Сабырды сарқып алмайық…
10.04.2023
469
0

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,
ҚР Халық артисі

Мен – өнер адамымын, салқын ақылға салып, сылтың мінез көрсетіп, сайқал саясат­ты ойлап, екі шоқып, бір қарайтын сақ көңілмен емес, көбіне жүрекпен сөйлейтін шермендемін. Шектен шығып, шідер үзбегенімен, ел қамы мен ертеңім үшін үндемей де қала алмайтын мінезім бары әмбеге аян. Шер сөзі тек мұң арқалау, уайым шегу ғана емес, армандау, ертеңгі жақсы өмірді аңсау деген сияқты тәт­ті тілектерден де тұрады емес пе? Бұл жерде Байронның Чайлдь Гарольд сынды кейіпкеріндей қара шекпен жамылып, елден аулақ кетіп, шеткері төбеден төмендегі өмірге сын айтып, ал өзі оған араласпай, еш атсалыспай, «күл болмасаң, пұл бол» деп шет қалу – елін сүйген адамға тән қасиет емес. Керек десеңіз, бұл – өзің өмір сүріп отырған заманға сатқындық, айналаңа, қоғамға қастандық, ертеңіңе немқұрайдылық. Осындай қорқынышты күй, елімізді қаңтар қасіретіне әкелгенін ой орманына салып, мойындағанымыз абзал. Жалғандық пен ұрлық жайлаған отыз жыл бойы мыңқ демедік, үндемедік… «Үндемеген үйдей бәледен құтыладының» керімен, ұры-қарыларға көпе-көрнеу құлдық ұрдық… Заманында Абылайдай апайтөс ханның көзіне тура қарап, «Ей, Абылай, Абылай!… Тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Үйсін Төле бидің түйесін баққан құл едің! Әкең – күмән әуелден… Оны да мен білемін!… Орыспенен қағынба, Жұртыңа жаулық сағынба!» деген Бұқар жырауымыз болмады. Керісінше, «… сіздің өніміңізбін», «жетпіс ханның жасай алмағанын сіз жасадыңыз», «қазақтың бағына туғансыз», «Елбасындай ерен тұлға тұрғанда, еліміздің ертеңіне сенеміз!» деп көпірдік! Не болдық? Қасірет­ті қаңтар болдық! Шырыл қаққан жалғыз Шерағаң еді! «Араны ашылған қыран… – деді марқұм… – не аңды алады, не аңшының өзін алады!». Деді ме? Деді! «Қазаннан қақпақ кетсе, ит­тен ұят кетеді!» деді! Қайсымыз көңіл қойдық соған? Қайсымыз құлақ астық!?. Ұяты ұмыт болған ұлтына, араны ашылып, жарбаңы жайлаған айналасына жер болып, уайым арқалап, шер жамылып, жалғаннан жапа шегіп, өксікке толы көкірегі қарс айрылып, жаназасы шығарылмай жер жастанып шейіт кеткен әкесі Мұртазаны іздеп, анасы Айшаның азабын арқалап өмірден өт­ті де, тарихы терең Тараздың қақ ортасында қасқайып тұрған тас мүсінге айналды! Дүние дүрмегі десек те, оның күрмеуін тарқату соншама жанкештілік қажет ететінін біліп те білмей, неше әт­теген мен әпербақандықты бастан кештік… Кер замандағы Қараменде бидің «сөз ем болудан кеткен, ауыздан шыққан жел есебінде болған» заманын біз де өткердік. «Адамның басы – Алланың добы» екені ақиқат шығар, алайда заманның қоры емес-ті! «Адамды заман илемек…» деп зар жылаған күні кешегі хәкім Абайдың кезеңінен бері иленуіміз ақылға сияр емес… Алайда… Заман емес қой бұзылған, адам ғой! Адам! Күн орнынан шығады, Ай орнына батады… Неге бұлай болдық?.. Тұяқ серпер тегеурін бұйырмаған ба қазаққа?.. Бастаушыға жарымадық па?.. Отыз жетіде тамырымызға балта шабылғанда көктей солдық па, тұқымымыз тұздай құрыды ма? Не болды?.. Жауабын бәріміз білеміз, білмеген боламыз… «Патшаң соқыр болса – бір көзіңді қысып жүр»… «Бастан келсе – өлдік, көт­тен келсе – көрдік…». Есеңгіреген еңкіш заманда, еңсе көтермеудің ұраны болған осы мақалдарды суқаным сүймейді! 

Болмаса… Отыз жылғы тілегіміз қабыл болып, келді ғой енді бастау­шымыз… Басымыз неге қосылмайды, жөнге неге құламаймыз?.. Әлде әдет боп кеткен әреке деген көк ауру ағзамызды кеулеп, ешнәрсеге селт еткізбейтін көкезу күйге шалдықтық па?.. Аталарымыз сөзге тоқтаған тектілер еді ғой! Қасиет­ті Ұлытаудың етегінде, Жошыхан жатқан жотаның баурайында, жақсы мен жайсаңымыз түгенделген Құрылтай өт­ті… Аталы сөздер айтылды, баталы шешімдерге бастау болған ізгі ниет­тер межеленді! Бір ғасыр бойы ғадауат күй кешкен, үш бірдей қасиеті артық қазақ деген қамрықты елдің қаны сіңген өңірдің аты аталып, түсі түстелді! Ұлытау, Абай, Жетісу болып байрағы желбіреді! Естияр қазақтың ескі заманнан бері еш ұмытылмай есінде жүрген үш облыс болып белдері көтерілді!Салақ мектеп оқушысының сатпақ дәптеріндей, қайта-қайта түзетіліп, қосылып-қиқаланған, жыл сайын «жаңарып», жәдігөйлердің қалта блакноты болған айналайын Ата заң,.. қата заң… шата заң бидай-былдырық баптарынан тазартылып, бүкіл елдің талдауына түсіп, түлеген, ойда жүрген орынды өзгертулерді жасатқан Референдум өт­ті! Мұқым дүниеге мазақ болған ұят­тан арылдық! Көріп тұрып, «қой дейтін қожа, әй дейтін ажа» болмағаны, осындай әлемдік ұятқа бойымыз үйренгені – үрей деген ұры сезімнен арылмағанымыз… ертеңіміз үшін еңіремек тұрмақ, ес-жадымыздың елең етпегені сұмдық емей немене, жантүршігерлік сұрапыл жағдай емей немене! Қазаққа Құдайдың көзі оң екен… «Ештен – кеш жақсы» деген… Басшымыз һәм бастау­шымыз батыл жарлық шығарды! Әмриканың екі жүз жылдан астам уақыт­тан бері бір өзгермеген Конституциясындай болмаса да әжептәуір жөнге келді емес пе!Қазақ қоғамының жегі құртына айналып, қылмыскерге емес, қаймана халқына қарсы шабатын әдет­ті қалыпты күйге келтірген, осы заманның бақтығұлдарын тудыра бастаған, жоғарыдан төменге дейін ауыз жаласып, әбден былыққан, қылмыстық баптың өзін бедеу белдеріне байлап, ыңғайлап алған, парадан басқаға дес бермейтін, сот, прокурор, бисымақтарды да ауыздықтайтын Конституциялық Сот атқа мінді! Көк қағаздан миллион парамен ұсталса да, қылы да қисаймаған небір жебір «Нилер» осы мәртебелі Сот­тың жоқтығынан тайраңдап, әділет­тің үстіне дәрет сындырып, сайран салғаны есте шығар! Бұл жағдай да – отыз жыл күткен тәр емес пе еді – Басшымыздың батыл да, баршаның базына зарына айналып, айызын қандырған бірегей жарлығының бірі – осы ғой! «Айтпаса сөздің атасы өледі!»

Өзінің жалаулы сөзден ада, нақты һәм нұсқалы Жолдауында жұртқа жария еткен бастамаларын бүгіндері түгелдей іске асырылып жатқанын көріп отырғанымыз жалған ба? Бұйрықты, қисынды Президент­тік тағын мәңгілік меншік етпей, жалқы мәрте ғана, жеті жылға шегендеуі – нағыз елжандылық! Мемлекетшілдік! Қазақы ұғымға да жөнімен үйлесіп тұрған, қасиет­ті жеті сан, халқына қалтқысыз қызмет етудің Жеті Жылы! Тот баса бастаған Сенат­ты жаңартуы, Мәжіліс сайлауын тек партияларға телімей, аралас болуына бастау салғаны, ел қамын күйт­тейтін депутат­тардың үштен бірі партиялардан тыс, ерікті, еркін ойлы белсенді азамат­тардың қатарынан болуы да – әлі талай демократиялық өзгерістердің бастауы екенін білдірсе керек. Осы батыл өзгерістерді елжандылықтан кетіп, таққұмарлыққа апарып алжассақ, дау-дамайға ерік беріп, әлімсақтағы ауруымызды қоздырсақ, өз обалымыз өзімізде болады!

Бірмандат­тық, мәжілістегі мажоритарлы депутат­тыққа ұмтылыстың соншама көп болғанына қуануымыз керек деп ойлаймын. Демек елімізде азамат­тық белсенділік белең алғаны, Президент орнатып жатқан еститін билікке сенгендік, ертеңіміздің еңселі болуына мүдделілік деп, жақсыға жориық! «Жаңа Қазақстанды» орнату құр сөзбен іске аспасы белгілі. Соның орнайтыны жайындағы сенімнің өзі өрге сүйрерін біріміздің біліп, біріміздің білмеуіміз – әлі де батпандап кірген дерт­тен арыла алмай жүргеніміздің дәлелі. Орыс халқының шүкір мақалы бар: «Мәскеу бірден салынған жоқ» деген… Қазақ ол жайды төтелеп айтады: «Мұсылман болу – әсте-әсте, кәпір болу – бір пәсте!» дейді. Немесе: «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» дейді. Рас, саяси трансформация жоғарыдан басталды. Төменде әлі де «ескі Қазақстанның» елесі елдің еңсе көтеруіне аяғына оралғы болуда, қанға сіңген қағажулары қиындық көрсетуде. Үйреніп қалған әдет, таптаурын болған жол, сүйекке сіңген сұр жүйе!.. Министр жаңарғанмен – министрлік ескі… Кеңсе аралаған, әрлі-берлі зыр жүгіріп, дәліз тоздырған, әр есікке қағаз тасып, сапырылысқан бөлімше қызметкерлері мен қайқы кірпікті хатшы қыздар…

Күштік құралдар деп, қаймана халық болып арқа сүйейміз деген қызыл жағалылар мен көк кительділердің қақпаларында қорқау құлып, кеңселері орналасқан ордалары, сөз дейміз ау, жел, тіпті оқ өтпейтін, бүгінгінің бомбасы жара алмайтын тас-гранит­тен тұрғызылған ғимарат­тары аспан тіреген шойын қоршау­мен оқшауланады! Айқай салсаң даусың, өлдім десең үнің жетер жерде емес. Ел-жұртын есер пиғылды есерлерден қорғайтын полицейлер, құқығыңды бұзғызбайтын прокурорлар, әділет­тің ақ туы деп сенім артатын сот­тар – бәрі-бәрі осы темір қоршауды «паналаған»! Кімнен?! Арызыңды онлайн, зарыңды зум арқылы айтасың! «Именем закона» деген судьяның шешімін интернет арқылы тыңдап, тентіреп жүргенің! Міне, бұлардың да ең үлкен бастықтары ауысты, ал төмендегі қыруар қызыл-көк жағалары сол күйінде, сол ЖҮЙЕде… Сөз де, уәж де, оқ та өтпейтін шойын қоршаудың ішінде!..
Президент бұларды біледі. Бұл жүйенің де өзегін үзеді әлі! Мен сенемін! Сондықтан сабыр керек. «Сабыр түбі – сары алтын». «Асыққан – сайтанның ісі». Сабырымызды сарқып алмайық. Елдің қолды боп кеткен есесі қайтады. Еңсе көтеріледі! Наурыз-көктем келді! Жер жаңаруда… Ел де жаңарады! Қасиет­ті Рамазандағы тілек орындалады!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір