СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСПЕСІН
28.06.2024
39
0

Сот жүйесін реформалаудағы басты мақсат – қоғамда заң үстемдігінің салтанат құруы мен тәртіптің берік орнығуына, сот төрелігінің әділ атқарылуына қол жеткізу. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының бағдарламалық құжаттарында атап көрсетілген міндеттер халықтың сот жүйесіне деген сенімін нықтауды көздейді.
Сот төрелігінің әділ және сапалы атқарылуы ең алдымен оны жүзеге асыратын қазылар қауымының кәсіби білімі мен жоғары біліктілігіне, қолы да, жаны да таза адалдығына, ой-сана ғана емес, қызметтік сатыдағы тәуелсіздігіне байланысты болмағы түсінікті. Сот мәртебесін көтеретін, қарапайым халықтың заң әділдігіне сенімін нығайтатын мұндай мықтыларды таңдау сайлау арқылы ғана мүмкін, сондай-ақ судьялардың дербестігін арттыру, күштік құрылымдар ықпалы мен әкімшілік қысым түрлерін жоя отырып, олардың қызметіне араласуды шектеу, сот төрелігін атқару сапасы бойынша бағалау және заң талаптарының қатаң сақталуы үшін жауапкершілігін арттыру, кәсіби біліктілігін көтеруді ынталандыру, Жоғарғы сот судьялығына баламалы негізде кемінде екі үміткерді ұсыну, апелляциялық сатыны реформалау – түпкі көздеген дербес сот билігіне қол жеткізу жолында бүгінгі жүйеде жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы. Осы ретте жүйені жаңғыртуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Сенатта құрылған сот жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының талқысынан өтіп, нәтижелі іске өзек болған заңнамалық бастамалардың негізінде ғалымдар, білікті заңгерлер, депутаттар, адвокаттар, мемлекеттік және мүдделі органдар өкілдерінің нақты ұсыныстары жатқанын айта кеткен жөн.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындау барысында жұмыс тобының бастамалары негіз болған жүйедегі өзгерістер туралы таяуда Жоғары сот кеңесінде өткен Сенат депутаттарымен кездесуде де аталып өтті. Судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру және судьялардың біліктілігін арттыру бағытында ілгерілеуге жол ашқан депутаттар жұмысы үшін алғыс білдіре келіп, Жоғарғы сот кеңесінің басшысы бүгінгі өзгерістер ертеңгі даму белестерін айқындауға мүмкіндік бермегін атап өтті. Осы мақсатта кеңес алаңында сот жүйесінің кадр саясатының өзекті мәселелері талқыланып, заңнамалық бастамаларды іске асыру бағытындағы жұмыс одан әрі жалғасты.
Аса күрделі де ауқымды сот жүйесіндегі жаңғыртулар аздаған уақыт аралығында атқарыла қояр шаруа емес екені түсінікті. Президенттің бағдарламалық құжаттарында алға қойған міндеттерге сәйкес жүйелі өзгерістер өз ретімен белсенді түрде іске қосылып келеді. Таяуда Мәжіліс депутаттары «Сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мемлекет басшысының сот жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленген жаңа заң жобасына сәйкес Жоғарғы соттың рөлі өзгеріп, оның негізгі мақсаты сот тәжірибесін нақтылау және біркелкі қамтамасыз ету болады. Сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар ғана жүзеге асырады. Осыған байланысты Қылмыстық-процестік, Азаматтық-процестік және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстеріне өзгерістер енгізіледі.
Мәжіліс отырысында заң жобасының нормалары жөнінде баян­даған жұмыс тобының жетекшісі Үнзила Шапақ жобаны үш бағытқа бөліп қарауға болатынын айтты.
– Бірінші кезекте атап өтер болсақ, заңдылықты өрескел бұзуға жол берген судьяларды жауапқа тарту мәселесіне қатысты түйткілдер іс жүргізудің қолданыстағы тетігіне байланысты туындайтын еді. Енді заңдылықтың өрескел бұзылуына орай әрбір күшін жойған сот актісін тексерудің жаңа тетігін енгізу арқылы Сот жюриінің жұмысын жетілдіру көзделіп отыр. Осы мақсатқа сәйкес «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» заңға өзгерістер енгізілетін болады.
Екіншіден, соңғы жылдары жекелеген азаматтардың, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекеттерінен қорғауда тиімдігін көрсеткен жаңа институт – әкімшілік әділеттің қолданылу аясын кеңейтуге байланысты өзгерістер қарастырылған. Өйткені орасан ресурсқа ие мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтың, яки кәсіпкердің мүмкіндігін салыстыру мүмкін бе? Мәселен, бұрын жеке тұлғалар мен іскер азаматтардың мемлекеттік органдармен арадағы азаматтық-құқықтық даулы жағдайлардың 85 пайызы мемлекеттің пайдасына шешілетін болса, ал әкімшілік әділет аясындағы бүгінгі күні азаматтардың пайдасына қатысты бұл көрсеткіш 60 пайыздан асып жығылады. Бұдан отандық сот төрелігін барынша ізгілендіріп, әділдікке бастайтын жаңа әкімшілік сот тәжірибесінің тиімдігін көруге болады, сонымен қатар мемлекеттік органдар жұмысындағы кемшін тұстарды да байқай аласыз. Осы ретте жұмыс тобының жетекшісі 2021 жылдың бірінші шілдесінен күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру бойынша жаңа міндетпен толықтыру ұсынылып отырғанын атап өтті. «Бұл азаматтарға құқықтық қатынастардың белгілі бір саласындағы дауларды шешу тәжірибесін бағдарлауға мүмкіндік береді. Осылайша, сотқа түсетін шағымдар саны азаяды», – деді Үнзила Шапақ.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті жаңа міндетпен толықтыру мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру мақсатын көздейтінін айта кетпекпіз. Бұл, әрине, өз кезегінде еліміздің дамуына, бүкіл қоғамның мүддесіне қызмет етері анық.
Сонымен қатар заң жобасына енгізілген өзгерістер аудандық және облыстық соттар деңгейіндегі сот төрелігінің қолжетімді болу мүмкіндігін қарастырады. Осы ретте әкімшілік істер бойынша жаңа редакцияда қарастырылып отырған маңызды құралдың тағы бірі – талапкердің таңдауымен әкімшілік істер бойынша аумақаралық соттылықты енгізу. Бұрын сотқа түскен талапкер арызы бір соттың ішінде бөлінетін болса, ендігі жерде арыздар судьяның мамандануына қарай елдегі барлық соттар арасында бөлінетін болады. Мысалы, арыз беруші мен жауапкер еліміздің солтүстік өңірінен болғанымен, арыз басқа бір өңірдегі судьяның қарауына түсуі мүмкін. Бұл бір жағынан жемқорлыққа қарсы тиімді құрал болса, екінші жағынан соттарға деген сенімді арттыруға жақсы мүмкіндік. Азаматтық істер бойынша аумақаралық соттылық жиырма екінші жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істеуде. Бірақ ол үшін екі тараптың – талапкер мен жауапкердің келісімі қажет. Аумақтық әділет органдарына жеке сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдарды сотқа талап арыз бергенге дейін қарау құқығы беріледі. Баяндамашы атап өткендей, бұл сот талқылауларының санын қысқартып, атқарушылық іс жүргізудің жедел орындалуына ықпал ететін болады.
Үшінші, кассациялық сатыны жетілдіруге бағытталған өзгерістер. Жобада Жоғарғы сотта азаматтық және қылмыстық істерді алдын ала қарауды алып тастау ұсынылды. Бұл ретте Сот жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобындағы талқылаулар мен консультациялар барысында тұжырымдық түрде қолдау тапқан, сот ісін жүргізудің «тұтас кассация» қағидатымен жұмыс істейтін тәуелсіз жаңа сатылық моделі енгізілмек. Жаңа сатылық үлгі аясында елордада әртүрлі іс жүргізу бойынша, атап айтқанда, қылмыстық, азамат­тық және әкімшілік істер бойынша бір-бірінен бөлінген үш кассациялық сот құрылатын болады. Жоба бастамашыларының пікірінше, сот ісін жүргізудің мұндай түбегейлі жаңа үлгісі соттар мен сот судьяларының жергілікті мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың ықпалынан тыс болуына мүмкіндік береді.
Сот жүйесін реформалау барысында атқарылып жатқан жұмыстар мен өзгерістерден күтеріміз – елімізде заңдылық пен әділдіктің берік орнығып, қоғамның заң күшіне, соттарға деген сеніміне селкеу түспеуі.

Р.КӨКЕНАЙҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір