Бірлігімізге сызат түспесін!
14.02.2020
795
0

Өткен жұма күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчы ауылында болған шетін оқиға халық арасында дүрбелең тудырды. Деректерге сүйенсек, он адам қаза тауып, 40-тан аса адам әртүрлі жарақат алыпты. Отыздан аса үй мен 15 нысанға және 23 көлікке зақым келген. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері зардап шегіп, (он тоғыз адам) оның жартысы дене жарақатын алған. Осы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасап, Қазақстан халқын сабырға, бірлікке шақырды. Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың өткен ғасырларда айтқан «Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз» деген сөзі дәл қазіргі уақытта аса маңызды болып тұр. Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетінің түкпір-түкпірінен пана іздеп келген қаншама ұлтты жатсынбай, жатырқамай, бауырына басты, өз туысындай көрді. Сонау жылдардан бастау алған достық пен жарастықтың алтын арқауы әлі күнге дейін үзілмей келеді. Елімізде барлық ұлттардың терезесі тең, елдік тұрғыдағы мүдде-мақсаты бір және барлығының да еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатпен айналысуына толық жағдай жасалған. Шетелдік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері Қазақстандағы ынтымақ пен татулыққа әрдайым тәнті болумен келеді. Олай болса, Қазақ даласын бүлдіргісі келетін жат пиғылдарға тосқауыл қойып, бірлігімізді бекемдей түсу – баршамыздың асыл парызымыз әрі міндетіміз.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдемесі

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды.

 Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, осы оқиға кезінде адам шығыны болды.

 Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін.

 Қазір полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алды.

 Осыған орай, мен Үкімет комиссиясын құруды тапсырдым.

 Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев төрағалық етеді.

 Үкімет комиссиясы болған оқиғаның себебін анықтайды.

 Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады.

 Сондай-ақ жағдайды тұрақтандырумен айналысады.

 Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады.

Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тиісті тапсырма бердім.

Мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретін, береке-бірлігімізді бұзатын және жалған ақпарат таратқан азаматтар заң алдында жауап береді.

 Қадірлі отандастар!

 Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі.

Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған.

Сондықтан біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз.

Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын.

Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын.

Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

 


Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты Қазақстан халқы АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ мәлімдемесі

 Қордайдағы жайсыз оқиға ел азаматтарының жанына батты.

Қайғылы жағдай орын алды, тұрғындар құрбан болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қайтыс болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейді.

Мемлекет басшысы кикілжің салдарын жоюға қатаң тапсырмалар берді.

Біз Қазақстан халқынан осы келеңсіздіктің тез арада шешілуіне барынша қолдау білдіріп, көмек көрсетуін сұраймыз.

Аталған тапсырмаларға сәйкес Ассамблея еліміздің барлық өңірлерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, этномәдени бірлестіктермен кездесулер ұйымдастырды.

Ассамблея мүшелері «қылмыс – ұлтқа бөлінбейді» деген пікірді толық қолдайды және кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаға тартылуы керек деп есептейді.

 Сондықтан бүгінгі күнгі ең басты мақсат – арандатушыларға бой алдырмау, жеке тұлғалар жасаған тәртіпсіздік үшін бүкіл ұлтты айыптауға жол бермеу.

Ассамблея халық даналығына сенім арта отырып, ел тұрғындарынан, ең алдымен жастардан еліміздегі татулық пен келісімге селкеу түсіретін, асығыстыққа ұрындыратын қадамдар мен іс-әрекеттерден сақ болуын сұрайды.

 Қазақстан халқы бір-бірімен әрдайым бауырмалдық қарым-қатынастың жарқын үлгісі болғанына және бола беретініне сенімдіміз.

 Балаларымыздың ортақ болашағы үшін ұлтаралық алауыздық тудырмауымыз қажет.

 Біз азаматтарды жалған қауесеттерге ермеуге, қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарына жәрдемдесуге, ортақ үйіміздегі татулық пен бейбітшілікті сақтауға шақырамыз.


 

Жансейіт Түймебаев, ҚХА төрағасының бірінші орынбасары:

– Өңірдегі тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған Үкімет комиссиясы оқиғаның салдарын жою бойынша барлық қажетті шараларды атқаруда. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Кінәлілер, жеке азаматтар, әсіресе кикілжіңді тудырғандар мен арандатушылар заңға сәйкес қатаң жазаланатын болады.

Ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім еліміз үшін ең қымбат қазына екенін ұмытпауымыз керек.

 

Бақытбек СМАҒҰЛОВ,
ҚР Парламенті
Mәжілісінің депутаты:

ҚЫЛМЫСТА ҰЛТ БОЛМАЙДЫ

– «Қордайдағы төбелеске не түрткі болды?»

Жұртшылықтың көкейіндегі басты бір сауал осы еді.

«Барлығы ақсақалды ұрған­нан басталды» деген болжам айтылған. Шынында қалай?

 Қария адамды балалары ауруханаға алып бармақ болып, басты жолмен келе жатады. Бүйірден дүнген азаматтары мінген көлік жүйткіген күйі жолға атып шығуға ұмтылады. Бірақ жол жүру ережесіне сәйкес, олар басты жолмен келе жатқан көлікті өткізіп жіберуі керек. Оның үстіне, қазақтар сырқат кісіні дәрігерге жеткізуге асығулы. Осы жерде керіс туады. Сонда бір нойыс дүнген көлікті тепкілеп, оның мемлекеттік нөміріне зақым келтіре бастайды. Бұл зорлығына және бұзақылығына шыдамаған қазақ оны бір ұрады. Жұдырықтасушыларды ажырату үшін арашаға түскен ақсақалға дұңғанның аяғы тиіп кетеді.

Әлеуметтік желілерде айтылған «қарт адамның төбесін балтамен ойып тастапты» деген дерек жалған болып шықты.

Үлкен төбелеске қатысқан қазақтармен және дүнгендермен жан-жақты әңгіме кезінде анықтағаным, көлік айналасындағы кикілжің туралы көпшілік білмейді екен. Яғни, алапат арпалысқа бұл серпін бермеген.

Сонда не? Полиция қызметкерлері шиеленісті бастаған, ақсақалды тепкен оңбағанның қолына кісен салып, қамап тастайды. Қазіргі кезде ол бұзақы темір торда отыр.

Осыдан кейін құқық қорғау қызметкерлері сақтық танытып, көшеде күдік тудырған көліктерді тексере бастайды. Бұл – олардың міндеті. Сол кезде тоқтатылған машиналардың бірінде жүргізушісінің құжаттары жоқ болып шығады. Үйде қалдырып кеткенін сылтауратқан. Полицей ізгілік танытып, батыстағыдай бірден қолын қайырмай, үйіне бірге еріп баруды ұсынады. Мұны естіген күдікті полиция қызметкерлерін боқтап, балағаттап, есігін тарс жауып, көлігімен қашады. Құқық қорғау органдарының өкілдері соңынан қуып, дүнген ауылындағы аулаға дейін індетіп кіреді. Алдын ала телефонмен ескертіп қойса керек, үйден қашқынның туысқандары, жолдастары қаптап шығып, полицейлерге жабылған. Және полиция қызметкерлерін жабыла ұрып, тепкілеп жатқанын өздері видеоға түсіріп, мақтаныш қылып, әлеуметтік желілерге салады.

Міне, дәл осы бейнежазбаны көрген басқа ауылдағы азаматтар ашынып: «Мынау не басынғаны! Қазір құқық қорғау органдарындағы жігіттерімізді сабап жатыр. Ертең бәріміздің басымызды жара ма? Бұл не деген масқара!» деп көтерілген.

Арты не болды? Жамандыққа арандады. Дүнген ауылдары тарапынан да бұған еш айыбы жоқ қарапайым жандар зардап шекті.

Елді бірлікке, ынтымаққа шақыру бізге парыз. Татуластыруға күш салып жатырмыз. Мұсылманның қанын мұсылман жүктемеуі керек.

Қылмыста ұлт жоқ. Осыны ұмытпайық, ағайын!

Сонымен бірге қазақ елін мекендеген барлық ұлыс пен этнос мемлекет құраушы қазақ ұлтының айналасында ұйысуға тиіс. Елден қашқандары – мұны қаламайтындар деп білеміз.

 

Шакир ХАХАЗОВ, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшесі, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

БІЗ ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРАМЫЗ. БІЗДІҢ БАСҚА БАРАР ЖЕРІМІЗ ЖОҚ!

(Қордайдағы дүнген диаспорасының өкілдерімен кездесу кезінде сөйлеген сөзінен)

–Иә, біз, дүнгендер, бай тұрамыз. Ақша да бар. Жұмыс та істей ала­мыз. Бір-бірімізді құрметтей де аламыз. Бірақ, бізді сол ақша бұза бастапты. Айналаға ажырая қарай бастаппыз. Өтірік емес, жол­да жылдамдықты асырып айдаймыз. Одан қалса жарысамыз. Керек десеңіз, көлікті жолдың қақ ортасына қойып кетеміз. Иә, арандатушылық деген бар. Бірақ, біз соған еріп кетпеуіміз керек. 1996 жылы менің құлағыма оқ тиді. Жағым сынды. Қазір сөйлегенде анық сөйлей алмайтыным да содан. Біз осының барлығынан өттік қой. Бүкіл Қазақстан көмектесті. Ең бастысы, біздің ұлтымызға қаншалықты қолдау көрсетіліп жатыр. Естеріңізде ме, Маловодныйда не болғаны? Бастарын кесіп алды. Ал бүгін ондай сұмдыққа ешкім барған жоқ. Жұмыс комиссиясының вице-спикері келіп отыр. Қандай құраммен келіп отыр, қараңыздар. Менің өтінішіммен Бақытбек Смағұл келіп отыр. Екі спикер сөйледі. Бірі – Дариға Назарбаеваның бірінші орынбасары. Түсінесіздер ме? Бұл – сіздерге, сіздердің этносқа деген қандай құрмет! Ал сіздер өздеріңізді қалай көрсетіп отырсыздар?

Сондықтан сіздерден өтінемін. Керек пе, тізерлеп отырайын, өзіміздің бірлігімізді, адамгершілігімізді, мәдениетімізді көрсетейік. Бос тыржың, бос сөзді доғарыңыздар! Барлығы заңмен шешіледі. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін заң анықтайды. Заң бойынша жауап береді. Бәрі түсінікті ме?

 Маған Халықаралық ұйымнан хабарласып жатыр. «Хахазов қайда?» дейді. Ұят дегенді білу керек қой! Сіздерге дүнген ретінде айтамын. Менің де ішім өртеніп жатыр. Барлығы неден басталды? Тәртіп бұзу­шылық көп. Заңсыздық та аз емес. Оны жасырмаймыз. Бүгін комиссия мүшелеріне де осыны айттым. Бұл мәселе осы жолы біздің басымызға түсті. Бұл басқа жақта да болуы мүмкін еді. Анау жол полиция қызметкерлері өздерін қалай ұстайтынын барлығыңыз жақсы білесіздер. Олар ұлтқа бөлмейді. Параны олар барлығынан алады. Бірақ сіздер өз құқықтарыңызды біліп, сіздердікі дұрыс екенін дәлелдеу керек еді ғой. Біріншіден, ешкімді ұрмай-соқпай, мүгедек етпей, басын сындырып, көзін шығармай. Сосын полицияға қол көтермеулеріңіз керек еді. Бұл – заң. Түсіріп алдыңыз ба, жазып алдыңыз ба, маған беріңіз. Проблема болмайды. Неге арандататын әрекет жасадыңыздар? Құқық қорғаушыларға қол көтергенсіздер. Бұл дұрыс па? Айтыңыздаршы. Міне, барлығы осыдан басталды.

Мұғалімдерді ұру… Аухатыда бетімізге басып жатыр. «Дүнгендер мұғалімдердің бетіне түкіріп, құрметсіздікпен қарайды», – дейді. «Жалақысын алып отырған адам деп оларды мүлде құрметтемейді», – дейді. «Қоқыстарын оңды-солды шашады», – дейді. Сондай ақылды боп кеттік пе? Сондықтан, ақсақалдар, сендерден сұраймын. Менің өзім 62-демін. Сонда да сендерге ақсақал деп айтып отырмын. Бауырларым, түсініңдерші. Біз Қазақстанда тұрамыз. Біздің басқа барар жеріміз де жоқ.

Білесіңдер ме, қандай жағымсыз сөздер айтып жатыр. «Қытайда өмір сүре алмай, осында келді. Келді де ойларына келгенін жасап жатыр», – дейді. Сондықтан, барлығымыз бір екенімізді, өзіміздің дұрыс ұлт екенімізді дәлелдейік.

 Депутат болғанға дейін де қанша мәрте осы жаққа келіп-кетіп жүрдім. Десе де мені ол мандатқа астана ұсынды. Осының өзі біздің ұлтымызға деген абырой емес пе? Мен сіздерді бағалаймын, құрметтеймін, жақсы көрем. Сендер үшін жанымды беруге бармын. Үлгермей қалдым. Әйтпесе, мен де сонда (баррикадада) тұрар ем. Барлығымыз бір болуымыз керек! Ал кім өздерін дұрыс ұстамайды, кесір қылықтар жасайды, барлығын орнына қоямын. Оған күшім жетеді. Бұны өз ұлтыма қарата айтып отырмын.

Осындай құрметсіздікті көршілерің тұрмақ өздеріңе де жасауға болмайды!

 

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

БІР ҰЛТТЫҢ ЕЛІН ҚОРЛАУ – ЖАНАРМАЙҒА СІРІҢКЕ ЛАҚТЫРҒАНМЕН БІРДЕЙ

–Бұл оқиға бүкіл Қазақстан халқының қабырғасын қайыстырып кетті. Бұны қасірет деуге ғана болады. Осындай оқиғалардың басым көбі тұрмыстық жағдайдан туындайтыны белгілі. Мұндайда екі жаққа да сабыр, төзім керек. Қазақ пен қазақ бір-біріне қол жұмсаса, ол – әдеттегі жағдай, ал екі ұлт арасында қайшылық туып, бір-біріне қол жұмсау жағдайы болса, бұл саяси сипат алатыны шындық. Сондықтан жастарымыз өзге ұлт өкілдерімен болған қарым-қатынаста, тұрмыстық деңгейдегі істерде сабырлық сақтау мәдениетін үйренсе демекпіз. Бұл тек қазақ жастарына емес, ең алдымен, өзге ұлт жастарына қажет екенін айтқым келеді. Бір ұлттың елін қорлау, тілін қорлау – жанармайға сіріңке лақтырғанмен бірдей. Бұл оқиғаның себеп-салдарын зерттеп жатқандар өз қөзқарастарын айта жатар. Менің көзқарасым, ауыл жастарының әлеуметтік мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Тұрмыс қиындығын тартқан адамдар осындай істерге бейім тұрады. Өміріне разы болмау, жұмыссыздық сияқты жағдайлар біздің жастарды осындай күйге итермелеп отыр. Сол үшін де олардың көбі ызақор, лап ете түскіш. Сондықтан еліміздегі ауылдар бойынша жұмыссыз жүргендерге жергілікті билік орындары жауапты болуы тиіс. Қысқасы, жұмыссыздық мәселесін шешу – біздің биліктің баса назар аударатын мәселесі болуы керек. Миллиондап ақша жұмсайтын халықаралық форумдарды өткізуді доғарып, ауыл жағдайын түзеуге көңіл бөлу керек.

 

Шахбаз ДЖАМАЛОВ,
Ақтөбе қалалық «Әзірбайжандар қауымдастығы» филиалының директоры:

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ИЕСІ ҚАЗАҚ ЕКЕНІН ҰМЫТПАҒАНЫМЫЗ ЖӨН

– Қай ұлт болса да, қазақ жері әуелден атажұртымызға айналды, сонымен қатар осы Ұлы даланың иесі қазақ екенін ұмытпағанымыз жөн деп санаймын. Осы кезге дейін барлық ұлттарды бауырына басқан қазақ халқымен бауыр болып, татулықта, бірлікте, достықта бір аспанның астында өмір сүріп келдік.

Осындай қайғылы жағдай енді қайталанбасын, адам қаны төгілмесін деп тілейміз! Тұрмыстық сипатта ушыққан мұндай қақтығыстарды болдырмауға барлық күшімізді саламыз, жапа шеккендерді сабырға шақырамыз!

 

Ахметжан АШИРИ,

жазушы-драматург:

  Мен қазақ халқымен біргемін

–Мен ардагер жазушы әрі ұйғыр ұлтының өкілі ретінде Қордайдағы тұрмыстық жанжалдан өрбіген топтық төбелеске жүрегім ауыра отырып өкініш білдіремін!

Бұл жағдайды, арандатушылар айыптап отырғандай, қазақ пен дүнген арасындағы ұлтаралық қақтығыс деп айтуға мүлде болмайды. Жеке адамдар арасында пайда болған жанжалды мүдделі топтар асқындырып, ақыры қанды оқиғаға айналды. Соның салдарынан бір шаңырақтың астында қыз алып, қыз беріп, құдандалы болып кеткен екі ұлттың арасына от тасталды. Жаныма қатты бататыны – халыққа басу айтуы тиіс, басшылық қызметтегі кейбір әріптестеріміздің мемлекет саясатына қарсы шығып, ұлттар арасына одан сайын іріткі салуға тырысып отырғаны.

 Қандай жағдай болмасын, мен қазақ халқымен біргемін, оны осы кезге дейін айтып та, жазып та келемін. Елге деген құрметімді өзімнің ісіммен дәлелдеп, айналама өнегемді көрсетуден шаршаған емеспін.

 Бәрімізге сүттей ұйыған тыныштық, бөлініп-ажырамайтын бірлік керек. Ол – тіршіліктің кепілі, өмір сүрудің өзегі. Біздің айырып алуға болмайтын ортақ тағдырымыз бар. Балталаса жарылмайтын терең достық, махаббатымыз бар.

Осы жанжалдың арасында «Ассамблея мүшелері қазақ тілінде сөйлемей отыр» деген реніш те айтылып жатыр. Ол – бүгінгінің мәселесі емес, ол Кеңестер одағы кезеңінен келе жатқан жағдай. Тарихи ахуал бәрімізді сол бағытқа мәжбүр еткен болатын. Қазақ тілінде сөйлей алмау – өзге ұлтты былай қойғанда, қазақтың төл перзенттерінің де басынан өтіп жатқан трагедия. Қазақтың бірталайы өз ана тілінде сөйлей алмайтыны ащы да болса, шындық. Ал қуанарлық жағдай: Тәуелсіздік дәуірінде туған жас ұрпақ, мейлі ол қазақ әлде басқа ұлт болсын, мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді. Бір ғана мысал, Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форумын өткізді. Мемлекеттік тілде білім алған өңкей өзге ұлт өкілдері жиналып, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты жеткенін мәлімдеді. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі, Ассамблеяның атқарған оңды жұмысының жеңісі емей, немене?!.. Міне, бұл – әлемнің өзге елдерінде жоқ ұлтаралық қатынастарды дұрыс жолға қоюдың қазақстандық үлгісі.

 «Ассамблеяны тарату керек, Ассамблея өз жұмысын тоқтатсын!» деген талап негізсіз. Осынша жылдар ішінде Ассамблеяның мемлекетімізге, ұлттардың байланысына зәредей зиянын көрген жоқпын. Егер ел ішінде кейбір қайшылықтар мен билікке өкпе-реніштер болса, ол тек Ассамблеяның кінәсі емес. Ол – тұтас халықтың, әр сала ұйымдарының ортақ кемшілігі. Соның бәрінің олқылығын бір Ассамблеяның басына үйіп-төгуге болмайды. Қысылтаяң осындай сәтте халыққа басу айтып, арандатушыға ерген бауырларымызды сабырға шақырып, еліміздің саясатын түсіндіру зиялы қауымның, қаламгерлердің міндеті болуы тиіс.

 

Патигүл МАХСАТОВА,

Қазақстан Жазушылар одағы Ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрайымы, ақын:

ДОСТЫҚТЫҢ МӘҢГІЛІК БОЛУЫН ҚАЛАЙМЫН

 – Менің бойымда достық деген түсініктің қалыптасуы отбасымнан басталды, әрі ауылда өткен балалық дәуреніме тікелей байланысты. Ауылымыздағы тұрғындардың бәрі қазақ пен ұйғырлар, бір ғана орыс бар еді, оның өзі де кейін келген. Үлкендер қуанышты да, қайғыны да тең бөлісетін. Оларға қарап біз де солай тәрбиелендік. Ұйғыр халқында: «Үй алғанша, көрші ал» деген жақсы мақал бар. Әке-шешеміз көршілермен жақсы араласып өтті. Біз де, ауылдағы көрші қыздар бір-бірімізді қазақ, ұйғыр деп бөлмей, бәріміз құрбы, дос болып, бірге ойнап өстік. Олардың ішінде көршіміз Рысмолда ағай мен Нұрғайша тәтенің қызы Советхан да бар еді. Рысмолда ағай дүниеден жастай кетіп, Нұрғайша тәте сегіз баламен жесір қалғанда, анам: «Нұрғайша жалғыз өзі балаларын қалай бағады?» деп уайымдап, күнде таңертең сүт-айранын беріп жататын. Бәріміз әкесі қайтқаннан кейін жарық дүниеге келген Сарқытгүлдің домбырада «Ақ бұлақ» әнін айтқанын тамашалап, анам Нұрғайша тәтемен, мен құрбы досым Советханмен шүйіркелесіп, түн ортасы ауғанша әңгімеміз таусылмайтын.

Бүгінде мен Алматыда, досым Советхан Талдықорғанда тұрсақ та, жолдың алыстығына қарамай қуанышымыз бен қайғымызды бөлісіп келеміз. Нағыз достық деген солай болу керек деп ойлаймын.

Қордайдағы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде түрлі пікірлер айтылып та, жазылып та жатыр. «Қазақстан мәдениеті» деп аталатын алып бәйтеректің гүлдеп тұрған бір бұтағы – ұйғыр әдебиетінің өкілі ретінде айтарым, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы деген – жай ғана ұран сөздер емес, ол – өмір шындығы. Себебі, біз, қазақстандықтар, қиншылықтарды бірге тартып, қуанышты бірге бөлісіп келеміз. «Тірі болсақ – бір төбеде, өлсек – бір шұңқырда боламыз» деген бабалар аманаты біздермен жалғасатыны сөзсіз. Бұдан кейін де осылай болады. Кіндік қаным тамған Тәуелсіз Қазақстанды өзімнің Отаным, қазақ халқы қол жеткізген бақытты өзімнің төл бақытым деп есептеп, еліміздегі достықтың мәңгілік болуын қалаймын. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі елдің ғана ырысы мен табысы мол болады.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір