қайта тірілтті» деген лепес бар. Берік те кеңес заманындағы өңірдегі жыршылық дәстүрді «Көшенейге дейін және Көшенейден кейін» деп қарастырғанды жөн көреді. Оның байламынша, Көшеней сахналық үлгі қалыптастырған өнерпаз. Бұдан ұтқан тұсымыз бар, ұтылған жағымыз да аз емес. Ұтқанымыз, Көшеней үлгісінің жыршылық дәстүрді  сақтап қалуға көп септігі тиді, ұтылғанымыз, көп жыршылардың өзіндік бет-бейнесі жоғалып, көшенейшілдікке ұрынды. Көне мақам, ескі ырғақ күңгірт тарта бастады. Мысалы, бұрын Мұзарап, Күндебай, Әбілда, Балқашбайды салған мақамынан жазбай танитын болсақ, енді көп жыршыны тани алмайсыз. Дегенмен көшірмеге айналмай, өз жолымен келе жатқан жыршылар әлі де бар.

Ғылыми еңбегінде «Эпикалық жыршылық дәстүрдегі репертуар мәселесі» деген тақырыпты қаузаған Берік жыршыларды эпик жыршы немесе кәдуілгі жыршы деп екіге бөлді. Эпик жыршы репертуары салалы жырдан қалыптасады. Домбыра ұстап, топқа түскеннің бәрі бірнеше дастанды біле бермейді.

Мысалы, ол Көшенейді эпик жыршылар қатарына қоспайды. Атағынан ат үркетін ғалымдар «Көшеней «Алпамыс», «Қобыланды», «Көрғұлы», «Қыз Жібекті» жырлаған», – десе, бұл «Жоқ, жырламаған, тек шағын үзінді айтқан», – дейді. Онысын және ғылыми деректермен дәйектейді. Мысалы, Оразгүл Нұрмағамбетова «Қазақтың қаһармандық эпосы «Қобыланды батыр» атты докторлық монографиясының соңында «Қобыландыны» толық жырлаған қазақ, қарақалпақ жыршыларының тізімін берген. Онда Көшенейдің аты-жөні жоқ. Осындай мінезінен ылғи өзіне жау тауып алып жүреді. Бірақ қыңбайды. «Құрысын, нең бар…» десең, екі көзі төңкеріліп шыға келеді: «Не айтып отырсың? Әй, адам деген баққан қойын да санайды ғой. Жүз қойың болса, оны қалай мың қой дейсің…». Рас қой. Айналаң ылғи «мың қой айдайтындарға» толы заманда Беріктің тұлғасы зорая түсетіні содан шығар.

Ғылымда ғана емес-ау, өмірде де Берік ешқашан өз көзқарасынан айныған емес. Бір жерге басшы болып тағайындалды ма, бірден өзгеріс жасауға кіріседі. Өз саласын жақсы білетіндіктен жоғары жақтың ыңғайына жығыла бермейді. Пәленшенің беделіне, түгеншенің қас-қабағына қарап жатпайды. Ағайын-туыстыққа, Мәке-Жәкеге құрылған біздің қоғамда бұлай істеудің болмайтынын біле тұра сөйтеді. Біреулердің аяғын саналы түрде басады. «Даулы бас ерге керек, даусыз бас қара жерге керек» дейтін Тұрекеңнің сөзін жиі айтып өзі де күледі. Содан соң жұмыстан шеттетіліп, домбырасын құшақтап жатқаны…

Домбыра демекші, Берік бір сұхбатында пойыздың үстінде Жарқын Шәкәрімнің мұның домбырасын байқамай сындырып қойып, оны Жүрсін Ерманның «естірткенін» айтты. Расында да, өнер адамы үшін бұл үлкен шығын. Марқұм Жәнібек Кәрменов «Домбыра шабуға қайыңнан гөрі қарағай дұрыс. Оның да ұрғашысын таңдау керек, сол шыққыр болады…» деп отыратын. Мырзалы баласының қолында атақты Жақас қожаның қозықұйрық домбырасы бар. Кезінде Ақбастыға Бесқаланың жидесінің өзегінен ойылған екі домбыра келгенде біреуін осы қожекең иеленіпті. Ол бақсы болған адам. Өзгелер қобызбен зікір салса, бұл домбыраны пайдаланған. Талайды дертінен жазып, жоғалғанын тауып берген. Өзі дүниеден озғасын кемпірі Ақтөбеге қарай көшеді. Белгілі бір себептермен домбыра Ақтөбе облысы Ембі ауданында тұратын Беріктің жездесі Сәндібай Имағамбетовтің қолына түседі. 1987 жылы Нәзипа апасын іздеп барғанда, Сәкең осы домбыраның жайын мағұлым етті. Бақсының мүлкі болғасын қорқады екен. Екеуі сарайда, киізге ораулы тұрған домбыраны ашты. Беті мен алақаны жоқ, дүмі жарылған. Тым ұзын екен. Қолы жетпеді. Алпамсадай Беріктің қолы жетпегесін, бұрынғы иесінің қандай еңселі болғанын шамалай беріңіз. Алматыға жеткесін шебер іздеді. Тапты ақыры. Әлгі жазған бетін салып, бүйірін еден сырлайтын көк сырмен бояп беріпті. Әйтеуір, үні шығып тұр. Оны қайтадан жеті күн қырып, тазалады. Сосын Жолаушыға барды. Мән-жайды түсіндірді. Осылай да осылай. Домбыраның «алақанын» өзгертіп, дүмін жамау керек. Сосын тым ұзын, сәл қысқарту қажет. Шебер үнсіз тыңдап, басын изеді. Екі айдан соң барғанда танымай қалды. Шіркін, ағаштың тілін білетін адамның жөні бөлек қой, домбырасы жарқырап тұр. Қысқарған, үні зарлы екен. Міне, отыз үш жыл болды, сол домбыраны тұтынады. Алыс іссапарға алып шықпауға тырысады, концертке барғанда да қайтқанша асығады. Ешкімге ұстатпайды.

Домбыраның киесі туралы естіген бір ағасы жата жабысты. Бір жылдан астам уақыт сол үйде тұрды. Құдайдың құдіретін қараңыз, сол жылы мүддіғалары орындалды. Бұны естіген тағы бір ағасы алып кеткен. Бір күні барса, домбыра сынып жатыр. «Байқамай қалдық» дейді. Жаны ышқынып кетті. Тағы да Жолаушыға жетті. Сәл қабағын шытқан ол алып қалды. Біраз уақыттан соң барса, домбыра тіпті зарлап тұр екен. Содан бері ешкімге берген емес…

Серб-хорват жұрты гуслярларынан, орыс халқы сказительдерінен баяғыда айырылды. Құдайдың құдіреті, бізде жыршылық дәстүр әлі бар. Бірақ өлімші халде. Оны қалай да тірілту керек, сақтау парыз. Әйтпесе, енді бір жарты ғасырдан соң орнын сипап қалуымыз мүмкін. «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты / Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» дейді Мұқағали. Кешегі сүлейлер мен қасқалардың сарқытын сарқып ішкен Берік сияқты санаулы жанкештінің қадірін біліп жүрміз бе?

Әй, қайдам…

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

ПІКІРЛЕР3
Аноним 07.03.2020 | 10:37

Пай-пай, Бауыржан аға! Керемет!

Аноним 24.05.2020 | 20:11

Керемет! Автордын аты жөнін таппай отырғаным…

Аноним 07.03.2024 | 16:50

Керемет жазылған екен Алла Тағалам жар болсын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір